Өлең, жыр, ақындар

Кеңес Одағының батыры Ғани Сафиуллинге - 115 жыл

Ұлы Отан соғысына қатысып ерен ерлік көрсеткен, дивизия командирі болып қанды шайқастарға қатысқан гвардия генерал-майоры, Кеңес Одағы батыры Ғани Сафиуллинге 115 жыл толды. 

Сафиуллин Ғани Бекінұлы 1905 жылы 1 шілдеде Старый Кашир ауылында, қазіргі Татарстанның Сарманов ауданында, шаруа отбасында дүниеге келген. Ұлты татар. Ол ауыл медресесінде оқыған. 1920 жылы ата-анасынан айырылған. 1922 жылы Торғай даласында шопан болып, мал бағуға жұмысқа орналасқан. Сол жылы аудандық партия комитетеінің хатшысы болып, комсомол қатарына қосылды. 1923-1926 жылдары облыстық кеңес мектебінде оқып, кейіннен Семей қаласындағы  Бұқтырма аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып орналасады.
1927 жылдың тамыз айында Ғани Сафиуллин Қызыл Армия қатарына шақырылды. Ол 1-атты әскери дивизиясының 1-ші кеңестік казақ полкінде отряд бастығы, взвод командирінің көмекшісі болып қызмет етеді. 1930-1931 жылдары Мәскеудегі ОГПУ жоғары шекара мектебінде оқыды. Ал, 1941 жылы Сафиуллин М.В. Фрунзе атындағы  Қызыл Армия Әскери академиясын тәмәмдады. Сол жылдан бастап Батыс майданның 22-армиясының 256-атқыштар дивизиясының 930-шы атқыштар полкінің командирі болып, Мәскеу, Калинин, Смоленск, Великолутск аумағындағы майдандарға  қатысты. 1942 жылы Харьков, Донбасс, Курск, Воронеж, Ростов облыстары аумағындағы қорғаныс ұрыстарына,  38-атқыштар дивизиясын басқарып Сталинград шайқасына қатысты.
Ғани Сафиуллин өзі қатысқан Сталинград шайқасы туралы: «Сталинградтың шалғай іргесінен басталған ұрыстардан бері біздің 38-дивизия 16 мыңнан астам солдат пен офицерді тұтқынға алды, 62 танкті, 22 ұшақты, 3 бронды пойызды, 400-ден аса зеңбірек пен минометті қолға түсірді, 108 танкіні, мыңнан аса автомашинаны қиратты. Неміс-фашист басқыншыларымен Сталинград түбінде болған ұрыстарда жауынгерлер өз атына кір келтірген жоқ. Олар майданға жүрер алдында қазақ жерінде берген антты абыроймен орындап шықты» – деп,  қазақстандық жауынгерлердің ерлігін осылайша көрсетті. 

Сталинградты азат етудегі ерліктері үшін 38-атқыштар дивизиясы 73-гвардиялық  дивизия деп аталды. Ал, дивизия жауынгерлері мен командирлері ұрыстағы  қаһармандықтары үшін марапатталса, дивизия командирі Ғ.Сафиуллин 1943 жылы 26 қазанда Кеңес Одағының батыры  атағымен наградталды. 

Полковник Ғ.Сафиуллин дивизиясы соғыста ерен ерлік танытып, жаудың 120 танкісімен 8 000 автомашинасын жойған еді. Осы кезеңнің бір көрінісін еске алсақ, Ғ.Сафиуллин немістің генерал фон Дреббердің 297-дивизиясын талқандап 8000-ға жуық гитлершіні тұтқынға алды. Гитлер армиясының командирі фон Дреббер тізе бүгер алдында: «Бұдан былайғы қарсыласуды  пайдасыз деп білемін, қарамағымдағы солдаттар мен офицерлердің өміріне жауапты болғандығымнан ең болмаса қалғандарын сақтап қалғым келеді, мен дивизияның барша адамдарымен бірге Қызыл Армияның 38-дивизиясының командиріне тұтқынға берілуді ұйғардым. Дұшпан болсақ та, сонау Харьковтан Волгаға дейін ерлікпен соғысып келе жатқан бұл дивизияның жауынгерлік жолын мойындаймын» – деп, бас игенін осылайша жеткізеді.
Ғани Сафиуллин 1945 жылы  2-ші Украин майданының 53-ші армиясының 57-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі болып, Братислава-Брново және Прага аумағындағы шабуылдарға қатысты. 1945 жылдың жаз айларында армия Қиыр Шығысқа  ауыстырылды. Забайкалье майданының құрамында ол кеңес-жапон соғысының Хингано-Мукден операциясына қатысты. Жапонияны жеңгеннен кейін ол осы жылдың қараша айына дейін корпусты басқарды.

1947 жылдың сәуір айынан бастап, 38-ші гвардиялық десанттық корпус командирінің орынбасары қызметін атқарды. Бірақ 1949 жылы ол өз қызметінен босатылып, Татар АССР-нің астанасы Қазанда қызметін жалғастырды. Ол өмірінің соңғы жылдарын Қазан қаласында өткізіп, 1973 жылдың 14-ші қазанында қайтыс болды. Ғани Сафиуллин Қазан қаласындағы Арск зиратында жерленді.

Батырдың ерлігі ескеріліп, Қазан қаласының  Еділ бойындағы орталық көшесі  оның есімімен аталды. 2014 жылы  Кеңес  Одағының батыры Ғ.Сафиуллиннің есімі Нижнекамск қаласындағы Еділ Федералдық округінің Татарстан кадет корпусына берілді. 2015 жылы 6 мамырда Иске-Кишит ауылында Кеңес Одағының батыры  Ғ.Сафиуллинге және Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлерді  еске алуға арналған мұражай кешені ашылды.

Қорытындылай келсек, елі үшін жанын қиып, ерен ерлік танытқан қаһарман  батыр Ғани Сафиуллинге биыл 115 жыл толып  отыр. Соғыста кеудесін оққа тосып, жанқиярлық танытқан батырлардың ерлігі мен есімі қашанда жанымызда сақталады. Олардың қаһармандығы мен өжеттілігіне, табандылығы мен қайсарлығына, батылдығы мен батырлығына әрқашан бас иеміз.

Болат САЙЛАН, әл-фараби атындағы  ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
Жанна САПИОЛЛИНА, 1 курс студенті.                                                                   


..

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз