Өлең, жыр, ақындар

Қыста күн неге қысқа болады?

Асан мен Айгүл таңертеңнен кеш батқанша ойынның қызығына батып үйге кірмеді. Бұған алаңдаған анасы:

— «Отағасы, мына балалар ойынмен жүріп, қыстың қытымыр аязын ұмытып кеткен сияқты, өзіңіз барып әкеле қоймасаңыз кірмес?» — деп сұраулы жүзбен қарады. Қанат кеңкілдеп күліп:

— «Өзімнен аумай қалған құлындарым, менде мұрнымды үсік шалғанша ойнаушы едім», — деді де шекпені мен қара құлақшынын бастыра киіп, қара киіз етігінің ішіне аяғын сұға салып, сыртқа шықты. Ыстық үйден шыққан соң болар, шытырлаған аяз кеп бетін қарып өтті. Десе де көңіл сарайын керемет ашатын тап-таза ауамен тыныстап, бір сәтке қозғалмай тұра қалды.

Биылғы қыс өз әдетіне басып, аязды күндер басталып кеткелі қашан. Десе де балалар аязды сезуші ме еді? Қанат қараңғы тарта бастаған көшенің басындағы қолдан жасалған сырғанақтың жанында шулап жатқан балаларға қарай жүрді. Асаны мен Айгүлі тура бір май айында ойнап жүргендей күртелерінің алды ашылып, терлеп-тепшіп жоғары қарай өрмелеп барады екен. «Мына тұқымың жайылғырлар ауыратын болды-ау» деген күңкілін өзінен басқа ешкім естімеген соң, Қанат:

— «Асаааан, Айгүүл, мына балалар қайтеді-ей» — деп мұзға шалқалақтай алып, өз балаларына қарай жүрді. Әкелерін жаңа байқаған балалар аңтарылып тұрып қалды да, кейін лезде «әкелеп» құлдыраңдап жүгіріп кеп, бауырына еніп кетті.

— «Осы Сендерде үй бар ма өзі, әлде күннің қысқарып кеткенін ұмытып байқамадыңдар ма? Жүріңдер, аналарың іздеп жатыр» дей жүріп, Қанат жетіге енді толған егіз ұл мен қызының күртесінің алдын түймелей бастады.

Ғырт-ғырт еткен дыбысты Асан бұзды: «Әке, Сіз неге күн қысқарады дедіңіз, күн қысқармаған мен оны бүгін көрдім, ол жай ғана қазір жоқ, ертең қарасаңыз болады» — деп мұрнын бір тартып, әкесіне қарады. Айгүл де онымен жарыса: «Иә, әке күн ешқандай да қысқармады, ол қалай қысқарады» — деп сықылықтай күлді.

— Ееее, құлындары әкесінің, сөзді терген ақылдарыңнан айналдым — деп балаларын айналып-толғанып алып, сөзін жалғады, «Күннің қысқаруы деген ұғымды қазақ халқы жыл мезгіліне қарай қолданған, жазда күн ұзақ болғандықтан, кешке дейін ойнасаңдар да күн жарық болады. Ал қазір қыста күн өз көкжиегінен аз биіктікке көтеріліп, қайта батады. Міне осыны «күн қысқарды» деп атайды. Себебі кешке қараңғы ерте түседі. Ал, кеш батқанда балалар ойнауына болмайды. Енді түсіндіңдер ме?» — деген әкесіне, Айгүл «Көкжиек деген «күннің үйі» ме?» — деп қойып қалды. Қызының қызық сұрағына Қанат тосылып қалып, Айгүлдің маңдайынан сипады да:

— «Көкжиек — аспан мен жерді астастырып тұрғандай көрінетін сызық, ал «күннің үйі» күн жүйесінде орналасқан, біздің жер күнді айналып жүреді» — деген Қанат қызының дөңгелек қара көздерінің жыпылықтай бастағанын байқап, «қалғанын ертең өскенде жақсылап түсіндіремін» — деді де, иығына көтеріп алып үйіне қарай аяңдады.

Жаймуханова Ақмарал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Журналистика мамандығының 3 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз