Өлең, жыр, ақындар

Киелі топырақ

Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!

Н. Назарбаев

Есіктен кірер-кірместен Айбек інім: «А-т-т-т-т-а-а-а-а-а -а!» деп қатты дауыстап, ентігіп келеді. Жетінші сыныпта оқитын інімнің жан ұшырған дауысы бүкіл ауланы жаңғыртты дерсің. Қора-қопсықтың жанында жүрген атам «Әу, ботам!» деп қақпаға қарай беттеп келеді. «Не болып қалды, құлыным?!» деп сүт тартып отырған әжем де елең ете түсті.

— Ата, бүгін бізде «Өлкетану» сабағы болды. Сабақта мұғалім менен ауданымыздың тарихын тәптіштеп тұрып сұрады. Мен білмей, ұятқа қалдым, — деп мұңайып тұр сабағын үздік оқитын інім.

— Е, жарығым-ау, саған бірдеңе болып қалды ма десем, уһ! — деп әжем қалтасынан орамалын шығарып, кең алақанымен маңдайын сүртті. Сәл тыныстап алған соң;

— Әй, шал-ау! Бар сырыңды ішіңе бүге бермей, мына балаларға тегіңді, жөніңді, тартқан тауқыметіңді айтсаңшы осы. Сәбет заманы келмеске кетті. Енді, міне, азат ел емеспіз бе, кімнен, неден қорқасың осы, а? — деп күңкілдеп ауыз үйге кіріп кетті. Әжем айтқандай, атам көп нәрсені білетін кісі, бірақ ешқашан тарих тақырыбында тіс жарған емес.

— Келші бері, айналайын! — деп атам шөбересін қасына шақырып, маңдайынан сипады. Терең тыныстаған атам қапелімде не дерін, не айтарын білмеген сияқты. Жан-жаққа қарап, бөтен біреу жоқ па дегендей айналаны барлап отырды да, ескі бір әңгіменің шетін шығарды.

— Ботам! Әр адам өзінің түп-тамырын, туған, өскен жерінің тарихын білуі керек екен. Оны, міне, заманның өзі айқындап отыр. Бұл ауданның тарихы сонау ықылым замандардан басталады. Сонау мыңжылдықтар дәуірінде бұл жерде сақ, ғұн тайпаларының ізі қалған. Қимақтың ордасы болыпты. Баяғы жақсы бір күндері осы — Арасан, Қапал дегендерің дүрілдеп тұрған жер болыпты. Қапал деген өз алдына үлкен қала екен. Мешіті, базары, дүкені, шайханасы бар. Шіркін-ай, сол кездегі татарлар салған көк шатырлы үйлерді айтсаңшы! Етектегі Тасбекет, төменгі Ақсу да тарихи жерлер. Болыстық болған жерлер еді ғой. Әр болыстықтың өз болысы, өз төбе биі болған. Кейін бұл жерге сәбет өкіметі орнаған соң, ауылдағы бай, ауқатты, дәулетті деген адамдарды  жазықсыз соттап, байлықтарын, дүние-мүліктерін тартып алған. Өздерін сорлатып сонау қияндағы Сібірге, итжеккенге ит қосып айдатты. Қуғындалған елдің арасында сенің бабаң — Байқұл да бар еді ғой. Жұрт жақсыларын айдап, соттағанда осы ауыл-ауылдың намысты жігіттері, қараша халық бір ту астына жиылып, сәбеттік билікке қарсы күрес жүргізген еді.

Елгезек Айбек інім: — Ол қандай күрес еді? — деп атасының әңгімесін бөліп, ынтызарлық танытып отыр. Тарихқа құмар, әр нәрсенің қыр-сырын білуге деген құлшынысы бар, әншейінде «Мынау не? Анау не?» деп сұрай беретін бауырым осы жолы да атасына сұрақты бастырмалата қойып отыр. Шөбересінің қардай бораған сауалдарына қызығып, риза болған атам тағы да төңіректі барлап барып, әңгімесін әрі қарай жалғады:

— Айналайыным сол! Білесің бе, мен осы ұлы күнді қаншама жыл күттім. Сенің тарихқа  ынтық болғаныңды, ата-баба жолына үңілгеніңді көру — арманым еді ғой. Құдайға шүкір! Балық екеш балық та уылдырығын шашарда өзенді өрлеп, ағысқа қарай жүзеді екен. Әкеден жалғыз тамыр болған мен де ел-жұртыма жетуді мұрат еттім. Сондағым сол — көрген қасіретті өзіңдей ұрпағыма айту еді. Түн баласы қалың ұйқы құшағында жатқанда, әскерлердің бекінісіне «Бөрібай! Бөрібай! Бөрібай!» деп тұс-тұстан ұрандаған жігіттер лап беріп, дуалды бұзып кіріп, от қойыпты.

— Содан, содан не болыпты? — деп қояды мазасыз інім.

— Содан соң біздің жігіттер қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған қойманың есігін бұзып, тегіс қаруланыпты да, орыс әскерлерінің бәрін тұтқынға алып, қамап тастапты. Қарсы шыққандарын сол жерде-ақ атып тастады. Оттық бірден лаулап, қарағайдан салынған бекіністің дуалдарын әп сәтте-ақ шарпып кетеді. Сосын орталықтағы астық жиналған қойманың есігін ашып, ел-жұртқа бидай, арпа таратыпты. Қойманың күзетшісі «Бандиттер келіп орталықты басып алды» деп Қапалдағы бастықтарына хабарлап үлгерген екен.

Таң ата бергенде  барлаушы жігіттер келіп: — Көтерілісті басуға Қапалдан отряд келе жатыр, — деп хабар естіртті. Расында, Қапалдағы орыс-казак отрядтары лек-легімен келе жатыр екен. Бөрі мінезді Өмірбек жігіттерге «Қызылағаш өткеліндегі көпірді бұзыңдар!» деп әмір береді. Қызылағаштағы көпірді алып тастағанда, отряд Бүйен өзенінен өте алмай, бірер күндей әбігерге түседі. Өзің білесің ғой, біздің жақта наурыз, сәуір айында көктем қатты болады. Күн жібіп, тау қары ерігенде, өзен суы да арнасына сыймай кетеді. Көтеріліс дәл осындай мезетте болған еді. Әлі есімде, — деп атам ескі күндердің құпиясын аша бастағаны сол еді, тағатсыз інім тағы да тыныштықты бұзып кеп жібермесі бар ма?!

— Ата, сонда көтеріліс қанша күнге созылған өзі? — деп қояды сабазым.

— Е, шырағым-ау, көтеріліс деген аты болмаса, ол нағыз қанды шайқас еді. Қатын-бала шулап, береке кеткен беймаза күндер еді ғой. Үркіп отыратын едік. Көтеріліс екі жұмадай болған. Әуелде отряд көтерілісті бірден баса алмаған. Сосын Сарқан, Аягөз қалаларынан отряд шақырып, Ақсуды жан-жақтан қоршап алады. Сосын амалсыз біздің аталарымыз беріледі. Не әскери күші, не қару жарағы жоқ жігіттер екі жұма ішінде нағыз батырларша шайқасып, дүлей мінез көрсеткен еді. Тұтқиылдан басып кіріп, зеңбірекпен оқ жаудырған сәбеттік билік жасақтары көтеріліске қатысқандардың бәрін тізімге алды. Жалаң қылыш, істікті мылтықпен айқасқандарды «Бөрібайшылдар» деген желеумен түрмеге тоғытты. Сөйтіп қысыммен, дөң-айбатпен ұжымдастыру басталып, осы жерде колхоз орнай бастады.

— Ата, Бөрібай деген кім еді?

— Бөрібай деген — біздің ұлы бабамыз болады. Түп атамыз Матайдың Сары деген баласынан тараған кісі. Ұлы бабаң — Абылай ханның заманында аты шыққан қазақтың белгілі батыры. Қалмақ, жоңғар соғысында айбат көрсеткен айбарлы батыр болған. Ту ұстаған. Оның көзсіз ерлігіне, жүрек жұтқан батырлығына риза болған жұрт «Матайдың көкжалы» деп төбесіне көтерген екен. Қамал алған, бекініс бұзған ұрыстарда ту ұстаған намысты бабамыз ұлы даланың сайыпқыраны еді. Ал мына Шатырбай, Қожабек, Науай, Ығали, Мамырбек, Қожахмет, Өмірбек, Тұрсын, Мұқан, Қанатбек, Сейітхан, Арнай, Бисетбай, Қалдыбай бастаған аталарың намысы тапталып, рухы жаншылған қаймана елі үшін бастарын қатерге тігіп, сәбеттік билікке тізе батырып, мінез көрсетеді. Бұлқынысқа шыққан жігіттер «Бөрібай!» деп ұрандап, Түркістан шаһарындағы Әзірет Сұлтанның қорымына жерленген қасиетті ұлы бабаңның аруағын шақырып, Тәңіріден медет сұраған екен. Осылай рухтанып атқа қонған. Амал не, көтеріліске қатысқан жігіттердің бәрі түрмеге айдалып кетті. Сол кеткеннен хабар-ошарсыз мол кетті ғой. Сөйтсек, сол жылдары-ақ ату жазасына кесілген екен. Сәбеттік билік оларды «бандит», «барымташы» деп жамандап, ұзақ уақыт құбыжыққа айналдырды. Содан бері, міне, қаншама жыл өтсе де, жан жарасы жазылар емес.

— Ата, сіз сол кезде неше жаста едіңіз?

— Ол кезде мен небәрі жеті-сегіз жаста ғана едім. Бірақ сол кездегі қанды қырғын, аяусыз езгінің бәрін өз көзіммен көрдім ғой. Әкемді  итжеккенге айдағаны да есімде қалыпты. Көтеріліс біткен соң, тыныштық бірден орнай қойған жоқ. Азық-түлігі жоқ ел босып, алапат жұтқа ұшырады. Ұжымдастыру соңы үркіншілік үрейін тудырды. Жұт басталғанда ауылдың үлкен кісілері шекара асып, Қытайға өтейік деп ұйғарыпты. Міне, ең қиын мезет осы кезде басталған еді. Әкеден тірідей айырылғаным аздай, опасыз тағдыр мені тағы да сынаққа алды. Үш бірдей қарындасымды елге тастап, анам өзімен бірге мені ұлы көшке қосып, алып кетті. Аспан тауларды басып өтіп, Демікпе асуына жеткенде анам байғұс азапты сапарды көтере алмай, хәл үстінде жатып өмірден өтті. Ғалиахмет қажы бастаған үлкендер құран оқып, жол-жөнекей қайтыс болған марқұмдардың сүйегін өзенге ағызып жіберді. Марқұмдарды мұсылманша жерлеуге уақыт қат еді. Оның үстіне артымыздан сәбеттік қуғыншылар да келе жатыр еді. Біз асудан асып, шекараны қиып, арғы бетке аман-есен өтіп кеттік. Межелі мекен — Құлжаға жеткенше, күндіз қуғыншыларға төбе көрсетпей, тек түнде ғана сай-саламен қашқан едік. Туған жермен үнсіз ғана қоштастық. Бұндай қасіретті тарихымызды сендердің білулерің керек!

— Онысы несі? Сұмдық қой мынау, — деп інім әңгімеге араласты.

— Е, шырағым-ау, сұмдықтың қанша атасын көрдік қой. Етім өліп қалған екен. Әкемнің де, шешемнің бейітін білмейтін не деген сорлы бейбақ едім, — деп атам мұңайып қалды. Көзіне қарасам, жанары жасқа толыпты. Ер азамат емес пе, көңілінің босағанын білдіргісі келмеді. Бұрындары атам былай ашылып әңгіме айтқан емес еді. Бүгін ерекше бір елжіреп, өткен күндердің тарихын айтып, өзінің құпиясымен бөлісіп отыр. Жайма-шуақ әңгіме өрбіп отырғанда үйге ауылдың есепшісі келіп, атамның әңгімесін бөліп жіберді. Есепші үйдің жарығын есептеді де, атамның қолына тілімдей бір қағазды жазып берді. Есепші әйелді көрген әжем: «Ой, Сәлимаш! Қалың қалай? Үйге кір, түскі ас дайын тұр!» деп қонақ қылды. Содан кейін атамның тарихи әңгімесі аяқсыз қалды.

***

Арада он екі күн өткен соң, ауырмай-сырқамай атам өмірден көшті. Тоқсан сегіз жасында. Тағдырдың бар ауыртпалығын көрген қайран атам еркек кіндіктен жалғыз еді. Жетімдіктің азабын молынан тартқан екен.

***

Атамның жаназасына келген ел: «Ақ өліммен өтті. Көкірегі толы қазына еді» деп жоқтаған еді. Содан бері атамның әңгімесін естігім-ақ келеді..

***

Әжеммен оңаша қалған сәттерімде, «бай-құлақ» атанған атамның өмір жолы турасында жиі-жиі сұрап отырамын. Әжемнің айтуына қарағанда, атам 1962 жылы атажұртқа аман-есен келіпті. Советтік Қазақстанның шекарасын басып өткенде, жерге жата қалып, топырақты сүйген екен. Біздің үйдің төргі бөлмесінің қабырғасында Құран кітабы мен бір құты ілініп тұратын. Кейін білдім: құтының ішінде туған жердің бір уыс топырағы бар екен. Атамның шешесі Айжауһар анамыз арғы бетке өтерде жалғызының тұмарына бір уыс топырақ салып, «Атамекеніңді ешқашан ұмытпа! Туған жерден кіндігіңді үзбе! Заман өзгерер, өзгермес, оны бір Алла көрсетер. Бірақ, қалай да болса еліңе келіп, ата-бабаңның тұғырын тікте! Ұрпақ өсір, өсіп, өн!» деп аналық лебізін білдіріп, көз жұмған екен. Аруақты атам әкеден де, шешеден де жалғыз болып өтті. Үркіншілік заманда елде қалған қарындастарынан бейхабар болып, өксіп кетті…


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз