Өлең, жыр, ақындар

Назарбаев және Тәуелсіздік!

Демократияшыл, өркениетті қоғамның ертеңгі сатысында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің қабылдануы мен даму белесі басты орында тұратыны хақ. Бірнеше ғасырлық тарихы бар қазақ халқының мемлекеттік дәрежеге жетуінің бірден-бір қолдаушысы болған тұлға – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тағдырдың жазуымен тарихымыздың ең бір күрделі кезеңінде ел басшылығына ие болған Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздікті ту етіп, Қазақстан Республикасын жаңа бетбұрысқа бағыттады.

Өткенге көз жүгіртсек, Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылық қасиеттерін тану кеңес кезеңінде, яғни ол 1989 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы болып, 1991 жылға дейін осы қызметті атқарған кезден басталды. Сол кездегі партия жарғысының жария етілмейтін заңдары бойынша КСРО Конституциясы мен Қазақ КСР Конституциясының ережелеріне сәйкес, ол одақтық республиканың нақты басшысы болды. 1990 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұл лауазымды ҚКП ОК-нің Бірінші хатшысы лауазымымен қоса ала жүріп және осы қос мәртебені шебер пайдалана отырып, Н.Ә. Назарбаев одақтық орталықтың алдына Қазақстанның өз аумағында экономикалық мәселелерді шешудегі дербестігін кеңейту мәселелерін қойды. Ол жаңа Одақтық шарт жасау арқылы таратылған КСРО-ны түбегейлі жаңарту қажеттілігін негіздеді.

Кеңес Одағы ыдыраған тұста Қазақстанның экономикалық және әллеуметтік жағдайы аса қиын болды, осындай қиын-қыстау кезеңде, дәлірек айтсақ 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты, ел тәуелсіздігін аманат  етті, жауапкершілік жүгін арқалатты, халық өздері таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап шыққандығына да осы күндері көзіміз анық жетіп отыр. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қысқа мерзімнің ішінде геосаяси кеңістік жүйесінен өз орнын табуы, өзінің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін қалыптастыруы, сыртқы саяси басымдықтарының бара-бар жүйесін құруы және сыртқы саяси стратегиясының негіздерін қалауы тиіс болды. Көптеген шетелдік және отандық сарапшылар бұл міндеттер елдегі күрделі кезеңде оны Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаруының арқасында ойдағыдай шешіледі деп санады. Н.Назарбаевтың ең жоғары деңгейде тікелей өзі орнатқан байланыстары отандық сыртқы саясаттың қалыптасуының маңызды міндеттерін шешуге көмектесті. Басты мақсат ретінде тұңғыш Президентіміз Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қалыптастыру мен ұстап тұрудың жолдарын қарастырды.  

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай,  уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлес­тіре, жанжақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі  даралығымен бірден әлем назарын аударды. 

Ол тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Елбасының өз кезінде: «– Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді.» –,  деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни, билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді. 

Елбасы Н. Назарбаев мемлекеттің ұлттық тілін, туын, әнұранын, елтаңбасын, конституциясын қабылдады, сонымен қатар Қазақстанның өзіндік даму жолын таңдауы туралы бастамасы алғаш рет 1992 жылы мамыр айында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында» жария етілді. Тәуелсіз еліміздің бағытын айқындауда, оқиғаны болжап білуде, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты стратегиясының қажеттігін баса көрсеткен Елбасы Н. Назарбаев аталған еңбегінде мемлекет алдында қойылып отырған нақты стратегиялық мақсаттарды белгілеп берді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н. Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір туғызған болатын. Дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезеңінде бір де бір мемлекет басшысы  мұндай түбегейлі батыл қадамға барған да емес.

Мемлекет басшысы еліміздің саясат саласындағы басым бағыты жас егеменді мемлекеттің күшті президенттік республика құру бағытына тікелей байланысты болу қажеттілігіне назар аудартты. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының тұжырымдамаларында (1995, 2000, 2005 жж. қабылданған) еліміздің сыртқы басымдықтары айқындалды. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында үш мәселеге ерекше назар аударды: біріншіден, басқа елдермен, соның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Европа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету; екіншіден, шет елдермен тек дипломатиялық байланыс орнатып қана қоймай, сонымен қатар олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу; үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты, ядролық қаруды қолдануды болдырмау. Міне, осы бағытта 90-жылдардан бері еліміздің сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды.

Қазақстан бірқатар жағдайларға байланысты әлемдік қауымдастықтың қызығушылығын тудырады: біріншіден, құрлықтағы геосаяси орналасу ерекшелігі; екіншіден, ұлттық бірігу, толерантты этносаралық диалогтың үлгісі жүзеге асқан ел; үшіншіден, бай минералды ресурстарға ие мемлекет, мұнай, газ, көмір қоры бойынша әлемдегі көшбасшы елдің бірі, ірі астық экспорттаушы.

Ресей Федерациясы, ірі және тарихи шектескен мемлекет ретінде, іс жүзінде Қазақстан Республикасының сыртқы саясатында басты басымдық болып табылады. Елбасының пікірінше, көршілес екі елдің арасында ортақ келісім мен өзара мүддемізді есепке ала отырып шешілмейтін мәселе жоқ. Ресеймен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықтың тереңдеп дамуына 1998 жылдың  6-сы шілдесінде Мәскеуде қол қойылған «Мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы» Декларацияның тарихи маңызы зор. Оның негізінде екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктер және Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді. 

Қазақстан Республикасы халқына тәңірден жеткен тәуелсіздіктің түпкілікті мәселелерін шешуге білек сыбана кіріскен Нұрсұлтан Назарбаев адамдардың игілігі үшін жұмыс істеді, сондықтан әрдайым өзін олардың қолдайтынына сенімді болды. Металлургтермен бірге ол қайнаған ыстықта жүрді, шахтерлермен бірге штольняларға түсті. Сондықтан Назарбаев үлкен лауазым иелерінің кабинеттеріне қаймықпай кіріп, әділдікке жету үшін «қара қылды қақ жарғандай» етіп шындықты ғана айтты. Ол жалаң сынаушы ғана болған жоқ, үнемі сол жерде түйткілдерді бірден шешудің қисынды жолдарын ұсынды, берік дәлел мен дәйекке ғана сүйенді. Сондықтан оның пікірі мұқият тыңдалды, жиі қолдау тапты. Келісті Басшы ретінде Н.Назарбаевтың беделі жоғары болу себебі, ең алдымен, оның жұмысшылар қатарынан, ең төменгі буыннан көтерілгендігінен, барлық мәселелерді түп-төркінінен танып білетіндігінен еді.

Барлық осы қасиеттері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты халықаралық ауқымдағы нағыз талап етілген және беделді саясаткер етіп көрсетеді. Оның пікіріне әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары, ықпалды халықаралық ұйымдардың басшылары мен әлемдік бизнес-элита өкілдері ықыласпен құлақ қояды. Осыған байланысты Қазақстанның сыртқы саяси табыстарындағы бас әріппен белгіленер үлесі оның көшбасшысы – Н.Ә.Назарбаевтың жоғарғы беделі мен жеке басының ықпалының арқасында болды деп батыл айтуға болады. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің феномені – жеке тұлғаның ұлттық және әлемдік тарихтағы ерекше рөлі туралы тағы бір ойлануға тұрарлық себеп. Біз Тәуелсіздікпен бірге өсіп, өркениет көшіне қарай құлаш сермеген  Нұрсұлтан Назарбаев сияқты бірегей және ауқымды тұлғаға лайықты бағасын беруіміз керек, оның әлемдік қауымдастықта өз еліне және өз халқына лайықты орын қамтамасыз еткен жарқын саяси қайраткер, табысты реформатор және көреген стратег ретінде тарихқа енетініне еш күмән жоқ.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер