Өлең, жыр, ақындар

Ауыл ашықауыздары

Өрістен қайтқан малдың тұяғынан көтерілген аппақ шаң ауылды тұмшалап алған. Ерке Ертістің сол жағалауына, Ашутас жотасының етегіне қоныс тепкен аядай ауылда қарбалас тірлік басталып-ақ кетті. Күндіз барлаушыдай қылаң беріп, тек кешке ашық айқасқа шығатын сайыпқыран су масаларынан қорғанып, әр-әр жерге будақтатып түтін салып қойған. Сәлден соң шаң да сейілді, мал да қораланды, ауыл үстіне тыныштық орнай бастады.

Құдіретті Күн тіршілік біткенді ару Айға аманат етіп, ұясына шомып кетті. Күннің алтын шапақтарын Айдың асыл сәулелері алмастырды. Айдың сұлу серіктері сансыз жұлдыздар да аспан төрінен орын алып, жарқырай төніп тұр.

— Апа, қазір «Гүмүш» басталады! — Төргі бөлмеден кішкене қызы жүгіріп келіп, ас үйде жүрген Айша анасының етегіне оралды.

— Қызым-ау, жағаласпашы! Бүгін кино көре алмаймын. Оқудағы ағаңа сәлемдеме жіберейін деп қамданып жатырмын.

— Нұрбол ағам жақсы оқып жүр ме? — Қызының бітіп бермес сұрақтары басталды.

— Иә, күнім! Одан әрі жақсы оқуы үшін дәмді тағамдар, аз-маз болса да ақша жіберуім керек.

— Апа, ал әкем балық аулап ұзақ жүре ме? — Шолжаң қызы тағы бір сауалдың шетін қылтита беріп еді, үйге сау етіп бөгде адамдар кіріп келді. Тосын қонақтардың сұрқынан қызы түгіл Айшаның өзі сескеніп қалды. Әйтсе де сыр бермей:

— Түн қараңғысында түртініп жүрген кім едіңіздер? — деді.

Киген киімдері кір-қожалақ, олпы-солпы, үстеріне әлдебір заттарды тағып алған. Онымен қоймай өн-бойларынан қолқаны қабардай жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Шақырылмаған қонақ болса да, өздері тым батыл екен, әлі жиылып үлгерілмеген дастарханды жағалай отыра қалысты. Басына бір қара шүберекті сәлдеге ұқсатып байлап алған теке сақал, мосқал еркек сөз бастады:

— Қызым, біз — Құдайдың жіберген елшілеріміз, ренжітпей күтіп ал! Бізді ырза қылмасаң Құдайдың қаһарына ұшырайсың. Иә, солай!

— Бүгін күн жұма! Жұма намаз қабыл болсын! — Ертегідегі мыстан кемпірдің бір елесіндей қап-қара, тарамыс, орта бойлы әйел үстел үстіне боқшасын қойып, кәкір-шүкірлерін шығара берді.

Беймезгіл уақытта баса-көктеп кіргендері аздай қорқынышты үгітке кіріскен келімсектерге Айшаның зығырданы қайнап сала берді:

— Болмашы дүниелеріңді жинап ал! Құдайдың атынан сөйлейтіндей сонша кім едіңдер? Сендердей елді тінткен тілемсектердің талайын  көргенмін. Үйімнен шығыңдар, кәне! — Айша айғайға баспай, зілді ызғармен сөйледі.

Сыған әйел мұның айбарынан ыққан да, тайсалған да жоқ:

— Әй, пақыр! Құдайдан қорық! Бізді қабыл алмасаң, бүкіл үрім-бұтағыңа жай оғындай Ажал жібереді!

— Тіліңді бұрап қазақша сөйлегеніңе мың рахмет. Алайда мені жасқай алмайсың. Мен емес, Құдайдың атын жамылған алаяқ мына сен-  пақырсың! Тез арада табандарыңды жалтыратыңдар!

Қорқытып-үркіту шарғысының іске аспайтынына көздері жетті ме, кім білсін, сығандар шұбатыла шығып кетті. Бөлмеде әлгі бір антұрған иіс  қалып қойды. Есік-терезені ашып, ауаны желдетуге кіріскен  Айша өз-өзінен күңкілдеп, кеюін қояр  мес: «ауылдағының бәрін ашықауыз дей ме? Әлде «Алланы ауызға алсақ болды, дәмді-тәттісін де, ақшасын да иеленіп кетеміз» дей ме? Қаңғыбастарға қағылар жайым жоқ»

Осыдан бірер апта бұрын ұзын құлақтан «көрші ауылдарда тәжік, сығандар қаңғып жүр. Әшекей бұйымдар, діни заттар сатады екен» деп  естіген. Манағы пысықтарды сығанға жорығаны да сол себептен еді.

Бұл мезгілде сығандар ит атаулыны абалатып, көрші қысқа көшеге түсті. Ай сәулесінде бозаңдана көзге шалынған еңселі үйдің ауласына  кіріп келді, Ит көрінбейді, яғни бөгет жоқ. Бір табақ етті енді алдарына ала берген үй іші дүрк етіп енген бейтаныс жандарды көріп аңтарылып қалды. Дастархан басындағы үш-төрт қара домалақ атып тұрып бүйірдегі бөлмеге қойып кетісті. Атып тұрмай қайтсін, «үйге қонақ келгенде  дастарханда орнығып отырып алмай, орын беріңдер» деп әке-шешесі құлақтарына құйып тастаса керек.

Отағасы қонақжай дағдысына басып, келгендерге төрден орын ұсынып, «босағада тұрмаңыздар, дәмге келіңіздер» деп қалбалақтай қалды. Үй бибісі тыққан-пыққандарын салып, дастарханды лезде жайнатып жіберді. Мына ілтипатты көріп аянсын ба, сығандар көсіле жайғасты. Отағасы ет турайын леп ыңғайлана беріп еді, сыған еркек және өнер шығарды: «ас ішілмей тұрып, құран оқимын» деді. Отырғандар  қолдарын жая берді. Отағасының көңілін сан сұрақ түрткілесе де, тіс жармады. Бір білгені бар болар деп өзін-өзі тежеді.

Қонақтар дәмге қолдарын соза бастады. Және қандай қолдар десеңізші: талайдан бері жуылмаған кір қолдар, күстен шыт-шыт жарылған  ұсқынсыз қолдар, бар арамды тырнағының астына жинаған сіңір қолдар.

Үй иелері астан ауыз да тимей, тек қонақжайлылық білдірумен болды.

— Ұялмай жеп-ішіңіздер! — Бұл мезетте жейтін ештеңе қалмаған еді, дастарханды біреу тонап әкеткендей. Тәттілерді сыған бала етпен бірге  қылғытқан болатын. Жүрген жерін жалаңаштап, жайпап кететін шегірткедей бар мәзірді жалмап болған сығандар қонақ бөлмеге кірді. Сыған  әйел бөлменің қақ ортасына әкеліп, дорбасын ақтара салды.

— Бері келіңдер, Құдайына қараған жандар! Мына киелі бұйымдарды көріңдер! — Оны-мұныларын араластыра бере, үйді басына көтере бір  кекірді. — Мынау — қасиетті Құран сөздері жазылған тұмар. Үйіңде сақтасаң, мәңгі бақытты боласыңдар!

Ұсынылған тұмарды қолына алған Мирас отағасы қайран қалып, басын шайқады — осыншалықты кішкентай болар ма? Мұның қызықтап  отырғанын қалт жібермеген әйел:

— Бағасы 10 мың теңге, — деді. Тұмар орнына қойылды.

— Ақша — шайтанның серігі. Адамды аздыратын да сол ақша. Ана бір ауылда бізді тілдеп, тұмарды жыртқан бейбақ көз жұмыпты. Өзін  қойшы, барша баласы бірдей мерт болыпты.

Мына сұмдық хабардан үй бибісінің жүрегі атқақтап қоя берді. Бір жамандық жақындап қалғандай бойы суынды. Ойламаған жерден ол атып  тұрып, жатын бөлмесіне кірді. Кейінге сақтаған біраз ақшасы бар-тын.

— Міне, бары осы. Тұмарды аламын. — Жеті мың теңгені әйелдің алдына тастай берді. — Балаларымның амандығының садағасы.

— Жә, пейіліңе бола берейін. Үш күн тірі жанға көрсетпей сақта. Ешкім тақпасын! — Тұмар қолына тисе де,  келіншектің құлағынан  шырқыраған бір үн кетпей тұрып алды. Алғанын сандық түбіне жасырғанша асықты.

Ажарлы Ай қысқа ғана патшалық құрып, кербез Күнге кезек берді. Алтын таңды атырған кермиық Күн ең әуелі  дүниені жарық сәулеге  бөктірді. Табиғат тылсым тыныштықтан ояна бастады. Тұнып тұрған жұпар ауа, жанға жайлы салқын леп ауыл таңының сәнін келтірді.

Айша бүгін күндегісінен де ерте тұрды. Келісілген көлікке сәлемдемесін салып барып, көңілі байыз тапты. Осы раймен жүріп, сиырларын  сауып, өріске ұзатып салды. Еркетотай қызы жуық арада оянбасы анық. Жалғыз өзі шай іше алмаған соң, Айша көрші көшедегі әпке- жездесінің үйіне тартты.

— О, балдызжан! Қайырлы таң! Біздің шай ішіп отырғанымызды қайдан білдің? Осы сен түтін аңдығаныңды қашан қоясың? — Мирас  жездесі қалжыңдай құрақ ұшты.

— Жездеке, әпкемнің қою шайын шайқап бір ішейін деп келдім. Одан ырысың ортая қоймас. — Айша да қағытып қалды.

— Кел, дәмге кел!  — Әпкесі жік- жапар болып, кесе толы күрең шай ұсынды.  

— Әпкетай, жездемнің алдына сорпа қойыпсың, Ал, етін маған сақтап отырсың ба?

— Кеше кешке қарай сығандар келді ғой. Соларды күтеміз деп, дастарханымыз да жұтаңданып қалды. — Әпкесі еш қалжыңсыз салмақты  тіл қатты.

— Ойпырай, біздікіне де келген. Мен жуытпай, қуып шықтым. Сендердің қонақ етіп қарсы алғандарың қалай?

— Елдің бәрі сен сияқты адуынды емес, Айшажан! Әпкеңді білесің ғой. Соңғы тиынынна құртақандай тұмар сатып алды. — Мирас Айша  балдызының шымшымасынан басын сауғалап отыр.

— Қойшы, мықты болсаң қуып жібермедің бе? Төрге шығарып тайраңдатқан сен бе, әлде мен бе? Тұмарға саудаласып жатқанымда,  отырдың ғой өз-өзіңнен бүк түсіп!

Мына қызықты қара! Айша сенер-сенбесін білмей әуре.

— Шынымен-ақ сөйттіңдер ме? Маған тұмарды көрсетіңдерші!

Әпке-жездесі бірдей безек қақты:

— Жоқ, Айша, болмайды! «Үш күн бойы ешкімге көрсетпе» деген. Саған зияны тисе қайтеміз?

— Сендей батыр балдызды қайдан табамын? — деп жездесі қосып қойды.

— Әзіл-қалжыңнан жеңілуді білмейтін жездемнің сығаннан жеңілгені қиын екен. Олай болса, мен үйіме қайтайын. Еркем оянған да шығар.

Әпкесі Айшамен ілесе шықты.

— Үйде ұн бітіп тұр еді. Сенен қарызға бір шелек ұн ала тұрсам деймін. — Айыпты адамдай кібіртіктей сөйледі.

— Әй, әпендім-ай, ал, ал! Сенен аярым жоқ екенін білесің.

Айша Қожанасыр қылықты әпке-жездесіне бір күліп қойып, үйіне келе жатты.

Көк аспанда ақша бұлттар айқын бояумен айшықтала қалыпты...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз