Бұрын белгісіз бір ауылда қанағат дегенді білмейтін тойымсыз бай өмір сүріпті. Неге сондай қанағатсыз екені белгісіз, өмірінде басқа адамға бірде-бір рет көмектеспеген екен. Бай үйінің тура алдында бір ағаш өсіп тұрады. Жаз болса сол талдың түбінде бай өзі көрпеше төсеп, жатып демалғанды ұнататын. Сол ауылда бір ақылды, жаны таза, жас бойдақ жігіт тұрып жатады. Бір күні әлгі бойдақ жігіт сырттағы күріш алқабында жұмыс жасап жүреді. Күн қатты ыстық болған соң, ол әлгі бай үйінің алдындағы талдың көлеңкесіне барып жайғасады. Тал көлеңкесінде ұйықтап жатқан байдың жанына барып, бойдақ жігіт тынығып жатады. Бір кезде демалып жатқан әлгі бай оянып:
— Ей, ақымақ, сен біреудің көлеңкесінде демалып жатқаның қалай? — дейді. Қарынды да, қалталы байдың сөзіне таң қалған бойдақ жігіт шошып кетеді. Көздері алайып қарап қалыпты. Бір кезде ол байдан:
— Мырза, мынау ағаштың көлеңкесі де сіздің затыңыз ба? Сіздің меншігіңіз бе? — деп сұрайды.
— Мынандай ақымақты көрдің бе? Мына талды менің арғы аталарым мен бабаларым егіп кеткен. Біздің әулеттің заты болмағанда, кімнің заты болады деп едің? Тез табаныңды жалтырат бұл жерден!
Бойдақ жігіт байдың сөзін естіп, оған зығырданы қайнап, жек көріп қалады. «Қанша бабаларының егіп кеткен талы болса да, мынадай аптапта көлеңкеден қуу — адам ақылына симайтын іс қой», — деп ойлаған бойдақ жігіт, байды қалай тақырға отырғызып алдасам екен деп, қайтадан сөз бастайды .
— Мырза, мен соны да білмей, қателік жасаған екенмін. Ағаштың көлеңкесі маған сондай қажет еді, оны маған сатсаңыз қалай, а?— деп бойдақ жігіт оған қарады. Бойдақ жігіттің сөзін естіген бай бірден басын жерден жұлып алып, ойланып қалады.
— Ақша төлеп, мына талдың көлеңкесін сатып аламын дейсің бе?
— Иә, солай, мырза.
— Жақсы, олай болса ағаштың көлеңкесін саған сатамын.
— Мырза, енді қаншаға бересіз?
— Ымммм... Былай өзі, талдың көлеңкесінің үлкендігі мен жалпақтығына қарай бес нян ақша бересің!
Байдың сұрағаны көп болса да, сол күні алған қарызына бойдақ жігіт тәуекелге бел буып, талдың көлеңкесін сатып алады.
— Ал, жақсы. Санап алыңыз. Бес нян.
— Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу. Дұрыс, болды. Бұдан былай мынау — сенің меншік көлеңкең!
— Иә, дұрыс айтасыз, мырза. Әрине! Енді сіз мына көлеңкенің астынан шығыңыз тез!
«Ақымақ! Байығаныңды көрейін. Ағаштың көлеңкесі не пайда әкелер екен?..» — деп бай басқа ағаштың көлеңкесіне орнын ауыстырып, бес нянын санап мәз болып жатады.
Біраздан кейін күннің көзі батыс жаққа түсті. Күннің батуы ұзақ болған соң, бойдақ жігіт сатып алған ағаштың көлеңкесі байдың ауласының ішіне созылып түсті. Бойдақ жігіт меншік көлеңкесінің соңынан жүріп, байдың ауласына қарай орнын ауыстырды. Бірақ бұған бай ашуланды.
— Сен ақымақ! Басқаның ауласына қалай баса-көктеп кіресің? Неғып жатырсың, шықпайсың ба?
— Мырза, мен ағаштың көлеңкесінде тынығып жатырмын. Сіз бес нянға сатқан ағаштың көлеңкесі емес пе бұл?!
Бұл сөздерді бойдақ жігіт саспай айтады. Бойдақ жігіттің сөзінің жаны бар, бай одан әрі аузын аша алмады. Күннің жылжуына қарай, ағаштың көлеңкесі де жылжып, байдың үйінің ішіне түсті. Бойдақ жігіт аяғын да шешпей, байдың үйінің кіре беріс бөлмесіне жайғасып отырып алды, кейде жатты да. Бұны көрген бай тағы ашуланып:
— Сен неге біздің үйге аяқпен кіресің? Тез шық! — деді.
— Не деп тұрсың, Мырза? Мен жатқан жер, сіз сатқан ағаштың көлеңкесі емес пе? Мен тек соның соңынан жүріп отырмын. Ол қайда түседі, қайда барады мен сол жерге барып тынығып, демаламын. Жатамын ба, отырамын ба, шалқаямын ба, тұрамын ба өзім білемін.
Әлдеқашан сатып жіберген ағаштың көлеңкесі болған соң, бай бұл сөзді естіп, қарсы бір ауыз сөз айта алмады. Біраз уақыт өткен соң ағаш көлеңкесі байдың үйінің төргі бөлмесіне дейін түсті. Бұл жолы да бойдақ жігіт аяғын шешпестен, көлеңкенің соңынан байдың үйінің төргі бөлмесіне дейін кіріп алды. Ол үйдің ішіне кіріп, үй ішіндегі адамдарға зеки бастады.
«Тұрыңдар былай! Бұл ағаштан түскен көлеңке — менің көлеңкем! Ешкімнің бұл көлеңкенің астында тұруына да, жатуына да болмайды. Тез шығыңдар деймін!» — деген бойдақ жігітке үй ішіндегі байдың отбасы ештеңе істей алмады. Байдың отбасы бойдақ жігітке ағаштың көлеңкесін сатқаны туралы естіген соң үйде ұрыс-керіс болып, байдан маза кетті. Байға әйелі де, балалары да ұрысты. Енді сатқан ағаштың көлеңкесін қайтып ала алмайды. Кеш батса ағаштың көлеңкесі жоғала салысымен бойдақ жігіт үй ішінен шығып, өз үйіне қайтып отырады. Келесі күндері де бойдақ жігіт ағаштың көлеңкесі түскен жерге келіп жатады. Байдың үйіне түссе соған барады. Сөйтіп байдың ес-ақылын да, үйінің ішінің әптер-тәптерін шығарады.
Бай бір күні бойдақ жігітке сатқан көлеңкесін қайтарып алуға кірісті. «Мына ақшаны берейін, бұны ешкім естімесін. Қайтып көлеңкемді өзіме сат», — дейді бай жалбарынып. Алайда байдың сөзінен кейін мүмкіндігі қолында тұрған бойдақ жігіт көнбейді. «Сіз не деп тұрсыз. Мына ағаштың көлеңкесі болмаса, демалатын жер болмайды. Оны қайтып сата алмаймын», — дейді жігіт. Бай: «Менің жағдайымды ойла! Қаласаң үстіне тағы бес нян қосып берейін», — дейді. Бай қанша жылы-жылы сөйлесе де, бойдақ жігіт сатпады. «Қыста мынадай көлеңкені басқаға сата алмайсың. Мына көлеңкені қайтып сатып аламын десеңіз, бес мың нянды санап беріңіз!», — дейді жігіт. Бай өзінің қателескенін айтып өкінді. Ол жер тепкілеп ашуланды. Күн батып ағаштың көлеңкесі жоғала салысымен жігіт өз үйіне қайтады. Содан кейін бірнеше күн бойы ол тағы байға маза бермейді. Байдың отбасы үйді қалдырып, алыс жаққа қашып кетуге мәжбүр болады. Соңында бес нянға көлеңке сатып алған бойдақ жігіт байдың бүкіл үлкен үйіне ие болып қалыпты. Сөйтіп ауыл адамдарына қайырымдылық қылып, көлеңкесінде демалдырады екен.
Корей тілінен аударған Дастан Ақаш
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Ерсултан
Мәтін бойынша қандай сурет салуға болады
Роза
Корейлердің де ертегілер қызық екен, бірақ балтамен ағашты шауып тастаса болар еді ғой, сонда көлеңкесі кіпкішкентай болып қалар еді, немесе басқа жерге апарып тастаса болар еді түнде