Конституция біздің қоғам мен мемлекет дамуының іргелі заңдар жүйесін құрайтын, мемлекеттіліктің және қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың нығаюын қамтамасыз ететін елдің негізгі тірегі. Дәл осы құжатта біздің республикамыздың әрбір азаматының жеке бас бостандығы мен құқықтарының кепілдігі берілген. Тәуелсіздікке ие болған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтар күні Қазақстан жоғарғы кеңесінің XII шақырылымының IX сессиясында қабылданды.
Нақтырақ айтқанда, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміз үлкен дағдарысты бастан кешіріп, осындай аумалы - төкпелі ауыр кезеңде ҚР алғашқы Ата заңы талқыланып қабылданған еді. Алғашқы Конституцияның қабылдануы жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыруға мүмкіндік берді және мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайтуға ықпал етті, сонымен қатар экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кезеңдегі терең дағдарыстан шығаруға негіз болды.
Конституцияны қабылдау – бұл қазақ елі үшін тарихи және ауқымды оқиға екенін атап өткен жөн. Алайда, жоғарыда аталған мақсатты шешіп беретін баптар 1993 жылғы Конституцияның жобасында барынша қамтылмады. 1993 жылғы Конституция тек қысқа мерзімді перспективаларға арналды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Конституция қабылданды.
Еліміздің қазіргі қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бүгінгі күні бұл дата ресми түрде Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып белгіленіп, республикалық деңгейде атап өтілуде.
Айта кету керек, жаңа Конституцияны құрастыру барысында үлкен жұмыс жасалды. ҚР тұңғыш президентті Н.Ә.Назарбаев Ата заңымызды құрастыру барысында, 20-дан астам дамыған және дамушы елдерінің конституцияларын зерттеп, саралап шықты. Кейін өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын тапсырған. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата заңымыздың негізін қалаған еді.
Сонымен қатар, жаңа Конституция қабылданғанға дейін оны қоғамда белсенді талқылау өтті. Қазақстанда бұл мәселе бойынша 30 мыңнан астам ұжымдық пікірталас өткізілді, үш миллионнан астам қазақстандық осы іс-шараларға қатысты. Талқылау нәтижесінде 30 мыңға жуық ұсыныстар мен ескертулер жасалды. Атап айтқанда, 55-бапқа 1100-ден астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Жалпыхалықтық референдум арқылы қазақстандықтар 1993 жылғы Конституциядан айтарлықтай ерекшеленетін мүлдем жаңа құжат алды.
Алайда кейіннен бұл құжатқа өзгерістер енгізілді. Дәлірек айтсақ, қазіргі Конституцияға төрт рет - 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Жалпы, бүгінгі қолданыстағы Ата заңымыз қазіргі жаңа заманауи кезеңге сәйкес өмірлік өлшемдер мен талаптарды толық қамтыған деп атап өтуге әбден болады.
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс магистранты Нұрахимова Ж. Ф.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі