Өлең, жыр, ақындар

Абайдың 175 жылдығы

Абай мұрасы - бүкіл адамзат үшін өнегелі бағдар

2020 жылдың 10 тамызында халқымыздың ұлы ақыны, дана, ойшыл Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толды. Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев ұлы Абайдың туған күнін атап өту туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының басты бағыттарының бірі - халықтың бәсекеге қабілеттілігі, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, сананың ашықтығы Абай Құнанбаевтың философиясымен тығыз байланысты. Абай философиясы – саналы ұрпақты білімге, мәдениетке, өнерге, ағартушылыққа ұмтылуға шақыру болып табылады. Ұлы ойшыл өз халқын  білімді болуға, ізгі дүниелерді үйренуге, өз қабілеттерін арттыруға, надандық пен еріншектіктен аулақ болуға шақырды. Абай заманында қоғамда орын алған мәселелер қазіргі кезде де өзекті екенін мойындау керек.

Абай шығармаларының басты идеясы – адамзаттың үздіксіз білім алуы мен оны қоғам игілігіне жарата білуі екені сөзсіз. Ұлы Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде: «Ғылымның көмегімен байлық табуға болмайды. Керісінше, байлық ғылымның дамуына қызмет етуі керек. Білім мен қолөнер - бұл нағыз байлық. Білімді немесе қандай да бір қолөнерді меңгеру - жоғары игілік» -  деп  жазды. Жастайынан өз заманының озық адамдарының біріне айналған дана тұлға Абай айналасына прогресшіл жастарды топтастырды. Ұлы ақын жастар тәрбиесінің сан қырына баса назар аударды, жас ұрпаққа үміт артты, жүрек сезімдерін оятып, мақсат-мұраттарына жұмылдыруға ұмтылды. Абай  сол кезеңдегі халықтың қараңғылығын, надандықты әшкерелеп, жаңа өмірге бастар жол - оқу-ағарту ісі екенін білді. «Адамның білімі, өнері - адамшылықтың таразысы», - деп санаған Абай білімділікті барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамзатқа жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсау керек екенін еске салады. Жастарға: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз...», - деген тұжырымдарын ұсынады.

Бүгінде Абайды тану - адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі де - кемелдіктің көрінісі, интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың негізі болары анық. Сол себепті, Абай ұлағаты жас ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналып отыр. Ұлы ақын мұрасы - парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Қазіргі саналы ұрпақ Абай шығармаларын оқып, одан ғибрат алғаны жөн. Ұлы ақын өз елін, ұлтын сүюді Абайдан үйренуі керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың ұлы Абайдың 175 жылдығына орай, биылғы жылдың қаңтар айында «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада Мемлекет басшысы Абай тұлғасы, оның мұрасының қазақ халқы үшін маңызы туралы тұжырымды ойларымен бөлісті.

Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. «...Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру - ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі», – деп атап өтті ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз мақаласында. Ал ұлы ақын шығармалары адамзаттың Отанына, халқына, жеріне деген патриоттық және сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге бағытталғанын ерекше атап өтті.

Елімізде өткен мерейтойлық іс-шаралар - халқымыздың рухани мәдениетін жаңғыртуға, Абай құндылықтарын нығайтуға зор үлес қосты. Мерейтой аясында өткен маңызды жобалардың бірі – Абай шығармаларының жинақтарын он шет тіліне аудару және басып шығару, сондай-ақ Абайдың өмірі мен шығармашылығы, мол мұрасы  жөнінде деректі фильмдер түсіру. Жыл сайын ұлы ақынның туған күніне орай Елбасы кітапханасы Абайдың шығармашылығына арналған кітап көрмелерін ұйымдастырады. Ұлы философ-ойшылдың мерейтойы өткен жылдан бастап ЮНЕСКО және ТҮРІКСОЙ сияқты ірі халықаралық ұйымдар аясында өткізу жоспарланғаны мәлім. Ғасырлар бойы Абай тұлғасы әр дәуірдің ұрпағы мен халықтар үшін өзекті тұлға, әрі Абай  мұрасы бүкіл адамзат үшін өнегелі бағдар болары анық.

У.М.Джолдыбаева, К.Е.Абикенова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценттері

Н.М.Тастеев, Д.Ә.Әшім  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенттері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

алтын кот

оте керемет журегиме тиди

Мака

Керемет!Әдемі жазылған.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз