Паркер ханым алдымен қызмет бөлмесі, қонақ қабылдау залы бар баспанасын сізге көрсетеді. Оның сөзін бөлуге батылыңыз жетпей, осынау жарық сәулелі әсем ғимаратта сағыздай созылған сегіз жыл бойы ғұмыр кешкен бір мәртебелі жанның игілігі туралы көзге елестетерліктей айтқан әңгімесін ұзақ тыңдайсыз. Соңында, төзіміңіз таусылады да, батылдық танытып «мен дәрігер емеспін, тым құрығанда тіс емдейтіні де емеспін» дегенді қайталап тұрған Паркер ханымға бірдемені тұтыға кекештеніп айтасыз. Сөзіңізді, Паркер бике қызметтік бөлме, күту залы жайына сәйкесетіндей кәсіби бағдар бермеген ата-анасына ренжіп өкінді деп ойлағандай-ақ тым кербездене қабылдайды.
Бұдан кейін екеулеріңіз екінші қабаттағы дарбаза жаққа қараған терезесі бар, сегіз долларлық бөлмені көруге жоғарыға көтерілесіздер. Тузенберри мырза Палм-Бичи маңында ма, қайсы бір тұста інісінің лимон өсіретін алаңының жұмысын басқаруға Флоридаға кетер-кеткенше төлегені секілді шын мәнінде, бұл бөлменің бағасы он екі доллар еді ғой дегенді екінші қабатқа жеткенде Паркер ханым үнімен-ақ аңғартқан болар еді. Әр қысты сонда өткізетін Мак-Интайр ханым жеке тазалық бұрышы бар, көшеге қараған терезелі келесі бөлмеде тұрады. Ол батылданып кетіп, бұдан гөрі арзандауын қалайтынын күбірлеп қалуы кәдік.
Егер Паркер ханымның бар ынтамен танытып отырған қыңыр-қисықтығына төзе алсаңыз, Скиддер мырзаның дағарадай бөлмесін көрсету үшін үшінші қабатқа ертіп апарады. Алайда, Скиддердің бөлмесін жалға бермейді. Ол бөлмесінде күні бойы пьеса жазып, қағаз тұқылы бар темекісін бұрқыратып отырар еді. Десе де, ламбрекенін көрсетіп, таңдай қақтыру үшін бөлме жалдауға келген әр клиентін ханым осы бөлмеге ертіп әкелуді әдетке айналдырған.
Дәл осылай кірген сайын «мені қуып шығуға келгеннен сау ма» дегендей үрейге ерік берген мәртебелі Скиддер бөлменің қарызының ширегін болса да, төлеп қоятыны бар.
Содан кейін не болады? Не болар дейсің! Қалтаңыздағы мыжық-мыжық болған үш долларыңызды қысып ұстап алып, жеккөрушіліктің нысанасы болған жиіркенішті кедейшілігіңіз бен жоқшылығыңыз туралы қырылдаған пәс үніңізбен мәлімдеп, аяғыңыздан тік тұруға шамаңыз жетсе, Паркер ханым сізді әр қабатқа сүйреп жүрмейді. «Клара!» деп, қатты дауыстап шақырады да, сізден теріс бұрылып, әдейі төменге түсіп кетеді.
Сонымен қара нәсілді қызметші әйел Клара еденнің тақтайымен жасалған тік сатымен сізді ертіп, төртінші қабатқа шығарып, төбедегі дәліздің жалғыз бөлмесін көрсетеді. Ол бөлменің көлемі жеті-сегіз фут қана үйдің орта тұсында орналасқан. Бөлменің екі жағында тақтайдан салынған қараңғы қойма мен сарай.
Бөлмеде жіңішке темір төсек, бет-қол жуғыш, жалғыз орындық қана тұр. Сөресі үстелдің де, шкафтың да міндетін қоса атқарады. Төрт жалаңаш қабырға мен төбе табыт секілді төніп, біртүрлі қараңғылық тартады. Аяқ астынан тынысыңыз тарылып кеткендей болған сәтте қолыңыз еріксіз алқымға қарай жылжып, қос жанарыңыз жоғарыға жылжығанда төбедегі шағын терезеден аспанның шағын бөлігі құдық түбіндегі судай жылтиып көгеріп көрінеді.
— Екі доллар, мырза — деп, әлде, басынғандай, әлде жақын тарқандай Клара айтады.
Ол жерге бірде Лисон ханым бөлме іздеп келген. Ол өзінен гөрі біршама денелі әйел көтерліктей ірі жазу машинкасын алып жүрді. Лисон ханымның денесі өсуін тоқтатқандай болғанымен көзі мен шашы өскендей. Айналасындағылар оған «Сен неге бізден қалып қойдың?» дерліктей-ақ талдырмаш қыз.
Паркер ханым оған мейман күтетін зал мен қызмет бөлмесін көрсетті.
— Мына қабырғадағы шкафқа адам сүйегінің қаңқасы ма, немесе дәрі-дәрмек, тіпті, көмір де сақтауға болады екен — деді, ол.
— Мен дәрігер де, тіпті, тым құрығанда тіс емдейтіні де емеспін — деп, Лисон ханым иығын қиқаң еткізе жауап берді.
«Дәрігер де, тіпті, тіс емдейтіні де емеспін» дейтін қашан да даяр тұратын сөзін мазақ еткендей, басынған, аяған салқынқандылықпен жеткізген Паркер ханым қызды екінші қабатқа ертіп шықты.
— Сегіз доллар? — деп, Лисон ішегін тартты да: — Сіз не деп тұрсыз! Мен миллионер емеспін ғой. Мен жай бір мекеменің хатшысымын. Қабаты биік, бағасы төмен бірдемеңізді көрсетіңізші.
Есік қаққан сәтте Скиддер мырза орнынан атып тұрды да, темекі тұқылдарын еден үстіне түгел шашып алды. Оның ызаланған наразы кейпін көрген Паркер ханым сайтанның алдамшы суық күлкісімен:
— Айыпқа бұйырмаңыз, Скиддер мырза, сіздің үйде екеніңізді білмеппін. Мен ламбрекенімді көрсету үшін мына ханымды шақырған едім.
— Бұларыңыз енді, шынымен ғажап екен — деген Лисон ханым перештелер осылай күлетін шығар дейтіндей-ақ ақ адал ниетпен күлді.
Олар шықпай жатып-ақ, Скиддер мырза өзінің соңғы, әлі жарыққа шыға қоймаған драмасының кейіпкері бойшаң, қара шашты арудың образын апыл-ғұпыл өшіріп тастап, әп-сәтте оның орнына бойы аласа, сұрықсыз, тік өскен шашы жылтыраған, күлкілі бейнелі біреу туралы жаза бастады.
— Анна Хелд осы кейіпкердің соңынан жүгіріп, сұмдық болады, енді — деді де, Скиддер мырза аяғын әлгі ламбрекенге қарай көсіліп, темекінің көк түтіні арасына батып кетті.
Сәлден кейін «Клара» деген қоңырау үні секілді өктем дауыс Лисон ханымдағы әмиянның көлемін айдай әлемге жария етіп жіберді. Бұл дауысты бірден іліп әкеткен қара әйел тозақтың баспалдағымен көтерілген жан алғыш іспетті құйғытып келіп, бейнебір аруақпен тілдесіп тұрғандай-ақ «екі доллар!» деп, ызалы үнмен тіл қатты.
Шиқылдаған темір төсекке отыруға ыңғайланған Лисон ханым «Мен келістім» деп, терең күрсінді.
Лисон ханым күн сайын жұмысқа кетеді. Кешкісін бума толы қолжазба әкеліп, машинкамен көшіріп басып отырады. Кейде кешке жұмысы болмаса, ол осы үйде тұратын өзге жандармен бірге сатының үстінде аялдап отыратыны бар. Негізінде, Лисон ханым табиғатынан үй төбесіндегі дәлізде тұруға жаратылған адам емес тұғын. Ол пысық, көңілді, әдемі де жан. Санасында түрлі ғажайып арман-қиял үнемі айналсоқтап тұрады.
Бірде ол «Ол бала емес немесе жер астындағы мұрагер» деп аталатын Скиддерт мырзаның (әлі жарияланбаған) ұлы комедиялық пьесасынан үш актісін оқуына рұқсат беріп, тыңдағаны бар.
Лисон ханым уақыт бөліп, баспалдаққа келіп отыруға келгенде үй тұрғындары еркектер мәз болысып қалады. Сол сәтте қала мектебінің мұғалімі, сұңғақ бойлы, алтын сары шашты Лонгнекер ханым оның айтқан әр әңгімесіне «Қайдам, олай емес шығар» деп, сенімсіздік танытып, баспалдақтың бас жағына отырып алады да жақтырмай үн қатады.
Ал, әмбебап дүкенде істейтін, атыс алаңындағы жылжымалы үйректерді көздеу үшін жексенбі сайын Кони-Айлендке жол тартатын Дорн ханым астыңғы баспалдақта отырып алады да, тағы да тыржыңдайды. Лисон сатының орта тұсында отырады, жігіттер оны қаумалап алған. Әсіресе, шынайы өмірден алынған, әсірелеуі басым жеке пьесасының (әлі ешкім көрмеген) бас кейіпкері етіп белгілеп қойған Скиддер тіпті жік-жапар. Тағы жасы 45-тегі толықша келген, бай-қуатты болса да ақылы аз, ақымақтығы басым мәртебелі Гувер де желпініп қояды. Уыздай жас Ивэнс мырзаның өзі «шылымыңды тасташы» деп Лисон ханым жалынса екен деп әдейі өп-өтірік түтінге қақалған болып қояды. Жігіттер «сүйкімді, тартымды» деп оның алдында құрша жорғалағанда, сатының астыңғы және үстіңгі баспалдағындағы құлақ етті жейтін айыптаулардың бір сәтке толастамайтыны өкінішті-ақ.
— Айыпқа бұйырмаңыздар, мәртебелілер! Хор әншілері баспалдықтың үстіне шығып, Гувер мырзаның мүрдесіне қайғы-қасіреттің көз жасын төгуімізді күтіңіздер. Май басып, толудың, тәннің ауырлап семіруінің пәле болып жабысатынын, оның үрей мен қорқыныш, қасірет әкелетінін меңзеп, кернейшілер үрлеңдерші, аспаптарыңызды!
Егер жуан Фальстафтың пәк сезімін оятсаңдар, ол арық Ромеодан да артық болар. Алайда, ессіз ғашық ер азамат үшін күрсіну ғана ұйғарылған, ал, ентігіп қораздануға төзбейміз. Семіздердің маңдайға жазылғаны Момустың қызметшілерінің арасында далбасалап билеу. Бұл дүниедегі ең адал жүрек елу екі дюймдік мықынның бас жағында ғана соғып тұрғаны өкінішті. Қараңды батыршы, Гувер!
Гувер мәртебелім қырық бесте, бай, топас болғандықтан, сұлу әсем Еленаның жүрегін жаулап алар ма екен? Қырық бестегі Гувер бай, ақымақ, оның үстіне семіз, үнемі машақатқа ұшырауға жазылған. Гувер сен ештеңеге сенімің жоқ.
Жаздың бір жайма шуақ кешінде Паркер ханымның үйін паналаушылар баспалдақ үстінде отырған сәтте Лисон көкке қарап, күлкі сыңғырлаған көңілді үнмен:
— Аа, әне тұр, Уилли Жексон! Ол осы арадан да көрінеді екен — деп, жар салды.
Бәрі жоғарыға көз салды. Бірі аспанмен таласқан ғимараттардың терезелеріне қараса, енді біреулері Жексон деп аталатын әуе көлігін іздеп, әуіреге түсті.
— Әне көрініп тұрған жұлдыз ғой — деп, Лисон ханым жіңішке әсем саусағымен көрсетеді де: — Анау бір жалтырап тұрған үлкені емес, соның қасындағы біріңғай көгілдір сәуле шашып тұрған жұлдыз. Менің бөлмемнің төбесіндегі терезеден әр түн сайын көрінеді. Мен оны Уилли Жексон деп атап кеткенмін.
— Әй, қайдам. Олай бола қоймас-ау! —деген Лонгнекер: — Мен сіздің астороном екеніңізді білмеппін.
— Әрине! — деп, Лисон ханым даусы жарқын-жарқын шығып: — Қызыл жұлдыз ғаламшарында биыл күзде жең жасауға арналған қандай матаның сәнге айналғанына шейін мен кез келген астрономнан артық білемін — дейді.
— Жә, олай бола қоймас! — деген Лонгнекер ханым: — Сіздің айтып отырған жұлдызыңыз Гамма деп аталса керек. Екінші дәрежелі көлемге жататын жұлдыздар тобына енеді, аспан әлемінің енін бойлап...дей бергенде, Ивэнс мырза сөзін бөлді:
— Керісінше, оған Уилли Жексон атауы артық жарасатын секілді.
— Түсінбейтін несі бар — деп, Гувер мырза Лонгнекер ханымды жақтырмаған жағымсыз үнмен: — Лисон ханым жұлдыздарды өз қалауынша атай алады, ерте замандағы астрономдардан несі кем.
— Олай бола қоймас — деп, Лонгнекер ханым күрсінді.
— Бұл жұлдыз жерге құлай ма, жоқ па деген ғана мен үшін қызық болып тұр — деген, Порн ханым:
— Мылтық ату алаңында жексенбіде он үйректің тоғызы және бір қоян менің оғыма ұшты... — деп еді.
— Мына төменнен онша көрінбейді екен. Оны менің бөлмемнен көрсеңдер ғой. Құдықтың түбінен күндіздің өзінде жұлдыз көрінгендей боласыз. Түнде менің бөлмем дәл шахтаның ұңғымасындай тас қараңғы. Жалғыз Уилли Жексон ғана кимоноға әшекей етіп таққан үлкен алмаз түйіреуіштей жарқырап тұрады.
Сөйтіп жүргенде Лисон ханым үшін оқылуы ауыр шимай қағаздарды үйге әкелмейтін де күн туды. Сонымен әр таңда жұмысына барудың орнына бір мекемеден келесіге салпақтауына тура келді. Ұятсыз жас қызметкерлердің үнемі бас тартқан суық жауаптары жүректі шаншып өтетін болды. Бұл өте ұзаққа созылды.
Бір күні ол кешкі тамақтан кейін асханадан шығып, ымыртта қайтатын сол уақытында Паркер ханымның үйінің баспалдағымен жоғары көтеріліп бара жатты. Алайда, бұл жолы оның асқазаны бос ішегі шұрылдап тұр еді.
Ол ауызғы дәлізде Гувер мырзамен жолығып қалды. Мырза мұндай мүмкіндікті бос жіберсін бе. Ол талдырмаш қыздың төбесінен алып тас іспетті қарап сәл бөгелді де, маған келіншек болшы деп өтінді. Қыз селк етіп, шегінді де қабырғаға жабысып тұра қалды. Еркек жалма-жан қолына жармасқанда ол қолын көтеріп тұрып, бетінен тарс еткізіп шапалақтап жібереді. Сөйтті де, сатының жиегінен ұстап, баяу қадаммен жоғарыға шықты.
«Сахнаның сол жағынан Ару қыздың тұрған тұсына қарай ұшып жетуге тиіс» Мертл Делормға (Лисон ханым) арнаған жаңа көрінісін өзінің комедиялық қойылымына (көрерменге жетпеген) қызыл сиямен қосымша етіп, жазып жатқан Скиддер мырзаның бөлмесі есігінің алдынан ол өте шықты. Еденнің тақтайынан жасалған ебедейсіз сатымен еңбектей жаздаған ол бөлмесінің есігін ашты.
Оның шам жағуға, сырт киімін шешуге әлі келмеді. Темір төсекке құлай кетсе де оның арық әлсіз денесі пуржинаны мүлде созбады. Осынау тозақтың ініне көмілген жас қыз ауырлап кеткен қабағын зорға ашты да күлімсіреді.
Себебі, өзіне адал Уилли Жексоны биязы сәулесін төбедегі терезеден төгіп, оған жарық беріп тұр еді. Оның нәзік жаны бүкіл әлемнен бөлшектеніп қалыпты. Түпсіз қараңғылыққа батып, өзі де таң қаларлықтай ешбір жәрдемі жоқ, ат қойып, айдар таққан жұлдызды шағын төртбұрыш қоршап тұрды. Лонгнекер ханымдікі дұрыс та шығар, бұл жұлдыз мүлде Уилли Жексон емес, керісінше Гамма болуы да ықтимал. Сонда да, бұл жұлдыз Гамма болмаса екен деп сонша қатты тілеймін.
Ол шалқадан жатып, қолын көтермек болып екі мәрте әрекет жасады. Үшінші ретте ол сүйріктей қос саусағын зорға дегенде ерніне тигізіп, өзі жатқан қараңғы іннен Уилли Жексонге ыстық сүйіс жолдады. Сөйтті де әлгі қолы салбырап төмен құлады.
— Мәңгілікке қоштасайық, Уилли! — деп, естілер-естілмес сыбырлады да:
— Сен бұл жерден мыңдаған шақырым алыстасың, тым құрығанда бір рет те жарқ етпедің. Дегенмен, мұнда тас қараңғылық төніп тұрғанда сен сонау алыстан маған үнемі жарық түсірдің, солай ғой? Сан мыңдаған шақырымнан... қоштасайық та... Уилли Жексон...
Қара нәсілді қызметші әйел Клара, Лисон ханымның есігі бекітулі екенін ертеңінде сағат онда біліп, бұзып кіріпті. Сірке суын иіскету, құс жүнін өртеу, сылап-сипаудың ешбірі әсер етпеген соң әлде кім жедел жәрдем шақыруға кетті. Шақыру ала сала кешікпестен қорқынышты сигналын ойбайлата дәрігер көлігі есік алдына келді. Әлде бір мұңлы, сәл жымиған байсалды кейіптегі, өзіне сенімділеу, бәріне даяр тәуекелшіл ақ халатты жас дәрігер машинадан секіріп түсті.
— Қырық тоғызыншы үйге көлік келді. Не болды? — деді, жұлып алғандай.
— Ой, дәрігер, иә! — деп, үйінде ыңғайсыздық болғаны, өзінің беймаза күй кешуінің қажетсіздігін айтып, Паркер ханым шағымдана бастады:
— Оған не болғанын түк түсінбедік. Не істесек те есін жимады. Ол тіпті жап-жас қыз ғой. Ол Элен ханым, ия, әлгі Элен Лисон бикеш. Бұрын-соңды менің үйімде...
— Қай бөлме? — деп, дәрігер жігіт Паркер ханымға бұрын мүлде естімеген қорқынышты дауыспен сұрақ қойды.
— Үй төбесіндегі дәлізде. Міне...
Жедел жәрдем дәрігері мұндай үйлердің төбесінде болатын бөлмелердің орналасуын жақсы білетін секілді. Баспалдақтың төртеуін тастап, аттап-аттап өтіп, жоғары қарай жүгірді. Паркер ханым өзін қатты құрметтейтін адам ретінде байырғы мінезімен оның соңынан асықпай аяңдады.
«Астрономды» қос қолдап көтеріп төмен түсіп келе жатқан дәрігермен ол сатының бастапқы алқабында тіресіп қалды. Ол тоқтай қалды да, ота пышағындай өткір тілімен бар-жоғы бірауыз сөзді өте қатты болмаса да анық айтты.
Қыртыстанбайтын матадан тігілген көйлектің ілгіштен сыпырылып түскеніндей-ақ Паркер ханым сілтідей тынып қозғалыссыз тұрып қалды. Сол кезден бастап, осынау біртүрлі жағдай оның тәні мен жанында мәңгі сақталып қалған еді. Қызыққа құмар тұрғындар сол сәтте дәрігердің оған не айтқанын әлсін-әлсін сұрайтындары бар.
— Сұрамаңдар. Егер мен сондай сөз естігенім үшін күнәдан арылатын болсам, тыныш қана көңіл тоқ көз жұмар едім — дейді.
Дәрігер оны қолына алып көтеріп бара жатып, түрлі оқиғаларды қызыға тамашалайтын көп нөпірдің қасынан өткенде үрейленген топ қақ айырылып жол берген тұғын. Неге десеңіз, оның өңі-түсі қашып кеткен еді. Ең қимас адамын жерлегендей өңі сұрланып кеткен.
Тіршіліктің нышаны жоқ қызды машинада даяр тұрған зембілге қойған да жоқ. Құшақтаған күйі машинаның алдыңғы орындығына жайғасып, жүргізушіге «Ал, бас алға, Уилсон!» дегенін жиналғандар түгел естіпті.
Сонымен тәмәм. Қандай әңгіме болды? Ертеңінде таңғы газеттен түрлі оқиғалар туралы айдардағы шағын мақаланы оқыдым. Соңғы бірнеше сөйлемі осы оқиғаны ой елегінен өткізуге (маған көмегі тигендей) жәрдем етуі ықтимал.
Сол мақалада аш өзегіне түсіп, арып-ашып, шөл қысқан жас қыз Шығыс көшесінің 49-үйінен Бельвю емханасына жеткізілгенін хабарлаған. Мақала былай аяқталады «Науқасқа медициналық алғашқы көмек көрсеткен дәрігер Уильям Жексонның мәлімдеуінше, науқастың сауығып кетуіне сенім мол».
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі