Өлең, жыр, ақындар

Ардақты тұлғамыз Міржақып Дулатұлына - 135 жыл

Қазақстан Республикасында, аса көрнекті ағартушы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлын білмейтін азамат жоқ. «1909 жылы қазақ даласын дүр сілкіндірген үш кітап шықты. Оның бірі Абайдың өлеңдер жинағы, екіншісі – Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы», үшіншісі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты публицистикалық-лирикалық жинағы» (Дұлатұлы М. Шағармалары: Мақалалар мен зерттеулер. 2-т. Алматы: Ғылым, 1997. – 3 б.). «Оян, қазақ!» 1909 жылы Уфада жарық көрген. Қарапайым халықтың санасына ардақты тұлғаның өлеңдері қатты әсер етті. Патша үкіметі оны түсініп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, Міржақып Дулатұлын тұтқындап, түрмеге жауып, еңбегін кәмпескелегені бәрімізге мәлім.

1916 жылы қазақ және қырғыз жерінде  ұлт-азаттық көтеріліс болды. Көтеріліс ошақтары басылмай, Ресейде екінші орыс революциясы басталып, 1917 жылы, патша ІІ Николай тағынан айырылды. 1916 жылғы көтеріліске қатысушылар қуғын-сүргінге ұшырап, елінен кетуге мәжбір болды. Осы мәселеге байланысты Міржақып Дұлатұлының «Оян, қазақ! (Босқын қырғыз бауырларыма арнадым) атты қысқа да нұсқа хабарламасын ұсынып отырмыз. Хабарлама «Қазақ» газетінде, Ішкі хабарлар бөлімінде 1917 жылы, ақпан революциясынан кейін жарияланған. Хабарлама мәтінін белгілі жинақ «Қазақ» газеті басып шығарып, Алаш азаматтарының рухына бағышталды. Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С. Дәуітов, Қ.Сахов., атты еңбектен алдық. («Қазақ» газеті/Бас редактор Ә.Нысанбаев.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.- 394  бет).

Міржақып Дулатұлы. «Оян, қазақ! (Босқын қырғыз бауырларыма арнадым).

«Оқушыларға мағлум, «Оян, қазақ!» атты өлең кітабымды ескі үкімет шам көріп, «Қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені судқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ!» халық арасына тарамасын деп, үкімет хақім салды. Сонан кейін колға түспеген 1000 дана шамалы «Оян, қазақ!» алты жылдан бері бір орында жасырынып жатыр еді. Енді, құдайға шүкір, азаттық таңы атты, ескі үкімет мүрдем кетті,  шағымшы «бауырларымыздың да» көзі жоғалды.

Жауыз үкіметтің жауыздығымен былтырғы 25 июнь жарлығы тақырыпты қазақ халқы қан жылады, бәрімізден артығырақ қырғыз бауырларымыз қырғынға ұшырады. Күні бүгінге шейін сол қырғыз бауырларымыздан көп ел Қытай жерінде босқындықта, ашаршылықта, қырғында. Жас балаларын бір шелек бидайға, бір тоятын тамаққа сатып, қатын-қыздарын бір қойдың пулына айырбастап, естиярлы мойындарына дорба салып, тіленші болып кеткендігі мағлум болып тұр.

Сондықтан сақтаулы мың дана «Оян, қазақтың» ақшасын әлгі босқында жүрген жетім-жесірлердің пайдасына бағыштадым. Бұрынғы қақы 20 тиын еді, енді пұлы мынадай қайырлы іске жұмсалатын болған соң, алушыларға бағасы 50 тиын болсын деп мөлшерледім. Поста қақы кітап бағасы 2 тиын. Скидка жоқ. Бір кісіге 50 кітаптан кем сатылмайды. Ақшасын төменгі адрес бойынша күні бұрын жіберу керек. Бұлай деуімнің  себебі тезірек өтіп, ақшасы ашаршылықтағы бейшараларға тезірек тапсырылсын деген. Мың дана кітап тез сатылса, сонан өнген 500 сом шамалы ақша, көп пұл болмаса да, ел-жұрт, жер-су, мал-мүлкінен айырылып, бұл күнде бір тілім нанға зар болып тұрған сорлыларға аз да болса, қорек болар еді. Бұл бейшара бауырларымызды  ескеру, өлімнен-қырғыннан  құтқару алаш азаматының адамшылық борышы!

«Оян, қазақты» жоғарғы шартпен алдыруға талабы бар, сорлы болған баурларына жаны ашыған азаматтар мынау адрестегі Жұмағали Тілеулиннен алдырсын. Адресі: г. Петропавловск, Акмола обл., Уездная больница, фельдшеру Джумагалию Тлеулину». Хабарлама соңында – Міржақып Дулатов деп жазылған.

Міржақып Дулатұлының адамгершілік, жаңашырлық, ұлтжаңдылық қасиеттері жоғары болған, және де ұлы тұлғамыз қазақ тарихында бірінші рет Қызылжар қаласында босқындарға көмектесу үшін жәрдем қорын ұйымдастырған.

Ахметжанова Ажар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. 

Тарих, археология және этнология факультеті


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз