Өлең, жыр, ақындар

Әй, дүние-ай!

Мен көрдім дүние деген иттің көтін, Бірінің жеп жүрген көп біреуі етін. Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші түтін.

(Абай. В. А. Крылов)

ДЕЙІН

Он алтыға толған қызды қазақтың піскен жеміске балайтынын Шәйі білетін. Содан ба әлде шынында да солай ма, биыл он алтыға толғалы, әйтеуір, өне бойында бір өзгеріс барын өзі де, денесі де сезінетін секілді. Қарқара жәрмеңкесіндей қыз-қыз қайнаған думанды дүниені жаны да аңсайды, тәні де тәтті еркелегісі келеді. Түрі кенет өзгеріп кететіндей, айнаға сәт сайын сүзіле, өзгеше бір өзгеріс іздеп қарайды. Бірақ қанша үңілсе де, жанары жалт-жұлт еткен сол баяғы қыр мұрын бидай өңді қыз: «Қайта-қайта неменеге қарай бересің?» — дегендей, айнадан әжуалап күлімсірейді. Бойы да бұрынғыға қарағанда қарыс па, сүйем бе, біраз биіктеп қалғандай. Өз байқауынша, айрықша кең қабағы оны өз жасынан ересек қыздай көрсетіп, жұртты үнемі жаңылтады. Жәрмеңке ашылғалы жеңгесі Жүзік екеуі осымен әлденеше келді, өзгелердің іздегені сауда-саттық болса, бұлардың көздегені — көбінесе ойын-сауық. Шәйіге елдің киген киімі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы — бәрі қызық. Ара-тұра бозбала мен жігіттерге де көз тастайды, бірімен жөн сұрасады, кейбірімен сөз қағысып қалады, бірақ әзірге көңіл тоқтатар бірде-біреуін жолықтырған емес, түрі тәуір ме дегені — мақтаншақтау, ақылды ма дегені — ынжықтау, одан қалғаны ұсқынсыз, шетінен өңкей үсік ұрып, үстіне су төгілгендейлер.

— Жібекжан, бері жүр! — деген Жүзіктің дауысына Шәйі жалт қарай бергенде, тағы әлдекім арт жағынан: «Әй, Шәйі!» — деп қалды. Қайта жалт бұрылғанында, құлағына шырқай салған ән шалынды. Айтушы әйел ме, қыз ба, әйтеуір, Қарқараның шалқар жазығын керемет әуен кернеп барады.

Шақырған жәрмеңкеде танысқан Жәмеш екен. «Жүрші тез! Анда Сопыйа деген орыс қызы ән сап жатыр», — деді дегбірсізденіп. Бұларға жеңгесі де қосылып, үшеуі ән шыққан ақ үйге қарай ентеледі. Бірақ үйге бас сұқпақ түгіл, босағасына да жолай алмады, анталаған жұрт арасынан адам түгіл қыл өткізетін емес. Олар енді кимелей бергенде, ән аяқталды да қалды. Тым-тырыс тынып тыңдаған жұрт іле-шала әр жер-әр жерден күбірлей бастады:

—  Әй, салады-ақ екен!

— Айтпа! Қазақтан бетер!

— Тыйыш! — деді қара сақалды еркек қабағын шыта жекіп.

Әлгі дауыс қайта шырқады. Жұрттың қошеметін арқаланды ма, ә дегеннен аңыратты:

 

Бұл дүние, ойлап тұрсам, арман дүние,

Бұрынғы бабалардан қалған дүние.

Барында оралыңның ойна да күл,

Бізден де өте шығар жалған дүние.

Жүзің көркем-ай,

Күнде көрсем-ай,

Аха-хай,

Сырғалы еркем-ай!

— Паһ! — деді көнелеу кимешекті кемпір басын сүйсіне шайқап. — Даусыңнан айналайын-ай, тегі!

— Тыйыш! — деді жаңағы қара сақал тағы қабағын шытып. Кемпір оған алая қарап, ернін жыбыр еткізді. Қара сақал жымыйып көзін қысты. Екі қарттың қылығына Шәйі еріксіз күліп жіберді.

Ән аяқталған соң да жұрт тарқамады. Сірә, ән айтқан орыс қызын бәрінің де өз көзімен көргісі бар. Шәйі де арбалған адамша ақ үйдің алдынан ұзай алмады. Өз құлағымен естігенді өз көзімен көрмейінше, анандай әнді анандай дауыспен орыс айтты дегенге сене алатын емес. «Қазақы әннің иірімін, қайырымын, сөздің мәніне қарай әуеннің құбылуын орыс өйтіп келтіре ала ма? Орыс деп жүргендері қазақтың орыс түсті сары қызы шығар-ау, құдай біледі?» — деп күдіктенді.

Сөйтіп тұрғанда, ақ үйден домбыра ұстаған ұзын бойлы, ақ сары өңді, ширақ қимылды келісті жігіт шықты. Шәйінің оң жағында тұрған қара тарамыс жігіт: «Көдек қой», — деді күбір етіп. Ақын Көдекті албан жұрты жақсы біледі, Шәйі де атын талай естіген, тек көріп тұрғаны қазір. Көдектің соңынан етектерін қағып-сілкіп, шалқақтай басып тағы екі еркек шықты. Содан кейін домбырасын кеудесіне қысып, бүрме етек ақ жібек көйлектің сыртынан қызыл барқыт қамзол киген орта бойлы, сары шашты, сары өңді кәдімгі орыс қызы шықты.

— Сопыйа! Сопыйа! — десті жұрт шулап.

Сары қыз домбырасын басына көтеріп, ақсия жымиып еді, жұрт құтырына қиқулап кетті:

— Сопыйа, тағы айтшы!

— «Бес қаракеріңді» айтшы! — деді жаңағы қара сақал өзімсінген дауыспен гүжілдеп.

— Иә, «Бес қаракер!» «Бес қаракер!» — деп, көпшілік дуылдап кетті.

Қыз анадайдан бұрыла қарап тұрған Көдекке көз қырын тастады. Ол үнсіз басын изеді. Қыз домбырасын кеудесіне қысқан күйі көпшілікке қарап басын иіп еді, жұрт демін ішіне тартып тына қалды. Сәл жөткірінді де, Сопыйа шырқап қоя берді:

Алдымда айдағаным бес қара кер,

Бес жүзік, бес сақина, бес тана бер.

Берсең бер, бермесең қой соларыңды,

Ұмытпай, қайда жүрсең, еске ала көр!

Шәйі ән емес, әлдебір әулиенің үнін естігендей ұйыды. Сары қыздың бетіне осы сен шынымен алдап тұрған жоқсың ба дегендей тесіле, таңдана қарады. Таза орыс екенін әйгілеп тұрған түрі демесең, қыздың киім киісі, дауысы, тіпті жүріс-тұрысы — бәрі қазақы. Орыстың қызы қазақша ән айтады, қазақтың әнін дәл бүйтіп жақсы көреді дегенге, көзі көрмесе, көңілі сенбес еді. Шәйі әрі таң қалып, әрі риза болып, әрі осының бәрін көзімен көріп, көңіліне түйгеніне тоғайып, өзін әп-сәтте есейіп кеткен, көпті көрген, көпті білген адамдай сезінді. Қарқара жайлауы да көзіне құлпырып, Сопыйаның әнінше сән-салтанатты көрінді: үйір-үйір жылқы мен отар-отар қойдан жәрмеңкенің Мыңжылқы жақтағы жоталары майыса жаздап тұрғандай. Ала-құла малды төсіне бытырата шашып, жап-жасыл жайлауды адамдар әдейі әдемілеп тастағандай.

— Жібекжан! — деді жеңгесі қасында тұрған үш қалмақ жігіттен теріс айнала мұрнын басып. — Мына арадан былайырақ кетейікші, мінә біреулер жел жаққа тұра қапты, тегі.

Әннің әсерінен әлі арыла алмаған Шәйі жеңгесінің жетегіне үнсіз ере берді. Еріп бара жатып ортадағы дәу қалмақтың жұтына қарап тұрғанын көзі шалды. Түйедей тым ірі, кең жауырынды, қара мұртты, жалпақ бетті, суық сұсты. Табақтай беті бір қазанға қақпақ боларлықтай. Тоқтықтан тырсылдап тұрған түріне қарағанда, қазақты сүлікше сорып үйренген саудагер секілді.

Жайлау шілденің басында-ақ шыжый бастапты. Жүзі тершіп, шөлдеп, күннің тал түс болғанын жаңа байқады. Әлгі шынымен адам ба әлде түйе ме дегендей, дәу қалмаққа таңғалып тағы бір көз тастады. Ол да өңешін созып соңынан сүзіліп тұр екен, мұның бұрылғанын байқап, қабағын көтере иек қақты. «Не керек?» — дегені-ау? «Қап, ұят-ай!» — деп, қарағаны ағат болғанын сонда сезді.

— Әлгі шәй ішетін жерге барайықшы! — деді шөлдегеніне жеңгесі кінәлідей-ақ кейіп. — Қаным кеуіп, қаталап кеттім, тегі!

...Шөлдерін басқан соң, Жәмеш үшеуі енді ауылға қайтқалы жатқанда, қастарына сом денелі, басы да, беті де мол пішілген, маңдайы кере қарыс, қызара бөрткен жүзіне қап-қара қою мұрты жараса кеткен қара сұр жігіт келді де, ежелден таныс адамша:

— Амансыздар ма? — деп, жылы ықыласпен амандасты.

— Аманбыз, — деп, Жүзік жұтысынан жаңылып қалған адамша қақала-шашала жауап қатты. — Ым, құдай-ай, түкірігіме шашалып қалғаным-шы.

— Май қабыңыз, әпке! Немене, қайтқалы жатырсыздар ма?

Екеуінің амандасуынан-ақ Шәйі бірін-бірі танитынын түсінді. Жәмеш оның қасына өзімсіне жақындап, иығына еркелей қолын салды да:

— Бізді Мыңжылқының етегіне дейін шығарып сап қайтсаңшы! — деді.

Өзі де сөйтейін деп тұрған адамша, жігіт оп-оңай көне салды. Сол сәт екі сары жігіт сап ете қалды да, әлгімен байланыса кетті:

— Бізді адастырып тастап, өзінің ұрланып келіп тұрған жерін қарашы!

— Соны айтам-ау, біз оны шарқ ұрып саудагерлердің ішінен іздеп жүрсек, ол мұнда жайбарақат қызбен қылжақтасып тұр.

Бұлардың көзінше олардың өйтіп өктем сөйлегені Шәйіге сөкеттеу сезілді. Қара сұр жігіт қысылғанынан оларға бір, бұларға бір қарап, не дерін, не істерін білмей састы. Біресе мұртын сыйпады, біресе желкесін қасыды.

— Қойсаңдаршы, көріп тұрсыңдар ғой қарындасыма келгенімді, — деді иегімен Жәмешті нұсқап.

— Көріп тұрмыз, — деді ірілеуі кекете жымиып. — Қарындасыңа келсең, қарындасыңмен сөйлесе бер, бізге қарындасыңның қасындағы құдашадан құр қалмасақ та жарайды. Бұл қыздың ағасы Ағынтай менің мына Жүзік әпкемді әбден жүдетіп жіберіпті. Соның есесін құдашадан қайтарып алсам ба деп тұрмын, — деді Шәйіні көзімен ішіп-жеп.

— Қой-ей, бала, еркінсіме! — деді ірілеу сарыға Жүзік қабағын түйіп. — Әпкесін сыйлаған жігіт әпкесінің қайынсіңлісін де сыйлауы керек шығар?

— Әпкесі-ау, қайынсіңліңізден көз ала алмай тұрғанда, артық бірдеме айтып қойсам, айыпқа бұйырмаңызшы! Тазабекке қитындай құдаша емес екен, қызғанып қалғаным ғой, құдай атып.

— Тазабекке сен қимағанды біз саған неге қыйады екеміз? Қалай-қалай сөйлеп кеттің, бала?

— Жомарт аға, алтынды көріп жолдан тайған періштеше, Шәйіні көргенде, менің ағамды жамандап шыға келгеніңіз қалай? Өз досын жамандаған жігітті қай қыз тәуір көре қояды деп ойлайсыз? — деп, Жәмеш намыс қылды.

— Ойбай, қарап тұрып қып-қызыл дауға қалдым-ау! Құдаша, көрдің ғой, сен үшін бұлардан не естімедім? Жігіт таңдағанда, осы хәлімді ескерерсің.

—  Ескерерміз, — деді Шәйі әзілдей күліп.

Екі жігіт жөніне кеткен соң бәрі анықталды: Тазабек Жәмештің туған ағасы болып шықты. Жаңағы әнші Сопыйа Талдыбұлақтан диірмен салған атақты көпес Василийдің қызы, ал Тазабек солардың атшысы екен. Сопыйаның қазақшаға судай болатыны Талдыбұлақта қазақ ішінде туып, жастайынан қазақ балаларымен бірге ойнап өсіпті. Қыста Алматыда оқып, жаз бойғы өмірі қазақ ішінде жайлауда өтеді екен. «Бес қара керді» Алматыдағы қазақтардан үйреніпті. Шәйінің Тазабекті жөнді білмейтіні оның тіршілігі қысы-жазы Василийдің ауылында өтетін көрінеді. Қашан көріп едім деп ойланыңқырап еді, бір-екі рет көптің ішінде көзі шалғаны еміс-еміс есіне түскендей де болды. Сірә, баласынып, ол да бұған көп көңіл бөле қоймаған болу керек.

Жәрмеңкеден ұзай бере жігітті Шәйі сөзге тартты. Бір нәрсе сұрағысы келетінін аңғартып, атының тізгінін әдейі Тазабек жаққа бұрды.

— Атыңыз неге Тазабек? Бек, би болғанды ұнатасыз ба? — деді қағытып.

— Е, жоға. «Таза» деген сөздің мағынасы бек пен биден биік қой. Біздің Әлмеректе осыдан отыз-қырық жыл бұрын Тазабек Пұсырман баласы деген атамыз өткен. Кезінде би болған, ел басқарған, беделді, елді аузына қаратқан азулы адам болыпты. Қытайды зерттеуге бара жатқанында үйіне қонып, екеуі ұзақ әңгімелесіп, Шоқан деген төре-ғалым атамыздан көп нәрсе жазып алыпты. Кейін сол атамыз орысқа бағынбаймын деп, албанның біраз жұртын соңына ертіп Шығыс Түркістанға өтіп кетеді. Өткенде де жай өтпей, орыс әскерімен атысып-шабысып өтіпті. Оған қазіргі Ұзақ атамыздың әкесі Саурық батыр мен оның Шалтабай деген сері інісі қосылады. «Менің атым — Шалтабай, Асылдан соққан балтадай», — дейтін Шалтабай — сол. Қолы ұзын орыс қоя ма, Қытайдан ұстап әкеліп, Тазабек пен Саурықты «түрмеде өлді» қылады да, Шалтабайды итжеккенге айдап жібереді. Тазабек атамыз, жалпы, өсіп-өнген әулет. Тезек, Сұлтанбек, Дамбай деген ұлдары бар. Қазіргі  Әубәкір, Садықбек, Әбілғазы, Жақыпберді, Уақас, Шоқпар ағаларымыз со кісінің бір Сұлтанбегінен туғандар. Бәрі шетінен «сен тұр, мен атайынның» өзі. Әубәкір аға болыс болған, ал Жақыпберді аға — атқанын құр жібермейтін қолмерген. Әкем атымды қойғанда, сол Тазабек атамызға тартып өсіп-өнсе екен, батыр болса екен, елдің қамын жесе екен деген болар?

— Алайда Тазабек атаңыз ел қамын жеп орысқа қарсы болса, сіз өз қамыңызды жеп орысқа қызмет жасап жүрсіз ғой?

Мұндай мінеуді күте қоймаған болар, жігіт әуелі үндемей қалып, әлден соң барып ақырын күрсінді. Сонан соң:

— Жан бағыс үшін ғой, — деді құпиясы ашылып қалғанға ұялғандай босаң дауыспен.

— Бағанадан бері Сопыйаны да жан бағыс үшін мақтап келеді екенсіз ғой онда?

— Е, жоға. Сопыйа — өзгеше бала, оның тыныс-тіршілігі түгелдей қазақша, бізге жаны ашып, жақтасып тұрады. Маған, Қожашқа орысша оқу мен жазуды үйреткен — сол. Түбі, құдай біледі, ол қыз қазаққа тиетін шығар, тегі.

«Сізге ме, Қожашқа ма?» — дей жаздап, Шәйі тілін тістей қойды. Одан ары қазбалай бергенді әбестік санады, алайда орысқа бағынғысы келмеген Тазабек батырдың қылығын түсіне алмады. Орыс қазаққа жақсылық ойласа, қазақтың орысқа қарсы шығып несі бар? Ал орыстың пиғылы дұрыс болса, Қытайға өтіп кеткен Тазабекті неге ұстап әкеп өлтіреді? Соның бәрі — бұл білмейтін, бірақ білгісі келетін жұмбақ. Алайда бір көрген адамнан соның бәрін қазбалап сұрап жату — әрі ыңғайсыз, әрі ерсі. Ізеттен аса алмай, көп сұрақты көмейінде бүгіп қалды.

Жәрмеңкенің Тұзкөл жағымен жоғарылап, Қарқара өзенінен өткізіп салған соң, Тазабек бұларға қош айтты да, қайта қайтты. Шәйіге бұл жігіттің бойында жұрттың көбінде жоқ бірдеме бар сияқтанды, бірақ оның не бірдеме екенін анық ажырата алмады. Лағып сөйлемейді, лепіріп мақтанбайды, керегін ғана айтады; сірә, сонысы ма екен ұнаған? Әлде алпамсадай дене бітімі ме? Бірақ ондай бітім қалмақта да болатынын көрді ғой мана.

Жәмеш Талдыбұлаққа бұрылған соң, Жүзік пен Шәйі Қарқара өзенін бойлай шығысқа беталып, ат басын Сырттың жайлауына қарай бұрды. Жеңгесі екеуі әрнені әңгіме етіп келе жатып, Шоқанасқаннан өте бере Шәйі одан Тазабек туралы сыр суыртпақтады:

— Мақтай береді, Сопыйаны алғалы жүр ғой деймін?

— Кімді алатынын құдай біледі, бірақ кімді алғысы келетінін мен білем, Жібек.

— Кімді?

— Жәрмеңкеге келген бір жолы сені сыртыңнан көріпті де: «Қара домалақ қана қыз еді, қандай әдемі болып кеткен?!» — деп, сенен көзін ала алмай таң қалыпты.

— Содан кейін Сопыйадан айнып қалып па?

— Қойшы, Жібек, Сопыйаның оған қандай қатысы бар?

— Өзі айтты ғой жаңа: «Қазаққа тиеді», — деп.

— Е, қазаққа тисе, Тазабекке тие ме? Қазақ толып жатқан жоқ па?

— Жарайды, сонымен...

— Сонымен, сені жақсы көріп қалыпты. Көргісі, сөйлескісі келіп айналсоқтап жүргені сол.

— Көрді, сөйлесті, енді не істейді?

— Ендігісін ол білмейді, сен білесің.

— Нені білем?

— Ұнаса, тиесің; ұнамаса, тимеймін дейсің.

— Түгі де ұнаған жоқ, тимеймін.

— Өйтіп өтірік айтпа, Жібек. Ол саған ұнады. Ұнаған соң Сопыйадан қызғанып келесің.

Шәйінің екі беті ду ете қалды. Қызарып кеткенін сезіп, қиястап, Жүзіктен жүзін  бұрып әкетті.

— Сен зәлімсің! Сенсің оған мені әдейі көрсетіп жүрген, — деді қыз бұртыйып.

— Ол — менің жеңгелік борышым, жаным. Себебі сен бақытты болмай, мына біз — әке-шешең мен аға-жеңгең — бақытты бола алмаймыз. Оны сен, ақылың бар ғой, түсінуге тиіссің, Жібекжан.

Содан сам жамырағанда, Сырттың қарағайлы қойнауындағы үйлеріне жетіп, аттан түскен соң, Жүзік жайымен келіп Шәйіні жауырынынан қапсыра құшақтады.

— Жаным Жібегім! — деді еркелете елжіреп. — Қазақ ұлдың тағдырына онша қам жей бермейді, өйткені ол өз тағдырын өз елінің ішінде өткізеді, ал қыздың тағдырын ақ сақалды атасынан тартып асық ойнаған баласына дейін уайымдайды, өйткені оның бақыты сырт ел, жат босағаға байланысты.

Солай екенін Шәйі де білетін, сондықтан жауап қатпай, жеңгесімен үнсіз келісіп, оны үнсіз құшақтады.

* * *

Тазабекке Шәйінің әдемілігі мен қылығы бұтаға қонып алып, мойын жүні үлпілдеп, тамақ жүні бүлкілдеп, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап отырған шымшық торғайдың балапанын елестетеді. Кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді қыздың: «Бек, би болғанды ұнатасыз ба?» — деп, бірден қадала кеткені қатты састырды. Өйтіп сөйлегенінің өзі әрі еркелігі, әрі өжеттігі. «Ондай қызға қол жеткізу үшін, әуелі ана келіншектен қол үзуім қажет», — деп шешті ол бойын әлдебір үрей билеп. Құрғырға үш жыл бойы әбден бауыр басып қалыпты, айырылысу қалай болар екен? Бірақ: «Кісі жары кісіге жар болмайды, Баурыңа балапандай басқанменен», — деген ғой бұрынғылар.

Дәнекермен жиырмаға жаңа толған жігіт шағында жолыққан. Ат баққан адамның өмірі көбіне далада өтеді. Шілденің күні төбесін тесіп бара жатқан соң, қалың қарағайдың шетіне кіріп, жалғыз аяқ жолдың жағасына жантая кеткен. Аттары да қарағайды шет пұшпақтай жайылып жатқан. Бұтақ сытыр ете қалғанға жалт қараса, жалғыз атты әйел қасына тақау келіп те қалыпты. Жамбасын қаққыштап жалма-жан орнынан ұшып түрегелген. Әйел оң қолымен ердің алдыңғы қасынан ұстап, сол қолымен артына міңгескен жас баланы сүйемелдеп, шылбыры жерге сүйретіліп, тізгіні аттың жалына сырғып кетіп, берекесі қашып-ақ келеді екен. Мұны көзі шалған бойда:

— Ағатай, ұстаңызшы! — деді жыламсырай жалынып.

Ақ құба әйелді көрген бетте-ақ таныды: Талдыбұлақтың етек жағында отыратын Кемелбай дегеннің қатыны. Сүйретілген шылбырды қайта-қайта аяғы басып, шылбырды басқан сайын, басын шылбыр қайта-қайта жұлқып, ат та әбден титықтаған болу керек, Тазабек жанына тақап: «Дырр!» — дегенде-ақ тоқтай қалды.

Тазабек алдымен шұбатылған шылбырды жинап әйелдің қолына ұстатты. Содан соң ат мойнына сырғыған тізгінді әперіп, қоржынның үстінде ұйықтап келе жатқан баланы құшақтаған күйі жол шетіндегі тегістеу жерге апарып жатқызды. Ояна ма деп, бетіне біраз қарап тұрып еді, бала былқ етпеді: ұйқысы қатты-ақ екен бәтшағардың. Әйел аттың үстінде сол қоқыйған қалпы әлі қозғалмай отыр екен.

— Не, сені де көтеріп алайын ба? — деді әзілдеп.

— Көтере алсаң, көтеріп-ақ алшы! Аттан түсер шамам да қалмады, тегі!

—  Кел! Қайдан келесің артынып-тартынып?

— Төркіндеп барып ем.

Әйел оң аяғын үзеңгіден шығарып, еңкейіп икемделе берді. Оң қолымен қолтығынан, сол қолымен тақымынан ұстап, Тазабек аттан көтеріп ала бергенде, құлап кетпейін деп қам жасаған әйел мойнынан тас қып құшақтай алды.

— Мен сені білем, сыртыңнан талай көргем, — деді әйел қолын мойнынан босатпай. — Тазабексің.

— Мен де сені білем: Дәнекерсің. «Әдемісін-ай!» — деп жүретінмін.

— Мен де сені: «Дәуін-ай!» — деп...

— І-і? «Дәуін-ай!» деп қызығып па ең?

Келіншек құптағандай жымиып, әуелі көзін жұмды да, артынша басын шайқады.

— Жоқ, таңдандым.

— Неменеге?

— «Қандай екен?» — деп.

— Қандай екенімді білгің келсе, жерге түсіп, жақыннан қара. Алдымен қылғынтпай мойнымды босатшы!

— Босатпасам кәйтесің?

— Кәйтуші ем? Аяғымның асты көрінбейді, қазір құлаймыз.

— Құлайықшы! Саған жолықпағанда, өзім де қай жерде құлар екем деп қорқып келе жатқам. Апырмай, ана иттің ұйқысының қаттысы-ай! Бүйрек тұсынан бір-екі рет түйіп-түйіп жіберсем де, түк сезбеді. Ұйқышылдығы аумаған әкесі. Тіпті, әкесінен де асып кеткен. Ол да қораға қасқыр шауып жатса, оянбайды-ау. Өзіңді жолықтырған құдайға мың да бір рахмет! «Ақыр құласам, қарағайдың ішінде құласам екен, бір бұтақтан ұстай алсам да өлмеспін», — деп далбасалап келе жатыр ем.

— Өлмей қалғаныңа енді көзің жеткен шығар? — деді Тазабек әйелдің бетіне бетін тақап.

— Жерге аяғым әлі тиген жоқ, қайдан көзім жетеді? — деді әйел күліп.

— Ендеше, аяғыңды жерге тигізейін.

Жерге түскен бойда шалғынға шалқасынан құлай кетіп, Дәнекер Тазабекке көзін төңкере жымиды:

—  Енді неменеге состиып тұрсың?

—  Тұрмағанда кәйтем?

— Жақындасаңшы! Жеп қоймаймын.

—  Мен жеп қоюым мүмкін ғой?

— Жеп қойсаң жеп-ақ қойшы. Жанымды сақтап қалған адам: «Енді жаныңды алам», — десе, одан аяп қалар ештеңем жоқ.

Жанына кеп жантая бергенінде, Дәнекер бері аунап түсіп еді, беті тұп-тура Тазабектің алқымына келіп тығылды. Әйелдің ып-ыстық лебі атойлап оянып келе жатқан сезімге от қойып жіберді. Басын көтере берген Тазабек омырау түймесі ағытылып кеткен әйелдің демігіп жатқан төсін ұмаждай құшақтап еді, аңырай жөнелген сезімдер апыл-ғұпыл арпалысты да кетті.

— Ағатай, жолдан алысырақ кетейікшi, — деді келіншек құшағын жазбаған қалпы.

— Тұр онда!

— Тұра алмаймын, көтеріп апаршы!

— Құшақта мойнымнан!

Алпамса жігіт келіншекті жеп-жеңіл көтеріп, қалың қарағайдың ішіне ала жөнелген. Міне, содан бері жігіттік шағының ең қызығын соның құшағына тосып келеді. Қанған мейірдің ғаламаты мен сағына көріскен сәттің сыйқырлы ләззәтін тек содан татып жүр. Дәнекердің құшағына кіргенде, басқа дүниенің бәрі содан кейінгі дүние болып, ысырылып қала береді. Басында өзін: «Мұның бәрі уақытша, үйленгенге дейін ғана», — деп жұбататын. Енді байқаса, екеуінің арасы оп-оңай ажырай салатын жеңіл-желпі нәрсе емес секілді. Былтыр босанғаннан кейін: «Бұл — сенің балаң», — деген болатын құлағына сыбырлап. Әзілі болар деп, бұл күлген де қойған. «Екеуіңді салыстыра қараса, баланың кімнен екенін күйеуім бірден білер еді», — деп, жақында тағы айтты. «Кемелбай мені көріп жүр ғой», — деп еді, «Күдіктенбейді ғой, күдіктенсе, байқар еді. Немене, балаң екеніне сенбей тұрсың ба?» — деп, қылт ете қалды. Содан бері баланы бір көргісі келіп қызығады да. Бірақ енді баланы да, баланың шешесін де біржола ұмытуы тиіс. Өйтпеске амалы жоқ. Өйткені Шәйідей қызды жар қылу үшін, алдымен алды-артын ақ Шәйідей тазартып алуы керек.

Жігіттік жасағанның да осыншама жан ауыртар жазасы боларын аңғал жастықпен аңғармаған екен.

* * *

Шәйі іштей: «Келесі жұмада жәрмеңкеге барсам, Тазабек сонда ашық сөйлесер»,— деп дәмеленген-ді. Бірақ екі күннен соң Тазабек пен Жәмеш ауылға өздері келді. Шыны ма әлде сылтауы ма, әйтеуір, айтуларына қарағанда, әке-шешесі арнайы жұмсапты. «Орыстың ойы бұзылыпты, он тоғыз бен қырық бестің арасындағы мұсылман баласын әскерге алғалы тізімдеп жатыр. Ағынтай мен Тазабектен айрылсақ, күніміз күн бола ма? Сырт — елден жырақ жайлау, Талдыбұлаққа көшіп келсін, іргелес отырып ойласайық», — депті. Жауабын кесіп айтпай, Ағынтайға бір, Тазабекке бір күрсіне қарады да, Тілеулі:

— Көрерміз, — деді күңк етіп.— Ақылдасайық. Жақында Өмекеңе өзім барып қайтам.

— Ақылдасқанда,— деп, әйелі Әжікен әлдене айтпаққа оқтала беріп еді, күйеуінің қабақ шытқанын байқап, жым бола қалды.

— Жүр, Жібекжан, қонақтарды қырға дейін шығарып сап қайтайық, — деп, Жүзік Шәйіні әдейі ата-енесінің көзінше қолқалады.

Жолда Жәмеш ағасын әжуәлағансып:

— Жұрт әскерге алады деп, өз басымен қайғы, менің ағам сенімен қайғы, — деді Шәйіге ат үстінде еңкейе жақындап.

Ол сөздің мәнісін Шәйі түсінді, бірақ үндемей елп ете қалмады. Оны қазір ең қинайтыны — Тазабектің не ұнайтынын, не ұнамайтынын өзінің кесіп-пішіп білмейтіні. Алпамсадай тұлғасы, алып-ұшпайтын ауыр мінезі ұнағанмен, әйелге емірене қоятындай еркек емес секілді. «Жаныңда жатқан еркектің жаныңды түсінбегені жаман», — дегенді әйелдер көп айтады. Тазабек Шәйіге дәп сондай, жанын түсінбейтін еркектей көрінеді. Қуатты, қарулы болғанына қарай қатқыл да сияқты. Ара-тұра: «Еркек қатқыл болмағанда, кәйтуші еді?» — деген бір ой сап ете түскенмен, оған күдік бәрібір жеңістік бермейді. Содан бір Шәйі екіге жарылып, бірімен бірі келісе алмай жатады.

— Ал, жолдарың болсын! — деп, Жүзік осы арадан қайтатындарын аңғартқанда:

— Ал, жақсы! — деп, Жәмеш те атының басын тартқан.

Тазабек тап сол сәт тіке Шәйіге қарай жүрді. «Мынау кәйтеді?» — деп, қыз қипақтай састы. Тізгін ұстаған сол қолы дірілдеп, оң қолынан қамшының бүлдіргесі сусып бара жатты, бірақ, неге екенін, біле тұра ұстап қалуға қам қылмады. Тырс етіп қамшының сабы аттың алдыңғы тұяғына тиді. Жақын кеп қалған Тазабек атынан секіріп түсіп көтерді де, қамшысын қолына ұстатты. Қамшымен қосып саусақтарын да ұстады. Енесінің бауырына тығылған қошақанша жігіттің күректей алақанына қыздың қолы көміліп кетті: Күтір еткізіп күйретіп жібере ме деген қыз нанарын да, нанбасын да білмей, осы шынымен сенбісің дегендей, Тазабектің бетіне таңдана қарады. Жігіт жұтып жіберердей емініп тұр екен. Жасаурағаны ма әлде жалындағаны ма, жанарында бір түйір от жалт-жұлт жүгіріп жүрген тәрізденді. Сол от қыздың да жан дүниесін қыздырып бара жатқандай. Не істерін, не дерін білмеді.

— Ұзатпай алдыңа әке-шешемді жіберем, — деді жігіт төтесінен. — Енді менің жанымды өзіңдікімен бірге деп ұқ! Жанымсың!

Тура айтылған сөз тура атылған оқтай Шәйіні тырп еткізбеді. Алақанын ашып жіберді де, Шәйінің қолын сыртынан шөп еткізіп сүйіп алды. Жүзік пен Жәмештің көзінше. Ұят-ай! Тазабекке қабағын шытпақ болып еді, ол жанарын бұдан жанталаса ала қашып, бұл жанталасып қуа алмай, екеуі де қызарып кетті. Адам түсіне қоймайтын алапат бір сезім қыздың өне бойынан тайғанап барып табанына тарап жатқандай дуылдатып өтті. Талмаурап, аттан жығылып бара жатқандай сезінді. Сыр бермеуге тырысып, сабырын шақырғанда, көзімен аймалап, әлі құмарта қарап тұрған Тазабекті көрді. «Құдай-ау, мынау мүлде басқа Тазабек қой!?» — деді кеудесінде бір қуаныш атойлап. Жігіттің төгілгелі тұрған мейірі мен ағытылғалы тұрған сезімін жанарынан байқап, өзінің де еріп бара жатқан өзгерісін сезіп қоя ма деп сасып, дереу атының басын ауыл жаққа бұрды. «Жанымсың!» деген құдіретті үн жанын да, тұла бойын да — бәрін аймалап, бәрін еркелетіп, Шәйімен санаспай бара жатты.

* * *

Тазабек пен Дәнекер бірі жәрмеңкенің өр жағынан, бірі төмен жағынан ұрлана шығып, Қарқара өзенінің тоғайына еніп кеткенде, күн тас төбеде тұрған. Тазабек өз атын шідерледі де, Дәнекердікін оның құйысқанына шылбырынан ілмектей салды. Ақырғы жолығысуымыз ғой, дұрыстап қоштасайын деген оймен, қалқалау жерге отырған соң, құшағын жая беріп еді, Дәнекер қолын қағып тастады. Еркелігі деп ұққан Тазабек тағы ұмтыла бергенде, келіншек жақындатпай, екі қолын кеудесіне тірей қойды. Аяқ асты не бола қалғанын түсінбеген Тазабек Дәнекерге сұраулы кескінмен қарады. Келіншектің атылғалы тұрған оқ жыландай түрінен тіксініп қалды.

— Саған не болды?

— Не болушы еді? Білдім сенің арамдығыңды.

— Қандай арамдық?

— Бүгін жәрмеңкеге мен үшін келген жоқсың.

— Енді кім үшін?

— Басқа үшін.

— Оны кім айтты?

— Білдім.

— Кімнен?

— Жомарттан.

— Жомарттан? Қай Жомарт?

— Қанша Жомарт бар еді? Өзіңнің досың Жомарт.

— Ол не дейді?

— Сені Шәйіге үйленеді дейді.

— Е, дей берсін. Шәйіге ме, басқаға ма, түбі біреуге үйленерім хақ қой. Ода не тұр?

— «Басқаға ма?» — деп бұлтақтама. Жомарт айтты, дәп Шәйіге үйленетінің анық.

— Оның анық екенін ол қайдан біліпті?

— О да Шәйіге сөз салғалы жүрсе, сен оның алдын орап кетіпсің.

— Саған соны айтып арызданды ма? Соншалық оның кімі едің сен?

— Ешкімі де емеспін. Тек ол маған да жақындайын десе, тағы алдын орап кетіпсің.

— Ал менің саған жақын екенімді оған кім айтыпты?

— Мен айттым.

— «Шәйіге айта бар, ол менімен жүреді», — дедің бе?

— «Айта бар», — дегем жоқ, менен күдер үзсін деп айттым. «Қайда барсам, алдымды кес-кестей берді-ау!» — деп кіжінде де, соның ызасымен сенің Шәйіге үйленгелі жүргеніңді ақтарып салды.

— Соның бәрін саған қай оңашада айтып жүр?

— Оңашада емес, нағашым немересін сүндетке отырғызған, сонда айтты. Жомарт біздің үйдегімен аталас қой, сондықтан «жеңге» деп қылжақтай береді.

— Қылжақтап жүріп, қойныңа қол салған болды ғой?

— Салған жоқ. Қол салдыратын жындымын ба?

— Жынды болмасаң да, жындандырып жіберіпті ғой.

— Иә, жындандырды. Жынданбағанда кәйтем? Үйдегі байым бай емес, нағыз байым сен деп, сенен бала сүйіп, сенің құшағыңда ит тірліктің иттігін ұмытып жүрсем... Тірідей өлтірдің ғой мені! Енді кәйтем? Кәйтіп сенсіз өмір сүрем? Өзіңмен бірге жүрегімді де суырып әкететін сияқтысың! Мұның оттан ыстық болатынын елден ес білгелі естіп келе жатсам да, тап мұндай деп ойламаппын.

Еңіреп жылап, Тазабектің кеудесін қос қолдап тоқпақтап, ақырында Дәнекер бірте-бірте басыла берді. «Құдай-ау, дәл бұлай бауыр басып кетер деп кім ойлаған?! Сұмдық қой мынасы!» — деп, Тазабек қатты таңырқады. Аяды, жаны ашыды. Бірақ екеуінікі бүгін болмаса, ертең, ертең болмаса, түбі бір күні тоқтам табуға тиіс әрекет екенін әуел бастан білгендіктен, сыр бермей сазарып шыдады. Жұбатарға сөз де, жөн де таппай, тек үнсіз бауырына тартып, солқ-солқ өксіген келіншекті жон арқасы мен жамбасынан сипалай берді.

— Түбі осылай боларын екеуміз де әу бастан білдік қой, — деді күрсініп.

— Білгенмен, дәл бүйтіп сорлап қаларымды сезбедім ғой мен сорлы. «Ойнас — оттан ыстық, қала бере боқтан сасық» дегенді қанша естіп жүрсем де, дәл бүйтіп өз басыма түседі демеппін. Бәлкім, сирек те болса соғып тұрарсың?

—  Жоқ, өйтіп екіжақты бола алмаймын.

* * *

Әскерге ағасы Ағынтай кетсе, Тазабек кетсе, онда дүние Шәйіге несімен дүние? Көктеп үлгірмеген үміті кеудесінде көміле ме? Бүкіл тіршілігін билеп алған өңкей үркек ой мен мазасыз белгісіздіктен құтыла алмай аласұрды. Ақырында басқа амал таппай:

— Жәрмеңкеге барайықшы! — деді Жүзікке.

— Барсақ барайық.

Әкесі Тілеулі де бұлармен бірге Талдыбұлақтың бұрылмасына дейін баратын болып, мал-жан Ағынтайдың қарауында қалды.

...Жүзік пен Шәйі жәрмеңкені қақ жара аралап, не Жәмешті, не Тазабекті жолықтырмады.

— Келмеген ғой, — деді Шәйі кейіп. — Қайтайық.

— Қайтсақ қайтайық, — деді Жүзік қасақана. — Қызды іздемеген жігітті біз іздейміз бе?

— Қайдағы жігіт, Жүзік? Мен Жәмешті іздеп жүрмін.

— Мен де соны іздеп жүрмін, Жібекжан. Тазабек екеуі бірге ме дегенім ғой әншейін. Әне, әне келеді Жәмеш.

Жәмештің жалғыз екенін көріп, Шәйі сәл аңырып қалды. Көріспегелі көп болған адамша бас сап, Жәмеш бұлармен құшақтасып амандасты. Алдымен Жүзік жөн сұрады:

— Жалғыз жүрсің бе?

— Жоқ. Тазабек те осында болатын, аяқ асты адасып қалдым.

— Осында болса, өзі табар. Жүріңдер, жәрмеңкені жөндеп аралайық.

Жәрмеңкені екі аралап шығып та олар Тазабекті жолықтырмады.

— Жер жұтып кетті ме, қайда кетті? — деп, Жәмеш шала бүлінді.

Үшеуінің әңгімесі үйлеспеді. Шәйінің мазасын алған бір-ақ сұрақ: ол қайда кетуі мүмкін? Қарындасын адастырып кетуіне қарағанда, тегін кетіс емес қой?

— Ағаң бұрын да адастырып кетуші ме еді? — деді ақыры шыдамай.

— Жоқ. — Жәмеш не дерін білмей састы. — Бүйтпейтін.

— Әнші Сопыйа алып кеткен шығар? — деді Шәйі тақымдап.

— Қайдағы Сопыйа? Ол қазір поштада істейді, бұрынғыдай қыдыра алмайды.

— Онда басқа біреу әкетті.

— Оны әкететін сен мұндасың, сенен басқа кім әкетеді?

— Біз білмейтін біреу әкетет те.

Шәйі жалт бұрылды да, атын байлаған жаққа қарай беттеді. Жүзіктің Жәмешке: «Қап, құртты-ау, жүгермек! Бар, ізде! Жерге кіріп кетсе де тап!» — деген ызалы үнін естіп бара жатты. Жеңгесінің өкшелей ілесіп келе жатқанын білсе де, бұрылып қарамады. Әрине, ол жерге кіріп кеткен жоқ. Жиырма үштегі соқталдай жігіт тапа-тал түсте қайда жоғалып кетеді? Қарындасын адастырып кеткен адам қатынға бармағанда, қайда барады? Көзінен бырш ете қалған ызалы жасты Шәйі Жүзіктен жасыра алмады.

— Сенсің кінәлі! Сенсің соны тауып жүрген! — деді оның омырауын тоқпақтап.

— Жаным-жаным! Жыламашы, жұрттан ұят болады. Еркектің жұмысы аяқ асты шығып жатады, жамандық ойламашы! Сен үшін келмегенде, жәрмеңкеге ол кім үшін келді дейсің?

— Енді көрмегенім жәрмеңке мен Тазабек болсын!

—  Әне келеді. Анау — сол! — деді арттарынан жеткен Жәмеш алқынып.

Жәрмеңкенің желке тұсынан келе жатқан жалғыз аттыны Шәйі жазбай таныды. Жәрмеңкеге келген адам ол жаққа неге барған? Ар жағы — Қарқара өзені. Оның жағасы — қалың тоғай. Жалғыз өзі ол жақтан не іздейді? Жоқ, жалғыз емес. Талдыбұлақ жаққа кетіп бара жатқан әнебір әйел де сол тоғайдан шықты.

— Анау атты әйелді көрдің бе, Жәмеш? Сені адастырып, ағаң соны тоғайға алып кеткен екен. Ағаң табылды. Менен сәлем айт: көзіме көрінбесін!

Ту сыртынан Жүзіктің дауысы тағы шығып жатты, бірақ бұл жолы бірде-бір сөзі санасына жетпеді. Атына қарғып мінді де, артына қайырылмай, тебініп қалды. Тас боп қатып бара жатқан тұла бойы сезімінің бәрін тысқа сығып, көзінен ағызып жатты, ағызып жатты. Есеңгіреген сезімі ес жиғызбады.

...Болған жағдайды Жәмештен естігенде, Тазабек тынысы тоқтап қалғандай сезінді. Қолым Шәйіге жетті ме дегенше, қолынан шығып та үлгіріпті. Енді қәйтті? Тап қазір тоқтатпаса, онда бәрі бітті.

— Жәмеш, жүр, қуып жетейік!

...Арттарынан шыққан аттың дүбіріне екеуі де жалт қарады. О, құдайдың құдіреті, қуанғанынан Шәйінің көзінен жас шығып кете жаздады.

— Әпкетай-ау, бұларың не? — деді ат үстінен Жүзікті құшақтай алған Тазабек. — Бүйткенше, мені өлтіріп кетпедің бе? Шәйкентай-ау, «Енді сенімен жаным бірге», — демеп пе ем?

—  Маған енді жолама! Жақындама!

Тазабек үзеңгі қағыса келіп, шаужайынан шап берді. Оны көрген Жүзік пен Жәмеш оза шауып кете барды.

— Жаным! — деді Тазабек Шәйінің тізгінін шыжымдай тартып. Екі ат жанаса тоқтады. Ол қолын соза берді, бұл бұлқынып, бетін бұра берді. Қалай, қайтіп алдына көтеріп алғанын аңғармай қалды. Міңгесіп, Тазабектің құшағында отырғанын бір-ақ білді. Қарулы жігіт қарсылығына қарамады, бауырына қысып, бетінен, мойнынан, аузынан сүйіп жатыр, иіскелеп жатыр; бұл тартынған сияқты, бұлқынған сияқты; басы айналып бара ма, аттан құлап бара ма, жігіттің жейдесінен шап беріп еді, омырау түймесі ағытылып кетіп, су-су беті жалаңаш кеудесіне қайта-қайта тиді. Қыз өзінің жылап келе жатқанын сонда сезді.

— Мені қызғанған жүрегіңнен айналдым, жаным! Жақсы көрмесең, қызғанбас едің ғой, жаным!?

 «Жаным! Жаным!» дегеннен басқа бұл дүниеде ешбір үн қалмаған секілденді. Шәйі енді бұлқынбады да, тартынбады да.

* * *

Талдыбұлаққа барып Өмірәліге жолығып қайтқан Тілеулі:

— Ертең ел ішіне көшейік, — деді тас түйін бекінгенін қатқыл үнімен аңғартып. — Өзімізге үйреншікті Орта Меркіге қонайық. Сол арадан әліптің аяғын бағармыз.

...Орта Меркіге көшіп келгелі Шәйіге әрбір сай-сала мен тау-таста тажал тығылып тұрғандай көрінеді. «Майданның қара жұмысы» деген пәле тек Тазабек екеуіне құрылған тосқауыл тәрізденді.

Содан үш күннен кейін жәрмеңке жақтан түнделетіп оралған Өмірәлі түнерген қалпы төрге шығып отырды да, қатыны Қалиша мен қызы Жәмештің көзінше Тазабекке ұрсатын адамша ызғарлы қарады. Үйдегілердің бәрі үрейлене тынши қалды. Қарт кенет көзін төмен сап, сол жақ алақанымен бетін сипап, оң алақанымен көзін, мұрнын, одан соң асықпай аузын уқалады.

— Балам! — деді сонан соң бекем дауыспен. — Менің білуімде, адам өлімнен басқаның бәріне асығуы керек. Бізді былай қойғанда, қазақ атаулы күні ертең жер бетінде қала ма, жоқ па, — оны бір құдай білмесе, адам білмейді. Маған тез арада ұрпақ сүйгізбесең, бұл тіршіліктің бәрі бекер. Ел басына күн туды. Енді жайбарақат жүргенің — алдымен өзіңе жаулық. Әріден ойласаң, еліңе жаулық. Осы бойдақ жүргенің де жетер, енді үйлен. Көзіңе түсіп жүрген біреуің болса, айт; болмаса, өзім барып біреуге құда түсем.

— Е, жау қуып келе жатқандай не болды сонша? — деп, Қалиша қозғалақтай беріп еді, қарт ашулана қолын сілтеп қалды.

— «Жау қуғаның» не, тәйірі, жау төніп тұр. — Қатынына қабағын түйген қалпы баласына қату бұрылды. — Бар ма, жоқ па  көз сап жүрген біреуің?

— Бар, әке! Бар, көз сап жүрген қызы, — деді Жәмеш Тазабектен бұрын  жауап қатып.

Тазабек Жәмешке бірдеме дей бермек еді, қарт қолын тағы сілтеп, тыйып тастады.

— Кім? — деді Жәмешке жалт қарап. — Кімнің қызы?

— Тілеулі ағаның.

— Шәйі ме? — деді шешесі қызының бетіне қуана қарап.

— Иә.

— Болды! — деді Өмірәлі бетін сипап. — Тілеулінің қызы болса, құдай тілеуімізді берді. Кемпір, дәм-тұзыңды әзірле, ертең екеуміз Тілеулі мен Әжікеннің алдына баралық.

— Алдын ала айтпай, дәнеңе етпей, қалай болады?

— Солай болады. Айтпай келдің деп, Тілеулі бізді қуып шықса, қуып-ақ шықсын. Әрі жөнімізді айтамыз, әрі ерулікке шақырып қайтамыз.

Тазабек орнынан күлім етіп көтерілді. Жәмеш те ағасына күлім етіп көз тастады. Жымыйып Қалиша шалына қарады. Талайдан бері шешілмей келе жатқан түйінді оның оп-оңай шеше салғанына әрі таң, әрі риза.

* * *

Күннің көзі дәл төбеге келгенде, жота жақта ойнап жүрген Ағынтайдың екі ұл, бір қызы Шәйіге жүгіріп келіп:

— Тәте, Жайдақ Бұлақ жақтан екі атты келе жатыр, — десті жарыса шулап.

— Е, келсін, — деп, жалт қараған Шәйі Жәмештің кер атын бірден таныды, бірақ үстіндегі ол емес, егде әйел. «Сірә, шешесі болар, — деді жорамалдап. — Онда, анау — әкесі».

Қонақ келе жатқанын ағасы мен жеңгесіне босағадан бас сұғып айтты да, өзі үйді айнала алыстап кетті. Ағынтай мен Жүзік үйден жүгіре шығып, қонақтармен дабырлай амандасып жатты.

Шәйінің жорамалы дәл шықты: келген Тазабек пен Жәмештің әке-шешесі Өмірәлі мен Қалиша екен. Дереу қой сойылып, жедел қуырдақ әзірленіп жатқанынан-ақ олардың бұл келісіне әке-шешесінің риза екенін іші сезді. Тазабектің: «Ұзатпай әке-шешемді алдыңа жіберем», — деген уәдесінде тұрғанын да түсінді.

Әкесі Тілеулі — қатал да әділ, әркім ойламайтынды ойлайтын, әркім біле бермейтінді білетін, Шәйінің бағалауынша, бітімі бөлек адам. Қылығы да, мінезі де оқшау. Бұрынғы қазақтарды көп мақтайды да, қазіргінің көбіне ренжіп отырады. Әкесінің әңгімесіне қараса, мақтаншақ та; жалғыз атын көңілі құлаған адамына түсіп беретін жомарт та; қорыққаны мен сасқанын сездіргісі келмейтін намысқой да; өзінікі дұрыс-бұрыс болса да айтқанынан қайта қоймайтын әрі қайсар, әрі қырсық та; өзгенің өзінен асып бара жатқанына көз жұмып қарай алмайтын іші тар да; бүгінгі «е, жарайдысы» ертең өзіне қазылған ор екенін аңғармайтын аңқау да, біреуге сый қылғанды да жақсы көретін, біреуден сый алғанды да жек көрмейтін, әйтеуір, әлемдегі бар жақсы мен жаманды бойына түгел жинап алған жалғыз халық тек қазақ секілді. Ол мақтаса, таудың шыңындай асқақтап тұрған да қазақ; жақтырмаса, құздан құлағалы тұрған да қазақ. Бірде жер-көкке сыйғызбайды, бірде жерден алып, жерге салады. Бір қызығы, әкесінің қай айтқаны да Шәйіге шындық сияқтанады. Қазақ, расында, ешкімге ұқсамайтын, ертегіге айналып кеткен ертедегі елдің сарқыншағы сықылды халық.

Соның бәрін білетін, соның бәрін әңгіме етіп отыратын әкесі бүгін мүлде басқа адам, екі сөзінің бірінде «Өмеке, Өмеке» деп, Тазабектің әкесі алдында тек төменшік танытады. Тазабектің тұрқы әкесіне тартыпты, Өмірәлі ақсақал малдас құрып отырғанның өзінде кішігірім жартастай кісі екен. Денесіне сай сөзі де, мінезі де ірі сезілді. Әңгімесін дастарқан басында бір-екі рет тыңдаған соң, Шәйі әкесінің ілтипәтін де түсінді: Өмекең әріден ойлайтын терең, ойын бүкпей айтатын батыл кісі көрінді.

Қазақты қара жұмысқа алатын патша жарлығын албандардың қалай қарсы алып жатқанын Өмірәлі ақсақал өз көрген-білгені бойынша айтып отырды. Алдымен Ақжелке-Подборкоп албанның біраз игі жақсысы мен болыс-биін жәрмеңкедегі борлаған ақ үйіне шақырып алып: «Үш күннің ішінде майданның қара жұмысына баратындардың тізімін беріңдер!» — деп бұйырыпты. Содан екі-үш күннен кейін жәрмеңкенің желкесіндегі Айт төбеге 300—400-дей адам жиналып: «Бала береміз бе, жоқ па?» — деп ақылдасқанда, соның ішінде Өмекең де болыпты. Жәмеңке бірден: «Ақ патшаның пиғылы бұзылды. Енді оған ақыл үйрететін біз емес, ақылымызды тыңдайтын да ол емес. Бізді аяйтын патша жоқ болса, патшаға жалтақтайтын албан да жоқ. Қысқасы, белді буып, бекем болатын күн туды», — депті. Оның сөзін Ұзақ іліп әкетіп: «Ақ патша айтқанынан танды. Біз оған алғаш қарағанда, «Қазақтан солдат алмаймыз, бірақ әр түтінге бір сом жиырма тиыннан салық саламыз», — деген. Ол уәденің хатқа түскен қағазын Саурық әкем Тезек төренің үйінен өз көзімен көрген. Уәде — құдайдың үйі. Өз уәдесін сыйламаған патшаны біз де сыйламаймыз», — дейді. Сол арада Ырақымбай басу айтқандай болып: «Бала бермейміз десек, дейік. Бірақ үкімет әскер шығарып, бейбіт халықты қырып салса, қайтеміз?» — деген екен, Жәмеңке оған: «Біз шегінетін жер қалған жоқ. Берсек, бала өледі. Бермесек, шал өледі. Бала өлгенше, шал өлсін! Бала бермейміз, бітті! Менің айтарым — осы. Басқасын өздерің біліңдер», — депті. Тазабектің Әубәкірі де зіркілдеп: «Ақ патша қазақты бала берсе де қырады, бермесе де қырады. Өйткені оған ел керек емес, орысын орналастыратын жер керек. Қол қусырып қарап отырып қырылғанша, кеудесінде жаны бар адамша жағаласып өлейік. Әліміз жетпей бара жатса, Қытайға қашып құтылармыз. Бірақ жер-судың иесі бар екенін ақ патшаның есіне бір сап қояйық!» — депті. Содан Ұзақ тағы айғай сап: «Қазақтың сойыл мен таяқтан басқа қаруы жоқ, қырып тастаймыз», — деп, орыстың қолы қышып отыр. Қаруланайық. Қапы қалмайық! Жас бала, қатын-қалашты жау көрмейтін қарағай, аршаның арасына күні бұрын көшіріп қояйық. Біздің қазақ ешқашан біреудің жерін тартып алу үшін соғысқан емес, тек өз жерін қорғап соғысқан. Күшті жауға қарсы шыққанда, ерлік қандай керек болса, бірлік те сондай керек. Егер ішімізден кімде-кім елдің бірлігін бұзып сатқындық жасаса, өзін де, ұрпағын да аямайық! Осыған ант етейік!» — деп, орнынан қарғып түрегелгенде, жұрттың бәрі: «Ант етеміз! Ант!» — деп орындарынан атып-атып тұрыпты.

— Е-е! — деді сонда әкесі әлденені есіне түсіре алмай отырған адамша қабағын шыта ойланып. — Еліріп алған елді енді тоқтату қиын болар. Әйтпесе Ырақымбайдың қаупі де құлаққа кіретін қауіп: әскерге бірде-бір жігіт бермейміз десек, оған қаһарланған орыс бірде-бірімізді қалдырмай қырып тастауы  мүмкін. Оның да тиісерге сылтау таппай отырмағанын кім біледі?

— Рас айтасың, орысқа бұл өте оңтайлы сылтау болып тұр. «Ақ патшаға қарсы шықты», — дейді де, шетімізден қырып салады. Одан қазақты кім ақтап алады, кім қорғап қалады? Әубәкір сөйлеп біткенде, Сайлыбайдың Сімтігі: «Ерлікті сен де жайсыз жерде жасайсың-ау, бәтшағар!» — деп, жақтырмай қалды. Мен дәп қасында отырғам. Бетіне жалт қарап ем, жалтармады. «Ақылдың түбіне батыр бойламайды, батырдың тәуекеліне ақыл төтей алмайды», —деді жұмбақтап. «Сонда қалай, сізше, бала бергеніміз жөн бе?» — деп ем, «Өзіңнен күштіге ашуыңды емес, ақылыңды көрсет. Ашу ашу шақырады, күштінің ашуы айтқанына көндірмей қоймайды; ал ақыл ақылға шақырады, әлсіздің ақылына күшті де илігеді», — деді.

— Сөз-ақ. Оның айтпағын мен ұқтым: бала өлгенше шал ғана өлмейді, бала-шаға да, кемпір-шал да — бәрі өледі дегені ғой. Сол Сімтіктің айтқаны кеп жүрмесе, не қылсын?

— Қалай дегенмен де, ел басына күн туды, Тілеулі. Енді ұрпақ қамын ойламасақ, арам өлеміз, — деді Өмірәлі үйдегілердің бәріне барлай қарап. — Көп баладан аман қалған Тазабектің тағдыры түнде ұйқымнан, күндіз күлкімнен айырды. Ақырында бәйбішеміз екеуміз ақылдасуға өздеріңе келдік. Асығыс екені асығыс, бірақ асықпасқа амал қалмады. Жалғыз ұл деп, бетінен қақпадық. Ол үйленбей жүріп алды. «Е, аман болса, бір үйленер», — деп, көңілімізді кеңге салып жүре беріптік. Балаңнан бала сүйіп қалмасаң, мына қалаймақан заманда оның өзінен айрылып қалардай қауіп туды. Сол жайында өзіңмен ақылдасқалы келдім.

— Жарайды, Өмеке, ақылдасайық, — деді әкесі сол сөзді айтқанда Шәйі жаққа бір жалтаң етіп.

Онсыз да әңгіменің ауанын аңғарып отырған Шәйі бұл келістің мән-жайын өз құлағымен естіген соң, не тұрып кетерін, не отыра берерін білмей ыңғайсызданды. Соны аңғарды ма, әкесі дереу сөздің ауанын басқа арнаға бұрып жіберді:

— Әділ деп сенген ақ патшамыз алақол шықты, — деді күрсініп, — орысты өзім деп, оған сулы, шұрайлы жерді алып берді де, бұрыннан сол жерге ие болып отырған қазақты бұратана санап, қайдағы қыр мен қиырға айдап тастады. Сондағы сылтауы — «Сендер егін сала алмайсыңдар». Неге сала алмаймыз? Қажет екенін түсінсе, қазақ бәрін де істейді. Қазаққа сенбейді бұл патша, кем санайды. Қолына қару ұстатпай, қара жұмысқа жұмсап отырғаны да содан. Біреулердің түсіндіруінше, қазақ, ұйғыр, шынында да, соғыстың өзіне емес, соғысқа бекініс жасау үшін баратын көрінеді. Ол бекіністі неміс атқыласа, сен соғыссаң да, соғыспасаң да өлмейсің бе? — деді Тілеулі өзінің де қайсысына сенерін білмейтінін аңғартып.

— Өкіметтің саясатында шындық болушы ма еді? — деді Өмірәлі Тілеуліге түйіле қарап. — «Шындық», «әділдік» дегенді алдымен солар айтады, бірақ түптің түбінде «шындық» дегені шырмау, «әділдік» дегені алдау болып шығады. Шындық дегеніңнің өзі қат-қабат пердесі бар шымылдық тәрізді нәрсе емес пе? Соның беткі пердесін халыққа көрсетіп қояды да, өкімет қалғанын соның астарына апарып жасыра салады. Аңқау ел бет пердеге иланады да, оның арғы қатпарында не тығулы жатқанын аңғармайды. Мәселенки, ит те, құс та илана кететін бір шындықты қазір сендерге мен де айтайын. Мына отырған кемпірімді танитын, танымайтын кез келген адамға: «Мынау— менің қатыным, Тазабек — осыдан туған балам», — десем, ешқандай куәліксіз-ақ, қазбалап сұрамай-ақ, бәрі нана кетеді, өйткені оған ақылдың, білімнің ешқандай қажеті жоқ. Ал енді бір сұрқия: «Өмірәлінің Тазабегі ойнастан туыпты», — десінші, «Жоқ, Тазабек өз балам», — деп, мен қанша ойбайлағаныммен, Қалиша қанша бажылдағанымен, бәрібір оған біреу нанады, біреу нанбайды.

— Балалардың көзінше қайдағыны айтқаны несі? — деп, Қалиша күйеуіне ежірейе қарап еді, Өмірәлі де оған ежірейе қалды:

— Немене, қуыстанатындай ұрлығың бар ма еді? Қорықпа, мен саған сенбесем де, өзіме сенем, бар бала өзімдікі, — деді кемпірін көзімен еркелете күліп. Сонан соң Тілеуліге тіктеп қарады. — Міне, қазақтың осындай бір жан қинайтын жаман әдеті бар: адалдан гөрі арамға илануға бейіл тұрады, өйткені адал нәрсе тура, қатқыл айтылады, ал арам нәрсе арбап-аймалап айтылады. Әлгі бәріміз айта беретін, бірақ мән бермейтін надандық дегенің — сол: тура айтқан шындыққа емес, аймалап айтқан арамдыққа сену. Ақыл, білімді қажет етпейтін өсек-аяңға сене салады да; ойлануды, ақылға салуды қажет ететін нәрсеге өресі жетпейді. Сонан соң әлгі өзіне түсінікті, үйреншікті надандығын малдана береді.

— Рас, рас айтасыз, — деді Тілеулі сүйсіне бас шұлғып.

Ақсақалдың ол пікірін Шәйі де құптады. «Ақылды кісі», — деді айтқанына арбалып. Жұрттың ұйып тыңдағаны ұнады ма, ақсақал одан ары ағытылды:

— Тазабек атамыз орысқа қарсы шыққанда, оны құптап қасына ерген Саурық: «Тұра-ақ десе түбінде қазақты құртатын орыс дейсің, сол орысың біздің анау деген талай атқамінерімізден тәуір ғой?» — депті. Сонда Тазабек «Әй, Саурық-ай, сен де жіптің үзілер жерін аңғарасың-ау! — деген екен. — Айтсаң-ақ бітті ұғыла салатын іс болса, екеуміздің беделіміз бен ақылымыз жұртты дүр көтермес пе еді? Бұл істің ең қиыны бүгінгі тәттінің түбі ашты екеніне елдің көзін алдын ала жеткізу ғой. Оған менің көзім жеткенмен, елдің көзі жетпей діңкені құртып тұрған жоқ па? Қанша көрегендікпен айтсаң да, сөздің аты сөз, біреу сенеді, біреу күдіктенеді. Бүгінгі өмірдің қисынына қарап, әлі болмаған, бірақ түбі болатын нәрсені болжау — қиынның қиыны. Сол қиынды қазаққа ұқтыра алмай да өлетін шығармыз, кім біледі. Анау Талдыбұлақтағы орысты қарашы. Қай қазаққа қиянат жасады? Бірімен тамыр, бірімен сыйлас, қазақтың өз ағайынынан артық. Соны көріп, соған көзі жетіп отырған қазақ сенің: «Ол орыс — бір орыс. Адамгершілігі бар орыс. Бірлі-жарым болған соң, орыс бізбен бауырласқысы кеп тұрады. Ертең ол екеу, үшеу, жүз болады, сөйте-сөйте не өзіңмен тең болады, не өзіңнен көп болады және оның бәрі ол орыстай әділ емес, аузыңдағыны жырып алатын, астыңдағыны тартып алатын озбыры да болады. Бір орыс — бауыр, бес орыс — ауыл, жүз орыспен санасасың, мың орысқа бағынасың», — дегеніңді қазіргі қазақ түсіне ме? Қайсысының оған көзі жетеді? Оны орысқа қарсы қойғаннан бұрын: «Қайдағы жоқты айтады екенсің», — дегізіп, қайта өзіңе қарсы қойып аласың. Өзің ойлап қарашы, орыс қазақпен шын сыйласқысы келсе, өз жерінде отырып-ақ неге сыйласпайды? Оған сыйластық керек емес, сенің жерің, суың керек. Сыйласқалы келдім деп, қай қазақ орыстың жеріне барып орналасып жатырмыз? Аңқау, надан елді сөзбен алдап құл еткісі келеді. Қазір аз кезінің өзінде өзен-көліңді тартып алып жатыр. Ертең көбейгенде, сені тау-тасқа, құм-шөлге ығыстырып тастайды. Ода білім, ақыл-айла бар, сенде алауыздық пен күншілдік бар. Ертең жеме-жемге келгенде, ақыл-айла мен білім жеңбегенде, алауыздық пен күншілдік жеңе ме? Елдің бүгін көріп-біліп отырғаны — қазіргі шындық. Қазір, құдайға шүкір, аз орыс көп қазақтың аузына қарап отыр. Ертең ол көпке айналғанда, ол кездің шындығы мүлде басқа болады, біз оның аузына қарап қаламыз», — депті. Сонда Саурық Тазабекті құшақтап: «Ел сенбесе, сенбесін, мен саған енді сендім. Өлсем, бірге өлем; тірі жүрсем, қандай қиындықта да қасыңда болам», — депті. Ақырында, міне, Тазабектің сол айтқаны келді: «жүз орыспен санасатын, мың орысқа бағынатын» заман туды.

— Иә, айтқаны келді.

— Бұрын, бірлі-жарым кезінде, орыс бізден ығушы еді; қазір, көбейіңкірегенде, біз олардан ыға бастадық. Міне, ақылдының ақылдысы ғана болжаған, қырық жыл бұрын Тазабек айтқан шындық — осы.

— Апырмай, көріп отырғандай қалай айтқан, ә!?

— Өз басын бәйгеге тігіп, ел намысын қорғайтын Тазабек пен Саурықтай еркек топырлап туа бермейді. Елу жылда ма әлде жүз бе, елдің бағына, өзінің сорына туады. Алайда, құдайдың құдіреті, сол Тазабек пен Саурық, Шалтабайларды: «Біз үшін құрбан болып еді-ау!» — дейтін албан баласы да азайып барады. Менің бір байқағаным, ұмытылған намыс көмілген қоздың шоғы тәрізді екен: ұзақ жатса, өшеді; ұзақ үрлесең, қоламтадан қайта тұтанады. Басқа емес, бөтен емес, тағы ел басына күн туғанда, сол баяғы Тазабектің Тезегі, Әубәкірі мен Жақыпбердісі, Саурықтың Ұзағы көптің алдына шыға келгенде, өшкен шығар деген намыстың қайта қоздағанын көріп, әрі қуандым, әрі қайран қалдым: намыс та қанмен берілетін қасиет екен!

Дастарқан қамымен кіріп-шығып жүріп, Өмірәлінің өзге әңгімесін Шәйі ести алмады, алайда оның бұл жолғы басты мақсаты Тазабек екеуін атастыру екенін анық білді. Біліп қана қоймай, ақылға салып ойланды. Жік-жапар болып күтіп жатқандарына қарағанда, әке-шешесі, ағасы, жеңгесі — бәрі солардың ыңғайына жығылып отырған жандар. Өйтіп бәрі біліп, бәрі құптап отырса, бұл неменеге қарсы болады? Өткенде қолынан шөп еткізгені еркелете де білгені ғой Тазабектің? Жүзінде де, мінезінде де айғайлап тұрған әбестігі жоқ.

Өстіп өзімен өзі арпалысып тұрғанда, шешесі итермелеп, аға-жеңгесінің отауына алып кірді.

— Сен енді бойжеттің, қарғам. Мына кісілер саған үкі тағуға келіп отыр. Не дейсің? Қарсылығың бар ма? — деді қызының бетіне қадала қарап.

— Жоқ, — деді Шәйі жүзін тайдырып.

— Ақылыңнан айналдым! — деді шешесі бетіне шапшып шыға келген шаттықтан нұрланып.

...Тілеулінің үйі дереу тойға дайындыққа кірісті. Бірақ той қамымен жәрмеңкеге барып қайтқан Ағынтай аса жайсыз хабар әкелді: орыс ұлық Жәмеңке, Ұзақ бастаған албанның сөз ұстар он шақтысын ақылдасамыз деп алдап шақырып алыпты да, Тазабек батырдың немересі Әубәкірді де, сонау Асыдағы Қызылбөрік болысы Серікбайды да соларға қосып қамап тастапты.

— Қазақтың басына қара күн туған екен, — деді Тілеулі әлгіні естігенде қабағын түйіп. — Ел беделділерін алдын ала тұтқындағаны — олардың үлкен арам іске алдын ала дайындалғаны.

Келін атанатын күнін асыға күтіп жүрген Шәйі, екі кештің апақ-сапағында Тазабек жетіп келгенде, тіксініп қалды. Тұтқында жатқан албандардың ағайын-туыстары оларды құтқарып алу үшін, ертең жәрмеңкеге шабуыл жасамаққа бекініпті. «Тілеулі мен Ағынтай сол көпке қосыла ма екен?» — депті Өмірәлі.

Түнере төмен қарап біраз отырды да,

— Жарайды, — деді Тілеулі басын изеп. — Барамыз.

Тазабек кетерінде Шәйі жаққа қипақтап қарағыштай берді.

— Жібекжан! — деді Жүзік қайынсіңлісіне сыбырлап. — Саған айтары бар сияқты, шықсаңшы!

Сөйтті де, Шәйіні далаға жетектеп шығарды. Іле-шала тысқа Тазабек те шықты.

— Шәйкен! — деді Тазабек еркелете қолынан тартып. — Мына аласапыран заман тамашалатып той жасататын емес, егер сен ренжімесең, алып қашып үйленсем, қайтеді? Ұят бола ма?

— Бүгін бе?

— Жоға, өзіміз келіскен күні.

— Ол қашан?

— Оны Жүзікпен келісейік.

— Мейлі.

Жігіттің қуанып кеткенін үнінен аңғарды.

— Шәйкен! — деді толқып. — Аман болсам, қабағыңа кірбең түсірмеспін, жаным!

— Аман болуға тырыс!

— Тырысам, жаным. Сен үшін аман болуға тиіспін мен. Келші, құшақтайыншы!

— Кейін. Анау қарап тұр, — деді теріс қарағансып тұрған Жүзікті көзімен нұсқап.

— Жарайды, жаным. Хабарын өзім айтам.

Үкісі тағылып, ата-анасы мен ата-енесі құйрық-бауыр жескен соң, Шәйі өзін Тазабектің заңды қалыңдығы санаған және оның енді ұрын келуге де қақысы барын білетін, сондықтан сөзін жықпай, соншалық қуантқанына өзі де марқайып қалды.

Тазабек кеткен соң Ағынтай әкесіне келіп:

— Жәке, ертең мен-ақ барып қайтайын да. Шоқпар мен сойылдан басқа қаруы жоқ қазақ мылтықты орысқа не істей аламыз? — деді текеметтің шетіне отырып жатып. — Қартайғанда бірдемеге ұшырап қап жүрерсің.

Шәйі әкесінің жауабын демін ішіне тартып күтті. «Бармай қалса, қаймыққаны», — деп ойлады.

— Балам, — деді Тілеулі баласының бетіне қырын қарап отырған қалпын бұзбай. — Сені аман сақтау үшін мен өлсем, шейітпін. Ата-бабамыз ежелден ұрпағы үшін өзін құрбандыққа байлаған. Ол дәстүрді бұзып, қарабет болар жәйім жоқ. Ал сен беріде әке-шешең мен бала-шағаңды, әріде еліңді қорғауға міндеттісің. Сондықтан сөзді қой да, қайыңнан кесіп екеумізге екі бос мойын шоқпар жаса. Не көрсек те елмен бірге көреміз. Өйтпесек, ант ұрады, балам. Айтқан жоқ па Өмекең түнеугүні албан басшыларының қалай ант еткенін?!

Бұл сөзден соғысқа дайындықты сезген Шәйі шешесіне үрейлене қарады, бірақ шешесі үндемеді. Өйткені дәл қазір еркектерді бұл жолдан айныту «Қырылса, халық қырыла берсін, өздерің аман бол» дегенмен барабар-ды.

Әкесі мен баласы әлі кеппеген бос мойын шоқпарды тақымдарына қысып, таңертең Қарқараға аттанды. Сол кеткеннен екеуі түн ауғанша оралмады. Үй ішін үрей биледі. Әркім ойымен әр күдікті қуалап, бірақ оны бір-біріне айтпай күрсінеді. Үшінші күні таң ата Ағынтайдың жалғыз өзі келіп аттан түсіп жатқанын әуелі Шәйі көрді де, тырп ете алмай тұрып қалды, ал Әжікен көрген замат дауыс сап қоя берді:

— Құлыным-оу, әкеңді қайда тастап келдің? — деп, сүріне-қабына ұлына қарай ұмтылды.

— Апа, Жәкем аман, — деді Ағынтай төрге отырып жатып.

Алакөлеңкеде ағасының көзі Шәйіге ісіңкі көрінді. Жылағаны анық. Бірден айта салмай, алдап отыр деп ойлады.

— Аман болса, қайда енді әкем?

— Тазабектердікінде.

— Жараланып қалды ма? — деді шешесі шошына жорамалдап.

— Өмекең оққа ұшты, апа.

— «Оққа ұшқаны» қалай? Аман ба?

Ағынтай басын шайқады.

— Жәрмеңкеге қарай қозғала бергенімізде, қарсы алдымыздан тарс-тұрс мылтық атылды. Әкем, мен, Тазабек пен Өмекең — бәріміз қатар келе жатқамыз. Өмекең аттың жалын құша жығылды. Тазабек екеуміз екі жақтап сүйемелдеп үлгердік. Бірақ былай алып шыққан соң қарасақ, оқ омырауынан тиіпті.

— Алда құдай-ай, енді кәйттік?! — деді Әжікен шошына сасып.

«Енді кәйттім?» деген сауал Шәйіні де қинап тұр еді.

* * *

Өмірбек ақсақалды жерлеуге үй ішімен бірге Шәйі де барды. Өзін ол үйдің адамы санарын да, санамасын да білмей, келін боп түспей жатып бұл үйге жамандық әкелген адамдай сезініп, жұрттан шеттеңкірей берді. Бір сәт ағасы Ағынтайдың қасына келіп еді, оның төңірегіндегілер өңкей тізімге ілігетіндер екен, бәрінің әңгімесі әскерге алудың айналасында.

— Неге алады, қайда апарады, соны мен әлі ұқпаймын, — деді толық денелі, сірә, өзін салмақты адам санайтын жалпақ бет жігіт.

— Қайда апарушы еді? Орыс пен неміс соғысып жатқан жерге апарады, — деді бірдеме біліңкірейтіні. — Орыстарға оқтан қорғанатын ор қазып беретін көрінеміз, оны «оқап» дейтін көрінеді.

— «Оқап» па, «оққап» па?

— Ит біле ме?

— Е, біз ор қазып жатқанда, «қазып бітсін» деп неміс қарап тұра ма екен? Атып жібермей ме?

— Әрине, атып жібереді. «Қой, мынау қазақ екен», — деп, аяйды ғой деп пе ең?

— Бізді өйтіп көпе-көрнеу өлімге айдағаннан орысқа не пайда?

— Бір пайдасы: неміс орыстың орнына бізді атады. Екіншісі: біз өлсек, біздің жер-суымыз түгелдей орыстың қолына өтеді. Иесіз қалған жерге ие болғаннан артық оған қандай пайда керек? Онсыз да жыл сайын көбейіп, жыл сайын жақсы жерлерге жылжып орналасып жатқанын көріп жүрген жоқсың ба?    

— Барсаң, орыс деп неміс қырады; бармасаң, «бармадың» деп орыс қырады деші.

— Солай.

— Солай болса, ақыр бір өлім, өз жерімізде ең құрымаса жастығымызды ала жатпаймыз ба?!

— Мен де соны дұрыс көрем.

Жігіттердің бұл сөзі Шәйінің жүрегін шым-шым ауыртқанымен, бекемдіктері жігер бергендей де болды. Алайда Тазабек екеуінің арасы енді қалай боларын бір құдай білмесе, Шәйі білмейтін еді. Ісің түгіл, өзіңнің ойыңды да билей алмайтын озбыр заман туған секілді. Адам түсініп болмайтын әлдебір үрей үнемі ту сыртыңнан аңдып тұрғандай. Қашан бас салатынын ол айтпай, сен білмей, сенделіп сезіктенесің де жүресің.

Өзінің Албан ішінде Сары деген атадан тарайтынын, нағашысы, яғни шешесі Қызылбөрік руынан екенін Шәйі білетін. Бұлар жылда Жалаңаштың батыс жақ бетін қыстап, жазда Сыртты жайлап қайтатын. Ел ішінің тынышсыздығына байланысты, жылда бірер күн ғана отырып шығатын Орта Меркіге биыл ұзақ қоныстап қалды. Тазабек — Албан ішінде Әлмерек, оның Жәнібек деген жаугер ұрпағынан тарайды. Оның да шешесі — Қызылбөріктің қызы. Ол жағынан екеуі нағашылас. Әкелерінің анда-санда бажамыз деп қалатыны сондықтан. Әлмеректердің негізгі атамекені — Қулық тауының арғы-бергі баурайы мен сай-саласы түгел. Қулық тауы Шарын өзенінен шығысқа қарай керіліп жатса, Жалаңаштың тауы оның оңтүстік қарсысында Екі Ашаға дейін созылып жатыр. Екеуінің арасы шығысқа қарай бірте-бірте кеңейіп, бір-бірінен алыстай береді. Шығысқа қарай рет-ретімен жатқан Тоғыз Бұлақ, Шет Меркі, Арал, Орта Меркі, Жайдақ Бұлақ, Кеңсу немесе Бас Меркі, Екі Аша деп аталатын әрбір сай, әрбір су — сол Жалаңаш тауының төсемшегінен тарамдап жатқан көгал жерлер. Солардан тараған өзен-су мен бұлақ-жылғалар Қулық тауының күнгейін бөктерлей ағып жатқан Кеген суына Ақтоғайға дейін қосылып, одан ары Шарын атанады. Шарынның басы Ақтоғай саналса, ортасы — Көртоғай, етегі — Сартоғай. Судың екі жағалауындағы керіш жарлар — замана бойы су мен жел салған керемет суреттер: бірі батырға, бірі ақылгөй абызға ұқсап қызықтырса, бірі жәдігөй албасты мен қорқынышты әлденеге ұқсап зәреңді алады. Қазақты билеп-төстеп отырған орыс мұндай жерге қызықпағанда, неге қызықсын? Жалаңаш ауылын әзірдің өзінде билеп-төстеп, ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстап отыр.

* * *

Әкесінің өлімі Тазабекті күрт есейтіп, әрі қатайтып, әрі өзгертіп жіберді. Малға да, жанға да енді өзі бас ие екенін түсініп, Василийдің аттарын өзіне өткізіп берді де, ағайындары отырған Екі Аша жайлауына үй ішімен көшіп барды. Ендігі оның көкейіндегі жалғыз түйткіл — қайткенде де әкесінің кегін алу. Қарқара жәрмеңкесіндегі қалың әскерге жалғыз шаба алмасын да, бірақ бір орысты оққа байламайынша байыз таба алмасын да — бәрін біледі. Алайда аңдый берсе, түбі бір амалын табатын секілденеді. Сол оймен Василий берген қосатарын тақымына қысып, Қарқара жаққа тағы  аттанды.

* * *

Ел әбігер. Орта Меркінің биігінен қарап, Жалаңаштан Қарқараға, Қарқарадан Жалаңашқа қарай жөңкілген алашапқын жұртты Шәйі күнде көреді. Тазабектің кәзір жәрмеңке жақты торуылдап жүргенін білгендіктен, әр топты көрген сайын жүрегі аузына бір тығылады. Орыстың озбырлығына шыдамай атысып-шабысып жатқан ерлердің де, ерлерге ілесіп есі шыққан адамдардың да — бәрінің тағдыры немен тынатыны бұлдыр бірдеме. Тұтқында жатқан Әубәкірдің ағайындары тым қатты дүрлігіп жатса керек. Алайда ол дүрлігудің ар жағында атыс-шабыс, өлім-жітім жатқанын сол даурығып жүргендердің өзі де түсінер-түсінбес күйде. Өлімді қауіп демей, ерлік санайтын секілді. Әкесі бірде мақтап, бірде даттап отыратын қазақтың мына зұлматтан құтылар жолды табар-таппасы әзірге неғайбыл. Шәйі қазір ойлай-ойлай есейіп қалған секілді. Оның ойынша, өлім мен өмір бетпе-бет келгенде, адам бәрінен бұрын аман қалуын ойлауы керек. Ақылын да, айласын да тек соған жұмсауы тиіс. Сондықтан ырым-жырым, кәде-сәдені сақтамай-ақ тезірек Тазабектің босағасына барып алғанын дұрыс санады. Сол ойға бекініп, батайын деп бара жатқан күнге жалынышпен сыйына қарады. Тыныш атып, тыныш батқанын қалады. Сөйтіп үйі жаққа бұрыла беріп, селк ете қалды: апасы тықырын білдірмей ту сыртына келіп тұр екен.

— Түу, апа, зәремді алдың ғой, тегі!

— Сөйттім бе, жаным? Айналадағы жағдай менің де зәремді алып бітті. — Бауырына тартып, иығына қолын салды. — «Адамның ашуы көбейген сайын ақылы азая береді» деуші еді бұрынғылар. Әкемнің кегін қайтарам деп жүріп, ана бала бір пәлеге ұрынып қала ма деп қорқам. Ақыр солардың тілеуін тілейтін болған соң, босағасына барып-ақ алғаның дұрыс-ау, балам. Көріп тұрсың ғой, бүкіл албан босқын болатын түріміз бар. Ел бүйтіп бүлініп жатқанда, біздің кәде сақтап кергігеніміз кімге дәрі? «Ораза, намаз тоқтықта» деген. Некеңді той-томалақсыз-ақ қыйғыза салайық та. Әкең де көнер, сен де түсін.

— Мейлі, апа. Үрей құшақтап үйде уайымдағанша, не де болса Тазабектің қасында болайын.

— Ақылыңнан айналдым сол! «Елу-алпыс қойымыз бен жиырма шақты ірі қарамызды айдап, Қалиша құдағидың қасына көшіп алсақ па екен?» — деп әкең ақылдасқанда, «Қаралы үйдің қасына көшіп барғанымыз қалай болады? Оның үстіне қызымызды өзіміз тықпалағандай болармыз», — деп, мен көнбеп ем. Енді ойласам, жол үстінен аулағырақ кеткеніміз де ақыл ма дейім.

Ертесі түс ауа Жалаңаш жақтан қалың атты кісі келе жатқанын көріп, Шәйі үйге шошына жүгіріп кірді.

— Әке, қаптап келеді! — деді қолын батыс жаққа қарай үрейлене сілтеп.

— Енді қайттік? — деді шешесі жау басып қалған екен деп сасып.

Түгел дүрлігіп далаға шықты. Қара қорым атты кісі бөктерде саулап барады екен. Бәрінің киім киістері, атқа отырысы орысқа ұқсамайды. Қолдарындағы қоқайған найзасы, тақымдарындағы шоқпары мен сойылы, кейбірінің мойынға асқан мылтығы — бәрі олардың қазақ екенін айтпай танытып тұр. Бұларды байқады ма, екі атты кісі топтан бөлініп Жайдақ Бұлаққа, тағы екеуі осылай қарай шапты.

— Құдай-ай, бекер көріндік-ау көздеріне, — деді Әжікен күңк етіп.

Екі жігіт жақындай бере сонадайдан саңқылдай амандасты.

— Бұл не жорық? — деді Тілеулі екі жігіттің қолын ала амандасып жатып.

— Қарқараға кетіп барамыз, — деді көне тайжақы киген балаң жігіт қасындағы серігіне бір жалтаң етіп. — Жалаңаштың орыстарын атаманымен қосып үйді-үйіне қуып тықтық. Енді Қарқараға кетіп барамыз. «Бізді қолдайтын еркек болса, қосылсын!» — деп, екеумізді Жақыпберді ағаның өзі жұмсады. Қасында Тезек атам да бар.

— Жақыпберді ағаң мен Тезек атаң бастап бара жатса, біз де баламыз екеуміз арттарыңнан жетеміз.

...Әкесі мен ағасы Қарқараға кеткен соң, ертесінде жеңгесі екеуі екі ат мініп, Шәйі тағы мал жаюға шықты.

Шық кеуіп, гүл мен шөптің иісі күн жылуымен бұрқырай бастаған кезде екеуі аттарын отқа жіберіп, өздері жалпақ сайдың төмен жақ түгел көрінетін дөңестеу жеріне шығып отырды. Сол кез Шәйінің ойына Тазабек оралды. Осы бір күйеуі де сияқты, күйеуі де емес сияқты дүдәмәл жағдай оны мүлде дағдартып бітті. Ынтығып, азар шыдап жүргенін Тазабектің түр-тұрпатынан аңғарады: жұрттан жасырып көз қиығымен қиылып аймалайды.

— Жібек! — деген Жүзіктің даусы Шәйінің ойын шорт үзіп жіберді.— Өзіңмен өзің сонша не ойлап кеттің? Осындай оңашада ақылдасайық та.

— Нені?

— Нені болушы еді? Тазабек екеуіңнің жайың да баяғы мені мазалап жүрген.

— Оның несін ақылдасамыз?

— Бәрін. Тазабек бүгін келсе, бүгін; ертең келсе, ертең екеуіңнің басыңды бір төсекте қосам. Соны біл.

— Қойшы, Жүзік. Оң жақта жүріп қыз өйтпейді, ұят емес пе?

— Түк те ұяты жоқ. Күйеуінің қойнына жату ұят болса, онда әжелеріміз бен шешелерімізде ұят болмаған.

— Тазабек әлі күйеуім емес қой?

— Оны саған кім айтты? Тыңда! Ата-анаң келісімін берді ме? Берді. Құдалармен құйрық-бауыр жестік пе? Жестік. Енді саған не керек? Қайта Тазабек көңіліңе қарап, күтіп жүр ғой. Мен болсам, бір түнде ұрын келер едім де, шаруаңды баяғыда бітіре салар едім.

— Ой, оңбаған Жүзік, қандай жауызсың!?

— Ол жауыздық емес, менің жеңгелік міндетім. Тазабекке тигеннен опық жесең, онда мені өле-өлгенше көрмей-ақ кет. Бірақ қайдам, «Күйеудің қызығына батырған қайран жеңгем-ау!» — деп, әр түн сайын алғыс айтарсың қайта.

— Түу, қойшы енді!

— Қоймаймын. Тыңда! Еркектің қойны қорқынышты дегенді кім айтты саған? Онда ағаңның қойнында неменеге жатып жүрмін мен? Қорқыныштан өлейін деп пе? Әлде еркектің қызығын көрейін деп пе?

— Түу, Жүзік, қандай тәртіпсізсің? Қайдағы қызық, қойшы!

— Иә, көрерміз әлі кімнің тәртіпсіз екенін. «Ойбай-ай, мұндай екенін неге ерте айтпадың?» — деп, кейін кейіп жүрмесең, жарар.

— Түу, Жүзік, қойшы енді! Ана шетіне баршы малдың! Жылқының соңынан қарағайдың ішіне кіріп кетсе, бұта-бұтаның арасында қой қалып қояды, қайыршы, бар!

— Барайын. Қайырайын. Бірақ айтқаным айтқан, Тазабек келген түні соны істеймін, дайындала бер! — Жүзік сөйлей жүріп атына мінді де, жалпақ сайдың шығыс жақ бетіне қарай шаба жөнелді.

— Ақырын! Атыңнан ауып түсіп жүрерсің.

— Қорықпа, жығылсам, жер көтереді.

Сырт ізет қылғанмен, іштей Жүзіктің қылығын Шәйі құп көрді, ақыр болатын нәрсе тезірек болса екен деп тіледі.

* * *

Жақыпбердіден: «Жәрмеңкені шабамыз. Ағайын, көмекке кел!» — деген хабар жеткенде, «Ә, құдай, тілегімді бердің-ау!» — деп қуанды Тазабек. Аңшылық жаса деп Василий берген ескі қосатарын мойнына іліп, атына тас түйін мінді.

Сол күні жәрмеңкеге жетпей, іргесіндегі Бөлексазға келіп қонды. Атынан түсіп жатып байқағаны: әр үйдің алдында он шақты, жиырма шақты байлаулы ат, ауыл іші қаптаған алашапқын адам. Бүгін бір топ жігіт Жәркентпен байланыс жасап жатқан Темірлікті, екінші топ Қарақолмен хабарласып тұрған Талдыбұлақ поштасын тас-талқан қиратып келіпті. Қаһарына мінген халық ертең Қарқара жәрмеңкесін шаппақ. Адамы түгіл, Қарқараның ауасы да бүгін ашу-ызаға булығып тұрғандай: түйілген қара бұлт не жаумай, не жылжымай, жәрмеңкенің үстін қара түндікше қаптап алыпты. «Талдыбұлақты шапқанда, Василий қайтті екен, қоңсы отырған Дәнекер не болды екен?» — деген ой бір жылт етті де, жалп сөнді.

Ертесі жұрт жәрмеңкенің желке тұсына жиналды. Жақыпберді бұйрық іспетті тапсырма айтты. Ірі денелі, сұсты, үні зор, ашуланған адамша зіркілдеп сөйлейтін сұсты кісі екен.

— Жамағат! — деді басындағы тұмағын жұлып алып жоғары көтере. Аттылы жұрт тырп етпей тынып тыңдады. — Арғы тегіңде қол бастаған атаң бар деп, жәрмеңкені шабуды маған тапсырдыңдар. Жаудан емес, мен осы істің жауаптылығынан жүрексініп тұрмын. Өз басым осы жолда өліп кетсем де өкінбеймін. Өйткені осы елден аяп қалар ештеңем жоқ. Менің міндетім  — орыс өлтірген Тазабек атамның да, қазір орыс тұтқынында жатқан Әубәкір бауырымның да кегін қайтару емес, қорланған қазақтың намысын қорғау. Бәріміз бүгін намыс үшін біріктік, сол үшін атқа қондық. Біріккендіктен, біз күштіміз. Жәрмеңкеде мылтық көп, бізде аз. Сондықтан елді қорғайтын адам алдымен өзін қорғасын. Өйткені өлген адам ешкімді қорғай алмайды. Өлімнен қорықпайтын адам болмайды. Бірақ ажалы жетсе, қорыққан да өледі, қорықпаған да өледі. Сондықтан бекер өлмей, жауыңды жастана өлу керек. Жаудың қолынан өле салу ерлік емес, жауды өлтіру — ерлік. Осы есте болсын. Ал кеттік!

Тебініп, шоқыта жөнеліп еді, қаумалай тұрған бауырлары, бір жіпке тізбектеп қойғандай, тобымен дүр ете қалды. Жұрт та жаппай соңдарынан шоқытты. Жәрмеңкені жеп қоятындай, бәрі біраздан кейін жөңкіле шапқан. Әлдекім кенет:

— Ойбай, оң жағымыздан орап келеді! — деді қылғынып.

Жалт қараған Тазабек шоқақтап шауып бара жатқан жиырма-отыз әскерді көрді.

—  Қоршағалы келеді! Әне! Алдыға қара! — деді тағы біреу бақырып.

Сол жақ қапталдан мылтығы шошайған бір топ жаяу жақындап қалыпты. Тазабек ең алдыңғысын көздемей атып қалды. Ажалы жоқ па, оқ тиетін-ақ жерде тигізе алмады. Аң ату мен адам атудың айырмасы бар екен: адам атқанда, қолың ғана емес, жүрегің де қалтырайды. Айнала пырс-пырс, тарс-тұрс түтіндеді де кетті. Оққа ұшқандардың шыңғырған, қылғынған жан даусы әр тұстан естіліп жатты. Ақырында аман қалғандары тауға қарай жалт берді.

— Қаша атыс! Тоқтамай ат! — деген Жақыпбердінің айқайы естілді. — Жау жасқанбай атса, түгел қырыласыңдар!

Алайда қазақтар атысып жарытпады. Жақыпбердінің жанындағылар ғана біраз оқ шығарғанмен, басқалар бейберекет бірден, екіден тарс-тұрс еткізді де, тауға қарай тым-тырақай қашты.

Тазабек шауып бара жатып артына еңкейіп қарағанда, қалың қаудың ішінен қараң еткен бір әскерді байқады. Бірақ қосатарын қайта оқтағанша оқ жетер шамадан тым алыстап кетті. Сонда да сол жаққа қарата басып-басып қалды: тым болмаса, жасқанар деп ойлады. Қатар келе жатқан біреу ат-матымен омақаса құлады. Оң жағында келе жатқан да ыңқ деп атынан ұшып түсті. Қырылды қазақ.

Жұрт жота асып барып ат басын тартты. Тазабек топ ішінен атасы мен Ағынтайды іздеді. Қалың нөпірдің қалқасында Тілеулі ақсақал аман-есен шауып өткен шығар деп шамалаған. Екі-үш топтың арасынан таппады. Тағы бір топқа кимелей кіріп бара жатқанында, қасынан өткен біреу таныс кісі секілденді. «Қайдан көріп ем?» — деді есіне түсіре алмай. Ол да, сірә, сөйткен болу керек, өтіңкіреп барып артына бұрылды.

— Тазабек аға! — деді ол да кеш танып.

— Сопыйа! — Қызға қарай атын тебіне ұмтылды.

Екеуі ат үстінде құшақтасып, арқа-жарқа амандасты.

— «Қайдан көрген жігітім?» — деп тұрсам, еркекше киініп апсың ғой? Мұныңды қалай түсінуге болады? Сен кімге қарсысың?

— Мен ежелден әділетсіздікке қарсымын. Оны орыс жасай ма, қазақ жасай ма, маған бәрібір. Әрине, өз ұлтыма оқ атпаймын, бірақ қолымнан келген көмегімді қазақтан аямаймын. Өйткені мен оның жер-суын мекендеп өстім.

— Әй, Сопыйажан-ай, орыстың бәрі осы сендей болса ғой, әттең!

Екеуі топты қақ жарып оңаша шығып кетті. Әлдене айтқысы келген адамша, Тазабек қайта-қайта  Сопыйаға қарағыштай берген.

— Аға, не болды? Өз көзіңізге өзіңіз әлі сенбей келесіз бе?

— Жоқ, — деді Тазабек жұлып алғандай — саған сүйсінгенімнен аузыма сөз түспей келеді. Дәп осындайға сені барар деп еш ойламаппын. Мұныңа әке-шешең, ағаң қалай қарады?

— Олар менен ат құйрығын кесіп кетті. Мен Қожаққа ілесіп қазақтарға қосылдым.

— Қай Қожақ?

— Өзіңіз білетін диірменші Қожақ.

— Сиыршы Қожақ екен деп, жүрегім су ете қалғаныншы!

— Түу, тегі, маған дұрыстау қазақты да қимайсыз ба? Әне Қожағыңыз соңымнан қуып келе жатыр.

— Өй, сен Сопыйаны қайда оңашалап барасың? Шық жекпе-жекке! — деді атын тебініп.

— Шықсаң, шық! — деді Тазабек те қарсы тебініп. Тебінісе жақындап, екеуі құшақтаса кетті.

— Бармысың, ей, бауырым?! Бір-бірімізбен қанжығада көрісетін күн туды ма, не болды?— деді Қожақ дауысы бұзылып.

— Қайда көріссеңдер де, аман көріскендеріңе тәубә қылсаңдаршы, — деді әлдекім ту сыртынан:

Жомарт екен. Қолында қоқиған найзасы. Қарағай саптың ұшына темір қазық байлап алыпты. Шолаң қаққан батырларша әлгісін сілкіп-сілкіп қояды.

— Нағыз жау түсіретін батырға ұқсайсың, — деді Қожақ кекеткені де, қошеметтегені де белгісіз дауыспен.

— Тазабек құсап қорқып, мен алыстан атпаймын, жаудың дәл жанына барып, дәл жүрегінен шаншимын.

— Атың жарау екен, жанына барсаң, барып қаларсың. Бірақ барарың барып алып, қайта қаша алмай жүрме.

— Жауға шабуға жараған ат жаудан қашуға да жарайды.

— Міне бұл айтқаның — шындық. Сен шабудан бұрын қашуды ойлап ат қамдағансың.

— Айналып келгенде, сен менің жақсы ат мінгенімді де көре алмай тұрсың. Ал егер жақсы қатын алсам, онда жарылып өлетін шығарсың.

— Қойсаңшы, сен жеңілдің, — деді Сопыйа Қожаққа күле қарап. — Сенің шоқпарыңнан Жомарттың найзасы ұзын, атыңнан аты жүйрік, сенің алған қатыныңнан оның алмаған қатыны сұлу, енді жеңілмегенде, нең қалды?

— Әй, — деді Жомарт елең етіп, — сен қашан қатын алып жүрсің?

— Сен найзаңды қайрап жатқанда.

— Қылжақтамай, шыныңды айт, атпен ойнасаң да, қатынмен ойнауға болмайды.

— Сен ғой қатыныммен ойнап тұрған.

— Мынау не оттап тұр, ей? Қатының Сопыйа ма?

— Иә, дәп өзі, Жомеке, — деп, Сопыйа ат үстінде еңкейіп, сәлем салудың ишарасын жасады.

— Мынау жынды, ей, — деп Жомарт шиқ-шиқ күлді. — Біз орыстармен соғысып жүрсек, бұл олардың қызын алып жүр. Өстісем, жаным қалар деген қулығы ғой.

— Қалай ойласаң, солай ойла, Жомарт. Сен құсап қу тіземді құшақтағанша, орыстың қызын құшақтағаным артық.

— Әңгіме Қожақта емес, Сопыйада, Жомарт, — деді Тазабек сөздің тізгінін тартып. — Орыс қазақты қырып жатқанда, қазаққа келін боп жатқан Сопыйаның қылығы, қалай айтсаң да, адам сүйсінетін қылық. Құтты болсын, бақытты болсын! Мен де, құдай қаласа, жақын күндерде үйленейін деп жүрмін, әкем көзі тірісінде Тілеулі ағаның қызы Шәйіге құда түсіп қойған. Қайнатам мен қайнағамнан атыс кезінде көз жазып қалып, соларды іздеп келе жатыр ем, Сопыйа кездесіп қалды да, артынша сендер келіп, бөгеліп қалдым. Жүріңдер, бірге іздейікші!

...Ағынтайдың алдында ұзынынан сұлап жатқан Тілеуліні көргенде, Тазабектің жүрегі тас төбесіне шықты. Оң жақ қара санынан тиген оқ жамбас сүйегіне жетіп тоқтапты. Қуғыншылардың қолына түспей, қайта бұл араға құламай жетіпті. Ем-домнан хабары бар Сімтік дейтін шал тоқым күйдіріп басып, қанын әзер тоқтатыпты. Ағынтайдың жейдесін жыртып жіберіп, сонымен санын таңып жатқанда қарт көзін ашты.

— Ағынтай! — деді көзімен баласын іздеп. — Мені тездеп үйге жеткіз, балам!

Қарттың беті әрі емес, бері қарай бастапты: бір сәт ыңыранып, бір сәт тыным тауып, әйтеуір, тірі екенін білдіріп жатты.

— Оқты сорып алатын емеген, не тіліп алатын оташы тапсаңдар, тәуір болар еді, — деді Сімтік Ағынтайға қарап. — Асқындырып алмасаң, әкең бұл жарақаттан өле қоймайды.

— Менде йод бар еді, — деп, Сопыйа атынан түскелі жатқанда, әлдекім:

— Ойбай! — деп барқ ете қалды. — Жотаға қараңдаршы!

— Е, көш қой, не көрінді сонша? — деді жылдамдау біреу жекіп.

— Көштің алдында ақ ту көтерген көк аттыға қараңдаршы: ер-тұрманы түгел күміс, күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Ақ ту көтергені — біз бейбіт адамбыз дегені. Тұрқы біздің жақтың адамы емес-ау. Алыстан келе жатқан болар.

— Төһ, үлкен көш екен, тегі! Тең артқан түйесінің өзі қырық шақты. Таудың қапталы толған мал, бір болыс ел бір-ақ көтерілген болу керек.

— Ойбай! — деді манағы барқ еткен дауыс. — Қыратын болды! Алдынан әтірет шықты.

— Өй, бейбіт көшті неге қырады?

Жотаға шыға келген топ аттыны сайға тығылған бұлар да, көшіп келе жатқандар да бір сәтте көрді. Көш бастаған көк атты сәл бөгелгендей болды да, ақ туын тастай беріп, екі қолын көкке соза шалқалай барып құлады. Мылтықтың пырс еткен үні Тазабектерге сонда жетті. Бәрі шу ете қалды. Жапатармағай қарсы беттегі қарағайға қарай қашты.

— Енді қайттік? — деді Ағынтай алақтай сасып.

— Атамды маған әперіңдер! — деді Тазабек атына қарғып мініп.

Ағынтай мен Жомарт қартты жерден қос қолдап көтеріп алды. Сопыйа да сүйесті. Тілеулі тістеніп, дыбысын шығармай шыдады. Тазабек оны құндақтаулы балаша құшақтап, алдына өңгеріп алды. Жота жақтағы тырс-тырс, пырс-пырс, шыңғырған, қылғынған дыбыстан аспан төңкеріліп келе жатқандай еді. Қаңғыған оқтың дыбысы ызыңдап, тиген оқтікі тұншығып шығатынын Тазабек білетін. «Қырды-ау! Қырылды-ау!» — деді жаны түршігіп. Қалған жұрттың қайда қашып тығылғанын бір құдай білсін, бұл араны бес саусағындай білетін Тазабек қарағайға іліккен соң, «тура жүр», «оңға бұрыл» деп отырып, ақырында бұларды дәу жартастың жалпақ төбесіне әкеп шығарды. Тілеуліні жерге түсіріп, сол арада Сопыйа жарақатын қайта қарап, қайта таңды.

— Санын тіліп, оқты суырып алсақ, жақсы болар еді, — деді. — Әйтпесе іріңдеп кете ме, кім біледі?

— Сен тілесің бе? Қорықпайсың ба? — Тазабек бетіне күмәнмен қарады.

— Атам атқан оқтан қорықпағанда, мен тыныш жатқан оқтан қорқам ба? Менде тек құрал-сайман жоқ.

— Оны қайдан табамыз?

— Жалаңашта Сергейчук деген пелшір бар. Өзі келіп қараса, тіпті жақсы. Келмесе, құрал-сайманын бере тұрар.

— Онда атамды әуелі үйге жеткізейік. Сонан соң Жалаңашқа екеуміз барып қайтайық.

— Жоқ, Тазабек, сен әуре болмай-ақ қой. Сопыйаны өзім апарып қайтайын. «Сен кімісің?» — десе, мен «күйеуімін» дермін, ал сен сөз таба алмай қалып, бекер күдік тудырып алып жүрерсің.

— Ойпырмай, сені мұндай қызғаншақ деп кім ойлаған?

— Қызғанайын, қызғанбайын, келіншегімнің бөтен еркекпен кетіп бара жатқанына қалай жайбарақат қарап тұрармын?

— Болды-болды! — Сопыйа ақырын ғана Қожақты иығымен қақты. — Қылжақты қоя тұрып, әуелі жаралы адамның жағдайын ойласаңдаршы.

Тазабек дереу өз ойын айтты:

— Жомарт екеуміз қарағайдың ішінен екі-үш сырық тауып әкелейік те, содан көтергі жасайық. Сонда атам да, біз де қиналмаймыз.

— Бірақ байқаңдар, — деді Сопыйа қарттың қасынан берірек келіп. — Мыналар Фон-Бергтің баскесерлері болар. Онымен ойнамаңдар. Ол жауыз сайдың аузын бағып жатуы мүмкін.

— Беркің кім? — Тазабек түкке түсінбей, Сопыйа мен Қожаққа кезек-кезек қарады.

— Менің қазақ ішіне біржола келуіме, шынын айтсам, сол Берг себеп болды. «Жаман сырын айтам деп, шынын айтады» дейді ғой; егер Қожақ ренжімесе, айтып берейін.

—  Айта бер, елден естігенше, өзіңнен естісін.

— Сіздер білесіздер ме, білмейсіздер ме, менің Қожаққа қосақ болғаныма бір-ақ күн өтті.

— Міне қызық! — деді Жомарт күліп. — Мен бұларды баяғыда үйленіп алған деп жүрмін ғой. Бірге жүреді, бірге жатады, қайдан білейін?

— Өтірік айтпа, Жомарт. Бірге жүрдік, бірақ бірге жатқан жоқпыз.

— Орыстар үйленгенше де өйтіп-бүйте береді дейді, қайдан білейін?

— Мынаған қой дейтін біреу бар ма, жоқ па? Адамға, тегі, ауыз аштырмады ғой.

— Қой, ей! Атамнан ұялсаңшы! Берік деген бәленің кім екенін білейік те.

— Тазабек аға, оның әкесі де, өзі де осы Жәркент жақта қызмет жасап келе жатқан адамдар. Фон-Берг дегеніне қарағанда, арғы түбі таза орыс та емес шығар. Кеше ертеңгісін әкем сырттан сұп-сұр боп келді. «Кеше қазақтар Башарин мен Зубковтың омартасын талқандап, өздерін өлтірмек бопты. Бәрі үй ішімен тоғайға тығылып аман қалыпты. Олар бізге де тиісуі мүмкін. Башаринге барып, анық-қанығын өз көзімізбен көріп қайтайық», — деді. Әкеме ағам екеуміз ілестік. Барсақ, ауласы толған әскер. Санадым. Бергтің өзін қосқанда, барлығы жиырма тоғыз адам. Берг екі көмекшісімен бірге Башариннің қасында отыр екен. Әкем жағдайды сұрап еді, сол-ақ екен, ал кеп Берг ағытылды дейсің, құдай сақтасын, ондай мақтаншақты өмірімде көрген емеспін. «Мені ротмистір Кравченконың өзі жұмсады, — деді, дәп бір ақ патшаның өзі жұмсағандай. Даусы да барабанның қуысындай дүңкілдеген бірдеме екен. «Орыстардың омартасын қиратып, өздерін ұрып-соғып жатыр екен қазақтар. Барып быт-шытын шығар!» — деп бұйырыпты Кравченко. Содан Қарқарадан шығып, түнгі бірде Талдыбұлаққа жетіпті. Түнгі екіде қазақтардың қарауылына кезігіп, оны атқылап қуып тастапты. Кәдімгі қан майданда жүрген жауынгердей мақтанады. Сөзіне қарасаң, қазақ пен орыстың арасында қырғын соғыс жүріп жатқандай. Таңғы бесте Түп өзенінен өтіп, бір ауылдың үстінен шығады. Ауылдың шетінде екі қарауыл тұр екен, екеуін де атып салады. Ол қарауыл ма, жай тұрған адам ба, анығын бір құдай білмесе, ешкім білмейді. Өйткені ол екеуі Бергке еш қарсылық көрсетпеген. Берг олардың қасына бармаған да сөйлеспеген, көрген бетте атқан да тастаған. Берг пен олар бір-біріне соғыс жариялаған екі мемлекеттің адамдары сияқты. Әлгі екі қарауылдың өлердегі айқайынан ауыл оянып, бұларға қарата бейберекет оқ атыпты. Бергтің нөкерлері уралап ауылды шауып, таңғы бесте тәтті ұйқыда жатқан қазақтың елуін қырыпты. Өзі «қазақты өлтірдім» демейді, «көтерілісшілерді өлтірдім» дейді мақтанып. Оның көтерілісшілері, көрдіңіз бе, ауылда бейқам ұйықтап жатқан қазақтар. «Қалғаны үй-жайын, мал-мүлкін тастап, тауға қашып кетті», — деді беті бүлк етпей. Қарусыз қатын-бала тауға қашып кетпегенде, қайда қашып кетеді енді? Қайта таудың пана болғанына шүкір! Жыным келгені сондай, зығырданым қайнап зорға тыңдадым. Кәдімгі өзі тектес қарулы әскермен соғысып жүргендей бөсті: «Сол шабуылда Айса деген тараншы ерлік жасап, екі көтерілісшіні тапаншаман жайратып салды», — деп соқты. Қарусыз қазақты жайратып салғанды да ерлік санаған ессізге не дерсің?!

— Олардың ішінде тараншы қайдан жүр? Қазақта оның қандай кегі бар екен?

— Оны мен қайдан білейін, Жомарт. Бергтің айтқаны солай. Ол ауылды қырып салғаннан кейін Түпті құлдай келіп таңғы сегізде тағы бір ауылға тап келіпті. «Әлгі ауыл бізді көріп, найзаларын ұстап бізге қарсы шықты», — дейді Берг. Мұның көтерілісшілері, көрдіңіз бе, шетінен өз ауылында тыныш өмір сүріп жатқан қазақтар болып шығады. Әскерін екі топқа бөледі де, ауылды қоршап алып қылыштап қырады. «Сол қолма-қол шайқаста сексенін өлтіріп, он екісін жараладық», — деді қысылып-қымтырылмай. «Қолма-қол шайқаста», — деді ұялмай, тап бір қазақтар да қылыш ұстап қарсы шыққандай. Айтуынша, мұнда да «қалғандары» тауға қашып құтылыпты, үйлерін өртепті, бірақ ол үйлердің бала-шағасы мен қатын-қалашы қайда кеткені жайында аузын ашпайды. Қарқараға қарай беталып келе жатқан жолда өз қолымен тағы төрт адамды атып өлтіріп, он үйді өртеп, Башаринге қайта келіп отырған кезі екен.

Мен шыдамай кетіп: «Үйлерді өртегенде, ол үйдің бала-шағасы мен қатын-қалашын қайда жібердіңдер? Оларды да өртеп жібердіңдер ме?» — деп едім, Берг орнынан ұшып түрегелді. «Жауда бала-шаға, қатын-қалаш деген болмайды. Немене, жаның ашып отыр ма?» — деді түкірігі шашырап. Мен де орнымнан ұшып тұрып: «Өзіңізбен соғыс даласында кездескен жаумен емес, Ресейдің өз жұртын, өз халқын өз ауылында, өз үйінде ұйықтап жатқанда қырып салғаныңызға сонша мақтанғаннан ұялмайсыз ба? Тым құрыса, бір адамыңызды атып өлтіріп, сол үшін оларды қырып салсаңыз, онда мен сізді түсінер едім. Ал, айта қойыңызшы, сонша адамды қандай себеппен қырып салдыңыз?» — дедім. Қалшылдап, қолын екі-үш рет наганына апарып қайтарып, апарып қайтарып, не істерін білмей, әбден долданды. Ақырында: «Уһ! Сатқын қаншық!» — деді басын кекжите сілкіп. «Тарт тіліңді, тұрпайы! Әке! Аға! Сендер де осы жауызды жақтап отырсыңдар ма? Жазықсыз, қарусыз халықты қырып салғанына мақтанған мыналар орыстың жауынгері деген аттан садаға кетсін!» — дедім де, үйден шығып жүре бердім.

— Әй, айналайын Сопыйажан-ай! Сен сөйтпесең, Сопыйа болармысың?! — деп, Тазабек құшақтай алды. Көзінен жас та шығып кетті.

— Міне, батыр деп осыны айт! — деді Жомарт күліп. — Ал әкең мен ағаң қайтті? Ананың қасында қалды ма, жоқ сенімен бірге кетті ме?

— Екеуі артымнан қуып жетті. «Қай жерде қалай сөйлеуді білмейсің. Өз мемлекетіңе өзіңді қарсы қоясың. Оны да, Кравченконы да мемлекет жұмсамағанда, кім жұмсады ғой деп ең?» — деп әкем сөкті. «Енді бізді Кравченко да, қазақтар да қорғамайды, босқа қырыламыз», — деп ағам ұрысты. Қысқасы, енді маған бұл үйде бейбітшілік жоқ екенін түсіндім де, бір киерімді үстіме іле сап, «Қожақ, қайдасың?» — деп тарттым да кеттім.

— Әке-шешең Қожаққа тиіп алғаныңды біле ме?

— Білуі де, білмеуі де мүмкін. Қорадан шығып бара жатқанымда шешем: «Әй, қайда барасың?» — деген. «Қазақтарға» — дедім. Оны қалай түсінгенін қайдан білейін. Міне, Жомарт мырза, Қожақ екеуміздің кенет табысуымыздың құпиясы осылай.

— Е, Берік зәлімнің пайдасы жалпы қазаққа тимесе де, Қожаққа тиген екен.

— Жаңағы бейбіт көшті қырып салған да сол. Ол — Кравченконың осындағы қолшоқпары. Ертең ол, сөз жоқ, ақ ту көтерген бейбіт көшті емес, қалың көтерілісшіні қырып салдым деп мақтанады. Одан өте сақ болыңыз, Тазабек аға. Қазақтардың  қарағайға тығылғанын көрді, одан қайткенде де бір шығатынын ол бәле біледі. Бір жерде бұғып жатпасын.

— Біз де бұғынып барып байқармыз. Көтергі болмаса, атамды атпен алып жүре алмаймыз ғой.

* * *

Бұғына-бұғына, сақтана-сақтана сайдың табанына түскен соң, тым ашыққа шықпай, Тазабек пен Жомарт шоқ-шоқ бұтаның қалқасына тығылып, біраз тың тыңдады. Күдік шақыратындай ештеңе естілмеді.

— Қарағайдың ішімен жоғарылап байқайық, — деді Жомарт. Екеуі қайтадан қарағайдың ішіне кірді. — Берік деген бәле Талдыбұлақтың төңірегінде тірі жан қалдырмады. Оларды да қырып кеткен бе әлде көшіп кеткен бе, Кемелбайдың да құры жұрты жатыр.

Ол сөздің өзіне арналған хабар екенін Тазабек бірден түсінді.

— Бәлкім, ағайын-туыстарын сағалап кеткен шығар?

— Мен де солай жорамалдадым. Дәнекердің төркіні Тасашы жақта ғой. Жөн сұрайтын тірі пенде табылмады. Тапсам, сенен шүйінші алатын едім.

— Жарайды, ескі жараның аузын тырнап қайтесің? Қалжыңдаймын деп, Шәйінің жүрегін ауыртып аларсың.

— Оңашада есіңе сап қойғаным ғой әншейін. Өйтпесем, қылт еткенді қағып кетесің ылғи.

— Менің аяғым байланды, енді бәрі сенікі.

— Иә, қарық қылдың. Қазір бәрі — бұлыңғыр дүние. Қатын алмақ тұрмақ, жан сақтаудың өзі қолымыздан келе ме, келмей ме, бір құдай білсін.

— Тоқташы!

— О не?

— Тыңдашы! Құлағыма бір дыбыс шалынғандай болды.

— Иә, біреу ыңырсиды. Мына арада.

Ұшқат пен қарақат ұйысып өскен жыңның түбінде қамқа бешпентті жап-жас жігіт қан-жоса боп жатыр екен. Оң қолтықтан қылышпен шауыпты. Тұқыл иықтан аққан қан белуарына дейін ұйып, бозөкпеше бөгіп қалыпты. Тазабек атынан түсе сап тамырын ұстап, кеудесін тыңдады.

— Жаны бар! — деді қуанып. — Шап, Жомарт, Сопыйаны алып кел!

— Өзің шап, мен ол араны таба алмаймын.

Тазабек жанұшырып асыққанымен, Сопыйа мен Қожашты алып жеткенінше жас жігіт бақилыққа жүріп кетіпті.

— Қансырап өлген, — деді Сопыйа ары-бері қарап. — Сәл ертерек тапқанымызда, аман алып қалғандай екеміз. Бәлкім, бұдан басқа біреулерге көмегіміз тиер, беткейге дейін барып көрейік.

Әуелде үркектеп, жалтақтап, біраздан кейін ептеп үндері шыға бастады.

— Ойпырмай, төңірек тып-тыныш қой! — деді Қожақ жота жаққа күн сала қарап. — Тегі, түк болмағандай.

— Ойбай, әне жатыр!

Бәрі Жомарт жаққа жалт қарады. Үйме-жүйме тоғыз өлік теңнен шашылған мүлікше теңкиіп-теңкиіп жатыр екен. Атпапты. Бірін қылышпен басынан екі-үш шапқылап, бірін мылтықтың істігімен әлденеше шаншып-түйреп өлтіріпті. Өліктің бірде-бірінің қолында иә маңайында не шоқпар, не найза, тым құрыса, бақан да жоқ, тек шеткі жатқан жігіт қамшысын қолынан шығармай сұлапты. «Тоғызын да бір-ақ солдат өлтірді ме екен? — деп ойлады Тазабек. — Қашып бара жатқан жұртты артынан қуып жетіп, бірінен кейін бірін құлатқан-ау?!» Атының басын тартпай, меңіреу адамша кете берген екен. Кенет аты тоқтай қалған соң, ес жиып, атының аяқ астына қарады да, біреу мыйына ине шаншып алғандай шіміркеніп кетті. Шошына түршікті. Тап алдында екіқабат әйел ат-көрпесімен жайрап жатыр екен. Қолтықтан қиғаштай шапқан қылыш әйелдің ішек-қарнын ақтарып тастапты. Қан-жынға араласып жатқан шарана шақаны көргенде, ыңырана өкіріп жіберді.

— Жауыздар-ай! — деді үнінің шыққан-шықпағанын өзі де естімей. Үні көмейінен емес, жүрегінен шыққандай болды. Көзі бұлдырап, бет алды көрінбей, әлденеден, әлдекімнен көмек іздегендей жан-жағын қарманып, ат үстінде теңселе шайқақтап кетті. Бір адамы өлсе, бүкіл ауылы бауырымдап жылайтын қазақ қынадай қырылып жатқанда неге үнсіз? Бәрі өлген бе әлде намысы өлген бе? Намысты өлтіретін не, үрей ме? Үрей сонда өлімнің өзінен де үрейлі ме? Шынында, тірі өліктің тартар азабы шын өліктен әлдеқайда ауыр, әлдеқайда зор шығар? Содан, сірә, өзінің де көзінен жас шықпай жылап келе жатқаны?! Бірақ мынандай жауыздыққа бақырып жылағаның жауап бола ма? Оған жауап — тек кек алу. Тебінді ме әлде тізгінін тартты ма, аты, әйтеуір, өлік-өліктің арасымен осқырына желіп кетті. Бүкіл беткей жайраған өлік. Көбін басынан, кеудесінен, кейбірін ішінен, бірен-саранын төрт-бес жерінен шапқылап, түйреп, туралап, ит тартқылаған тулақтай дал-дұлын шығарып тастапты. Айтса, адам нанбайтын, көріп тұрып, көзің сенбейтін сұмдық! Осыншама орыс өшігетіндей, мұншама кектенетіндей бұл байғұстардың не кінәсі бар еді? Еркекті еркек деп, қолына қару тисе, қарсылық көрсетеді деп қырсын-ақ,  ал әйел-ананы қылыштап өлтірген әскер қандай әскер? Оны адам деуге кімнің аузы барады? Жендет! Жай жендет емес, қанішер жендет! Қазақ болғаны үшін ғана қырылып жатқан қайран қыршындар! «Ат!» — деп Берік жауыз бұйрық берсін-ақ, алдында әйел тұрғанын, оның жүкті екенін көрген соң, қылышы қолынан түсіп кетпеген қандай хайуан? Оның несі жауынгер? Әйелді жау санап, оған мұншама жауығатындай не күн туды бұлардың басына? Жер бетінен қазақ атаулыны жоқ қылуды мақсат қылғандары көрініп тұр. Әйтпесе әскер деген өзіне қарсы шыққан әскермен ғана соғыспай ма? Бейбіт жұртта, кемпір-шал мен бала-шағада не әкесінің құны бар?

Тазабектің мыйы да, сезімі де тас боп қатып қалған сияқтанды. Кейбір өлікке көз салмай да өтіп бара жатты. Көре-көре көзі де үйреніп, шошына-шошына жүрегі де шаршап, көңілі де көндігіп, өлген адамға енді өзі де өлі көзбен қарай бастағандай. Қалай өлтіргілері келсе, солай өлтіре беріпті. Құмары тарқап, айызы қанғанша қырыпты. Біреуін де жемей, қойды тек қыра беретін қасқыр болушы еді, қылықтары қандай ұқсас?! Жазықсыздан-жазықсыз қаншама ғұмыр, қаншама тағдыр тапа-тал түсте қиылып түсті?! Оны кім санайды, кім сұрайды? Құдай бұларға неге мұншама артықшылық берген? Қазақтың қай күнәсі үшін? Момындығы, өзін өзі қорғай алмағаны үшін бе?

Үрей өлген адамның көзіне тығылып, жанарының ішіне кіріп өледі екен. Қай адамның қалай өлген сәтін көзіне қарап түсінесің. Бәрінің көзі шарасынан шыға жаздап шатынап, бірақ ол шығып үлгергенше, адамның жаны шығып үлгереді екен. Әр өлікке қараған сайын өзің де бір өлесің. Әр өліктің жанарында өлген сәтінің суреті сіресіп тұр. Мынау шал өзін өлтіргелі жатқанына сенбей тұрып-ақ өліп қалған сықылды. Бөркі бір айдалада, өзі бір айдалада жатыр. Құлақ шекеден шапқан қылыш бас сүйегін құлағымен қоса қақ бөліп тастапты. «Маған не болды?» — деп, не болғанын аң-таң жанары сенен сұрап жатқандай. Кемпірі шалына қарай қолын соза сұлапты. Мені қорға деді ме екен әлде өзің қорған деді ме екен, бейбақ? Қалай болғанда да, қолы ұзын ақ патша бұл кемпір-шалды Мыңжылқының жотасында қуып жетіп, ақыры жазалапты. Оларды Берік өлтірді ме, Беріктің шерігі өлтірді ме, бұйрық ақ патшаның аузынан шыққан соң,  бәріне сол кінәлі.

— Бірде-бір тірі қалғаны жоқ! — деді Қожақ таңдана күрсініп. — Жаралы болғанның бәрі қансырап өлген.

Тазабек атының басын тартты. Өзгелер де тоқтады.

— Өліктерді санап шықпасақ, енді аралап қайтеміз? Бұл көргенімізді ұмытсақ, бізді ата-бабамыздың аруағы да ұмытар. Қайтайық.

Бұлар қозғала бергенде, Сопыйа:

— Тоқтаңдаршы! — деді ентігіп. Бәрі жалт қарасты. — Мына қырылып жатқан өліктердің қасында тұрып өтінем: мені бұдан былай орыс демеңдерші! Бүгіннен бастап мен қазақпын. Қожақ қабылда десе, мұсылмандықты да қабылдаймын. Қазақтың келінімін. Қожақтың қатынымын. Албанмын. Софья да емеспін, Сопыйамын. Мен білсем, қазақтың көретіні әлі алда. Талдыбұлақтың поштасында отырғанымда өз құлағыммен естідім, қазақ пен қырғызды жазалау үшін, Жәркенттен, Верныйдан, Тәшкенттен, Пішпектен күнде жәрдем сұрап жататын. Кәзірдің өзінде қазақтың көргені мынау болса, ол жәрдем келіп жеткенде күні не болады? Сондықтан Қытайға қашу — өлімнен қашу. Менің ойымша, қазаққа аман қалудың одан басқа амалы қалған жоқ.

* * *

Тілеуліні Орта Меркіге жеткізгенше қас қарайды. Ертесі Жалаңашқа баратын болғандықтан, Қожақ пен Сопыйа сонда қонды да, Тазабек түнделетіп Жомарт екеуі Екі Ашадағы өз ауылына келді. Шешесі мен Жәмеш әлі ұйықтамапты, бұлардың дүбірін естіп, қарындасы далаға жүгіріп шықты.

— Бір кетсең, мол кетесің, қайда жүрсің? — деп, шыға бас салды. — Апам екеуміз сені уайымдап өлетін болдық. Мен: «Шәйінің ауылында қасынан шыға алмай, шыр айналып жүрген шығар», — деймін, апам Қарқараға барып, бірдемеге ұрынып қалды ма деп қорқады. Сенің қайда жүргенің біз үшін біліп болмайтын жұмбақ.

— Апаңдікі де, сенікі де дұрыс. Қарқараға да бардым, Шәйінікінде де болдым. Әңгімемді үйге кірген соң айта жатармын, алдымен ана Жомарт ағаңмен амандассаңшы.

— Ой, аға, амансыз ба? Өз ағамды аман көргеніме қуанып, сізге тіпті қарамаппын ғой.

— Қызды қарататындай қасиетіміз болмаған соң, біз байғұс кімге өкпелейік?

— Ойбай, Жомарт ағамды өкпелетіп алыппын, енді қайттім? Өкпелемеңізші, бұдан былай ең алдымен сізбен амандасам.

— Тазабекті құшақтағандай, құшақтап амандас.

— Мақұл, сөйтем.

Тілеулінің жағдайын естіген соң, Қалиша қатты мұңайды.

— Алда құдай-ай, нағып бізді шыр айналдырып кетті? Шәйіні жуық арада тағы түсіре алмайтын болдық қой?! Жәмеш, самаурыныңыңды қой, Жомарт балам шай ішсін.

— Апа, мен Жәмешке өкпелеп отырмын.

— Неге, көңіліңе келетін сөз айтып қойды ма?

— Қарқарада Тазабек алыстан тиетін мылтық алып шапса, мен жанына барып шаншитын найза ұстап шаптым. Одан гөрі менің өмірім қауіпті болды. Бірақ Жәмеш өз ағасының аман келгеніне қуанды да, маған қуанбады. Сол дұрыс па?

— Онысы дұрыс болмапты. Әй, Жәмеш, Жомарт ағаңның өкпесін жаз, қант-майыңды шығарып, жақсылап шай бер.

— Сөйтем, апа, сөйтем. Сойталдай адамның өкпесі де сойқандай болады екен, тегі. Үйге кірмей жатып айта бастап еді, әлі бітер емес. Жомарт аға, өкпелей бермеңізші, ағамның қасында аман жүргеніңізді апам екеуміз де тілейміз.

— Енді мына сөзіңнен кейін өкпем тарқады. Енді Тазабек екеумізге оқ тимейді: қыздың тілегі құдайдың құлағына еркектердікінен тез жетеді.

Тазабек мырс күліп жіберді.

— Оны қай кітаптен оқыдың?

— Оқығандардан естідім.

 «Осы бәленің қарындасыма қырындағысы бар ма?» деген күдігі қылт ете қалды да, өршімей өше қойды. Ертесі екеуі түс ауа Орта Меркіге қарай шықты. Жолда Жомарт: «Жәмеш қарындасың тым ерке, ә?» — деді. «Ым-м», — деді де қойды Тазабек.

Қожақ пен Сопыйа Жалаңаштан тым кеш оралды.

— Неге кешіктіңдер? — деді Жомарт олардың аттан түскенін күтіп жатпай.

— Ойбай, Жөке, қайта аман қайтқанымызға қуан. — Қожақ тұрғандарға қол беріп амандаса жүріп жөнін айтты. — Оларың нағыз оңбаған орыс болып шықты. «Ол қайда жүріп жараланған қазақ? Орыспен атысқан қазақ болса, сенің неге оған жаның ашып жүр? Қасыңдағы мынауың кім? Байың ба? Қазақтан бұрын сенің өзіңді атып өлтіру керек!» — деп, Сопыйаның өзін сөге жөнелді.

— Құрал-сайманын берді ме? — деді Тазабек тыңдай беруге шыдамы жетпей.

— Бермеді, — деді Сопыйа сұрланып. — Мен олардың сұрқынан шошыдым. Әнебір едіреңдеген екі інісі адамды өлтіре салудан еш тайынбайды. «Ол қазағың Орта Меркінің қай жерінде отыр?» — деп қадалып сұрағанынан сезіктендім. Түрлері де, сөздері де сұрқайы. Бұл арадан дереу көшу керек.

— Оғын алмасақ, қалай көшеміз? — деді Ағынтай Сопыйаға жәутеңдей қарап.

— Байқаймын, бұл оқтан атама төнген қәуіп жоқ. Өйткені іріңдемеді. Күйген киіз басқаннан болу керек. Сүйек пен еттің арасындағы оқ қарақотырланып жазылып кететін шығар.

— Ойбай-ау, оқты алып тастамаса, өз-өзінен қалай жазылып кетеді?

— Құлантаза жазылып кетпесе де, жанын күнде қинай бермейді, аға. Оқты алып тастасақ, әрине, жақсы болар еді, бірақ оған құрал-сайманымыз болмай тұр ғой.

   — Тәуекел, мен ертең Қарабелдекке барайын, — деді Тазабек. — Сонда қырғыз оташы бар, қолынан бәрі келеді дейтін. Соны тауып әкелейін.

— Елден естуімше, қырғыздың жағдайы қазақтан да жаман. Сондықтан барсақ, топтанып бәріміз бірге барайық, — деді Сопыйа. — Әйтпесе: «Қырғыздармен сөз байласуға келген қазақсың», — деп, не қамап, не атып тастауы мүмкін. Ал араларыңда мен болсам, «Е, ішінде орыс әйелі бар екен ғой», — дейді.

Олар өстіп сөз саудаласып тұрғанда, үйден Шәйі шықты.

— Әкем бәріңді үйге кірсін деп жатыр.

Арыздасқалы жатқаны ма деп, Тазабек шошып кетті.

— Бір жерің ауырып жатыр ма? Балаларды жайша шақырдың ба? — деп, Әжікен де сезіктенгеннен бәйек болды.

Қарт басын шайқады. Сонан соң ауырсынып, біраз уақыт үнсіз көзін жұмып жатты.

— Тазабек! — деді кенет көзін ашып. — Шәйі екеуің жаныма келші! Әй! — деді Әжікенге иегін қағып. — Екі балаңның қолын ұстат! — Әжікен қызының қолын Тазабекке ұстатты. — Қалғаның қолдарыңды жайыңдар, қарақтарым! Кеште бар адам таңертең жоқ болатын заман туды. Өмекеңнің аруағы разы болсын, кеудемде жаным барда құда болайық деген өтінішін орындап, екі балама аталық батамды берейін:

А, құдайым оңдасын!

Пайғамбарым қолдасын!

Дәм-тұздарың елден бөлінбесін!

Ұл-қыздарың ағайыннан ажырамасын!

Құдай бір-біріңе мейір берсін!

Қосақтарыңмен қоса ағаратын ғұмыр берсін!

Жазықсыз жаладан, мезгілсіз қазадан сақтасын!

Қазақтың бақытты болған күнін көріңдер!

Халықпен бірге өсіп-өніңдер!

Әмин!

Бүгін қосылсаңдар да қарсылығым жоқ, қарақтарым. «Ораза-намаз тоқтықта» деген. Тоқтық заман туып жатса, той-томалаққа орын табылар. Қазірше, кемпір, қолдан келер кәде-сәдеңді істе де, екі балаңның басын қос!

Тазабек не істерін білмей, бір қызарды, бір бозарды. Қайтем дегендей, біресе Шәйіге, біресе Әжікенге жалтақтады. Ақырында:

— Ата! — деді дауысы сәл қырылдап. — Бата-ықыласыңызға рахмет! Кеудемде жаным барда Шәйіні жылатпаймын. Екі үйдің береке-бірлігін бөліп-жармай сақтаймын, ата!

— Дегеніңе жет, балам!

Одан ары не істеуі керегін Әжікен де білмей, шалы жаққа жалтақтай берді.

— Балалар кете берсін бе, жо тағы бірдеме дейсің бе?

— Ендігісін Жүзік екеуің жөнде. Қалишаға сәлем айт, дайындалсын. Сен де арқаңды кеңге салма, асық. Қытай аспасақ, енді мұнда тыныштық жоқ.

— Ойбай-ау, мына түріңмен қалай асасың?

— Ассам, асармын; аспасам, жаным шыққан жерге көміп кете беріңдер. Мен үшін емес, ана үш күшігімді аман сақтау үшін қашамыз. Мен үшін олардың өмірін қауіп-қатерге байлағанша, солар үшін мені құрбан етіңдер. Шәйіні құтты орнына қондырайық та, қозғалайық.

Таңертең Тазабектер Қарабелдекке кетті де, Шәйі мен Жүзік тағы малдарын жаюға шықты. Тілеуліні дәретке отырғызуға, әрі-бері қозғалтуға Әжікеннің шамасы келмейтін болған соң, Ағынтай әкесінің қасында қалды.

Жайбарақат жанында келе жатқан Жүзік кенет Шәйіні жеңінен жұлқып қалды.

— Жібек, анаң қара.

Нұсқаған жаққа Шәйі жалт бұрылды. Ақтоғай жақтан көш дейін десе, артқан үйі мен жүгі жоқ; мал айдаған жай адам дейін десе, бала-шағасы мен итін де ертіп алған бір шоғыр тура бұлардың үйіне қарай шұбап келеді екен.

— Орыстан қашқан қазақ қой, — деді Шәйі жобалап.

— Кім де болса бізді жақсы танитын біреу, — деді Жүзік те тез байымдап. — Аш мал әзірше ұзап жайыла қоймас. Жүр, апама қонақ күтісейік.

Босып келе жатқан Сұлтанбектің Әубәкірі болып шықты. Қарақолдың абақтысынан қашып шыққан бетте Сарықырда отырған үйіне соқса, бәрі Қытайға үркіп кетіпті. Жалғыз қалған қатын-баласын алып, үй-жайын тастап, малының да көбін қалдырып, Қытайға қашқандарды қуа шыққан беті екен. Әдеткі аман-саулық сұрасқан соң, жастығын биіктеткізіп, Тілеулі кеудесін көтеріңкіреп отырды.

— Өзгеден естісек, өсегі көп болады, өзің айтшы, Қарақолдың түрмесінен қалай шықтың? Қасыңдағы Жәмеңке қайда, Ұзақ қайда?

— Оның бәрі ұзақ әңгіме. Тыңдау сізге де ауыр, айту маған да ауыр. Қысқасы былай. Қарқарадан жаяу айдап апарған соң, Қарақолдың қамағында тура он күн жаттық. Он бірінші күні алты солдат келіп Жәмеңке, Ұзақ — үшеумізді кісенімізбен айдап шықты. Жәмеңке ауру, мен сүйемелдеп жүрдім. «Сұраққа алатын шығар. Сөзіміз бір жерден шықсын», — дедім екеуіне сыбырлап. Сот алдымен мені сұрады. «Жігіт беруге қалай қарайсың?» — деді тілмәш арқылы. «Қарсымын», — дедім. Ана екі шал естісін деп, әдейі айқайлап сөйледім. — Сендерден солдат алмаймыз деп, қаншама салық салдыңдар, қаншама жүн-жұрқа жинадыңдар, үстіміздегі үйімізге дейін алдыңдар. Жігіт беретін болсақ, солардың бәрін қайтарыңдар», — деп ем, «Бопты бұйамайт» деп, сот мені боқтап жіберді.

— О не дегені?

— Е, ит біле ме, Тіке? Сірә, әке-шешемді сыбағаны шығар? Әйтеуір, қатты ашуланды. Үстелді үсті-үстіне үш қойып қалды. Онысынан ықпадым. Ақыр бір өлім деп, аянғаным жоқ. Менен кейін Жәмеңкеге кезек келді. «Сен де жігіт бермейсің бе?» — деді мысқылдап. «Бермеймін деңіз», — деп ем, қасымда тұрған солдат мылтығының дүмімен мені бір түйіп қалды. Мен де оны бір қойып қалдым да, қолындағы мылтығын жұлып алдым. Шетімізден атып тастайды деп шошыса керек, бәрінің көзі бақырайып кетті. Бірі салдатқа ұрсып, екіншісі тілмәшке бірдеме айтып, аяқ асты әбігер болды да қалды. Ақырында тілмаш жалынып, мылтықты менен сұрап алды.

— Қап, біреуін атып салмағаныңыз-ай, аға! — деп қалды Ағынтай.

— Онда әлі бізді қырып салатынын білмедім ғой. Білсем, ақыр бір өлім деп, сөйтер едім. «Бала бересің бе?» — деді сот қайталап. «Мен 75-тегі шалмын, — деді Жәмеңке. — Берем деп уәде қыла алмаймын. Біреудің баласы тұрмақ, билігім өз балама да жүрмейді». «Неге жүрмейді? Қазақ үлкенді сыйлайды ғой. Бергіз!» — деді сот жекіп. «Сен үлкенді сыйлап жетістіріп отырсың ба? Олар да үйреніп жатқан жоқ па сенен? Беретін балам жоқ. Бермеді десең, менің шандыр мынауымды кесіп ал да, пісіріп же!» — деді бұтын қос қолдай саптап. Тілмәш әлгі сөзін аударған соң, сот боқтап, үстелді тағы тоқпақтады. Ұзақ бірден: «Бала бер десең, бізді босат!» — деді. «Босатуға бұйрық жоқ», — деді сот. «Ендеше абақтының ішінде жатып жиып беретін балам жоқ», — деп еді, сот тағы боқтап, тақтай еденді тепкілеп, бұлқан-талқан болды.

— Сұрақтарының сыйқы жоқ қой, — деп қалды Тілеулі жақтырмай.

Әубәкірдің зіркілдеген үні бірте-бірте Шәйінің құлағына жағып бара жатты. Анау-мынаудан ыға қоймайтын, айтатынын қаймықпай қай жерде де айтып салатын адам екенін сұсы мен тұрқы да аңғартып тұрғандай екен.   

— Содан үшеумізді қайта әкеп абақтыға тықты. Біраздан кейін бір салдат Жәмеңкеге құмырамен дәрі әкеліп берді. «Ішпеңіз! Андағы — у», — деп ем, Ұзақ тұрып: «Өйтіп бізге қастық қыла қоймас. Қорқытып қояйық деп, домбытқаны шығар», — деді. Ауруы жанына батқан соң шыдамады ма, Жәмеңке дәріні ішіп салды. Ішті де, дөңбекшіп кетті. Талмаурап барып, екіндіде көз жұмды.

— Жатқан жері жайлы болсын жарықтықтың! Жақсы адам еді. — Тілеулі бетін сыйпаған соң, бәріне қосылып Шәйі де сыйпады.

— Ертесі қанбоймен жүріп, Жәмеңкені мұсылмандар қорығына жерледік. Одан кейін тағы алты күн жаттық. Жанымызда жеті орыс жататын, біреуі — әйел. Әлгілерді «мұнапас болды» деп босатып жіберді. Түрмеде тек қазақтар қалдық. Түсте үш салдат есігімізге келіп: «Әубәкір батыр, патшадан сендерге мұнапас келді, сағат екіде шығасыңдар», — деді кекетіп. «Әй, тоқта! — дедім әлгілерге. — Ол мұнапасың бағана орыстармен бірге неге келмеді? Одан да екіде атамыз десеңші. Өй, әкеңнің аузын...», — деп салдым. Сонымен өлетініміз белгілі болды. Кәрібозды имам қылып бесін оқыдық. Ата-бабамыздың аруағына дұға қылдық. Бір кезде әлгі үш салдат тағы келді. Арса-арса есіктен бәрі көрініп тұр: бірінің қолында бесатар, екіншісінде бердеңке мылтық, үшіншісінікі тапанша. Келе сап темір есіктің тесігінен бізді атқылай бастады. Бұрқ-бұрқ, айналамызды көк түтін басты да кетті. Атып түрегеліп қалпағымды кигенше екі оқ арқамнан тиді. Айнала бергенімде, үшінші оқ сүбеме қадалды. Жандәрмен темір есіктің тасасына тығылдым. Қасымдағы алты адам алты жерде теңкиіп қалды. Ақыр өлдім дедім де, атқылап жатқан бесатардың ұңғысын шекпенімнің шетімен шап бердім. Төмен қарай тартып қалып ем, салдаттың шенелі қолыма қоса ілікті. Жұлқи тартқанымда, әлгі қорыққанынан бақырып жіберді. Ана екеуі келіп көмектесіп, мылтықты жабылып тартып алды. Салдаттың жыртылған етегі қолымда қалды. Үшеуі алды-артына қарамай зытты. Неге өйтті десем, түрмені өздері өртеп жіберген екен.

— Қап, құдай-ай, оқтан өлмегені отқа күйіп өлсін деген екен ғой?! — деп, Әжікен түршігіп кетті.

— Сол кезде Ұзақтың: «Ойбай, өкпемнен оқ тиді, — деген дауысы шықты. — Не де болса жарыққа шығып өлейік, бұзыңдар қабырғаны!» — деді. Ырғап-ырғап, босаға жақтан бір тақтайды суырып алдым. Тақтаймен ұрғылап жатып, есіктің төрт шегесін түсіріп тастап ем, зілдей неме сыртқа қарай шалқасынан түсті. Жұрт дүркірей далаға ұмтылды. Ұзақ, Сыбанқұл үшеуміз ең соңында қалдық. Сыртқа шыққан бетте қоршаған дуалға қарай ұмтылдық. Ұзақты көтеріп дуалдан асырып жібердім. Кісендеулі бес қырғызды тағы ары лақтырып жіберіп, ырғып өзім де дуалға шықтым. Етегімнен ұстай Сыбанқұл да шықты. Қарғып жерге түсе бергенімде, қарсы үйдің бұрышында бізге мылтық кезеп тұрған салдатқа көзім түсті. «Сыбанқұл, қарғы!» — дедім бақырып. Үлгірмеді. Ыңқ еткен үнін естідім. Оған сол арада оқ тиді. Ұзақты іздеп таба алсамшы. Әлгі өзім лақтырған бес қырғызды көрдім, бірақ Ұзақ жоқ. Көк ала түтіннің ішінен қашып шығып, бір ноғайдікіне кіріп кетіп ем, ол қақпасынан сүйреп шығарып тастады.

— Апырмай, кәпір екен-ау, ә?

— Кім біледі, Әжіке, ол да жанынан қорыққан шығар? Қашқынды паналаттың деп, бала-шағасымен қырып тастайды. Сонымен қойшы, әбден әлсіредім. Бір тобылғы таяқ тауып алдым. Сол да таяныш болды. Ажалымның жоқтығы шығар, бұзылған ескі қораға тап келіп, қараңғы түскенше сонда тығылып жаттым. Түнімен жаяу жүріп, Балпақ деген таныс қырғыздікіне таң ата азар жеттім. Ол оташы тауып әкеліп, үш оғымды соған алдырдым. Асқынып кетпесін деп, жауымның аузына мылтықтың дәрісін құйғыздым. Қырғыздар бір ат тауып беріп, аулыма келсем, ел-жұрт түгел Қытайға үркіп кетіпті. Қатын-баламды алып, енді міне өзім де солардың соңынан қуып барам.

— Үш оқтан аман қалғаның құдайдың қаққаны шығар. — Әжікен Әубәкірге сөйлеп отырып, көзімен шалының да бет-пішінін бір бақылап қойды.

— Жанды жеріме тимей, жаным қалып отыр ғой. Әйтсе адам бір оқтан да қалмайды.

— Біз де әне-міне кетеміз деп қопаңдап отырмыз. Тек ағаңның жамбасынан оқты алып тастайтын адам таппай, балалар алашапқын болып жүр.

— Кәне, аға, көрейінші жарақатыңызды. Қырғыз оташының сүбемнен оқты қалай алғанына қарап жаттым. Адам істегенді адам істейді. Маған көмектесетін бір адам қалсын да, қалғандар шыға тұрсын.

— Біз қазан көтере берейік, — деді Әжікен келініне ымдап.

Әкесі мен Әубәкірдің қасында қалған Ағынтай бір кезде жүгіріп шығып:

— Жүзік, үйге от жақ! — деді елпектеп. Өзі бір құшақ отынды үйге алып кірді.

Кешікпей шаңырақтан түтін шықты. Артынша Ағынтай тағы шығып, тағы бір құшақ отын алып кірді. Біраздан кейін үйден Жүзік те шықты.

— Не істеп жатыр? — деді Шәйі шыдамсызданып.

— Пышағын отқа күйдіріп жатыр. Оқты тіліп алатын сияқты.

— Ойбай-ай, өлтіріп алмас па екен?!

Сәлден кейін Тілеулінің тістене ыңыранғаны естілді. Артынша: «Ах!» — деп айқайлап жіберді. Содан кейін дабыр-дыбыр, күбір-күбір естілгенмен, сырттағылар бірде-бір сөзді анық түсіне алмады. Бір кезде  тағы «Ах!» деп ауырсынған дауыс шықты да, артынша дыбыр да, күбір де тыйыла қалды.

Бір кезде пора-пора болып терлеген Әубәкір самайын сүртіп сыртқа шықты. Шәйі жанына жетіп барды.

— Аға, не болды?

— Дұрыс болды. Әкең енді атқа шауып кетеді.

— Ой, ағатай-ай, сіздің келе қалғаныңыз қандай жақсы болды. Біз үшін құт болдыңыз, аға.

— Аузыңа май, айналайын! Бақытты бол!

...Көңілдері жайланған Шәйі мен Жүзік түс ауа қайтадан малдарына кетті.

Жүзік малдың шығыс жақ шетін қайырып, Шәйі батыс жағына шықты. Атын отқа жіберіп, өзі жалпақтау тасқа енді отыра бергенде, кенет батыс жақ қарағайдан сопаң етіп екі атты шыға келді. Олардың орыс екенін Шәйі асынған мылтықтары мен киім киістерінен бірден таныды. Қорыққанынан аяқ-қолы дірілдеп, Жүзікті шақырайын десе, тамағы құрғап, дауысы шықпады. Жалма-жан атына қарай жүгірді. Екі-үш аттай беріп сүрініп жығылды. Тұра беріп тағы сүрінді. Әбден үрей биледі. Сонда да сүріне-қабына атына жетті. Шылбырынан енді ұстай алғанда, бір орыс артынан келіп шап берді. Жалт қарап, ентіге дем алып тұрған жирен мұртты жас жігітті көрді. Күлгені ме, кіжінгені ме, тісін ақситып бірдеме деді.             

— Менің жазығым жоқ! — деді Шәйі өзінше орысқа залалы жоғын білдіріп. Ұрады екен деп, бетін көлегейлей бергенде, қолынан шылбыры сусып кетті. Еңкейіп, оны іле берем дегенше, екінші орыс келіп ту сыртынан қапсыра құшақтай алды. Мұртты жігіт ышқырынан әлденені суырғалы жатқан сияқтанды. Сірә, бауыздамақ болып, пышағын шығарып жатқан сықылды.

— Жүзі-і-к! — деді шыңғырып. Бұлқынып, арт жағынан құшақтаған орыстың қолынан сытылып кетті де, тағы атына қарай ұмтылды. Сол сәт дәл құлақ түбінен мылтық гүрс ете қалды. Қорыққанынан жерге жалп ете түсті. Жығылып жатып, әлі тірі екенін сезді. Оқ, байқауынша, жаны жылдам шыға қоймайтын жерінен тиген секілді. Екі орыс ұмар-жұмар жабыла бас салды. Бұған ба әлде бір-біріне ме, екеуі діңк-діңк сөйлейді. Ту сыртындағысы Шәйінің екі қолын артына қайырып, сілки жұлқып шалқасынан түсірді де, мұртты жігіт қарғып кеудесіне мінді. Көйлегін қақ айырып, етек киіміне қол салғанын сезгенде барып, оның ойы өлтіру емес, басқа екенін аңғарды. Жанталаса тепкілеп, тыпырлай бұлқынды. Қолын қайырған орыс күректей алақанымен ауыз-мұрнын бір-ақ қамтып, тырп еткізбей тұншықтырып барады. Жер, әлем — бәрі бұлдырап бара жатты. Балтыр жағы тыржалаңаш, мүлде қорғансыз қалды. Шарасыздықтан шыңғыра өксіді. Баж еткен Жүзіктің дауысы дәл құлақ түбінен шықты. «Әй, тиме оған! Маған кел! Мені істе, иттің баласы!» — деді ышқынып. Шатының арасынан жылымшы бірдемені сезгенде, «Кеш қалдың-ау!» — деді Шәйі өлімсірей өксіп. «Мейлі, өлтірсе, өлтірсінші!», — деді мына күйінен гөрі ажалды абырой санап.  

Шәйі өзінің өлі екенін не тірі екенін түсіне алмай, шалажансар күйде біраз жатты. Әлдекім айқайлап, алыстан мылтық атылғандай болды. Жүзіктің дауысы біресе жақындайды, біресе алыстайды. Жылап жүр, боқтап жүр. Тап жақыннан тағы тарс ете қалған мылтық Шәйіні оқыс тірілтіп жіберген тәрізденді. Басын көтеріп қалғанда, мұртты орысқа қамшысын көтерген күйі Жүзіктің ат-матымен омақаса құлап бара жатқанын көрді. «Жүзі-і-ік!» — деді дауысының шыққан, шықпағанын өзі де естімей. Өлу деген осыншалық оңай нәрсе ме еді деген сезім Шәйінің санасында бір жылт етті де, жалп сөнді: бүкіл тау, тас, қарағайымен қоса жалпақ сай құз тереңге қарай зырқырап құлап бара жатты...

Есін жиып, көзін қайта ашқанда, басын құшақтап жылап отырған Жүзікті көріп, Шәйі есінен тағы танып қала жаздады.

— Жібекжан! — деді Жүзік еңкейіп, кеудесімен бет-жүзін жаба құшақтап. — Сыр бермеуге тырыс, түрегел. Ағынтай мен Әубәкір аға бар жанымызда.

Қозғала беріп, Шәйі өзінің қолайсыз жағдайын қорлана сезді: санындағы жабысқақ сұйық тағы төмен сырғыды. Сылқ етіп жеңгесінің құшағына құлады. Өліп кетпегеніне өкінді. Өксіп, мұңын шаға жылады.

Сүйемелдеп Жүзіктің атқа мінгізгенін, сонан соң өзі артына міңгесіп құшақтап отырғанын, ағасының ат басын жетектеп келе жатқанын — бәрін Шәйі біліп келе жатты, бірақ соның бәріне есі бар адамша есін жыйып қарағысы келмеді. Бұдан былай бүкіл өмірі өстіп өлі мен тірінің арасында, есін білер-білмес жағдайда өтетін секілденді.

Ағынтай мен Әубәкір аттан қаумалап түсірген соң, Жүзік Шәйіні қолтығынан сүйемелдеп отау үйге енгізді. Оң жақ іргеге текемет төсеп жіберіп, дереу төсек салды да, киімшең жатқызды. Ол кезде Шәйі есін де жиды, ақылына да келді, бірақ есі бар, ақылы бар адамша басын көтеріп, төсектен түрегелгісі келмеді; ешкімді көрмей, ешкіммен сөйлеспей, бәрінен безініп, осы күйі үзіліп кеткісі келіп жатты. «Орыс масқара қылып кеткен мұны Тазабек енді не қылады?» Солай ойлағанда, өзінің қалай аңырап жібергенін аңғармай қалды:

— Апа-а-а!

— Құлыным-оу! — деп, Әжікен жығыла-сүріне жетіп бас салды. — Бұл қорлықты көрсеткенше, құдай мені неге алмады, жарығым-оу?! Адам аямағанды құдай да аямады, енді қайтем, құлыным-оу! Қолыма түссе, ол жендетті паршалап өлтірер ем, амал не?!

— Апа! — деді Жүзік жекігендей қатқыл дауыспен. — Ақырын! Әтиім естиді ғой. Сіз со кісінің қасына бара тұрыңызшы! «Аттан жығылып қалды» дерсіз. Алдын ала жамандық шақырмайықшы! Мен білсем, Жібекке жамандық жасап үлгермеді ол иттің баласы!

— А? Қайдан білесің?

— Көрген соң білем. Кішкене шыға тұрыңызшы, әуелі үсті-басын қарап шығайын.

Әлемтапырық өңіне кенет қан жүгіріп, Әжікен Жүзікке үміттене қарады да, үн-түнсіз шығып кетті.

— Жібекжан! — деді Жүзік есік жаққа бір жалтақтап алып. — Сен маған бәрін жасырмай айтшы, жаным. Мұртты орыс мен шауып жеткенше саған тиіп үлгерді ме, жоқ па, соны айтшы?

— Айтатын несі бар, көрдің ғой өзің: бәрін жыртып, бәрін сыпырып тастады, иттің баласы.

— Оны көрдім ғой. Оны айтпаймын, басқасын айтам. Бір жеріңді ауыртты ма?

— Білмеймін. Алысып жатып ауыртқан-ауыртпағанын сезгем жоқ.

— Сол алысып жатқандықтан, аман қалдың ба деп үміттеніп тұрмын. Өліп бара жатсаң да оны байқамауың мүмкін емес. Аман болғаның ғой байқамағаның.

— Өйтіп алдама, Жүзік. Санымның су-су боп кеткенін сезіп жаттым ғой?

— Саның су болса, бола берсін. Ана жағың... ауырмады ма, соны айтшы!

— «Жоқ!» — дедім ғой саған, жоқ!

— Онда құдай сақтаған екен, жаным. Аптыққан сорлы сыртыңа сүрінген болды. Ауырмағаны — аман қалғаның.

— Жүзік! Алдама мені! Қалай аман қалам?

— Солай, жаным, амансың. Енді көтер басыңды! Жасырып-жабатын ештеңе жоқ, Тазабекке бәрін өзім түсіндірем. Нанбаса, өзің көзін жеткізесің. Болды, қайта тәубә де құдайға. Әубәкір ағаны бүгін ауылға келтіре қойған құдайдан айналайын! «Ойбай, жоғары жақтан мылтық атылды!» — деп, Ағынтайдан бұрын со кісі ұмтылыпты. Сол аға төменнен мылтық атпағанда, ана екі орыс ештеңеден қаймықпай, сені де, саған қосып мені де масқаралап кететін еді. Ой, алла-ай, нанайын ба, нанбайын ба, бұдан аман қалармыз деп кім ойлаған!?

— Мен сенің аттан құлап бара жатқаныңды көрдім. Саған оқ тиген екен, енді құрыдық деп, талып қалдым.

— Мені атпағанда, атымды атты ғой деймісің? Құдай сені де, мені де бір сақтауын сақтады, Жібекжан. Енді Тазабектің бетін қақпа, қай күні әйел етем десе, ете берсін.

— Қойшы, айтпашы ондайды!

— Ол сен ойлағандай былғаныш бірдеме емес, жаным. Өле-өлгенше есіңнен кетпейтін өмірдің үлкен белесі. Соған іштей дайындал. Ата-бабаң мән берген нәрсеге сен де мән бер, Жібекжан. Жаным сол! Ақылдым!

— Жоқ, Жүзік, олай болмайды! Айтпа маған ондайды!

— Жібекжан, еркек әйелдің беріліп жақсы көргенін бірден бағалайды. Бірдемені бүгіп, жасырып жатқанын сезсе, өмірбақи сенбей өтеді. Сондықтан күйеуіңді жақсы көргеннен ұялма, қайта жақсы көре алмаудан ұял.

— Осының бәрін сен бәле апаммен ақылдасып алған шығарсың? Мен жүрмін ұялмай-қызармай, апам ештеңені білмейді деп.

— Келіннің енеге нені айтып, нені айтпайтынын көп ұзамай өзің де білерсің. Әзірше менің айтқанымды істей берсеңші.

— Сен залымсың, Жүзік. Бәрін күні бұрын ойлап, күні бұрын дайындап қоясың.

— Бұрынғылар айтады екен «Жақсының бір аты бар залым деген, Жаманның бір аты бар момын деген» деп. Залымның қолынан әйтеуір бірнәрсе келеді. Қалай да қарап өлмейді, өлсе де бір әрекет жасап өледі. Ал момыннан не үміт, не қайыр? Тұяқ серіппей, арам қатады. Мен залымдық жасасам, сенің бағың ашылса екен деп жасаймын, жаным. Оны мен жасамасам, басқа ешкім жасамайтынын және жасай алмайтынын жақсы білем.

Ендігі сөздің артық екенін ұғып, Шәйі жеңгесін құшақтап, бетінен сүйді.

— Ақылды залымым! — деді көзінің жасын сыға сыбырлап.

...Өздері мынандай күйге душар боп жатқанда, көзге шыққан сүйелдей болмайық деді ме әлде, шынында, қараңғылық түскенін күтті ме, Әубәкірдің үй іші кеш бата үдере қозғалды.

— Көміршіде кішкене аялдармыз, — деді Әубәкір Тілеуліге. — Қытай бізге қай құшақ жайып отыр дейсің? Малымызды сақтамасақ, жанымызды да сақтай алмаспыз.

— Жолың болсын! Тірі жүрсек, жолығармыз.

...Шәйінің жағдайы үрейлерін ұшырып, Тілеуліден өзгенің бәрі түнімен көз ілмей, таңға жуық қана талмаурап жығылған. Әкесінің үй сыртынан жөтелгенін естіп, Шәйі орнынан ұшып түрегелді. Әкесінің далаға өзі шыққанына қуанғанынан жүгіріп шыға жаздап, кешегі кесапат есіне түсіп, қалт тоқтай қалды. Шықса, бәрін әкесі бет әлпетінен біліп қоятындай көрінді. Жылап жіберем бе деп, өзіне де сенбеді. Сол сәт Тазабекті тағы есіне алды. Бәрінен бұрын ол қайтер екен? Орыс арамдады деп, алмай кететін шығар?

* * *

Бұлар жоқта бір тосын жағдай болғанын Тазабек Жүзік пен Шәйінің бет-жүзінен байқады. Бірдемені бүлдіріп алғам жоқ па дегендей, Жүзік Шәйіге әдеттен тыс жалтақтай берді. Ал Шәйі оған білінер-білінбес қабағын түйеді.

— Әпке, қайта-қайта Шәйіге жалтақтай бересіз, екеуің бірнәрсе жоғалтып алған жоқсыздар  ма?

— Жоғалтқанымыз жоқ, бірақ жоғалтып ала жаздадық. Құдай оңдап, Әубәкір ағаның арқасында аман сақтап қалдық.

Жүзіктің тұспалынан Тазабек бұл жолы кәдімгідей тіксінді. Қырғыз оташы Тілеуліні қарап жатқанда, Жүзік Сопыйаны оңашалап отау үйге алып кірді. Артынша Шәйіні шақырып алды. Соның бәрін сырттай бақылап тұрған Тазабек: «Әй, мыналары бекер емес-ау?» — деп түйді.

— Әубәкір дұрыс емдепті, — деді қырғыз оташы сыртқа шығып. — Айтпады ма, оның түрмеде тиген оқтарын мен алып  бергем.

— Оны сұрайтындай болмадық. Асығыс Қытайға қашып барады екен, — деді Ағынтай ақталғандай болып.

Сол арада Сопыйа да отаудан шыға кеп Тазабекке жымың етті:

— Келіншегіңіз шақырып жатыр, аға.

Шәйі жылап, Жүзік оны құшақтап отыр екен.

— Кел, — деді Жүзік қатқылдау үнмен, — келіншегіңнің қасына отыр.

Шәйі жеңгесіне қабағын шытып шамдана қарады. — «Ел құлағы — елу» деген. Бәрібір біреуден естисің. Дүдәмәл болмас үшін, бәрінің басы-қасында болған менің өзімнен есті.

Тазабектің тұла бойы тастай суынып кетті. Бірақ сыр алдырмай, сазарып тыңдады. Жүзік айта бастағаннан-ақ Шәйі бет-аузын орамалымен бүркеп, әлсін-әлсін өксіп отырды. Жүзік айтып біткенде, Шәйіні бауырына тартып, Тазабек шашынан сипап еді, қыз құшағына құлап өкіріп жіберді.

— Орыс аямаса да, құдай аяпты ғой, — деді Шәйіні құшақтап. — Әпке, ырым-жырымыңызды күндіз жасап алыңыз, бүгін кешке Шәйіні алып кетем. Апам мен Жәмеш күтіп отыр.

...Дереу қой сойылды, қазан көтерілді. Қырғыз кісінің ептеп молдалығы бар екен, некелерін сол қиятын болды.

Қаншалық қуанып тұрса да, Шәйінің көңіл түкпірінен бір кірбең құлантаза кетпей қойды. Ана екі орыстың тағы айналып соқпауы мүмкін емес сияқтанады. Әубәкір соңдарынан біраз жер қуалап барып, біреуінің оң қолын жаралап қайтыпты. «Қолынан мылтығы ұшып кетті», — депті. Ондайдан кейін олар қалайша тыныш жатады? Жүзік пен Сопыйаның үйге бірге кіріп, бірге шығып, тым шүйіркелесіп кеткені де Шәйіні күмәнге итермелейді. Амансың деп, екеуі мұны алдап жүрмегей.

— Сопыйа, Жалаңашта көрген екі орысың қандай еді? Жирен мұрт, арық жігіт емес пе? — деді Жүзік.

— Иә, кішісі тура сондай.

— Үлкені ші?

— Ол түксиген, түрі қорқынышты, абажадай біреу.

— Ендеше келген — сол екеуі. Айнымайды.

— Айттым ғой олардың ойы жаман деп. Тағы айналып соқпай тұрғанда, бұл арадан көшіп кету керек. Әубәкір аға біреуін жараласа, онда олар, сөз жоқ, пышақтарын қайрап жатыр.

Қырғыз оташы неке суын ішкізгеннен кейін Тазабек пен Шәйі ерлі-байлы адам саналды. Қазан түсіріліп, дастарқан жайылды. Тілеулі ақасақал мен Әжікен: «Осыны ұлан-асыр тойдай көріп, ұлан-асыр боп отырыңдар!» — деген ықылас білдірген соң, кештің билігі Жүзіктің қолына көшті.

— Жәрмеңкеде әніңді жақыннан ести алмай арманда қайтып ем, өз үйімнің төрінде көсіліп отырып тыңдайын, әтиім мен апамның да көңілдері бір серпілсін, жаңа отау құрған екі жастың құрметіне шырқап жіберші, Сопыйажан!

— Сөйте ғой, айналайын! Шалым шауып кетер ме екен, көңілін бір көтеріп тасташы!

— Жүзік жеңге, қазақтың заңы бойынша, әуелі ауылдың алты ауызы деген болмаушы ма еді?

— Сопыйажан-ай, сен де ойда жоқ нәрсені ойға салады екенсің. Енді қайттім? Жарайды, алты ауыз айтпасақ та, бір ауызға шамамыз жетіп қалар. Айт дегенге айта жөнелгенім дұрыс бола ма, апа?

— Бүгін сенікінің бәрі дұрыс, шырағым. Бәрін реттеп жүрген өзіңсің, өлеңді де өзің бастап жіберсең, оның еш сөкеттігі жоқ.

— Ал кеттім ендеше!

Аңшылар тау мен тасты аралайды

Қашқан аң сай-жыраны сағалайды.

Жақсылар бір сөзімен жанды емдесе,

Жамандар сау жаныңды жаралайды.

 

— О, Жүзік жеңгем керемет өлеңші екен ғой?! — деп, Сопыйа мәз болды. — Домбырамен айтып дағдыланғандықтан, жеңгемше айта беруден бір түрлі жүрексініңкіреп отырғаным.

— Айта бер, қалқам. Балуанға оңы да бір, солы да бір емес пе? — деп, Тілеулі демеп қойды.

— Жайлайды Іле бойын албан, суан,

Қуғаны қысы-жазы қызық думан,

Қытайға бас сауғалап босып жатыр,

Орыстың озбырлығы — бәрін қуған.

 

Болғанмен затым орыс, жарым — қазақ,

Ол тартқан маған да ортақ мұң мен азап.

Орыстан қазақ қашса, мен де қашам,

Қазақтың келіні деп қылар мазақ.

— Е, айналайын, айтты-ау! — деп Әжікен де, өзгелер де мәз болысты.

Әннен әнге көшіп, Сопыйа қыза келе: «Қожақ та маған қосылып айтады», — деді. Екеуі Шаншар ақынның бұл араға кең жайылған «Сырғалы еркемін» қосыла шырқап:

 «Жүзің көркем-ай,

Күнде көрсем-ай!

Ахахай,

Сырғалы еркем-ай!» —

деп, бір-біріне еркелей жымиысты.

— Жарасып тұр-ау!» — деп қызықты Шәйі.

— Қазірше қазақты жақтаған мен жалғыз орыспын, — деді Сопыйа қинала күлімсіреп. — Бір менің жақтағаным бір Бергтің қырған қазағын, әрине, қайта тірілте алмайды. Алайда жер бетінде әділеттілік бар болса, «Біз бейбіт адамдармыз!» — деп, ақ ту көтеріп келе жатқан жазықсыз көшті қырған жауызды, сөз жоқ, келешек ұрпақ айыптайды. Бірақ ондай күн туғанша біз тірі жүреміз бе, жоқ па, оны ешкім білмейді.

— Сен тірі жүруге тиіссің, Сопыйа. Жазықсыз қазақтың қырылғанына сен куә болмасаң, кім куә болады?

— Жауыздар алдымен куәнің көзін құртады ғой? Мен қазір оларға қазақтан да қауіптімін. Өйткені поштада істегендіктен, олардың Верныйға, Жәркентке, Тәшкент пен Пішпекке әскери көмек, қару сұрап қандай хат жолдағанын, не деп мәліметтер мен бұйрық беріп, бұйрық алғанын — бәрін білем ғой. Бір Бергтің өзі Қарқара мен Қарақолдың арасын қан-жоса қылып қырды. Ертең әлгі қалалардан қару мен әскер келгенде, қазақ пен қырғыздың күні не болатынын мен тіпті болжауға қорқам. Сондықтан көзсіз батырлық пен орынсыз намысқа бармай, бәріміз Қытайды паналай тұрайық. Қысқасы, тойды осымен доғарып, қашуға дайындалайық.

Әңгіменің одан арғы түйінін Ағынтай айтты. Қырғыз оташы осында қонып, ауылына ертең қайтады. Шәйіні қазір құтты орнына қондырысуға жеңгесі Жүзік пен інісі — Ағынтайдың үлкен ұлы — Сәмен ілеседі. Ал Қожақ пен Сопыйа, Жомарт — бәрі оларға серік болады. Мұндағы малды ертең Екі Ашаға өзі айдап апарып қосып, Жүзік пен Сәменді кері алып қайтады. Содан оралған бойда кідірмей бұлар да көшеді. Осында отырған бәрі, құдай бұйыртса, Көміршіде бас қосып, ары қарай не көрсе де бірге көреді.

...Шәйіні әкелген топ Екі Ашаға түнделете жетті. Ондағылар күтіп отыр екен, Тазабектің бес-алты үйлі туысқаны үй ішіне әп-сәтте толды да кетті. Шашуларын шашып, келіннің бетін ашты. Қалиша:

— А, құдай, келінімнің қадамын құтты қыла көр! — деді көзіне жас ала Шәйіні құшақтап.

— Айтқаныңыз келсін, апа! — деді Шәйі де енесіне еміреніп.

— «Апа» деген аузыңнан айналайын! Бұ күнге жеткізген құдайдан айналайын!

Шексіз, шетсіз қуаныштан шешесінің дүние-жұмақтың дәл төрінде отырғанын Тазабек түріне қарап, көңілімен түсінді. Ананы қуантудың құдірет-ләззәтін жан-тәнімен сезініп, бақыттан басы айналғандай болды.

Екі Ашаның екі сайында отырған бес-алты үйдің адамы түн ауғанша тойласып, «Орнында бар оңалар деген. Өмірәлінің оты өшпеді», — десті. Елді сәл де болса сергітейін деп, Сопыйа құлақ құрышын қандыра ән салды. Алдағы күніміз қалай болады, ойнап-күліп қалайық деді ме, жұрт майшамның майы таусылғанша тарқамады. Тазабек шешесі мен Шәйіні өз отауына кіргізіп ақылдасты.

— Ал, келіншегім, — деді күліп, — осындағы бес-алты үй түгелдей әкеммен аралас, қоралас өмір сүріп келе жатқан ағайын-туыс. Алар әйелімді алдым, ендігісін өздерің біл деп, ертең үн-түнсіз қастарынан көшіп кете берем бе, қайтем? Әлде қазір жөнімді айтып, не көрсек те бірге көрейік, бірге көшейік дейін бе? Той үстінде олай дегенім әлде ұят бола ма?

Шынымен менен ақыл сұрап тұрсың ба дегендей, Шәйі бағжаң етіп күйеуінің бетіне секемдене қарады. Оның сазарып сыр бермеген бетінен ештеңе аңғара алмаған соң, жаутаңдап енесіне бұрылды.

— Менен сұрағаның не, апамнан сұрасаңшы!

— Мұндайда әкең болса қайтер еді, балам? Соны ойла да, өзің шеше бер. Біз Шәйі екеуміз сенің соңыңнан ере береміз

Қазіргі жағдайда Қытайға қашудан басқа қайла жоғын Тазабек түсінген. Алайда мал-мүлкі мен баспанасын тастай қашса, алдында суық күз бен қақаған қыс тұр, халық одан қалай сақтанбақ? Ал малын айдап, көшін қомдап қашқан қазақты айдаған малы, артқан жүгі жоқ орыс оп-оңай қуып жетіп қырмай ма? Сондықтан ақыр қашуға бел буған соң, әрі қуғын түспей тұрып, әрі қара суық қыспай тұрып көшкендері ақыл емес пе?

Осы ойын ортаға салғанда, бір-екеуі күңкілдегенмен, қалған ағайыны батыл қостап, таңертең алдымен малды айдайық та, артынша үйді жығайық десті.

— Жоқ, олай болмайды! — деп, сөзге Әділбек араласты. — Күндіз көшіп көзге түспейік. Жалаңаштың орыстары жалаңдап аңдып жүр. Оларға көрінбей, кеш бата қозғалайық.

— Иә, сөйткен дұрыс, — десті бәрі.

— Келістік! — деді Тазабек те сөзді көбейтпей.

Үйдегі мен түздегіні түгел жайғастырып біткен соң, Жүзік арнайы тігілген отауға Тазабекті жетектеп кіргізді.

— Жата бер, — деді төсекті ымдап. — Қазір келіншегіңді әкелем.

 «Шынымен қолымның Шәйіге жеткені ме?» — деді Тазабек көкірегін кернеген шаттыққа азар ие боп.

Қазір деген Жүзік біраз зарықтырды. Ақыры бір кезде киіз үйдің сықырлауығы сырт етіп ашылды-ау!

— Мына арадан кір, — деді Жүзік шымылдықтың шетін көтеріп. — Бісміллә! Ал, жандарым, қадамдарыңды құдай хош көрсін! Төсектерің жұмақ болсын!

Сықырлауық сырт етіп жұмсақ жабылды. Ендігі жағдай өз билігінде екенін Тазабек түсінді. Алдымен сол жамбасына аунап, Шәйіге қарап жатты. Сол жақ білегін мойын астына созып еді, басын сәл көтеріп, құшақтауына қыз өзі ыңғай жасады. Үнсіз өзіне тартып еді, үнсіз икемделіп жатты. Сонан соң құшақтап бауырына тартты. Бар-жоғы білінбей жабысып, қыз құшағына көміліп, өзімен кірігіп кетті. Титтей тартыну байқатпады. Тазабек тағатын зорға тежеді. «Құдай-ау, мына қыз құшағымда тұншығып өлсе де үндемей ме?» — деп ойлады таң қалып.

— Жаным Шәйкенім! — деді қылығына елжіреп. — Құшақтайыншы! — деді құшақтап жатып. Тамағынан иіскеп, алақанымен омырауын аймалады. — Сен де құшақташы, жаным!

Отқа қарып алмайын деген адамша қыздың қолы қалтырап келіп самайына тигенде, от тиген қау отынша Тазабектің денесі дүр өртеніп қоя берді. Өзін өртеп жатқан Шәйіге өзі ұмтылып, бетіне бетін үйкелеп жанталасып кетті. Ернін ерні тапқанда, есі ауып бара жатқан секілденді.

— Ағытшы омырауыңды! — деді алқынып.

Шәйі үндемеді. Сәлден кейін екеуінің қолы түймебаудың үстінде тоқайласып қалды. От сезім одан ары ақылға билетпеді. Үстіндегі аспан астына құлап бара жатқандай сезіммен Шәйі екі көзін тарс жұмып алды.

* * *

— Оу, жас жұбайлар, тұрыңдар! Жібекжан, ұйқы тәтті ме, Тазабектің қойны тәтті ме, — қайсысы? Айтпап па ем саған, неге ерте айтпадың деп әлі маған ұрсарсың деп?

— Түу, Жүзік! — деді Шәйі көрпенің шетімен бетін бүркеп. — Ақырын! Апам мен Жәмеш естиді ғой.

— Е, естісе, ести берсін. Бұл төсекке қыз қалпыңда әкеліп едім, енді келіншек күйіңде әкетсем, оның несі ұят? Ол — жеңгелік міндетім. Әдейі ел оянбай тұрғанда өзім оятайын деп келдім.

— Әпке, тауық боп кеткенсіз бе, тегі? Жарық түскенше жата тұрайық та. Түнімен көрсетпеді, жарықта алдымен өзім көрейін де келіншегімнің жүзін.

— Ойбай-ау, тіл бітіп, батыр боп қалыпсың ғой?! Біз кеткен соң, күні-түні аударыстырып көріп аларсың келіншегіңді. Тапқан екенсің жарық түскенше жататын жайлы төсекті! Біз — бүгін көшетін адам, сен — кететін адамсың, асыққаның дұрыс болар, бауырым. Ботақанға шөккен бура құсап, қайынсіңлімнің қабырғасын сындырып жіберген жоқсың ба, әйтеуір?

Жеңгесінің неге бүйтіп алагеуімнен келіп тұрғанын Шәйі түсінді. Өзі де оған қуанышын тезірек білдіруге асық еді. Бұл бажылдап ара түспесе, ана екі орыс өйтіп асып-саса ма? Аман қалғаны — осының арқасы.

Тазабек тысқа шығысымен Жүзік көрпені Шәйінің үстінен жұлып алды.

— Жүзік! — деп, Шәйі көрпенің шетін шап берді.

— Жаным-оу, құтты болсын! — деді жеңгесі бас салып құшақтап.

Екеуі бір сәт кешегіні еске алып солқ-солқ жыласты, артынан сылқ-сылқ күліп, сыбырласып жатты.

...Көшейік деген ойды өзі бастаған соң, оны ұйымдастыратын да өзі боларын іштей ұққан Тазабек тау бөктерлеп барып ойланды. Қамсыз, уайымсыз жандардай тып-тыныш ұйқыда жатқан бес-алты үйді беткейге шығып біраз бақылады. Таудың қарағайы етекке жете бере сирексіпті. Бұл ауылдың ендігі үлкені Әділбек шалдың үйі қарағай шетінен екі-үш-ақ қадам жерде тұр. Бүгін көшеміз-ау, асығайық-ау деген әбігер әзірше байқалмайды, үй-үйдегі адамдар да, қора-қорадағы малдар да — бәрі тыныш, тым-тырыс. Бір сәт: «Осылар айнып қалған жоқ па?» — деп күмәнданды. Жоқ, ояна бастады, Әділбек ақсақал үйінен шыға сап, жан-жағына қарамастан, бірден қарағай ішіне еніп кетті. Тазабек те шық шөптің тықырлау жерін дағдап басып, қарағайдың қалың шоғырына кірді. Орағыта керлеп үлкен жартастың желкесіне көтерілді. Қарсы беттегі Кеңсу жаққа көз тастады. Көкбиіктің батыс етегін ала жатқан алып сай бұл арадан көрінбеді, көлденең жота көлегейлеп қалады екен.

Биіктің аты биік-ау! Адамды арқаландырып жіберетін құдіреті бар. Бетін самал шарпыды. Шапанының шалғайын жел түрді. Әлдебір ыңырсыған сезім жүрегін шымырлатты. Туған жерді тастай қашқанын ата-баба аруағы кеше ме, кешпей ме? Тұла бойы сол ойдан тітіркеніп кетті. Кеңсудың саға тұсындағы доғал шыңға дүдәмәл күйде көз қыйығын тастады. Қарағайлы, аршалы, бұталы сай-сала да, шалғыны жайқалған жазық беткей де — бәрі тап-таза, таңғы ауаның салқынына шомылып шыққан күйде. Ауа емес, ғажап бір нәр жұтып тұрған секілдісің. Ата-бабаның көзіндей киелі жер бұған жәудіреп, әлдене күтіп, жәутеңдеп қарап қалғандай. Тілі болса, дәл қазір бірдеме дер еді-ау деген ой көкірегін тырнап, көмейін қырнап кетті. Мөлт ете қалған көз жасын сілкіп тастап, болашақ тағдыры белгісіз бес-алты үйге төбесінен күрсіне қарады. Үнсіз тістенген қалпы төменге түсе бастады.

Таудың кереметін тау көрмегендер қайдан біледі? Тау дегенді тегістіктен гөрі биік жер деп қана ойлайтын шығар? Ал тау биіктік қана ма? Жартасы мен шыңы, қалың қарағайы мен тұтасқан бұтасы, бұлағы мен бастауы, сайы мен жырасы, шөбі мен гүлі, аңы мен құсы, құдай-ау, қыруар тіршілік-тынысы — бәрі басқа жерде болмайтын, басқа жерден табылмайтын таңғажайып қой! Бірақ сол әдемілікті әркім көре де бермейді, көруге келе де бермейді. Өйткені таудың көрінген шыға алмайтын құз-қи ясы, кез келген түсіне бермейтін қыр-сыры толып жатыр. Төбедегінің көргенін төмендегі көрмейді.

Етекке түсіп тағы тоқтады. Мына етектен қараған адам таудың несін көреді? Тек сыртқы сұлбасын ғана. Ал тау төбеңнен төне қарап, сенің бүкіл тұла бойыңды ақтара көреді. Басқалар білмейтінді білетін, өзгелер көре алмайтынды көре алатын сирек адамдар да тау секілді, сірә. Әкесі де сондай еді, марқұм! Әй, ондай болу қайда бұған! Түнде бәрі: «Енді әкеңнің орнын сен бас», — деп жатыр, баса алса, жақсы; баса алмаса, масқара да!

Ойдан ой туындап, ойды ой қуалап, Тазабекті тыным таптырмай мазалады. Өзінің ғана емес, енді өзгенің де тағдырына жауап беретіні қинайды. Көшеміз дегені — қашу. Баратын жағы — Қытай. Паналата ма, тонап ала ма, — белгісіз. Қалай да қалмақ ауылдарын басып өтетіндері — анық. Олардың емешегі қазаққа қай езіле қойсын? Қашып барған бұларға ол арадағы қазақтың өзі қалай қарарын да бір құдай біледі. Тәуекелден бөтен сүйенерлері жоқ.

Қонақтарының да оянғанын көріп, соларға қарай аяңдады.

— Жас келіннің шайын ішейік те, біз енді жөнімізді табайық, — деді Қожақ әзілдеп.

— Иә, сөйтейік, — деді Жомарт іліп әкетіп. — «Біреу қатын алып қашса, біреу босқа қашыпты» демекші, менікі босқа қашу болды. Әке-шешем мені орыс өлтіріп кетті деп жылап отырған шығар?

— «Жақсы сөз — жарым ырыс», жақсы сөз айтсаңшы. Бір-бірімізді күтіп, енді бәріміз Көміршіде бас қосайық! — деді Тазабек.

...Өздері оңаша қалған кезде Жүзік өз-өзінен әбігерленіп, тез-тез киіне бастады.

— Өмірі бүйтпеуші еді, жүрегімнің өрекпіп тұрғанын қарашы, — деді кеудесін алақанымен басып. — Әтиім қайталап ауырып қалған жоқ па екен?

— Бәлен күннен бері шапқылап, шаршаған боларсың, балам. Жөндеп тамақ та ішпейді екенсің өзі. — Қалиша жүктің бұрышындағы кебежені ашты. — Мынау менің бір киіп сақтап қойған қамзолым еді, осыны игілігіңе киші! Саған кигізген китім болсын.

— Көп жасаңыз, апа! Ештеңе кигізбесеңіз де, мен қайынсіңлімді құтты орнына қондырғаныма қуаныштымын. Көміршіге барғанша Сәмештай әпкесінің қасында қала тұрсын. Ағынтай малдарды айдап келе жатқан болар, Тазабек екеуміз алдынан шыға берейік.

— Мейлің, айналайын. Балам, қасыңа Биағаңның Кенжеғарасын қосып алсаңшы, мал қайырысуға ес қатады ғой.

— Өзім де сөйткелі тұрмын, апа.

...Ағынтай бірақ алдарынан шықпады. Ауылға жақындаған сайын алаңдап, Жүзіктен мүлде маза кетті. Бір себеп барын болжап, Тазабек те бәймаза күйге түсті.

— Үй жоқ қой! — деді Жүзік кенет тоқтай қалып.

— Көшіп кеткен бе? — деді Тазабек таңданып. Артынша-ақ қарайған жұрттың қомағын байқап, бір сұмдықтың болғанын заматта сезді. Көзі қарауытып барып қайта ашылды. Не де болса бекем болуға тырысты. Желіп алдыға түсті. «Қап, мылтығымды ала шықпағаным-ай!» — деді өкініп. Көзі көріп, құлағы естіп келе жатты, бірақ ештемені ойлай алмады, ештемені түсіне алмады. Үйдің орнында үйіліп жатқан күл-қоқысты көргенде, жүрегі тоқтап қалғандай көрінді. Жалма-жан Жүзікке жалт қарады. Атының жалын құша ес-түс жоқ талықсып барады екен. Ұмтылып құшақтай алды.

— Атты ұста! — деді Кенжеғараға. — Жерге түс! Аяғын үзеңгіден шығар! — Өзі де атынан секіріп түсіп, Жүзікті көтеріп апарып көк шөптің үстіне жатқызды.

— Жүгір! Әнебір тастың түбінде бұлақ бар. Мә, су әкел! — деп, басындағы тұмағын ұсынды.

Оны алмай, Кенжеғара өз тұмағын ұстап жүгіре жөнелді.

Бетіне су сепкенде бір сәт көзін ашты да, Жүзік қайтадан былқ-сылқ талып қалды. Сөйлей да алмады, жылай да алмады.

— Ағаға шап! — деді Тазабек Кенжеғараға. — Тез алты-жеті адам алып жетсін. Апам мен Шәйіге әзірше білдірмей-ақ қойсын. Біздің ошақтың түбінде сүймен жатыр, соны ала кел.

Тазабек қасына бармай-ақ, барып көрмей-ақ бұл да қырғынның бір түрі екенін күл-талқан боп жатқан екі үйдің тұрқынан таныды. Көзінен жас шықпады. Тұла бойы қара тас боп қатып қалғандай. Кешікпей бір топ адаммен Әділбек жетті.

Таңға жуық тәтті ұйқының кезінде өртеген болу керек, шаңырақтың шоғы әлі сөнбепті. Тілеулі мен Әжікенді, қырғыз оташыны үлкен үйде, Ағынтай мен бір ұл, бір қызын отау үйде әуелі өлтіріп, артынан өртеп жіберіпті. Тігерге тұяқ қалдырмай малды айдап әкеткендеріне қарағанда, көп адам келіп, қорықпай, аспай-саспай істеген.

— Сүйектері де шала жанып кетіпті, — деді Әділбек құлағына сыбырлап. — Үйдің сыртына отын үйіп өртепті.

— Енді не істейміз?

— Қалған-құтқан сүйектерін жинап жерлейік. Басқа амал жоқ.

Екі үйдің адамын бір төмпешік қылып Орта Меркінің етегіне көмді. «Сол екі орыс. Сол екеуі», — деген ой Тазабектің мыйын тесіп жеп жатты. «Не істесем екен?!» — деді ішінде ұлыған ызаны баса алмай ыңыранып.

Өлі мен тірінің арасында есеңгіреп жеткен Жүзік болған сұмдықты Шәйіден жасыртпады. Кеше келін түсіріп қуанған ауыл бүгін өлік шығарып өксіп жатты.

— Ағайын, бұл ара енді бізге қоныс болмайды, — деді Әділбек улап-шулаған жұртқа басу айтып. — Орыстың осы алғаны алған, енді уысынан босатпайды. Қайта айналып келеміз, туған жерді көреміз деп дәме қылмаңдар. Бұдан былай бағымыз да, сорымыз да Қытай жерінде болады. Бүгін көшпесек, бүгін түнде бізді де қырады. Орыстың қолын қағатын құдай да, құдірет те жоғына көз жетті. Өлгенге жылайтын, жылағанды жұбататын жағдай жоқ. Қазір бәріміз де өлі мен тірінің ортасындамыз. Жайылымға айдағандай ыңғаймен малды кәзірден жылжыта берейік.                                                                                                        

Әділбектің сөзі Тазабекті тастүйін етті. «Рас, қазір өлінің емес, тірінің қамын жейтін жағдай!» — деді өзін өзі қайрап.

* * *

Тазабектер мал-жанымен кеш бата Қулық тауына қарай көшті. Орыстардан қорқып, Қарқара мен Қарақолдың ортасынан өтуге жүректері дауамады. Түнделете жетіп, Шыбышы деген қарағайлы тауды паналады. Үй тікпей, теңдерін шешіп, киіз-текеметтің үстіне киімшең қисая кетісті. Ертесі Ақшоқы айналып, түн жарымда Ақтастыға жетіп дамылдады. Содан кейінгі түні бір қисық сайды қалқалаған топ адамның қасына қонды. Ерте оянған Сәмен Тазабекке жүгіріп келіп:

— Жайдақ Бұлақта бізбен көрші отырған Қожабек аталар екен. Самсалы деген баласы екеуміз бірге ойнайтынбыз, — деді.

Қайғылы жағдайды қайдан, қалай естігенін кім білсін, жұрт жаппай оянып, қыбыр-жыбыр тіршілік басталған кезде, Қожабек бастаған біраз кемпір-шал Жүзік пен Шәйіге келіп көңіл айтты. Тең-теңнің ортасында отырып, ашық аспанның астында шай ішісті. Тазабек пен Шәйінің үйленгенін естіп, құтты болсын айтысты.

— Таңға жуық басталған сол атыстан біз зорға аман шықтық, — деді Қожабек әңгіменің ауанын аңғарған соң. — Әлдекімдердің жол сілтеуімен бір топ орыс түнде келіп Жайдақ Бұлақтың астындағы көк төбеге жасырыныпты. Адам көрінетін алагеуімде ал кеп ауылды атқылай бастады. Бұзау байлауда, қозы-лақ көгенде, тігулі үй тігулі қалпында қалды, бәріміз тек балаларға жүгірдік. Екі жасар Рауанымды шешесі төсектен тыржалаңаш суырып әперді. Сегіз жасар Самсалыны артыма міңгестіре сап, Кеңсуды құлдай Кегеннің өзеніне қарай қаштық. Кеңсудың арғы бетіне жеткенімізде, Егімбайға оқ тиді. Тіл тартпай кетті. Баласы Қалдыбек бақырып, әкесін шыр айналып жылап жүр. Атымнан түсе сап, қойнымдағы тыржалаңаш ұлымды жерге қоя сап, Қалдыбекке ұрыстым. «Әкеңмен қоса өзің де оққа ұшайын деп тұрсың ба? Мін атыңа!» — дедім де, әкесін алдына өңгеріп бердім. Шыбышыға әкеліп жерледік. Жастар түнделетіп барып, қалған үй-жайымызды, тапқан малды айдап әкелді, әйтеуір. Өлгенмен бірге өле берсек, артымызда ел болатын кім қалады? Сондықтан тірі қалғанымызға тәубә дейік. Бәрінен де Тілеулі ақсақалдың түтінін түтететін Сәменнің аман қалғанына мың шүкір деп отырмын.

Қожабек ақсақалдың сөз саптасы мен әңгіме айтысын Тазабек әкесіне ұқсатты. Аз сәттің ішінде өзімен ілесіп келе жатқандарды түгел таныстырып шықты. Бәрі де аталас адамдар мен солардың үрім-бұтақтары екен. Көкшегір деген келініне көбірек көңіл аударды. Асыдан ауып келе жатқанын айтты. Қызылбөрік болысы Серікбай деген інісінің әйелі, айтулы қырғыз батыры Қожекенің қызы екен. Тіп-тік отырып, тіп-тік жүретін әйел екен. Елдің назары өзіне ауатынын біліп, сыр бермеуге тырысатын секілді.

Қожабек ақсақалдың ауылымен бірге қозғалып, Тазабектер ол арадан Көміршіге келіп бірге аялдады. Бұрыннан таныс адамдар бір-бірін сүйеу көріп, ел ішіне келгендей сезінді.

Көмірші — таудың күнгей беткейіндегі тұйық шатқал. Күнгейде болғанымен, күн түсе бермейтін тік шат, тар табан сай. Күн түс кезінде ғана бір жылт етеді де, қайта жоқ болады. Тығылуға қолайлы қалқа. Тар әрі қысқа шатқалдың өр жағы доғаланған ашық жазық.  Кәдімгі кең қора секілді. Әлгі жер әрі ық, әрі мал жаюға өте қолайлы. Босып келген халықтың бүкіл малын бала-шаға осында жаяды. Көміршінің әсіресе суы өзгеше. Жартастан, құз тастан өрім-өрім боп тамшылап ағады. Жұрт оны Тамшы бұлақ, Қасиетті бұлақ дейді. Осы арада бұлар біраз аялдады. Өйткені тосын жолыққан екі ауылдың адамдары тез арада бауыр басып, бір-бірінен ажырағысы келмеді. Және де хабар-ошарсыз кеткен Серікбайдың бір хабарын білмей кете бергенді Қожабек өзіне мін санады. Ақырында Қожабектің ағайын інісі Нүсіпбек: «Серікбайды мен іздеп қайтайын. Әрі бауырым, әрі құрдасым. Оны мен іздемегенде, кім іздейді? Өлсем, өлермін. Одан жаным артық па? Еретіндерің еріңдер. Ермесеңдер, өзім кете берем», — деді.

Ары ойласып, бері ойласып, Әйімбек, Келгембай атты құрбылары ілесетін болды.

— Мен де бірге шығып, Қожақ, Жомарт деген достарымды іздеп қайтайын, — деді Тазабек.

Шәйі күйеуіне үрейлене қарады. Онысы сылтау екенін іші сезді. Алайда ана орыстарды іздегелі барасың ғой деуге батылы жетпеді.

* * *

Кең далада ел қалмапты. Сай-саланың қалтарысына тығылған санаулы ауыл болмаса, бүкіл Қарқара мен Кегеннің жазығында не тірі жан, не тірі мал қараңдамайды. Әр сайдың іші мен әр қырқаның ар жағында орыстың оғы ажалыңды дайындап тұрғандай қорқынышты. Қыркүйектің қара суығы сәл ашылған жеріңді мұз тигендей қариды.

Тазабек Жалаңашқа, ал Нүсіпбектер Темірлік арқылы Қырғызсай мен Кетпенге соғатын болып, Қайқының тұсында екі ажырасты. Кеңсудың етегін бөктерлей өтіп бара жатып, ана жер-мына жерде қаптап жатқан қап-қара төмпешікке Тазабек таңдана қарады. Бұрын бұл арада мұндай нәрсе болмаған. Не екенін білейін деп, солай бұрылды. Жақындап келгенде, өз көзіне өзі сенбеді. Үйме төмпешіктер өңшең өртенген үйдің күлі екен. Дәл ата-енесін өртегендей отын жинап әкеп өртепті. Қаптаған қайдағы үй? Қайдан келген үй? Бұлар қашқанда, бұл арада ешкім жоқ болатын. Үйлердің арасы жиі, үйме-жүйме тігіліпті. Әрине, қашқан қазақтар. Қазған ошақтарына қарағанда, бірер күн аялдаған. Атынан түсіп, екі-үш жұрттағы күлді ағашпен аударыстырып қарады. Адамы жоқ үйлерді жүк-мүгімен өртеген секілді. Адамдары аман құтылған болу керек. Мұншама үйді шетінен өртеп келе жатқанда, қашан мені өртер екен деп, қалғандары қарап жатсын ба? Үйсіз, мүліксіз адамның алдағы күз бен қыстан өзі де аман қалмайтынын өртеушілер түсінген. Қашқандардың ақылы да қашып, қуғандардың ақылы да асып тұрған заман-ай десеңші!

Шет Меркінің қарағайлы жотасынан бір елік атып алды. Жалаңаштың желкесіне келіп, шағын үңгірдің аузына тоқтады. Ойы — осы арадан орыстарды байқау. Қараңғы түскенше еліктің етін қақтап жеді. Ер-тоқымын жастанып, үңгірге түнеді. Таңертең биіктен Жалаңашқа қарады. Бірен-саран көрінген казак-орыс соғыс жағдайында жүргендей түгел мылтық асынып алыпты. Оған бару көпе-көрнеу өлімге бару екенін ұқты. Кек алмақ ойы да сап суынды.

Қайтарында қарағайлы жотамен Екі Аша арқылы Талдыбұлақтағы Жомарттың ауылына соқты. Оның тып-типыл боп жатқан жұртын көрді. Әйтеуір, өрттен аман. Оған да тәубә деді. Алайда Көміршіге неге соқпағанын оймен де болжай алмады, Жаман ойға барғысы келмеді.

Жіңішкелеу бұлақтың жайылма етегін айнала беріп, жайрап жатқан үш өлікке тап келді. «Астапыралла!» — деді жағасын ұстап. Қарақолға баратын күре жолдан қырық-елу қадам шетте теңкиіп өліп бір әйел жатыр. Омырауы күл-талқан, етегі түрілген, жалаңбұт. Бірі бозбала, екіншісі әлі сәби — екі ұлы екі жағында өліп жатыр. Үшеуінен әріректе он екі — он үш жасар баланың басын қылышпен қақ айырыпты. Оған да айызы қанбай, тоңқайтып қойыпты да, артқы тесігін аумағымен ойып алып тастапты. Ол да ана әйелдің баласы ма, басқа ма, — белгісіз. Бір атаның тұқымы осылармен тыйпыл болды ма, кім біледі? Бар қазақ қарсы болса да, әй, осы төртеуі ақ патшаның жарлығына қарсы бола қойған жоқ шығар?! Тіпті, ақ патшаның, қара патшаның кім екенін білді ме екен?

Тазабектің қаны басына шапшыды. «Шынымен біз адам емеспіз бе әлде орыс адам емес пе? — деді күйініп. — Құдай неге мұндай жауыздарды артық қылып жаратады? Қай қылығы үшін?»

Кеш бата аласа сайдың қылтасында отырған жалғыз үйге тап келді. Көшетін көлігі де, қара жұмысқа беретін баласы да жоқ кемпір-шал екен. Іленің арғы бетіне ұзатқан екі қызы қозғалмаған соң, бұлар да қозғалмапты. Қарт жалғыз атымен арғы-бергі төңіректі түгел аралапты. Қайқының асуына жетпей, Шолан Құлаған деген жерде бір топ тұтқынды орыстар тапа-тал түсте атып тастапты. Бірақ атылғандардың кім екенін білмеді. Нүсіпбектер іздеп жүрген Серікбай соның ішінде шығар-ау деп Тазабек жорамалдағанымен, қарт оған айғақ болар әңгіме айтпады.

Ертесі тау сағалай бөктерлеп, Тасашыдағы Қожақтың ауылына жол тартты. Жолмен жүрмей, әдейі жота асып желке тұсынан шықты. Жалпақ кең сайдың өңірінен не бір үй, не адам, не қарайған мал көрмей, адасып кеткен адамша, аңырайып тұрды да қалды. Сайдың табанына түсуге дәті бармады. Әлдекім әлдебір арада аңдып жатқандай секемденді. Мылтығын ердің қасына көлденеңінен оңшап қойды. Бұл жан-жағын аңдып, мұны жан-жағы аңдып біраз тұрды. «Жау шапты, жау алды деген — осы», — деді түңіле күрсініп. Қожақ пен Сопыйаның, Дәнекердің ауылы осы арада болуы керек еді. Жотамен сақтана еңістеп, бір жыраны қалқалап, Кегеннен Нарынқолға өтетін қара жолға жақындады. Жырадан шыға келгенде, жол жиегіндегі ағашқа асып кеткен әлдекімнің денесін көрді. «Асып кетіпті», «шауып кетіпті» дегенді көп естігеннен болар, одан шошынбады. Бұдан ары бармаймын дегендей, аты тоқтай қалды. Тебініп, асулы тұрған жалаңбұт еркекке ту сыртынан тақамақ болып еді, осқырынып, аты оған көнбеді. Алыстау бір ағашқа атын байлап, сонан соң жаяу жақындады. Шашылған жүн-жұрқа, тері-терсек, қараң-құраң бірдемелерден аттап-бұттап өтті де, орағытып, асулы адамның алдыңғы жағына шықты. Бетін көргенде, төбесінен біреу бір қойғандай болды: асулы тұрған Қожақ еді! Аузына еркектік мүшесін тістетіп кетіпті. Біраз күн осылай тұрған болу керек, бұзылған иісін де байқады. Бәкісін алды да, мұрнын басып барып, мойнындағы жіпті қиып жіберді. Қақайып қалған дене қақайған күйі құлады. Бетіне қарамай, жолдан аулаққа сүйреп апарды. Сол арадан жарлауыт шұңқыр тапты да, қамшысымен, өкшесімен топырақ құлатып, өліктің бетін жапты. Жыртқыш аң қазып жүрмесін деп, маңайдан дәу-дәу тастарды көтеріп әкеліп үстіне үйді. Қолы-басын қағып, өзі үйген бейітке өзі аңтарыла қарады: «Иттер-ай, орыстың қызын қатын қылғанды көрсетейік деген екен ғой? Сопыйаны қайтті екен? Оны да өлтірді ме екен?»

Тасашыдан ұзағанынша түн болды. Қарайғанның бәрі өзін аңдып тұрған қарақшы сықылды. Өлім себілген далада өлімнен қорықпау мүмкін емес еді. Қорыққаннан жаны қалса, қазақтікі қалар еді. Қорыққанынан емегенде, батырлығынан қырылып жатыр ма? Жастығын ала жатуға жарағаны да шамалы. Тіпті, «Жәмеңке мен Ұзақтың кегін аламыз!» — демейді, «Жәмеңке мен Ұзақтан жанымыз қымбат па, өлсек өлерміз!» — дейді. Өлуді ерлік санайды. Анау артын ойып алған баланың, мына аузына мүшесін тістетіп кеткен Қожақтың кегін кім алады? Ешкім. Қашып, босып бара жатқан жұрт кек алуға жарай ма? Осындай сұмдықты көрдім деп Тазабек кімге арызданады? Кім тыңдайды? Үй іші ме? Олар одан бетер үрейленбей ме? Айтуға да қорқады. Қорқудан басқа қолынан ештеңе келмейді. Нағыз қорлық — осы. Орысты қорғайтын патшасы, әскері, заңы бар, ал қазақтың қорғанатын қаруы да жоқ.

Көміршіге түнделетіп кете беруге батылы бармады, бірақ келіншегін қатты сағынғанын сезді. Бұл жоқта екі көзі жәутеңдеп, сенері мен сүйенері жоқ Шәйі қайта-қайта сайдың аузына жалтақтап жүрген тәрізденді. Жүрегі шым-шым сыздады. Анасына, Жүзік пен Сәменге — бәріне жалғыз тірек өзі екенін осы айдалада есіне алды. Олардан алыстаған сайын олардың жақындығын сезіне бастады. Ойлап қараса, мұның амандығы өзінен гөрі соларға керегірек. Ары айт та, бері айт, амандықтың өзі — өмір. Кездейсоқ орыс түн ішінде атып тастаса, оның зардабын өлген бұл емес, тірі солар тартады. Өйтіп өле салғысы келмеді. Жарлауыт сайдың қалқасына тығыла жатып түнеді. Ертесінде Көміршіге кеш бата жетті. Шешесі мен қарындасы, Жүзік пен Шәйі — бәрі жабыла бас салды.

— Қасыңдағылар қайда? — деді апасы өзгелерден бұрын ес жиып.

— Олар Қырғызсай жаққа кеткен, мен Кегенде қалғам.

— Қожақ пен Жомартты іздеймін демеп пе ең?

— Іздедім. Екеуін де таппадым.

* * *

Әйел сағынышының құдірет шәрбәтін Шәйі жан-тәнімен татты. Төсекке азар сиятын Тазабекті құшағында қантша ерітті. Айтпайтын сөзді құштарлығы еріксіз айтқызып: «Сағындым!» — деді балқып. «Жаным!» — деді Тазабек те дегбірі қашып. Сүйген жар ғана сыйлай алатын сиқыр бақыттан Шәйінің басы айналды. Ешбір сөз, ешқандай әуен жеткізе алмайтын әсер екеуін де есінен тандырды. «Бір түніңнің рахаты бүкіл ғұмырыңа сәулесін шашып тұрады», — дегені Жүзіктің шын сөзі екен. «Сәулем!» дегенді сол үшін айтқан екен қазақ.

— Жаным! — деді жар құшағы жанын кіргізіп.

— «Жаным!» деген аузыңнан айналдым! — деді Тазабек аузынан сүйіп. — Көкте күн қандай жалғыз болса, жерде маған сен де сондай жалғызсың!

Жанын кіргізе Тазабек құшақтағанда, сүйсінгенінен Шәйінің жаны кеудесінен шығып кете жаздады.

— Мен саған ат қойдым, — деді Шәйі күйеуінің арқасын алақанымен сипап.

— Қандай ат?

— Сен мені Шәйкен десең, бұдан былай мен сені «Тәйкен» деймін.

— Бұған апам қалай қарайды?

— Апама да айттым, қуанып кетті. Батыр атамыздың атын атамағаның дұрыс деді.

* * *

Шәйі Тазабекке тәңірдің сыйындай табынады. Егер оған сол түні тиіп үлгермесе, бір атадан тұяқ қалмай қырылатын екен. Әсіресе Сәменнің ере келгеніне айрықша тәубә қылады. Жүзікті өзімен жалғап тұрған — сол. Егер Тазабек қастарында болмаса,  бұлар — өңкей әйел — баяғыда кім көрінгенге жем болмас па еді?! Тәубә! Бұларға қорған болсын деп, Тазабекті құдайдың өзі аман сақтаған сияқты.

Самаурынға шоқ салып жатып, ту сыртынан тықыр естіді. Бір бала ерткен Көкшегір жеңгей екен. Бұрыла салып сәлем салды.

— Көп жаса, ұл тап, айналайын! Қайным келді деген соң, келіп тұрмын.

— Иә, келді. Үйге кіріңіз.

Киіз есікті көтеріп, сықырлауықты өзі ашып берді. Көкшегірдің келістіріп киім киісіне, салмақты жүрісіне, кісіге тура қарап тіл қататын әдетіне — бәріне Шәйі көргелі бері тәнті. Байыпты, байсалды, батыл сөйлейтін батыр әйел бола тұра ешқашан әдептен аспайды. «Елдің шаруасын сыртта Серікбай шешеді, ағайынның жағдайын үйде Көкшегір жөндейді», — деген сөздің тегін тарамағаны әр қылығынан көрініп тұрады.

— Қайным, не анықтап келдің? — деді Тазабекке, құрақ көрпенің шетін ала отырып жатып.

— Біз қуанатындай бірдеме біле алмадым, жеңге. Жөн сұрайтын да жөнді адам жолықпады. Ақшоқының түбіндегі бір қойшыға қырғыз досы: «Кегеннен бір топ адамды Жәркентке айдап барады екен, ішінен Серікбай болысты таныдым», — депті. Соны естіген соң, Нүсіпбек ағалар солай кетті де, мен Талдыбұлақ пен Тасашыдан қайттым. Қарақол түрмесінен қашып шыққаннан кейін Әубәкір аға Шәйінің әкесіне әңгімесін айтқан екен. О кісі Серікбай ағаны Қарақолдан көрмепті. Соған қарағанда, қырғыздың көргені рас шығар.

— Әйтеуір, тірі шығар деп дәметеміз. Тірі болса, тірі екенін үш-төрт айда бір білдірмейтіндей адам емес еді. Үміт өлмейді деуші еді бұрынғылар, рас екен, — деді Көкшегір күрсініп. Оған қосылып Қалиша да күрсінді.

— Болысқа мұндай күн туғанда, қара қазақтың күйі не болады десеңші!? Алдынан шыққанын аямай қырып жатыр, албаннан адам қалмайтын шығар.

— «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген, апа. Құдайға жалбарынғаннан басқа қазақта амал қалмай тұр ғой.

— «Құдай өзі берген жанын өзі алады» деуші ек, құдай емес, жанымызды орыс алатын болды. Қаласа, атып тастайды; қаламаса, қамап тастайды, ойына келгенін істейді. Сол Серікбай ел сайлаған, өздері қалаған болыс емес пе еді?

   — Не кінә таққанын біз де білмейміз. Кетерінде орыс хатшысына: «Мен келгенше тізім жасама. Жағдайды өзім біліп келем», — деген. Сол сөзін жеткізушілер болды ма, кім біледі? Оның үстіне, тамыздың үшінде ойда жоқта бір шатақ болып еді, соның да кесірі тиген болар деп болжаймын.

— Е, біз естімеген шатақты орыс қайдан естиді?

— Олар орысқа қатыстының бәрін естиді, апа.

— Е, орысқа не істеп қойып едіңдер?

— Жаз шыққалы қазақтардың малын тізімдеп санап жатқан орыстар бар еді ауылымызда. Ішінде Анна дейтін әйел ме, қыз ба, әдеміше біреу бар. Соған қырындап жүретін Қылыноп деген ұлық он бес нөкерімен тамыздың басында сау ете қалды. Қазақты қорқытуға орыс ұлығы шетінен шебер ғой, өзінің үлкен бастық екенін көрсетіп, ана әйелдің алдында мақтану үшін: «Маған қара жұмысқа баратын қазақтардың тізімін көрсет», — дейді. «Тізім жоқ», — дейді орыс хатшы да, сол арадағы қазақтар да — бәрі. «Неге жоқ!» «Серікбай Қанайыш мен келгенше тізім жасама деген». «Жасайсың. Бес сағаттың ішінде тізімді жасап әкелмесеңдер, осы тұрғандарыңды түгел атып тастаймын. Бол тез!» — дейді ақырып. Қарсылық айтқан төрт-бес ақсақалды санақшылар жатқан киіз үйге қамап тастайды. «О қарттардың не жазығы бар, босатыңыз», — деп, жігіттер алдына үш рет барады. «Тізімді үлкен кісілерсіз жасай алмаймыз, кімнің қанша жаста екенін солар біледі», — дейді түсіндіріп. Тыңдамай, бәрін қуып жібереді. Отағасы жоқта ел-жұрт ойран болмасын деп, у-шу болып жатқан жерге мен де бардым. Қаны қарайып, қазақтың жігіттері қатты ширығып тұр екен. «Сабыр етіңдер!» — деп басу айтып тұр едім, әлгі әумесер: «Кет!» — деп, кеудемнен итеріп қалғаны. Қамсыз тұрған адам шатқаяқтап барып шалқамнан түстім. Мені тұрғызбақ болып бес-алты жігіт тұра ұмтылып еді, әлгі әумесер өзіне тап берді деп қорқып, тапаншасын аспанға атып-атып жіберді. Не болғанын түсінбей қалған қасындағылар, атуға бұйрық берілген екен деп, біздің екі адамды атып тастады. Қайыргелді деген аңшы қайным бар еді, табан астында ол да олардың біреуін атып өлтірді. Қалың қазақ аз орысты қаумалап бірдемде қоршап алды. Жан керек екен, олар одан кейін оқ шығармады. Мен жалынып, ақсақалдар араға түсіп, әйтеуір, екі жақты азар ажыраттық. Сонымен бұрыннан санақ жасап жүргені бар, кейін келгені бар — барлық орыс ауылдан жаяу шұбап қашты. Қысқасы, қуып шықтық.

— Ойбай-ау, кәдімгідей соғысыпсыңдар ғой? — деді Қалиша таңырқап. — Көпшілік бірікпейді ғой, біріксе, анау-мынауға бой бере ме? «Көп қорқытады, терең батырады» деген ғой бұрынғылар. Сонымен не болды?

— Не болсын? Қуып шығарымыз қуып шығып алып, артынан қорықтық. Бірақ бірер күннен кейін: «Е, олардан бір адам өлсе, бізден екеу өлді, сонымен әңгіме бітті», — дедік те, жүре бердік. Сөйтсек, жаяу шұбырған орыстар Түргенмен құлдап көрші ауылға барыпты. Бәрін бүлдірген әлгі әумесер сол арадан бір ат тауып мініп, тура Алматыға тартыпты. Барған адам мен кінәлімін дей ме, «Қазақтар қарсылық көрсетті, тізім жасамады, бір кісімізді атып өлтірді», — дейді де. Оның жамандауынан кейін Алматы бізді жазалауға арнайы әтірет жіберіпті. Төменгі ауылды қырып салыпты деген хабар құлағына тиген жұрт алды-артына қарамай қашты. Тігулі үй тігулі қалпында қалды. Малға қарайтын мұрша болмады. Үрей билеген ел өткел іздеп әуре болған жоқ, кез келген жерден секіріп түсіп, бірталай адам бекерден-бекер суға батып өлді. Өлімнен қашқан адамның өлімге өзі барып қырылып жатқанын көрдік. Қаншама әйел, қаншама бала көз алдымызда өзенге ағып, көз алдымызда өзенге батып жатты, — есеп жоқ. Әркім өз басымен қайғы, өзіне өлім төнген адам өзгені ойламайды екен. Біз де қашып қайнағалардың қасына келдік. Осының бәрін істеп отырған орыс біздің отағасын аяйды деймісіз?

— Жаңа өзің айтпақшы, «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі». Орыс аямаса да, құдай аяр, қарағым, қайдан білейік.

— Қазақ қашса да, қашпаса да ажалдан құтылмай тұр ғой, апа.

* * *

Бұған дейін Серікбайды жоқтағандар енді оны іздеп кеткен Нүсіпбек, Әйімбек, Келгембай — үшеуін қоса жоқтай бастады. Тазабекпен бірге шыққан олар әлі оралмады. Әсіресе Қожабектің қабырғасына бұл жағдай қатты батты: бір бауырын іздеймін деп, екіншісінен тағы айрылды. Енді оларды өзі іздеп қайтуға бекінді. Оған Серікбайдың кенже інісі Тұрлыбай, тағы бірнеше адам ілесті. Тұрлыбайдың өз мылтығы бар екен, Қожабек Тазабектікін алды.

— Қатын-қалаш, мал-жан — бәрі саған аманат, — деді кетерінде Тазабекке. — Сайдың аузын көзден таса қылмаңдар. Тұтқиыл келіп, қырып кетіп жүрмесін.

* * *

Қазақтың өлуі, орыстың өлтіруі адам таңданатын оқиға болмай қалды. «Анау өліпті», «ананы атып кетіпті», «мынаны шауып кетіпті» деген сөз қазір ешкімге әуелгідей әсер етпейді. «Бала бермейміз» дегеніміз үшін дәл бұлай қырып салады деп бірде-бір қазақ ойламаған. «Бізбен де санасар» деген сандалбай сәуегейлікке сенген. Қазір, міне, қашудан басқа қайласы жоқ. Онда да түн жамылып қана. Өз жерінен, өз елінен безіп, өзгеден пана іздеуге мәжбүр. Еркегіміз бүгін өлмесе, бәрібір ертең өледі дей ме, қазір әйелдер күйеуінен бұрын бала-шағасын қорғаштайды. Онысы ақыл ма, түйсік пе әлде үрейдің үйреткен үміті ме — оны Шәйі білмейді.Талай нәрсені Жүзікке қарап түсінеді. Балалармен бірге мал бағып жүрген Сәменді ол бір сәт көзінен таса қылғысы жоқ. Онсыз күнім қараң деп ұғады. Шәйіге де Сәмен — жалғыз бауырының көзі. Оны көргенде, бүкіл өртенген үй іші көз алдына келеді. Солардан қалған сарқыншақ санайды. Түске таман жеңгесі:

— Жібекжан, жүрші, Сәмендерді бір байқап қайтайықшы. Жақын жер ғой, — дегенде, соның бәрін түсінгеннен Шәйінің жүрегі бір сәт тоқтап барып, қайта жүріп кеткен тәрізденді.

— Апам жіберсе, барайық, — деді Қалишаға көз қиығын тастап.

— Бара ғой, қалқам. Жалғыз емеспін, жанымда Жәмеш бар ғой.

— Оның да бізбен бірге барғысы келетін шығар?

— Жеңгең екеуіңнің оңаша әңгімелеріңе кедергі боп қайтем, өздерің бара беріңдер.

— «Бара бер» десең, бара берейік.

Былай шыққан соң, әңгімені Жүзік бастады:

— Мен бақытсыз боп қалсам да, сен бақытты болдың, Жібекжан. Ол да маған медет. Тазабек — текті бала. Арғы-бергіні — бәрін ойлайды, әкесіне тартқан.

— Маған оның кек алам дегені ұнамайды, Жүзік. Айтпайды, бірақ байқаймын, өткен жолы Қожабек ағалармен бірге кеткенде, Жалаңаштағы екі орысты іздеп қайтты. Оларды өлтірем деп жүріп, өзі өліп қала ма деп қорқам. «Ашу ақылды азайтады», — деуші еді ғой апам.

— Қорқуын қорқасың ғой, Жібекжан. Бірақ елдің кегін еркек қайтармаса, енді кім қайтарады? Өзің ойлап қарашы, мен жесір болатындай, сені мен Сәмен жетім қалатындай не жазығымыз бар? Қолымнан келмейді, келсе, мен де кегімді алар едім, әттең! «Судың да сұрауы бар» дейді қазақ, сонда немене, халықтың қаны сұраусыз ба? Оны мен білгенде, Тазабек білмей ме? Біледі. Тек ішінде ит өліп жатса да, сыртқа шығармайды. Өйткені ол — еркек. Нағыз еркек солай болуы керек. Сен оның айтқан сөзін емес, айтпаған сөзін түсін.

— Ол үшін мен де нағыз әйел болуым керек қой?                                  

— Сен де нағызсың, теңісің.

— Жүзік, мен бір сыр айтсам, мазақ қылмайсың ба?

— Обай, мен сені қашан мазақ қылып ем?

— Ұялам.

— Бұрын мен әйел, сен қыз кезіңде ұялам дегенің орынды еді, енді екеуміз де әйел болғанда, ұялам дегеніңе жол болсын. Әйел әйелден ұялушы ма еді? Айта бер.

— Мен бұрын еркек тек бала сүю үшін керек деп ойлайтынмын.

— Сөйтсең?

 — Сөйтсем, ол, тегі, сан түрлі өнері бар сиқыршы секілді екен ғой: сүйсініп, құмартып, біресе жаның кіріп жанталасасың, біресе жаның шығып бара жатқандай жанталасасың. Құдай-ау, жаныңды қоярға жер таппайсың. Бақайыңның  тырнағына дейін балқып бара жатқандай боласың.

— Солай ма? Есіңде ме, баяғыда: «Мұндай екенін неге ерте айтпағансың деп, әлі маған бәле саларсың» дегенім.

— Болды, болды. Жаңа мазақтамаймын дегенсің.

...Шешесі мен әпкесін көріп, Сәмен қастарына өзі келді.

— Балам-ау, сырт киіміңді шешпей ойнасаңшы, мұздайсың ғой, — деді Жүзік баласын кеудесіне қысып.

— Бәрі шешіп тастады, ыстықтап кеттік.

Шәйі Сәменді құшақтап, шашынан иіскеді.

— Тер қатып қалмасын, ойнап біткен соң тез киініп ал. Қарның ашқан жоқ па? Қалтамда бір құрт жүр екен. Мә, аузыңа сала қойшы!

— Әкел, әпке. Кеттім, апа.

— Бара ғой, құлыным. Байқап жүгірші!

Жүзік пен Шәйі көздері жасаурап, Сәменнің соңынан елжіреп қарады. Екеуіне де болашақ өмірлері Сәменмен бірге шапқылап бара жатқандай көрінді.

— Құдай енді осымның қызығын көрсетсе, ештеңеден кенде қалдым деп қынжылмаймын. Тұқымымен типыл боп жатқандарды естігенде, бұл күніме де іштей тәубә қылам. Бір Тазабектің ортамызда жүргені — ол да құдайдың бізге жасаған қайырымдылығы. Ол болмаса, өңкей қатын жылап-еңіреп, ес жыя алмай жүретін ек.

— Мен сенің аман қалғаныңа, сол күні Сәменді ала кеткенімізге тәубә қылам. Сәмен екеуің болмасаңдар, менің күнім не болатын еді? Түу, басым айналып кеткенінші. — Шәйі Жүзіктің иығына басын сүйеді. — Қай-қайдағыны ойлағандікі ме?

— Жібекжан, бері, маған тура қарашы! Жүрегің айнымай ма?

— Сәл-пәл.

— Құдай құтты қылсын, жаным! Көтеріп қалғансың ғой.

— Қойшы, теп-тез-ақ па?

— Жаңа өзің де мойындадың ғой бәрінің теп-тез боп жатқанын.

— Түу, саған бекер айтқан екем соны. Қайта-қайта бетіме баса бересің енді.

Бірі өкпелегенсіп, екіншісі өкпесін тарқатқансып, екі келіншек бір-біріне сүйкене, біріне бірі сүйене сылқ-сылқ күліп үйге қайтты.

* * *

Қырық шақты адам мал-жанымен, көш-көлігімен Көміршіге түнделетіп жетті. Тоқтамай, ертесі таңбозынан тағы көшті. «Орыс жазалайтын әскер шығарыпты. Енді албаннан тірі жан қалдырмайды», — деді бастаушысы артық сөз айтуға да сабыр таппай. Үрей билеген бәрінде өң-түс жоқ. Ертесі ұбап-шұбап тағы елу қаралы үй өтті. «Орыстар тоқтамай ататын мылтығын, от шашатын зеңбірегін сүйреп келеді», — деді. Өздері көрмесе де, өзгені үрейлендіре айтады. Қалай дегенмен де, қашқан ел жиілей бастады. Соларды көріп, Қожабектің әйелі Бөбек жылайды. «Қытайға қалай жетеміз? Бізді кім алып өтеді?» — дейді уайымдап. Ашып айтпаса да, айға жуық хабарсыз жоғалған Қожабекті өлдіге санайды. Қимағанмен, тірі екеніне Тазабек те күмәнді, тек айтуға аузы бармайды. Жазалаушылар келіп қырып кетсе, көпшіліктің обалына қалармын, енді бір-екі күнде еш хабары болмаса, онда ақырындап шегараға жақындай берерміз деп түйген. Кешкісін апақ-сапақта Қожабектер сау ете қалғанда, қуанғаннан балаша жүгіріп кетті. Бір өкініштісі, Нүсіпбектерді бұлар да таппапты. Қарабұлақ, Таушілік, Саты, Есікті, Түрген, Қырғызсай, Тастықара, Кетпенді түгел аралапты. Тек Көктал мен Жәркентке бара алмапты. Іледен атпен өтуге әлі мұз қатпапты, орыстардың өткелегіне баруға, тексереді деп, ағайындары жолатпапты. Нүсіпбектерді Қарабұлақтағы ел ғана көріпті, басқа еш жердегілер не көрдік, не естідік демепті.

— Бір жыраға үшеуін көме салды ма, кім біледі? — деп күрсінді Қожабек. — Асығайық, ырғалып-жырғалатын заман жоқ.

Айдаған малдың жауға бұйырары да, өзіңе қалары да белгісіз болғандықтан, жұрт бірер малын сойып, етін қақтап алуды ұйғарды. Сонан соң дүр көтеріліп, Сүмбе деген жерге барды. Қазақ пен қырғызды қосақтап қуырып жатқан қазан шұңқыр осында екен. Орыстар артынан қуады, қытайлар одан ары өткізбейді. Пішпектен, Қарақолдан қашқан қырғыздың көбі малсыз, үйсіз. Оранған киімінен өзге  не баспанасы, не үстінде лыпасы жоқ. Киіз жамылған кемпір-шал мен теріге оранған бала-шағаны, бұта-бұтаға жүн-жұрқа жауып, соның астын паналаған қатын-қалашты көргенде, Тазабектің төбе шашы тік тұрды. Жайсыз, күйсіз жұрт жалаңаш ағаштай жұтаған. Аштан қырылғанша жыбырлай тұратын көбі аз күннің ғана адамы. Бұларға не қытайдың, не орыстың жаны ашымайды. Бұралқы иттен бетер бейнет тартқан халық. Иесі де жоқ, елі мен жері де жоқ. Жанашыры да жоқ. Не көкке ұшып кете алмайды, не жерге кіріп кете алмайды. Ешкімге керексіз.

Қазақ пен қырғызды кіріптар қылып, қалмақтың тілеуін құдай беріпті. Тау арасынан тұтқиыл шыға келіп шабуылдайды екен. Малын айдап, әдемі қыз-келіншегін өңгеріп әкетеді екен. Сол әкеткеннен кейбірі қайтпай қалып жатқан көрінеді. Аштан өлгенше, қалмаққа қатын болайын деген шығар, бәлкім, өлтіріп тастаған шығар, анығын ешкім білмейді. Көбін бір түн асырып қайта әкеп тастайды екен. Селге аққан салындыдай не өң жоқ, не түс жоқ, сөлбірейіп қайтады екен қыздар. Жаны олжа болған соң, қалғанына көз жұмады екен бәрі. Қорғансыз жандардың төзуден өзге шарасы жоқ.

Шегараға ұйлыққан жұртты аралап қайтқан соң: «Бұл — Албанға келген ақырзаман», — деп бағалады Қожабек. Солай екенін қасына ерген Тазабек те түсінді. Шекараны күзеткен қытаймен де, олармен сыбайлас қалмақтармен де сөйлесіп көріп, қайтерін білмей, бірінің бетіне бірі қарады. «Мен көштеріңді аман-есен өткізіп берем. Тек он жылқы, елу қой жинап беріңдер», — деді бір қалмақ. Оның сөйте алатынына бұлар сенді. Өйткені оның кіріп-шығып жүрген жеріне өзгелер маңайлап та бара алмайды. Бірақ оның сұраған малын жинап берсе, өздері осы қыста-ақ аштан қырылып қалар еді. Сондықтан оның шарты «Егер маған өміріңді қисаң, мен сенің өміріңді сақтап қалар едім» дегенмен барабар-ды.

—  Көнеміз бе, қайтеміз? — деді Қожабек қынжылып.

— Басқа амал жоқ болса, көнбегенде қайтеміз? — деді Тазабек те ұнжырғасы түсіп.

— Әуелі елмен ақылдасайық, — деді Қожабек. — Екеуі шешті, біз білмей қалдық деп жүрмесін кейін. Кімде қанша қалды екен, малдың да есебін алайық.

Екеуі ауыл қонған маңға жақындай бергенде, арғы шеттен баж-бұж еткен шу шықты. «Ұрып кетті!» — деген Сәменнің дауысын Тазабек жаңылмай танып, тұра шапты. Балалар төбелесіп қалған болар деп болжады. Қожабек екеуі жетіп келсе, бір Сәмен емес, Самсалының да, екеуінен ересектердің де  бет-ауызы мен бас-көзі қан-қан, жырым-жырым.

Бір топ қалмақ бұлар мал жайып жүрген жотаның арғы бетінен шыға келіпті де, шоқпармен, қамшымен, таяқпен шетінен ұрып жығып, бар малды түк қалдырмай айдап әкетіпті. Әйтеуір, ешкімді атпапты, бірақ асынған мылтықтары да бар екен. Астындағы атынан басқа ешкімде мал қалмады. Нағыз ақырзаман енді туды. Аштан өлудің осылай басталатынын Тазабек түсінді. Өлімнің өзінен гөрі өлем-ау деген қаупі зор секілді. «Енді қайттік?» — деп, қатын-қалаш, бала-шағада ес қалмады.

— Тазабек, — деді оны Қожабек оңашалап, — жаны алқымға таянғанда, адам ең ақырғы амалға барады. Біз де сөйтпесек болмас. Өзің Дәулетбай деген ағамызды көріп жүрсің, Көкшегір келіннің жақын қайнағасы. Жасы жетпістен асты. Осыдан тұп-тура елу алты жыл бұрын бұ кісі қазақтың қолына түскен тұтқын еді. Он алты жасар қалмақ болатын. Оны Серікбайдың ағасы асықты жілік ұсатып асырап алған. Қатын әперді, үйлі-баранды қылды. бетінен қақпай өсірді. Он алтыдағы бала оның бәрін біледі. Бірде-біріміз ол жайлы көзінше сөз қозғап көрген емеспіз. Қазір тоғыз ұлы бар, бәрі қазақ, бәрі албан, бәрі қызылбөрік. Енді, амал жоқ, сол әңгімені әйгілеуге тура келіп тұр. Өйтпеске ары ойлап, бері ойлап, амал таппадым. Мына бізді тонап, шауып әкетіп жатқан қалмақтардың бір дөкейі осы кісінің туған інісі Қарға екен. Соған енді Дәукеңді жұмсамасақ, кімді жұмсаймыз? Ес білгелі ағалап келе жатқан адамыма «сен қалмақсың» дегенді бетім күймей қалай айтам? Кешке үйге қонақ шақырайын. Сен менен гөрі сырт адамсың, әңгімені Көкшегір екеуің бастаңдар, ар жағын мен алып кетермін. Бұған қалай қарайсың?

— Қожеке-ау, оның не «қалай қарайтыны» бар? Көпшілік үшін бет күймек тұрмақ, жан күйіп жатқан жоқ па?

...Кешкісін әңгімені Тазабек қалмақтар айдап әкеткен малдан бастады. Малдан айрылудың арты жаннан айрылуға апаратынын ескертті. Одан ары ұзақ оспақтатқанды орынсыз санап, қалмақ ішінде Төрге, Жырғал, Батмолда секілді көсемдері бар екенін, солармен келіспесе, істерінің оңалмайтынын қадап айтты. Солардың ішінде Қарға деген ерекше батыр, атақты көсемі бар екенін айтқанда, Дәулетбай селк ете қалғандай болды. Сонан соң төтелей келіп:

— Сол Қарғаға ортамыздан Дәулетбай ағаны жұмсамасақ, басқа амал қалмай тұр. Қиналған мына елі үшін, қатын-баланың қамы үшін, ағамыз оған ренжімес, — деп тоқтады.

— Неге мен баруым керек? — деді Дәулетбай әлдебір астарды аңғарып.  

— Ата, айыпқа бұйырмаңыз, — деді Көкшегір сөзді іліп әкетіп. — Бар сенеріміз сіз болған соң, бұған амалсыз барып отырмыз. Өзіңіз білесіз бе, білмейсіз бе, ол жағы бізге беймәлім, бірақ сол Қарға деген батырдың сізге іні екенін елден естідік. Естіген құлақта жазық жоқ, соны естіп, сөздің шыны керек, қуандық. «Қырылудан, аштан өлуден аман қалатын болдық. Құдай бала-шағамыздың көз жасын көрген екен», — деп қуандық. Өйткені ініңіз болса, ол Қарға сізді тыңдамағанда, кімді тыңдайды?

— Сонда сендер мені қазақ емес, қалмақ деп жұмсап отырсыңдар ма? Соған көздерің мен жетпістен асқанда жетті ме? Тоғыз балам мен қатыным қазақ та, мен қалмақпын ба? Бұл не қорлықтарың? — деп, қарт еңкілдеп қоя берді.

Бүлдіріп алдық па, енді қайттік дегенді аңғартып, Тазабек Көкшегірге қарады. Ол көзін жұмып, басын шайқап, үндеме дегенді ұқтырды.

— Ата! — деді сәлден кейін сөзді өзі бастап. — Мен сізге келін боп тұрғанда, балаларыңыз бен жеңгеміз қазақ болып тұрғанда, сіз қалай қалмақ боласыз? Бірақ қалмақ та болса Қарға бауырыңыз ғой, өз қазағыңыз үшін өз бауырыңызға бір ауыз сөз айта ма деген тілек қой біздікі.

Содан кейін қарттың  иі жібиін деді. Басқалар да қаумалап, аштан қырылмас үшін, амалсыз солай істеуге тура келіп тұрғанын айтқансып жатты.

Қарғаға төрт кісі аттанды: Дәулетбай, Қожабек, Тазабек және Көкшегір. Олар ауылдан ұзап бара жатқанда, Шәйі есік алдында тұрған. Үш атты үй сыртынан өтіп бара жатты. Кенет ең алдыңғысы тізгінін тартып, бұған бұрыла қарады. Оның түрін көргенде, Шәйінің жүрегі су ете түсті: жазда жәрмеңкеде көрген жалпақ бет қалмақ. Үрейленгеннен өне бойынан әл кетіп, есікке дейінгі екі-үш қадамды әрең аттады. Енесі бетіне бір қарады да, құшақтай алды.

— Қарғам, не қылды? Бір жерің ауырды ма? Жата қойшы! Жүзік, Жәмеш, жүгірсеңдерші! Құдай-ай, ішіндегісі аман болса екен!

Бәрі Шәйіні қаумалап, текеметтің үстіне көрпе төсеп жантайтты.

— Аяқ асты не болды? Көзіңе бірдеме көрінді ме? — деді Жәмеш басына жастық төсеп жатып.

— Көзіме ол көрінгенше, шайтан көрінгені жақсы еді. Естеріңде ме, жәрмеңкеде Сопыйаның әнін еститін күні дәу бір қалмақтың қасынан мұрнымызды басып қашып едік қой? Жаңа соны көріп, тұрған жерімде құлап қала жаздадым. Мені таныды-ау деймін, бұрылып, бір сұмдық қарады. Қайта оралып келіп, бәрімізді қырып кетіп жүрмесе жарар еді.

— Мен Әділбек атама айтайыншы, Кенжеғарасын қасымызға жіберсін. Еркегі бар үй екен деп, қаймығар, —деді Жәмеш.

— Сөйтейік, — деді Жүзік те қостап.

...Кешкі апақ-сапақта есіктің алды кенет тасыр-тұсыр етті. Жүгіріп шықпақ болған Жүзікті әлдекім кеудесінен итеріп жіберіп, үйге кіріп келді.

— Ойбай, Сәмен, атама жүгір! — деді жығылып жатып.

Еңгезердей төрт-бес қалмақ әй-шәй жоқ Шәйі мен Жәмешті бас салды. Қалиша мен Жүзік бажылдап ара түспек болып еді, екеуін екі жаққа ұшырып жіберді. Есіктің алдында тағы үш қалмақ ат үстінде әзір тұр екен. Жәрмеңкеде көрген жалпақ бет қалмақ Шәйіні өңгеріп алды да тұра шапты.

— Мен қыз емеспін, қатынмын! — деді Шәйі далбасалап.

Дәу қалмақ қыңқ деген жоқ. Құлағына Жүзіктің дауысы бір жетіп, бір жетпеді. Байқауынша, арттарынан қуғын түспеді. Қалмақтар қашпай-пыспай тау ішіне кірді. Ә дегенше қас қарайды. Енді тіпті қуғын түспейтінін Шәйі сезді. Қожабек пен Тазабек болмаса, бұл ауылдың ауыл болмасын осы жолы байқады. Қалмақтың қарасы жиырма шақты еді, көбі жолай бөлініп кетті де, ақырында үшеуі қалды. Бажылдап келе жатқан Жәмештің де үні өшті.

Өзгелерінен бөлініп шыққан екі қалмақ тау ішіне еніп барып тоқтады. Екеуі екі жағынан ұстап, Шәйіні жерге түсірді. Жұлқынып еді, екеуі екі иығынан басып тырп еткізбеді. Өздерінше бірдеме десті. Әлденеге келісе алмай тұрған секілді. Осы арада зорламақ-ау деп, Шәйінің зәресі ұшты.

— Маған тимеңдер!— деді олардың ұятын оятқысы келіп. — Ішімде балам бар. Байы бар әйелмін. Сендердің әпкелерің, қарындастарың жоқ па? Жылатпаңдар мені!

— Әпкеміз де, қарындасымыз да бар, тек сендей қатынымыз жоқ, — деді біреуі кекете күліп.

— Қазақ ішінде жүріп, қазаққа қас қыласыңдар ма? Жіберіңдер мені!

— Көп сөзді қайтесің, бұған дейін қазаққа қатын болсаң, енді қалмаққа қатын боласың, — деді жаңағы жігіт жекіп.

Қасындағысы қапсыра құшақтап тұрды да, екіншісі аузын орамалмен буып, қолын жіппен тас қып байлап тастады.

— Ал енді әңгімеңді айта бер, — деді кекетіп.

Сонан соң дәу қалмақ тағы өңгеріп алды. Бұлқынып байқап еді, оны анау құмырсқаның қыбырлағанындай да көрмеді. Сәл жүрген соң алдарынан ит үрді. Малқораны айнала алқақотан отырған бес үйлі ауылға келді. Жеке бір үйге көтеріп кіргізді де, аяғын қоса байлап, текеметтің үстіне дөңбекше тастай салды. Есікті сықырлатып, тықырлатып ұзақ жапты. Сірә, әбден мықтаған болу керек. Сырттан дабыр-дұбырды естігенімен, не болып жатқанын түсінбеді. Әлден уақыттан кейін дәу қараның өзі кірді. Үстіне тон жапты да, үн-түнсіз қайта шығып кетті. Аузымды аш дейін деп жер тепкілеп еді, тіпті мойнын да бұрмады. Есік те, түңлік те жабық, тас қараңғы. Неге әкелді, неге қол-аяғын шешпейді, — түсініксіз. Бекерден-бекер әкелмейді, бекер қол-аяғын байламайды, ол — түсінікті. Сонда не істемек? Өлтірсе, айдалада-ақ өлтіріп кетпес пе еді? Шынымен-ақ зорлап қатын қылмақ па? Осы ойдан Шәйінің тұла бойы түршігіп кетті. Балағынан жылан жылжып келе жатқандай тыжырынды. Осымен өмірінің біткені ме? Әкеден, шешеден, бауырдан, туған ел мен туған жерден — бәрінен айрылса да, әлі тіршіліктің тауқыметін Тазабекпен бірге татайыншы деп талпынып еді, оны да құдайдың көп көргені ме? Әттең-ай, қолына бір қару тисе, дәу тұрмақ, тау қалмақ болса да алысып өлер еді! Кеудесінен жаны шыққанша кеудесіне мінгізбес еді! Орысқа да, қалмаққа да қор қылған құдай-ай! Бұдан да жаратпай-ақ қойса қайтетін еді?!

Аузы байлаулы болса да, ойы байлаусыз Шәйі шарасыздықтан шыңғырып жылады. Бірақ жүрегі шыңғырғанмен, үні шықпады. Бауыздалған қойдың бақылындай бірдеме өз құлағына азар жетті. Буынып өлуге де мүмкіндігі жоқ міскін дәрменсіздіктен булығып өксіді.

Бір кезде есік ашылды. Бірақ есіктен ешқандай жарық кірмеді. Есіктен енген  қараңғылық тыныштықты бұзбай біраз тұрды. Сонан соң есікті ішінен мықтап жапты. Әлденемен байлады. Жақындап келді де, үстіндегі тонды ақырын алып тастап, жанына жантайды. Жат иіс те жақындады. Артынша құшағымен қақпанның шаппасынша кеудесін қысып алды да, зілдей қалмақ бар салмағын салды. Әйел бойында дүлей күшке бөгеу болатын еш құдіреттің жоқтығына Шәйінің көзі жетті. Күштіні тоқтататын құдіреттің бірі — ұят. Тағы бірі — аяушылық. Және бірі — мейірім. Мұның бірде-бірі бойынан табылмаса, онда күшті не істесе де, бәрі — заң.

Қалмақ аяғындағы жіпті алды да, аузы мен қолын шешпеді. Бәрін түсінді: бақырмасын, қарсыласпасын деді. Еңіреп жылағаннан өзге ештеңе қолынан келмеді. Үні шықпаған соң:

— Тәй-ке-е-ен! — деді жүрегінің даусымен шақырып.

* * *

Қарға көсем десе, дегендей адам екен. «Қазақтар келді» дегеннен-ақ дайындалса керек, орнынан тұрмай, бәріне бажайлап бір-бір қарап өтті. Әлдене кенет есіне түскендей, Дәулетбайға қайта жалт қарады, сонан соң есіне ештеңе түсіре алмаған адамша қабағын шытты.

— Иә, таныса отырайық, жөндеріңізді айтыңыздар, — деді.

Алдымен Қожабек сөйледі.

— Менің атым — Қожабек. Мына бізді бастап кеп отырған ақсақалдың аты — Дәулетбай. Мен бұ кісінің інісі болам.

— Мен Тазабекпін. Қожабек ағаның інісі болам.

— Мен Дәукеңнің келінімін, қырғыз Қожеке батырдың қызымын. Әкемнің қойған аты — Қаныкей, албандардың қойған аты — Көкшегір.

Бас шұлғып тыңдап отырған Қарға орнынан ұшып түрегелді.

— Апырмай, Қожеке батырдың қызымын дедің бе? Сенің әкеңнің қалай өлгенін өз көзіммен көріп ем, айналайын. Қытайлар қып-қызыл шоққа тірідей лақтырып өртегенде, қыңқ деп бір дыбыс шығармап еді! Соны көрген қалмақтар күні бүгінге дейін түсінен шошып оянады. — Көкшегірдің алдына келіп қолын ұстады. Бетіне сүйсіне қарады. — Менің үйім — сенің де үйің, Қожеке батырдың қызы: Төрге шық! — деді қолтығынан сүйеп.

— Сіз менің әкемді ардақтайтын адам болсаңыз, сіздің үй маған да үй болмағанда, кімге үй болады, Қарға аға?

— Дәл айтасың, Қожеке батырдың қызы. Ал енді дұрыстап жөндеріңді айтыңдаршы, мені қалай таптыңдар, қайдан келесіңдер, қандай шаруамен жүрсіңдер?

— Оны Жәкем айтсын, — деді Көкшегір Дәулетбайға бұрылып.

Дәулетбай әңгімесін қазақтарға қалай тұтқын болғанынан бастады. Қолын қақпай, маңдайынан шертпей, қазақ әкесі қаншама бағып-қаққанымен, өз елін, әсіресе кішкентай інісін көп жыл бойы ұмыта алмағанын айтқанда, Қарға орнында отыра алмай қозғалақтап кетті.

— Дәулетбай — менің қазақ әкем қойған ат, өз атым — Дөрбөжін, — деген кезде, орнынан Қарға екі ұмтылып тұра алмай, үшіншісінде әрең тұрды.

— Әй, жүрегім сезіп еді-ау! — деді Дәулетбайға қарай тәлтіректей аттап. — Сезіп ем-ау сенің тірі екеніңді!

Дәулетбай түрегелген бойы тұрып қалды. Екі бауыр құшақтасып, еңкілдеп едәуір жыласты. Оған қазақтар жарты жұмысы біткендей жымыңдасты.

— Қалай ұмыттың, қалай? — деп, Қарға басын шайқай берді.

— Қашан балалы-шағалы болғанша ұмыта алмадым, есімнен шықпадың.

— Апырмай, бала бауырды ұмыттырады екен-ау, менің ұмыта алмай жүргенім баламның жоқтығынан екен ғой? — деп, Қарға көзіне тағы жас алды.

— Бауырдың баласы бауырға бөтен болмайды, сіз бүгін аға ғана тапқан жоқсыз, ағамен қоса бала да тауып отырсыз, Қарға аға. Жылайтын жөніңіз жоқ, — деді Көкшегір.

— Дұрыс айтасың, Қожеке батырдың қызы. Дұрыс айтасың, — деп, Қарға өзін өзі зорлап, азар жымиды.

Дәулетбай содан кейін неге келген жөндерін айта бастап еді, сөздің мәнісін түсіне қойған Қарға орнынан тұрды да, ағасына қарап қолын қусырды.

— Болды, болды! Алдыма Қожеке батырдың қызы келсе, қолға түскен ағамды құл етпей, ұл еткен қазақтар келсе және жай келмей, бір ағамды тоғыз ұлдан өрбіген бір ауыл етіп әкелсе, мен қазақтардың қандай шаруасы болса да шешіп беруге дайынмын!

Қарға бұларды байтал сойып қонақ етті. Кетерлерінде қазақы жөнмен бұйымтай сұрады.

— Қам жемей қайта беріңдер. Малдарыңды кім алса, соның өзіне апартып бергізем. Шегарадан қай күні өтетіндеріңді білдірсеңдер, со күні шеріктерге тапсырма бергізем, бәрі ойдағыдай болады, — деді.

Қарғадан қарық боп қайтқан бұлар үш қыз бен Шәйіні қалмақтардың тартып әкеткенін естігенде есеңгіреген адамша ес-түссіз ұзақ отырып қалды. Жарық дүниенің түндігі жабылып, жер әлемді қапас қараңғылық қымтап алғандай көрінді. «Енді қайттім?» — деді Тазабек түңіліп. Өзінен өзі сұрап, өзіне өзі жауап бере алмады. Жауабы да жоқ, шешімі де жоқ тығырық тәрізді.

— Қарғам, — деді шешесі дем беріп, — әкең өлгеннен кейін де өмір сүріп жаттық қой. Тірі адам тіршіліктің тозағын да тартады, азабын да көреді, одан тек өлі адам ғана құтылады. Ішінде ұрпағың бар әйелді жауда қалдырма. Ол — сенің болашағың. Тек ішіндегісі аман болса екен! Қарындасың да ағам құтқарады деп сеніп жатқан шығар. Бәріміз бір саған сеніп жүрміз, шырағым.

Тазабек анасының айтқанын да, айтпағын да түсінді. «Кеудемде жаным барда Шәйіні жылатпаймын!» деген уәдесі де есінде.

— Сабырыңды жоғалтпа, — деді Жүзік Тазабек мылтығына қол созып жатқанда. — Ана екі қыздың ағайын-туысы да дайындалып жатқан. Дәулетбай ағаның екі үлкен баласын қасыңа алсаң, онда Қарға тағы көмектесетін шығар?

Дәп осы ақылдың дер кезінде айтылғанын түсініп, Тазабек Жүзікке сүйсіне қарады.

* * *

Ертесі қас қарая дүлей қалмақ тағы келгенде, «Бұдан да өлгенім жақсы еді!», — деді Шәйі түңіліп.

— Қатын болуға көнемісің? — деді қалмақ еңкейіп.

Шәйі басын шайқады. Анау бір қолымен қапсыра құшақтап алды да, екінші қолымен аяғын шеше бастады.

— Тәй-ке-е-ен! — деді Шәйі тұншыға шыңғырып. Тұла бойы тыпырлап қашты. Бірақ жанын да жаралаған, арын да арамдаған қараңғылықтан құтыла алмады.

* * *

Тазабек бастаған алты жігіт Қарғаға тағы келді. Ол бұларды үн-түнсіз түнеріп тыңдады.

— Төргенің адамдары екенін айтуларыңнан болжап отырмын, — деді қабағын түйіп. — Малдарыңды айдап әкеткен де солар. Бүгін қайтарып беруге тиіс. Жігіттерім оны өздері жайғастырады. Ал мынаған өзім араласпасам, болмас. Сіздер шай ішіп жайғаса тұрыңыздар, мен жігіттерімді әзірлей берейін.

Жиырма шақты сақадай сайланған жігіт әп-сәтте жиналды. Қарғаның соңынан тау бөктерлей тіке солтүстікке тартты. Дәу қораны төңіректей отырған бес үйлі ауылға бұлар түс ауа жетті. Қарға әлдене деп қалып еді, жігіттері лездемде әр үйді төрт-бестен қоршап ала қойды. Сонан соң өзі алдыға шығып, аспанға екі дүркін оқ атып еді, бар үйдің адамдары сыртқа ытып-ытып шықты. Тек үшінші үйдің есігі ашылмады.

— Әйелің ана үйде, — деді Қарға сол үйді Тазабекке иегімен нұсқап. — Алып шық!

Мылтығын жүре кезеп, Тазабек солай беттеді. Аяғы байлаулы, аузы таңулы Шәйіні кірген бетте бас салды. Әуелі аузын шешті де, көтеріп алды.

— Енді мені өзің де алма, қалмаққа да қатын қылма, өлтіріп кет! — деді Шәйі баж етіп.

— Шәйі! — деді бірінші рет оған жекіп. — Егер осы сөзіңді елдің көзінше тағы айтатын болсаң, онда, шынында, өлтіріп кетем! — Сыртқа көтеріп шыққан соң, аяғындағы жібін елдің көзінше бәкісімен кесті де, Шәйіні көтеріп әкеп атқа мінгізгелі жатқанда:

— Тұра тұр! — деді Қарға қамшысын көтеріп. — Атты да, ерді де мынау тауып береді. — Тазабек жалт қарап, Қарқара жәрмеңкесіне жылда келетін жалпақ бет қалмақты бірден таныды. Мылтығын соған қарай кезене бергенде, тағы Қарға тоқтатты. — Сабыр қыл, Тазабек! Әуелі әйеліңе ат алып келсін! — Ақырып бірдеме деп еді, дәу қалмақ үйі жаққа емпеңдей жөнелді. Артынша ерттеулі ат жетектеп әкелді. — Енді ана атқа әйеліңді мінгіз!

— Қарындасым мен басқа қыздар қайда?

— Оларға бізді осы дәу бастап барады. Бәрін де табамыз. Ал енді, Тазабек, мына дәудің бойжетіп отырған өз қарындасы бар. Жазасына сен соны тоқалдыққа ал!

— Ал, Тәйкен, ал! — деді Шәйі ашына үн қатып.

— Ағасы мынандай болғанда, қарындасы қай оңған дейсің, Қарға аға? Алмаймын!

— Онда кеттік.

Жәмешті, тағы екі қызды тауып алғанша қас қарайды. Бұларды шығарып салып тұрып, Қарға дәу қалмақты атынан түсірді.

— Мұны атып тастағаннан қалмақ азаймайды, қазақ көбеймейді, Тазабек. Қамшыңды ал да, ашуыңды бас!

— Атып тастаңыз! — деді бір қыздың ағасы ашуланып.

Атынан түсіп, қамшысын салмақтап, Тазабек дәу қалмақтың қарсы алдына барды.

— Қарға аға, қақ маңдайдан ұрсам, мына дүлей тіл тартпай кетеді. Бірақ одан, өзіңіз айтпақшы, қалмақ та азаймайды, қылмыс та азаймайды, қазақ та көбеймейді. Оның үстіне, сізден жақсылық көріп тұрып, бір қандасыңыздың қанын жүктеп кетсем, сіздің абыройыңызға дақ салып кеткендей болам. Алайда сіз рұқсат беріп тұрғанды пайдаланып, мен мұны өлтірмей, мүгедек қылып кетейін. Өле-өлгенше есінде жүрсін, өзгеге де сабақ болсын.

— Уәй, — деді бір қалмақ күдіктеніп, — ол қамшыға өлмейді!  

Тазабек тістеніп көзін жұмды. Бүкіл ашуын, ыза-кегін білегіне жинады. Қалмаққа қарама-қарсы тұрып, сол аяғын алдыға созды да, бір орнында ары-бері теңселді.

— Ах! — деп, ақыра сілтеп қалғанда, өңкиіп тұрған қалмақ шөккен түйеше өкіріп етпетінен түсті. Тұмсығымен жер сүзе жығылды. Үш қалмақ жігіті жүгіріп келіп, жерден көтеріп тұрғызбақ болып еді, ол жаны шығып бара жатқандай шыңғырды. Оң иығы салбырап, бос арқанның ұшынша қолы мен жеңі салаңдады да  қалды.

— Қолыңның қаттысы-ай! — деді Қарға басын шайқап. — Таңданғаны ма, дәу қалмаққа жаны ашығаны ма, оны Тазабек ажырата алмады. — Ал енді жолдарың болсын! Өтетін күні хабар берсеңдер, осы жігіттерім қарсы алады.

— Қарға аға, сізге мың да бір рахмет!

...«Кегім қайтты ма, өкінішімнің орны толды ма?» — деді Тазабек өзін өзі іштей тергеп. Қатынын зорлады, қарындасын қорлады. Бар қалмақты қырып тастаса да, орны толмайтын опық. Бақырып жыласа да, ақырып аттандаса да, болар іс болды, енді оны ешқандай құдірет қалпына келтіре алмайды. Зорланған қатын, қорланған қарындас тұрмақ, бүкіл халық қорған таппай қырылып, қор болып жатқан жоқ па? Қырылып жатқандарға қарағанда, тірінің өмірі тәубә емес пе? Сондықтан жасығанын жауы тұрмақ, досы да көрмеуі керек. Өйтсе, ол да жеңіліс. Шәйі де, Жәмеш те кінәсіз. Өйткені қорғаусыз қалған оларда қорғанатындай шама жоқ. Еркек басына іс түскенде сыналады. Басына іс түсті. Жау қорлаған қатыны мен қарындасын енді өз елі қорламауы керек. Жаудың жауыздығын көргені үшін, қарындасы қарындас, қатыны қатын болмай қала ма?

Өзін өзі қайраған Тазабек қату мінезбен жан-жағына қабағын түйіп қарады. Шәйіге жанаса келіп, тізгінінен тартып Жәмешке қарай жақындатты.

— Еңселеріңді көтер! — деді өзгелерге де естірте. — Жарты әлемді қаратқан Шыңғысханның да қатынын жаулары тартып әкеткен. Сол Бөрте кейін оған жер бетінде теңдесі жоқ төрт ұл туып берген. Сендер де, құдай бұйыртса, қазақтың кегін қуатын қаһарман ұл-қыз туарсыңдар. Біз тартқан қорлық пен зорлықтың есесін солар қайтарады.

* * *

Қалмақтардан әйелі мен үш қызды қайтарып әкелген соң, жұрт Тазабекті батыр атады. Әсіресе оның атағын жалпақ бет қалмақты қамшымен қалай ұрып жыққанын айтып келушілер жайды. Араларынан қорған боларлық бір ұлдың шыққанына үлкен-кіші тәубә десті. Алайда дүниенің етек-жеңі бірте-бірте тарылып келе жатқанын бәрі аңғарды. Сондықтан әркім өзгеден бұрын өз қамын ойлауға көшті. Қалмақтың қылғаны мынау болса, қытайдың көрсетері тіпті зор шығар деген оймен Қалиша баласына ойда жоқ өтініш айтты:

— Балам, ары өтпей-ақ, Жүзіктің әке-шешесінің қасына барып, Күрметінің бір қуысын паналасақ кәйтетін еді?

— Апа, қалмақ — бір кезде қазақтан жеңілген жау. Қангелді, Райымбек бабаларымыз оларды елден, жерден қуып шыққан. Ал орыс — бізді билеп отырған ел. Таудың қуысы тұрмақ, жердің жеті қат астына тығылсақ та тауып алады. Тұқымымызды тұздай құртады.

— Өзің біл, қарғам. Менікі әншейін босқа әбігер боламыз ба деген әйелдік әңгіме ғой.

Сүмбенің солтүстік тау бетіне қазақтар жиналса, өзен бойлап, жазыққа қырғыздар ұйысты. Олардың жағдайы адам шошырлық. Көбінің не баспанасы, не суықта киер сырт киімі жоқ. Бірақ бала-шағасы көп және әйелден еркегі аз. Қайыр сұрап, қазірдің өзінде қазақ арасында қаңғып жүргені қаншама. Қыстың бір суығынан қала ма, қалмай ма, құдай біледі. Өзі де өлім аузында жүріп, оларға қазақтың қайыр беретінін қайтерсің?!

Қас қарайған кезде қырғыздар жақтан тарс-тұрс мылтық атылды. Олардың у-шуы қазақтарды да шошытты. Ет пісірім уақыттан кейін әрең тынышталды. Не болғанын білу үшін, Қожабек ертесі Тазабекті ертіп барды. Қаптаған қырғыздан азын-аулақ қалғанын бұлар бірден байқады. Киіз жамылып отырған жүдеу әйелден жөн сұрады.

— Бала-шағаны басып кете жаздап, бір топ атты шауып келді де: «Ойбай, орыстар келіп қалды, қашыңдар!» — деді. Артынша тарс-тұрс мылтық атылды. Біреу ойбайлады, біреу шыңғырды, балалар жылады, төңірек опыр-топыр болды да кетті. Жұрт жапатармағай шегараға лап қойды. Алдынан шыққан қытайдың шеріктеріне де тоқтамады. Тоқтата алмаған соң, олар да атты. Жұрт батпаққа батқандарды баса-көктеп қашты. Суға ағып бара жатқандарды көріп тұрып, суға секіріп жатқандар болды. Бірталайы қолынан түсіп қалған баласына қайрыла алмай зытты. Құдай өзі кешірсін, талай қатын қолындағы баласын тастай қашты. Өзеннен өте алмай қаншасы қырылғанын бір құдай біледі. Мен ә дегенде сүрініп жығылдым да, сол орнымда өлген кісіше жата бердім.

— Орыстар саған тимеді ме?

— Қайдағы орыстар? Қалмақтар екен бәрі. Жұрт тұра қашқанда қараусыз қалған малды түгел қуалап әкетіпті. Енді аштан өлетін болдық.

Қожабек пен Тазабек өзен бойындағы өліктерді көріп, жағаларын ұстады. Көріп тұрып, өз көздеріне өздері сенбеді. Әр жастағы жиырма шақты бала қайраңға батып, батпақтан шыға алмай, түнгі суықта сол күйі қатып өліпті. Қол ұшын беретін бір адам табылмағаны ғой? «Сұраусыз өлім!» — деді Тазабек өзіне өзі сыбырлап.

— О не? — деді Қожабек бетіне қарап. — Бірдеме дедің бе?

— Айтыңызшы, аға, осының бәріне кінәлі біреу бар ма, жоқ па? Әлде өз кінәмізден қырылып жатырмыз ба? Өйткені патшаның сұраған адамын берсек, орыс та, қалмақ та бізді бұлай қырмайтын еді ғой?    

— Оны мен де ойладым, Тазабек. Бірақ намыс өлімнен де күшті ғой, бәрін намысқа шабамыз деп бастадық емес пе? Бізге ешкім ештемені жөндеп түсіндірмей, «Бұл жабайыларға түсіндіретін түгі жоқ, айт та, адамын ала бер!» — деді ғой. Жуас халықты жүндей саламыз деп ойлады.

— Жүндеуін жүндеді ғой, көріп келесіз!

— Ә-әй, Тазабек-ай, жаны шығып кетпеген соң, кім барып өз еркімен көрге кіре қойсын, болашақтан бір жақсылық күтумен өтеміз де бәріміз.

* * *

Көшті Қарғаның жігіттері Мыстың суынан өткізіп, Аттың тауы деген жерге алып келді.

— Осы маңайға орналасыңыздар, ешкім тимейді, — деді бастап әкелген адам.

Олар кеткен соң, кесімді сөзді Қожабек айтты:

— Бәріміз бір сайға сыймаймыз, мал-жанның ыңғайына қарай бөлінейік.

— Біз бәріміз ана бір сайға сыярмыз, — деді Тазабек шилі өзекті алыстан байқап. — Қиын-қыстау күнде қабатыңызға алғаныңызға, Қожабек аға, сізге мың қайтара рахмет! Алда да араласып тұрармыз.

— Біз де саған бауыр басып қалдық, Тазабек. Төрт қызымызды қалмақтан қайтарып әкеп, үлкен қайрат қылдың. Дәу қалмақты қамшымен қалай ұрып жыққаныңды жігіттер жыр ғып айтып жүр. Кек қайтарып жүрмесін, абай бол!

...Тазабек Әділбек ақсақалды балаларымен қасына алды да, сайдың аузына отырды, ал өзгелерді сайдың түбіне жіберді. Отыз шақты қойы, екі бұзаулы сиыры, екі өгізі, екі бие, алты аты, жалғыз түйесі аман жеткен ол келе сала шаруасын ыңғайлауға кірісті. Қасына Сәменді ертіп алып, әуелі бұта шауып әкелді де, сонымен қоршаулап қора жасады. Батыс жақ сайда бір үй қалмақ отырады екен, суды соның бұлағынан таситын болды. Әділбектің балалары мен басқалар да бұдан көргенін істеп жатты.

— Апа, — деді Жүзік ертеңгі шай үстінде. — Тазабек болмаса, біз де қырғыздар құсап Сүмбенің бойында қырылып қалатын ба едік, кім білсін?

— Е, қарғам, бәріне тәубә! Сәменің де серік боп қасында жүрген жоқ па? «Орнында бар оңалар» деген — осы.   

Ертесінде Тазабек қалмақтың қойын жайып жүрген қазақпен жолығып, жөнін сұрап еді, ол:

— Е, бауырым, — деп аңырай жөнелді, — кейде адам өлмей қалғанына да өкінеді екен. Әке-шешемнен, бір аға, бір інімнен; олардың үй іші, бала-шағасынан; өзімнің екі ұл, бір қызымнан түгел айрылып, бір қатын мен бір баламды аман алып шыққаныма да тәубә деп жүрген бейбақпын. Бәрі суға кетіп өлді. Қатынымды жетектеп, кенже ұлымды құшақтап, басқа ешкімге көмек жасай алмадым. Бүйтіп тірі қалғаны құрысын! Енді міне аштан өлмеу үшін, қатын-баламызбен қалмаққа құл боп жүрміз.

— Қалмақ үй берді ме?

— Үй дейтіндей үй емес, дегенмен, әйтеуір, баспана. Жарқабақтың астын үңгіп қуыстап алдық. Еңкейіп кіріп, еңкейіп шығамыз. Әлі оңалып кетерміз деген үміт қой әншейін.

— Үміттен үлкен не бар дейсіз, аға? Атыңыз кім?

— Амалбай.

* * *

Қарашаның аяғында қар жауып, қыс түсті. Сығырайған білтешамның жарығымен бәрі кешкі тамаққа бас қойған кез еді. Іргенің сыртынан гүрс етіп әлдене сүйкене құлады. Бәрі үрейленіп, бір-біріне қарасты. Тонын иығына іле сап Тазабек тысқа ұмтылды.

— Байқашы! — деді Жүзік сақтандырып.

Артынша Тазабек бір әйелді үйге сүйреп кіргізді. Жаны бар екен, ернін қыбырлатты.

— Бірдеме айтқалы жатыр-ау, байғұс! — деп, Қалиша қасына барды. Әйел көзін бір жұмып, бір ашты.

— Қасында тағы біреулер бар-ау, сірә? — деді Жүзік жорамалдап.

Тазабек тағы сыртқа шықты. Дыбыс біліне ме деп, төңіректі біраз тыңдады. Қараңғыға көзі үйренген соң, әйелдің қарға түскен ізін байқады. Соны қуалай барып, етпетінен құлаған ересек балаға тап келді. Әлгіні көтере сап үйге алып кірді. Кеудесін ашып тыңдап, тамырын ұстап көріп, тіршілік белгісін таба алмады.

— Байғұс бала етпетінен жығылғанда, қарға тұншығып өлген тәрізді, — деді топшылап.

— Бұл әйелдің күйеуі де болу керек, балам, қарап келші! — деді Қалиша. Тазабек тағы тысқа ұмтылды. Із қуып, дауыс жетер жерге дейін барды. Енді кері қайта бергенінде, бүйірлеп кеткен тағы бір ізді байқады. Сәл жүрген соң, сүрініп жығылды ма екен, бұта түбінде бүк түсіп жатқан еркектің үстінен түсті. Алақанын мұрнына тосып еді, жылы леп білінгендей болды. Оны көтеріп әкеп ошақтың қасына жатқызды.

— Әйел байғұстың әлі біткен екен, — деді Қалиша, — үзіліп кетті. Еркегінің жаны бар ма?

— Бар, — деді Тазабек дереу оның аяқ-қолын қармен ысқылай бастап. — Киімдері жұқа, жаураған, аш та шығар, қалай жетті екен бұл араға? Киіміне қарағанда, қырғыз болу керек. Жағы қарысып қалған-ау деймін? Бір қасық жылы сүт ұрттатшы, Жүзік!

— Ойбай, мен қорқам, апам ішкізсінші.

— Әкел сүтіңді! Тірі қалса, бала-шағама сауабы тиер.

— Мә, апа. Сәменіме сауабы тисін.

...Кетпен-күрегі жоқ Тазабек өлген әйел мен баласын жарқабақтың астына апарып бетін жасырды. Еркек түс ауа әрең басын көтерді.

— Балам? — деді Тазабектің бетіне әрі үмітпен, әрі күдікпен қарап.

— Балаң шешесінің қасында...

* * *

Екі күн толастамай жауған қар жер әлемді бүркеп тастады. Қой мен сиыр қорада қамалып, жылқы екеш жылқы да тебіндей алмай қалды. Мұның түбі жұт екенін Тазабек болжады. Сасқанынан шөп сұрап көрші қалмаққа барып еді, «Жиғаным өз малыма да жетпейді», — деп, ол шынын айтты. Енді не де болса деп, әкесінен естіген әрекетке кірісті. Ең әуелі Әділбектің Кенжеғарасы мен Сәменді ертіп, таудан екі қу қарағай кесіп әкелді. Біреуін үшке бөлді де, жуан бөренесіне дәл ортадан жетек жасады. Ал қарсы жағына екі жерден басытқы қақты. Сөйтіп дайын сүйретпені үшеулеп жотаның күнгей бетіне апарды. Екі басытқыға Кенжеғара мен Сәменді отырғызды да, өзі жетегінен тартып төменге сүйреді. Сүйретпе беткейдің бос қарын сыпыра жөнелді. Аршылған қардың астынан қоғажуа тауып алған Тазабек екі балаға көрсетіп еді, тағы табамыз деп, олар одан бетер құлшынды. Үшеуі мәз болып, беткейге он шақты рет түсіп шыққанда, әжептеуір жайылым аршыды. Қайтер екен деп, қорадағы малды қоя беріп еді, беткейге жабысып, күн батқанша түртінектеді де жатты. Ертесінде барлық үйдің үлкен-кішісі арпалысып, осы әдіспен жайылым аршуға кірісті. Тағы бір күні Тазабек бұта мен шиді шауып әкеліп, балтаман турап араластырды да, малға жем жасады. Ағайындарына да соны істетті.

— Арамтамақ болмай, мен де бір жағыңа шығайын да, — деді жаңа-жаңа оңалып келе жатқан қырғыз ыңғайсызданып.

— Қыс ұзақ. Сізге де әлі жұмыс табылар. Әзірше күш жинай беріңіз, — деп күлді Тазабек.

Қырғыз Ыстықкөлдің сарыбағышы екен, аты — Табай, қырық сегізде. Бір ағасы, бір інісі үй ішімен Текеске дейін бірге үркіп келіпті де, орыстар зеңбірекпен атқылаған кезде, кімнің қайда қашқанын білмей, быт-шыттары шығыпты.

Үлкен екі ұлынан да сонда адасып қалыпты. Кенжесін жетектеп, қатынын алдыға сап әрең-пәрең бері өтіпті. Қалғандарын күтіп, екі күн сол маңайда аялдапты. Талғажу етіп жүрген құрттары да таусылып, ақырында аштан өлетін болған соң, қашқандарға еріп тентірей беріпті. Төрт күн бойы не қазақ, не қалмақ не үйіне кіргізбей, не тамақ бермей, әбден әлсірепті. Енді өлдік деп, бәрінен күдер үзген кезде, кенет осы үйдің от жарығын қатынының көзі шалып қалыпты. Алдыға түсіп ұмтылған екен, ажалына асығыпты, байғұс!

Жаз бен күзде жөндеп қоң жинай алмаған қой малы, Тазабек қаншама тырбанса да, күнара жауған қардың қысымына төтеп бере алмай, өлгені өліп, өлмегені көтерем болды. Көктемге салым қорасында он шақты қойы, жеті жылқысы, бір сиыры мен бір түйесі ғана қалды. Ұндары бітіп, еттен басқа қоректің бәрі таусылды. Аман-есен көкке ілінсе, осы малымыз да асырар деп үміттенді. Бір күні кешкісін:

— Бауырларым-ау, барсыңдар ма? — деп, Жомарт үйге кіріп келгенде, өлген адам тіріліп кеткендей, әйелдер шу ете қалды. Бәрі жылап көрісті. Жылап жүріп күлісті. — Өңкей тасбауырлар, өліп қалсам да мені іздемейсіңдер, — деді ол да көзі мен мұрнын кезек-кезек сүртіп.

—  Көміршіге келмей, өзің ғой қашқан, — деп, Тазабек ақталған болды.

— Ауылымызды орыстар түн ішінде атқылап, қайта әке-шешемді аман алып шыққанымды айтсаңшы. Көміршіге келмек тұрмақ, көрге кіріп кете жаздадық.

— Айналайын-ай! — деді Қалиша кимешегінің ұшымен көзін сүрткілеп. — Ел көшіп келгендей қуанттың ғой бәрімізді!

— Апа, мына кісіні танымадым ғой? — деп, Жомарт тебеген атқа қарағандай Табайға секемдене қарады.

— Ол — менің қырғыз ішінде жүрген бауырым. Ел аласапыранда бір-бірінен адасып жатса, біз табысып қалдық.

— Е, құтты болсын, апа. Жәмешке үйленіп алған біреу ме деп, жүрегімнің су ете қалғаны.

— Жомарт аға мен жайында, әйтеуір, жақсы ойламайды.

— Күйеуге тигенді жаман деп кім айтты? Жаман болса, саған жаман шығар, біздің қолымыз оған жетпей жүр.

— Сонда қалай, сіздің күйеуге шыққыңыз келіп жүр ме?

Бәрі ду күлді.

— Апа, мына қызыңыз не болып кеткен? Мені келеке қылып отыр ғой!

Қалишадан бұрын Жүзік жауап қатты:

— Өзің ғой «біздің қолымыз оған жетпей жүр» деген.

— Өздерің есімді шығарып жібердіңдер шулап. Қуанғандарыңды да, ренжігендеріңді де адам білмейді.

Қожақ пен Сопыйаның жағдайын Жомарт білмейтін боп шықты.

— Мен сендерді іздеп Тасашыға бардым, — деді Тазабек бірінші рет сол сапарының сырын ашып. — Қожақты жол шетінде атып тастапты. Сол араға көміп, бейітін таспен бастырып кеттім. Сопыйадан хабар-ошар жоқ.

— Иманды болсын! Жақсы жігіт еді. Оны өлтіргендер Сопыйаны аман қалдырды деймісің? Қазаққа тидің деп, тірідей сойған шығар?!

— Бізге оны айтқан жоқ, — деді Жүзік басын шайқап. — Қайран Қожақ-ай, жатқан жері жайлы болсын!.. Өзің бізді қалай таптың?

— Көміршіде жолықпаған соң, сендердің мені өліге санайтындарыңды білдім. Бірақ жер бөтен, ел бөтен, іздеп шығуға жүрексіндім. Келе-келе көзім үйренді, көңілім орнықты. Алдымен Текес өңірін бір сүзіп шығайын деп ойладым. Талай адамға жолықтым, талайдан сұрастырдым. Сөйтіп жүріп, Қожабек деген кісіні таптым. «О, Тазабекті білгенде қандай!» — деп, Қобыландыны жырлағандай зулата жөнелді. Со кісінің сілтеуімен төбелеріңнен топ ете түстім.

— Қожабек ағалар қайда отыр екен?  Іздеуге мұршам болмай, ұят болды. Сенімен бірге барып қайтпасам болмас.

— Айтуына қарағанда, әу баста о кісі де осы маңайға тоқтапты. Бірақ малға да, адамға да жайлы тимеген соң, қыс ішінде Текестің күнгейіне көшіп барыпты. Қалмақтар қоқаңдап көрген екен, ырқына көнбепті. «Атасы жеңілген қалмақтың баласын да жеңдік», — деді маған.

* * *

Қожабектің ауылына бара жатқан жолда Тазабек Жомарттан Дәнекер жайын сұрады.

— Не өзін көрмедім, не хабарын естімедім, — деді Жомарт.

...Қожабектің ауылы екеуінің келгеніне әрі жылап, әрі күліп, артынан кішігірім жиын-той жасап жіберді. Ауып келген ауылда алғаш рет ән айтылды. Қалмақтар алып кетіп, бір айдан кейін әрең оралған бір әйел сай-сүйекті сырқырата әнге салды:

— Жайлауында Қарқара жатушы едік,

Топтап малды базарға сатушы едік.

Баймен қатар кедейге шығын салып,

Шаш етектен борышқа батушы едік.

 

Былтыр құлын — биыл тай,

Бүгін кедей — ертең бай.

Диірменнің тасындай

Шыр айналған дүние-ай!

 

Кереуетте керіліп жатушы едік,

Түске таман түңлікті ашушы едік.

Жәрмеңкеге мал сатқан қалмақ келсе,

Мұрнымызды сасық деп басушы едік.

 

Енді қалмақ қойнымда ерім болды,

Бұл не деген, жұртым-ау, керім болды?

Паңсып жатқан мамықта қайран басым,

Босағасы қалмақтың төрім болды.

 

Өз орнына ел қайтып қонар ма екен?

Осы қорлық көңілден қалар ма екен?

Тентіретпей ел-жұртын, тепкілетпей,

Бір азамат тізгінді алар ма екен?

Тазабектің төбе құйқасы шымырлап кетті. Бұл зарды бір әйел емес, бүкіл ел айтып тұр еді. Ошақ басындағы әйелден осыншама зар шығар деп ойламаған. Бәрі бас амандығынан басқаны ойлай алмай қалған заманда бұлайша мұң шағатын әйелдің табылғанына таңғалды. «Ел есін жия бастаған екен», — деді өзінше ой түйіп. «Диірменнің тасындай шыр айналған дүние-ай!» — деді іштей қайталап.

Сол сәт сырттан алқам-салқам біреу аптыға кіріп келді. Екі езуі екі құлағында, бөркі қолында. Шырқымызды бұзады-ау дегендей, оған бәрі жақтырмай қарасты.

— Бауырлар! — деді әлгі басының буы бұрқырап. — Құрият! Құрият болды!

— Мынау не дейді? «Құрияты» не? — деп, Жомарт Тазабекке қарады.

— Әй, құрып қалғыр, «құриятың» не? — деп, бір әйел жеки сұрады.

— «Құриятым» сол, ақ патша құлапты. Қашқан қазақ пен қырғыз елімізге қайтатын боппыз.

— Оны саған кім айтты?

— Көрші ауылдан үш жігіт келіп, жағалай шүйінші сұрап жүр, солардан естідім.

Жұрт сенерін де, сенбесін де білмей сенделіп қалды.

— «Жақсы сөз — жарым ырыс», айтқаның келсін! — деп, Қожабек бетін сыйпап еді, бәрі жапатармағай беттерін сыйпасты.

* * *

Табай мен Сәмен малға қарап, Қалиша мен Жәмеш үй жинап, бір сәт оңаша қалған Жүзік пен Шәйі қора айналып кетті. Жүзік қапсыра құшақтап, Шәйіні өзіне тартты.

— Шыныңды айтшы, Тазабектің ықыласы бұрынғыдай ма? «Қалмақ не істеді?» — деп сұрамады ма?

— Ештеме айтқан да жоқ, сұраған да жоқ.

— Әй, жаным-ай, нағыз еркек қой! Өзі қалай ірі болса, мінезі де сондай ірі. Біреудің бес балалы қатынына да қызығып, бұрынғы аталарымыз тартып алып үйленеді екен. Жақсы көрген соң сөйтет те. Тазабек те сені жақсы көреді. Жақсы көреді демекші, Жомартқа сен қалай қарайсың, осы?

— «Қалай қарағаның» не? Соны жақсы көріп қалдың ба?

— Е, жоға. Сен де қайдағыны айтады екенсің.

— Енді өзің ғой «жақсы көреді демекші» деп отырған.

— Көзінен байқадым, сол біздің Жәмешті жақсы көретін сияқты.

— Мүмкін. Бірақ Жәмеш бейіл бере қояр ма екен?

— Екеулеп иіп көрсек қайтеді?

— Көрейік. Сенің мені иігенің сияқты.

* * *

Ақ патшаның құлағаны, оның орнына Уақытша үкіметтің орнағаны, Қытайға қашқан қазақ пен қырғыздың өз Отанына қайтатыны — бәрі шындық болып шықты. Қожабекпен ақылдасып, Тазабек жақын күндерде Аттың тауы деген жерге жиналуға келісті. Қуантайын деп, бұл жаңалықты Тазабек Амалбайға да айтып еді, алайда ол қуанбады.

— Туған-туыстың бәрінен айрылдым, елде мені кім күтіп тұр дейсің? Көшетін көлігім де жоқ, орта жолда бекер аштан өлермін, — деді.

Тазабек не дерін білмеді. Аузына сөз түспей састы. Қасынан кете беріп:

— Өзіңіз біліңіз,— дегенді зорға айтты.

...Аттың тауына елдің алды боп Қожабек ауылы келгенін естіп, Тазабек көшуге асықты. Көшін түзеп, енді жүргелі жатқанда, шауыпкелі мен тауыпкелін ертіп сол араның ақалақшысы келе қалды.

— Көш көлікті болсын! — деді ықылас білдіріп. — Қашып келген қазақтарды түгел қайтар деген бұйрық алдық. Біреу-міреу қалып қоймасын, тағы қайда бар?

Айтсам ба, айтпасам ба деп, Тазабек сәл ойланды.

— Келесі сайда қалмақтың қойын баққан бір үй бар.

...Жұрт Аттың тауына жан-жақтан жиналды. Баласы мен әйелін алып Амалбай да жетті. Киімдері жыртық, жамау; басында үйі, астында аты жоқ, жаяу. Жағдайының, шынында, қиын екеніне Тазабектің анық көзі жетті. Алайда аяғаннан басқа оған не істей алады? Адамның азғаны, киімнің тозғаны әркімнен-ақ аңғарылады. Бәрі тек амандығына риза. Малда да сиық қалмаған: арық-тұрақ, жаман-жәутік. Көкшегір мен Тұрлыбай ауылы қатар келді. Сол түні қар жауып, түтеген боран соқты. Арық-тұрақтан аздаған ғана тұяқ қалды, көкке ілінсе, көтеріліп кете ме деген дәме жүзеге аспады. Қардың қалыңдығы соншалық, өлген сиырды көрсетпей көміп тастады. Сиырының үстіне киізден жабу жауып, саулық қойын босағаға байлап бағып, Тазабек күні-түні тыным таппады. «Сиырым мен әйелім бір күнде босанып қалмас па екен!?» — деді әзілдеп.

Не үйі жоқ, не жөндем киімі жоқ Амалбайды бала-шағасымен өз отауына кіргізіп алды. Он күн ішінде күн қайта оңалды. Көкек айының шуағы жерді де, елді де жылытты. Алайда малдың қоңы қайта көтерілгенше жұрт амалсыз біраз аялдап қалды.

Қытайдың үлкен-кіші бастықтары қашып өткен елді қуалап қайтара бастады. «Қашып келгендерді бір күн ұстап қалғаның — үкімет бұйрығына қарсы шыққаның» деп, адам жасырып қалғандарды қатаң жазалай бастады. Құл мен күңге, қыз бен келіншекке қарық боп қалған қалмақтар оңай олжадан айрылғысы келмей, сан алуан айла-шарғы жасап жатты. Еркекті өз туысым, ол да қалмақ десе; әйелді өз тоқалым, ежелгі әйелім деп жатты.

Мамырдың басында Аттың тауындағылар елге бет бұрды. Жүк артқан түйесі, екі өгізі, аздаған қойы мен буаз сиыры бар Тазабек өзгелерден жағдайы көш ілгері екенін көшіп келе жатып байқады. Үйі де, малы да жоқтардың ұсқыны адам шошырлық: көздері шүңірейген, жақтары суалған, мойнында іші қабысқан дорбасы немесе ыйығында мыж-тыж қоржыны ғана бар; ілбіп жүреді, ыбылжып сөйлейді, кеудесіндегі жаны қалай шығып кетпей тұрғанына қайран қаласың. Осыншама азап пен аштыққа төтетіп келе жатқан бар қуаты — тек «Туған елге жетсек, туған топырақта өлсек!» қана. Адам сенбейтін ақиқат.

Көре-көре өлікке де Тазабектің көзі үйренді: аш адам әуелі ауырады екен, ал ауырып әлсіреген адам жүре алмай тәлтіректейді екен; бір кезде жығылады екен де, қайтып тұрмайды екен. Қалтаңдап кетіп бара жатқан әйелдің шөге құлағанын, сол құлағаннан тұрмағанын өз көзімен көрді. Атынан түсіп, тамырын ұстаса, жығылған бетте-ақ жүріп кеткен екен байғұс. Жол шетінде көрпеге оранған қалпы қатып қалған келіншек, шапанының шалғайын жамылған күйі сіресіп қалған қарт, шешесінің баурында қатып өлген бала — бәрін көрді. Шегараға жетуге бір күн қалғанда, тау етегіне тоқтасты. Көшкен жұртта туырлықпен жапқан кішігірім төмпешік жатты. Бұл не қылған туырлық деп, Жомарт бір пұшпағынан тартып қалғанда, астынан бір-біріне тығылған күйі қатып қалған алты кісі шықты.

Қалмақ пен қытай шерігі қазақтарды мал бағып жүрген жерінен айдап әкеп орыстарға тапсырып жатты. Шегараға жете алмай жолда өліп жатқандарда қисап жоқ. Қашқанда қалай қырылса, қайтқанда да солай қырылып жатыр. Не ана жақтың, не мына жақтың жаны ашымайды. Бірі ары қуады, бірі бері қуады. Былтыр қуалап қырған орыс биыл қайта өткізіп алып жатыр. Неге өйтіп өзгере қалғанына қазақтың ақылы жетпейді. Өт деп тұрғанда, туған жерге жетіп алайық дейді бәрі.

Мал тынықсын деп, бірер күнге аялдаған ауыл абыр-сабыр болып жатқан. Бір кезде Табайдың ойбайлаған жаман даусы шықты:

— Ана жерде бір топ адам өліп жатыр!

Тазабек өз көзіне өзі сенбеді. Баласын құшақтап қырынан жатқан әйелді әуелі ұқсатты, артынша таныды: Дәнекер. Қатпарланған маңдайынан, шалбарланған бетінен бейнет пен азаптың табын танып, соған өзін де кінәлі сезінді. Еңкейіп, алдымен баланы ажыратпақ болып еді, тас қып құшақтап алған екен, босатпады. Тартып алайын деп, баланы қолынан ұстап еді, алақаны әлі жылы көрінді.

—  Табай, мә, баланы алшы! — деді. — Қарашы, жаны бар ма?

—  Мойны жылы.

—  Апар апам мен Жүзікке!

Жомарт, Табай үшеуі Кемелбай мен Дәнекерді бір бөлек, қалғанын тобымен жыраға апарып бетін жасырды. Шешесі мен Жүзік от жағып, баланы тыржалаңаштап құйрық маймен сылап жатыр екен.

—  Тірі ме? — деді Тазабек тірі екенін көріп тұрса да.

— Адам болар-болмасын кім біледі, әзірше, әйтеуір, кеудесінде жаны бар, — деді Жүзік. — Сәменіме серік болады, аман қалса, асырап алам.

— Көрген мен ғой, мен бала қылып алам, — деді Табай таласып. — Өлген балаларымның орнына құдайдың маған берген олжасы шығар?

— Қатының жоқ, сен қайтіп бағасың? Өлтіріп аласың ғой, — деді Қалиша ара түсіп.

— Екеуіңе де бермеймін, мен алам, — деді Тазабек ойын-шыны аралас, — баланың жанын алып қалған — менің шешем. Сондықтан бұл бала маған іні болады. Әлде өзіміз бала қып аламыз ба, Шәйі? Кәне, сен айтшы!

— Апам кімге берсе, сол алады. Бір-бірімізге бөтен емеспіз ғой.    

— Апа, айтыңызшы, жол да, жөн де менікі емес пе? — деді Табай дегбір таппай.

— Иә, сенікі, — деді Қалиша жымиып.— Бірақ айттым ғой сен баға алмайсың деп. Балаға әкеден бұрын шеше қажет. Егер Жүзік шеше болуға келіссе, онда бала сенікі.

Бәрі аңырайып, бір-біріне қарасты. Табай шын-өтірігін ажырата алмай, біресе Қалишаға, біресе Жүзікке жәутеңдеп отырды да қалды. Баланы қимаған соң айтқаны-ау деп түсінді.

— Апа, шын айтып отырсыз ба? — деді Жүзік те бетіне сенер-сенбес қарап.

— Е, шын айтпағанда. Жарты-жарты боп жүргенше, бүтін болғандарың дұрыс емес пе?

— Өзіңізден алыстатқаныңыз ба бізді?

— Сені де, Табайды да өзімнен алыстатпай, біржола қасыма байлап қойсам деген ниет менікі. Маған сыйлас керек, Тазабегіме туыс керек. Сөйтіп көбейіп септеспесек, бізге біреу сырттан келіп сүйеу бола ма?

— Сәменім ес біліп, адам болып қалды, әкесінің жылы өтпей жатып ондайды ойлағаным күнә емес пе, апа?

— Саған бүгін-ертең тие қой деп жатқан мен жоқ, сені тап қазір ала қояйын деп отырған Табай да жоқ. Сөздің реті келген соң, ретін айттым, қалғанын өздерің ойлана-толғана жатарсыңдар.

Баланы Жүзік бауырына басты. Атын Сәменге ұйқастырып Әбен қойды.

* * *

Шекарада Тазабектерді алты орыс қарсы алды. Бастығы өзін Иван Карагозин деді ме, Каразогин деді ме, әйтеуір, кереңге айғайлағандай, дауыстап таныстырды.

— Здрастите! — деді Тазабек қолын ұсынып.

— Ага, здрасти, — деді Иванның қасындағы орыс осқырына қарап. — Тарт ары ақ патшаға оқ атқан қолыңды! Қаның жұғады.

Иван көрмегенсіп қолын алмады. Тазабек тіксініп, алты орыстың түріне қарады. Бірде-бірінен жылы ықылас аңғармады. «Алдап өткізіп алып қырып тастамас па екен?» — деді сескеніп.

— Тазабек, не дейді мыналар? Біз де білейік, айтсаңшы!

— «Жомарт, жолың болсын! Хош келіпсің!» — дейді.

— Өтірік айтпа, ондай түрлерін көріп тұрғам жоқ.

— Бұдан былай тек осындай түрді көресің, үйрене бер.

— Қуған орыс басқа, шақырған орыс басқа деп ойлап ем, олай емес-ау, сірә?

— Сенше, немене, қашқан қазақ басқа да, қайтқан қазақ басқа ма? — деді бір орыс тап-таза қазақша сөйлеп.

Жомарт жым болды.

Шегарадан өткен соң, онша ұзамай бір сайға қонды. Мал да, көлік те, адам да арық болған соң, Қожабектің ауылы екеуі бір-бірінен қара үзбей, күніне он-он бес шақырымдай ғана жылжып отырысты. Бір күні Есек Артқан деген тау бөктеріне жетті. Көгі көтеріліп қалған шұрайлы жер болған соң, мал үшін бес-алты күн аялдай тұрайық десті. Түнде жылқы жаюға кеткен Табай таңертең шапанына орап бір құшақ арпаның масағын алып келді.

— Мұны қайдан әкелдің? Біреудікін ұрладың ба? — деді Жүзік таңырқап.

— Бөктердің күнгейі толған масақ. Өткен күзде солдаттар пісіп тұрған егінді өртесе керек. Сабағы жанған кезде, дән толы масағы өз салмағымен үзіліп түсе берген. Көбі күймеген, кейбірі жартылай жаныпты. Күзде жаңбырдың, қыста қардың астында жатқандықтан, аздап даттаныпты, жуып жіберіп кептірсең, жей беруге болады.

— Жумай-ақ жей берсе қайтеді?

— Онда ішің өтеді. Ішің өткен соң, берекең кетеді.

Ертеңінде Қалиша, Жүзік, Шәйі, Әбен — төртеуінен басқасы түгел масақ теруге шығып, үйдің іргесін сол күні-ақ арпаға толтырып тастады. Қожабектің ауылы мен Амалбай да, артарынан келген бірер үй — бәрі жаппай масақ теріп жетісіп қалды. Тоқшылық аштықты аз-аздап ығыстыра бастады. Әзіл, күлкі жыл құсымен қабат қайта оралып жатты.

— Табай балам елдің алғысын алды, — деді Қалиша, сірә, әдейі сөз қозғап. Көз қиығымен Шәйіні бір шалып өтті. — Тілеулі құдам мен Әжікен құдағиым қандай еді?! Екі перзентімен бірге кеткен Ағынтайды айтсаңшы! «Тілеулімен құда болам!» — деп қуанып, сол құдалығының қызығын бір күн де көрмей Тазабектің әкесі де кетті. Жазу солай ма, жауыздық солай ма, бәрінен айрылдық. Бізге ғана емес, бүкіл елге келген нәубет болған соң, «көппен көрген — ұлы той» деп отырмыз. Елге жетіп, есімізді жисақ, бәрінің жылын бірге қосып берсек пе деп ойлап жүрмін. Оны Тазабекпен ақылдасармыз. Содан кейін күйеуге тием десе, Жүзікке де, әйел алам десе, Табайға да рұқсат етерміз. Сөйтеміз бе, Шәйі? Әлде сенің басқа ойың бар ма?

— Басқа ойым жоқ, апа. Жүзік маған қазір жеңгеден де жақын адам болып қалды, өзіңіз білесіз. Сәмен екеуінсіз еш өмір сүре алмайтын сияқтымын мен.

Екеуі — әке-шешемнің де, бауырларымның да көзі.

— Солай екені солай, айналайын! Бүйтіп қалармыз деп кім ойлаған? Астаң-кестеңіміз шықса да, аман-есендігімізге тәубә дейміз. Тірі қалған соң, тіршілігімізді жасамасақ, тағы болмайды.

—  Апа, бірнәрсе айтсам, ренжімейсіз бе?

—  Айта ғой, неге ренжиін.

— Табайдың, Жүзіктің жайын айта бересіз, неге Жәмеш жайында түк айтпайсыз?

— Е, оның неменесін айтам? Айтатын бірнәрсесі болса, сендер айтыңдар.

— Балаңыздың Жомарт деген досы бар емес пе?

— Е, оған не бопты?

— Сол біздің Жәмешке көзін сүзіп жүрген көрінеді.

— Оған біздің қыз қалай қарайды?

— Ағасынан қорқады.

— Е, ағасына Жүзік екеуің неге айтпайсыңдар?

— Біз де қорқамыз.

— Қорықпайтын жерде қорқа қалады екенсіңдер әшейін. Қыздың өзі қарсы болмаса, ағасы қайда барушы еді? Жүзік екеуіңнен артыла қоятын жұмыс па сол?

— Болды, апа, болды. Сіздің алдыңыздан өттік, — деді Жүзік күліп. — Ендігісін Шәйі екеуміз жөндейміз.

— Жөндеңдер. Күйеусіз қалу — ханның қызына да кемістік. Жоқтан бар жақсы, жалғыздықтан жұп жақсы. Жақсыға ұмтылғанның несі сөкет?

* * *

Мол масаққа бола, оның үстіне төрт қойы қоздап, қозысы аяқтансын деп, Тазабектер Есек Артқанда екі апта аялдады. Көшкенде Қожабектерге де, бұларға да ілеспей, Амалбай сол арада қалды. Аз күн болса да дәмдес-тұздас болдық деп, Қалиша оларға бір киізі мен көрпесін беріп кетті. Тағы екі қонып, баяғы Көміршіге жетті. Сол арада Қожабектермен қайта бас қосты. Серікбай болыстың Мырқасым дейтін баласы Қарақолда оқып жүріп, көтеріліс кезінде үй ішінен көз жазып қалған екен, сұрастыра жүріп, отбасымен Көміршіде кездесті. Содан үш күн өткен соң түс әлетінде сайдың аузынан бір топ атты бауырымдап қоя берді. Жаңылмай, тура Көкшегірдікіне тартты. Жөнін білмекке бір жағынан Қожабек, бір жағынан Тазабек келіп, есік алдында жолықты. Сәл тоқтап, екеуі ішке кірді. Көкшегірдің:

— Елі үшін өлген ардағым-ау!

Басыңа бір уыс топырақ салмадым-ау! — дегенінен-ақ топ жігіт Серікбайдың қазасын естіртуге келгенін түсіне қойысты. Алдаберген атты кең жауырынды, отты көз жігіт әңгімесін айтты:

— Шілденің он бірінде албанның ақсақал-көксақалдары Қарқараның желкесіндегі Айт төбеге жиналды. Соның ішінде болдым, — деп бастады. — Бала бермеуге келістік. Мен Шалкөдедегі ауылыма қайттым. Болыстың песірі тізім жасап жүр дегенді естідім. Содан песірді тауып алдым да, кінәгесін тартып алып, жыртып тастадым. Үш-төрт күннен соң Әбдіқалық болысқа жолықсам, «Сені ұлықтар тап деп жатыр, жүр, барайық»,— деді. Барсақ барайық деп, Кірәпшіңкеге келдік. «Тізімді неге жыртасың?» — деп, ол мені бірден тергеуге алды. «Елден жасырып, ешкіммен ақылдаспай жасаған тізім екен», — дедім. «Ұзақтыкіндегі жиында болдың ба?» — деді. «Жоқ», — дедім. Сұрақ-жауабымыздың болған-біткені сол ғана. Содан кейін Әбдіхалықтың қасына апарып абақтыға жапты да тастады. Серікбай да сонда екен. Сөйтіп орыстың қолына өзімізді өзіміз тапсырдық. Екі күн жатып, үшінші күні үшеумізді кешке таман үш атты солдат Қарақолға қарай жаяу айдап шықты. Алдымыздан бір арбалы орыс қарсы кездесті. «Қырғыздар атысып-шабысып бүлініп жатыр», — деді. Үш солдат не істерін білмей үрейленіп тұрғанда, артымыздан жасауыл қуып жетті де, Қарқараға қайтадан алып келді. Әкеліп абақтысына қайта тықты. Ертеңіне үстімізге он екі тараншыны әкеліп тағы қосты. Келесі ел жатарда үш қазақ, он екі тараншы — он бесімізді Жәркентке қарай он бес солдат тура өгізше томпылдатып қуалады. Бір кезде Мансұр деген тараншы болдырып, мүлде жүре алмай қалды. Жолдастары қаумалап біраз жер көтеріп жүріп еді, болмады, сұлап жатып қалды. Бір солдат ат үстінен мылтығының істігімен шаншыды да тастады. Байғұстың құлындағы даусы шықты. Біздің зәре-құтымыз қалмады. Қалғанымызды таңға жуық Кегеннің поштасына айдап әкелді. Солдаттар сол арада шай қайнатып ішті. Бір-бір ожау бізге де берді. Сонымен таңдай жібіттік.

Тазабек Алдабергеннің әңгіме айтысына риза болды: орағытпай, оспақтамай, нақ-нақ айтады. Ысылған, кезінде болыс болған кісі екен.

— Солдаттар тағы жүруге дайындалды. Сол арада Серікбай тұрды да. «Біз Әбдіхалық екеуміз бұдан ары жүре алмаймыз. Ақыр ататын болсаңдар, екеумізді осы араға атып кет», — деді. Солдаттар өзді-өзі былдырласты да, біреуі: «Жүріңдер, жаңа кеткен тараншыны қуып жетіп, сендерді соның арбасына отырғызайық», — деді. Көндік. Қайқының асуына жақындағанда Әбдіхалық пен Серікбай мүлдем жүре алмай қалды. Сол араға біраз демалтты. Орыстар мылтықтарын оқтап, тасты атып, біраз ойнап-күліп отырды. Тағы жүрдік. Біраздан кейін Әбдіқалық пен Серікбай тағы шаршады. Көрген көзім жазықты, сол арада солдаттар екеуін аттың бауырына алып қамшылады.

— Иттер-ай! — деді Көкшегір сол сәт ышқына үн қатып. — Қазақтың ардағын кәпір сабады деген не сұмдық?!

— Содан кейін Серікбайды мен демеп алып жүрдім. Шаршап, бәріміз де кібіртіктеп қалдық. Сәске болды. «Мыналардың сұрқы жаман, — деді Серікбай құлағыма сыбырлап. — Иманымызды үйірейік, бұлар бізді атады. Құшақтаса құлайық, сонда, бәлкім, біреуміз аман қалармыз». Серікбай да соны айтып бітті, арт жағымыздан мылтық тарс ете қалды. Дәл алдымызда келе жатқан тараншы жалп ете түсті. Ыңқ деуге де мұршасы келмеді. Серікбай мені құшақтай алды. Тарс-тұрс атқылап жатыр. Екеуміз қабаттаса құладық. Айналамыз көк түтін. «Әй, Әбдіқалық, көтер басыңды!» — деді Серікбай айқайлап. Серікбай мені баса құлаған, қозғала беріп ем, «Жат! Жыбырлама!» — деді Әбдіқалық жекіп. Жалп етіп үстіме сол кезде бір тараншы құлады. Бауыздаған малша қырылдап, жаны шықпай біраз тыпырлады. Содан кейін атыс тоқтады. Мен әлі тірімін. Бір заматта үзенгі бауын салдырлатып, бір салдат бас жағыма келіп атынан түсті. Мылтығын сытырлатып оқтап атқалы жатыр. Мен жабысып жерге кіріп барам. Кеудемде жаным бар ма, жоқ па, білмеймін. Өліп бара жатқан секілдімін. Кенет дәл құлақ шекемнің тұсынан мылтық шақ ете қалды. Өлдім деп ойладым. Жер-әлем санамнан өшіп кетті. Бір кезде орыстардың дабыр-дұбырын ести бастадым. Әбдіқалықтың үсті-басын тінтті-ау деймін, етіктерінің тықыры дәл құлақ түбімнен шығып жатты. Біреуі алқымымнан көтерді де, қойны-қоншымды ақтарды. Тілімді салақтатып, өлген кісіше дем алмадым. Сылқ еткізіп тастай салды. Сол кезде есімнен танып қалыппын.

— Айналайын-ай, ажалыңның жоқтығы ғой! — деп қалды бір кемпір.

— Қанша жатқанымды бір құдай біледі. Бір кезде ана дүниеден мына дүниеге қайта орала бастадым. Қан мен топырақ араласып, бір жақ шекем шоқпардай болып қатып қалыпты. Екі көзім көрмейді. Шығып кеткен екен деп шошыдым. Көзімді жапқан қанды топырақты сипалап, аз-аздан үгітіп алып тастап ем, көзім ашылды. Міне мына құлағымды көрдіңіздер ғой, оқ тесіп өтіпті. Дәл қасымнан шақ ете қалғанда, осыған тиген екен. — Алдаберген тымағын шешіп тізесіне қойды да, қойнынан сусар бөрік шығарып Көкшегірге ұсынды. — Міне, мынау Серікбайдың оқ тиген бөркі.

Көкшегір бас сап көкірегіне басты.

— Ардағым-ау, ажалың орыстан болған екен ғой!?

— Келін, сабыр қыл! — деді Қожабек. — Ол оқ — бір Серікбайға емес, бәрімізге атылған оқ. Ажалдымыз өлдік, ажалсызымыз қалдық. Ол оқтың әлі қаншаға атылатынын, одан қаншамыздың өліп, қаншамыздың аман қалатынымызды бір құдай білмесе, басқа ешкім білмейді. Бәрі тып-тыныш, бәрі тап-таза бола қалады дегенге басқа сенсе де, мен сенбеймін. Иә, Алдаберген, сөзіңді бөліп жібердік пе, содан кейін қайттің?

— Қайтуші ем? Тұра сап Ақшоқының тауына қарай қаштым. Бір шилеуіт жерге жетіп бұғындым. Тірі екеніме әлі сенер-сенбеспін. Аңдып жатқан орыстар атып сала ма деп, жан-жағыма алақ-жұлақ қараймын. Тілім аузыма сыймай шөл әкетіп барады. Жүре беруге жүрексіндім әрі әлім де қалмапты. Шапанымның шалғайымен бетімді көлегейлеп жата кетіп ем, көзім ілініп кетіпті. Екінді кезінде бір-ақ ояндым. Кішкене жүріп кеп бір бастау тауып алдым. Су ішіп ем, сол арада тағы ұйықтап қалыппын. Кеш бата оянып, жаяу салпақтап келе жатқанымда екі атты кісі жолықты. Біреуі міңгестіріп алып, Ақтастыдағы ауылға жеткізіп салды. Сонда қонып, ертесі төрт адам барып Серікбай мен Әбдіқалықты, он бір ұйғырды Шоған Құлаған сайына жерлеп қайттық. Сонда Серікбайдың бөркін алып қарасам, оқ оның басынан тиіпті де, қаны менің бет-жүзімді жауып кетіпті. Сол қанды менікі деп ұққан солдаттар мені де өлдіге санаған сықылды. Ойлап қарасам, менің жанымды сөйтіп Секең марқұм алып қалған екен. Сол үшін Секеңнің аруағына разымын, ал ұрпағына өле-өлгенше қарыздармын!

Алдаберген көзіне жас алып еді, отырғандар қосыла пысылдасты.

— Ал қазір қайдан келесің? — деді Қожабек әңгімені ары жалғастырғысы келіп. — Көкшегірдің мұнда екенін қалай білдің?

— Былтыр Қытайға қашқанымда, үй ішімді осы Көміршіде қуып жеткем. Шегарадан өткен соң, тоқтамай Құлжаның түбінен ат басын бір-ақ тарттық. Мал жоқ, баспана жоқ, азық таусылған. Өлуден басқа болашақ қалмады. Тірі қалғаныма тәубә қылмастай жағдайға жеттім. Ақыры бір қызымның арқасында қытайдың үйін қыстап шықтық. Құрыят дегенді естіп, елдің алдымен қайта оралдық. Сіздердің Есек Артқанда аялдағандарыңызды жалпақ ел біліп отыр. Көміршіге жеткендеріңізді естідім де, Секемнің өлімін естіртуге әдейі келдім.

— Е-е, жөн, жөн, — деді Қожабек соза күрсініп. — Ел деп бәріміз еңіреп келеміз, елде не күтіп тұрғанын бір құдай білсін!

* * *

Мамырдың екінші жартысы мамыражай болды. Көміршіден көшуді Қожабек бастады.

— Тазабек, — деді көшерінде жұрттың көзінше, — қойша үркіп Қытайға бірге бардық, қуғын мен қорлықты бірге тарттық. Құдайға шүкір, туған жердің топырағына табанымыз бірге тиді. Кеше ғана қуғын-сүргінге салған орыстың пиғылы оқыс өзгере қалды дегенге өзге сенсе де, өзім сенбеймін. Биліктен шыққан бір бұйрық бар шығар. Қалай болғанда да, елге қайтарғаны — адамгершілік. Біз саған ауыл-аймағымызбен бауыр басып қалдық. Қиыншылықта табысып едік, жақсылықта да жұп жазбасақ, қалай қарайсың? Қарабұлаққа бізбен бірге барсаң, қайтеді?

— Сөйтсеңші, қайным! Сөйт! — деп қалды Көкшегір де. Бұрын бауырым деуші еді, бұл жолы қайным деді іштартып.

— Мен де сіздерге бауыр басып қалдым. Бірге жүрсем де, бөлек жүрсем де, енді өле-өлгенше бауыр боп өтем. Біз, балаларды қоспағанда, әкеммен ағайын-туыс бес-алты үйміз. Соларды шашыратпай елге жеткізу — менің міндетім. Ата-бабамның алдындағы борышым. Қарабұлақ пен Жылысайдың арасы ағайынды жатбауыр қылып жіберетіндей алшақ жер емес. Менің жөнім осындай, Қожабек аға.

— Жөн екен. Онда бізге рұқсат ет, елге қарай жылжиық.

— Жолдарыңыз болсын!

— Аға! Аға! — деп жүгіріп келе жатқан Сәменге Қожабек те, Тазабек те жалт қарады. — Шүйінші! Шәйі әпкем босанды!

— Ала қой шүйіншіңді, ала қой, балам! — деп, Қожабек Сәменді бауырына қысып. — Білдің бе, кім келіпті өмірге?

— Ұл, ата, ұл!

— Шүйіншіңе менен бір тай мін, балам! Қалиша әжеңе айта бар: әрі елге аман-есен оралғанымызға ырым қылып, әрі Тазабекке ұйқастырып, немересінің атын Оралбек қояйық.

— Болсын, аға, сіз айтқан атты қоямыз! — деді Тазабек те Сәменді құшақтап.

* * *

Тазабектер орналасқан Жылысай Қулық тауының теріскейінде, Жалаңаштың солтүстік шығысында, ал Қожабектердің Қарабұлағы Жалаңаштың батысында. Екі ауылдың арасы — жарты күндік жер. Жалаңаш — осы өңірдегі казак-орыстардың орталығы, жүз елу-жүз алпыс үйлі үлкен ауыл. Қазақтар үшін өте үрейлі мекен. Өйткені ондағы тұрғындар: «Сендер ақ патшаға қарсы шыққансыңдар», — деп, оларға кекті. Ал кек деген бір кезде бітетін, таусылатын нәрсе емес: біреу кек алса, екіншінің онда өші кетеді; ол өшін алса, ананың кегі қайта оянады, сөйтіп жалғаса береді, тоқтамайды. Сондықтан кегіміз кетті деп түсінген орыстарға әлі жеткен қазақты ұрып кету, оңашада өлтіріп кету түк те емес, тартынбайды. Себебі заңды білетін де өздері, заңды ел ішінде жүргізетін де өздері, ешкімнен қаймықпайды. Қазақтың оларға қарсы келетіндері қырылып біткен. Осылардың бәрін ойлай-ойлай, ақырында Шәйіге әлімжеттік жасап, ата-енесін бала-шағасымен қырып кеткен екі орыстан кек алмай-ақ қояйын деген шешімге Тазабек іштей икемделе бастады. Өткеннің өкініші көп болғанмен, бүгінгі берекеден айрылып қалмауды да ойлады. Кек бәрібір өткеннің олқылығын толтыра алмайды. Қайта одан бетер қаусатып кетуі мүмкін. Кеткен есеңді тек тыныштық қана өтейді. Өсіп-өну мен көгеріп-көктеудің одан өзге оңтайлы жолы жоқ. «Орнында бар оңалар» дегенді, қазақ, сірә, осыны ойлап айтқан.

Намыс деген тек, әйтеуір, қарсылық жасап өлу ме? Әлде ақылмен айла жасау ма? Кеше қазақты қырған сол орыс әлі қазақты билеп отыр. Билік кімнің қолында болса, құрық та соның қолында. Құрықтаулы асау бұлқынғанмен, құрықтан құтыла ала ма? Құтылар еді, егер асаудың шамасы құрық салушыдан асып тұрса. Ондай заман туып та қала ма, кім біледі? Тек әзірге қолдан келетін қарсылық — қырылып азайып қалмау. Өйткені «Жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды». Қазаққа көбеюден өзге үміт жоқ.

Тазабек шілденің соңында әкесі Өмірәлінің, қайнатасы Тілеулі мен енесі Әжікеннің, қайнағасы Ағынтай мен оның ұл-қызының жылын берді. Қарабұлақтан Қожабекті, Асыдан Көкшегірді, Тасашыдан Жомартты шақырды. Ел тарқап, көңілдері жайласқан сол түні Шәйі мен Тазабек ашылып сырласты.

— Соңғы кезде тұйықтау, жұмбақтау болып барасың. Менен жерініп жүрген жоқсың ба? — деп, әңгімені Шәйі бастады.

— Сенен неге жерінем?

— Орыстың қорлағаны — анау, қалмақтың зорлағаны — анау, соның бәрі көңіліңе кір байлайтын шығар, қайдан білейін?

— Оның бәрі ойда тұратыны рас. Есіме түскен сайын кек қайтарсам деп арпалысам. Сені солардан қорғай алмағаныма қорланам. Бірақ ондай қорлық пен зорлықты сен ғана көріп, оған мен ғана көніп жүргем жоқ қой? Оны бір сен, бір мен емес, күллі қазақ бастан кешті. Ел көргенді екеуміз бірге көрдік. Кінәміз — тек қазақ болғанымыз. Халық құтыла алмаған нәубеттен біз де құтыла алмадық. Алдабергеннің не дегенін айттым ғой: бір қызын қытайдың қойнына салып, қыс бойы сонымен күн көріпті. Сол енді жаймашуақ заманда қазақ істейін қылық па? Амалсыздықтың, аман қалудың қайласы. Өзге ұрпағын өлтірмеудің амалы. Ең бастысы, сен — менің ұрпағымды өсіретін анасың. Қалғанының бәрі — бүгін, бүгін болмаса ертең ұмытылатын өткінші нәрсе. Сен мен үшін сол баяғы Шәйі қалпыңдасың. Қазақ орыстан жеңілді, қазақ қалмақтан қорлық көрді деп, өз халқымнан теріс айналып кетпеймін ғой, сол сияқты сенен де мен ешқашан суымаймын. Өйткені мен сенің тәніңді де, жаныңды да табынып жақсы көремін. Табыну дегеннің не екенін түсінесің бе?

— Неге түсінбейін, түсінем ғой.

— Түсінсең, әлгіндей әйелдік сөзіңді бұдан былай маған айтушы болма!

— Тек шыныңды айт, мені аяп алдама! — Шәйі көзіне жас алды.

— Қызықсың, Шәйкен, сені алдағаным өзімді алдағаным емес пе? Сен көрген қорлықты қарындасым да көрді. Өзің ойлашы, соған бола Жәмеш енді қарындасым болмай қала ма? Сен де сондайсың: оған дейін де әйелім болғансың, одан кейін де әйелімсің. Сен қылмыс жасаған жоқсың, жасаған — орыс пен қалмақ. Олардың қылмысы үшін сен неге жазықты болуың керек?

— Ел көрді, ел естіді, содан қорқам, сені кемсітеді-ау деп қысылам.

— Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Айтады, айтады да қояды. «Ит үреді, керуен көшеді» де де, жүре бер.

— Елдің бәрі сенше түсінбейді ғой!

— Саған менің түсінгенім жетпей ме, жаным-оу?

— Соны ұқпаған мен ақымақты несіне жақсы көресің?

— Жақсы қатын болған соң, жақсы көрем.

— Мен де сені өлердей жақсы көрем, жаным!

— Ол деген қаншалық? Көрсетші!

— Көрсетуге құшағым жетпеді!

Шалқайған әйелі, еңкейген еркегі құшақтаса кетті. Артынан әңгіме-дүкен ары жалғасты. Тағы Шәйі тұтатты:

— Оралбектің түр-түсін байқадың ба?

— Нағыпты?

— Орысқа ұқсап барады.

— Иә, солай сияқты. Сонда қалай, сенің қыз екеніңді өз көзіммен көрдім ғой?

— «Орыстың ұрығы кеткен», — дейді Жүзік.

— «Кеткені» қалай?

— Сыртқа аққанда, ішіне де кеткен көрінеді.

— Олай бола ма екен?

— Болғаны ғой. Енді не істейміз? Оны елден қалай жасырамыз? Әлде баланы біреуге беріп жібереміз бе?

— Қой, қайдағыны айтпа. Адам өз баласынан өзі бас тарта ма екен?

— Соны өсектеп, дұшпандарың сағыңды сындырар деп қорқам.

— Өсек те, сөз де бізді билемеуге тиіс, Шәйкен. Өзімізді өзіміз билейміз. Ондайға опырыла қалатын мені кім деп жүрсің? Мен өмір сүруге, ол өмірді тек сенімен бірге сүруге біржола бекінген адаммын. Дәтім берік, күдіктенбе!

— Жаным! Сені құдай әке-шешемнің, туған-туыстың — бәрінің өтеуіне берген шығар? Құшақташы! Жалғызым!

* * *

«Қырғыз Сайға кетіп бара жатыр ем», — деп, Қожабек жолай Жылысайға соқты. Қасында қияқ мұртты қара торы жігіт бар. «Байғабыл деген жақынымыздың баласы, аты — Қапез, Ыстамбұлдан оқып келді», — деп таныстырды. Жинақы, қағылез жігіт Тазабекке бір көргеннен ұнады. Адам жатырқамайтын ашық-жарқын екен.

— Патша құлағанмен, орыстар орнында ғой, — деді Қожабек күліп. — Біз қырылдық, қашқын болдық, ал орыстар біздің иесіз қалған малымызға ие болып, шетінен байып алыпты. Енді өзімізді сол малды бағатын малай қылып жатыр.

Қазақта қазір мал да жоқ, бай да жоқ. «Кедейшілік жігітке қой бақтырардың» кебін киіппіз. Жан бағыс үшін мен де Самсалыма Көпзіп деген орыстың малын бақтырғалы отырмын. Екеуі бір-бірін бұрыннан біледі екен, «Маған малымды бағатын бір-екі қазақ тауып бер», — депті Байғабылға. Қасына Табайды қосып, Сәменді жіберсеңші соған. Самсалы екеуіне бас-көз болады.

— Оған орысыңыз көнсе, тым жақсы болар еді.

— Қапез екеуміздің шамамыз Байғабылға жетеді, ал ол Көпзіпті кедей күнінен біледі екен, көндірер. Оны уайымдама, сенің уайымдайтының басқа нәрсе. Орысшаң бар, жазасың, олардың қыр-сырын бір кісідей білесің, қазақша айтқанда, көзің ашық адамсың. Сен секілді елге сөзі өтеді-ау дейтіндерді орыстар оңашада өлтіріп кетіп жатыр. Соған қарағанда, сөйту керек дейтін олардың құпия ұйымы бар. Байқап, сақ жүр.

— Қайдағыны айтып, қорқыта бермеңізші, Қожеке.

— Тазабек-ау, қайдағыдан қорқа беретін сен емессің, қайдағыны айта беретін мен емеспін. Аңдыған жау алмай қоймайды, қапы қалып жүрме. Абыйыр Түркебаев дейтін енді-енді елге танылып келе жатқан жігіт бар еді, орысша оқыған, өз білгенін қазақ балаларына оқытып жүрген, соны қалтарыс жерде өлтіріп кетіпті. Қарақол жақтың орыстарына малай боп жүріп орысша үйренген Бекмырза дейтін біздің бір бауырымыз бар еді, оны да түн ішінде үйінен алдап алып шығып, ұрып өлтіріпті. Бірқасым Серікбаев дейтін інімізді де өлтірмек екен, ол, әйтеуір, сезіп қалып, қашып құтылыпты. Бұлар өзді-өзі сөйлескенде, қазақты меңзеп: «Екі аяқты аң атуға барасың ба?» — дейтін болыпты. Соның бәрін көре-біле тұрып сақтық қылмасаң, қалай болғаны?

— Өзіміз өйтіп олардан қорықсақ, онда неге олардың малын балаларымызға бақтырамыз?

— Көпзіп алғаш арып-ашып Ресейден келгенде, Байғабыл оның отбасын бір жыл бағыпты: сауынға бір сиырын беріп, киім-кешегі мен қазан-ошағына, ішіп-жеміне дейін қарайласыпты. Ал Көпзіп қазір Жалаңаштың атаманымен жақсы сыбай, сондықтан оған орыстар соқтықпайды. Соның бәрін салмақтап отырмыз мен де, Байғабыл да.

— Онда дұрыс екен, аға.

* * *

«Табай мен Сәменді Жалаңашқа жеткізсін» дегенді Тазабекке Қапез айтып келді. Тазабек Қожабекпен Байғабылдың үйінде Тоғызбұлақта жолықты. Содан Табай мен екі баланы ертіп Қожабек екеуі Кобзевтікіне келді. Жүзі жылы орыс екен, бұлардың Байғабылмен бірге келгенін көріп, орнынан түрегеп амандасты.

— Менде, екі баламда — үшеумізде екі жүз қаралы сиыр, төрт жүзге тарта қой, бір үйір жылқы бар. Қысқасы, жұмыс көп. Үлкен балам Константиннің ауласы кең, мал да, сендер де сонда сиясыңдар. Киіз үйлеріңмен келіңдер, менде беретін үй жоқ, — деді Кобзев.

— Келуін келерміз-ау, бірақ бізді бұзақы орыстардан қорғай аласыз ба? — деді Қожабек.

— Қорғай алмасам, келіңдер деп нем бар? — деді Кобзев күліп. — Бүгін келсеңдер де мен дайынмын. Қорықпаңдар, балаларға да, басқаға да ешкім тимейді.

...Бұл шешімді Тазабек отбасына жеткізгенде.

— Ойбай, мен қайтем? Сәменді ешқайда жібермеймін! — деп, алдымен Жүзік шоршып түсті.

— Сені ешкім балаңнан ажыратпайды, бірге барасың, — деді Тазабек ол жағын ойластырып қойғанын аңғартып.

— Сонда қалай, бізді бөлек шығарасыңдар ма?

— Бөлек шығарамыз. Шәйі екеуіміздің отауымызды аласың. Біз жаз шыққанша апаммен бірге тұра тұрамыз. Қожабек ағаның қасында боласыңдар. Сәмен мен Самсалыға Табай бас-көз боп жүрсін деп шештік.

— Табай қайда тұрады?

— Оны енді далаға жатқызбайтын шығарсың?

— Апа, мына балаң не дейді?

— Е, не дейді?

— Табаймен бірге тұрасыңдар дейді.

— Е, бірге тұрсаң, тістеп ала ма? Мынандай бүлінген заманда балаң екеуіңді қорғайтын да бір еркек керек шығар?

— Ыңғайыңызды байқадым, апа. Мені балаң екеуің байлап бергелі отыр екенсіз. Жібекжан, сен не дейсің? Қалай қисаясың?

— Сәмен — менің жарты жүрегім болса, сен менің бір тірегімсің. Екеуіңді де көзімнен таса қылғым келмейді. Өйткені сендерден өзге менде төркін жоқ. Сен әке-шешемнің де, бауырымның да көзісің. Саған апамның да, Тазабектің де жамандық ойламайтынын жақсы білесің. Олардың да ойлағаны Сәмен екеуіңнің қамың. Соның бәрін көріп, біліп отырып, мен не дейін? Табайдың Сәменге, Сәменнің Табайға қалай бауыр басып кеткенін өзің де көріп жүрсің ғой. «Екі жарты — бір бүтін» болғандарыңа мен қарсы емеспін.

— Апа! — деп, Жүзік тағы бірдеңе дей беріп еді,

— Болды, маған ештеме айтпай-ақ қой, — деді Қалиша. Сонан соң: — Балам, — деді Тазабекке, — бір қойыңды сой да, кешке Әділбек ағаңды шақырып, Табай мен Жүзіктің некесін қидыр. Әуелі Сәменнен сұра. «Сен келісесің бе?» де. Ол  келіссе, өзгеміз қайда барамыз? Сөйт, балам. Тойға шамамыз келмесе де, мұсылмандықтың ырымын жасайық.

— Мақұл, апа. Бірақ бұған Табай көнбей қойып масқара қылмасын.

— Е, ол көнбесе, Жүзік жылап қалар деймісің? Бір әйел, екі балаға бірдей ие болғанға қайта оның жүрегі жарылып кетер. Ісіңе кірісе бер, балам. Табаймен мен әлдеқашан сөйлесіп қойғам.

* * *

Қожабек пен Табайдың киіз үйі Константиннің ауласына қатар тігілді. Табай жылқыға, Самсалы сиырға, Сәмен қойға ие болды. Табай мен Жүзікті көшірісіп келген Тазабек кетерінде әзілдеп күлді:

— Әпке, байқаңыз, орыстың жылқысын айдап күйеуің қырғыз асып кетіп жүрмесін.

— Сөйтер едім, — деді Табай да қарап тұрмай.— Ол жақтан, әттең, Жүзіктей әйел табылмайды; әйел табылса да, Сәмен мен Әбендей бала табылмайды; тіпті олар табылса да, тап сендей туыс табылмайды, — деп, Тазабекті Табай құшақтай алып, жылап жіберді. — Сондықтан сен енді бұдан былай жаман жездеңді қырғыз-қырғыз деп қоңаштай бермей, қазақ-қазақ деп қолпаштай берсеңші!

— Сөзіңе құлдық! Сені қолпаштамағанда, кімді қолпаштаймын? Жүзік, Сәмен, Әбен — төртеуің жер бетіндегі ең жақынымызсыңдар біздің. Үйіміз бөлек болғанмен, тірлігіміз бір.

— Сол бірлікті құрған сенсің,— деді Табай көзін сүрткілеп. — Сен аман жүр. Біз саған атқосшы бола алсақ та жарар.

...Тазабек Жалаңашқа жиі келіп тұратын болды. «Көріп келші!» — деп Шәйі жұмсайды, «Біліп келші!» — деп шешесі жұмсайды, өзінің де келгісі, көргісі келіп тұрады. Қираған, күйреген өмірді қайта құрсаулаған Жүзіктің қылығына қайран қалып риза. Табайдың қыбын тауып, біресе: «Сәменнің атасы-ау!» — дейді, біресе: «Әбеннің әкесі-ау!» — дейді. Дардай еркек соған далақтай болады, соны әр естіген сайын басы бақыттан бір айналмай, мың айналып кетеді-ау, сірә?! Бір келгенінде Жүзік өңі қашып, үрейленіп қарсы алды.

— Не болды? Өңің қашып кетіпті ғой? — деді Тазабек тіксініп.

— Ойбай-ай! Жаңа ғана баяғы екі жауыз орыстың біреуін көрдім, — деді дәл сол орыс алдында тұрғандай қалшылдап. — Екеуміз де бір-бірімізге бажырая қарап қалдық. Таныды, иттің баласы. Ол атты, мен жаяу. Тап береді екен деп, тізем дірілдеп, жығылып қала жаздадым. Өтіп барып, артына бұрылып қарады. Сыртымнан қай қораға кіргенімді бақылады ма, жоқ па, онысын білмеймін, мен артыма қараудан қорқып, үйге зорға жеттім. Әй, бекер келген екеміз Жалаңашқа. Менің күйеуім екенін білсе, ол алдымен, құдай біледі, Табайды өлтіреді. Балаларға да зиян жасай ма, кім біледі. Сен сақ болшы. Енді бізге көп келе берме. Көзіне түссең, сені аңдиды. Жалғыз-жарым қазақты көзге түспейтін жерде орыстар өлтіріп кетіп жатқан көрінеді. Ондай сөзді осындағылардан күнара естиміз.

— Көргенің қайсысы?

— Жирен мұрт жастауы. Шілтиген арық. Көзі бірақ өңменіңнен өтеді: сондай суық, ызғарлы.

— Менен бұрын Табайды сақтандыр, өзіне де, балаларға да абай болсын.

Тағы бірер күннен кейін Тазабек Жалаңашқа келіп, кештеу, бірақ күн батпай қайтты. Тоғызбұлақты басып, Жылысайға Ақтоғай арқылы өтпек болды. Ақтоғайға жете бергенінде күн батты. Неге екенін, «Сен сақ болшы» деген Жүзіктің сөзі есіне түсті. Жан-жағына қарады. Қараңғы түскенше Ақтоғайдан өтіп кетерін болжады. Атын тебініп, жеделдете жүрді. Әлдебір сақтықпен төменгі өткелге бұрылмай, Сарқамыс жаққа өрлеп кетті. Сол сәт өткел жақтан мылтық тарс ете қалды. Зың еткен оқ желке тұсын жанай өтті. Өлімнің үрейі өне бойын мұздатып жіберді. Жалт қарап, мылтық кезенген екі аттының өзен жақтан шыға келгенін көрді де, тұра шапты. Екінші оқтың атылғанын ту сыртымен естіді. Сарқамыстың қорысына кіре бергенде, үшінші оқ тап қасындағы шырғанақты кірш еткізіп қиып түсті. Ажалдың айналсоқтап жүргенін жүрегімен сезді. Қалың ағаштың арасында жол — біреу, адастыра алмайды, атпен тығыла да алмайды, не істеуі керек? Не де болса тәуекел деп, Шарын өзенінен өтпестен атынан қарғып түсті. Көк шұбарды қамшымен бір-екі салып жіберді де, өзі оң жақтағы Ақтоғайдың қалыңына қойды да кетті. Қуғынның келіп қаларын болжап, онша ұзамай жата қалды. Екі орыс қырық-елу қадам жерден қоқаңдап өте шықты. Орнынан тұрып, аңның жымы ма, малдың ізі ме, бір таптаурынға түсіп, өрдегі Мойнақтың жотасына қарай тартты. Тоғай бір жерде шалаң, бір жерде қалың, жалтақтап, сақтана қашты. Біраздан кейін ойлана бастады. Екеулеген орыс құтқармауы мүмкін. Ақыр өлетін болған соң, жастығымды ала жатып, тым құрыса біреуін мен де өлтірейін деп бекінді. Кенет ат кіре алмайтын қорысқа жата қалғысы келді де,  ат кіре алмайтын жерге оқ кіре алады ғой деп, қайта қобалжыды. Көкшұбардың үстінде иесі жоқ екенін көрген соң, сөз жоқ, екі орыс кері қайтады. Сонда қайда барады, мұны қайдан іздейді? Жаяу адам өзеннен өте алмайды, сондықтан олар мұны Шарыннан өтіп алған соң тығылды деуі мүмкін. Бір шатасса, содан шатасады. Олай ойласа, екінші рет шатасып, онда өзенді құлдай қашты деп қуады. Ал егер өзеннен өтпеді деп есептесе, өткелдің тек өр жақта екенін біледі, онда өзенді бойлай қуады. Алда-жалда оған да, бұған да дүдәмәл болса, онда екеуі екі бөлініп, бірі өзенді құлдай, бірі бойлай іздейді. Құдай сәтін берсе, сонда бірге бір кездесіп қалуы мүмкін.

Қараңғы түскен сайын Тазабек батылданайын деді. Қаша-қаша тоғайдың шетіне жақындады. Өргі өткел осы арада. Жаяу адам тоғай ішінде байқалмайды, ал атты адам алыстан қараңдайды. Олар бұдан қарсылық күтпейді, қашқынның мақсаты тек қашу, қәйтсе де құтылу деп санайды. Соны пайдалануы керек. Өткелдің тұсына келіп біраз ойланды. Қуғын арғы беттен келсе, осы арадан бері өтеді; бергі жақтан келсе, ары өтеді. Бұдан кейін тығылатындай тоғай жоғын біледі, сондықтан осы арадан ұстаймыз деп сенеді.

Өткелдің бергі бетіндегі сәмбі талға көзі түсті. Шашақтары жерге жеткенше салбырап, құрған шымылдықша дөңгеленіп тұр екен. Соған тығылса, көрінбейтінін бірден болжады. Судан өтіп келе жатқан қуғыншы, сөз жоқ, содан — сәмбі талдан — секемденеді. Ал жолдың екінші жағындағы итмұрынды елемейді. Бірақ ол да бір адамды қалқалай алады. Сезіктенген адам сәмбі талға алаңдап келе жатқанда, итмұрын жақтан атылып барып бас салуы керек. Сол ойға бекінді де, қамшысын оңтайлап итмұрынның түбіне тығылды.

Қараң еткен аттылыны Тазабек арғы беттен байқады. Қол-аяғы суынып қоя берді. Ол — атты, бұл — жаяу. Оның мылтығы бар, бұл құрқол: қамшысынан басқа қаруы жоқ. Оның алдында Тазабектің жазығы жоқ, ал ол мұның бүкіл қайын жұртын қырып салып, алғалы отырған әйелін зорлады. Онымен қоймай, енді өзін өлтірмек. Қазір қайсысы қателессе, сол өледі. Ол да сақ, бұл да сақ. Бәрін сәттілік шешеді.

Өткелден өтіп келе жатып, қуғыншы сәмбі талға жалтақтай берді. Ол өзеннен өте шыққанда, Тазабек итмұрынның тасасынан сақпанша атылды. Сол қолымен атының шылбырынан шап берді де, оң қолымен етегіне жармасты. Мылтықтың дүмімен ұрмақ боп, орыс қолын көтере бергенде, бұл қамшымен қақ бастан бір тартты. Мылтығы қолынан сусып, жирен мұрт екі бүктетіліп ердің қасына құлады. Тазабек аттан жұлып алды да, кеудесін тізесімен басып тұрып, шылбырдың бір ұшын кеңірдегіне орап, екінші ұшын ышқына тартқанда, қылғынған орыстың тыпыр етуге ғана шамасы келді.

Тазабек тез қимылдады. Әуелі орыстың атын ағашқа байлап қойып, өзін көтеріп апарып өзенге ағызып жіберді. Сонан соң мылтығын алып, атына мініп, өткелден арғы бетке өтті. Екінші орыс аман кетсе, тағы тыныштық болмайтынын түсінді. Сондықтан енді соны аңдыды. Егер ол өзеннің төменгі жағына кетсе, ол арадан мұны таппаған соң, сөз жоқ, кері оралады. Оралады да, серігін іздейді. Іздегенде, осы өткелге келмегенде, қайда барады?

Сол ойы дұрыс болып шықты. Біраз жүрген соң қарсы алдынан атты адам қарайды. Танытпау үшін, Тазабек ердің үстіне етпеттеп жатып алды. Ол мұны өз серігім деп ойлап:

— Ты чо? Чо с тобой? — деді дауыстап.

Тазабек тым жақындасам, танып қояр деп, басын көтере беріп атып салды. Анау ыңқ деді де, жалп ете қалды. Көтеріп апарып оны да, екі мылтықты да Шарынға лақтырды. Сол арада екі аттың ер-тұрманын, тоқымын сыпырып алып, өзі мінген аттың жүгенінен басқасын түгелдей өзенге ағызып жіберді. Бос атты қуып жіберді де, өзі екінші атты жайдақ мініп Жылысайға жетіп алды. Сонан соң оның жүгенін, шылбырын бәкісімен турап-турап тастың астына бастырып кетті. Ауыл маңын айнала қарап жүріп, Көкшұбарын жайылып тұрған жерінен тауып алды. Аман келдің бе дегендей, аты оқыранып қарсы алды.

— Жануарым! — деді жалғыз куәні басынан құшақтап. — Бір аман қалуын қалдым, алда екеумізді әлі не күтіп тұрғанын кім біледі?!

* * *

Жалаңашқа барсам ба, бармасам ба деп, Тазабек көп толқыды. Бармаса, бәрінен бұрын Кобзев күдіктенуі мүмкін; барса, Жүзікке бәрін өзі білдіріп қоюы кәдік. Ары ойлап, бері ойлап, «Жарайды, Жүзік білсе, біле берсін», — деп шешті.

Табайдікіне кіріп, Әбенді бетінен сүйіп жатқанда, Кобзевтің кіші баласы келіп:

— Сізді әкем шақырып жатыр, — деді.

Жүзікпен жүре амандасты да, шыға жөнелді. Кобзев қулана көзін сығырайтты.

— Сенде, осы, мылтық бар ма?

— Бар. Аңшылық жаса деп Василий Бербитский ескі қосауызын берген.

— Сен онымен адам атып көрген жоқсың ба?

— Бір-екі рет оқталдым, бірақ реті келмеді.

— Құпия болмаса, айтшы, қай кезде оқталдың?

— Бірінші рет әкемді атып кеткенде. Екінші рет ата-енемді, қайнағам мен оның екі баласын өлтіріп, өліктерін үй-мүлкімен бірге өртеп кеткенде.

— Оларды кім өлтіргенін білемісің?

— Әкемді өлтірген Кірәпшіңкенің әскері, ал әйелімнің әке-шешесі мен бауырларын өлтірген — Жалаңаштың екі казак орысы. Олардың аты-жөнін де, түр-түсін де білмеймін. Өйткені өзім оларды көргем жоқ.

— Көрсең, кәйтер ең?

— Өлтірер ем.

— Дұрыс. Сенің орныңда болсам, мен де сөйтер ем. Ал енді екеуміз былай келісейік. Сен бұдан былай бұрынғы кегіңді ұмыт. Кінәлі екі казак орыс өлді, кім өлтіргені белгісіз. Оларды сен өлтірсең де, мен сені кінәламаймын. Өйткені олар өзіне тиісті жазасын алды деп санаймын. Олардың ондай адам екенін мен де білетінмін. «Сақтықта қорлық жоқ» дейсіңдер қазақтар. Сақтанып, мылтығыңды бұдан былай тақымыңа баса жүр. Әсіресе айдалада. Қаруыңның бар екенін білсе, кім де болса қаймығар. Ал егер менің тілімді алсаң, жағдайың келсе, не Жалаңашқа — Табайдың қасына, не Тоғызбұлаққа —Байғабылдың қасына қыс түскенше көшіп ал. Сенің Жылысай мен екі арада жалғыз жүре беретінің маған ұнамайды. Жаным ашыған соң, сенің мына туыстарыңды жақсы көріп қалған соң айтып отырмын мұны. Адамның адамға жаны ашуы керек қой, солай емес пе?

— Солай. Шешеммен ақылдасып көрейін. Табайдың әйелі — менің қатты сыйлайтын адамым. Әйелім де оны менен артық көрмесе, кем көрмейді. Солар үшін ғой екі арада шапқылап жүргенім.

— Оның жақсы. Адамды сыйлаған адам — жақсы адам. Мен де сені сол үшін сыйлаймын.

...Жүзіктің зәресі ұшып отыр екен.

— Неге шақырыпты? — деді табалдырықты аттар-аттамастан. Жағдайды Тазабек түсіндірген соң, Жүзік оның бетіне бір сәт сезіктене қарады. — Бәсе, біраздан бері көрінбей кетіп еді. Шыныңды айтшы, сенің ешқандай қатысың жоқ па? Осы жолы бізге ұзақ келмей кеттің ғой?

— Оларды мен өлтірсем, кегімнің қайтқаны; басқа өлтірсе, құдайдың жазасын бергені; ал саған керегі олардың өлгені емес пе? Сондықтан оны сөз қып қайтесің, одан да көшіп келейік пе, жоқ па, соны айтсаңшы.

— Оны Қожабек ағамен ақылдассаңшы, көпті көрген кісі ғой.

...Қожабек бірден құптады:

— Салт басты, сабау қамшылы емес, мал-жаның бар адамсың, Жалаңаш саған қол болмайды. Тоғызбұлақ таяқ тастам жерде, менің ақылымды алсаң, Байғабылдың қасына көш. Айналасы ашық, мал ұстауға қолайлы.

Осы ойды шешесі Қалиша да, ауылдың ақсақалы Әділбек те құп көрді. Шәйі тіпті қуанып кетті. Сөйтіп қарашаның қара суығында қауырт көшетін болды. Ауылымен қоштасып, ағайындарын шайға шақырды. Әділбек ақсақал күтпеген қошемет көрсетті:

— Жас болсаң да, бізге бас болдың, — деді Тазабекке. — Бірігіп жүрсек, басқаға жем болмайтынымызға көзімізді жеткіздің. Саған арқа сүйеп ары өттік, аман-есен бері өттік. Біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатырмыз қазір. Бас аман болса, бәрі бірте-бірте орнына келер. Өз отауыңды өзгеге беріп, алыс-жақынның жағдайын жасап жатқаныңды бәріміз де көріп-біліп жүрміз. Сенің де басыңа адам төзбейтін теперіштер түсті. Сасатын жерде саспадың, жүнжитін жерде жүнжімедің. Өзің түгіл, өзгенің қамын жедің. Мен әкеңнің бауыры әрі өзіңнің ағаң ретінде саған дән ризалығымды білдіріп, кенже ұлымның жаңа отауын келін екеуіңе сыйладым. Оны сен менің ғана сыйым демей, осында отырған өзіңе барша ағайынның сый-сияпаты, құрметі деп түсін.

Тазабек не дерін білмей, тек. «Ой, аға! Ой, аға!» — дей берді.

— Ал, қайным! — деді Әділбектің әйелі әңгімені әдейі жылдам жалғастырып — Мен саған кәрі даусыммен бір ән салып берейін.

Дүние — қызыл түлкі бұлаңдаған,

Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.

Күніне мың бір пәле жолықса да,

Сонда да күдер үзбе бір алладан!

— Мың жасаңыз, жеңге! — деп, Тазабек келіп құшақтап жатқанда, Шәйі жеңгесінің басына ақ түбіт шәлі әкеліп жапты.

Жұрт мерекеге тап келгендей мәз-мейрам болысты.

* * *

Байғабыл Тазабектің екі үйін өз қасына қондырды. Келген күні-ақ ерулікке шақырды. Кішігірім той жасағандай құрметтеп, Қапезге ән айттырды. «Балам, шешең екеуміз ас-суымызды бердік, енді сен әніңді айт. Бауырларыңды бауырыңа тарт!» — деді. «Сізден рұқсат болса, неге айтпайын?!» — деп, Қапез домбырасына дереу қол созды. Көзін жұмып, сәл-сәл теңселіп, ұзақ үнсіз тартты.

Мұңды сарынды Тазабек тітіркене тыңдады. Қапез қабағын шытты. Домбырасы кенет қатқылдау үнге көшті де, артынша Қапездің даусы арқырай жөнелді:

— Шалтабай — менің атым, әкем Алпар,

Өлеңге жас кезімнен болдым іңкәр.

Орыстың мың солдаттық бағасындай,

Тазекем өтіп кетті-ау қайран сұңқар.

Менің атым Шалтабай,

Асылдан соққан балтадай.

Үй кеңейіп далаға айналып кетті ме, дала үйге кіріп, үй кеңейіп кетті ме, Тазабек түсіне алмай қалды. Қапездің ән айтысы адамды сыйқырлап тастайды екен. Соншалық әсер еткен сөзі ме, әні ме, ажырата алмай қалды. «Қазаққа атым шыққан қыран едім, Қайрылып қанатымнан жарға қондым», — дейді қайран Шалтабай атам. Тазабек ағасының өзін де, заманын да аңсайды. Атын ардақтаған қазағы араша түсе алмайды: шарасыз. Өз елін, өз жерін қорғағаны үшін жазықты. Бәрінен түңіліп, бәрінен күдер үзіп, дауысым құдайға жете ме деп кіжіне бұлқынады.

Домбырасын үнсіз күйледі де, Қапез екінші әнді шырқай жөнелді:

— Ауылым көшіп барады таудан асып,

Таудан асқан бұлтпенен араласып.

Көштің соңы кеткенде көкке сіңіп,

Бауырымды жыладым жерге басып.

Әридай, көкем,

Бір кеткен соң көкемді

Көрер ме екем?!

Әрі сағынған, әрі өкінген сезімді Қапез соншалық бір айрықша әуенмен жеткізді. Тазабек түсінді: әнге қосып өз мұңын да шақты. Өзі де байқамай, Тазабек қатты күрсініп қалды. Қапез бетіне жалт қарады. Жанары жалт ете түсті. Тазабек ыңғайсызданып, қозғалақтап қалды.

— Жалаңаштың тауынан кекілік қудым,                        

Жеткізбейтін болған соң, секіріп қудым.

Көшіңе ерген көңілімді жұбата алмай,

Жалаңаяқ соңыңнан өкініп қудым.

Қайран еркем,

Қайта айналып өзіңді

Көрер ме екем?!

Тазабек алкүрең тартқан Қапезге тесіле, сыр тарта қарады. Анандай сөзді ешбір әнші әншейін айта салмасын сезді.

— Қайран еркем,

Бір көрмей-ақ өзіңді

Өлер ме екем?!

— Болды! Қайдағыны айтып кеттің, — деді Байғабыл жақтырмай.

— Мен емес, әке, ел ғой бұл әнді шығарған.

— Е, мен де бірдеме білем, елдің әнін жамылып, өзіңнің сырыңды айтып отырсың.

Байғабыл Тазабектің ойын тап басты: әуен елдікі болғанмен, ондағы мұң Қапездікі еді. Сол жорамалын анықтай түсу үшін, сыртқа шыққанда Қапездің өзіне сауал тастады:

— Бір ғажап қыздан айрылып қалғансың-ау, сірә?

— «Ғажап» деген жай сөз ғой, ол құдірет болатын. Оны көрген сайын мен қайта туғандай болатынмын.

— Ендеше неге айрылдың?

— Ілім іздеп Ыстамбұлға кеткеннің өкініші ғой!

Осы күннен бастап Тазабек Қапезді әулиедей сыйлайтын болды. Оның шырқаған кезі тұрмақ, ыңылдап ән салған сәтінің өзі жүрегін суырардай сүйсінтетін. Не деген сиқырлы дауыс?! Мамық үн, асқақ сезім, мұңды өкініш, ерке мінез, тапқыр ой, назды қылық, сыпайы пейіл — бәрі оның әнінен, түрленген үнінен сығалап, сезіліп тұрады. Ашық-жарқын адалдығы мен даусының мөлдір тазалығы астасып, адамды еріксіз баурап әкетеді. Адам түсінбейтін бір құдіреті бар.

Қарағай кесісіп, мал қорасын жасасып, Қапез көп көмектесті. Біраз жас кішілігіне қарамай, Тазабекпен тең құрбысынша қалжыңдасып кетті. Көршілерінің пейіл-ықыласын көріп, Қалиша мен Шәйі құтты қоныс таптық деп риза. Жұмыстың ауыры мен жеңіліне қарамастан, Қапез ылғи ыңылдайды да жүреді. Анда-санда даусын шығарып: «Ажарың аппақ екен атқан таңдай», — деп, көз алдына келіп бір сұлу тұра қалғандай, басын шайқап, таңдайын қағып қоятыны бар. Екі-үш рет байқады: Шәйінің ту сыртынан көз алмай қарап қалады.Қызыға ма, сүйсіне ме, неге өйтеді? Тазабек ыңғайсызданып, байқамағансиды. Бірақ ұрлық жасап қойған адамша көпке дейін өзіне өзі келе алмай жүреді. Ақыры бір күні айтып салды:

— Жеңгеңе қарағыштай бересің, қызығып жүрсің-ау, шамасы?

— Қап, байқап қалдыңыз ба? Ұят болды-ау! Шәйінің сәл қара торылығы болмаса, бүкіл тұла бойы мен айрылған адамнан айнымайды екен, Тәке. Әсіресе кісінің ішін көріп тұрғандай жалт қарайтыны ғажап ұқсайды. Жадылап қойғандай, ұмыта алмай-ақ қойдым соны. Қалай екен, бір көріп қайтайыншы деп, өткенде ауылына да бардым. Ешкім білмейді. Қытайға қашып баруын барыпты, бірақ қайтпай қалған сияқты. Күйеуі қызғанып, әдейі сөйтті ме деп те ойлаймын. Өзім есеңгіреп жүріп, көңіліңізге келетін қылық жасап қойыппын, айып етпеңіз, Тәке!

— Е, қайдан білейін, әйеліңнің әдемі болғаны да бір пәле екен-ау! — деп, уайымдап қалып ем.

— Уайымдамаңыз, Тәке! Жаманға жаман қалай ұқсаса, жақсы да жақсыға солай ұқсайды екен, Шәйі жеңгемді көрген сайын қандай асылымнан айрылғанымды біліп, жұртта ұлып қалған иттей көңілім аяқ асты бұзылып кетеді. Өзіме өзімнің шамам келмей қалады.

— Онда со қызды елестетіп бір ән айт!

— Айтайын. Өзімнің де айтқым келіп тұр.

 

«Ажарың аппақ екен атқан таңдай,

Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай...»

«Қандай ғажап!» — деп таңданды Тазабек. Сағынышын да, іңкәрлігін де — бәрін әуенмен жеткізіп, еркелетіп, аялап, бар дүниені табанына төсеп тастағандай айтады. Шіркін-ай, өстіп Шәйіге бұл да бір ән арнаса-ау!?

* * *

Бір түні Шәйі Тазабекке тосын қылық көрсетті.

— Жалаңашқа неге сенің жақын келгеніңді ішім сезеді, — деді төсіне алақанын салып. — Еркектің көр-жерді әйеліне айта бергенін ұнатпаймын. Сондықтан құпия сақтағаныңа ренжімеймін. Бірақ сенің кейбір сырыңды сезіп жүрем. Сенің амандығыңды өзімнің амандығымдай көрген соң, кейде қәуіптенем. Жақында Жалаңаштың екі орысы із-түзсіз жоғалып кетіпті. Оны осы өңірдің орыстары да, қазақтары да айтып жүр. Сол баяғы Жүзік екеумізге жабылған жауыздар көрінеді. Соңғы кезде түсіңде шошитынды шығардың. Мен соған қарап, солардың жоғалып кетуіне қатысың бар-ау деп шамалаймын. Жүзіктің айтуына қарағанда, менің әке-шешем мен бауырларымды өлтірген, өлтіргенімен қоймай өртеген, өзімді зорлаған солар көрінеді. «Батыр — бір оқтық» деген ғой бұрынғылар, байқап, орыстардан аулақ жүрсеңші! Заң да, заман да солардікі боп тұрған жоқ па?

— Ондай оймен басыңды қатырып қайтесің? Бар жаудан жоқ жау жақсы емес пе? Екі орыс өлді екен деп, бүкіл қазақты орыстар қырып тастамайтын шығар? Қазақтың да талайы талай жерде өліп жатыр ғой. Менің мылтығым бар екенін Жалаңаштың барлық орысы біледі. Қазаққа керек жан орысқа да керек. Сондықтан мен олардан қалай сақтансам, олар да менен солай сақтанады. Соның өзі — мен үшін жеңіс.

— «Аңдыған жау алмай қоймайды», аңдыспасаңшы! Сенен басқа менің тірегім де, панам да жоқ. Менің сенімен өткізген ең бақытсыз күнім өзге әйелдің ең бақытты күніне бергісіз. Сенің бағаңды білуден, қәдіріңе жетуден басқа менде бөтен ой жоқ. Денемнің титімдей түйіріне дейін сені аңсап, сағынып тұрады. Көрмеген қорлықты көріп, тартпаған азапты тартып, не өлі емес, не тірі емес шалажансар күйде жатқанымда, «Егер осы сөзіңді елдің көзінше тағы айтсаң, онда, шынында, өлтіріп кетем!» — деген өктем дауысың мені көрден суырып алғандай әсер еткен. Мен оны өле-өлгенімше ұмытпаймын! Еркектік өрлігіңе, кесіп сөйлейтін мәрттігіңе мен ақыл-санаммен бейілмін. Бағыма жолыққан байым деп тәубә қылам. Өзіңе жолықтырған Жүзікке сол үшін ризамын. Жаныммен, тәніммен, өне бойымда не бар, соның бәрімен сені өліп-өшіп жақсы көрем. Сондықтан сенен айрылу — мен үшін тек өлім. Осыны ұмытпашы, жаным! Жалғызым!

Тазабектің көзіне үйірілген жас көмейіне құйылып, түйір тамшы тамағына кептеліп тұрды да қалды. Қапезге сенер-сенбес күдікпен жүргенінде, Шәйінің мына қылығы қорғасыннан бетер балқытты.

— Жаным! — деді үні қырылдай шығып. — Ақылдым! Құшақташы!

— Алдымен өзің құшақташы! Сен еңкейіп, төніп келе жатқанда, өне бойым күн еңкейіп келе жатқандай қуанады. Соны білесің бе, Тәйкентай?

— Бұдан былай білем, Шәйкентай! Ашшы құшағыңды, күнің еңкейіп келе жатыр, жаным!

— Еңкейші, жаным, келші! Еңкейе берші!

* * *

Кеген, Жалаңашқа қарашаның ортасында қар түсті. Қазақ пен орыстың арасы қатты ушықты. Соңғы кезде Жалаңаштың айналасынан ғана алты қазақтың өлігі табылды. Түнгі жүрістен қазақ пышақ кескендей тыйылды. Үрей үлкен-кішіні түгел биледі. Тірі жүргеннің бәрі әзірше ғана тірі жүргендер секілденді. Қай қазақтың да болашағы орыстың қолынан өлу тәрізденді.

— Күніміз күн болмай қалды ғой, қайтеміз? — деді Тазабек Қапезден сыр тартып.

— Қайтушіек? Төземіз, — деді ол да осы сұрақты күтіп жүрген адамша жұлып алғандай жауап қатып.— Әрбір адам сияқты халықта да тағдыр деген болады. Қазақтың тағдыры осындай. Орыстар бізді сыйламайды, тіпті көбі адамға санамайды. Неге? Өйткені олар бізді менсінбейді. Қазақ жерінде тұрғанмен, қазақпен олардың ешқандай рухани, мәдени байланысы жоқ. Тарихымызды, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды білмейді. Кейбіреуі бізде ондай халықтық ерекшелік бар деп ойламайды да. Өйткені бекерден-бекер бізді жабайылар демейді ғой? Тарихы, өнер-білімі, салт-дәстүрі, ештеңесі жоқ халықты, өзің ойлашы, олар не үшін сыйлайды?

— Өй, Қапез, сен не айтып тұрсың? Сонда олардың бізді адам санамағаны дұрыс па?

— Әрине, дұрыс емес. Бірақ оларды қайтіп өзімізбен санасатындай қыламыз? Ол үшін біз алдымен солардан үйренуіміз керек. Осыншама орыс жердің түбінен неге осы араға келіп жатыр? Орыс мемлекетін күшейту үшін. Оның жеріне жер қосып, үлкейту үшін. Ал қай қазақ қазақты күшейту үшін бірдеме істеп жатырмыз? Өз басымыздан асып жатқан бізде ештеме жоқ. Бәрі қара басымыз бен қарнымыздың қамы үшін.

— Ойбай-ау, енді қазақ өз жерінде отырғаны үшін де орысқа жазықты ма?

— Қазақтың жазығы әлсіздігінде, білімсіздігінде, күштіге қарсы тұратындай қауқарының жоқтығында. Не патшасы жоқ, не әскері жоқ қазақты, өзің ойлашы, кім қорғайды? Қорғаусыз жатқан елді патшасы бар, әскері бар орыс келді де алды. Өзі мемлекет құра алмаған елді мемлекеті бар ел бағындырды. Біз бірікпедік, бір-бірімізге бағынбадық, өзіміз секілді бір бауырымызға бағынғанды қор санадық. Ақырында жат жұртқа жем болдық. Бұл — бір күннің немесе бір жылдың емес, ұзақ жылғы алауыздығымыздың нәтижесі. Бірігетін кезде бірікпедік, бір-бірімізді қолдайтын кезде қолдамадық, енді соның зардабын тартып отырмыз. Осы күйімізге жазықты ата-бабамыз баяғыда жер астында жатыр, олар бізге жауап бермейді, біз оларды жазықтай алмаймыз, бірақ соларға сыйынамыз, соларға құлшылық жасаймыз: «Ата-бабамыздың аруағы, қолда!» — деп. Міне қазақтың жағдайы осылай.

— Сонда осы бағынғанымыз бағынған ба? Ел болудан біржола қалдық па?

— Оны айта алмаймын. Бүкіл халықтың тағдыры тұрмақ, өзімдікін де болжай алмаймын. Кәзір орыстың аз кезінде күніміз мынандай болса, кейін олар көбейгенде қандай болатынын бір құдай білмесе, мен білмеймін.

— Сенің сөзің кісінің зәресін алатын сөз екен. Олардікі дұрыс болса да дұрыс, бұрыс болса да дұрыс болады деші.

— Дұрыс айтасың. Зорланған қыздай өзіміз жылап, өзіміз жұбатып, кінә зорлаған адамда емес, зорланған қызда деп, өзімізбен өзіміз кінәлесіп өтетін шығармыз, кім біледі?!

— Қайдағыны айтып, көңілімді құлазытып жібердің ғой, тегі. Қазақтың жағдайын «Жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі» қылдың. Шынымен-ақ қазақтың ешқандай болашағы жоқ па?

— Жоқ деуге аузым бармайды. Өйткені болашақты болжай алмаймын. Ал бірақ жағаласып, өліспей беріспеуге қазақтың мүмкіндігі бар.

— Қандай?

— Өзің ойлашы, аңдысқанда, ақылды жеңе ме, қу жеңе ме?

Тазабек тез жауап бере алмай ойланып қалды.

— Мына сұрағың жұмбақ сықылды екен, ит біле ме қайсысы жеңетінін?

— Қазаққа осының екеуі де керек. Аңқаулығына, еренсіздігіне мақтана бермей, алды-артын ойлайтын, болжайтын дәрежеге жетуі керек. Қазақтың қолынан келетін ең басты қару — қайтсе де азаймау. Азайды бітті, бәрінен айрылады. «Екі ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады» дейді ғой, тура солай болады: он алтыншы жылдың ең ауыр зардабы сонда, қазақ мүлде азайып қалды. «Патшаның жарлығына қарсы болдың» деген сылтаумен жазықтыны да қырды, жазықсызды да қырды. Еркек-әйел, бала-шаға деген жоқ, бәрін, малға дейін қырды. Әдейі азайту үшін, жер бетінен жойып жіберу үшін қырды. Бұдан былай қыңқ етпесін деп қырды. Былайша айтқанда, жағдайды жақсы пайдаланды. Қырылған қазақтың орны енді ешқашан толмайды. Көп жыл өткен соң, көбейсе көбейер, бірақ бұрынғыдай қаулап-қаптап өспейді: өлгендердің орны үңірейеді де тұрады.

— Сонда қалай, өсіп-өну үшін, патша жарлығына қарсы шықпауымыз керек пе еді?

— Қарсы шықпасақ, әрине, дәл бұлай қырмас еді. Онда өзіміз өлмесек те, намысымыз өлетін еді, орыс қоныстанушылары басынып, бұрынғыдан бетер ағылатын еді. Өзің ойлашы, қазір қазақ бұрынғыдан біраз өзгерді: сен бізді өлтірсең, біз де сені өлтіре аламыз дегенді аңғарта бастады. Оны мен халықтың ояна бастағаны деп білем.

— Қырылмай тұрып оянудың жолы жоқ па еді?

— Бар еді, әрине. Бірақ оған көпшіліктің көзін жеткізу — өте қиын және өте ұзақ іс. Ол жол — ағартушылық. Оның мәнісі — оқыған, білімді адамдардан үйрену, солардың соңына еру. Ал бізде білім де, білімді де аз. Сондықтан бір-бірімізді тыңдамаймыз, өйткені бір-бірімізді түсінбейміз. Түсінбейтін себебіміз — білімдінің айтқанын білімі жоқ адам ұқпайды. Ұқпаған соң, құптамайды.

— Қазаққа оқы деп жатқан да, оқыма деп жатқан да ешкім жоқ, қалай білімді боламыз? Өзің құсатып баласын Ыстамбұлда оқытатын қай қазақтың жағдайы бар?

— Дұрыс айтасың: оқыма деп те, оқы деп те жатқан ешкім жоқ. Демек бұл жағдай өзімізге байланысты: өзіміз де оқуымыз керек, балаларды да оқытуымыз керек. Бірақ балалар оқысын деп, кірпіштен мектеп салып берген қай албанның байын білесің? Білмейсің. Мен де білмеймін. Жан бағу үшін, әрине, байлық керек. Алайда мықты халық болу үшін, білім керек. Білімді халықпен бәрі санасады. Білімсіз халықты бәрі алдайды, ешкім менсінбейді.

— Мұның құлаққа кіреді. Менің де оқығым келеді. Бірақ қайда барып оқимын? Орыс мектебіне барам ба?

— Қазақ оқысын деп, мектеп салып жатқан өкімет жоқ. Мектеп те, өкімет те орыстікі. Бірақ соған қарамастан жағаласып, таласып, өзіміз мектеп ашып оқымасақ, орыстың көлеңкесінде осы қалғанымыз қалған. Патшасы, әскері бар халыққа бағынбасқа бізде амал жоқ. Күшті күштілігін көрсетпей тұра алмайды. «Патшаға қарсы шықты» деген сылтаумен, қарашы, қаншама өзіне пайдалы істерді жасап жатыр? «Орыстың қаны төгілген жерлерді орыстарға біржола береміз», — деп, қырғыздың қаншама жерін, қазақтың Қарқарасын тартып алып отырған жоқ па? «Күштінің көті диірмен тартады» деген — осы. Оған көнсең де көнесің, көнбесең де көнесің. Өзің қырыласың, өзің және жазықты боласың, көрдің бе қалай мәжбүр ететінін?

— Қапез, сенің сөзіңнен басым айналып, зәрем ұшып кетті. Патша өкіметі: «Әскерге адам бермедің» деп қырды, оны құлатқан өкімет бізге құрият жариялап бостандық берді, сонда сен оған да, бұған да сенбейсің бе? Жүрші, әңгімемізді Шәйінің шәйін ішіп отырып жалғастырайықшы!..

Екеуі үйге кіргенде, Қалиша Оралбекті ұйықтатып жатыр екен:

— Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем.

Қара ала иттің құйрығын

Бөкпен етіп берейін.

Құйрық жүнін қырқып ап,

Шекпен етіп берейін.

— Міне саған мысал, — деді Қапез күліп. — Апам Оралбекті қалай алдап ұйықтатса, орыс та қазақты солай алдап жусатады. Бала әуеннің әдемілігін ғана ажыратады, сөзін ұға алмайды, қазақ та орыстың әдемі сөзіне мәз болады, ал оның түпкі мақсатына зейіні жетпейді.

* * *

Оралбекті ұйықтатып қойып, сыртқа шыққан енесіне Шәйі өз ойын айтты:

— Апа, әнеукүні сойған қойдың ішмайы мен құйрық майын қосып шыжғырып алсам қайтеді? Көжеқатыққа тоңмай керек қой.

— Сөйтсең сөйте ғой. Тәйкенің шыжық жегенді жақсы көреді. Ыстық нанмен жесін,  табаны да қозға қоя сал.

— Сөйтейін, апа. Балаңыз шыжықты жақсы көрсе, шыжық берем, сонда мені де жақсы көріп жүрер.

— Немене, жақсы көрмей жүр ме еді? Өйтіп айтпа, балам. Әркім өз баласының сырын бүге-шігесіне дейін біледі. Сенің Тәйкенің — аумаған әкесі. Ол марқұм да әрбір ісі мен әрбір  қадамын күні бұрын ойлап, алдын ала бәрін шешіп, пішіп қоятын. Тәйкен де дәп солай. Ол сен ойламағанды ойлайды, өзі бекем болып алмай тұрып еш әрекетке бармайды. Одан сезіктенбе де,  күдіктенбе.

— Сіз бәрін білесіз бе, апа?

— Менің білмейтінім биттің ішінде, шырағым.

— Сонда да жақсы көресіз бе мені?

— Неге жақсы көрмейін? Балам жақсы көрген адамды менің жек көргенім құдайшылық па? Сенің қандай жазығың бар? Сенің орныңда мен болсам, ол қорлықты мен көрмес пе едім? Сопыйаны алғаны үшін орыстар Қожақты ағашқа іліп, көтін аузына тістетіп кетті. Біз қыз-келіншегімізді қынадай қырса да, бір орысты ағашқа ілгеміз жоқ. Күштінің зорлағаны — заң, әлсіздің қорғанғаны қылмыс саналған заман болды. Мына өкімет орнамағанда қатын-қыз ғана емес, бүкіл қазақ қорлық пен зорлықтан көз ашпайтын еді. Қайта құдай бар екен. Бір аман қалуын қалдық, арты не боларын бір құдай білсін.

— Бұл өкіметке де сенбейсіз бе?

— Күшті күштілігін көрсетпей тұрар деймісің? Елді әркім басқарады, әр басқарушы әр жаққа тартады. Тартқылай берген соң, әлсіз жерінен әрнәрсе де жыртылады.

— Тәйкен бір мені емес, бәрімізді қорғап қалды ғой, апа.

— Құдай жар болған шығар, Шәйкентай.

— Тек Оралбекке салқындық көрсетпесе екен деп қорқам.

— Көрсетпейді. Мен өз баламды сенен артық білмесем, кем білмеймін. Аралас қаннан туған немесе асырап алған баланың тұқымы көп болады деп отыратын әкесі. Қазақ ұлды бауырына тартады, қызбен елді бауырластырады. Тәйкенім — сондай тәртіптің адамы. Қайта сен оны салқындатып алма!

— Қайтіп салқындатам?

— О, құдайдың құлы-ай, сұрамайтынды сұрағаныңды қарашы. Шешең мен Жүзік айтқан шығар. Баяғыда қазақтың Әз Жәнібек деген ханы болыпты. Соның сұлу бәйбішесі болыпты. Қай заманда да ханның қатыны көп болар. Бірақ Әз Жәнібек күнде бәйбішесінің қасына жатады екен. Сөйтсе, ол бәйбішесі күнде қойнына қыз болып келетін көрінеді.

— Қалай?

— Қалай болушы еді? Күнде жұпар шөп пен хош иісті гүлдерді қайнатып, соған шомылады екен. Қолтығын, шабын, аузын, омырауы мен бақайларын жұпар шөппен тазалайды екен. Сөйтіп күн сайын қыздай болатын көрінеді. Сен де сөйтіп жуынып жат, жатарда дәрет ал, тұрған соң ғұсыл күйеуіңді де солай жаса, жуындыр. Сонда екеуің бір-біріңе бүгін үйленгендей боласыңдар.

— Сіз менің туған шешем сияқтысыз, апа. Құдай сізге ұзақ ғұмыр берсе екен!

— Сен менің баламды тиген күніңнен бері білесің, ал мен көтерген күнімнен білемін. Сондықтан, Шәйкентай, маған сен.

— Жаным, апа, кеттім. Майымды шыжғырайын, табамды қыздырайын.

...Түнде Тазабекке енесі екеуінің қалай әңгімелескенін қуана-қуана айтып берді.

— Қойшы-ей, апам сөйдеді ме? — деді Тазабек таңданып.

— Мен енді өтірік айтып жатыр ғой деймісің?

— Апама таңғалып жатырмын. Апамды сыйлағаның менің ата-бабамды сыйлағаның ғой сенің.

— Өзі де солай.

— Кішкентай алтыным!

— Ойбай, ақырын! Жанымды шығарасың.

— Жаныңды кіргізейін бе, шығарайын ба?

— Иә. Әуелі кіргіз, сонан соң шығар.

Екеуі бір-біріне жабысып бүлк-бүлк күлді.

— Шәйкен! — деді бір кезде шалқасынан жатқан Тазабек Шәйіні өзіне тартып. —  Еркек әйелді не үшін қорғайды?

— Өйткені ол оған ұрпақ сыйлайды.

— Ал ұрпақ үшін неге жанын қияды?

— Өйткені ол өзі үшін ғана емес, халқы үшін де қымбат. Ұрпағы қалмаған халық, қаншама данышпан болса да, түптің түбінде құрып бітпей ме?

— Иә, сөйтеді. Құдай құрып біткеннен сақтасын!

КЕЙІН

Қыстың қиындығы мен қардың қалыңдығынан ба әлде басқалай бір себебі бар ма, қазақтарды айдалада атып кету, өлтіріп кету пышақ кескендей тыйылды. Жалаңаштың орыстары өзімен өзі болып, күрт өзгеріп кетті. Көп кешікпей «Бұлардың патшасы тағы құлапты, төңкеріс болыпты», — деген әңгіме тарады. Бірақ оның мәнісін қазақ тұрмақ, әлі орыстың өзі де біле қоймаған секілді. Өйткені ештеңе айтпайды, айтқысы келмейді. Соған қарағанда, өздеріне де ол жаңалық онша ұнамайтын тәрізді.

Шәйі: «Жүзікті сағынып кеттім», — деген соң,  Оралбек екеуін алып Тазабек Жалаңашқа келген. Табай мен Сәмен — малда, Әбен мен Жүзік үйде екен. Екі әйел амандасып жатқанда, Әбен орнынан ұшып түрегеп:

— Ассалаумәликім! — деді қолын созып.

— Әликісалам, Әбен батыр! — Әбеннің саусақтары дәп өзінікіндей жуантық екен, көзі түскенде, денесі дір ете қалды. «Қалай айнымай қалған?» — деді шошып. Бетінің жалпақтығы, қасының қалыңдығы мен көзінің дөңеттілеу айналасы — бәрі бұлжымай тартыпты. Байқамағансып, самбырлай жөнелді. — Үлкен жігіт болыпсың ғой! Қалай, әке-шешеңе қолғабыс қылуға жарап жүрсің бе?

— Апама даладан отын әкеп берем.

— О-о! Жүзік әпке, балаңыз жігіт бопты ғой. Отын әкеп берсе, одан артық қандай көмек керек сізге?

— Құдайға шүкір, Сәменім мен Әбенім ержетсе, маған кемдік көрсетпес.

— «Қара шалым аман болса» деп Табай байғұсты да қосып қойсаңызшы!

— Е, аман болсын. Екі бала десе, байғұс ішкен асын жерге қояды. Менің балаларымды кәйтесің, мына өз балаңа қарасаңшы! Бетінен иіскейін десем, ойбай, жаман неме, жатырқап жолатпайды тіпті. — Шәйінің қолында тұрған Оралбекке қарап жұдырығын түйді. — Әй, күшік, апаңды іздеп келгенің шын болса, неге енді апаңа келмейсің? Түріңнен айналайын, түрің бар болғыр! Құдай-ай, келгендерің қандай жақсы болды! Тазабек, шықшы төрге. Жо, сен шығып жүрсің ғой, Жібекжан шықсыншы! Жандарым-ау менің!

...Табай мен Сәмен шам жаққанда келді. Сәмен кірген бойда Шәйіні бас салды.

— Қарқараның жәрмеңкесі біздің үйге көшіп келіпті ғой?! — деп, Табай да табалдырықты көңілдене аттады.

— Үйімді жәрмеңке жасадыңдар, былғадыңдар дегені ғой, Шәйкен, үйдің иесін ренжітпейік, қайтамыз ба, қайтеміз?

— Қойшы, Тәйкен, қайдағыны айтпай! «Үйімді базар қылдыңдар. Балаларыңды алып келгендерің қандай жақсы болды!» — деп қуанғаны ғой ағаның.

— Солай ма? Қазақша сөздің мағынасы қырғызша басқа болады екен-ау, ә?!

Табайдың аяғына оралып, Әбен бойы жеткен жерден құшақтай алып еді, қолтығынан тік көтеріп, Табай оны құшырлана тамағынан йіскеді. Сонан соң Шәйіні құшақтап бауырына қысты.

— Құдайдың өзі жолықтырған жаным, қарындасым! — деді маңдайынан сүйіп. — Оу, апасының алдында ең үлкен қонақ отыр екен ғой, кәне, келе қойшы маған! — деп еді, енді-енді Жүзікке үйреніп келе жатқан Оралбек жатырқамай Табайға қарай талпынды. — Көп жаса, көгершінім! — деп, Табай қолына алып, бетінен сүйді.

— Бәрін сүйдің, құшақтадың, сонда Жүзік екеуміздің жазығымыз не?

— Сендер өзім боп кеткен адамсыңдар, адам өзін өзі қайтып құшақтап сүйеді?

— Қап, мынаның қағынуын-ай, ә?! Жауабы да даяр, қалжыңы да даяр, әбден баптап қойыпсыз ғой, әпке.

Екі еркек бір-біріне мейірлене құшақтасты.

Табай ет жерде Қожабек пен әйелі Бөбекті шақырып алды. Әңгіменің тізгінін алған Қожабек жақыннан бері Атаманның жылқысы ішінде қысқа жалды, шолақ құйрықты жирен қасқа арғымақтың пайда болғанын сөз қылып еді.

— Иә, ол атты мен де көрдім, — деді Табай. — Жылқышы: «Біздің қожайындікі ғой», — деді де қойды. Қанша тақақтасам да, артық ештеңе айтпады. Соған қарағанда, бір құпиясы бар-ау. Олай дейтінім, таңертең бір топ орыс жігіті аңға барамыз деп, Жалаңаштан шығып кетеді де, кешкісін аттарын қансорпа қылып қайтып келеді. Бірақ бірде-бір аң атқанын көрген емеспіз. Мен білсем, бұлар бірдемеден қорқып не сақтанып жүр, не қазаққа қарсы бір пәле ойластырып жүр.

— Не ойластыруы мүмкін? — Тазабек әңгімені айтқан Табайға емес, сұраулы кескінмен Қожабекке қарады.

— Оны бақылау керек. Қапы қалып жүрмейік, — деді ол бұл әңгімені қазір естіп отырған кейіп танытып.

Осы әңгімеден кейін Тазабек Жалаңашқа жиі келетін болды. Табай мен Сәмен бір пәлеге ұрынып қала ма деп қорықты. Қожабекпен ақылдасып еді, ол күдігін одан бетер өршітіп жіберді.

— Табайдың сөзінен кейін мен де сезіктеніп жүрмін, — деді ол абыржып. — Бір пәленің бары бар. Көзі ашық қой деп, Қапезден сұрасам, Уақытша үкімет деген үкіметті құлатып, Бәлшебек деген үкімет орнағаны рас дейді.

— Ол қандай үкімет?

— Ит біле ме? «Бәлшебек» дегені «көпшілік» деген сөз көрінеді. Қысқасы, таққа таласқандардың көпшілік жағы жеңген болу керек. Оның айтуынша, бұл үкімет кедейлер мен шаруаларды жақтайтын көрінеді.

— Оған кедей мен шаруадан не пайда?

— Кедей мен шаруа көпшілікке жатпай ма? Олардың «бәлшебек» аталғаны соларды жақтағаны үшін шығар?

— Сонда оған байлар керегі жоқ па? Олар адам емес пе?

— Оның бәрін біліп тұрсам, мен де орыс болып кетпеймін бе, Тазабек? Қайдан білейін? Бірақ, бір байқағаным, жаңа үкімет байларға онша ұнамайды-ау. Өйткені Көпзіптің, Көкөріннің, атаманның да қабағы бұрынғыдай емес, салыңқы, кісімен сүлесоқ сөйлеседі. Бұрын біз Қытайға қашып едік, енді Қытайға осылар қашпасын де. Себебі түн баласы Жалаңашта тыныштық жоқ, аттың дүбірі бір тыйылмайды. Түнде далаға өзім де шықпаймын, балаларды да шығармаймын. Өйткені куәнің көзін құртып жіберуі мүмкін. Таң ата, мен намаз оқитын кезде, Жалаңаштың тұс-тұсынан мылтық асынған орыстар топ-тобымен кіріп жатады. Неге олар бір арадан кірмей, әр тұстан келеді? Түнімен қайда барып, таңертең қайдан келеді? Олар, сірә, күдік салмау үшін сөйтеді. Бірақ оны көрген адам қалай күдіктенбейді? Мен күдіктенгеніммен, күрмеуін шеше алмадым. Бірақ, қалай болғанда да, мұның бекер емесі балаға да белгілі.

— Әрине, бекер емес. Бірақ, айтуыңызға қарағанда, бұлар қашуды емес, қарсы шығуды жоспарлап жүргенге ұқсайды ғой?

— Иә, дұрыс айтасың, соған ұқсайды.

Ертесі түс кезінде Қожабек жүгіре басып Тазабекке келді.

— Жүрші, төбеге шығайық, кешегі айтқанымыз басталды-ау деймін.

Екеуі үй іргесіндегі төбеге ентіге басып шықты. Бұлардан бұрын жеткендер де, енді ентелеп келе жатқандар да бір-бірімен дабырласып жатты.

— Әне, ана Жылқыбайдың сайы жаққа қарашы! — деді Қожабек бұрын көктемде қой төлдетіп, күзде күзем алып жүрген төбесі ашық тамдарды көрсетіп.

Есіз, қаңырап қалған он шақты тамы бар жерді, Жылқыбай деген кісіні сол арада құтырған қасқыр талап өлтіргендіктен, жұрттың Жылқыбайдың сайы, Жылқыбайдың жотасы атап кеткенін Тазабек білетін.

— Ойбай, Қарашоқыдан Қобыға қарай көп атты төмендеп келеді, — деді дүрбісі бар Қабылбек деген кісі. — Жылқыбайдың беліндегі тамдарды Жалаңаштың орыстары бекініс жасап алған екен, бәрі соған кіріп-шығып жүр. Ана төменде келе жатқандар оны білмейді-ау.

Қабылбектің дүрбісімен жұрт Жылқыбайдың беліне кезек-кезек қарасты. Тазабек дүрбіні алғанда, жоғарыдан келе жатқандар мен тамда тығылып жатқандардың арасында атыс басталды да кетті. Мылтықтың даусы Жалаңашқа ап-анық жетіп жатты. Келгендер кім, неге атысып жатыр, оның бірін білмесе де, төбедегілер тым-тырақай қашып үйлеріне тығылды.

— Кім болса да, ана келгендер казак-орыстарға қарсы біреулер, — деді Қожабек өз жорамалын Тазабекке ашып. — Оларға қарсы болса, әлгі кедей мен шаруаны жақтайтын үкіметтің адамдары болды. Барлау жасамай келіп, босқа қырылды байғұстар.

Тазабек үндемеді, өйткені Қожабектің болжамына сене қоймады, басқаны қолдаса да, орыстың ешбір үкіметі қазақты қолдай қояды деп ойламады. Ертесі Тазабек Табайдыкіне келіп отырғанда Қожабек оны төбеге тағы шақырды.

— Тездет! Тағы басталды! — деді арық ақбоз атын тебініп. — Кешегі сап түзеп келгендер, құдай біледі, қарсылық болатынын білмей қапы қалды. Бүгін топ-топ болып әр тұстан асып келе жатыр.

Дүрбісін алып Қабылбек те қастарына келді. Әп-сәтте төбенің үсті үлкен-кішіге толды да кетті.

— Шілік жақтан келгендер етектегі жазыққа жиналып жатыр, — деді Қабылбек дүрбісін Қожабекке беріп жатып. — Ал кешегі қарсы шыққандар бүгін жоқ.

— Ендеше бұл келгендер — кедейді қолдайтын бәлшебектер. Қазір келем, — деді Қожабек үйіне қарай асығып. Сәлден кейін қолына ақ таяққа байлаған ақ мата ұстап төбеге тағы шауып шықты. — Әй, Дүйсембек, кел мінгес! — деді бұйырып.

— Е, не боп қалды?

—Жүр, аналардың алдынан шығайық! «Казактар қашып кетті. Жалаңашта жау жоқ», — дейік. Казактардың қашып кеткеніне қарағанда, бұлар бізге тимейтін адамдар. Екеумізді өлтіргеннен оларға не пайда? Жүр, қорықпа!

Мінгескен екеуге жұрт көз алмай қарап тұрды. Жазықтағы жағдай дүрбісіз де көрінетін еді. Екеуі аман-есен жетті. Аз-кем әңгімелескен болу керек, бір кезде мінгескен екеу алдыға түсіп, келген топ бері қарай қозғалды. «Апырмай, мұның арты не болар екен?» деді Тазабек, бір жағынан, Қожабектің қылығын сөге алмай; екінші жағынан, Қытайға үріккен қазақты өз халқым деп қайтарып алған өкіметті қия алмай. Екіұдай сезім екі жаққа тартқылады. «Екі түйе сүйкенсе, арасында өлетін шыбын» қазақ болып жүрмес пе?»

Біраздан кейін екіұдай сезім Тазабекті екі жақтап талай бастады. Қайсысын жақтайды? Оған ақылы да, білімі де жетпеді. Болатын нәрсе бұдан сұрамай-ақ болып жатыр. Ендігісін өмірдің өзі көрсетер.

 Қалың солдат қалаға кіргенде, жұрт жүрексініп үйді-үйіне тығылды. Тазабек неде болса деп, Қожабектің қасына жетпек болды. Соның арасынша Қожабектің атымен Дүйсембек алдынан шықты.

— Кел мінгес, Қожабек келсін деп жатыр! — Бастықтың бұйрығын жеткізген шабарманша шақылдай қалыпты.

— Жарайды, жаяу-ақ барайын, — деді жымиып. — Андағы атыңыз екеумізді көтере алмай омақасар.

— Сөйтуі кәдік, — деді Дүйсембек Тазабектің тұрқына күле қарап.

Орысы көп, қазағы аз жұртшылық шіркеудің алдындағы төбеге шоғырланыпты. Тазабек шетін ала тұрып, жан-жағын шола қарады. Жалаңаштың шетін солдаттар айнала қоршап алыпты. «Бәрімізді қырып салғалы жинаған жоқ па екен?» — деді тіксініп. Сол кезде көзіне Қожабек түсті. Бір топ солдаттың қақ ортасында қолын сілтей сөйлеп тұр екен. «Орысша білмеуші еді», — деді таңданып. Сөйтіп тұрғанда, Жалаңаштың бір аяғы шолақ атаманы Александровты арбамен алып келді. Солдаттардың кәмәндірі болу керек, ыйығынан асыра тартқан қайыс белбеуі, жамбасында тапаншасы бар орта жастағы орыс ортаға шықты. Ноғай тақиялы арық жігіт қасына келіп тұрды.

— Жолдастар! Ресейде патша өкіметі де, Уақытша үкімет те құлады. Оның орнына жұмысшылар мен шаруалардың өкіметі орнады, — деді кәмәндір орыс. Оның айтқанын ноғай жігіт қолма-қол аударды. — Ол — кедейлер мен кембағалдарды жақтайтын өкімет. Байдың кедейді қанауына, күштінің әлсізді адам санамауына қарсы өкімет. Біз сол езілген халықты қорлықтан, қанаудан құтқаруға келдік. Мына арбада отырған атаман Александров — қарапайым халықтың қанын сорған патша өкіметінің өкілі. Оның баласы Василий — ақ патшаның әписері. Сол бастаған казактар кеше қаншама біздің жазықсыз жауынгерімізді қапияда қырып тастады?! Сол жаулық әрекеті үшін, большевиктер өкіметіне қарулы қарсылық ұйымдастырғаны үшін, мен атаман Александровты ату жазасына бұйырамын! Бұйрық орындалсын!

Үш солдат алдыға шықты. Арбада отырған қалпы Александровты атты да тастады. Біреулер бетін басты, біреулер ойбайласты. Алайда жаңа өкіметпен ойнауға болмайтынына бәрінің көзі бірден жетті. Кәмәндір тағы сөйледі:

— Енді кедейдің күні туды, жолдастар! Бүгіннен бастап Жалаңашта еңбекшілердің мүддесін қорғайтын революциялық кәмитет, яғни ревком құрылады. Оның бастығы етіп кедейден шыққан Секерин жолдасты тағайындаймын! Секерин жолдас, ортаға келіңіз!

Ол орысты Тазабек білетін. Өз шаруасымен жүретін, қақ-соғы жоқ қарапайым шаруа. Соны сайлағанына қарағанда, жаңа өкімет кедейді жақтайды дегеннің жаны бар тәрізді. Орыс атаманды орыстың атып тастауы да адамның ойына сыймайтын оқиға. Шынында, үлкен төңкеріс болған секілді. «Қазақтың көз жасын құдайдың көргені ме? — деді біртүрлі көңілі босап. — Қой, қайтайын, жаңа өкіметтің қыр-сырын Қапезден біле жатармын». Бұрыла беріп, солдаттар жаққа бір қарап еді, өзіне қарай ентелеп келе жатқан Қожабекті көрді.

— Кеше әтіретпен атысқан казак-орыстар із-түзін білдірмей бір жаққа кетіпті, — деді келе сап. — Қырғыз жаққа ма, Қытайға ма, — ешкім білмейді. Түн ішінде тұтқиыл шабуылдаса, Жалаңаштың халқын қырып тастауы мүмкін. Солардың қайда кеткенін анықтау үшін, барлауға жұмсайтын жас бала керек болып жатыр. Соған Сәменді жұмсасақ қайтеді? Жоқ іздеген боп жүріп, елдің сөзін елеусіз тыңдауы керек. Соншама әскердің жан адамның көзіне түспей жасырынып қалуы мүмкін емес дейді.

— Ондай іске баланың елеусіз болатыны рас. Бірақ, Қожеке, Жүзік оны басқаша түсінсе, баламды қауіпті жерге жұмсады деген күдікке қалам ғой.

— Иә, сөйтуі мүмкін. Тәуекел, онда Самсалымды жұмсайын.

Сонымен барлаушы болып Самсалы кетті. Қара танаға мініп, Жалаңаштың желке тұсынан «жоқ іздеуге» шықты. Ол күні ешкімге жолыға алмай қайтты. Ертесі батыс жаққа беталып, Дегерес маңайына жол тартты. Түс ауа бере танасын танаулатып асығыс оралды. Қожабекке ілесіп Тазабек те алдынан шықты.

— Не болды? Бірдеме білдің бе? — деді Қожабек баласын тананың үстінен көтеріп алып жатып.

Самсалы бағжаң етіп әкесіне бір, Тазабекке бір қарады.

— Айта бер, ағаң өзіміздің адам.

— Дегерестен төмен түсіп келе жатсам, бір адам пышылдап сайдан жаяу шығып келе жатыр екен. Бұрылмай кетіп бара жатыр ем, айғайлап шақырып алды. Қатай дегеннің жылқысын бағатын кісі бар еді ғой, соның інісі Қаратай екен. Ағасына келіп-кетіп жүргенде көргенмін. Ол да мені танып, жылап амандасты. «Амансыңдар ма? Жалаңаштағы қазақтарды бәлшебек деген біреулер қырып тастапты деген рас па? Соны біліп кел деп, үлкендер мені жұмсап еді, жүрегім дауап қалаға кіре алмадым», — деді. «Бәлшебек деген ешкімді көргем жоқ. Бірақ Шілік жақтан көп солдат келіп казак-орыстармен атысып, атаман Александырыпты атып тастады», — дедім. «Қайдан білейін, қырық-елу солдат Саты жаққа өтіп барады екен, ел солардан естісе керек», — деді.

— Үйге бар да, шайыңды іш, балам. Мен келгенше Тазабек ағаңның қасынан шықпа!» — деді де, Қожабек дереу атына мініп шауып кетті.

Оның салдаттарға баратынын Тазабек сезді. Сол кеште Жалаңаштағы солдаттар суыт бір жаққа аттанып, үшінші күні қайта оралды. Қожабек оларға жолығып, ау-жайларын біліп қайтты. Қашқан казактардың Таушілікке қарай кеткенін білген соң, солдаттардың кәмәндірі жол білетін екі қазақ жігітін Кеңсу арқылы Қарақолға аттандырады да, өзі Саты асуы арқылы казактардың соңына түседі. Қарақолдан көмек дер кезінде үлгеріп, Талдысу деген жерде екі жақтап, Қытайға қашпақ боп жатқан казактардың быт-шытын шығарады. Қолға түскендерін Қарақолға айдап әкетіпті де, Жалаңашқа қайта оралған солдаттар ертең Шілік арқылы Алматыға қайтады екен. Самсалының еңбегі үшін кәмәндір Қожабекке үлкен рахмет айтып, қолына емін-еркін жүріп-тұратын куәлік қағаз беріпті.

Он алтыншы жылы жоғалып кеткен інілері Нүсіпбек пен Мүкейдің балалары мал бағуға жалданып, былтыр Шілік жаққа көшіп кеткен болатын. Солардың жағдайын сендермен бірге барып біліп келсем бола ма деп, Қожабек кәмәндірден сұраған екен, «Біз — өзің сияқты кедейлерге қамқорлық жасау үшін жүрген жандармыз», — деп, әтіретпен бірге алып кетті. Содан бір аптадай жүріп, інілерінің балаларын түгел Жалаңашқа көшіріп әкелді. Кәмәндірдің бұл адамгершілігі Тазабекке қатты әсер етті.

Солдаттар келіп кеткен соң, қазақ пен орыстың арасындағы қуғын-сүргін тоқтап, Жалаңаштың ел-жұрты ес жия бастады. Жаңа өкіметтің бұл саясаты Тазабекті қатты таңдандырды. Әсіресе қазақты көпе-көрнеу қырғыннан сақтап қалғанына қайран қалды. «Не үшін?» деген сұрақты өз ақылымен індетіп шеше алмады. «Шынымен, ендігі өкімет тек орыстікі емес, ортақ бола ма?» — деді дағдарып. «Тағы бір алдаудың жаңа түрі емес пе екен?» — деп те күдіктенді. Бірақ мына жасап жатқан қылықтары оған жыға дәлел бола алмады. Ақырында күдігін сенімі ығыстыра бастады.

* * *

Әбеннің Тазабекке ұқсайтынын Шәйі қарсы отырып қалғанында байқады.

— Жүзік-ау, мына балаң біздің Тәйкенге тартып кеткен бе? — деді таңданып. — Қас-қабағына қарашы!

— Туысқан болған соң, тартқаны шығар? — Жеңгесінің үні берекесі қашып божырап шықты. Ұрлығын білдіріп алған адамша жүзін бұдан тайдыра берді. Оның өйтіп аяқасты әбігерге түскені Шәйінің сезігін күшейте түсті.

— Жүзік, не болды? Саған Тәйкеннен туып алыпсың деп жатқан ешкім жоқ қой.

— Жібекжан-ау, сен өйдемегенмен, басқалар сөйдесе, қайтем? Табай да өткенде таңғалып: «Біздің Әбентай күн өткен сайын Тазабек ағасына тартып келе жатыр-ау!» — деп қалды. Не дерімді білмедім. Содан бері сезік ойдан мазам кетті. Сендер байқағанды басқалар байқамас деймісің? Сондай өсек тарап кетсе, масқара-ай!? Кімнің аузына қақпақ боламыз?

Шәйінің мыйы шаншу тигендей шым ете қалды.

— Шынында да Тәйкеннің баласы шығар? — Сол сөз аузынан шыққан замат Шәйінің есіне жәрмеңкенің желкесінде кетіп бара жатқан салт атты әйел сап ете қалды. — Әлгі сен айтқан әйелдің баласы емес пе екен?

Жүзіктің көзі шарасынан шығып, зәресі ұшып кетті.

— Қайдағы әйел? Саған мен қашан айтып ем?

— Айтқансың. «Еркектер емін-еркін жүреді, саған дейін біреумен болса болған шығар», — деп мені жұбатқансың. Енді есіңе түсті ме?

— Әбенді сол әйелдің баласы демексің бе?

— Әбеннің әке-шешесін жерлеген Тәйкен мен Жомарт. Шындықты сол екеуі біледі.

— Білсе, екеуінің бірі сездірер еді ғой? Қойшы, Жібекжан, қай қазаққа қай қазақ ұқсамай жатыр. Аласапыран заманның мені де бір аяғаны шығар?! Сен сезіктенбесең, басқаның өсек-аяңы маған пішту ғұрлы да болмайды.Қара жер көтергенді қатын да көтереді! Мен бәрін де көтерем, сен де көтер!

— Әй, зәлім жеңгем-ай, тағы мені тәрбиелегелі тақымдап келемісің? Әбенге бола Тәйкенмен араздасып қалар деп қорқамысың? Көрген қорлық-зорлығымыздың қайырымы шығар.

— Жаным, сені әлі кішкентәй деп жүрсем, өзімді үйрететін зәлім бопсың ғой!

— Өзінің тағдыры қым-қиғаш адам өзгенің қисық-қыңырын кешіргіш болады екен. Оралбекті құшақтап, иіскеп отырғанын көргенде, Тәйкен маған жай күйеуім емес, тап бір кемеңгер болып көрінеді. Мінезімен, қылығымен мені, әйтеуір, өзіне ілестіріп жетелеп келеді.

— Жаным Жібегім! Бақыт деген — сол. Қол жетпейтіннің бәрі — қиял. Қолындағыға ие болу, басындағыны бағалау — ақылды адамның ісі. Ақылыңнан айналдым! Ой да адамды ойсыратып тастайды екен, тіпті. Табайдың Әбенді Тазабекке ұқсағанын айтқаннан кейін ел Тазабектен тауып алды дей ме деген өсектен қашып төркініме кетіп қалсам ба екен деп те толқыдым. Бірақ олардың не өлі, не тірі екенінен хабарым жоқ. Қырылып жатырмыз, қуғындалып қашып жатырмыз, одан қайта көшіп келіп жатырмыз; ат ізін салған бірі жоқ; аман ба, жоқ па деп, оларды да уайымдай бастадым.

— Сен төркініңе қашып кетсең, мен қайда қашып кетем, Жүзік? Оралбектің орыс сияқты екенін жасырам деп, жердің астына кіріп кетем бе? Сені мен Сәменді көрмесем, құса боп өлмеймін бе?

Екі әйел бірін-бірі құшақтап, көздеріне жас алды. Болған істі қайта өзгерту қолдан келмесін екеуі де түсінді. Өткенге өкініп те, бүгінгіге тәубә десіп те жыласты.

* * *

Жаңа өкімет билігін жеделдете жүргізіп жатты. Байыған орыстардың малын бағуға жаппай жалданып жатқандықтан, Жалаңашта қазақтар әжептәуір көбейіп қалды. Сондықтан ба әлде жаңа өкіметтің қазаққа деген жанашырлығы ма, ревком Секерин Тазабекті шақыртып алып: «Сен маған орынбасар боласың. Орысша білесің, хат танисың, осы араның мен білетін қазағы мен орысын сен де білесің, — деді қарсы сөз айтуға аузын аштырмай. — Бірлесіп істейміз, білмегенімізді бірге үйренеміз».

 «Бірге үйренеміз» дегені баурап әкетті. Келісті. Қожабек те, Табай да бұл жаңалықты қуана қарсы алғанмен, Жүзік пен Шәйі шошына тыңдады. «Алдап құрған қақпаны болмасын?!» — деп, Жүзік сезіктенсе, «Қызметі құрсын, тып-тыныш жүре бергенің жақсы емес пе еді?» — деп, Шәйі  де жақтырмады. «Мен бармасам, басқа барады, қазаққа пайдам тимесе, зияным тимес», — деп, Тазабек сөзді өзі түйіндеді.

Ертесі Секериндікіне келген Тазабек оның қасында Сергейчук отырғанын көріп, босағадан аттай бере бөгеліп қалды.

— Кел, Тазабек, кел! — деді Секерин қалбалақтап. — Жақсы келдің, біз де жұмыс жайын сөз қып отыр едік. Петірді білесің ғой, істелген жұмысты, бұйрық, жарлық дегендерді жазып отыратын хатшы керек екен бізге, соған Петір Сергейчукты алдық. Енді үшеу болдық, өстіп-өстіп көбейеміз.

— Мен де сол нақты қандай жұмыс атқаратынымызды ақылдасайын деп едім.

— Ақылдасатын несі бар? — деді Петір бірден сөз тізгінін алып. — Өкімет — кедейлердікі, демек байлардың көзін құрту керек. Бір атаманды атып тастағаннан олар құрып кетті ғой деймісің? Атаманмен ауыз жаласқан Кобзев пен Стариковты да атып тастау керек.

— Қызбаланбасаңшы, Петiр. Бiз ең әуелi елдi бiрiктiре бiлуiмiз керек. Бiз бай деп біреулерді ата бастасақ, олар да бізді ата бастайды. Орыстың бәрінде қару бар, өзің білесің ғой, он алтыншы жылы астыртын үлестіргенін.  Біз оларды атып біткенше, олар бізді бір-ақ күнде тас-талқанымызды шығарады. Жоғарғы жақтың нұсқауы солай: орыс пен қазақты жауықтырмау. «Ә, 16-жылы орысқа мылтықты өкіметтің өзі үлестірген екен ғой?» — Тазабек оны ішіне бір түйіп қойды.

— Екі бірдей інімді өлтіріп кеткен қазақтармен мен қалай тату тұрам?

— Оларды орыс өлтірді ме, қазақ өлтірді ме, қайдан білесің? Ондай дәлелсіз сөзді айтпау керек. Егер олар қазақ ауылына барса, біз көрдік деп ендігі біреулер айтқан болар еді. Он алтыншы жылғы қырғынға патша өкіметі кінәлі деп большевиктер ашық айыптап отыр. Сондықтан біз соған орай қызмет жасауға міндеттіміз. Оны мойындамасақ, біз өзіміз бұл өкіметтің жауы боп табыламыз.

Жуас саналатын Секеріннің сөзі Тазабектің айызын қандырды. Сергейчук сазарып отырып қалды.

— Тазабекті орынбасар, өзіңді хатшы етіп тағайындағанымды бұйрыққа жаз да, ертең соларды алып Жәркентке жүріп кет. Қандай тапсырма болатынын, алда не істейтінімізді — бәрін біліп кел.

* * *

Табай мен Сәменнің кештетіп келгенінен Шәйі тіксініп қалды. Бірақ қабақтарына қарап, қобалжуын тез басты.

— Апамның тамағын сағынып келдік, — деді Табай күле амандасып.

Ағынтай ағасынша жымиып тұрған Сәмендi әй-шәй жоқ бас салды.

— Алтыным-оу, әпкеңдi әбден сағындырдың ғой! Қанатым, әке-шешем! Сорайған бойыңнан айналайыным-оу! Апа, қарашы, айнымаған әкесi ғой!?

Мәре-сәре қуаныш бiразға созылды. Табайдың жезделігі, Тазабектің балдыздығы екеуін әзіл-қалжыңсыз амандастырмайды; сөз қағыспен бастайды, төс қағысып тоқтайды.

— Жүзік қалай? Әбендерің жігіт болды ма?

Қалишаның дәстүрлі жөн сұрасына Табай толықтай жауап қайырды:

— Қалай деріңіз бар ма, апа? Сәмен екеуміз — орындаушы, Жүзік пен Әбен — бізді жұмсаушы. «Барыңдар!» — деді, келдік; «Айтыңдар!» — дегенін айтамыз, сонан соң қайтамыз.

— Е, тәртіптерің тәуір болды ғой онда? Айт дегенін айт ендеше.

— Ол айта салатын жай сөз емес, апа. Бұйрық. «Әке-шешем бар еді. Бір бауырым, келінім бар еді. Келінім соңғы көргенімде ауыраяқ еді. Көріспегінімізге үш жыл боп барады. Үй ішімізбен өртеніп жатырмыз, ауыл-аймағымызбен қашып-пысып жатырмыз, бір ат ізін салмағанына қарағанда, олардың да күйі күй емес. Тазабек мені ертіп барсын, Шәйі келіп шалым мен балаларыма қарасын», — деді.

— Жөн, жөн, — деді Қалиша алдына алып отырған Оралбекті жерге түсіріп жатып. — Бұндай бұйрықты бұлжытпай орындаудан басқа ылаж жоқ. Балам да, келінім де дайын.

— Болды, апа. Сәмен екеуміздің жұмысымыз осымен бітті. Енді Шәйінің шәйін ішейік.

* * *

Жол бойы Жүзік Тазабектен, Тазабек Жүзіктен сыр тартып, әбден әңгімелесті. Тазабекті састырған Жүзіктің бір сауалы болды.

— Әбен кімнің баласы, әке-шешесін білесің бе? — деді.

— Білем. Табай мен Жүзіктің баласы.

— Жоқ, маған шындығын айт.

— Шындығы сол. Өз әке-шешесі өлді, ендігі әке-шешесі — Табай екеуің. Мен басқаны білмеймін.

— Сенің еш қатысың жоқ па? Әбеннің түрі саған тартқан ғой.

— Қазақ қазаққа тартпағанда, Табайға тарта ма?

— Жүгірмек! Жасырып келесің.

— Жоқ, жасырғаным емес, әпке, түсіндіргенім. Шын әке-шешесін білгеннен Әбенге де, сізге де келіп кетері жоқ. Ол — қилы заманның қиюы келген бір ісі.

 Бұлар Сатыдан өтіп, Күрметіге жақындағанда ымырт та жабылды. Ық қойнауда оты жылт-жылт еткен үш үйдің қой қорасы кеңдеуіне қарай Жүзік ат басын бұрды. Абалап алдарынан екі ит шықты.

— Жолдаяқ, жат! — деді Жүзік үлкен итке еркелете жекіп.

Жолдаяқ жатпады, аттың аяғына орала жаздап құйрығын бұлғаңдата қыңсылады. Сірә «таныдым» дегені болу керек.

Үйден еңгезердей жігіт шықты.

— Әпке? — деді дүдәмәл дауыспен.

Жүгіріп келіп Жүзіктің атын ұстады. Аттан қолтықтап түсірді де, бас салып құшақтады.

— Асқар тауымыздан айрылып қалдық қой, әпке! — деп еңіреп қоя берді.

— О-оу, бас ием-ау! — деген үйден де егде әйелдің үні естілді.

Жүзіктің әкесі жақын арада қайтыс болғанын Тазабек түсіне қойды.

* * *

Жүзіктің шешесі алпысқа биыл келіпті. Отағасы өзінен бес жас үлкен екен. Қойын бағып, мал-жанға ие боп жүрген еті тірі кісі көрінеді. Таңертең қойын Көлсай жаққа өргізіп, артынан торы атымен өзі де өріске кетіпті. Сол кеткеннен мол кетіпті. Күндегі уақытында қой өрістен қайтпаған соң, күдіктеніп, «Әкең неге жоқ? Бірдемеге ұшырап қалмаса, келетін уақыты болды ғой», — деп, баласын жұмсайды. Баласы бытырап жатқан қойды табады, әкесін ары іздеп, бері іздеп, таба алмайды. Адасып кетті ме, аттан жығылып қалды ма деп, мың сан жорамал жасап, түнімен жылап-сықтап  шығады. Ертесі ауыл боп іздеп те еш дерек біле алмайды, із-түзсіз жоғалып кетеді. Өлді дейін десе, өлігін таба алмайды; тірі дейін десе, тірі адам  қайда кетеді, — түсіне алмайды. Жер жұтып кеткендей. Не өлінің, не тірінің белгісі жоқ. Сөйтіп сергелдеңмен жүргенде, түс ауа қалың қарулы қол ауылға сау ете қалады. Ішінде екі-үш қазағы бар. «Әскер келді ме? Қайда кетті? — деп сұрайды. «Көрмедік, білмедік» дегенмен, сол сұрақтың астарында бір сұмдықтың жатқанын жүректері сезеді. Сол күні Көлсай жақта қырғын атыс болыпты. Кімді кім атқанын, кімнің қашып, кімнің қуғанын бұлар білмейді. Бірақ қуып келгендер жеңіп, қашқан әскерді түгел тұтқындап Қарақолға айдап әкетеді. Жол көрсетесің деп қашқындар отағасын зорлап әкеткен көрінеді, атыс басталғанда қашқан болу керек, жауырынынан оқ тиіп жан тапсырыпты. Соның бәрі Василийдің әтіреті істеген әрекеті екенін Тазабек түсінді. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген осы екен-ау?» — деді күрсініп.

* * *

Күрлеуітке барып қайтқалы жаңа өкіметке Тазабек шындап жылы қабақ таныта бастады. Оның көкейіне ең қонғаны — адамға деген жанашырлығы. Казак-орыстардың қолынан қаза тапқан Жүзіктің әкесін кәмәндір киіз үйге өзі көтерісіп кіргізіпті. «Бұдан былай қазақ та, орыс та өкіметтің өз адамы. Оларды қорғау, тең санау, қамқорлық жасау — өкіметтің ең басты міндеті», — депті. Кәмәндірдің кісілігін Жүзіктің шешесі мен бауыры айтып тауыса алмай отыр. Соған қарағанда, қазақтың бағын бір ашса, осы жаңа өкімет ашатын сияқтанды.

Тазабек Жүзіктің басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып таусылмай, әкесінің қазасын солай болуы тиіс нәрсеше сабырмен қарсы алғанына қайран қалды. Ұстамдылығына, өзін де, өзгені де тәубеге шақыра білгеніне сүйсінді. «Қойды сен бағып жүрсең, олар сені өлтіріп кететін еді ғой», — деді інісіне кісінің ойына келмейтін ой айтып. Солай екен-ау дегендей, содан кейін шешесі де сұңқылдап жылауын сап тыйды.

Тазабек пен Жүзік Күрметіде бес күн болып қайтты. Бес күннің де көп күн екеніне Тазабектің көзі Шәйіні көргенде жетті. Бұлар сәске ауа Жалаңашқа келгенде, бәрі үйде екен. Табай, Шәйі, Сәмен, Әбен — бәрі шұрқырап амандасты. Көзінің астымен де, үстімен де ынтыға қарап, әсіресе Шәйінің дегбірі кетті. Бір сәт жанаса беріп:  «Жеттің-ау әйтеуір!» — деп қалды. Сол сөз ішіне от тастап жібергендей әбігерлетті. Самайында сырғыған бір шөкім шашы қайта-қайта көзіне сырғып, оны Шәйі қайта-қайта кейін сілкіп, сілкігенге көнбеген соң, саусағымен ысырып құлағының үстіне нығарлай қыстырып қояды. Сәлден кейін шөкім шаш тағы самайына қарай сырғиды. Тағы сілкиді, тағы саусағын созады. Жанары Тазабектің жүзінен тайғанап өтеді. Екеуінің көзі өліп-өшіп түйіседі. Елдің сөзін құлақтарымен естіп, өздері көзбен сөйлеседі. Табайдың Жүзікке:

— Үй бар екенін, үйде күйеуі мен бала-шағасы бар екенін мүлде ұмытып кеткен шығар деп едім, — дегеніне екеуі де езулерімен күлді, ал көздері бір-бірінің өне бойын ақтарып жатты.

— Ойбай-ай, мына жаман да әкесін сағыныпты! — деген Жүзіктің дауысы Тазабек пен Шәйіні селк еткiздi.

Малдас құрып отырған Тазабектің оң тізесіне Оралбек келіп отырып жатыр екен. Бір жастан асып, тәлтірек басып жүрген Оралбектің бұл қылығы «сендер не десеңдер де әке менiкі» деген өктемдік секілденді. Тазабек баланы емірене бауырына тартты, тықырлап қырған бас құйқасын иіскеді. Қылтанақ шаш иегіне батты. Күн қаққан құрғақ, жып-жылы бала иісі көкірегіне мейір төкті. Құмарлана құшағына қысып еді, сәбидің сүт иісі танауына лап қойды.

— Уһ, иісіңнен айналайын-ай, өмірдің, тіршіліктің иісі ғой! — деді сүйсініп.

Бетіне Шәйі бар ықыласын төгіп жалт қарады. Далада көк төбет үрді.

— Дет! — деді Оралбек оған жекіп. — Дет! —деді тағы қайталап. Қопаң етіп, қайта отырды да: — Дет! — деді жұмсақ үнмен.

— Тазабектің баласы төбетімізді тәртіпке шақырды ғой?! — деді, Жүзік Табайға күле сүйсініп.

— Әкесі бастық болғанын баласының да білгені ғой.

«Бастық! — деді Тазабек іштей күбірлеп.

Елді бастаушы да бастық, елді басып-жаншушы да бастық. Бастық басуы керек пе, бастауы керек пе?»

* * *

— Мектеп ашсақ деген ойым бар, — деді Секерин Тазабек пен Сергейчукке сыр ашып.

— Ашайық, — деді Сергейчук сөзге келмей.

— Оған үй керек қой, — деді Тазабек.

— Иә, үй керек. Атаманның үйін сұрасақ.

— Неге сұраймыз? — Сергейчук орнынан ұшып түрегелді. — Тартып алу керек.

— Петр, қанша айтам саған: «Қызбаланба!» — деп. Жесір әйелдің үйін тартып алсақ, ел бізді бандит деп ойламай ма?

— Онда Кобзевтің үйін алайық. Атаманның ең сенімді адамы сол болатын.

— Кобзев — өз еңбегімен байыған адам. Оған тиіссек, бүкіл орыс бетімізге түкіреді.

— Ендеше өз үйіңді бер. Не менікін, не мына қазақтың киіз үйін бер.

— Осыны ойлаңдаршы. Оқитын бала қанша екен, оны да шамалайық. Барыңдар.

«Сәмен мен Самсалы оқиды ғой. Әттең, өзім де оқыр ем!» — деді Тазабек жасының өтіп бара жатқанына өкініп.

— Бастық тегі, бетімізге де қарамайды ғой! — дегенге, жалт қарады. Кобзев екен.

— А-а? Ойланып кетіппін. Амансыз ба?

— Ойланғаның дұрыс. Бәріміз де ойланып жүрміз. Жүрші, біздікіне, бірге ойланайық.

Әйелі де, балалары да бірде-бірі бұлардың үстіне кірмеді.

— Мен бұл арадан көшейін деп жүрмін, — деді Кобзев тікесінен. — Адам өзінің амандығын жау шапқан соң емес, жау шапқанға дейін ойлауы керек.

— Сізді шабатын қандай жау?

— Ол жау — Сергейчук. Ол ревком болды дегенше, менің күнім санаулы дей бер.

— Сергейчуктің үстінен қарайтын Секерин бар ғой, ол ойына келгенін істей алмас.

— Сергейчуктің өлген үлкен інісі Секериннің әпкесінің қызын алған.  Секерин әлі ерте ме, кеш пе оның торына түбі түседі. Сол кезде мені ешқайсың құтқара алмайсың.

— Соншалық оған не істеп қойып едіңіз?

— Мен оған емес, ол маған істеді. Осыдан он бес жыл бұрын біз Іленің арғы бетінде Аралтөбе деген жерге тұрақтағанбыз. Он алтыға толған қызым — тұңғышым тым әдемі еді. Құдайдың маған берген бір байлығы деп ойлайтынмын. О-ой, жанымдай жақсы көруші едім-ау! Өз балаңды өйтіп өліп-өшіп жақсы көру де күнә ме деп ойлаймын осы күні. Сол қызым саңырауқұлақ теруге екі құрбысымен бірге кеткеннен қайтып оралмады. Екеуі жылап-сықтап ауылға әбден кешкісін келді. «Саңырауқұлақ көп екен. Қызығына түсіп, үшеуміз үш жаққа кеткеміз. Бір кезде жан-жағымызға қарасақ, еш жерде Валя жоқ. Таба алмадық», — дейді. Менің ол күнімді тірі адамның басына бермесін. Өлі мен тірінің арасында жүрдім. Елдің сөзін естимін, өзін көремін, бірақ басым істемейді, түнімен Аралтөбенің төңірегін тінткілей беріппін. Ақыры таң ата талып жығылыппын. Таңертең қызымның өлігін арбамен жұрт ауылға алып келді. Зорлап, қорлап өлтіріпті де, бетін ағаштың бұтағымен жауып кетіпті. Жалғыз адамның өйтуге шамасы жетпейді. Тірі қалдырмағаны — танитын адамдар. Бірақ кім екенін тап басып біле алмадық.

Қызымды жерлеген соң кеудемде жанып тұрған шамым сөніп қалғандай сұмдық күйде жүрдім. Бір күні ұйықтағалы жатқанымда біреу қақпаны қақты. Ашсақ, шөп теріп, сонымен елді емдеп жүретін кемпір бар еді, сол екен. Ұрланып, жан-жағына жалтақтап, үйге кіруден де қорықты. «Қызың өлетін күні мен Қайыңды өзенінің бас жағында шөп теріп жүргем. Сергейчуктің екі інісін көрдім, өзенді бойлап тау ішіне кіріп кетті, астындағы аттарын да таныдым», — деді.

Түнімен ұйықтай алмадым. Үйлерін өртеп жібергім келді. Жазықсыз бала-шағасын аядым. Кіріп барып атып тастағым келді. Оған да батпадым. Кемпірдің «көрдім» дегенін кімге дәлел қыламын? «Мені сатпа, ешкімге айтпа», — деп жалынған соң, «Сатпаймын, ешкімге айтпаймын», деп, оған да уәдемді беріп қойғам. Ақыры таңертең мылтығымды оқтап Сергейчуктің үйіне келдім. «Екі ініңді атам. Қызымды өлтірген солар. Мал бағып жүрген бір қазақ көріпті», — дедім. Жан керек екен, Сергейчук қашып үйіне кіріп кетті. Мен бір рет аспанға атып жібердім. Көршілері шулап, ел жиналып қалды. Бәрі жабылып, мылтығымды қолымнан тартып алды. Мен жылап-сықтап үйіме қайттым. Семен деген көршім бар еді, сол көтеріп әкелгендей сүйреп әкелді. «Неменеңе сеніп олармен жауласасың? Ана екі кішкентай ұлыңды аман сақтағың келсе, олармен жауласпа?» — деді құлағыма сыбырлап. Сол сөз мені сабама түсірді.

Не аға, не іні жоқ, жалғыз екенім еске түсті. Бәрібір ол арада өмір сүре алмадым. Көшіп Іленің бергі бетіндегі Қырғызсайға келдім. Сол араны бір қыстаған соң, Жалаңашқа келіп жан сауғаладым. Күнім күн емес еді. Екі ұлым әлі кішкентай. Әйелім күні-түні жылай береді, өзім де оңып тұрғам жоқ, бір өгіз, бір сиырымнан басқа байлығым да жоқ. Байғабылдың жақсылығын сонда көрдім. Өзі не жесе, маған да соны берді.

— Ал Сергейчук мұнда қалай келіп жүр?

— Соны өзім де білмей жүр едім, бір жолы Жәркентке барғанда, Аралтөбенің атаманына жолығып қалып, содан сұрадым. Мен көшіп кеткен соң, қай қазақ айтып қойды деп, екі інісі сол арадағы қазақтың бәріне тиісіп шығыпты. Барады екен де, «Бізді кім таниды?» — деп сұрайды екен, бас-көз жоқ. «Танымаймыз», — дейді екен олар. «Неге танымайсыңдар? Өтірік айтып тұрсыңдар!» — деп, еркек-әйел демей бәрін сабап кетеді екен. Ақыры ашынған қазақтар атқа мініп, қолдарына найза-шоқпарын, барлары мылтығын алып, орыс ауылын қоршап алыпты. Үш жүз қаралы қолға қарсы шығу қайда, орыстар сасқанынан екеуін ұстап бермекке айналыпты. Содан туған-туыстары атаманға жалынып: «Ертеңнен қалмай бұл арадан кетейік. Қазақтарды соған көндіріңіз!» дейді. Екі жақ соған келісіпті. «Секерин келіп-кетіп жүретін, соған баратынын білгем», — деді атаман. Міне сен білмейтін біраз тарих осылай. Екі інісі өлген соң, енді басылар деп күткем. Керісінше, тіпті жауығып алды. «Екі інімді өлтірткен — осы. Қазақтарды жалдады. Ана малын бағып отырған қазақтар болу керек», — деп, сені мен Қожабекті қоса қаралап жүр. Оның жақтастары баршылық, Қожабек екеуің сақ жүр, әсіресе сен.

— Е, солай деңіз. Сіз кетпесеңіз, мен күшті болар едім, кеткеніңіз мені әлсіретіп кетейін деп тұр. Кетпей-ақ қойсаңызшы, біріксек, бой бермеспіз оған.

— Әрине, бой бермеспіз. Бірақ оның әдістері — аяусыз әдістер: тек өлтіреді, күш көрсетеді. Ал мен тыныштықты ұнататын адаммын.

— Тыныштықты кім ұнатпайды дейсіз?! Бізге керек тыныштық Сергейчукке де керек шығар?

— Оны өкімет қолдайын деп тұр ғой. Өкiмет қолдаған адам кез келгендi қорқыта алады. Ал қорқытатынын бiлсе, Сергейчук ешқашан ешкiмге тыныштық бермейді.

— Сонда Сергейчуктен қашып қайда бармақсыз?

— Жаркент жаққа. Тау ішінде, судың бойында Китің деген жер бар. Малға өте қолайлы жер. Аралтөбеде бірге болған бір орыс досым сонда екен, үй салуға керекті ағаш та тауып бере алады. Екі ұлымды  сол арадағы орман-тоғайға бақылаушы етіп орналастырам деп отыр. «Сенгеніңнен сүйенгенің мықты болсын» дейді ғой қазақ. Сүйенетін адам тауып отырмын. Мен сені өте жақсы көрем, Тазабек. Саған сенген соң, сырымды айтып отырмын. Сен тастан да берік адамсың. Өзің ғана білетін, өзгеге өмірі айтпайтын сырларың бар адамсың. Сөйте тұра мейірлісің. Табай мен Жүзікке сенің қалай қамқор болып жүргеніңді көріп, өте риза болам. Сендей сенімді туысқаным болса, мен бақытты болар ем.

— Онда туысқан болайық.

— Сөйтейікші.

— Онда үйге жүріңіз. Отбасыма барып, өкіл аға болатыныңызды өз аузыңызбен айтыңыз.

— Жүр, айтам. Қазір атымды мініп келейін. Байғабылды көрмегеніме де көп болды.

...Екеуінің келгенін көріп, Байғабыл жоғалтқанын тапқандай қуанды. Дереу қой союға ыңғайланды.

— Жоқ, қоя тұр, — деді Кобзев оған. — Бүгін Тазабектің қойын жейміз. Бүгіннен бастап мен оның өкіл ағасы, ол менің өкіл інім болады. Соны сендерге айтқалы келдік.

— Е, онда екі үйден екі қой жейсің.

Шынында екі үй екі қой сойды. Қапез ән айтты. Шәйі екі үйдің де тамағын әзірлеп тыным таппады. Кобзев қымыз ішіп отырып:

— Байғабыл! — деді досына елжіреп. — Мен Тазабекті сенен де жақсы көріп кеттім. Мұның қолынан бәрі келеді. Қазақты осындай адамдар басқаруы керек.

* * *

Кобзев Тазабек күтпеген тағы бір қылық көрсетті. Қазақтың байырғы салтымен оған шаңырағын көрсетіп, ежелгі досы Байғабылды және Табай мен Қожабекті қоса шақырды. Бәрінің көзінше мұны құшақтап, екеуінің бауыр болғанын айтты. Қазақша қой сойды, табақпен ет тартты. Байғабылдан бата сұрады. «Өй, сен қазақтан да асып кеттің ғой!» — деп Қожабек күлді.

Еттен кейін тағы шай әкелді. Артқа сақтаған сырын сол кезде айтты:

— Мен жақында не  Жаркент жаққа, не Қарақолға көшейін деп отырмын, — деді қонақтарына бағамдай қарап. — Егер Тазабек қарсы болмаса, Табай мен Жүзікті өзіммен бірге әкететін ойым бар. Тазабек екеуіміз бауыр болған соң, қай бауырдың қасында жүрсе де оларға бәрібір емес пе? Бауырмыз дегенді құры сөз жүзінде айта бермей, соның дәлелі болсын деп, үш бөлмелі үйім мен қора жайымды түгелдей Тазабекке беріп кетпекпін.

Отырғандар бір сәт демін жұтып тып-тыныш бола қалды. Бәрін күтсе де, ешкім Кобзевтен дәл мұны күтпеп еді. Тіпті Тазабектің түсіне де кірмеген.

— Әй, тамыр! — деді Байғабыл басын шайқай үн қатып. — Орыстың әйелі қазақтың қатыны емес, байының айтқанына бас шұлғи беретін, кемпірің оған келісе ме?

— Мен келіспесем, ол бүйтіп есіп сөйлей қоймайды ғой? — деді әйелі Маша.

Жұрт та, Кобзев та оған ду күлісті.

* * *

Кобзевтің «Табайды өзіммен бірге ала кетейін» дегенін естігелі бері Шәйінің мазасы кетті: ағасының жалғыз ұлы Сәменді көрмей қалай күн көреді? Ақыры шыдамай Тоғызбұлақтан Жалаңашқа жаяу келді.

Жүзік алдынан жүгіріп шықты.

— Жібекжан, жайшылық па?

— Жайшылық, жеңге.

— Нағып жалғыз жүрсің?

— Өзіңмен оңаша ақылдасайын деп келдім.

Екі әйелдің де ойы бір жерден шықты: бір-бірімізді көрмей қалай өмір сүреміз? «Бірақ...», — деді Жүзік кенет есіне әлдене түсіп.

— Немене «бірақ?» — деді Шәйі қабағын шытып.

— Бірақ еркектер бізді тыңдай ма? Бәрібір солардың айтқаны болады ғой. Оның үстіне...

 — Тағы немене айтқалы отырсың?

— Мен жүкті боп қалдым, Жібекжан.

Шәйі не дерін білмеді. Қуанарын да, қуанбасын да білмей, дағдарып отырып қалады. Жүзік өзінен алыстап, Табайға біржола жақындап бара жатқандай сезінді.

— Құдайым-ай, Ағынтай енді өлген екен ғой!?

— Жібек, өйдеме! Аруақты қозғап, менің де, өзіңнің де жаныңды ауыртпа. Біздің басымызды біріктірген — Табай емес, Тазабек. Сол қалай шешсе, солай болады.

* * *

Шәйі мен Жүзіктің жағдайын Тазабек түсінді. Бірақ құптай қоймады. Бірден жауап қатпай, үндемей ойланған күйі отырып қалды. Шәйі әдептен асып тақақтай алмады.

Тазабек Кобзевке жолығып, екі әйелдің жағдайын түсіндіріп айтты.

— Е, екі оттың ортасында қалған екенсің ғой, — деді Кобзев күліп. Ол да ойланып, бет-аузын сыйпап біраз отырды. — Мен Ресейден осында неге келдім? Соны сен білесің бе, Тазабек? — деді ұйқыдан шошып оянған адамша бағжаң етіп.

— Қайдан білейін.

— Өйтіп бұлаңдама, білесің: жан бағу үшін келдім. Мол жер-су бар, мал бағуға, егін егуге қолайлы жер бар деген соң келдім. Байғабылды байытайын, Тазабекке ақыл үйретейін деп келгем жоқ. Қазір, құдайға шүкір, бала-шағамды баға алатын шаруам бар. Егер келмесем, тапқан-таянғаным аузыма жетпей, біреудің босағасында бүрсең қағып жүрер ме ем, кім білсін, әркім өз қамын өзі жеуі керек. Мен қазақтың қамын ойлап келгем жоқ, өз қамымды ойлап келдiм. Мен сенен, Байғабылдан жақсылық көрдiм. Қолымнан келгенше соның есесiн қайтарайын деген ой менiкi. Сені мен түсінем: әйеліңнің де, оның жеңгесінің де, Табай мен Сәменнің де қамын жейсің. Ал олар неге сенің қамыңды жемейді? Мен Сәменді де, Табайды да өз бетінше күн көруге үйреткем. Олар саған көмекші болады. Іленің арғы беті қазақтың жері емес пе, немене? Қазақ қай араға барса да, өз жерім деп, өз жеріне ие болуы керек емес пе?

— Байғабылдан жақсылық көріпсің, рас. Ал менен не жақсылық көрдің?

 — Жарайды, жәдігөйленбе, жаман қатты, білмей жүрген шығарсың. Сергейчуктің екі інісін сен жайратпағанда, мен жайратты ғой деймісің?! Ол жақсылығың үшін мен сенің табаныңды жалауға бармын, бауырым. — Кобзев Тазабекті бас салып құшақтады. Көзінің жасын жеңімен сүртіп, екі тізесін жұдырығымен соққылады. — Менің қолымнан келмеген сенің қолыңнан келді. Өйткені сен батырсың, мен қорқақпын. Ақыры, міне, тағы қашып барам.

— Жоқ, сен қорқақ емессің, ақылдысың.

— Ақылдының көбі қорқақ. Не болса соны ақылға салады да, ақырында не істерін білмей қашады. Өзі айтпаса, өмірі сұрамаспын деп жүр едім, жатқан жыланның құйрығын өзің бастың, енді сол екі жауыздың көзін қалай жойғаныңды айтып берші маған. Қызым тіріліп келгендей қуанайын.

— Айтайын. Мұны адам баласына бірінші рет айтып отырмын.

— Білем. Мен сені сол үшін де сыйлаймын. Сырға берік еркек — жау ала алмайтын қамалмен бірдей.

Тазабек өзін екі орыстың қалай өлтірмек болғанын, ақырында өздерінің қалай мерт қылғанын бастан-аяқ айтып берді.

— Әттең, — деді Кобзев тыңдап болып, — не орыста, не қазақта әлі әділ сот жоқ, бар болса, сені дәл сол қылығың үшін ешкім айыптай алмас еді. Сен — бар-жоғы өзіңді өзің қорғаған адамсың. Бәрін саясат билеп кеткен заман туды ғой, әйтеуір!

— Ал, ағасы, сен енді маған осы саясат дегеннің не екенін дұрыстап түсіндірші!

— Саясат па? Бұл — не өтірік те емес, не шын да емес, сағымға оранған сиқыр нәрсе. Саясаттың түбін саясаткерлердің өзі де түсінбеуі мүмкін. Өйткені оның нәтижесі неше ғасырлардан соң ғана белгілі боп жатады. Қап, қалай түсіндірсем екен?! Ә, мысалы былай: өзіміз көріп-біліп отырған жағдайға келейік. Өзің білесің, он сегізінші ғасырдың соңын ала біраз орыс қазақ жеріне ауып келдік. Қазір әжептәуір көбейіп қалдық. Орыс мемлекеті әрине, алдымен өз орысының қамын ойлайды. Оған қазақтың жақсы жерін алып бергісі келеді. Алайда: «Қазақтың шұрайлы жерлері орыс қоныстанушыларына алып берілсін!» — десе, онысы бұйрық болады. Және озбырлық болады. Оған қазақтар, сөз жоқ, қарсы тұрады. Ал егер «қазақ және орыс шаруаларының тұрмыстық жағдайын қауырт жақсарту үшін Жетісу өңіріндегі шұрайлы, ыңғайлы жерлер егіншілер мен бау-бақша өсірушілерге берілсін!» — десе, оған қазақ та, орыс та қарсы болмайды. Бірақ іс жүзінде ол жердің басым көпшілігі егін егетін, бау-бақша өсіретін орыстарға тиесілі боп шыға келеді. Саясат деген шамамен, осы.

— Апыр-ай, ә?! Ақылдының аңқауды алдауы екен ғой?

— Олай деуің де орынды шығар. Өйткені саясат-білім мен ақылдың, айла мен қулықтың, зәлімдік пен адамгершіліктің — бәрінің бәсекеге түсетін жері.

— Қой, құрысын, мұны білгеннен гөрі білмегенім дұрыс еді. Енді айналамның бәріне күдікпен қарап масқара болармын.

— Сөз жоқ, сөйтесің. Кезінде мен де сөйткем. Бірақ қазақ айтады ғой, «битке өкпелеп тоныңды отқа тастама» деп. Саясатқа қарсы сен де саясат ұста.

— Қайтіп? Орыстар қазақты алдап жүр деп, саған қарсы шығам ба? Орыс пен қазақты жаңа өкімет тең көрді екен деп іштей қуанып жүр едім, жаңағы сөзіңнен кейін оған да күмәнденіп отырмын.

— Рас, бұл өкімет екеуін тең көрейін деп отырған сияқты. Бірақ өкімет тең көргенмен, Сергейчуктер тең көрмейді ғой. Өкіметтің сөзін, заңын жүзеге асыратындар солар ғой. Жік осы арадан шығатынын біліп қой, менің де басым аманда барар жеріме барып алайын деп отырғаным сондықтан. Мені  шын бауыр санасаң, Табай мен Сәменді маған сеніп тапсыр. Көрсін, үйренсін, піссін, ақылдың қайда керегін, неге қажетін өмірдің өзінен үйренсін.

— Көндім. Сенің нағыз бауыр екеніңе сендім. Екеумізді ортақ жау біріктірген екен, құдай баянын берсін!

* * *

Кобзевтің сөзінен кейін әрі Жүзіктің ыңғайын білген соң, Шәйінің көңілі нілдей бұзылды: Табай мен Жүзік Жәркентке кетсе, олардан жырақ, Сәменді көрмей, бұл қалай өмір сүреді? Құсадан-ақ өлмей ме? Бүкіл туған-туыстан аман қалған жалғыз бауырын көз алдында жүргізе алмаса, онда мұның кімге қадірлі болғаны? Егер оны Жәркентке жіберуге көнсе, онда Тазабектің мұны жақсы көргені — өтірік.

Осы оймен ол тұңғыш рет Тазабекке қарсы шықты.

— Кетсе, өздері кетсін, Сәменді сен алып қал! — деді өтініп. — Оны істемесең, онда саған өле-өлгенше өкпелеймін. Ішқұсадан өлсін демесең, осы тілегімді орында!

— Шәйкентай!

— Жоқ, оны істемесең, мен саған ешқандай Шәйкентай емеспін! Мені өйтіп өтірік еркелетпе!

— Жарайды, дәл қазір асығыстық жасамашы! Табай не дер екен, әуелі соның шешімін күтейік.

— Ол не дейді? Кешікпей өз баласы болады, ол енді Жүзіктің айтқанынан шықпайды.

«Ә, Жүзік жүкті екен ғой?!» —  деп, Тазабек ішіне бір түйіп қойды. — Жүзік те ақымақ әйел емес қой, ол да бәрін ақылға салар.

— Бұл жолы сенің жалпақ шешім жасағаныңа көнбеймін. Сәмен — менің әке-шешемнің, бауырларымның бірден-бір көзі, ол көзімнен таса болса, мен ауа жетпей тұншығып өлем. Мен өлмесін десең, дегенімді істе.

 — Мұны мен шешпеймін, Табай шешеді.

— Жоқ, сен шеш.

— Шешпеймін.

— Онда, мені өлдіге сана.

— Санамаймын. Өйткені: «Бұдан былай менің жаным сенімен бірге», — дегенсің. Ашуыңды басшы, сонан соң апаммен ақылдасайық.

* * *

Шәйінің ашына сөйлегені Тазабекті тіксінтті. Бір қарағанда, дұрыс секілді. Алайда өмір бойы Табайды тізгіндеп ұстау адамгершілікке жата ма? Бір рет жақсылық жасаған екеміз деп, оны үнемі уысынан шығармай ұстауға бұлардың қандай қақысы бар? Ол да өздері сияқты құдайдың құлы емес пе? Өз отбасына өзі ие болуға тиіс қой.

Бірақ Шәйіні қалай тоқтатуға болады? Бүкіл туған-туыстан айрылу оған да, әрине, оңай емес. Көңіліне қаяу түсірмей тоқтата алатын әдіс бар ма?

...Жалаңашқа келген соң, бірден Кобзевке бармай, әуелі Тазабек Секеринге жолыққанды жөн көрді. Сергейчук та сонда отыр екен. Екеуі әлденеге келісе алмай қалған секілденді: қабақтары қатқыл, бір-біріне қарамай, қияс отырыпты. Мұның сәлемін Секерин орнынан түрегеп, қолын беріп алды да, ал Сергейчук: «Кел, отыр!» — деп, қысқа күңк етті.

— Қабақтарың жақсы емес қой, не боп қалды? — деп, Тазабек Сергейчук нұсқаған орындыққа барып отырды.

— Білем, сен де оны жақтайсың, — деді Сергейчук өз тізесін өзі бірер тоқпақтап. — Өзі «Қазақ балаларын оқытатын мектеп ашу керек», — деді. Соған Кобзевтің үйін алып берейік, оның екі баласында екі үй бар, біреуінің қолына барып тұрады десем, «Өйтіп біреудің баспанасын тартып алуға өкімет қарсы», — деді. «Онда мектеп ашам деп айтпай-ақ қой», — деймін мен.

— Өйтіп біреудің үйін тартып алу, шынында, қиянат нәрсе ғой?

— Әне, айттым ғой, сен де соны жақтай кетесің деп. Сенің онымен ымы-жымың бір, бүкіл ағайының мен ауылдасың соның мал-жанын бағады.

— Ал сен оған не үшін қарсысың?

— Қарсымын. Ол — қанаушы тап. Бай. Кедейлерді қанаушы.

— Жалаңаштағы жалғыз бай сол ғана емес қой?

— Онда барыңдар, Секерин екеуің соның көтіне кіріңдер!

— Тіліңді тарта сөйле!

— Тартпасам, кәйтесің?

— Тартасың, Кобзевтің көтіне мен сені тығып жіберем!

— Ей, ей, қойыңдар! Сергейчук, ревком атынан бұйырамын: шық, бар!

Бұл жағдайды Тазабек Кобзевке айтпады. Бірақ оның көшем дегені дұрыс шешім екенін іштей мойындады. Сенің Табайың сенімді жігіт екен, — деді Кобзев күліп. — «Мені қинамаңыз, мен өле-өлгенше Тазабек қайда жүрсе, тек соның қасында жүрем. Құдайға берген уәдем бар», — деді.

Тазабек не дерін білмей бөгеліп қалды. Неге өйтті екен Табай?

* * *

Кешкісін апасымен ақылдаспақ болып, енді ыңғайлана бергенінде, сырттан Шәйі аптыға кірді.

— Апа! Табай аға келді.

— Е, келсін, балам.

— Апа, айтыңызшы: бармасын Жәркентке! Сіз айтсаңыз, тыңдайды, апа.

— Балам, алдынан шық! — деді Қалиша келініне жауап бермей, Тазабекке қарап.

Табай әдетінше сырттан сөйлей кірді:

— Ылғи мақтап жүрем, ылғи сары самаурын қайнап тұрғанда келем.

— Енді сен мақтамасаң, бізді кім мақтайды?

— Мына балаңыз соны білмейді ғой.

Жөн сұрау ұзаққа созылды. Шәйі дастарқан жайды. Бір кесе шайды үндемей отырып ішкен Табай кенет өз-өзінен мырс етті.

— Түу, Шәйінің бір кесе шайы тамағымнан зорға өтті ғой! Не айтар екен, неге келді екен деп,  бәріңнің мені бағып отырғандарыңды көріп, құр шайға қақалып қала жаздадым.

Табайдың дәл тауып айтқанына бәрі мырс-мырс күлді.

— Сенің бекер келмейтініңді білеміз, өзіңді де, сөзіңді де сағынып отырамыз, — деп, Қалиша бетіне күле қарады.

— Қарға адым жерде отырып сағынып қаласыздар, Жәркентке көшіп кетсем, құсадан қырылып қалар деп қорқып келдім. Көпзіп дегенің қазаққа бергісіз орыс қой, түсінді. «Сенен көп жақсылық көрдім, оны ұмытпаймын, ал Тазабек — менің жанымды алып қалған адам. Көзім тіріде оны тастап басқа жаққа бара алмаймын, — деп ем, бас салып құшақтай алды, бәтшағар. «Қандай бауырмал халықсыңдар!? — деді арқамнан қағып.

Мен де көңілін аулап: «Бірақ Сәмен екеуміз малыңды айдасып барып келейік, — дедім.

Шәйі сүріне-қабына барып Табайды бас салды. «Ағатайым-ай! Ақылдым-ай!» — деп, солқылдап жылады.

Қалиша да көз қиығын алақанымен сипалап, басу айтты.

—Енді ағаңды құр шаймен аттандырмай, қазан көтер!

— Екеуің ғана емес, қастарыңа Кенжеғара інімді де қосайын, — деді Тазабек күрделі істің күрмеуі оңды шешілгеніне көңілденіп.

* * *

Тазабек малдарын бағуға Қапез екеуі шыққан. Малға қарағаннан гөрі Қапезді қызықтаумен болды. Аңқылдаған бала мінезді: елеусіз нәрсеге елең ете қалады, ойыңа кірмейтін нәрсені ойлай қояды, аяқ асты мұңайып, көзді ашып-жұмғанша күліп шыға келеді. Жалпақ тасқа секіріп шығып, шырқап қоя беретіні де бар. Оның ең кісі қызықтыратын тұсы — сол сәт. Ентікпейді, қысылмайды, ағып жатқан бұлақтай көмейінен ән құбылып төгіледі.

— Тәке, мен ән айтқанда, шөптің басына қарашы, құлақтары тікірейіп тыңдап қалады, — деді күліп.

— Шөптің құлағын қайдан білейін, менің құлағым тікіреймек тұрмақ, құлақ шекемнен үзіліп түсе жаздайды.

— Мен жақында Тасашыға барам. Біраз күн не Табай, не Сәмен әкеме көмектесе тұрсын, екеуміз бір серуендеп қайтайық.

— Барсақ барайық. Менің қарындасым  сол жақта тұрмыста.

— Ыстамбұлда бірге оқыған Бәкен деген досым бар. Ол да ән айтып, домбыра тартады. Қыз көрсетем деп еді, көріп қайтсақ қайтеді?

— Тіпті тамаша!

* * *

Оралбекті енесіне қалдырып, бұлармен бірге Шәйі де шықты.

— Жеңге, Оралбекті бекер қалдырдыңыз-ау, — деді Қапез қалжыңдап. — Қыз көреміз деп мәз болып келгенде, қыз екен деп, сізді біреу алып қашып кетсе, Тәкең екеуміз жер соғып қап жүрмейік.

— Көзі қарайған жынды болмаса, бала емізген ана екенімді бітімімнен аңғарар.

Тазабек пен Қапездің ортасында Шәйі шат күліп келе жатты. Тазабекпен бірге ел қыдыруға шыққаны бірінші рет. Жарықтық таулы даланың кең тынысы-ай! Атқа емес, аспандағы бұлтқа мініп келе жатқандай желпінесің.Құлағы екі жігіттің әңгімесінде, көңілі өткенді бір елестетеді, кеткенді бір жоқтатады. Орта Меркіден өтіп, Аралға іліге бергенде, Жайдақ Бұлақтың қарағайлы желкесіне көзі түсті. Селк ете қалды: сол беткейде сол екі орыс әлі сығалап тұрғандай сезінді. Өзі де байқамай атының басын тартып қалған болу керек, Тазабек жалт қарады.

— Шәйкен!

— Жеңге, не болды?

Тазабек пен Қапез екі жағынан қаумалай келіп ұстай алды.

— Жайдақ Бұлақтағы қырғын есіне түскен ғой, — деді Тазабек Қапезге түсіндіріп. — Аттан түсесің бе? — деді Шәйіге қарап.

— Әке-шешемнің басына соғайықшы.

Күйген сүйектерді үйген төмпешікке келіп үшеуі аттан түсті.

Он алтыншы жылдың күзінде дәл Шәйі екеуі үйленген түні болған қырғынды Тазабек Қапезге сол арада түсіндірді.

Әлдебір нәрсені көз алдына елестеткен адамша төмпешікке ұзақ тесіле қараған Қапез кенет Шәйіге бұрылды да, белінен құшақтап бауырына тартты.

— Мен бұл әңгімені естігем, жеңге. Бірақ оқиғаның орнын бүгін көріп тұрмын. Дұға оқиын.

Қапез көкке тізерлеп оқи жөнелді.

Ә деп Қапездің үні естілгеннен-ақ Шәйінің өне бойы шымыр ете қалды. Сөзі түсініксіз, мақамы құдіретті дұғаны бүкіл айнала ұйып тыңдап қалғандай. Әкесі Тілеулі, шешесі Әжікен, бауыры Ағынтай, Ағынтайдың ұлы мен қызы — бәрі де осы дұғаны елжіреп тыңдап жатқандай. Шәйінің көзінен парлаған жас иегінен сырғып омырауына төгілді. Бірақ сүртпеді. Сүртсе, дұғаның қасиеті кемитіндей көрінді.

Талып кеткені ме, талықсып кеткені ме, өзі де түсінбей қалды, Тазабек пен Қапез қаумалап көтергенде ғана есі кірді. Бірдеңе дегісі келді, бірақ дей алмады: таңдайы жабысып қалған ба әлде тілі күрмеліп қалған ба, — түсінбеді. Өзі құлады ма, Тазабек тартты ма, оны да білмеді, әйтеуір, күйеуінің көкірегіне шекесін сүйеп солқ-солқ жылаған соң ғана есін жиды...

...Кеңсудан өтіп, Көкбиіктің үстіне шыққан кезде оң жақтан Екі Аша жарқ ете қалды. Басқа ауыл, басқа адамдар. Бірақ бір түрлі жүрекке ыстық. Келін боп түскен киелі мекен! Бәрінен айрылған, бәрінің өтеуіне Тәйкенімен табысқан түні осы Екі Ашада. Ордаға бергісіз отау тіккен жері. «Жаратқан ием, мұныңа да тәубә!» — деді Шәйі іштей күбірлеп.

— Ойға түспей-ақ осы жотамен кете берсек қайтеді? — деді Тазабек қасындағы екеуіне қарап.

— Қарнымыз ашады ғой, Тәке. Сай ішінде біреудікінен шай ішейік. Бір тынығып алмасақ, жеңгем де шаршар.

— Мейлің. Шәйкен, сен алдыға түсші. Мен Қапезге бұл араның өзім көрген бір сойқанын айтып берейін.

Бергтің бейбіт көшті шауып, бейқам келе жатқан адамдарды қалай қырғанын айтып бергенде, Қапез терең күрсінді де, көпке дейін үндемей, атының құлағынан арыға қарамай жүрді де отырды. Қарны жарылған қатын-қалаш, қан-жоса болған қыруар өлік Тазабектің де көз алдынан қайта өтіп жатты. Екеуін де Шәйінің даусы оятты.

— Ана бір ауызда екі үй отыр.

— Солай бұрылайық, — деді Қапез ойланбастан.

Үшеуі жақындағанда қараша үйден қаптаған қара домалақ бұларға қарсы шықты. Қызы мен ұлы аралас. Ересектеу екі ұл, бір қызы бұлардың атын ұстады. Кәдімгі  ересектерше қос қолын беріп амандасты. Тұрмысы жұпыны болса да, тәрбиесі тәуір балалар екенін Шәйі олардың ізет қылығынан аңғарды. Аттан түсіп, бұлар үйге беттегенде, алдарынан орта жастағы еркек пен әйелі шықты. Шәйі олардың қонақжай пиғылын амандасқан үндерінен-ақ таныды.

— О-о! — деді еркегі келгендерін қош көріп. — Өмірәлі аға мен Байғабыл ағаның балалары бізді іздеп келіпті ғой. Әйелімнен қорқып, жас ет жеудің сылтауын таба алмай жүр едім, жақсы болды. Сен Тілеулі ағаның қызысың ғой?

— Иә.

— Білем. Естігем. Иманы жолдас болсын!

Тазабек қой сойдырмады. «Арнайы келгенде соярсыз», — деп әзілдеді. «Жүрек жалғасақ та жетеді. Барар жеріміз әлі алыс», — деп, оны Қапез де қоштады. Бұлар шайға отырғанда көрші үйден күмбір-күмбір домбыраның үні шықты да, кілт басыла қалды. Қапез елең етіп, үй иесінің бетіне қарады.

— Ә, біздің екінші ұл домбыраға әуес, — деді отағасы оның мәнін ұқтырып. — Менің тұқымымда ән-күйге үйір ешкім жоқ, мынаның әкесі мен шешесі де, атасы мен әжесі де әжептәуір ән айтатын кісілер. Нағашысына тартқан болу керек, десі қайтпасын деп, бір жаман домбыра шаптырып беріп ем, бізден қашып барып қарағайдың ішіне кіріп кетіп ән айтады.

— Онда оған өнер қонған бала ғой, шақырыңызшы! — деп, Қапез қатты қызықты.

Әлдебір таныс әннің ырғағы Шәйіні Тазабекке жалт қаратты.

— Сопыйа салатын ән ғой!? — деді елең етіп.

Қалақтай қара домбыра ұстаған қалақтай қара бала үйге кірді.

— Келе ғой! Жаңағы бір әніңді бізге айтып берші! — деді Тазабек үлкендік танытып.

Жалтаң етіп бала әкесі мен шешесіне қарады.

— Ағаларың айт дегенде айта ғой! — деді әкесі.

Бала қысылған жоқ. Текеметтің шетіне бір тізерлей отыра қалып, домбырасын  қағып-қағып жіберді.

—  Шар болат жарқылдаған тастан шығар,

Өнерпаз өршеленген жастан шығар.

Аңдап бас аяғыңды, беу, замандас,

Қас дұшпан қасыңдағы достан шығар.

Жүзің көркем-ай,

Күнде көрсем-ай,

Аха-хай,

Сырғалы еркем-ай.

Қарғадай баланың ғажап үніне Шәйі қатты таңғалды: әбден ән айтып үйренген адамша еркін шырқайды екен.

— Ой, даусыңнан айналайын-ай! — деді Қапез құлай сүйсініп. — Отағасы, бұл бала біреуге еліктеп, біреуге қызығып әнші болатын бала емес, құдай туғаннан әнші қылып жаратқан бала. Жаңағы әнді кімнен үйрендің, бауырым.

— Іленің арғы бетінде мынаның Шаншар деген ағайыны бар, соның әні, — деп, отағасы әйеліне қарап бір жымың етіп қойды.

— Жақсы ән екен, тағы бір жақсы ән айтшы!

Бала бұл жолы батылдау, әнді бабына келтіріңкіреп айтты. Қапез орнынан ұшып түрегеп барып баланы бетінен сүйді.

— Атың кім?

— Қаратай.

— Отағасы, бүгіннен бастап Қаратайды қасыма қос. Мен енді мұнсыз өмір сүре алмаймын.Қаратайдың үні құлағымнан кіріп, жүрегіме сіңіп кетті. Мен адам танысам, Қаратайды құдай қазақтың әнін көкке көтерсін деп әдейі тудырған. Бұл жай әнші болмайды, көмей біткеннің көсемі болады.

— Қапез-ау, сонда сен өзің кім боласың?

— Мен ақыл айтатын ағасы, қолға ұстайтын байрағы, қасындағы қайрағы, жол көрсететін ұстазы болам. Қаратайдың бұғанасы қатқанда мен ән айтпай-ақ қоям.

— Ендеше бүгінше бізге өзің бір ән айтып бер.

— Айтайын. Қаратай інім құлағына құйып алсын...

...Шәйі де іштей соны тілеп отырған, Тазабек соны тап басты:

— Отағасы, он алтыншы жылы осынша бала-шағамен қайда болдыңыз?

— Қайда болушы ем? Мен де елге ілесіп Қытайға қаштым. Әке-шешем, екі ағам, бір інім, екі қарындасым — бәріміз бір түнде қотарылдық. Бауырларыма қарағанда, құдай менің мінезімді қисықтау қылып жаратқан. Қашып Қақпақтың аузына барғанымда, күн екіндіге таяп қалды. Әкем мен шешеме қарап: «Қытайда қай құда-жекжатымыз тұр? Қыс бойы Қақпақтың ішін паналап шықпаймыз ба?» — дедім. «Ойбай, ол жайлау ғой. Қары қалың, қысы қатты, мал қырылады, мал қырылған соң, біз де қырыламыз», — деді әкем. «Сен өзің қал», — деді кіші ағам жақтырмай. «Қалсам, несі бар? Қалам», — дедім қитығып. Елу шақты қой-ешкі, он шақты сиырым, жиырмаға тарта жылқым,екі түйем бар еді,  бәрін бөліп алып айдадым да, Қақпақтың ішіне сол кеште-ақ кіріп кеттім. Соным үшін құдай жазалады ма, әке-шешем де, бауырларым да елмен бірге Қытайдан қайтпады. «Әйтеуір, тірі болса екен» деп құдайға жалбарынам.

— Ал Қақпақта қалай күн көрдіңіз? — деп, Қапез таңдана сұрақ қойды.

— Қақпақ жынымды қағып алды. Құдайдың бір оңдағаны, біз құсап қашып тығылған он қаралы үй бар екен. Солармен септесіп күн көрдік. Қар ерте түсті. Сиыр дегенің суыққа төзімсіз мал екен, алғашқы қар түскеннен-ақ қолға қарап қалды. Оған беретін шөп қайда? Бір-екі айдың ішінде түгел қырылып бітті. Жылқы мен қой жарықтық қар тепкілеп күнін көреді екен. Ешкің де мал екен, тебіндеген жылқы мен қойдың ізін қуалап жүріп ол да өз күнін көріп шықты. Бір ақылды шалдың айтуымен, әйтеуір, бала-шағаны аман сақтап қалдық. «Әй, балалар, — деді қар түсіп, қара суық қыса бастағанда, — бізге жан сақтау керек пе, жоқ мал сақтау керек пе? — деді. «Е, мал жанымыздың садағасы», —дестік. «Ендеше, менің ақылымды тыңдаңдар. Қақпақ — қыстау емес, жайлау. Қары қалың болады. Оған сиыр малы шыдамайды. Сондықтан қоңды-қоңды деген екі-үшеуін қазірден сойып, қақтап алыңдар. Аямаңдар, ақыр өліп қалады. Одан да ағыл-тегіл ет болсын. Ылғи ет жей берсең, тісің түсіп қалады. Сондықтан қар түспей тұрып қап-қап жуа теріп алыңдар, — деді. Мен үш сиырымды сойып алдым. Әлгі ақсақалдың айтқаны келді, он шақты қой мен бес-алты жылқыны азар аман алып шықтым. Әйтеуір, ең үлкен олжам — қатын-балам аман.

 — Е-е, ер екенсіз! — деді Тазабек сүйсініп.

Қапез қоярда-қоймай қара баланы қара домбырасымен өз қасына қосып алды.

* * *

Біраз жер үндемей келе жатқан Қапез кенет басын шайқап Қаратайды қамшысымен түртті. — «Қас дұшпан қасыңдағы достан шығар» дейсің, ә? Апырм-ай, қазақтың кейбір сөзі ұйқыңнан шошытып оятады. Шаншар нағашыңды көрдің бе өзің?

— Көргем жоқ, «Апарып аузыңа түкіртем» деп жүр ғой әкем.

— Мұндай сөзді менің әкем де айтып отыратын, — деп, Шәйі әңгімеге араласты. — О кісі: «Елдің қамын ойлайтын бір ұл туса, оны қабатын бір ит қоса туады» деп отыратын.

— Қариялар айтса, көріп-білген соң айтады, ал Қаратай айтса, бұл оны қайдан біледі деп, құлағың түршігеді екен.

— Сондықтан Қаратайдың: «Аңдап бас аяғыңды, беу, замандас», — дегені дұрыс. Солай ма, Шәйкен?

— Қаратай, Тасашыға жеткенше мен саған бір ән үйретейін, — деді Қапез тамағын кенеп. — Пішәндеген болыс шығарған әдемі бір ән үйреніп ем, тыңдашы.

Баяу, ат жүрісінің ырғағымен Қапез қоңырлата шырқады.

Қанша ұрсаң қан шықпайды қара тастан,

Дүние ағып жатқан Сарқан, Басқан.

Біз-дағы кетеміз ғой аққан судай,

Кеткендей талай жайсаң асқан-тасқан.

Дүние шіркін,

Өтеді бір күн.

Кәне, Қаратай, айтып көрші!

Қара бала кідірген жоқ. «Жақсы ән екен», — деді де, қоңырлата жөнелді. Шәйі баланың ұғымталдығына қайран қалды, әнді де, сөзін де айнытпай, бұзбай, Қапезден кем түспей қағып алыпты.

— Құдай сені нағыз құймақұлақ қылып жаратқан екен, — деді Қапез де сүйсініп. Үзеңгі қағыстыра келіп Қаратайды иығынан құшақтады.

— Қас дұшпаның қасыңдағы досыңнан шықпасын! Сені қабуға туған иттің тасты қауып тісі сынсын!

— Әумин! — деді Тазабек бетін сипап.

Шәйі де шын пейілмен бетін сипады.

— Сен енді әлгі өзіңнің «Сырғалы еркеміңді» мына кең далада тағы бір айтшы, дала да тыңдасын!

Оны да Қаратай оп-ойнақы күйде қысылмай айтып берді.

— Жеңге, сіз бұл әнді орыс қызы айтты дедіңіз бе?

— Иә, Сопыйа деген орыс қызы жәрмеңкеде де, біз үйленген түні үйімізде де салып еді.

— Ол қыз қайда қазір?

— Із-түзсіз жоқ, ешкім білмейді.

— Өлі-тірісін ешкім білмейтін адам көбейіп кетті ғой... Өте көп.

— Қазір, Қапез, сол Сопыйаның күйеуі Қожаштың мен жерлеген қабіріне барайық. Дұға оқы. Артынан Сопыйа екеуінің тарихын саған оңаша айтып берейін, — деді Тазабек сөзге араласып.

Үшеуі Тазабекке үнсіз ілесті...

Қожаштың басына құран оқыған соң, Тазабек пен Қапез қайсы үйге түсу жөнінде аз-кем келісе алмай қалды. «Шәйіні қарындасымдікіне қалдырып кетейін», — деді. Ал Қапез: «Бірге келдік, қайда барсақ та, бәріміз бірге болайық», — деді. Сөйтіп тұрғанда Қаратай: «Тәте, «Бөлінгенді бөрі жейді» деген ғой, бірге болайық та», — деп қалды. Баланың сөзі Шәйіні сындырды. Сонымен төртеуі Қапездің досы Бәкендікіне бірге бет алды.

Бәкен отау тігіп, әке-шешесінің қасында тұрады екен. Мұрт қойған, қызыл шырайлы, қырма сақал жігіт. Әйелі әлі бала көтермеген, қыз мүсінді қыпша бел келіншек. Келген қонақтарға бәрі жікжапар болып жатты.

Қой сойылды, самаурын қойылды. Қазақтың қонақ күтісі — кішігірім мереке. Ырду-дырду, әзіл-қалжың, жөн сұрасқан әңгіме әп-сәтте-ақ қонақтар мен үй иелерін жақындастырып жіберді.

Шай мен еттің ортасында бір әңгімені Бәкеннің өзі бастады:

— Қапез, сенің әніңді естімегелі қай заман? Әу деп жіберсең қайтеді?

— Әуелі ауылдың алты ауызын өзің баста. Біз оған дейін кішкене бой үйретіп алайық.

— Сөйт десең, сөйтейін.

Бәкеңнің дауысы мінезіне сай ойнақы, жағымды екен. Аса шырқамай, дауысымды бірден тауысып алмайын деп үнемдеген адамша үй ішіне еркін естілердей етіп айтты.

— Мен жолымды Қаратайға берем. Осы бала, Бәкен, екеумізден де асқан әнші болады, құдай бұйырса. Нанбасаң, тыңдап көр, — деді Қапез.

Қаратай «Сырғалы еркемін» айтты. Баланың дауысына Бәкен де, Бәкеннің әке-шешесі де мәз боп таңғалды.

— Құдай бағыңды ашсын, балам. Болайын деп тұр екенсің, жасаған жар болсын! — деп, әкесі батасын берді.

«Тағы айт», — деген соң, Қапез жолда үйреткен әнді Қаратай аса бір құштарлықпен, бар ықыласын сап шырқады. Әнінің әсері Бәкеннен асып түспесе кем түспеді. Он үштегі бала деуге болмайтындай. Сонан соң Қапезге кезек тиді. Оның шоқтығы Бәкеннен тым биік екенін Шәйі іштей таразылады. Әуенді де, сөзді де ырқына еркін көндіріп, көсіле салды. Ән салуды сағынып қалғаны көрініп тұр.

* * *

Кеш жатып, кештеу оянған қонақтар ертеңгі асқа да кешігіңкіреп бас қойған.

— Ассалаумағалейкө-өм! — деп, жез мұрт орта жастағы сары кісі мен өзі құралпас әйел және талдырмаш бойжеткен үшеуі үйге іркес-тіркес кіріп келді.

— О-оу! — деп, Бәкен орнынан ұшып түрегелді. — Жездем мен әпкем келіп қалыпты ғой.

— Келіп қалғамыз жоқ, «Келсін!» деген соң келдік, — деді әпкесі күліп. Жиен қарындасым — Жібек. Төрт ұлдың ішінде бір бидай. Бәріміздің сұлуымыз да осы, еркеміз де осы, — деді Бәкен таныстырып. «Он алтыға толған болар», — деп шамалады Шәйі қыздың балаңдығы мен ұяңдығына қарап.

Бәкеннен жоғары отырғалы жатқан жездесіне Қаратай ұшып түрегеп орын беріп еді, «Әуре болма, балам. Қонақ көрінесің, әкеңнің қасында отыра бер», — деді Қапезге қарата иегімен нұсқап.

Ол сөзге ешкім мән бере қоймады. «Қап, мына кісі бүлдірді-ау!» деді Шәйі ғана байқап: «Келген қыз Қапезді үйленген кісі деп қалатын болды-ау?!»

— Жеңге, қымызды мен құяйын! — деді Жібек Бәкеннің әйеліне еңкейіп.

— Құйсаң құйшы, үйрене бер, — деп, ожауды қолына ұстата салды да, өзі Бәкенге қарай ығысып отырды.

— Ассалаумалике-ем! — деп, сол сәт үйге Жомарт кіріп келді. Оны көргенде Шәйі өзінің қалай орнынан түрегеп кеткенін білмей қалды.

— Қайын жұрттың иісін қалай білем, ә? — деді келе ыржиып.

— Әкең де қайынсақ еді, тартқансың ғой, — деді Бәкеннің әкесі қалжыңдап. — Қалай әке-шешең? Солар жіберді ме, өзің келдің бе?

— Солар жіберді. «Сол үйдегі адамдарды түгел тайлы-таяғымен шақырып кел», — деді.

 — Онда әкеңнің бір қойы бұйым болмайды, не түйе, не тай сояды да.

— Иә, өзі де тай сойғалы жатқан. Жеке үй тіктіріп қойды.

— Онда кешке барып, бір жауша шауып қайтайық. Сөйтеміз бе, балалар?

— Сөйтейік, — деді Тазабек көтеріле үн қатып.

— Онда айта бар әке-шешеңе: дұрыстап дайындалсын!

— Ойбай, қызықсыз ғой, аға. Жібектің қолынан қымыз ішейін, Қапез бен Бәкеннің әнін естиін, жеңгесі Шәйіні де Жібек дейді, екі Жібектің ортасынан жаңа орын тигенде, «айта бар, қайта барыңыз» қалай?

— Ой, бәтшағар, сенен сөз артылмас. Сен жоқта сенің сараң әке-шешең шала дайындалып қоя ма деген қауіп қой менікі.

— Қауіптенбеңіз, аға. Бәрі кәттә болады.

— Қапезжан, түнде Пiшән деген кісіні айтып қалдың. Жолсоқты, атсоқты болып келген шығар деп, қазбаламадым. Енді айтшы, ол кім? — деді ақсақал енді әңгіме мен әнге көшейік дегенді аңғартып.

— Айтайын, аға, — деді Қапез домбырасына қол созып. Қаратай қарғып түрегеп домбырасын әперді.  — Пiшән бұл күнде болыс екен. Жалайыр ішінде ұруы Байшегір көрінеді. Елден естуімше, қазір жасы отыз үш — отыз төртке  келген тәрізді. Жәлменде деген аса бай кісінің ерке баласы деседі. Жасынан нөкер жиған, ән айтып, айтысқа түсіп, сері атанған жігіт болыпты. Сөйтіп жүргенде, бір күні Көксу бойындағы жалайырлардың Андас ауылына нөкерлерімен бара қалады. Үлкен тойдың үстінен түседі. Әшіркүл, Зейнеп деген екі қыз әріптесіп өлең айтып отыр екен. Паң мінезді, ешкімнен беті қайтып көрмеген Пiшән әлгі екеуіне соқтыға кетеді. Бұрыннан бар әні ме, әлде сол арада суырып салған әні ме, ол арасын білмедім, әні мен сөзі мынандай:

— Әшіркүл, Зейнеп,

Сөз айттым түйдек.

Бұл дүние өте шығар,

Өй деп, бүй деп.

 

Өнерім бір басыма мол жетеді,

Бәрібір жастық шағың бір өтеді.

Мырзасы Байшегірдің келгенінде,

Көңілімді аулай салсаң нең кетеді? —  деп тиіседі.

Пiшән бастырмалатып бара жатқан соң, екі қыз былай жауап қайтарады:

— Біреуге жалынбаймыз, әзір тым біз,

Атаңыз Байшегір де емес шың-құз.

Кебесің Пiшәнмiн деп, біз қайтпекпіз,

Бас ұрған барлық қазақ атам Шыңғыс.

 

Сонда Пiшән қыздарға құлдық ұрып:

 

— Сөзіңді өзің айтқан қайталайын,

Аулыңа қонақ болып жайланайын.

Бабаны айтып қалдың, енді қойдым,

Шыңғыстың аруағынан айналайын! —

деп, айтысын қоя қояды. Бұл әннің тарихы да осылай, аға.

— Тентек болса да, текті тентек екен, ә!

— Енді сол Пiшән ағаның тағы бір әнін мына Қаратай балаңыз айтып берсін, аға.

Балаң дауыспен Қаратай ойлы, мұңды әнді әдемі шырқады.

«Дүние шіркін,

Өтеді бір күн».

Шәйі байқап отырды: Қаратайды тыңдап отырып, Жібек Қапезден көз алмады. Бәкеннің ән айтқанын талай естіген болар, бірақ Қапездің кең тынысты қоңыр дауысы алпыс екі тамырын иітіп жіберген болар. Бойжеткенге Қапездің бойдақ екенін қалай білдірсем екен?!

Оның реті келді. Түс ауа бұлар Жомарттікіне баруға жиналды. Жібек әкесі мен шешесіне ілеспейтін болды. Шешесі елдің көзінше: «Сен қал», — деп, қызына кесіп айтты. «Барсын», — дегенді Бәкен де батып айта алмады. Бәкен мен әйелі қызды, сөз жоқ, Қапезге көрсетейік деп әдейі шақыртты. Ашып айтпаса да Қапез жайында құлаққағыс еткен болуы керек. Енді сол мақсаттың бәрі ойда-жоқта бұзылғалы тұр. Не істеу керек?

Құмғандағы суды пысытқылап, Жібек самаурыннан жылы су құйып жатты. Шәйі қасына келіп:

— Сіңлім, қолыма су құйып жіберші! — деді.

— Қазір, — деді Жібек қағылез үн қатып.

— Қайынсіңлімдікіне неге бізбен бірге бармадың?

— Әке-шешем барады ғой.

— Бізге сенің барғаның керек. Саған қарап айтса, Қапездің даусы қырық құбылады екен. Әлде ұнатпай қалдың ба?

— О кісі маған қарап қалмаған шығар?

— Саған қарап қалмаса, сені көруге сонша жерден келер ме еді?

— Қаратайын қыдырту үшін шығар?

— Қаратайды жолдан қосып алдық, даусы, мінезі — бәрі Қапезге бірден ұнады. Өзің де көрдің ғой, қандай керемет бала!?

— Иә, маған да ұнады.

— Қапез ше? Ол ұнамады ма?

Жібек Шәйінің бетіне бағжия қарады. Саған, өзі не керек деген секілді.

— Ұнамады ма? — деді Шәйі тақықтап.

— Ұнады.

— Сен де оған ұнадың.

Жібектің екі беті лап қызарып кетті. Құмғанын құшақтап, үйге қарай жалт бұрылды.  — Апама айтыңыз.

«Апа» дегені шешесі екенін Шәйі түсіне қойды. «Оған не десем екен?» — деді тосылып. Ақыры тәуекелге мінді.

— Қызыңыз бізбен бірге қызық көріп қайтсын да, — деді төтесінен.

— Ағасы ат тауып берсе, бара берсін.

Бәкен тез арада ер-тұрманымен ат тауып берді.

Шәйі жол бойы Жібекті жанынан шығармады. Сыпайылық сақтап, Қапез көз қиығымен ғана бәрін барлап келе жатты.

* * *

Жомарт пен Жәмеш жүрегін қолына ұстап күтті. Әсіресе Жомарт. Екі езуі құлағына жетіп қуанды.

— Біздің елден Қапездей әнші шығады деп мен ешқашан ойлаған да  емеспін, үміттенген де емеспін, — деді аңқылдап. — Даусын естігенде, бүкіл жан дүнием бір аударылып түскендей болам.

— Мені тыңдағанда да аударылып кете жаздаушы ең ғой? — деді Бәкен күліп. Шәйі оның даусынан әзілмен бірге әзәзілді де аңғарғандай болды.

Қапездің көңілі Жібекке ауғанын Шәйі осы жолы анық байқады. Көбіне көзінің қиығымен қарап, анда-санда басынан аяғына дейін асығыс шолып өтеді. Екеуінің қылығын аңдып отыру Шәйіге тіпті қызық көрінді. Қасында отырған қызға қасақана: «Бәкен жақсы әнші екен ғой, ә?» — деп сыбырлады. Жібек сәл үндемей отырды да, «Қапез жоқта солай болатын», — деді күмілжіп.

Қапез келгелі бағасы бәсең болып қалғанын Бәкеннің өзі де сезді, сірә. Соған намыстанды ма, әзіл-оспақ пен күлкілі әндерді айтуға көшті.

«Айым туып келеді алқасынан,

Шалып жықтым қыздарды шалқасынан.

Шалып жығып қыздарды шалқасынан,

Шаңын қағып тұрғыздым арқасынан», — деп күлкіге бір қарық қылды. Сол күлкіні арқаланып:

«Тойға баптап мінемін қасқа атымды,

Қасқа атымнан   мінбеймін басқа атымды.

Құдайдың маған берген бір мінезі,

Қыздан жақсы көремін жас қатынды», —  деп те тастады. Соны айтқанда, неге екенін, Шәйі жаққа жалт қарады.

— Өй, бәдік неме! —деп, оған елден бұрын әкесі күлді.

Әдейі қарағанын Шәйі анық байқады. Көзімен де, езуімен де әлденені аңғартып күлді. Онысы несі? Ойыны ма, шыны ма? Сонда жақсы көрген жас қатыны мен бе? Әуелгіде әжептәуір көрінгенмен, бірте-бірте Бәкен Шәйіге басқаша таныла бастады. Лепіріп, көтеріліп сөйлегені кейде жарасса, кейде жараспайды. «Қапез екеуміз Ыстамбұлды өз үйіміздей көріп кеттік. Жиын-тойларында талай ән салдық. Қапез қазақтың қай-қайдағы мұңды әндерін айтса, мен күлдіргі әндермен қыран-топан қылам», — деп бір соқты. Қапезді мақтаған боп отырып, білдірмей өзін одан көтеріңкіреп жібереді. Әзілге сайып, әдейі сөйтеді. «Түріктер әзіл-оспақ, билеуге бейім әндерді өте жақсы көреді», — деп, тағы өзін бір ерекшелеп тастады. Күлдіргі ән айтқанды керемет артықшылық санайтын секілді. Алғашқы кейпі де алдамшы екен, домалақ жүзді жайдары жігіт көрініп еді, онысы бүркеме бетперде болып шықты. Маңдайының тарлығы сондай, қабағын көтерсе, маңдайшасы қасымен түйісіп кете жаздайды. Тықыр шашы бас құйқасымен бірге бұлтыңдап, қасы мен көзі екі жағынан екі құлағына керіп қойғандай созыла қиғаштанып тұр. Жарғақбас жарқанаттың жүнбас адам түрі алдыңда тұрғандай. Ол бұған бір-екі рет «менің көздеп отырған жемтігім сенсің» дегендей шүйлігіп қарады. Шәйі өз-өзінен жайсызданды.

Бәкеннің қандай адам екенін Қапез білмей ме? Неге білмесін, білетін шығар? Білсе, неге жақын жүреді? Неге? Адам адаммен араласпаса, адам бола ма? Шәйіге жарқанатты елестеткен Бәкен тұрмақ, жарғанаттың өзі де өмір сүріп жатқан жоқ па? Бәкен ұнамаса, оған әйелі неге тиеді? Ұнаған соң тиеді. Бұл дүние бір адамның ғана билігінде емес қой. Қайта барлық адам бір дүниенің билігінде. Көздің көруі мен көңілдің көруі — екеуі екі басқа болғаны ғой.

Топалаң ойдан кешке дейін арыла алмады. Ақыры шаршап: «Әзілдеген сиқы сол шығар?»деп топшылады.

— Жүрші, далаға шығып келейік, — деді Жібекке.

Екеуі алысыраққа кетті. Қыздың тамырын басатын ең ыңғайлы сәт осы еді.

— Қапез сені ұнатып қалыпты, — деді күліп.

— Оны кім айтты?

— Өзі айтты.

— Оны неге сізге айтады?

— Енді кімге айтады? Саған бірден бата алмайды, менен басқаға сене алмайды. Сонан соң маған айтты. «Жеңге, көңілімді жеткізші, көңілін білші», — деді. Не дейсің?

— Не деуші ем? Онысы асығыс қой. Бір көрмей жатып...

— Бір көргеннен оянбаған сезім он көргеннен ояна қояр деймісің, Жібек? Ұнайтын адам бір көргеннен-ақ ұнайды, ұнамайтын адам бір көргеннен-ақ ұнамайды. Сөзбұйдаға салмасаңшы.

— Сіздің айтқаныңыз болсыншы.

— Болды ендеше. Қапезден шүйінші сұрайын.

Екеуін есік алдынан Бәкен күтіп алды.

— Қасқыр жеп қояр деп қорықпайсыңдар, ә? Жеңгеңнің қасына баршы, Жібек.

Жібектің соңынан Шәйі де жүре беріп еді, Бәкен қолынан ұстай алды.

— Көзіме де түсіп, көңілім де ауып, әбден діңкемді құрттың-ау!

— Қылжағыңды қой, Бәкен. Байым көрсе, мойныңды үзіп жіберер. Онымен ойнама.

— Мен онымен емес, сенімен ойнайын деп тұрғам жоқ па?

— Ол екеуміз бір адамбыз. Бізді ешкім бөле алмайды.

— Өзі дәудің өзгесі өнімсіз келеді деуші еді, оған неғып өзеуреп қалғансың?

— Өнімді ме, өнімсіз бе, оған көзіңді жеткізгің келсе, қойнына қатыныңды бір түн салып көр!

Қолын жұлқып жіберіп, Шәйі үйге қарай беттеді.

— Орысқа да, қалмаққа да жем болғаныңды мен білмейді деймісің? Бәлсінбей-ақ қой!

«Иттің баласы-ай! Ит алғысыз етем деген екенсің ғой! Тәйкенімнен садаға кеткір!»Шәйі жығылып қала жаздап, етпеттей келіп, есіктің сықырлауығына сүйене бергенде әлдекім сыртынан кеп құшақтай алды. Қапез екен.

— Жеңге, өңіңіз өрт сөндіргендей ғой, қыздың жауабы қатты болды ма?

— Жоқ, қайным, қыз біздікі. Сенің қадіріңді қасыңдағы досыңнан артық білмесе, кем білмейді.

— Ендеше нағып ит қуғандай жығылып қала жаздадыңыз?

— Иә, ит қуды. Үйге кіре бергенімде бір иттің қарсы алдымнан тап бергені. Содан шошып...

— Е, ит иттігін істемей тұра ма, жеңге. Кейбір ит үйден шыққанға да, үйге кіргенге де үре береді. Ондай тексізге тәйт дей салыңыз.

Бір ыңғайсыздық болғанын Тазабек те сезіпті. «Сыр берме, жаным! Анау ит бірдеме деді-ау, сірә? Қапез үшін қыңқ демейік», — деді сыбырлап.

— Қыз көнді ғой, қалғаны құрысыншы! — деді Шәйі де өзіне өзі басу айтқан адамша байсалдылық танытып. — Не дегенін білсең ғой...

— Жарайды, кейін... Аспанын тастап жіберсе де сыр берме!

Тазабектің темірдей үні көкірегінде кілкіп тұрған жәбірінің бәрін жапырып жібергендей болды.

* * *

Тазабекпен ақылдаса отырып, Жомарт пен әкесі Қапезге ат, Қаратайға тай мінгізді. «Алғашқы олжаң құтты болсын!» — деп, Шәйі бала әншінің бетінен мейірлене сүйді.

Жібек пен Қапез сөз байласып, Тазабек пен Шәйі құдасый көріп, бұлар ауылға тойдан қайтқандай оралды. Ертесі Жалаңашқа Жүзіктің шешесі мен інісі бата оқи келді. Үйіткен үлкен қара қойы бар, артынып-тартынып келіпті. Жүгіріп келіп Тазабектің тізесіне отыра қалған Оралбекті көріп, Жүзіктің шешесі:

— Балаңыз орысқа тартып кетіпті, ә, құдағи? — деп қалды.

— Пұсырман бабамыз қалмақпен соғысып батыр болса, Тазабек атамыз орыспен соғысып батыр болған, құдағи. Жауыңа тартқан бала жауынгер болады. Құдай қиса, Оралбегім батыр болады, — деді.

Тазабек Шәйіге, Шәйі жерге қарады.

— Менің балам қырғызға тартады, — деді Жүзік жасандылау күліп. — Басқаға тартқан бала бақытты болады.

— Е, балалар бақытты болса, біз де бақыттымыз. — Жүзіктің шешесі өзі бастаған сөзді өзі тиянақтады.

* * *

Үш күн ойланып, үш түн толғанып, ақыры Тазабек тәуекелге мінді.

— Сен оқыған адамсың ғой, мен Көпзіп берген үйді мектеп жасасам, сен соған балаларды оқытасың ба? — деді Қапезге.

— Ойбай-ау, Тәке, көктен тілегенімді жерден берді ғой онда.

— Ендеше жүр, кеттік. Секеринмен ақылдасайық.

Екеуі оны өз үйінен тапты. Тазабекті тыңдап болып, таңдана басын шайқады.

— Мұның нағыз бәлшебекке тән қылық. Тізімін жаса, балаларды оқыт, қолымнан келген көмегімді аямаймын, — деді жігерленіп.

Бұлар далаға шығып аттарына мінгенде сап етіп Сергейчук келе қалды. Әлдебір маңызды нәрсе айтылғанын үшеуінің жүздерінен аңғарған болу керек.

— Немене, тойға бара жатырсыңдар ма? — деді кекесін үнмен.

— Иә, той десең де болады, — деді Секерин атының басын соған қарай бұрып. — Тазабек Кобзевтің берген үйін мектеп жасайық дейді.

— Сонда қалай? Қазақ балалары оқиды да, менің балаларыма бастық бола ма?

— Болса несі бар? — деді Тазабек ызалана тістеніп.

— Есіңде болсын, Тазабек, қазақ қырық жыл оқыса да орысқа ештеңе үйрете алмайды.

— Сенің де есіңде болсын, Сергейчук. Қазақ оқыса,  орысқа бірдеме үйретем деп оқымайды, өзім бірдеме үйренем деп оқиды.

— Сенің қазағың өзі де ештеңе үйрене алмайды, қой баққаннан басқа қолынан ештеңе келмейді.

— Өй, әкеңнің аузы! Қазақты сен туып па едің?

Оң аяғын үзеңгіден шығара сап, Сергейчуктің атын қабырға тұстан Тазабек теуіп кеп жіберіп еді, аты тәлтіректеп барып Секериннің атына соқтықты. Екеуі қабатынан құлай жаздады. Қамшысын көтере бергенде, Қапез қолынан шап берді.

— Қой, Тәке. Тексіз адаммен төбелеспе.

— Апырм-ай, Тәке, адамның күшті болғаны да қауіпті екен-ау, ә? Бір тепкенде екі аттылыны тоңқалаң астыра жаздадыңыз ғой!

— Анау ит, көрдің бе, қазақты адамға санамайды. Қақ бастан бір салсам, тіл тартпайтын еді.

— Өйтсеңіз, сіз бен Сергейчуктің емес, қазақ пен орыстың арасы ажырайтын еді ғой, Тәке. Жаңағыңыздың өзі де оңай тиген жоқ екеуіне.

...Секерин сыр бермесе де, Сергейчуктің кек сақтайтынын Тазабек сезді. Біраз күн көздеріне түспеуге бекінді. Оның орайы да келе қалды. Кешкісін Қапез үйге күлімдей кірді. Тұйықтың төрінде отырған ауқатты Тұнық деген кісі  сүндет  тойға шақырыпты. Тұңғыш немересін мұсылман етіп жатыр екен.

— Қасыма Қаратайды алсам, екеумізге қорған боп өзіңіз бастап барсаңыз! — деді.

— Барайын, — деді екі сөзге келместен. — Ел көріп, жер көріп, ашуымды тарқатып қайтайын.

 

* * *

Тазабек, Қапез, Қаратай — үшеуі Кеген өзенінен өтіп Ақшоқының батыс жақ сыртын айнала бергенде, бастау басында аттарынан түсіп алқақотан отырған алты орысты байқады. Үшеуі бір-бірін үнсіз түсініп, олардан аулақтай орағыта жүрді. Кенет орыстың біреуі орнынан атып түрегелді.

— Тазабек! Әй, Тазабек! — деді  таза қазақшалап.

—Өй, Көбзіп қой, — деді Тазабек те танып. — Бұрылайық.

Алтауы да ірі, тығыршықтай, әлдекім әдейі іріктеп алғандай біріне бірі сай екен. Кобзев құшағын жая амандасты. Қапезді де құшақтап, Қаратайға көзін сығырайта қарады.

— Бұл қазақты бұрын көрмеген си яқтымын, — деді Тазабекке түсіндір дегендей қарап.

— Бұл — Қапездің шәкірті, Қаратай деген әнші бала.

— Ән салмайтын, өлең шығармайтын қазақ жоқ, — деді Кобзев күліп. — Қапез, әкең қалай? Тың ба?

— Құдайға шүкір, мал-жанына қарап жүр.

— Аман болсын. Менен сәлем айт.

Бұлар Қарақолға барып, содан қайтып келе жатыр екен.

— Сауда-саттық жасап келеміз, — деді Кобзев Тазабекке жөндерін түсіндіріп. Малдарына апиын айырбастап әкеле жатыпты. Қытай асырсаң, апиының алтыннан қымбат қазына көрінеді. «Мынау өзіңе, мынау Байғабылға. Суық тисе, тарыдайын езіп ішсең, құлантаза айығып кетесің», — деп, Кобзев Тазабекке екі түйіншек апиын берді.

— Мен жақсы орналастым, — деді Кобзев. — Китің дегенің шөбі шүйгін, айналасын жота мен төбе қоршаған ық қойнау екен. Малға да, адамға да аса жайлы. Сен, Тазабек, Сергейчуктен қанша сақтансаң да қапы қаласың. Одан да қасыма көшіп келсеңші. Ағайындарыңды да ала кел. Несіне қобалжисың, ол да қазақтың жері емес пе? Саған шамасы жетпегенмен, Сергейчук бала-шағаңа қастық жасауы мүмкін. Өзіңнен бұрын оларды ойласаңшы!

— Ойлаймын ғой, неге ойламайын! — деді Тазабек қарсылық та айтпай, құптай да қоймай. Орыстар мен қазақтар кәнігі бауырларша ұзақ қоштасып, зорға ажырасты.

* * *

Тойлы ауылға Тазабектер күн жамбасқа жығыла жетті. Той жасап жатқан Тұнық қарт Қапездің келгеніне қатты қуанды. «Әніңді әлі естігем жоқ, бірақ даңқыңды естіп жатырмын», — деді күліп дөңестеу жерге тіккен алты қанат үйге өзі жайғастырып. Әуелі қымыз, артынша шай әкелді. Шай үстіне Бәкен, оған еріп Жібек келді. Той иесіне Бәкен жақын жиен екен, Бұлар жөн айтысып, жөн сұрасып жатқанда әлдекімнің бажылдаған, оған араша түскен ересек біреудің: «Ойбай, өлтірді-ау!» — деген ащы айқайы шықты. Үйдегілер үдере далаға шықты. Еңгезердей дәу жігіт бір баланы аттың бауырына алып сабап келеді, бала басын сауғалап, қырғидан қашқан бозторғайша бұлталаң қағады. Ашу қысқаннан Тазабектің көзі қанталап кетті. Ширыға барып аттының алдына тұра қалды. Аты қалт тоқтағанда тізгінінен шап берді. Алып қара құстай өңкиген Тазабектің қос ауыз мылтықтың ұңғысындай шүйліккен көздері аттылының өңменінен өтті.

— Өй, тұр былай!

— Тұрмаймын! Жауға шапқандай балаға шапқаның не?

— Өй, әкеңнің... Кет жолымнан!

Сілтей берген қамшысын Тазабек қолына орай тартып алды. Ананың көзі бір сәт сасқалақ қақты. Екі жұлқып, еңкейтті де, Тазабек оны ат үстінен жұлып алды. Екеуі ұмар-жұмар жерге домалады. Енді тиіспес деген оймен Тазабек түрегеле бергенде, анау қолындағы қамшыға жармаса кетті. Тазабек бір сілкіп тартып алды да, сабын тізесіне сап қақ бөліп тастады. Сөйтті де алысыраққа лақтырып жіберді. Ері бауырына түскен ат тулап, тепкілеп, қарап тұрған жұртты у-шу қылып қорқытып, біресе жұртқа, біресе үйге тақау келіп, елдің әбден зәресін алды.

Тазабек артына бұрылмай жүре беріп еді, еңгезердей екі жігіт алдына көлденең тұра қалды. Істің насырға шапқанын Тазабек түсінді. Артына қараса білегін сыбанып, атынан аударып алған жігіті талтая шіреніп тұр екен. «Қап, қамшым болғанда, қақ бастан перер ем!» — деді өкініп. Сол сәт: «Аға!» деген Қаратайдың даусы шар етті. Жалт қарады.

— Мә, қамшыңыз!

Лақтырған қамшыны Тазабек лып еткізіп қағып алды. «Үшеуін үш салып кетіп, үш жерге теңките салсам ба екен?» деді бір сәт ыза буып. Сол кезде үшеудің кішілеуі: «Өй, әкеңнің!» — деп тап берді.

Тазабек жалт беріп бүйірге шықты да, бөкседен жанай бір тартты.

Жігіт баж етіп домалап түсті.

— Әй! — деп сол сәт қара сұр мұртты жігіт ағасы топ ішінен атылып шықты.

— Әй, көргенсіздер! Өз тойларыңда өздерің төбелес шығарып, бұларың не? Ал, қане, сабаңдар мені, қолдарың қышып бара жатса!

— Қозыны жамыраттың деп қаршадай баланы жұрттың көзінше сабағаның қай сасқаның? Тойға соны тамашаласын деп шақырдыңдар ма?

— Кітәпбек, бұл не шу?— Шапанының бір жеңін киіп, бір жеңін кимей той иесі Тұнық қарт ентелей жетіпті.

— Өй, балаларыңыздың балалығы да баяғы. Қонаққа қамшы көтеріпті.

— Өй, өңкей ез, көрінбеңдер көзіме!

Үшеуінің де ұялас тентек екенін Тазабек Тұнықтың сөзінен түсіне қойды. Үйге кірген соң да жайғасып отыра алмады. Әлдебір алаң күдік көкейінде кілкіді де тұрды. Кінәлі ме, кінәсіз бе, қалайда ыңғайсыз болды-ау!? Ел көрді, жұрт естіді, тойдың шырқын бұл бұзды дейді-ау?!

— Қапез, менің қайтып кеткенім жөн шығар? — деді есік жаққа бетін бұрып.

— Сол дұрыс шығар, — деді Бәкен Қапездің жауабын күтпестен. — Тазабек аттан жұлып алған жігіт — бұл өңірге аты шыққан көкпаршы, әйгілі тақымгер. Ал бөксесіне қамшы соққан жігіт оның ең кенже інісі, сүндетке отырып жатқан — соның баласы. Екеуі де намыстан өлетін шығар. Ұят болды.

— Онда біз де кетеміз, бірге келдік, бірге қайтамыз, — деді Қапез есікке қарай бір аттап.

— Біз де кетейік, — деді Жібек Бәкеннің бетіне қарамастан.

— Е, бізге не жоқ, — деді Бәкен күңк етіп.

Бұлар дүркіреп далаға шыққанда, жаңа арашаға түскен қара сұр жігіт ентіге қастарына жетті.

— Әй, жігіттер! — деді бұлардың қайтуға бет алғанын түсіне қойып. — Мені Тұнық қарияның өзі жұмсады. Қазір өзі де келіп қалар. Үйге кіріңдерші, әңгіме бар.

Енді кетсе, өкпелеп кеткендей көрінетінін біліп, Тазабек тосылып қалды.

— Кірсек кірейік, — деді Қапез сол іркілісті сезе қойып.

Кітәпбек сүндетке отырып жатқан баланың нағашысы екен.

Мән-жайды екі арада біраз біліп алған да секілді.

— Тазабек, сенде еш кінә жоқ, — деді тізесін алақанымен басып. — Сенің орныңда болсам, мен де сөйтіп арашалар едім баланы. Біреуі саған қамшы жұмсады, біреуі тап берді, кінә өздерінде. Егер сол арада тоқтай қоймаса мен саған жақ боп төбелесер едім олармен.

Содан кейін Кітәпбек өзін таныстырып, Іленің арғы бетінен келгенін, ол жақтағы ел-жұрттың жағдайын біраз әңгімеледі. Сол арада немересіне той жасап жатқан қарт та келіп, балаларының әбестігі үшін кешірім сұрады.

— Күшті әлсізді зәбірлейді, бай кедейді зәбірлейді, күшті мен бай содан ләззат алады, әлсіз бен кедейдің содан көңілі қалады. Оған тосқауыл болатын білім бұл қазақта болмай тұр ғой, — деді Қапез өзіне өзі сөйлеген адамша кейіп.

Қапездің сөзін әркім әрқилы оймен қуалап бір сәт бәрі жым-жырт отырып қалды.

— Оның рас, — деді Кәтіпбек қабағын шыта үн қатып. — Сен оқыған адамсың, Қапез. Оқыған адам оқымаған адамнан едәуір биік тұрады. Биікте тұрған адам биіктегіні көреді. Таудың басында тұрған адамның көрген-білгенін таудың қасында тұрған адамда көріп-білмейді. Бірақ екеуі де: «Біз тауда тұрамыз» деп көпіреді. Тіпті таудың қасында тұрған басында тұрғанға жеңістік бермей де кетеді. «Көргенді көттеген жеңеді» дегенді қазақ сірә, сондайға айтқан болар. «Білместің білмегенін кешірмесең, білгендігің қайда?» демей ме қазақ. Ағаның әпербақан балалары бір ағаттық жасап қалды. Қапез, Тазабек, сабаларыңа түсіңдер! Той — халықтың несібесі, ортақ іске ортақ көңілмен қараңдар.

— Қапезжан, ат-шапан айыбымды өтермін, өнеріңді жұртқа аянбай көрсетші! — деп, Тұнық қарт осымен сөз тәмәм болғанын аңғартып, орнынан көтерілді.

* * *

Қапез кешкісін қанаттанып шырқады. Ертең басталатын той бүгін басталғандай болды. Әуелгіде босағадан сығалаған жұрт сәлден соң табалдырықтан аттады, біраздан кейін есікті де ашып тастады, оған да қанағат етпей, ақырында іргені түріп тастап тыңдады. Жұрт алқалағанда арқалы адамның адам танымастай түрленіп кететінін Тазабек өз көзімен көрді: ән шырқаған кездегі Қапез күнде өзі көріп жүрген Қапез емес еді, даусы да, мінезі мен түрі де — бәрі басқа, бәрі ғажап! Өзінің алдына Қаратайды салып, Қапез жұртты бір таңғалдырса, артынан өзі шырқап екі таңғалдырды.

«Қайран заман асау құлын секілді байланбаған», — дегенде, жұрттың кешегі күнін көз алдына қайта елестетті. Бастығы дана болса, өзі де дана болған, бастығы шала болса, өзі де шала болған момын қазақ елінің өткенін, сірә, күрсіне еске алды. Бастығына қарап бас изеп өскен әдетін күрсіне еске алды.

Қапез бір әннен кейін бір әнге басты.

«Мына заман қай заман, соқпа заман,

Бұдан басқа қызығың жоқ па, заман?

Бұдан басқа қызығың жоқ болса егер,

Күліп-ойнап алайық, тоқта, заман!» —

дегенде, күрсінбеген бір адам қалмады. Содан Шалтабайдың әнін шырқап:

«Қазақтың аты шыққан сұңқары едім,

Қайрылып қанатымнан жарға қондым», — деп қайырғанда, санасы сан-саққа жүгірген жұрт күлерін де білмей, жыларын да білмей қозғалақтады. Қапездің даусы Тазабекке көкжиектен көкжиекке жетіп жатқандай көрінді. Тұйық жайлауының жалпақ даласы, тау-тасыҚапездің үнін жұтына сіміріп жатқандай сезілді. Шалқар дауыс елге шалқар қуаныш, сиқыр таңданыс сыйлады. Құдай біледі, шыбын-шіркей де тырп етпей тыңдаған шығар. Ән біткенде жұрт әлі есеңгірегендей болып есін біразға дейін жинай алмағандай жым-жырт отырып қалды. Тұнық қарт орнынан тұрып кеп Қапезді үнсіз құшақтады.

Сонан соң қарт айнала қарап оң қолын жоғары көтерді.

— Тапқан анасына, таптырған әкесіне рахмет! — деді даусы дірілдеп.

Жұрт жамырай шуласты. Кенет сол кезде есіктен бір егде әйел еңкейе кірді. Жұрт дабыры тыйыла қалды.

— Мен жаңағы әнін айтқан батыр атамның немере келінімін! — деді салмақпен. — Отағасы тірі болғанда ат мінгізетін еді. Мынау алтын білезігімді қолымнан алып беріп тұрмын. Келін қолына тақсын!

Қапез білезікті алып, кемпірді қолынан сүйді. «Бойдақпын, білезікті кімге берем?» демеді. «Алтын көрсе, періштенің жолдан тайғаны» осы шығар деп топшылады Тазабек. Ол ойының ағаттығын ертесі бір-ақ аңғарды.

Көк шалғынға текемет, кілем төсеп, сыйлы қонақтар сыртта отырған. Сол кезде қымынған да жоқ, қысылған да жоқ, Бәкеннің жанында отырған Жібекке келіп Қапез қолын ұсынды. Жібек көзі жыпылықтап елге бір, Қапезге бір қарап қатты састы.

— Жібек, ұстатшы білегіңнен! — деді күле бұйырып. — Алтын білезік сенікі.

— Не үшін? Қалың мал ма?

— Жоқ, Шалтабай атамыздың бізге берген батасы.

— О, бәрекелді? — деді бір қарт Қапездің қылығын хош көріп. — Сала ғой, балам, қысылма!

Тойдың тарту-таралғысы да бір төбе болды. Қапез қос ат жетектеп, Қаратай тай мінді, Тазабекке қарттың өзі құшақтап бұлғын ішік жапты. «Балаларымды дұрыс сабағаның үшін», деді күліп. Естігендер кеңк-кеңк күлісті. Қарттың қасында тұрған Кітәпбек бөліне шығып кеп Қаратайды құшақтады.

— Мен мына Қаратай жиенім мен Қапезді, Тазабек дәу — үшеуін Іленің арғы бетіне Белжайлауға елімнің атынан шақырам! — деді. — Келесіңдер ғой?

Қапез Тазабекке қарады. Ол басын изеді.

— Барамыз.

— Күтеміз.

...Тойлы ауылдан ұзай бере Қапез Тазабекке бұрылып:

— Біз ат мініп қайтқанда сіздің жаяу қайтқаныңыз жараспас, бір атымды сізге сыйладым, таңдағаныңызды алыңыз, — деді.

— Жоқ, мен де жаман сыйлық алғам жоқ. Тайым қашан ат болады деп күтіп жүре ме, бір атыңды Қаратай мінсін. Екеуімізге Қаратайдың қуанғанынан артық қуаныш бола ма?

Қапез атынан аударылып кете жаздап кеп Тазабекті құшақтай алды.

— Қаратай, Тазабектей ағамыз бар екеуіміз қандай бақыттымыз!

* * *

Тазабек үйден шығысымен-ақ Шәйі Кобзевтің үйіне тездетіп кіріп алуды ұйғарды. Орыс көрген рахатты қазақ көрсе, күнә бола ма деп ойлады. «Апа! — деді енесіне, — ана үйді тазалап келейін, кешке дейін соған көшіп алайықшы!»

Келінін бетінен қағып көрмеген Қалиша бұл жолы да қыңқ демеді. Шәйі Кобзевтің қарағайдықиып салған үйінің іші-сыртын су жылытып жуды. Еденін, төбесін түгел сүртті. Қожабектен екі өгіз сұрап алып, түс ауа Тоғызбұлақтағы үйін жықпай-ақ, ішіндегі көрпе-жастығын, киізі мен кебежесін Кобзевтің үйіне артып әкелді.

— Қарғам-ау, осынша асығып не көрінді? — деді енесі таңданып.

— Балаңыз келгенде бізді Тоғызбұлақтан таба алмай қалсын, — деді күліп.

Қожабекті шақырып Құран оқытты. Баптап шай, дәмдеп қуырдақ берді. Түнде енесі мен Оралбек ішкі үйге, өзі ауызғы үйге жатты. Шәйіге ас ішетін бөлменің жеке болғаны аса ұнады. Ыдыс-аяқтың, киім-кешек, көрпе-жастықтан араласпағаны дұрыс екен деп түйді. Тазабек құптар ма екен, келгенімді неге күтпедің деп ренжір ме екен? Жақсы көрем дегені рас болса, жымың етер де қояр. Өтірік болса, осындайды пайдаланып қай-қайдағыны айтар.Қаншама сенейін десе де түбегейлі сендірмей бір түйткіл Шәйіні үнемі шырмайды да жүреді: орыстың қорлағаны анау, қалмақтың зорлағаны анау, бәрін біле тұрып бір кейістік айтпайды; шыны ма, шыдамдылығы ма? Бірақ аймалауында, құшып-сүйгенінде секем алып, сезік салар бір салқындық жоқ: қалай еркелесе солай еркелетеді, жұмағымсың дейді құлағына сыбырлап. Сол сәттің жұмақ екенін Шәйі де мойындайды.

Шәйі өзінің соңғы кезде Жүзікке де сезікпен қарай бастағанын тітіркене еске алды. Малды жайлауға шығарайық дегендері әншейін Табай екеуінің ойлап тапқан сылтауы секілді. Табайдан бала тапқан соң Ағынтайды да, онымен бірге өртенген балаларын да, ата-енесін де — бәрін ұмытатын шығар? Малдың қамын ойлағансып, Байғабыл ағамен бірге жайлауға шыға қалғаны ептеп бізден алыстағаны да. Сәменді де менен салқындатпақ па? О, құдайым-ай, әлде осының бәрі менің әйелдік күмәнім бе?

Аунай бергенінде әлдене сырттан сырт еткендей болды. Лақтырған тастан пыр-пыр ұшқан торғайдай ойлап жатқан күдігі быт-шыт бытырап кетті. Әлдекімдер күбірлескендей көрінді. Біреу үйді айнала бірдеме іздеп жүргендей. Ұшып түрегеп есікке барды. Тыңдап көріп еді, түк ести алмады. Саңылаудан тыңдайын деп, ілгегін ақырын ашып, есікті сыртқа итерді. Ашылмады. Әлдекім тіреп тұрғандай. Қатты жұлқып қалып еді, солқ етті де, саңылау бермеді. Әлдекімнің сырттан бекітіп тастағанын сезді. Неге? Не үшін? Жүгіріп енесі жатқан үйге кірді.

— О не? — деп, о кісі ояна кетті.

— Апа, бізді біреу сыртымыздан бекітіп кетті.

— Не дейт? Өртегелі жүрген шығар?

Солай екенін Шәйі түсінді. Өле ме? Өлмейтін не амал бар? Жүгіріп барып терезеден қарады. Терезені сыртынан жабатын ағаш қақпақтың темір ілгішінсыртқа итеріп еді, ол да қозғалмады. Бекітіп тастапты. Тірідей өртеудің әдісін әбден білетін біреу болды.

Енесі мен Оралбекті табалдырықтың дәл түбіне жатқызды да, текеметке екі шелек суды лақ еткізіп құйды. Сонан соң екеуінің үстіне жапты. Төргі үйден түтіннің иісі мүңк етті. Оқтау есіне түсті. Әкеліп терезені ұрғылап еді,әйнегін сындырғаннан өзгеге оның әлі келмеді.

Төргі үйден лап еткен қызыл жалынды көзі шалды. Кенет Тазабектің мылтығы есіне түсті. От тисе, оғы мен дәрісі атылып кетеді ғой. Мана тығып қойған жерден мылтық пен оқ-дәріні іздеп тауып алды, бірақ түтіннен қақалып-шашалып, ауызғы үйге атып шықты. Кірген есігін шығарда таба алмай жанталасты. От ауызғы үйге де жетті. Терезенің тұсына тұра қалып, сыртқа қарай қосауызды басып-басып жіберді. Құлағы бітіп, қақалып-шашалып, тіпті өз даусын да ести алмады. Сипалап жүріп қосауызды тағы басты. Енді ортаңғы үйге мылтығын қалдырды да, қалған оқ-дәріні дорбасымен ішкі үйге қарай өрт ішіне бар құлашымен лақтырып жіберді. Басына суланған киіздің бір шетін бүркеп, бала мен енесінің қасына ол да жата кетті. «Өлетініңді білген өлімнің өзінен де қорқынышты екен-ау?!» — деді әлі ақыл-есі дұрыс екенін өзі соңғы рет сезіп жатып. Одан кейін Оралбектің аяғы алақанына тиген сияқтанады. Түнектің ішіне түк қарсылықсыз кетіп бара жатты.

Қас-қағым сәт пе, әлде одан көп пе, өзі де білмеді, бір кезде құлағы адамның даусын естіді.О дүние деген осы шығар деді бұлдыр ойлап. Әлдекім жұлқыды. Бәлкім, сілкіледі. Біреу бетіне су шашты.

— Тірі! Тірі! — деді бір еркек. Шәйіге ме, басқаға ма, — белгісіз.

Бұлдыр дүниенің арасынан былдырлаған орыстардың даусын естіді. Өліп бара жатып та адам түс көреді екен-ау?!

* * *

Кегеннің тұсынан Қапез бен Қаратай жайлауға бұрылып, Тазабек ауылына жалғыз кеткен. Үйіне кіріп келгенде, үрейден жүрегі ұшып кетті: түк қоймай тонап, ине-жіп қалдырмай үптеп әкетіпті; шешесін, қатыны мен баласын — бәрін қырып тастаса керек. Өзін өзі көтере алмай,Тазабек тізерлеп отыра кетті. Миы, ақылы, сезімі — бәрі қасқыр шапқан қойдай быт-шыт.

 — Өй! — дегендей болды әлдекім. — Байғабылдың әйелі Бөбек екен.

— Өй, Тазабек, түрегел! Өзім де сен жаман ойлап қалады-ау деп жүгіріп ем, бәрі аман, Жалаңаштағы орыс берген үйге көшіп алды. Саған бір тосын сый жасайын депті келін.

— Шын ба, апа?

— Е, өтірік айтып маған не көрініпті.

— Түһ, апа-ай, бәрін орыстар қырып кеткен екен деп...

...Тазабек Жалаңашқа келгенде, күн әжептәуір еңкейіп қалған. Кобзевтің күйген үйі Шәйінің әке-шешесі өртенген күйді көз алдына әкелді. Атынан ауып түсе жаздады. Жарық дүние жалп етіп, жабылып қалды. Көзі қарауытып кетті. Бәрін күтсе де, мынадай сұмдықты күтпеп еді. Кенет құлағына Қожабектің даусы жетті. «Бәрі аман! Бәрі аман!» —  дейді. «Қалай аман? — деді күдіктеніп. — Үй түгел өртеніп кеткенде, олар қалай аман қалады?»

— Бәрі біздің үйде. Жүр! — деп, Қожабек атын жетектей жөнелді.

...Қалиша бір іргеде, Шәйі екінші іргеде жатыр екен.

— Апа! — деп, Тазабек бас жағына тізерлеп отыра кетті.

Апасы ақырын көзін ашты. Ерні азар жыбырлады, үнін ести алмады. Кірпігін қақты. Сірә, көрдім деп амандасқаны болар.

Шәйі басын көтеріп, боздап жылады. Оралбек бас салып, бауырына кіріп кетті. Үшеуінің тірі екеніне анық көзі жетті.

* * *

Тазабек тағы дал болды: бұл орыс дегенің қандай халық? Бірі жауыз Сергейчук секілді, осы өртті не жасаған, не жасаттырған сол; бірі қазақтан өткен қамқоршы: егер көрші орыс мылтықтың даусын естіп тұра жүгірмесе, шешесі де, әйелі мен баласы да — бәрі өрттің құшағында өлмек. Есікті ашып, босағада талықсып жатқан үш пақырды далаға сүйреп шығарып,  ауыздарына су тамызып, тірілтіп алған орысты қалайша аузың барып жамандарсың?». «Бiреу есiктiде, терезенi де сыртынан бекiтiп, үйдің ішіндегілерді өртеп өлтірмек болғаны беп-белгілі», — деді мылтықтың даусын естіп, далаға атып шыққан орыс. — Лап еткен жалынды көріп, жартылай жалаңаш жүгіріп жеттім.

Артынан әйелі, баласы — бәрі ұмтылыпты. Босағада былқ-сылқ жатқан үшеуін сүйреп шығарған солар екен. Тазабек оларға айрықша алғысын айтты.

— Қызметіңе бір қой ал, оны азсынсаң, қалағаныңды сұрамай ал», — деді.

— Адамды аман сақтап қалудың өзі сый емес пе? — деді орыс күліп.

Басыңа күн туғанда ағайыннан артық қамқоршы жоқ екеніне Тазабектiң көзi тағы жеттi. Көрпе-жастық, киім-кешек,төсек-орнынан жұрдай болған Тазабек шешесі мен әйелін қалай үйге әкетерін білмей дал еді, жағдайын естіген алыс-жуық жұрт үйге төсейтін текеметін де, жататын көрпе жастықты да — бәрін жарты күнде жыйып әкеп бергенін көргенде әрі риза болды, әрі таңғалды, бұл қазақ біліп болмайтын халық екен, бірде тасбауыр жауың секілді, бірде бәрін бір сенен аямайтын бауырың секілді. О, ғажап, дүние-ай! Үйі үй қалпына келіп тұрған соң, бала-шағасын арбаға салып, Тоғызбұлаққа әкеліп алды.

— Бәріне мен кінәлімін. Бір шайтан айдады, — деді Шәйі жыламсырап. — Сені бір таңғалдырайын деп ем, ақыры апамнан айрылып қала жаздадық.

Апасының жағдайы Тазабекті қатты алаңдатты: сап-сау жүрген адам қазір күрк-күрк жөтеледі, сәл отырады да, басым ауырды деп жатып қалады; Оралбекті жалықпай ойнатушы еді, енді оны да қойды. Сөйте тұрып: «Шәйім мен Оралбегім аман болса болды, мен асарымды асап, жасарымды жасадым ғой», — деп өз күйіне өзі шүкіршілік қылады.

Апамды сорпалатайын деген ойға келіп, Тазабек жайлаудағы Табайдан мал әкелуге  Әділбек ағасының Кенжеғарасын жұмсады әрі оларды болған жағдайдан хабардар етуді ойлады.

Күн еңкейе бере Тазабек өгізге жүк артқан біреулердің ауыл шетіне келіп қалғанын байқады. Бір қарады да, ауыл арасында қоныс жаңартып жүрген біреулер шығар деген. Енді бір кезде әлгі өгізге жүк артқандардың тап өзі үйіне қарай туралап келе жатқанын көрді. Еркекті бір жерден көрген сияқтанады. Артынша өгіз жетектеген балаға көзі түсті де, тани кетті: той күні қозыны жамыратып алғаны үшін таяқ жеген бала.

— Оу, жол болсын, аға! — деп алдарынан шықты.

— Әлей болсын, Тазабек інім. Таныдың ба бізді?

— Таныдым, аға, таныдым.

— Танысаң, сол. Ара түсетін ағайының бар ғой, кет! — деп, бізді қуып жіберді. Барар жер, басар тауымыз жоқ, кім көрінгеннің таяғын жегенше, өзіңнің таяғыңды жейік деп келдік. Сүйреп тастасаң да сенің босағаңда өлейік дедік.

— Жарайды, әуелі үйге кіріңіз!

Әйелі мен алты-жетілердегі қыз бала: «Амансыз ба?» — деп амандасты.

Шүңірейген көздерін, кезерген еріндерін көріп, Тазабек пақырлардың жай-күйін айтпай-ақ түсінді.

— Шәйкен, қонақтар келіп қалыпты, шай қоюға шамаң бар ма? — деді күліп. — Әлде өзім-ақ қоя берейін бе?

— Аман қалғанымыз бәлкім, осы қонақтардың тілеуі шығар, өзім шай қояйын.

Екі жақ жөн сұрасып, одан ары шүйіркелесіп кетті. Бұл келген кісінің аты — Тәуірбек, әйелі — Айша, ұлы— Қали, қызы — Мәрия. Өзінің айтуына қарағанда, Тәуірбектің арғы аталары бір заманда әлдебір себеппен Арқадан ауып келген екен. Бұл арада бұларға бүйрегі бұратын адам жоқ деген оймен Тұнықтың балалары басына берген көрінеді.

Қиюы келген нәрсе кейде ойлағаныңнан да асып кетеді екен. Тәуірбек Тазабектің ең қыжалат жеріне қолқанат бола кетті. Мал бағу қолынан келген қазақ мал бар жерде далада қалмайды ғой, Табайға табылмас серік бола кетті. Жүзік пен Табай Қалишаны күтуге қалды да, Тәуірбек пен Айша жайлауға шықты. Олар қысылған кезде құдайдың өзі берген сыйындай болды.

* * *

Қоңыр күздің билігі жүріп тұрған кезде Қапез бен Жібек үйленетін болып, Байғабыл тойға Кобзев тамырын бала-шағасымен тойға шақырамын деді. «Табайды жұмсайық. Жолды біледі. Басқалар тауып бара алмас», — деді Тазабекке. Оны Тазабек те құп көрген. Табай да барсам барайын деген. Бұл сөз құлағына тиіп, күтпеген жерде Кенжеғара: «Табай жездемді әуре ғып қайтеміз, өзім-ақ барып келейін. Мен де жолды білем ғой», — дегенді айтты. «Сен әлі баласың ғой», — деуге Тазабектің аузы бармады. Бірақ Байғабыл оны баласына ма, қомсына ма деп қорықты. Болған жәйтті айтып көріп еді, Байғабыл қатты қуанып: «Әй, сенің осы інің адам болады. Қылығы ірі. Барса, барып келсін», — деп келісті.

Тойға Кобзев кемпірін, екі ұлын ертіп, кәдімгі қазақы құда-жекжатша үлкен бір өгізшесін жетектей келді. Екі-үш күн аунап-қунап, Тазабек пен Қожабектің үйіне бір-бір қонып қайтты.

Той өткен соң-ақ Қалиша қайтадан төсек тартып жатып қалды. Қан-сөлсіз өңінен өлімнің елесі көрініп тұрғандай болып, Тазабек пен Шәйі қатты шошыды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ, дайындала берейік», — деді Жүзік Шәйіні оңашалап.

О дүниеге шын беталған адам бұ дүниеде көп бөгелмейді екен, көп ұзамай Қалиша дүние салды. Егер өрт ішінде қалмағанда, ол әлі жүре тұрардай көрініп, Тазабек Сергейчукке тағы кектенді.

* * *

Қалишаның қырқы суық күзге тура келді. Ықтасынынан айырылған арық қойдай Тазабек бүрісіп, бір түрлі босаңсып қалды. Күздің ызғары денесін түршіктірсе, анасының қазасы жанын жүдетті. Біраз ақылы бар сияқты еді, бәрі божырап быт-шыт боп кеткендей: орнықты ештеңені ойлай алмайды, анамның шынымен-ақ өлгені ме деп, ойдан бұрын уайымға салынып кетеді. Өзі білінбей, көрінбей жүріп, бәрін жарастырып жүретін жан екен. Оралбек пен Шәйі де, Тазабек те — бәрі жеке-жеке төбеде бір-бірімен қатынаса алмай қалған ағайын адамдар секілді. Араларын жымдастырып тұрған нәзік жіпті жел үзіп тастаған тәрізді. «Оралжан!» деп еркелететін әже, «Шәйкентай!» деп сыйлайтын ене, «Тәйкентай!» деп мекіренетін ана енді біржола жоқ. Оған енді айта алмаған алғысыңды да, кеш түсінген білместігіңді де — ештемеңді де айтып жеткізе алмайсың. Үстіңде аспаның, астыңда жерің, ортасында ауаң — бәрі бар. Тек жер-көкте сені ең жақсы көрген, сен үшін жанын қиюға да дайын анаң жоқ. Ешқашан орны толмайтын, орнын ештеңе ауыстыра алмайтын, ешбір асыл мен қымбатқа ұқсамайтын, ешнәрсемен салыстыруға, ауыстыруға болмайтын құдірет! Түсінгені: анасы тіріде баланың бәрі, қанша жасқа келсе де, бәрібір бала екен?!

* * *

Бір күні Тазабек ревкомға кіріп бара жатқанда, Сергейчук шығып келе жатты. Қылғындырып, жағасынан ала кетті.

— Үйімді сен өртедiң, иттiң баласы! — дедi Сергейчуктің екі аяғын ербеңдете жерден көтеріп алып. — Шешем содан өлді. Енді сені мен өлтірем.

— Кімді кім өлтіретінін әлі көрерміз. Екі бауырымды сен өлтірдің. Балаңды көрдім, тап менің кіші інімнен аумайды. Сенің әйеліңді сол екіқабат қылған. Сен сол үшін өлтірдің оны.

Тап мұны Тазабек күтпеген еді. Орысты бар пәрменмен лақтырып жіберді. Домалап кеткен оған бұрылып қараған да жоқ. «Бұл да мені аңдып жүр екен ғой, иттің баласы!» — деді жерге бір түкіріп.

Сергейчук жайындағы ойларын айтып Қожабекпен ақылдасты. «О немең сүйкімсіз екені рас. Ыс тиіп Қалиша мен Шәйі құлап жатқан соң, бірден соған бала жүгірттім. Жалаңаштағы жалғыз пелшір сол ғой. Таптырмады, қайда жүргенін үй іші де айтпады. Тұқым-тұяғымен қазақты жек көреді. Бірақ ондай иттің қанын жүктегеннен не опа табасың? Жазасын құдай берер», — деді о кісі ойын құптамай. Бірақ оның тірі жүргенін көріп тынши алмасын тағы білді. «Оны көрмейтін жаққа көшіп кетуім керек шығар», — деді өз ойынан өзі қобалжып. Басқа қандай амал бар?

* * *

Желтоқсанның орта шенінде Тазабек Жылысайдағы ағайындарын аралады. Үш қонып, ауылына Әділбек ағасыныкінен аттанған. Қар қалыңдау түскенмен, биылғы аяз бет шымырлатар ғана. Қасатқа ұрынып қалмайын деп, Қулық тауының мойнағынан асқан соң, жота-жота мен қырат-қыратты қуалап қана жүрген. Тау етегіне жете бергенде, әлдебір ерттеулі аттың алысырақ сайда бос тұрғанын байқады. Ә дегеннен-ақ: «Әй, тегін емес-ау!?» — деп күдіктенді. Екі арада екі жайдақтау сай бар. «Мынандай қыста, мынандай айдалада бос ат бекерден-бекер жүре ме?! Неде болса барып білуді ұйғарды.

Сайдың түбінде екі бүктеліп адам жатыр екен. «Әй!» деп еді, қыбырлады. Басын көтерді. Екеуі де бір-бірін таныды. Сергейчуктің үлкен інісінің баласы. Оң аяғының жіліншігі дәл тізесінің астынан сыныпты. Пимасының қонышы әнтек қисайып жатқанынан-ақ байқады. Ол сірә сайға түсе бере атының тізгінін тартқан. Ал езуін тартқан соң ат басын кекжең еткізіп көтерген, сол сәт шауып келе жатқан ат алдындағы тасты көрмей қалып, сүрініп құлаған. Мылтығы бес-алты қадам жерге ұшып кетіпті. Тазабек мылтықтың дәл қасына келіп атынан түсті. Қосауызды қолына алып, екі оғын шығарып қалтасына салды. Көз қиығымен бәрін байқады: бұл мылтықты көтергенде, орыстың өңі құп-қу болып кетті. Оғын шығарып алғанда ғана шыға жаздаған жаны қайта кірді.

— Қанша болды жатқаныңа?

— Көп болды.

— Пимаңды тіліп шешіп тастамасам, басқа амал жоқ.

— Мейлің.

Сынған жіліншегін шұлғауымен қалыңдап орап, оның сыртынан өз белбеуімен байлап, бір ұшын таңып тастады.

Атын ұстап әкеп, орысты көтеріп алып еріне отырғызды. «Ердің қасынан ұстап отыр», деді де, шылбырынан жетектеп алды.

Жалаңашқа екеуі қас қарая жетті. Әйелі, бала-шағасы у-шу боп қарсы алды. Орысты аттан көтеріп алып, әйелі даярлаған төсегіне жатқызды да, Тазабек қайрылмай шығып жүре берді. У-шу болғандар оның қалай кетіп қалғанын байқамады да.

«Үйді өртеуге Сергейчук өзі келді ғой деймісің?Сөз жоқ, осыны жұмсады!— деп ойлады Тазабек атына мініп жатып. — Адам ғой деп, адалдық жасадым. Әркім өз күнәсін өзі көтерер».

* * *

Тазабектің әлдебір мазасыз күйде жүргенін сезгенмен, Шәйі сұрамады. Өзі айтпаса, сұғанақтық жасағанды жаны сүймейді. Бірақ кейде бақылай жүріп, айтпаған сырын да анықтап алады.

Жалаңашқа кеткен Тазабек келіп қалар ма екен деп, есіктен шыға бере жолға қараған. Шана айдаған орыс әйелін көрді де, қайта үйге кіріп кетті. Сықырлап кеп есіктің алдына шана тоқтады. Әкем деп қалды ма деген Оралбек орнынан ұшып түрегелді.

— Отыр, суықта не бар? — деді оған жекіп.

— Сәлеметсіз! — деді әйел еркін қазақшалап.

— Сәлемет. Төрлетіңіз!

Келген — Сергейчуктің келіні. Қолында Тазабектің белбеуіне ораған дәу бөлке.

—Мынаны балаң жесін, — деді бөлкені көрсетіп.

Шәйі бөлкеге емес, белбеуге қарады.

— Айдалада аттан жығылып аяғы сынып жатқанда күйеуімді сенің күйеуің үйге алып келген. Сонда аяғын орапты.

— Отыр. Шәй қояйын.

— Рахмет. Асығыспын. Әлгі менің қайнымнан туған балаң мына бала ма? — Ол Оралбекке қарады, Шәйі әйелге аңыра қарады. Бәрін анық-қанық білетін адамша сөйлегені үнсіз мылтықпен атқандай әсер етті. Шатқаяқтап барып керегеге сүйенді. Әйел жауап күтпестен шыға жөнелді. Бір сүйеніш іздеген Шәйі керегені жағалап барып, жүкке арқасын тіреп отыра кетті.

Құпия деп жүргені жария боп шықты.

Үйге Тазабек жан-жағына жалтақтай кірді.

— Ана әйел жайша жүр ме?

— Белбеуіңді әкеп тастады.

— Бірдеме деді ме?

— Деді. Оралбекті менің қайнымның баласы деді.

— Кімнің аузына қақпақ боламыз, кетейік бұл арадан.

— Сөйтсек сөйтейікші.

Екеуіне қарап состиып тұрған Оралбекке Тазабек құшағын ашты.

— Құдайдың берген баласы, бері келші!

* * *

Жер жібіп, жазықта көк қылтиып, тау сағасында қар алашабдарланып, көктем шіркіннің босағадан сығалап қалған кезі болатын. Екі кештің арасында Тоғызбұлаққа Самсалы салт келді.

— Аға, сізді Секерин шақырып жатыр, — деді Тазабекке босағадан аттай бере-ақ.

— Дәл қазір ме?

— Иә, «Үйде күтем», — деді.

Шәйі күйеуіне үрейлене қарады. Оның көзіндегі шошыныс Тазабектің көңіліне де кірді: «бейуақытта не шақырыс?».

— Келе ғой, нан ауыз тиші! — деді Шәйі Самсалыны төрге шақырып.

— Секериннің қасында біреу бар ма?

— Жоқ. Ойнап жүрген жерімнен мені өзі тауып алды. Ешкімге естіртпей, оңашалап айтты.

...Секерин Тазабекті жылы қабақпен қарсы алды.

— Әлдекім үстіңнен арыз түсірген секілді, — деді бірден күлтелемей. «Үйезге келіп, Жалмағамбетовке жолықсын» депті жаркенттегілер. Телеграммада одан басқа ештеме айтылмапты, мен бірақ тегін емесін түсініп отырмын. Бәленің басы осындайдан басталатынын талай көргенмін.

— Жалмағамбетов деген кім?

— Білмеймін. Көп бастықтың бірі шығар. Қалай-қалай емес, жалғыз барма. Өзің кірмей, әуелі Жалмағамбетовке ертіп барған адамыңды кіргіз. Егер қәуіпке анық көзің жетсе, бір-екі ай ауылға жоламай, басқа жаққа қашып кет. Қазір үйездегілер ай сайын ауысып жатыр, тыныштанған кезде келе жатарсың.

 — Сергейчуктен келген пәле емес пе?

— Жоқ. Мен де содан күдіктеніп, шақырып алып едім, ант-су ішті.

— Жарайды, құдайдың басқа салғанын көрерміз.

— Байқа. «Құдай да сақтансаң сақтайды» дейді ғой қазақтар.

* * *

Тазабек қасына Табайды ертті. Жәркент келіп-кетіп жүрген қаласы болғанмен, бұл жолы оған құрулы қақпандай көрінді. Екеуі Жалмағамбетов дегеннің кеңсесін аса қиналмай-ақ тапты. Бірінші сұраған адам-ақ нұсқап жіберді. Тазабек екі атты есік алдында өзі тізгіннен ұстап тұрды да, кеңсеге Табайды кіргізді. «Ұстаңдар!» деген дауыс шықса, алдыңғы ұмтылғанын бір салып жіберермін дегендей қамшысын қысып-қысып қойды. Пәле қайдан, жала қайдан демейтін заман туды ғой.

Табайдың қымың еткен жүзін көріп, Тазабек таңдана тосырқады.

— Өзің кіріп шық, — деді Табай қымыңдап. — Жалмағамбетов дегенің баяғы Қытайдан бірге өткен Амалбай болып шықты. Арыз жазған Тұнықтың балалары, жазып берген Бәкен екен.

— «Бізді сабады» деп пе?

— Барсаңшы. Өзінен естірсің.

Амалбайды Тазабек бірден таныды. Бір бөлмеде бір-бірінен бір-бір адым қашықтықта үш кісі отыр екен.

— Ассалаумағалейкүм! — деді әдеп сақтап.

— Бері келіңіз, — деді Амалбай бәрі үшін амандасқан сыңай танытып. Түсі суық, қабағы қату.

— Келдік. Хал-жағдайыңыз қалай?

— Жағдайды мен сұрармын, жауапты сіз бересіз. Мұнда сіздің тамыр-танысыңыз отырған жоқ. Түсіндіңіз бе? — Амалбай жан-жағына жылдам көз қиығын тастап шықты да, тұқшиып төмен қарады.

— Түсіндім. — Бұл сөз Тазабекті тіксінтті. Астарында әлдебір ым жатқанын ұқты. — Құлағым сізде.

— Онда, тыңдаңыз. Сіздің қойыңызды Тәуірбек деген кісі баға ма? Кеңес өкіметі құл мен күң ұстағандарды қатаң жазалайды. Ондайларға біздің ортамызда орын жоқ.

— Иә. Менің де, өзінің де қойын қосып бағады.

— Сіздің қойшыңыз ғой?

— Жоқ, ол да, Табай да, екеуінің бала-шағасы да — бәрі кезектесіп бағады.

— Табай да қойшыңыз емес пе?

— Жездем. Өзіңіз де білесіз, ...

— Һім. Айша деген кім?

— Тәуірбектің әйелі.

— Қали шы?

— Ол — баласы.

— Солардың бірі сізге құл, бірі күң болып жүргені рас па?

— Өтірік. Қойымды кей-кейде өзім де бағам. Сонда өзіме өзім құл болам ба? Тұнық қарттың тойына дейін Тәуірбек деген адамның бар-жоғын да білмейтінмін. Балалары қуып жіберген соң, маған келіп паналады.

 — Түсінікті. — Кенет Амалбай сыбыр ете қалды. — Біз бір-бірімізді танымайтын адамбыз. — Содан соң даусын кілт көтерді. — Арыздың мәнін түсіндіңіз ғой?

— Түсіндім.

— Бұл жала болса да өте қауіпті жала. Ойнамаңыз. Қамап тастайды. Атып жіберуі де мүмкін, — деді бәсең үнмен.

— Өкімет оған жол бере ме?

— Өкіметтің дегенін жүзеге асыратын — адам. Ал адамды адам әрқалай түсіне береді. Жан керек болса бір ай бойы Іледен ары өтпей-ақ қойыңыз. Ең дұрысы ол арадан үй ішіңізді көшіріп әкетіңіз. Бұл намыстанатын жағдай емес, жан сақтайтын бірден-бір амал. Маған сіз келген жоқсыз, Табай ғана келді. Түсіндіңіз бе? Мен сізді «таба алғам жоқ» деген мәлімет беремін.

— Ұқтым. Бәрі құдайдан қайтсын!

...Амалбайдың адамшылығына Табай мен Тазабек аң-таң қалды. Елеусіз ғана, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқы түсініксіздеу біреу секілді еді, тап мынандайды одан екеуі де күтпеген.

— Ал енді не істейміз? — деді Тазабек басын сипап.

— Көпзіпке барамыз. Басқа қайда барушы ек?

...Екі итін абалатып, Кобзевті күңкілдетіп, олар Китіңге ел жата жетті.

Кобзев Тазабек пен Табайға туған бауырлары іздеп келгендей қуанды. Китің ауылы екі таудың ортасындағы жазықтың иіліп келіп тұйықталған тұсында екен. Жеті қазақтың, алты орыстың үйі бар, қасында өзені бар, өзенінің бойында тоғайы бар, өзенге құятын бірер бұлағы бар, ұзын астаудай ойпаң жер екен. Кобзев қой сойып, қонақасы берді. Орыс достарымен таныстырды.

 — Кітәпбек деген қазақ осы жақтамын деп еді, білесіз бе? — деді Тазабек.

— О, білгенде қандай?! Оны осы арадағы қазақтардың атаманы десе де болады. Іргетау деген жерде отыр. Барғыларың келсе, ертең-ақ алып барайын.

...Ел жатарда Тазабек Кобзевтің үйінен ұзап біраз жерді жаяу аралады. Арыздан бүйтіп қашып құтылғанына қуана алмады. Адамдардың арамдығынан заң да, заман да қорғай алмайды екен ғой. Арыздан мұны құтқарған адамның өзі қорқып отыр. Ел ішін жаппай қорқыныш жайлап келе жатқандай.

* * *

Кітәпбек бұларды күтіп жүрген адамша қарсы алды. Тазабек пен Кобзевтің әңгімесін әбден тыңдап болған соң, жағдайды қазбаламай-ақ ұқты.

— Тазабек, — деді екі көзін Кобзевтен алмай отырып, — біздің, қазақтың білімі — баста, оны бәрі өзімізден сұрап біліп алады, сұрамағаны көріп алады, ал орыстың білімі — қағазда, оны тек оқу білетін адам ғана үйрене алады, сондықтан орыс көбейген сайын біздің білетініміз азайып, өмірдің, заңның құпиясы көбейіп барады. Орыстың  қағаздан білгенін қазақ білмей барады. Қазақтың білген-білмегенін керек қылмайтын орыс күн сайын көбейіп келеді. Осының бәрін ойға сап қарасақ, сені ақтап алатын қазақ үйезден, тіпті шыға да қоймас. Ана арыз жазған қазағыңды мен жақсы білем, олар сенен жеген қамшысын бастары жерге жеткенше ұмыта қоймас. Осы өшіккені өшіккен, не сен  өлгенде қояды, не өзі өлгенде қояды. Өз қазағың сені орысқа жамандаған жерден жеңіс табам деп дәмеленбе. Адал орысты паналаймын десең, Китіңге, Көбзіптің қасына көшіп кел, өз қазағымның қасында болам десең, маған кел, өзім өлмей сені жауға бермеймін.

— Қара басымды сақтау қиын болмас, он алтының дүрбелеңінде қасымда болған ағайын-туыстарымды тастап кеткенім өліммен тең емес пе? Мен Сергейчуктен қорқып та отырғам жоқ, шынымды айтсам, сол иттің қанын жүктеуден қашқалы отырмын. Онда қалсам, сөз жоқ, не ол, не мен өлем. Мені нағыз қинайтын нәрсе — осы.

— Сен сыйған жерге туған-туыстарың түгел сияды. Китіңнің жері жетеді, отыз үй келсең де келе бер. Солай емес пе, Кітәпбек? — деді Кобзев.

— Солайы солай, — деді Кітәпбек мұртын бір сипап. — Сақтықта қорлық жоқ деген бұрынғылар. Сен өзің осында қалып, мына Табай жездеңді жұмса. Әуелі үй-ішіңді Тоғызбұлақтан Жылысайға көшіріп әкелсін. Сонда біраз отырған соң үдере осында көшіп кел. Сөйткені дұрыс емес пе, Көпзіп?

— Өте дұрыс ақыл!

— Сіздің орыстар сенімді ме?

— Бәрі сенімді. Бәрі қазақтардан жақсылық көрген, алғашқыда келген орыстар. Қазіргі келіп жатқандар бізге ұқсамайды, өйткені біз келгенде, бұл жақта бірде-бір орыс жоқ болатын, бізге қазақтар ғана қамқорлық жасады, ал қазіргілер бұрыннан тұрып жатқан орыстарға келіп қосылып жатыр. Қазақтарға күні түспеген соң, қамқорлығы қандай халық екенін дәл біздей білмейді. «Білмеген у ішеді» дейсіңдер ғой, білмегендер үшін оларды сөгу де қиын, бірден сене қою да қиын. Сендер түгіл, олармен біз өзіміз де сыйыспай қаламыз.

«Туыстарыңмен түгел көшіп кел» деген сөз Тазабектің көкейіндегі түйткілді дөп басты. Ең солқылдақ жері де сол еді.

* * *

Китің Тазабектің көңілінен шықты. Шығыс бетін жиектеп Бурақожыр деген өзен ағады. Оны мұндағылар Китіңнің суы дей салады. Екі жағалауы иін тірескен тал-қайың, шырғанақ пен итмұрын, малға да, адамға да аса қолайлы жер. Бұлағы көп, бетегелі жота-жотасы қоңды қойдың құйрығындай теңкиіп-теңкиіп жатқан құнарлы төбелер. Туыстары көшіп келе қалса, қыжалат тартпай күн көріп кетер еді. Кім біледі, ары тарт — бері тарты көптеу жұртпыз ғой. Кіндік кескен жерден жырақтау кеткенді кім жақсы көрсін, бәрі келмесе де, Шәйі мен Табай қасында болса, оған да шүкір демеске лажы қайсы?

Бурақожырдың  қолайлы, қойнау жерлеріне  орыстар  ат соқамен картоп егеді екен. Жақсы шығатын көрінеді. Орыс біткен шетінен омарташы. Оны кәсіп қылған бірер қазақ та бар деседі. Сырлытам, Баркөрнеу, Үлкен Қарағайлы, Орта және Шет Қарағайлы деген орманды жердің бәрі жазда омартаға толып кетеді екен.

* * *

«Бүгін Орта қарағайға барып қайтайық», — деген соң, Тазабек атын ерттеп, Кобзевтің қасына жетектеп келді. Ол да атының тартпасын тартып жатқан. Ит шәу ете қалды. «Жат, ей!», — дедiкелген адам итке жекіп. Түйе жетектеген сары жігіті бар Кітәпбек екен. Түйеге артқан кереге, шаңыраққа көзі түсіп, Тазабек: «Маған әкеліп жүрмесе жарар», — деп күдіктенген.

— Көшіп келесің бе? — деді Кобзев амандасып жатып.

— Киіз үйдің кең ауасын жұтып үйренген қазақ орыстың тұмшалаған үйінде тұншығып өле ме деп, бір киіз үйді керек-жарағымен Тазабекке алып келдім. Ағайын деп бізді арқа сүйеп келгенде, бір баспана беру бауырлық қақымыз ғой.

— Мұны кім тігеді?

— Е, біз адам емеспіз бе? Мына сары жігіт — менің  інім, аты — Қамза.

Үй тігетін орынды Тазабек өзі таңдады. Үшеуі ә дегенше-ақ алты қанат үйді орнатып тастады. Теңнің ішінен Кітәпбек сары самаурын мен төрт-бес кесені суырып алғанда, Тазабектен бұрын Кобзев сүйсінді.

—  Сый қылсаң, сыпыра қыл деген осы шығар?! — деді басын шайқап.

— Әй, Көбзіп, мен емес, мұның бәрін жайғап жүрген — ана сары жігіт, — деді Кітәпбек мақтаудың да соған арналуы тиіс екенін меңзеп.

— Мен қатынды шақырайын, — деді Кобзев қалбалақтап. — Сары самауырға су құйшы. Қазақша бір шәй ішейік.

— Әй, сендер мені өйтіп-бүйтіп біржола алып қалайын деп жүрген жоқсыңдар ма?

— Алып қалсақ несі бар? — Кітәпбек Кобзевке көзін қысты. — Атамыз бір, әжеміз бір халықпыз, қай ауылда отырсаң да, бәрі өз елің емес пе?

— Кiтәпбек дұрыс айтады.

— Арыздасқан елден алыста, сыйласқан елдің ішінде жүрген жақсы ғой.

 — Оны Табай екеуміз шеше алмаймыз, біз жарты ақылымызды қатынға қосып қойған халықпыз.

— Е, қатынжандымыз десеңші. Қой, Көбзіп, қатыныңды шақыр, шәй ішейік.

* * *

— Тазабек, — деді Табай екеуі оңаша қалғанда, — мен бір сыр айтсам, ашуланбайсың ба?

— Айт, ашуланбаймын.

— Мына орысың да, ана қазағың да маған ұнап қалды. Қайырымды, сөздері де, істері де шын. «Сыйласқанға жат жақсы» дегенді бұрынғылар бекер айтпаған болар.

— Жақсы адам қай жақта да бар, сол үшін мұнда келу міндет пе?

— Әрине, жақсы қай жақта да бар. Бірақ мына Көбзібіңдей орысты жер-көктен іздеп таба алмайсың. Оның үстіне, өзің ойлап қарашы, елді билеп отырған — әлі де орыс. Солардың заңы, солардың айтқаны. Қазақ, өзбек, татарлар — бәрін сыйлап, бәрін қадірлеп отыр. Не үшін? Өйткені оған тыныштық керек. Тыныштық болмаса, ондай елді ешкім билей алмайды. Оны он алтыншы жылы көрді, көзі жетті.

— Онымен не айтпақсың?

— Көбзіптің қасында болсақ, орыстар бізге осқырып қарамайды.

— Солай екен деп, қазақты орысқа айырбастаймыз ба?

— Қазақтың жерінде біз қайда жүрсек те қазақ боп қаламыз.

— Ал жарайды, солай-ақ болсын. Тағы не айтасың?

— Мен сенің маған айтпаған сырларыңды да білем. Сен ешкімнің сырын сұрамайтын, ешкімге сырыңды ашпайтын, бітеу адамсың. Сенің мына көрініп тұрған сыртың бір адам, ешкімге көрсетпейтін ішің тағы бір адам. Не сыртыңа, не ішіңе ешкімді етене жақындатпайсың. Оныңа сүйсінем, нағыз еркексің.

— Орағытпай айт!

— Айтсам, сен өзіңді ғана ойлауды қой. Шәйіні де, Оралбекті де ойла. Сабыр! Айтып болайын. Оралбекті орыстың баласы дегенді алыс-жақынның бәрі сыбырлап айтады. Жүзік қойнымда жатқан соң, оның шын жағдайын мен ғана білем. Бірақ қай қазақтың аузына қақпақ боларсың? Бір күні бұл өсекті Шәйі естиді: қорланады, ұялады, қайда қашып құтыларын білмей дағдарады. Ол естігенді бір күні Оралбек те естиді. Ол не күйде болады? Саған қалай қарайды, елге қалай қарайды? Сен нағыз еркек болсаң, осыларды ойла.

— Айтарыңды айтып болсаң, бар! Әділбек ағамен ақылдас та, келем дегендердің бәрін әуелі Жылысайға, онан соң осында көшіріп әкел!

Сыздауықтың аузын тіліп, оның сөзі әрі жанын ауыртты, әрі мойындатты. Ол үйден шығып кеткен соң, арқасын керегеге сүйеп сұлқ отырып қалды. «Рас айтады! — деді күрсініп. — Бұл өсек Оралбектің құлағына тиген күні бәрі быт-шыт болуы мүмкін.

* * *

Мал келген соң Кобзевтің қасына отыру қиянат болатынын Тазабек түсінді. Оның өр жағына қоныс тебуді де теріс көрді. Батыс жақ іргеге шағын бастаудың қарсысына қоныс тепті. «Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды» дейміз. Бірақ сенің ағаң кенже ұлын қосып беріпті, оны істеген ағайынды әлгі сөзге қалай қиясың? Қисаң, қиянат болады ғой», — деген Кітәпбек қоныс іздемек ойын білгенде.

— Өзіңе мен берген үйді сол ағаңның кенже ұлына тік. Әлі саған қыстау, күзеу, көктеу — бәрі керек. Бәрінің орнын өзің аралап, өзің таңда.

«Таңда» дегені қалаған жеріңді ал дегені шығар?

* * *

Жаңа қоныс Шәйіге де қатты ұнады. Күн жұма болған соң аруақтарға бағыштап шелпек пісіргісі келді. Ата-бабасын, әке-шеше, бауырларын, ата-енесін еске алмай кеткеніне біраз болып қалыпты. Даяр тоңмайға пісіре салмай, шелпекті шыжық шыжғырып пісіргенді жөн санады. Нанды ыстық шыжықпен жегенді жақсы көретін Тазабекті бір қуантқысы да келді.

Жанған оттың пысылы мен шыжықтың шыжылынан жақындағанын байқамаса керек, әлдекім ту сыртынан:

— Бәйбіше, аман-есенсіз бе? — дегенде, селк ете қалды.

Жалт қарап, атынан түсiп жатқан Жомартты  көрдi.

—Жо-ма-арт! — Қолын етегіне жүре сүртіп тұра жүгірді. Маңдайын кеудесіне басып жылап жіберді.

— Оу, жұртқа тастап кеткен мен жылаудың орнына қашып кеткен сенің жылағаның қалай?

— Мен сенің іздеп келгеніңді күттім. Жәмеш қалай?

— Ол да келем деп еді, кішкентайды ауыртып алармыз деп, мен көнбедім.

Күн еңкейіп қалған екен, Шәйі самаурынын қойып, қазанға ет салғалы жатқанда Тазабек келді.

— Жомарттың аты қайдан жүр? — деді атынан түспей жатып. Әрі дос, әрі бірі қайнаға, бірі күйеу бала — екеуінің әзіл-қалжыңы айрықша: бірде досша, бірде қайнаға мен күйеу балаша құбылып кетеді.

Екеуі арқа-жарқа амандасқан соң, Тазабек тысқа шығып:

 — Әкеңе айт, бір тәуір қой сойып әкесін! — деді Қалиды жұмсап.

Бар етін қазанға салайын деп жатқан Шәйі Тәйкеннің мұнысын құп көрді: қарындасын сыйлаған адам күйеу баласын құрметтеуі керек.

Жомарт бұлардың опай-топай көшіп кеткенін кеш біліпті. Бәрі әлденені жасырып тұрғандай көрініпті. Өйткені бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай: «Білмедік», — деп, қысқа жауап қайыра беріпті. Ақыры Әділбек ақсақалдан Китің деген ауылдың атын біліп алыпты да, жолға шығыпты.

— Сендер қашуларыңды қоймайсыңдар, мен қууымды қоймаймын, — деп күлді.

Тұнықтың балалары арыз жазыпты дегенге ол өлгенше таңғалды.

— Олар тұқымымен әліпті таяқ деп білмейді. Бәкен — солардың жиені. Арызды сол жазып берген ғой, — деп Жомарт бірден дөп басты.

Жомарт үш күн қонып ауылына қайтты. Тазабек Қызылеспе деген жерге дейін шығарып салды.

* * *

Қоныс жаңалап көшіп-қонып жатқанда Жүзік босанды. Табай не табаны жерге тимей, не төбесі көкке тимей, ауада қалықтап жүрген құсқа ұқсар еді. Беті бет емес, кигізіп қойған күлкі секілді. Ұйықтағанда да езуі жиылмайтын шығар? «Қызыма жер-көкте жоқ ат қоям», — деп, жолыққан адамның бәрінен жақсы ат сұрап жүрді де, ақыры «Гүлдән» деп қойды. Сол қуанышты сарқып бола алмай жүргенде «Бізге де бір перзент келе жатыр», — деді Шәйі.

— «Жаңа қоныс жақты-ау бізге!— деп Тазабек шүкіршілік етті.

Кобзев пен Кітәпбектің ақылымен бұлар Бетбастау деген жерді жайлады. Құстұмсық дейтін мүйіс жотаның оң жақ қапталында жоғары беткейден шығып жатқан бастауды Бетбастау деп дәл атаған екен. Арқасын тауға тіреп үш үйді қатарластыра тіккенде үш үйлі ауыл төңірекке жараса кетті. «А, құдай, амандығыңды бер! Абыройыңды бер!» — деп тіледі Тазабек.

Көп ұзамай Кітәпбек:

—Жаңа жерге үйрене алмай, жатырқап жүрген шығарсың. Ағайындарыңмен біргекеліп, ерулігіңді жеп қайт, — деп Тазабектiауылына шақырып кетті.

Ерулікке әне барамыз, міне барамыз деп жүргенде тіршілік Тазабекке тағы бір барғызбай қоймайтын себеп тауып берді.

Бір арнаға түскендей болып өмір шіркіннің өңі кіре бастаған. Әділбек ағасының еншілеп берген баласы Кенжеғара биыл он алтыға толды. Бұл — біреуге ерте, біреуге дәл жас. Кез келген әкенің арманы — баласының қызығын көру. Жетпіске жетіп отырған әкесі бүгін бармын, қашан жоқ болар екем деп жалтақтап жүр ғой, сөз жоқ. «Тазабекке еншіледім. Енді ол қайтер екен?» — деп, іштей күтіп те жүрген болар. Ағаның үмітін ақтау — ініге парыз. Әлі өмір алда деп алдана бермей,  Кенжеғараның  аяғына тұсау салғаны дұрыс секілді. Сол оймен «қалыңдық іздеңдер!», — депЖүзік пен Шәйіге бірдей тапсырды.

— Оған ерте емес пе? — деді Шәйі.

— Саған ерте болмағанда, оған неге ерте болады? Қарай көр.

— Мен жасы үлкен күйеуіме сендім. Жетегінде жүрсем, өлтірмес дедім. Өзі жас, өзіндей жасты жетектей ала ма?

— Біз қайда қараймыз? Бір ініміз бен бір келінімізге қол ұшын бере алмасақ, неменесіне жер басып жүрміз?

— Дұрыс, — деді Жүзік жұлып алғандай. — Мен Тазабекті құптаймын. Жабыла іздесек, жақсы келін табамыз.

 

***

Тазабек пен Шәйі,  Табай мен Кенжеғара — төртеуі Үйгентас жайлауына түс ауа жетті.

Кітәпбектің әйелі албан тайпасының қызы болғандықтан, төркіндерім келді деп бұларды көргенде қатты қуанды. Тәуірбала деген әдемі келіншегі бар екен.Үйгентас дегендері үлкен бейіт боп шықты. Ортада үйілген тас бейітке атақты біреу жерленсе керек, оның айналасын дөңгелене қоршап ұсақ-ұсақ тас бейіттер тағы жатыр. Кең астаудай екі таудың ортасындағы ұзын жазықты Үйгентастың белі дейді екен. Жайлау десе жайлау-ақ, шіркін! Күнгей беті шүйгін шөп, теріскей беті қарағайлы, аршалы, ұзынды-қысқалы көп сай, сай сайын сан бұлақ, бұлақ бойы шылқыған саз, бетегесі мен теңгежапырағы тұтасқан жайылым. Гүлі мен көгі араласқан беткей. Дәл Үйгентастың көгі тым өзгеше: белдің үсті жайып тастаған көкпеңбек жабудай. Ұйысқан тапал шөп торлап тоқыған кілемдей бас-аяғы біртұтас. Бассаң, саздауыт көгал нәрестенің еңбегіндей былқ-былқ етеді. Мамық төсенішпен келе жатқандай әсер аласың. Қайран қазақтың жері-ай! Қайда барсаң да бәрі өзінше әдемі.

Кітәпбек көзін қолымен көлегейлеп тұрып, Тазабекке жайлауын таныстырды:

— Мына алдыңда жатқан үлкен жалпақ саз — Үсенсаз. Үсен деген ағамыз осы арада болыс сайланып, осы араны жайлаған. Ал мына батысқа қарай ағып жатқан белдің суын бұл жақтың жұрты Терісаққан деп атайды. Себебі бұдан басқа судың бәрі Ілеге қарай ағады да, тек осы су ғана батысқа қарай ағады. Анау жотаның ар жағына барғанда Қарғалы аталады. Одан соң Көксу аталып, Қаратал деген атпен Балқашқа құяды.

Қыз көре келген Кенжеғара Тәуірбалаға бірден ұнады. «Ағасы мен жеңгесі сыйлай білген бала өзге елді де сыйлай алады», — деді оның сыпайылығы мен Тазабекке деген ықыласын байқап.

— Осы қайнымды аяқтандырсақ деген ойдамыз, — деді Шәйі сөз арасына елеусіз ғана қыстырып.

— Ой, оны да сөз деп. Қыз дегенің қайсы ауылда жоқ. Мен саған бүгін-ертең-ақ бес-алтауын көрсетіп тастармын, — деді Тәуірбала құлшынып.

Кітәпбек бұларды қызы бар бірер үйге алып барды. Ауылдастарының оны ханындай сыйлайтыны Тазабекті қатты таңғалдырды. Үлкені де, кішісі де «Кітәш» деп құрметтейді. Көп қазаққа жетіспейтін бауырмалдық пен сыйластық осы ауылға жақсы орнығыпты. Соның бәрі Кітәпбектің кісілігінен екені көрініп тұр. Кімді кезіктірсе де құшағын жая барып амандасады, арқасынан қағып шығарып салады. «Әкеңе сәлем айт», «Шешеңе сәлем айт!» деп жік-жапар болып жатады. Көбінен кіші болса да, бәрінің атасы секілді. «Бізде де осындай бір адам болмады-ау!» — деп қызғана қызықты.

Ордың бұлағында бұларға Кітәпбектің Жұматай деген жақын жекжаты кездесті. «Ой, Кітәш, қонақтарыңмен бірге Аралтөбеге жүр. Аунап-қунап қайт!» деп жабысты. Кітәпбек не дерін білмей састы. Тәуірбала еркелік жасады:

— Бұ кісілер — менің төркінім. Көктемде Китіңге көшіп келген. Анау тұрған жігітке Шыңғыс ханның тұқымынан қалыңдық тауып берсең, барамыз, әйтпесе әуре қылма.

— О не дегенің? Бүкіл жалайырдан таңдап алам десең де, мен қастарыңда жүргенде, ешкім қолдарыңды қақпайды. Шарттарың сол ғана болса, не тұрыс, кеттік! — деді атына қарай ұмтылып.

Жұматайдың алғаны Кітәпбектің ағайын әпкесі Үминә. Ірі, алқам-салқам емес, жинақы әйел екен. Бауырмалдығы бірден байқалды. «О, менің Кітәшім келіп қалған ба?!» — деп, көргеннен құшағын жая жүгірді.

Тәуірбала атынан түсе сап сәлем салды. «Көп жаса, қара домалағым! — деп, оны маңдайынан иіскеді. Бәрімен амандасып, «Кітәш, қонақтарыңды үйге кіргіз!» — деді бұл үй өз үйің дегенді аңғартып.

Кітәпбек пен Тазабекті ең өкіндіргені — осыдан бірер күн бұрын бұл араға келіп кеткен Пішән серіні көре алмай қалғандары еді. Көріп қалғандар көзін жұмып, аузын ашып таңғалысады. Әнді айтқанда шалқытып, теңселе отырып тебірене шырқайтын көрінеді. Ән де айтылып, күй де тартылыпты. Өзі палуан, өзі мерген, өзі шежіре, әрі ақын, әрі әнші, ән де  шығарғыш адам екен.

...Тәуірбаладан мән-жайды естіп білген Үминә бұлар күтпеген қылық танытты. «Әй, жеңгесі, — дедi өз әдетiмен Шәйiге өктем сөйлеп. — Кітәштің көңілі көрінгенге құлай бермейді. Дәу күйеуіңде дәу адамгершілік бар шығар. Жақсыға жақсылық жасау — жаудан басқаның бәріне парыз. Мен қайныңа бір-ақ қыз көрсетем. «Ұнай ма, ұнамай ма?» — деп сенен де, қайныңнан да сұрамаймын. Қызға қайның ұнаса, бөркіңді аспанға лақтыра бер. Ол — менің жақын қайынсіңлімнің қызы. Текті десең, текті, әдепті десең, әдепті, көргенді әке-шешенің баласы. Байсырап, бай іздеп отырған ештеңесі жоқ. Кітәш кім көрінгенді ертіп келмейтінін біліп, бидайдың баратын жері — диірмен дегендей, қыздың баратын жері күйеу болған соң, қыздың да қор болмасын ойлап отырмын. Төрт ұлдан кейін туған бір үйдің айы мен күні, «айым да, күнім де осы!» — деп әкесі атын Айгүн қойған», —  деп, тіке  сөйлеп, төте қайырды.

Үминәнің үкімді үні Шәйіні бірден билеп алды. Оның шын пейілі дауыс ырғағы мен бет-пішінінен-ақ аңғарылып тұр еді.

— Әпкетай, мен сізге өзімнен артық сеніп отырмын. Не айтсаңыз да, қалай шешсеңіз де, мен бәріне мақұл, — деді Шәйі шын пейілімен толқып. — Бұл қайнымды, шын атын атамай, мен «Жақсыбала» деймін. Шынында да жақсы бала.

...Айгүнді Шәйі бір көргеннен ұнатты. Ұялып амандасты. Ешкімнің бетіне қарамай, шай қамдауға шығып бара жатқанын білдіріп, босағада жатқан қышқашты ала кетті. «Ақылды екен!» деді өзіне өзі сыбырлап әрі сүйсініп.

Қыз әкесі үйде жоқ екен, малға кетіпті. Шешесі бәрін білетін адамша, Тәуірбала мен Шәйіге көзінің астымен кезек-кезек қарағыштай отырды. Үминә өзі төрге отырып, бір жағына Тәуірбаланы, екінші жағына Шәйіні отырғызды. Кенжеғара Шәйіден төмен  отырып, шай құйып отырған Айгүннің қасына жайғасты да, кісілерге кесе алып беріп отырды. Шәйі қыз бен жігіттің қолын бағып, кесе ұсынған қыздың саусағы кесе беріп отырған қайнысының саусағына тиер ме екен, тимес пе екен деп бақылады. Қайнысы батылдық жасап бір-екі рет саусағын түйістірген тәрізді.

Қыз үнсіз бір қызарып, бір бозарып отырғандай көрінді. «Әй, екеуі қосылса, жарасып-ақ кетер еді-ау!» деп қуана үміттенді.

Екі жақ та шай үстінде қыз бен жігітке қатысты еш емеурін байқатпады. Әншейін келген қонақтардай әрнені айтысты. Тек дастарқан жинарда Тәуірбала қыздың шешесіне ықылас білдірді.

— Қызыңыздың құйған шайы таңдайымызды да, маңдайымызды да жібітті, онымен қоймай, көңілімізді де жібітті. Көп жасасын, бақытын тауып, бағы ашылсын!

— Айтқаныңыз келсін!

Қыз сонда ғана селк еткендей болып, шешесінің бетіне жалт қарады. Орнынан тұра бере Шәйі қайнысының бетіне көз қиығын тастады. Ешкімге байқатпай, босаға жаққа ығыса тұрып, қыздың сырт пішініне, өне бойына барлай, байқай қарап тұр екен. Кенет жігіттік жасап, қызға бірдеме деп бұрыла қарады. Қыздың да ерні жыбыр етті. Екеуі де жылы сөйлескен тәрізді.

Шәйі қайнысының өжеттігіне риза сүйсінді. Сыртқа шыққанда сыр тартып, қайнысын қасақана қағытты:

— Қыздан қорыққаныңнан керегеге жабысып қалдың ғой, Жақсыбала!  Не деп жалындың?

— Жалынғам жоқ, тәте. Қайта әзіл айтып сынадым.

— Не дедің?

— «Менің жаман екенімді жұртқа айтып қойма!» — дедім.

— Ол не деді?

— «Сен де мені ауылыңа жамандап барма!» — деді.

— Жауабы ұнады ма?

Кенжеғара үндемей күліп, желкесін қасыды.

— «Құдай жұптарыңды жазбасын!» — деді Шәйі қайнысын ақырын арқасынан қағып. Сол сәт ішіндегіде бүлк етіп, бір бұлқынды. Сірә, ол да бір қуанышты сезінген секілді.

* * *

Тазабектің бір түйгені: Жұматай да, Үминә да аңқылдақ жандар: сөздері естіп тұрғаныңдай, қылықтары көріп тұрғаныңдай, астары жоқ, бәрі — анық, бәрі —  көрнеу. Бір Жұматай емес, мұндағы бүкіл жалайыр: «Біз — Андаспыз, Шыңғысхан бізден шыққан», — деп мақтанады. — Біздің Әшіркүл. Зейнеп деген екі қызымыз Пішәнді де айтысып жеңген», — дейді желпігіп. Бұларға басқаша уәж айту еш мүмкін емес, «иә-иә» деп бас шұлғып қана құтыласың.

...Қыз кетәрі болмапты. Он бестен асқан бойжеткен адам танитын боп шықты. Қуанған Шәйі оңашада Тазабекке: «Тәйкен, — деді еркелей ішін алақанымен басып, — қарашы, мынау да қуанып тулап жатыр».

— Мал басы мен жан басы көбейсе, қатты қуанатын қазақпыз ғой. Қуанышы құтты болсын!

* * *

Енді тойға қамданам ба деп отырғанда Тазабек қыз әкесінен асықпасын деген жауап алды. «Қызым әлі жас, келесі жылға қалдырайық», — депті. Ойлай келе оны да жөн көрді. Күзде шешесінің жылын берсе, той мен асты жарыстырмағаны жөн секілденді. Алайда қызға үкі тағып, кәде-жоралғысын жасап, құда түсіп қойғанды құп көрді.

...Күзде шешесінің жылын беріп, бір парызынан құтылды. Қаңтар айының аяқ шенінде Шәйі босанып, өмірге Гүлсән атты қыз келді. «Туыс, бауыр екенімізді аттарының ұқсастығынан да ұғып жүрсін, менің Гүлдәнім мен сенің Гүлсәнің әпкелі-сіңлілі бір туған қыздай өссін!» — деп Табай осы атты таңдады. Тазабек пен Шәйі оған риза болысты.

Жайлаудың сәні кіріп, жер әлем әдемі гүл көрпе жамылғанда, Гүлсәні алты айға аяқ басқанда, Кенжеғара мен Айгүннің үйлену тойын Тазабек Бетбастаудың баурайында, Құсмұрынның шығыс жақ жазығында өткізді. Табайды арнайы жұмсап, тойға Қапез бен Қаратайды шақырды.Қожабек, Байғабылдың тобын бастап төбесі көк тірердей масаттанып Әділбек келді.

Қапез бен Қаратайдың әні бұл жақтағыларды сиқырдай баурады. Әсіресе Қапездің өз әні қатты таңырқатты.

 

«Ақтоғай, Кеңсу, Арал, Орта Меркі,

Қарқара Кеген менен жердің көркі.

Кейбіреу бүгін тату, ертең араз,

Берген соң бұзылмаса, дүние-ай, ердің серті», — деп қайырғанда, жас-кәрі әннің ырғағымен ырғатылып, қосыла ыңылдасты.

— Басқа жақты білмеймін, аралағам жоқ, дәл мына Іленің арғы беті мен бергі бетінде Қапез бен Қаратай екеуіңе теңесер ешкім жоқ. Мен екеуіңді осы жаққа бірінші шақырған адаммын, — деп, екеуіне Кітәпбек екі ат мінгізді.

— Ағасы-ау, маған сіздің атыңыз емес, «Қапезжан, шырқашы!» дегеніңіз де жетіп жатыр ғой, — деп, Қапез Кітәпбекті ризалықпен құшақтады.

— Тазабекжан, — деді Әділбек ағасы толқып. — Ініңе ылайық аға боларыңа сеніп едім. Алайда дәл бүйтіп ұлан-асыр той жасар деп күтпеп ем. Енді өлсем де, көрімде уайымсыз жатам.

— Ел-жұрттың алдында үлкен бір абыройлы іс жасадың-ау, Тәйкеш! — деп, Шәйі де риза болды.

— Сатпайтын, сатылмайтын іні тапсам, маған басқаның түкке де керегі жоқ! — деді Тазабек ешкімнің мақтауына масайрамай. — Одан ештеңе аямайтынымдыКенжеғара түсінсе болды.

Әлдебір ой айтқысы келгенде, езуін бір тартып, мұртын жыбыр еткізетін әдетімен Кітәпбек Қапезге түйіле қарады.

— Мен өзім, Қапез, бар жоғы молдадан екі-ақ апта дәріс алған адаммын. Оған мен кінәлімін бе, әлде тұра-ақ десе шыбық ала жүгіретін молда кінәлі ме, бір құдай біледі. Бірақ оқыған адамның әр сөзі ұйыған айрандай бойыма сіңе кетеді. «Пікір ішіңде өлгенше, сыртыңда талау болсын» деген ғой қазақ, мені ылғи мазалайтын бір ойымды айтайын. Сен маған соның мәнін түсіндірші.

— Айтыңыз!

— Айтсам, қазақ ішкі алауыздығын қоймаса, ешқашан ел болмайды. Бірін бірі жамандайды, бірін бірі көре алмайды. Біреу озып бара жатса біреу оның аяғынан шалады. «Неге өйттің?» десе, анау оған кектене қалады. Менің ойымша, бұл да соғыстың бір түрі. Ал үнемі өз-өздімен соғысып жатқан елде ілгерілеу бола ма?

— Үйбай-ай, ағасы-ау, осының бәрін ылғи ойлап жүресіз бе?

— Құдай ой берген соң, ойламағанда қайтем.

— Сіздің ойыңызды естіп, өне бойым түршігіп кетті ғой. Ең жанды жерден ұстап отырсыз. Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ дегенді айтып отырсыз. Сіз айтып отырған соғыс — мәңгі бітпейтін соғыс. Сіз бен біз — сол соғыстың сарбазымыз. Ол соғыстан бас тартуға болмайды. Өйткені, ол — ұлт болудың, бірігудің соғысы. Сондықтан, ағасы, сіз бен біз бұл соғыста жеңеміз, біз жеңбесек, ұрпағымыз жеңеді деген үмітпен соғысуға міндеттіміз. Басқаша ойлау — сатқындық саналады. Халықтың болашағы үшін қам жеу деген — сол. Білімдісі көбейген сайын халықтың бірлігі нығая береді. Сол себепті бұл соғыс — ұзаққа созылатын соғыс. Бұның қысқаша мәні осындай, ағасы.

— Е-е, біз көрмейтін, ұрпақ көретін бақыт деші?! Мейлі, солар көрсе екен!

* * *

Тазабектің әр күні, әр түні оймен өтіп жатты. Көп күнін ойламай өткізіп алған адамша ой арпалысына сүңгіді де кетті.

«Екі орысты өлтіргенім күнә ме, күнә емес пе?» — дейді өзін ақтауға да, кінәлауға да күмәнданып. Бұл оларды өлтірмесе олар мұны өлтірмей ме? Адам өмірге бірін-бірі өлтіру үшін келмейді ғой. Сопыйа мен Қожаштың, әкемнің, ата-ене, қайнағамның кегін қуа берсем, өмірім өлім іздеумен өтпей ме? Әлде олардың мені өлтіргені орынды болар ма еді?» дейді өзіне өзі қарсы келіп. Шәйі тартқан азап, қырылған әке-шешесі, бауырлары — бәрі сұраусыз ба? Сергейчук маған өштесуі керек пе, жоқ мен оған ба?»

Ана арызқой қазақтікі не? Ол әлімжеттік жасап, қозыны жамыратқаны үшін жап-жас Қалиды сабады. Мен де әлімжеттік жасап, оның өзін сабап, баланы арашаладым. Әлде көрсем де көрмегендей, әлім жетсе де, әлім жетпейтіндей тып-тыныш тұра беруім керек пе еді? Орыстың, қалмақтың қорлығын көрген Шәйіге мен де қорлық көрсетуім керек пе еді?

Соның бәрін басқаша істесем, осы бақыт менің басыма қонар ма еді, қонбас па еді? Әрине, қонбас еді. Онда менде жан тыныштығы болмас еді. Әділбек ағамды айрықша қуанттым. Одан артық маған не керек?Қапез бен Қаратайды риза еттім. Соған өзім риза болдым. Оларды риза етуге мүмкіндік берген құдайға мың шүкір!  Енді Кенжеғарамен Айгүнді бақытты ете алсам, бауырлық борышым сол ғой. Жасаған ием енді соған мүмкіндік берсе екен!

Табай мен Жүзікті Кенжеғара мен Айгүннен бөле алмаймын. Бізге өле-өлгенше ажырамайтын адал бірлік керек. Мұнда ел де, жер де жақсы. Кобзев мені жауын өлтіріп бергенім үшін ғана сыйласа, онда оныкі — есепті сыйластық. Олай деуге аузым бармайды. Оның адалдығы сөзінде емес, ісінде. Қазақты жаратқан құдай орысты да жаратқан. Барлық адамзат Адам ата мен Хауа анадан жаратылған. Адамды адамнан ажырататын — тек арамдық. Арамдықтың түрінен адам баласы аяқ алып жүре алмайды: іштарлық, күндестік, бақталастық, көреалмаушылық, пайдакүнемдік, дүниеқоңыздық, мейірімсіздік, қатыгездік, кекшілдік, толып жатыр. Соншама арамдықтың бірінен ада болсаң, біріне тұтылып қаласың. Мен де сөйттім бе, кім біледі? Құдай өзі кешірсін!

Кітәпбек сыйлаған үйді Тазабек Кенжеғара мен Айгүнге отау ғып тікті. Төрт үй бірігіп Кобзевті паналады. Екі қазақ, бір орыс ақылдасып, Китіңнің шығыс жақ жотасындағы қалқалау екі сайға екі қыстау салуға келісті. Тазабек пен Кенжеғара бір сайға, Табай мен Тәуірбек бір сайға, екі-екіден бөлініп қыстайды, малды да екі бөліп бағады. «Қыстауда киіз үйге отырмай, ағаш үй салып алыңдар, біз көмектесеміз», — деді Кобзев. «Сөйтейік», — деді Табай сөзге келмей.

Осы шешім өте әділ шешім сияқтанған. Бірақ  құлағына тиген заматта-ақ оған Жүзік қарсы шықты.

— Тәйкен, еркектердің сөзін ерен қылмады деп сөкпе. Сендер малдың қамын дұрыс ойлапсыңдар, ал адамның жағдайына қарамапсыңдар. Жаңа өкімет «оқы» деп жатыр жастарға. Сәмен, Әбен оқыса, олардың соңынан Оралбек те ержетіп қалады. «Китіңнен мектеп ашамыз», — деп Ығиса бастаған кісілер қам жасап жатыр. Малды Табай мен Тәуірбек екі үйіміз бағармыз. Екі бөліп бағатындай, өріс жетпей жатыр ма бізге? Бір сайға, бір қораға-ақ сыя береміз. Тәйкен, сен осы Көпзіптің қасынан үй сал. Балаларды сендерге жинап береміз, оқытыңдар. Қасыңда Кенжеғара мен Айгүн болсын. Бала оқытатын ешкім шықпаса, өзің оқыт. Сенің білімің де оларға аз білім болмайды. Жәркентке бар, жөн-жосығын біліп кел.

Осы ойды Кобзев те, Кітәпбек те қостады. Тазабек енді мұғалім болуға бейімделе бастады. Кітәпбек екеуі Жәркентке барып, әуелі үйез басшыларына жолықты. Онда Зәріп Жақсымбетов деген жігітті Кітәпбек жақсы таниды екен. Оның әкесі Ұлтанбай деген кісі орыстардың қазақ жеріне қоныстануына қарсы шығып, бір арба орысты мұсылман қылып тастағаны үшін Сахалинге жер аударылып, содан аман-есен оралған адам екен.

— Сіз қандай оқу бітіріп едіңіз? — деді Тазабекті тексеріп.

— Ешқандай оқуым жоқ. Әкем екі жаз молдаға берген. Содан алған білімімді Ыстамбұлдан оқып келген Қапез деген жігіт біраз жетілдірді.

— Қай Қапез? Байғабылдың баласы ма?

— Иә.

— Оны сіз қайдан білесіз? Ол Жалаңаш жақта тұрмай ма?

Амал жоқ, қалай арыздан қашып құтылғанын айтуға тура келді.

— Е, біздің қазақ бірігудің орнына бірін бірі қоңаштап құриды ғой. Қапезден үйренсеңіз, жаман үйренбеген шығарсыз, — деді сәл ойланып.

— Ептеп орысша да оқи аламын, — деді Тазабек ақыр айтқан соң, бәрін айтайын деген оймен.

— Оны кімнен үйрендіңіз?

— Сопыйа деген орыс қызынан. Солардың біраз жыл малын баққан едім.

— Е, нағыз жан-жақты мұғалім екенсіз ғой? Онда сол арадағы орыс балаларын да оқытыңыз. Сонда Кеңес өкіметінің нағыз қызметкері боласыз. Орысша білетін болдыңыз ғой онда?

— Ептеп қана. Орыста нем бар, өз тілімді оңдырып алайын да.

— Жо-жо, өйтпеңіз. Таудың қуысында жатқан Китіңге дәл қазір ешкім мұғалім болып бара қоймайды. Сіз тек әріп үйретсеңіз де жетеді. Тілді олар сізге өздері үйретсін. Сіз тек жазуды үйретіңіз!

Тазабек басын алып қашты, Зәріп тақымдап қоймады. Ақыры оған Кітәпбек те болысты.

— Әй, Тазабек, орысқа қазақ жазу үйретіпті дегеннің өзі дәріп емес пе? Неге қашқақтайсың? Келіс! — деп, сөзді түйіндеп тастады.

Қағаз, қалам, сия тауып берем деп, Зәріп бұларды бірер күн аялдатты. Ақыры әрбір кеңсені қарақтап жүріп, аздаған қағаз, бір уыс қарындаш тауып берді. Кітәпбектің арқасында қонатын үйді де, баратын бастықты да — бәрін тауып Тазабек олжалы оралды. Бірақ баланы оқыта қою оңай боп шықпады. Оған ең әуелі мектеп болатын үй керек еді. Бар жағдай соған келіп тірелді. Оны шешудің амалын Кобзев айтты:

— Сен, Тазабек, табиғатыңнан бастамашы адамсың. Қазақы үйден орыс үйіне көшкен тұңғыш қазақ болсаңшы. Қыс бойы осындағы орыс-қазақ жабылып қарағай кесейік. Жаз шыға тағы жабылып саған үй салып берейік. Сол үйде бала оқыт, — деді.

Осы пікірді Табай мен Жүзік қолдады.

— Бәріміз бірдей малшы болғанша, сен оқымысты бол, балаларға білгеніңді үйрет. Біз сені аш-жалаңаш қалдырмаймыз, — деп, Табай бәрі үшін бір өзі жауап қатты.

Китіңдегі барлық орыс, Тазабекке тән төрт үй қазақ ара-балтасын даярлап, қыс бойы Орта Қарағай мен Шет Қарағайдан ағаш кесті. Бәрін Кобзевтің өзі басқарды. Оның: «Мынаны кес!» — дегенін кесіп, «Мынаған тиме!» — дегеніне тимеді.

Жаз ортасынан ауа үш бөлмелі ағаш үй салынып бітті. Ең қиыны үш бөлмені бір жерден жылытатын пеш салу екен, оны да Кобзевтің өзі басы-қасында жүріп бітіртті. Кірпіш құятын қалыпты да өзі жасады, кірпіш жасайтын топырақты да өзі тапты. Білгір екенін бәріне мойындатты.

Тазабек пен Шәйі бұл жаз жайлауға шықпады. Үй салып жатқан орыстарға тамақ әзірлеп беруді өздеріне борыш санады. «Жайлаудан іздеп таппадым», — деп, бір күні Кітәпбек келді. Кейпі көңілсіздеу, шаршаңқы. Бірдеме айтқысы келетінін, бірақ қалай, қайда айтарын білмей тұрғанын Тазабек оның мазаң түрінен таныды.

— Көмейіңде тұрғанды Шәйінің көзінше айта алмай тұрсың ба? Оңаша шығайын ба?

— Айтарым әйеліңе ауыр тие ме деп қорғаншақтанып отырмын. Әйтпесе айта беремін ғой.

— Айта бер ендеше.

—     Пішән жайында маған көп әңгіме айтып ең. Әнін мақтап, Қапезден алғаш естігеніңді айтқансың. Мен де әні мен әңгімесін біраз естіген адаммын.

— Не, қайтыс болып па?

Кітәпбек үндемей, мұртын сипалап біраз отырып қалды да, ышқына:

— Өкімет атып тастапты, — деді.

— Астапыралла, не үшін? — Тазабек бетін сипады.

Шәйі селк етіп, шошыды. Тазабек тілін жұтып қойған адамша ұзақ үндемей қалды. Сонан соң ыңырана күрсінді.

— Неге атыпты?

— Бай болыстың баласы. Өзі болыс болған. Елді қанаған депті.

— Бай болған, болыс болған адамның бәрін ата ма? Ол бай болмаса, басқа біреу бай болады. Елді әнімен, өлеңімен риза қылғаны есепке алынбай ма?

— Оның бәрін мен білсем, Тазабек-ау, оны сен де білер едің ғой. Қазақ десең, өзіңе тиеді, қазақ өзінен озып бара жатқанды, оңтайы келгенде, бір қағып қалмай отыратын ба еді? Өзің де көрдің ғой оны. Сенен гөрі  Пішәннің көре алмастары мықты болғаны да.

— Апырмай, ә? Пішәннің өлгеніне қуанатын қазақтардың да болғаны-ау, ә? Бұл заман не боп барады? Пішәнді өлтіргенмен, оның өнері өлтіргендерге қонбайды ғой.

— Менің бір болжағаным; бұдан былай Пішәнді жоқтаған, әнін айтқан адамдар да Пішәннің аяғын құшады.

— Иә, сөйтетін шығар. Онда, алдымен Қапезді сақтандыру керек.

* * *

Күздің алғашқы суығы сай-сайды тінте бастағанда Тазабек те қыстың қамын ойлай бастады. Ақыры Жүзіктің айтқанын жүзеге асыруға бел шешті. Кобзевтің арбасын алып, Табайларға су бойынан дәу-дәу тастарды қора салатын жерге тасытты. Күз түсе дөңгелек кең тас қора дайын болды. Содан кейін ғана Тазабек бала оқытуға қамданды.

Сәмен, Әбен, Қали үшеуін жазуға үйретіп көріп еді, олардан Оралбектің де қалғысы келмеді. Амал жоқ, оған да қағаз, қарындаш ұстатты. Он шақты күннен кейін Кобзев оларға екі немересін қосты. Бірін араб, екіншісін орыс әрпімен оқыту Тазабекке қиындау соқты, бірақ әрі қызық, әрі жауапты жұмыс болып шықты. Оның осы күйін көрген Кітәпбек ішек-сілесі қата күлді.

— Абажадай аю адамның кішкентай қонжықтарымен ойнап отырғаны қызық екен, ә?! Сені үйезге Зәріп шақырып жатыр. Бір айдай бала оқытудың әділ-амалын үйретеді екен, — деді.

Жәркентте жатақханада жататын болды. Өсек өзеніне жақын шеттегі жарлауыт үстіндегі көне үй екен. Бұрын әскерлер жатқан деседі. Төсек-орнын көтеріп келе жатып алдында төсек-орнын көтеріп бара жатқан әлдекімді айналып өтпек болып еді, сол сәт анау да солай бұрылып, екеуі соқтығысып қалды. Оның да, мұның да төсек-орны жерге шашылды.

— Ой, Тәке, төсек-орныммен қоса омақаса жаздадым ғой, — деді әлгі күліп. Қапез екен.

— Ой, бауырым! — деп, Тазабек құшақтай алды.

Сағынысқан екеу беттерін бір-біріне үйкеп біраз тұрды. Сонан соң ең түкпірдегі екі орынды иеленді. Көптен көкейінде жүрген бір сұрақты Тазабек ақыры анықтағысы келді:

— Қапезжан, «Кейбіреу бүгін тату, ертең араз» дегенді саған айтқызып жүрген кім?

— Бәкен ғой, — деді Қапез күрсіне жөтеліп.

— Неге араздастыңдар?

— Жомарт айтпады ма?

— Бәкен туралы тіс жарған емес.

— Бәлкім, бұл әңгімені ол кейінірек естіген шығар онда. Мұның анық-қанығын мен өзім содан естідім. Бәкеннің шешесі өзің тойында болған Тұнық қарияның қарындасы ғой. Қандай кегі, нендей өші барын қайдан білейін, үстіңізден үйезге түскен арызды Бәкен жазып беріпті. Жекжаттары ма, туыстары ма, әлдекім үйезде үлкен қызметкер көрінеді. Соны арқаланып, бәлкім, ақылдасып істеген әрекеттері шығар. Соны білген соң, Бәкенге бармаймын ба? «Мұның не?» — деймін ғой баяғы. «Қатынын менен қызғанып, қайнағамның тойын сол үшін бұзды», — деді беті бүлк етпей. Олай емесін басқа білмесе де, мен білем ғой. «Оттама!» дедім.— «Ондай өтірігіңді менен басқаға айт!» Бетпақ екен. «Сен Жібекпен танысуға келгенде, әйелінің қасында тұрғанымды көрген. Өңі бұзылып, сонда-ақ сойқан шығармақ болған», — деді.

Мұртының шеті жыбыр етіп, Тазабек шытына жымиды.

— Шебер екен. Сыртқа шыққанда Шәйіге қол жүгірткені рас. Денесі дәу болғанмен, күйеуіңнің қимылы мәз емес шығар дегендей бірдеме айтыпты. Шәйі де шағып алса керек. «Онда қатыныңды бір түн қойнына сап көр», — депті.

— Ойбай-ай, өлтірген екен ғой?! Болды, түсіндім. Оның нағашы жұрты туралы ауылдастары: «Ауылы — Тұйық, әкесі — Тұнық, баласы сұйық, жүрмеңдер жуық, бойыңа қалар бірдемесі жұғып», — деп әжуалайды екен.

Қапез бұлар кеткен соң Жетісу облысында ұлт мәселесін басқаратын Ораз Жандосовпен танысыпты. Қияқ мұрт, нағыз қырмызы жігіт дейді. Келген жерінен ә дегенде: «Ауылдарыңда ақын, әнші-күйші бар ма?» — деп сұрайтын көрінеді. Біреулер. «Бар», — деп, Қапезді айтса керек. Шақыртып алып, бес күн бойы елді бірге аралапты. Әнді үндемей, әлденені ойлап отырған адамша, айналасындағы елді ұмытып кеткендей тыңдайды екен. Шалтабайдың әні мен өзінің «Дүние-айын» қайта-қайта айтқызыпты. «Бұрынғы қазақ батыр да ақылды. Бізде бірі бар болса, бірі жоқ», — деп, өзін де, өзгелерді де қомсынып отырыпты. «Бізге қуат беретін ата-бабаның тарихы ғой. Тазабек, Саурық, Шалтабайлар өлетін жерін білмеді дейсің бе? Өлсек өлейік деп тәуекелге мінген, бірақ «қанатынан қайрылып,  жарға қонған жандар ғой», — депті. «Ой, о кісінің әңгімесін айтып тауыса алмаймын. Қалың орманның ішінде оқшау тұрған бір бәйтерек!» — деп сүйсінді. Өзі көрмесе де, Қапездің сөзіне қарап, Тазабек те Оразды ойша бағалады. Кім біледі, қазаққа құдай керек кезінде бір бағланды берген шығар?!

Ораз Пішән жайында көп әңгіме айтыпты. Көксу-Қараталды аралап, онымен де біраз күн бірге болыпты. «Әндері әдемі екен. Көре алмасы да көп екен. Әкесі бай, өзі болыс болған, алдынан адам қия өтпеген сері екен. «Жауыз көп шығар, байқап жүр» деп ақылымды айттым», — депті.

Қарқараға келгенде Қаратайды тыңдапты.

«Көңіліңе келмесін, Қапез, мына шәкіртің сені шаң қаптырады. Тәрбиесін сен берсең, дауысын Құдай  берген екен», — депті. Алматыға жібер, бұл баланы оқытайық, өйтпесек, обал болады. Өнерді білім демемесе, өшеді», — депті.

Ораздың әр сөзі Тазабектің де көкейінде жүрген сөз секілді.

— Сөйте тұрып,  Пішәнді неге атқызыпты?

— Ораз ол кезде қызметі өрлеп, Тәшкенге кеткен. Пішәннің әйелі Оразға барып, атылмасын деген қағазды алып келгенше мұндағылар атып үлгеріпті. Әдейі асықты ма, жазу солай ма, — бір құдай білмесе, басқа ешкім білмейді.

— Апырм-ай, қолы қалтырамай қалай атты екен, бәтшағарлар?! Бұл әдет өрши берсе, әлі талайдан айрылармыз.

— Білім аз жерді бәле-жала иектейді, оқу керек, оқыту керек, Тәке. «Білімді адам білімді адамды тез түсінеді», — дейді Ораз. — «Біз ел болу үшін, әуелі білімді болуымыз керек. Білімді адамдар әбден көбейсе, өз елімізді өзіміз басқарамыз». Патша өкіметі бізді білімсіз етіп ұстады, өйткені қараңғы елді басқару оңай деп ойлады, ол айтқаныңа көне береді. Ал білімді адам тек көзі жеткеніне ғана сенеді.

Бір ай оқығанда, Тазабектің бір таныған тағы бір қазағы Ахмет Байтұрсынұлы болды. Сөзді дұрыс жазуды еміле дейді екен, о кісінің айтуынша еміле тілдің табиғатына қарай түзілуі тиіс екен де, ал тілді зорлап емілеге бағындыруға болмайды екен. Қырғыз, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт, ноғай — бәрінің тілі түрік болса, солардың ішінде ең түзу түрік тілі қазақта көрінеді. «Итің жаман», — десе, намыстанатын қазақ мұны естігенде қалай мақтанбасын? Арап әрпімен жазылатын төте жазуды бүкіл түрік халқына таратқан да сол кісі екен.

Оқулары аяқталған соң, Табай екі ат алып келіп, Қапезді Китіңге әкетті. Бір апта жүріп, Қапез Китіңді де, Кітәпбектің ауылы Іргетау мен көрші жалайырлардың Аралтөбесін асып, Жұматай отырған Шыңғыс сайды аралап қайтты. Төрінде отырып Пішәннің «Дүние шіркінін» шырқап қоя бергенде, Жұматай шыр ете қалды: «Айналайын Қапезжан, айнала ағайын отыр дегенмен, ағайынның да аласы мен құласы бар. Құлағы шалса, арыз жазып жіберетін көре алмастары да бар. Айтпашы Пішәннің әнін!» — деді жалынып. Қапез күңк етті. «Адаммен бірге ән өлмейді ғой», — деп қайтып үндемеді, ән де айтпады. Тек Китіңге қайта оралғанда ғана: «Жұртта бір үрей бар. Сол үрей маған да кіре бастаған секілді», — деді. — Осы күнімізге зар боп жүрмес пе екенбіз?»

Ол сөзден Тазабек тіксінгенмен жауап тауып айта алмады. Бірақ Қапездің әлдебір ауыр ойдан арыла алмай жүрген адамша қайта-қайта күрсініп, қайта-қайта ойланып қалып жүргенін байқады. «Байқа! — деді кетерінде бұған. — Қазақ бауырмал халық қой. Алайда іштарлығы жоқ дей алмаймын».

* * *

Бала оқытудың осыншама қуаныш екенін Тазабек болжай алмапты. Бір әріпті үйренгеніне соншалық қуанған баланы көргенде, төбесі көкке жеткендей көңілі көтерілді. Бірер айда барлық әріпті үйреніп бітті. Сөз құрап үйрену балаларды дүниенің кілтін ұстағандай қуантты. Баланы түсіну үшін, бала бола білу қажет екен. Қандай ғажап жаратылыс?! Қалыптасып келе жатқан қым-қиғаш мінезді байқайсың. Өршіп кетуі мүмкін өрескелдікті де көресің. Қорқасың, қуанасың, сүйсінесің — бәрін бастан кешесің, бәріне бал ашасың. Еліңді есейту үшін бар білгеніңді балаға үйрету керек екен. Бала күнінде әділдік пен адалдық көрмеген адам кейін оны қайдан үйренеді? Үйренсе жақсы, үйренбесе әлдекімнің ықпалымен ығып кетпес пе?

Бала оқытады екен дегенді естіп, жақын маңайдан балаларын әкеле бастағандар көбейді. Оған Тазабек қабақ шытпады. Қайта өте қажет іс атқарып жатқанына өзі сенді.

«Басқасын қайдам, бұл өкіметтің ең дұрыс ісі — оқы дегені. Баланы ғана емес, бүкіл қазақты оқыту керек», — деген Қапездің құлшынысын күн өткен сайын терең түсіне бастағандай. Балалардың оқып-білгеніне қызыққан Шәйі өзі де солармен бірге оқып-үйрене бастады.

«Тәйкен, — деді бір күні Шәйі еркелей сүйсініп, — саған тағы бір оқушы келем деп талпынып жатыр ғой».

«Жүз оқушы әкелсең де көп демеймін, Шәйкентай. Аз боп әркімге алаңдағанша, көп боп әркімді алаңдатып жүрмейміз бе?»

Өмір өз арнасына түсіп, тіршілігі түзеле бастағандай еді. Іштей шүкір ететін 1923-жылдың жазында өмірге үшінші баласы келді. Оның атын ел-жұрт Кеңесбек деп қойды. Кеңес заманында туған соң, оған Тазабек қарсы  болмады.

Ағайыны тату, Кобзев бастаған көршілері сыйлас, малы бағулы — бір берекелі шақ басына орнағандай еді. Бірақ үйірілген бұлттай басынан кейбір ой кетпей қойды.

«Пішәнді ату кімге қажет? Өкіметке ме, оған өш әлдекімге ме? Әлде екеуіне де ме?

* * *

Ел жайлаудан қайтып, әне-міне бала оқытуды қайтадан бастармын деп отырғанда, Тазабектің ойына кенет бір шешім келе қалды. Дереу атына мініп, Китің суын бойлап Табайлар отырған қораға қарай бет алды.

«Сен де кәртөшке ек, сәбіз сал. Орыстың жақсысын сен үйрен, қазақтың жақсысын мен де үйрендім ғой», — деп Кобзев қоймай жүрген. «Жауын көп, суғармаса да болады», — деген. «Суғара алсақ, тіпті жақсы емес пе?» — деп түйді Тазабек.

Ақыры арық тартуға болатын қылтаны тапты. Қарасай деп аталатын сайдан екпіндеп жазыққа шыққан су дәу сопақ тастың түбінен кілт солға бұрылып кетеді. Бәрі жабылып сол дәу жартасты жарты адым жерге қозғалтса, су өз екпінімен жағаға шыға жөнелейін деп тұр. Кобзевтің өзін, оның екі баласын, бәрін атқа мінгізіп, сол түйежартастың жанына алып келді де:

— Ал, қараңдаршы. Менің не ойлағанымды табыңдаршы, — деді.

— Ұқтым, — деді Кобзев көзі күлім қағып. —  Сен бүйтпесең, Тазабек боламысың?! Балалар, көрдіңдер ме, мына жартасты ары жылжытып, мына арадан Тазабек арық тартпақ. Қалай, шамамыз жете ме?

— Жетеді, папа!

— Жетеді, — десті бәрі.

— Ендеше, көктем шығысымен қолға аламыз. Ол арықты Тәйкен тоған деп атаймыз.

...Көктемде жер жібіп жатқан қолайлы шақта он екі адам бір айға жетпей бір жарым шақырым жерге терең тоған тартып бітті. Енді тек дәу жартасты жылжыту ғана қалды. Кітәпбектен екі түйе сұрап әкеліп, арқанмен жартасты шалып байлады да, Тазабек өзі жартастың жан-жағын тізеден төмен қазып шықты. Сонан соң Кобзевке қос түйені бір сәтте айда деп бұйырды. Кобзев те қарап тұрмай:

— Ал жабылайық! — деді жартасқа лап беріп.

Бақырып екі түйе тартқанда, жартастың түбі бір солқ етті. Жан-жағындағы топырақ қопарылып барып қайта орнына түсті.

— Енді кетеді, кәнеки бір кезде итеріңдер! — деді Тазабек жартасты иығымен ышқына итеріп.

Сопақ түйетас жантая беріп су арнасына көлденеңінен сұлап түсті. Жартасқа соғылған су әп-сәтте көтеріліп, жағаға қарай жылжи жөнелді. Кобзев бала-шағасымен қуана шулап жағаға лықсыған суды кетпенмен жетектеп арыққа қарай алып жүрді. Арыққа су лап құйылғанда, қарап тұрған бәрі алақайлап секірісті.

— Тереңдетейік! Су көбейсін! — деп, Кобзев судың көмейіне кетпенін қарш еткізді. Бет-аузына, үсті-басына шашыраған суға шашала күлді.

Өстіп Тәйкен тоған 1924-жылы өмірге келді. Осыдан бастап оны осы араның қазағы ғана емес, орысы да Тазабекті Бас мұрап деп мадақтайтын болды.

Кәртөшке егем деген орыс-қазаққа суғармалы жерді Кобзев бөліп бере бастады. Қазақтан тек Табай мен Тазабек қана жер алды. Қалған қазаққа: «Келесі жылы көрерміз», — деп, сырғи жауап қатты.

Кобзевтен тұқым  алып, Тазабек пен Табай біраз жерге картоп екті.

— Олар не істесе, біз де соны істейік. Үйренбейтін несі бар? — деп, Табай егінші болғанына қуаныш білдірді.

* * *

Тазабек әлденеден оянып кетті. Шәйі қасында бір жамбастап жатыр екен. Не біреу, не бірнәрсе оятпаса адам бекерден-бекер ояна ма? Біраз ойланып жатып еді, кенет көз алдына қарағай орман елестей қалды. Талай жыл арасында жылқы баққан қарағайдың шайыр иісі көкірегін қапқандай болды. Бірге өскен бауырындай болып кеткен қарағай шіркінді қатты сағынған екен-ау?!

Тау бөктерлеген қарағай орманға аралас орман еш ұқсамайды. Араластың аты — аралас. Сыбдыры да, сықыры да, шуылы да бір басқа. Қарағай орман қатты жел соқса шайқала теңселіп, төбеңнен аспан құлап келе жатқандай қорқынышты үн шығарады. Сынып кетердей сыздап сықырлап, мың сан қарағайдың сұрапыл гуілінен қара жер қақ айырылып бара жатқандай сезіледі. Әрбір қарағайдың үні өзге қарағай дінімен бірдей. Бәрі қосылғанда жер-көкті төңкеріп жібере жаздайды.Ондай құдірет өзге орманда жоқ. Қарағай жарықтық майыспайды, қисаймайды, еңкеймейді, йілмейді — тек теңселеді. Тік бойлап өседі, тік тұрып өледі. Оның өміріне ешбір ағаштың өмірі ұқсамайды. Шіркін-ай, бүгін барып Орта Қарағайды бір аралап қайтар ма еді? Жалаңаштың, Екі Ашаның қарағайы қандай еді?! Етегінде тұрып жел  шайқаған сарынын зәрең ұшып тыңдар ма еді? Кілең қарағай өскен таза орманды көрмей-білмей-ақ көп жұрт бұл дүниеден өтіп жатыр-ау! Көрмеген соң олар ондай орманды сағынбайды да ғой.

Тар үй тынысын тарылтып бара жатқандай болды. Ақырын түрегеп, шапанын желбегей жамылды. Шәйі оянып кетті.

— Тәйкен! Жай ма?

— Жәй. Түзге шығып келейін.

Сыртқа шығып та қарағайды ұмыта алмады. Қарағай орманның ішінде жүрсе де, қазақтың қарағайдай бола алмайтынына тағы кейіді. Ана жақта Қапез, мына жақта Кітәпбек, атылып кеткен Пішән — бәрі жеке-жеке бір қарағай, анда бірі, мында бірі, теңселіп тұра қалатын тұтастығы жоқ, андыз-андыз. Қылқанды орманның күркіреген қаһарын да, жапырақты орманның жапа-тармағай шуылын да жел тудырады. «Замана — соққан жел» дейді қазақ. Бастан кешпесе, тасқа басқандай қылып қалай айтады? Бабасына қонған бақ, заманын айналып келіп, баласына неге қонбасын? Қасқайған қарағайдай  қайсар қазақ ел тізгінін өз қолына тағы қайта алар ма екен, алмас па екен?

Кенет көзіне қысқы қарағай елестеді. Найзадай басына тұрақтай алмаған қар қарағайдың етек жағына жабысады. «Қара жердің өлгені — қар астында қалғаны» деген бар. Ол өлгенге жата ма, бүркеніп демалғаны да. Қарлы далада атынан жығылып жатқан жалғыз орыс оқыс есіне түсті. Неге жалғыз? Әкесі Тазабектің қолынан қаза тапқанын сол орыс білді ме екен? Білсе, атқа өңгеріп әкеле жатқан жолда бір сездірер еді ғой? Жоқ, әлде ол мұны аңдып жүріп өзі арандады ма екен...

Түһ, кісінің ойына қай-қайдағы түседі екен-ау!

 

** *

Жетіге толып қалған Оралбек тым ерке. Оны ешкім бетінен қақпайды. Шәйінің жүрек түкпірінде бір ғана түйткіл бар: ана бәлеге тартып кетпесе екен деп үрейленеді. Алайда менің аналық мейірімім мен Тәйкеннің әкелік ықыласы оны жақсылыққа жетелейтін шығар деп үміттенеді. Оралбектің әлдене сұрағалы келе жатқанын Шәйі оның жыпылықтаған көзінен аңғарды.

— О не, балам? Бірдеме есіңе түсті ме?

— Иә, апа. Менің әкем батыр ма?

— Иә, батыр.

— Ақылды ма?

— Ақылды.

— Мен қашан сондай болам?

— Үлкейгенде.

— Қашан үлкейем?

— Әкеңді тыңдасаң, соған ұқсасаң, мені ренжітпесең, тез-ақ үлкейіп кетесің.

— Менің тез үлкейгім келеді.

— Келші, төбе шашыңнан бір йіскеп қойсам, тез үлкейе бастайсың.

* * *

Ел жайлауға енді шығайын деп жатқан кез болатын. Кеңесбек еңбектеп келіп Тазабектің тізесіне сүйеніп тұра бастады. Тазабек көтеріп алып мұрнынан иіскеді.

— Шәйкен, мені жақсы көресің бе, Кеңесбекті ме?

— Сен болмасаң, Кеңесбек қайдан пайда болады?

— Бұлтармай айтшы!

— Сені жақсы көрем.

— Соған сене алмай тұрмын. Мен өліп қалсам, басқа күйеуге тиіп кетесің, ал Кеңесбекті басқа балаға айырбастамайсың ғой?

— Айырбастамаймын, әрине.

— Ал мені айырбастайсың.

— Жоқ, айырбастамаймын. Сен өйткені бүкіл өмірімнің бір ғана өзегісің. Өзегі жоқ ағаш өсіп-өне ме, өзің ойлашы?

— Олай ойласаң, мен дұрыс үйленген екем.

— Қызықсың, Тәйкен. Қай-қайдағыны айтқаның не? Немене, түс көрдің бе?

— Түс емес, ой ғой, Шәйкен, ой.

— Ондай арам ойды ойлама. Соншама сергелдең күндерден аман өткенде, енді не болса соны ойлағаның не?

— Сені жақсы көрем ғой. Сонан соң ойлаймын.

Мұндай әңгімені неге қозғағанын Тазабек өзі де білмеді. Сірә, Шәйіні сөйлеткісі келген болар.

Тазабек атына енді міне бергенде, қасына Оралбек жүгіріп келді.

— Әке, мен де барайыншы!

Тазабек тез жауап бере алмады. Жаңа көріп тұрғандай, қолындағы қамшысын ары аударды, бері аударды. Бір ой сап ете қалып, баласын сынап көргісі келді.

— Екеуміз бірдей кетіп қалсақ, Гүлсән мен Кеңесбекке шешеңнің бір өзі қарай ала ма? Қараса да, шаршап қалатын шығар? Әлде кете берейік пе?

— Жарайды, бұл жолы қала тұрайын.

— Сөйте ғой. Өй, өзіме тартқан ақылды күшігім!

Оралбектің бұл қылығына Тазабек дән риза болды: ойын екі айтқызбай ұға қойды. Ана бәлеге тартып кете ме деген құпия күдігін оның осындай қылығы үнемі жуып-шайып кетеді. Ұғымтал, ұқыпты болатын сыяқты. Шәйінің қаны, мұның мейірі зая кетпейтін шығар.

 Қазақта «іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз бар. Жұрт қанша жамандаса да, өз балаң өзіңе бәрібір ыстық көрінеді. Содан болар, Тәйкен тоғанның басына күнде бір рет барып қайтпаса, ішкен асы бойына сіңбейтінге айналды. Арықпен судың зырқырап аққанының өзі қандай әдемі! Бір жарым шақырым жер өзеннен бөлініп ағып барып қайтадан өзенге келіп құяды. Бекер ақпай, елге береке сыйлайды. Орыс пен қазақтың басын қосқан арық.

...Тазабек өзенге көлденеңінен сұлап жатқан сопақ тасқа ұзақ қарап тұрды. Қаншама жыл суға төсін тосып бекер тұрды екен? Енді оны арыққа бұрып, қызмет жасап жатыр. Өз орнын тапты. Атынан түсіп, мұздай суға бетін жуды. Өне бойы лап тітіркенді. Орнынан түрегеп атына қарай жүре бергенде, қарсы алдында мылтығын кезеніп тұрған таныс орысты көрді. Айдалада аяғы сынып жатқанда атқа өңгеріп үйіне апарған орысы.

Қамшысын ыңғайлап, орысқа қарай ышқына ұмтылды. Кеудесін қапқан ыстық от жарқ етіп жанарынан төгіліп кетті. Үңірейген қараңғы тұңғиық зымырата жұтып бара жатты. Тұңғиыққа зымырап сүңгіп бара жатқан сәулені шыбын жаны шырқырап қуып бара жатты. Сонан соң бәрі лып сөнді.

 

ТҮЙІН

Шешесі Шәйіге: «Жайлауға елдің алды шығып, арты жаңа шыққалы жатқанда туғансың», — дейтін. Сексен бес жасын балалары сол жобамен жасап жатыр. Көкталдың «Белжайлау» дейтін мейрамханасы қонақтарға лық толы. Асабаның даусы таудан құлаған тасқындай бір толастар емес: мақтайды, мадақтайды, әйтеуір, еседі, көңілдендіргісі келеді. Шәйінің жүзі күлгенмен, көңілі көтерілер емес. Көз алды толған елес, ойы ойран-асыр. Қаншама талпынса да, он алтыншы жылғыдан арыны ойына түсіре алмады: дәл он алтыншы жылы туып, сол жылы туа сап есін біліп кеткен адамдай. Ар жағында өмірі жоқ секілді. Бар ғой, бірақ соның бәрін сұм кезең жойып, жұтып қойған тәрізді.

«Бақытты ана, бақытты әже» дейді асаба. Шынында бақытты ма Шәйі? Бақытты болар еді, қасында таудай боп Тәйкені отырса. Жасы жетіп жер қойнына кірген Табай мен Жүзікті, олардан арғы-бергіні айтпағанда, екі бірдей ұлы Оралбегі мен Кеңесбегі, Ағынтай бауырынан қалған жалғыз тұяқ Сәмені, оның соңынан ерген Әбен, Жақсыбала мен Тәуірбек осында отырса. Жанын түсінетін, жағдайын білетін Жәмеш пен Жомарт та жоқ. Әнімен жер-көкті еркелеткен Қапез де, менің болашағым деп ол бағалаған Қаратай да жоқ. Өңкей жоқ. Өңкей жақтың жоқтаушысы қалай бақытты болады? Тірі отырған соң, көп жасаған соң, бәрі бақытты дей береді.

Шәйі, тегі, бүтін өмір сүріп көрмеген екен: ылғи жоғалту, айрылу. Әр жақынын жоғалтқан сайын өз өмірінің де белгі бір түйірін сонымен бірге жоғалтып отырыпты. Айрылмаған адамы қалмапты.

Кенет асаба саңқ етті:

— Қиын кезде де, қуанышты кезде де қасында болған қамқоршысы Қали ағаға сөз береміз!

Шүкір, бұл бар екен ғой!

— Шәйі жеңге! Анамдай болған асыл жеңгем, екеуміз не көрмедік? Кімдерді білмедік, кімдерден айрылмадық?! Құдай бұйыртса, осы күзде мен сексенге келем. Арамыз бес-ақ жас болғанмен, мен сен көргеннің көбін көрмедім. Он алтыншы жылдың ойранын бастан-аяқ сен көрдің: азабын да, ажалын да. Әке-шешеңді, туған бауырың мен оның бала-шағасын орыстар үй-мүлкімен тірідей өртеп жіберді. Тазабек ағаны тағы атып өлтірді. Соның бәрі аздай, кешегі соғыста екі ұлың Оралбек мен Кеңесбектен бірдей айрылдың. Соның... соның...

Көзі жасқа тығылып, шолақ қолының тұқыл иығын қайта-қайта сыйпалап, Қали сөйлей алмай қалды. Шәйі де көзінен парлап отырған жасты орамалымен сүртті.

— Мен өзім ес білгелі Тазабек аға мен дәл сіздей адам баласын кездестірген емеспін. Тазабек ағаны өлтіріп кеткеннен кейін сіз бірде-бір жағдайыңызды менімен ақылдаспай шешкен емессіз. Мен де бірде-бір ісімді сізбен ақылдаспай шешкен емеспін. Балаңыздан, бауырыңыздан кем көрмедіңіз. Ал, шындап келгенде, менің сізге түк те туыстығым жоқ. Арқадан әлдебір себеппен ауып келген қазақтың ұрпағымын. Бағып жүрген қозымды жамыратып алғаным үшін байдың баласы қамшының астына алып сабап жатқанда, Тазабек аға ара түсіп құтқарып қалған. Бай әке-шешемді қуып жіберген соң, Тазабек ағаны Тоғызбұлаққа іздеп кеп паналадық. Содан туыспыз, әлі туыспыз. Осында менің іні-қарындастарым түгел отыр, бәрі үйлі-баранды. Бәрі сізді әже дейді. Сіз бәріне жай әже емес, алтын әжесіз. Кобзев деген орыс болды. Тазабек ағаның досы еді. Кейін Аралтөбе, Қоғалы жаққа көшіп кетіп еді, араласа алмай, көз жазып қалдық. Мені қазақ болған соң, жақын тартқан шығарсыз. Сол орыстың отбасымен сіз қалай сыйластыңыз. Ол сізді қалай жақсы көрді! Оны көрмеген мына жастар тұрмақ, бәрін көрген мына мен түсіне алмаймын. Сіздің сиқырыңыз бар ма, әлде Кобзевтің адам біле бермейтін бір құпиясы бар ма, түсінбеймін. Балалар! Адам адам боп жаратылған соң дәл осы Шәйі әжелеріңдей болуы керек. Бұл кісі жай кісі емес, бүкіл заманның жаман-жақсысын бойына сіңірген алып бәйтерек. Жүз жасасын жеңгем!

Шәйі оның бір сөзінен де жалғандық таппады. Оның сөзбен қамти алмағанын бұл оймен қамтып отыр. Өзі де, сөзі де алтын бауыры! Өзі бірге тумаса да, бабасы бабасымен бірге туған бауырласы...

...«Кәусен» дегенді естіп, Шәйі жалт қарады. Оймен отырып байқамай қалыпты, той аяқталуға тақап қалған екен. Шөбересі Кәусенге  сөз тиіпті. Өзіне ұқсаған өте сүйкімдісі. Азан шақырып қойған аты Кәусәр еді. Шәйі еркелетіп Кәусен, Кәусентай дейтін. Содан бері Кәусен деп кетті. Солай атаған өзіне де ұнайды.

— Әжетай! Мен сені қалай жақсы көретінімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Музыкашымын ғой, күй тартып көңілімді білдірейін.

— Құлыным! — деді Шәйі көз жасына құмығып. — Сен тартқан күйден артық маған қандай сый, қандай сөз қымбат болсын?!

Той бітті, жұрт тарқады. Ой біткен жоқ бірақ, шер де тарқамады. Қаумалаған немерелер мен шөберелер де кеудесін басқан көп ойды біржола ыдырата алмады. Сәл сейілгендей болады да, кешікпей кеудесін қайта тырналайды.

— Әже, мен де Алматыма қайтам, — деді шөбересі Кәусен келіп. — Ертең оқуға үлгеруім  керек.

— Жолың болсын, құлыным!

Шөбересін құшағына қысып, маңдайынан иіскеді. Оралбегінен қалған жалғыз ұлдың жалғасы. Үш ұлдың ортасындағы жалғыз гүл. Бақытты заманның баласы!

 

***

Өткен өмір қайта жазуға болатын кiтап емес: өттi, бiттi. Қатесін де, қате емесін де түзете алмайсың. Өзіңе, өзгеге ұнай ма, ұнамай ма — бәрібір. Білмейтіндерге бұрмалап, әдемілеп айтуға болар, бірақ өзіңді өзің алдай алмайсың. Әрбір адам өз өмірін өзі зерттеу арқылы адам болады. Онда да дұрыс шешім шығара алса. Іштарлық, кекшілдік, атаққұмарлық, кеңпейілділік, көргендік, адамгершілік сияқты мінез-құлықтың қалыптасуы, сірә, сол шешімге байланысты болар. Алайда, қалай шешсең де, бәрі өтеді, кетеді, бітеді. Шәйінің де өмірі бітуге таяған шығар. Оның басынан не өтпеді? Жиырма төрт жасында жесір қалды. Үш баланың кенжесі Кеңесбек емшекте болатын. Тазабек өлгенде Шәйінің де өмірі біткен тәрізді еді. Бірақ бітпепті. Әлі жалғасып келеді. Көрсін, бағаласын деп Құдай да ғұмыр берген шығар, Тазабек те тілеген болар. «Уақыт бәрін емдейді», — деп жұбатады жұрт. Ол ем, ойлап қараса, ұмыту екен. Алайда ұмыту үлгі емес, ұмытпау үлгі ғой. Ата-бабасын ұмытқан адамды ұрпағы да ұмытады емес пе? Бұл өліп кетсе, Тәйкеннің шырғалаң өмірін ұрпағына кім айтады? Ештемені естімеген ұрпақ қалай есті болады?

«Осы Көпзіп арғы тегі айырықша адам-ау» деуші еді Тәйкен. Сонысы рас-ау, сірә?! Тәйкен өлген соң қазақтың бәрі қайғырудан басқа қам жасамады.Тек Көпзіп: «Мұны істеген — Сергейчук. Мен оны өз қолыммен атып келем», — деп үлкен ұлын ертіп Жалаңашқа аттанған.Біраз күн жүріп, «Сергейчук екі ай бұрын өліпті. Сірә, соның өлер алдындағы аманатын бір туысы орындаған сияқты», — деп қайтып келді ұнжырғасы түсіп. Қызғылт бір ұзын тасты тауып әкелді де, соны жарты ай бойы қашап, бас жағын жұмырлады да, Тазабектің басына белгі қойды.

Бала деп жүрген адамыңның дана боп шыққаны қандай керемет! Тазабектің жылын берген соң ел-жұртпен ақылдасып, алдына Кітәпбек келді. Бұл өңірдің жөн білетін, сөз білетін көсемі емес пе, өмірдің ұңғыл-шұңғылын тарата келіп, Шәйінің ендігі тағдырына тоқталды. «Жасың жиырма бесте. Келіншектің кемел шағы. Суғарылмаған егіндей солып кеткенің бізге де, өзіңе де абырой емес. Құдай әйелді қосақ болуға жаратқан. Тазабектің орнын өле-өлгеніңше күзетсең де сені ешкім күштемейді. Нәмеңгерлік жолмен Кенжеғараға тоқтаған едік, ол есті сөз айтты: «Шәйі маған шешемдей болған кісі. Мені адам қылған — Тазабек аға екеуі. О кісіні алғаным маған шешемді алғандай. Кімге тигісі келсе, өзі таңдасын. Жер бетінде тірі жүрсем, шешеме жасайтын жақсылықтың бәрін жасаймын. Киімін көк, тамағын тоқ жасау — менің борышым. Қалғанын өзі білсін», — дегенін естігенде, Шәйі Тазабек тіріліп кеткендей қуанды. Мұндай сөзді ол түгіл, одан үлкендерден де күтпеген. Бойына күш бітті, қуатына жігер қосылды. «Мен ешкімге де тимеймін, бала-шағамды бағып-қағып отырам», — деді.

«Құдай қуат берсін», — деді Кітәпбек. Артық сөз айтпады. Құп көргені құбылған өңінен байқалып тұрды бірақ. Сол айтқанын Жақсыбала қайнысы айнытпай орындады. Оралбек, Гүлсән, Кеңесбектерге аға болды, бұған пана болды. Қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Айбатты, алымды жігіт болды. Бірі сыйлады, бірі ықты. Беделі де, билігі де жүрді.

* * *

Тазабектің там-тұмдап оқытқаны Шәйінің кәдесіне жақсы жарады. Отызыншы жылы өкімет Китіңнен қызыл шатырлы мектеп салдырды. Мектеп ашылған соң, оған мұғалім керек болды. Аздап хат танитын Шәйіге мектеп басшысы Ығиса қолқа салды. «Жәркентке барып үйреніп келесің, сенің қабілетің бар», — деп қоймады. Өңшең өзі секілді әйел-еркектің ортасында Шәйі екі ай оқыды. Мұғалім жігіт сол заманның ең білімдісінің бірі болса керек. Аса сыпайы, таза киінетін, үйрете білетін, асықпай сөйлеп, асықпай жүретін жігіт ағасы еді. Әйелдердің естімейтіні жоқ, айтуларынша, әке-шешесі жер аударылып кеткен байдың баласы көрінеді. Алматыда тұрады екен десетін. Білгісі, үйренгісі келген адамға оқудан артық ешнәрсе жоқ. Әр білген нәрсең, әр оқыған жаңалығың — жан рахаты. Оқыған, білген сайын біртіндеп биікке шығып бара жатасың. Биіктей бергің келеді. Биіктеген сайын білмейтініңді білесің, көрмей келгеніңді көресің. Көкжиегің кеңиді. Өзің де байқамай өзгере бастайды екенсің. Не болса соны айта салмайсың: басқалар оған қалай қарайды, түсіне ме, жоқ па деп таразылайсың; қалай болса солай киіне бермейсің: жұрт бұл түрімді қалай бағалайды деп ойлайсың; көрінген жерге бара бермейсің: ол арада кімдер болады, менің барғанымды қалай бағалайды деп күдіктенесің. Қысқасы, не істесең де ойланып істейтін боласың. Жақсы адам атанғың келеді. Жұрт мені жақсы десе, жақындарым да, немерелерім де қуанатын шығар дейсің. Қуандырғың келеді.

Оқи бастағандарына он шақты күн өткенде ғой деймін, мұғалім мұның қасына келіп жазуына үңілді. «Жақсы жазады екенсіз», — деді елге естірте. Бұл қуанып қалды. Ертесі басқа жақты аралады да, бұл жаққа жоламады. Неге келмеді деп, бұл бір-екі рет жалтақтады. Бірақ келмеді, қарамады да. Ертесі де сөйтті. О күні ол жаққа бұл да жалтақтамады. Келесі күні мұғалім тағы бұған көңіл аудармады. Шәйі енді кәдімгідей ойға қалды: ештеңенің қарасы жоқ, менің бұл алаңдауым қай сасқаным? Маған ол сөз айтқан жоқ, хат жазған жоқ, көңіл білдіріп бірдеме десе екен-ау, масқара! Еркексірейтіндей не көрінді маған? Қас қылғандай, мұғалім ертесі мұның жанына келді. «Жазуыңызды бұзып алғасыз ба? — деді ақырын ғана сыбырлап.

— Жазу тұрмақ өзім де бұзылып барам.

Мұғалім мүдіріп, басқа ештеме демеді. Тек баяу күрсінгендей көрінді. Шәйі орнынан ұшып түрегеп, есіктен шыға жөнелгісі келді. Тек көпшіліктің қалай қарарынан қаймықты. Мұғалім жаққа жақтырмай жалт қарады. Ол кітәпке үңіліп, бет-аузын сонымен жауып алыпты.

Үш күннен кейін Өктәбір ауданынан келген жеті кісіні мұғалім жеке алып қалып, оларды бүгін аудан басшылары қабылдайтынын айтты. Мүмкіндігінше дұрыс киініп келуді тапсырды.

Жиын екі сағатқа жуық созылды. Отырықшылық өмірге аяқ бастық, енді бізге білім қажет деген төңіректе алты-жеті адам әңгіме айтты. Мұғалім де сөз сөйледі. Арап қәрпіне көшудің қажет екенін ол да, бәрі айтты. Бірақ бәрібір Шәйі соншалық неге қажет екенін түбегейлі түсіне алмады. «Қай сөзді қай әріппен жазғанда не тұр?» — деп ойлады.

Жиыннан шығарда мұғалім мұның қасына келді. Үнсіз қолын ұсынды. Шәйі оның қылығына тосырқай қарады. Алақанында бірдеңе ағараңдады. Хат екенін білді. Жұрт байқап қалмасын деп жұлып алғандай жылдам ала қойды. Артына қарамастан кете барды.

Мұғалім ұзақ жазыпты. Бай баласы екені шын болып шықты. Түргеннің әйгілі байы деп, әкесін Орынбор жаққа жер аударыпты. Өзі де өкіметтің бақылауында жүрген көрінеді. «Менімен бас қосу — болашағы беймәлім өмірге аяқ басу. Мен сізді ұнаттым. Бірақ сіз ұнатпасаңыз, бәрі бекер екенін білем. Шынымды айтсам, мен сізге пана бола алам ба, жоқ па, білмеймін. Ал сіз маған пана бола аласыз. Өзіңізге, балаларыңызға бас ие болу — мен үшін үлкен бақыт. Егер сіз хош көрсеңіз, бәрін тәрк етіп, қасыңызда қалар едім», — депті.

Шәйі оған жауап жазбады. Өйткені бөтен еркекпен байланысқа түскенін Тәйкеннің әруағы кешпейтіндей көрінді. Оның үстіне Оралбегі мен Кеңесбегін алдайтын қылықтай сезінді. Табай мен Жүзіктің, Сәмен мен Әбеннің, басқалардың бетіне қалай қараймын деп те қорықты. Бір сезімнің басталғаны да, біткені де сол.

 

***

Киімі де мал, тамағы да мал боп отырған қазаққа қалқоздастыру науқаны өте ауыр тиді. Жан бағып отырған бар малын ортаға жинап алған соң, жұрт жаппай ашаршылыққа ұшырады. Өкіметтің өктемдігінен, аштықтың  аранынан құтылудың бірден-бір амалы елден қашу болды. Бүкіл аймақ алды-артына қарамай үрікті. Қоғалы мен Аралтөбенің жалайыры да, Кітәпбектің ауылы мен Китің жұрты да — бәрі Қытайға қашты. Айгүннің әке-шеше, туған-туыстары, Жұматай —бәрі кетті. «Жүр бізбен бірге», —деді Айгүннің әке-шешесі. «Жоқ, — деді Айгүн еш қобалжымай, — мен Шәйi апамдар көшсе, көшем, қалса, қалам». Әке-шешесi екi күн қарайлады да, ақыры көндiре алмай, өздерi кеттi. Өзi бiлсiн деп, Шәйi Айгүнге ақыл-кеңес айтпады, тек кейін маңдайынан иiскедi. «Ақылыңнан айналайын! Ерiн сыйлаған әйел елiн де сыйлайды. Елдi сыйлағаныңа ризамын. Ендi ел де сенi сыйлайды», — дедi.

 

***

Оралбегі соғыстан оралмады. Хабарсыз кетті. Аттанып кеткенінен кейін хат келмеді. Соғысқа жеткені де, жетпегені де белгісіз. Бір қызы мен бір ұлын құшақтап келіні қалды. Кеңесбек соғыс басталмай тұрып үйленген, бірақ бала сүйіп үлгермеді. Сәменнен — екі қыз, бір ұл  қалды.Қаншама қайғы-қасіретке қайыспай келген Табай қуанышқа төтеп бере алмады. Әбеннің екінші ұлы мектепке барғанда, тілашар жасап, ертесі оны мектепке апара жатып, жолда үһ деп отыра кетіпті. «Ата!» — деп, немересі бассалады. «Үйге», — деп қисая беріпті. Үйге әкелгендегі бар айтқаны: «Жүзігім!» — деген сөз болыпты.

Тәуірбек пен Айшаның екі ұлы майданға кетіп, үлкені Қали оң қолын түбімен майданда қалдырып, шолақ болып оралды.

Қанды соғыстың қай күні ауыр, қай күні жеңіл болатынын Шәйі қайдан білсін, білсе, соғысып жатқандар өздері шамалайтын шығар. Қазақ байғұс «Балаң бақытты болуы үшін, өйт, бүйт!» — десе, өйте береді,  бүйте береді. Бәріміз сөйттік.

Шәйінің де шекесі қызып тұрғаны шамалы. Бірақ, әйтеуір, шүкір дегізетін жағдайы жоқ емес. Кеңесбегінен ұрпақ қалмаса да, Оралбектен бар. Соларды өсіру үшін, атасы Тазабектің, әкесінің қандай адам болғанын солардың құлағына құйып айту үшін ғана өлгісі келмейді.

Екі ұл туып, екеуінен бірдей айрылу қандай анаға қиын болмасын? Бірақ орнында бар оңалар деген үміт — қайғы-қасіреттің бәрінен биік. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дейді қазақ.

Адам жақсылықты алдымен өз баласынан, қала берді ағайын-туыстың баласынан күтеді. Соғыстан кейін  Шәйіге қарайласатындай ешкім қалмаған сияқты еді. Бүкіл болашағын қара жамылғы жауып қалғандай еді. Сол қаражамылғының ұшын Тәуірбектің Қалиы қайырып тастар  деп кім ойлаған?! «Мені Тазабек ағам қамшының астынан жұлып алған. Мен оны өле-өлгенше ұмытпаймын, тәте. Мен тіріде сізді жан баласы басына алмайды», — деген Қалиды Шәйі қайтіп өз жақынынан кем көрер? Тектілік пен тексіздік өмір бойы өстіп өрбіп отырады екен ғой, өзі.

Жесір әйелдің жағдайын жетім-жесір де түсіне бермейді. Тек текті кісінің ғана оған көзі жетеді. Қалидың көзі жетті.

 

***

Китің мектебінде сабақ беріп жүріп, тағы бір жағдайға тап келді. Кітәпбектің қасында жүретін Қамза сары жігіт Китің ауылындағы Қараменде руы бірлескен қалхозға бастық боп келе қалды. Көзкөргеннің аты көзкөрген ғой, келген бойда-ақ ол бұған қамқорлықпен қарады. Оралбекті қызметке тартып, ауылдық кеңестің орынбасары етіп қойды. Анда-санда үйге келіп, хал-жағдайды біліп кетіп жүрді. Жүз көрісіп жүрген адамдар жүре-жүре үйренісіп кетеді. Сары жігіт бастық болған соң Қамза деген атын ұмытып қалғандай елдің бәрі оны «басқарма, басқарма» деп кетті. Сол арада Кітәпбек қайтыс болды деген хабар келді. Китіңде оны білмейтін кім бар, жұрт жаппай Ақжазыққа қарай аттанды. Әуелі Қайшының ішінде әртел құрып, артынан «Ақ  жазық» әртелін «Ақ жазық» қалхозына айналдырған, оның орталығын Қайшыдан Ақырқұдыққа, одан Ақжазыққа біржола орнықтырған айбынды, алғыр басшыны аудан ішінде білмейтіндер кемде-кем болатын. Шәйі бала-шағасымен баруды ұйғарды. Табай мен Жүзік те — бәрі тобымен шықты. Бүкіл Китің көшіп келгендей болды. Кітәпбектің кісілігі, бұларға істеген жақсылығы соған татитын еді. Соны көрген сары жігіт Шәйіге: «Апырм-ай, еркек істей алмайтын істі істедің-ау! Бүкіл Китің сенің қоластыңда екен ғой», — деді сүйсініп. Құшақтап, иығынан қақты. Байқатпай өзіне қарай тартты. Қатты құшырланып қысты. «Жаным-ай!» — деді әлденеге өкінгендей. Сол кеш Китіңнен келгендерге қонақасын сары жігіттің өзі берді. Аяғынан тік тұрып күтті, өзгелерді де тік тұрғызды. «Кітәпбек інісін жақсы тәрбиелеп кеткен екен», — десті қариялар.

Түн жарымда Тұйықтан құдалары келді. Ішінде Бәкен де бар екен. Ертесі Кітәпбекті жерлеп қайтқан топ ішінен оны көріп, Шәйі бүйі көргендей шошып кетті. «Тазабектің үстінен арыз жазып берген Бәкен екен», — деген  Табайдың сөзі тап сол арада есіне түсті. Ол да, бұл да көрмегенсіді.

Адамдар аза тамаққа кіргенде, Тұйықтан келгендер мен Китіңнен келгендер бір үйге бөлінді. Амал жоқ екеуі тағы ұшырасты. «Көрдегіні көретіндей үңірейген көзінің үрейлісі-ай!» — деді Шәйі үрке теріс айналып.

Жұрт сыртқа шыққанда, ақыры Бәкен бұған жақындады. Шәйі ту сыртымен тыжырынды. «Көңіл көрген жерде» деген. Қаза қайырлы болсын!» — деді қатарласа қасына келіп.

Әрине, ол Тазабекке көңіл айтты. Шәйі бірақ әдейі ұқпағансыды. «Жақсы кісі еді, арыздан қашып арып-ашып келгенімізде осы кісінің қолтығына тығылып едік», — деді қасақана әңгімені Кітәпбек жайына бұрып. Бәкен бұл жақтың да жағдайын жақсы білетіндігін байқатты: «Қазір де қолтығына кіріп жүргенің осал адам емес көрінеді ғой», — деді кекетіп.

Кімді меңзеп тұрғанын Шәйі түсінді. Бірақ түсінбегенсіді. Тіпті естімегенсіп бұрылып кете барды.

* * *

Жұрт өз малын өзі сойып алудан қорқатын заман туды. «Алып кетіпті», «Атып тастапты» деген сөздер тіршіліктің есігін ашып-жауып тұрған перде секілді еді. Осындай кезеңде Оралбек: «Үйленем» дегенді айтты. Шәйі баласының он тоғыздан асқанын, заман қаншама қыспаққа салса да, тіршіліктің әлі тоқтамағанын кенет түсінгендей күйге түсті. «Қайтем?  Не істеймін?» — деп састы. Табай мен Жүзіктен басқа кіммен ақылдасады? Соларға барды. Табай да састы. Жүзік қана сыр бермей, ойланып барып:

— «Бұдан жаман күнімде де тойға барғанмын» депті ғой бұрынғылар. Кешегі он алтыншы жылда да байға тиіп, қатын алғамыз, елміз ғой, бір жөні болар, — деді өмір көргендігін көрсетіп.

— Той жасайтын түгіміз жоқ қой, мені қинайтыны — сол, — деді Шәйі тоқ етерін айтып.

— Абдырама! Табай мен Жақсыбалаң ақылдассын. Балаңа қуанғаныңнан басқа сыр білдірме!

Жүзіктің жігер бергеніне Шәйі желп ете қалмады. Ол, құдай біледі, Сәмен үйленген кезді ұмыта қоймаған шығар? Ол әлгі кәмпеске жүре қоймаған кез еді. Елде мал бар, береке бар уақыт. Ағайын-туыс бір-бір малдан атағанда қора толып шыға келген. Құдаларға беретін киіт пен кәденің бәрін Жақсыбала қайнысы бір өзі көтерген. «Тәйкен ағам тірі болса, өстер еді», — деген сөзі әлі құлағында. Ол күн келмеске кеткелі қашан?! Елмен бірге қайнысы да қарасирақ кедей болып отыр. Оған тіпті «өйт-бүйт» деп бірдеме айтуға да аузы бармайды. Айтса, қасақана сынап айтқандай болады. Сағын сындырады. «Жоқтық жомарттың қолын байлайтынын» біле тұра оған не дейді?

Шәйі оған ештеме демеуге бекінді. Айтса, Табай мен Жүзіктің өзі айтсын. Өзі бір ұсақ мал тауып бер деп, неде болса Кобзевпен ақылдасады.

Баласы үйленгелі жатқанын айтқанда, Кобзев кәдімгі қазақ туысқаны құсап құшағын жая орнынан ұшып түрегелді.

— Міне, «Орнында бар оңалар» деген — осы. Құдай бізді бұған да жеткізді. Мен орыс қонағыңа самогон жасаймын, қазақтарыңа қатыным картоп пісіреді, балаларым қолынан келген көмегін жасайды. Саспа, бәрін жайғастырамыз, — деді даурығып.

Шәйі көңіліне риза болды, бірақ дәл солай бола қоятынына біртүрлі сеніңкіремеді. Өйткені, жоқшылықтың тамыры орыс пен қазаққа бірдей жайылып кеткенін көзі көріп жүр ғой.

Табай не дер екен деп Шәйі бір күн күтті, келмеді. Ертесі кәдімгідей елеңдей бастады: бұған не көрінді? Жүзік екеуі келісе алмай қалды ма? Әлде көмек берер жағдайымыз жоқ деп ұялғаны ма? Кеш батқанша күтті. Келмеді. Енді өзі баруға бекінді. Асығыс, алқын-жұлқын киінді. Есіктен енді шыға бергенде, сырттан құлағына дабыр-дүбір шалынды. Жақсыбала қайнысының даусы. Көңілі көтеріңкі кісінің үні. Не шығарын, не шықпасын білмей бөгеліп қалды.

— Оу, жеңгем киініп апты ғой?! «Бұлар келмесе, мен оларға өзім барайын» деген-ау, сірә?

Қайнысы дөп басты. Шәйі күліп жіберді.

— Енді қашанғы күтем? Барып, бәріңді бір қырайын деп ем.

— Сізге қалай болса солай келе салудан қорқып, алдымен Кобзевке кіріп ақылдастық, жеңге. Бұл өзі — құдайға қараған орыс. Қазақтың жағдайын қазақтан кем білмейді. Айтпақшы, кідіргеніміздің ең үлкен себебі, мына Табай ағамның ұлы Әбен де үйленем деп қабаттасып жатыр.

— Е, оны неге айтпайды? Жүзік менен оны неге жасырады?

— Әңгіменің бар қызығы сода боп тұр ғой, жеңге. Әкесі мен шешесі де кеше ғана естіп отыр. «Оралбек үйленсе, мен де үйленем. Айта алмай ұялып жүр ем», — депті.

— Тіпті жақсы. Екеуінің тойын қосып жасаймыз.

— О, аузыңнан айналайын жеңгесі! Осыны сізге қалай айтарымызды білмей састық қой. «Неге жағаласасыңдар?» деп ұрса ма деп бәріміз қорықтық. Табай ағам тіпті мен бармаймын, әуелі сендер айтып көріңдер деп, келмей қала жаздады.

— Жүзік ше?

— О кісі: «Неге бұрын айтпайсың? Жібектің алдында мені жерге қараттың», — деп, ұлына ұрсып, балаңның сырын білмейсің деп, одан Табай ағама ұрсып, одан асып бізге тиісе бастағанда зорға тоқтаттық.

— Жарайды, зуылдатпа! Сонымен қалай келістіңдер?

— Бәрі ойдағыдай болады, жеңге. Ертең Кобзев, Сәмен үшеуміз Тышқандағы әтіретке барамыз. Текше деген жайлауда арқар, теке дегенің өріп жүреді дейді. Әтіретте Кобзевтің таныс кәмәндірі бар көрінеді, соған барып аң атып әкелеміз. Ет табылса, басқасын уайымдамаймыз.

Шәйіге бұл сөз әзіл тәрізденді. Әйткенмен құп көрді. Кім біледі, кәмәндірі күшті болса, қолынан келіп те қалар. Көпзіп сенімсіз сөзді сөйлемесе де керек.

— Екі ұлдың тойын қосып жасау бұрын-соңды болды ма, жоқ па, оны білмеймін. Бірақ маған қатты ұнап тұр, — деді Табай бұл жағдайға өзінің риза екенін білдіріп.

Олар Тышқан жаққа кеткенде, ертесі кешкілік Китіңге Қамза келді. Кешкі апақ-сапақта амандасуға кірді. Аман-саулық сұрасқан соң, Шәйі екі ұлдың қабат үйленгелі жатқанын айтты.

— Ойбай, мынауың үлкен жаңалық қой!? Екі күйеу, екі келін — одан артық қандай қуаныш болмақ? Келгенім қандай жақсы болды. Тазабек тірі болса, бұл тойды қалай жасар еді, дәп сондай етіп жасаймыз, құдай бұйыртса. Қам жеме, бәріне өзім бас-көз болам, — деді басқарма бәрін өзі-ақ бірден ойлап-пішіп.

— Ә, айтпақшы, — деді кенет есіне әлдене түсіп, — тойға тамақ табармыз-ау, ән-күйсіз той той бола ма? Кісі жіберіп, Қапез бен Қаратайды алдырсам қайтеді?

— Келер ме екен?

— Неге келмейді? Өлердегі сөзімді айтып хат жазып жіберем. Шақыратын кісілерді де тізімдеп бер, бәрін бір-ақ бітіріп келсін.

Үйден шығып бара жатып басқарма артына бұрылды. Бірдеме айтқысы келіп тұрғанын түсініп, Шәйі бетіне қарады.

— Мынандай бір өлеңді білесің бе?

 

Көзің — қара, ағаштың көміріндей,

Бойың — түзу, мылтықтың теміріндей.

Сеніменен өткізген жарты күнім,

Жаманның өте шыққан өміріндей.

— Оны неге айттың? — Шәйі не айтпағын сезе тұрып сұрады.

— Сен сондай әйелсің! Сонан соң айттым. Менің әйелім үш қыз туып берді. Бес жыл болды, бала көтермеді. «Маған ұрпағымды жалғайтын ұл керек. Сен бір үйім болып отыр, басқа әйелге үйленейін», — дедім. Көнді. — Соны айтты да, артына қарамастан шығып кетті. Бәлкім, жайсыз сөз естіп қалам ба деп қаймықты; бәлкім, мен айтарымды айттым, енді сен ойлан дегені.

* * *

Жер бетінде жақсы адам көп болса, жақсыны аңсап неміз бар, кез келгенімен көңіл жарастырып кетпейміз бе? Орыстың бәрі Кобзевтей болса, он алтыншы жылы қазақты орыс қасқыр шапқан қойдай қырар ма еді? Бәрі адамның ала-құлалығынан. Тазабекті дәл Кобзевтей бірде-бір қазақ жақсы көрген жоқ шығар. Екеуінің соншалық бауырлардан бетер сыйласуында не сыр бар екенін бір құдай білмесе, басқа ешкім білмейді. Өлгеннен кейін де өзгермей сыйлау туған бауырдың да қолынан келе бермейді.

...Кобзевтер бір құлжа, бір таутеке әкелді, басқарма бір жылқы берді. Ашты-тоқты жұрт астатөк жағдайға тап болатын болды. Шәйінің іштей күдікпен күткені Іленің арғы бетінен кімдер келетіні еді. Сонадайдан саңқылдап сөйлеп келе жатқан Жомарттың даусын естігенде, құлынының үнін құлағы шалған құла биедей орнынан тұра ұмтылды. Жәмеш те, Қапез бен Жібек те қасында екен. Отыз алтыдағы әйел дәл он алтыдағы қыздай құлдыраң қақты. Қапез бен Жомарт аттарынан домалай түсіп, құшақтай алды.

— Бауырларым, бар екенсіңдер ғой! — деді әрбірін аймалай құшақтап. Жан-жағына жалтақтап, Шәйі тағы біреулерді іздеді.

— Әділбек аға ауырып жатыр екен, Байғабыл аға мен Қожабек аға, Самсалы — бәрі түнделетіп кеп қалар, — деді Жомарт соларды жоқтап тұр ма деген оймен.

—  Қаратай келе алмады ма?

— Келе алмады, — деді Қапез күрсініп. — Енді оны көре алмаймыз. Отыз екінші жылғы аштықта одан айрылып қалдық.

— Құдай-ай, қыршын кеткен екен ғой?! Иманы жолдас болсын! Үйленіп пе еді?

— Үйленген. Әке-шешесі, әйелі, екі баласы — бәрі Қытайға қашып бара жатқан жолда Қаратай қаза болыпты. Әркім өз басымен әуре боп жүріп, сақтай алмадық. Онымен бірге өнер де өлді. Орны толмайтын қаза сол болды.

...Ол тойды еске алу сол кездегі адамдарды аңсау секілді: танауы желпілдеп, Әбенім үй болып жатыр деген қуаныштан қысық көздері шоқ шашып жүрген Табай қандай еді; құдайдың бұған жеткізгеніне де шүкір деп, тойдың иесі емес, күтуші келініндей жайпаң қағып жүрген Жүзік қандай еді; тойдың бір жерінен түйткіл шығып қала ма деп, қайта-қайта Шәйіге жалтақтап, былай шыға бере бір-бірімен жаңа көріскендей ауыз жаласып тұрған Жақсыбала қайнысы, Сәмен бауыры, солардың анда-мұнда жұмсағанын адам санап ардақ тұтқандай көрген Кеңесбегінің күлім қағып зыр жүгіргені қандай жарасымды еді? Ой, шіркін-ай, өтіп кеткен соң, қымбат көріне ме, әлде шынында да шаттыққа толы шақ па еді?! Орыс Көпзіптің қулана қуанып: «Во!» деп бармағын шошайтып күлгені әлі көз алдында.

Сол тойда ғой, басқарманың көңілін анық аңғартқаны. «Бұл тойды біз жасап жатқан жоқпыз. Бәрі сенің ниетіңнен. Сен сұлу әйел ғана емессің, адамның бәрін өзіңе ынтық қып қоятын құдіретсің», — дегені. Шәйі оның бетіне «О не дегенің?» дегендей қараған. «Өйтіп қарамашы кісіге! Бәрін көріп, бәрін біліп қойғандай қарайсың. Адам қорқады», — деген тағы қыбыжықтап.

Қайран Қапез-ай, оның орны ерекше еді ғой! «Ағаның үйі — ақжайлау» дейді ғой қазақ. Ағасының үйіне келген ерке інідей емін-еркін жайраңдап еді. «Төркініне келген қыздай қайтқым келмейді», деп еді елді күлдіріп. Жомарт екеуі бір-бірімен әзілдесіп, елді де мәз қып, өздері де мәз боп, алқа отырыстың сәні болып еді.

Табайдың кісі көңілін таба қоятыны болушы еді. «Қапезжан, Шәйінің үйі —  ағаң Тазабектің үйі. Олардың ұлы Оралбек үйленіп жатса, менің ұлым Әбен де үйленді. Бір ағаңның үйінде болып, екінші ағаңның үйіне қонбай кеткенің қалай болады? Бір-бірімізді күнде көріп жатқамыз жоқ, балаларымыз күнде үйленіп жатқан жоқ. Шынымды айтсам, әніңе, әңгімеңе қанбай қалдық. Бүгін кешке Жүзік екеуміздің де шаңырағымызды көрсеңші!» — деді.

Оны Жақсыбала қайнысы іліп әкетіп, ол да қонаққа шақырды. Ақыры Қапез тойдан кейін үш-төрт күн аялдады. Жұмысым қалды демей, басқарма да бірге болды.

Жақсыбала қайнысынікінде отырғанда Қапез Қаратайды есіне алып, содан үйренген әнім еді деп, Шаншардың «Сырғалы еркем» әнін салды. Ән Қаратайды жоқтатты. Қаратайды жұтқан аштық сөз болды. Сонда отырып Қапез сол аштық кезінде шығарған «Ауыр күн-ай» деген әнін айтты. Оны ән деу — аз, мұң, зар деу — дұрыс.

«Балалары айрылған анасынан,

Айрылған аналары баласынан.

Жетім-жесір жалаңаш ашыққан соң

Сабанның дән іздеді арасынан.

 

Айхой, ауыр гүн-ай,

Жазатын күн болар ма бауырыңды-ай!

Айхой, қазағым-ай,

Арылар күн бар ма екен азабыңнан-ай!?

 

Күнің қайда кешегі ән іздеген,

Сайрандап ат үстінде сән іздеген?

Қара түнге тап болдың күндіз-түні,

Інінен сұр тышқанның дән іздеген».

Жылт еткен жұлдызы жоқ қараңғы түн Шәйінің көз алдына келді. Апта бойы бір түйір татпаған адамға күн мен түнде қандай айырма бар? Оның көзі қара түнек көрден басқа нені көреді?

— Айтуға да, тыңдауға да тым ауыр екен, — деді басқарма көзін сүртті ме, уқалады ма, алақанымен бетін біртүрлі үйкелей сипап.

— Менің ақылымды алсаң, Қапез, бұл әніңді ел алдында айта бермеші. Көре алмай жүрген бір дұшпаның ауыр күнді өз басыңа орнатып жүрер.

— Иә, — деді Шәйі құптап. — Сөйтеді.

Содан кейін бәрі бір-бірінің бетіне қарай алмай, көздерімен жер шұқып біраз отырып қалды. Ол тыныштықты тыныш отыра алмайтын Табай тағы бұзған.

— Сен, Қапез, тышқанның інінен дән іздегенді айтасың, ал біз тышқанның өзін іздеп, өзін жедік, — деп салды.

— Қойшы қайдағыны айтпай! Тышқан жеген Табай атанғалы отырмысың? — деп, Жүзік әзіл намыс жасады.

Табай бірақ қыңқ демеді.

— Шындық адамға ұнамағанмен, құдайға жағады. — Сайдың аузынан суыр ұстап әкелгенімде, сары қазы жегендей құшырланғандарыңды қалай ұмыта қалдыңдар? — деп, тіпті әріге барып тоқтады.

Табайдың онысы рас еді. Әуелгіде Оралбек пен Кеңесбек ешкімге айтпай, аттың құйрығынан қылтұзақ жасап алып тышқанның ініне салып жүрді. Қытайға босып бара жатқан аш-жалаңаш жиілей бастаған соң, біреу-міреу балалардың өзін жеп қойып жүрер деп қауіптеніп, Табай өзі балаларды бастап тау-тасты аралап кезетін болған. Өлгелі жатып та ұятын ойлайтын қазақ тышқан жегенін бір-бірінен жасырады. Түнде қайнатып, түнделетіп жейтін. Ұстаған тышқандарын өзіне, Тәуірбекке, Кенжеғараға, Шәйіге — төрт үйге Табайдың өзі тең бөліп тарататын. Анда-санда қоян ұстаса, күнде қоян жеп жүргендей, оны жариялап айтатын.

Қатты ашыққаннан отыз екінші жылдың қысында Кобзев тұқымдық кәртөшкесін де жеп қойып, көктемге салым қатты қысылды. Көзі шүңірейіп, қабағы үңірейіп, қатты жүдеді.

Кенжеғара мен Тәуірбек отыз екінші жылдың көктемінде Көкталдан екі көк есек мініп келді. Сол екі есек жаз бойы біраз үйді асырады. Қолы ісмер Кобзев бұрынғы ат арбасын екіге бөліп, одан екі дөңгелекті екі арба жасады. Ондай арбаны көтек арба дейді екен. Екі есекті екі арбаға жегіп алып Кобзев бала-шағасымен, Кенжеғара мен Тәуірбек, Сәмен, Әбен, Қали, Оралбекті ертіп — бәрі таңсәріден он шақты шақырым өрдегі Аяқсазға кетеді. Табай бір дағар тауып берді, тағы үш кенеп қап алып, бәрі Аяқсаздың суынан балық сүзді. Әуелі таяқпен шымның түбін, судың шөп басқан жағасын түрткілеп үркітіп, дағар мен қаптың аузын керіп сүзіп алады екен. Ұсақ-ұсақ қара балық соған қаптап түсетін көрінеді. Сасып кетпесін деп, ұстаған балықтарын тұлыпқа, көнекке су толтырып, соған салып әкеледі. Оны қалай қайнатуды, қалай қуыруды Кобзевтің өзі мен әйелі бұларға ерінбей үйретеді.

Күзде Аяқсазға қар түсті. Енді балық та, тышқан да таптырмайтын болды. Сол кезде Шәйі қатты састы. Балаларға беретін бидайы да, қара суға қайнатып беретін қалақайы мен жалбызы да бітті. Осы жағдай жалғаса берсе ұзамай өзі де, балалары да өлетінін білді. Өлмеудің амалын күні-түні ойлап таба алмады. Бала-шаға ойнау түгіл жүруден қалды. Өзі де көзі қарауытып, қай жерде біржола жығылады екем деп күдіктене бастады. Күні бойы жатып-жатып, кеш бата далаға шықты. Балтаны зорға көтеріп, итінің қасына келді. Арыған, құр сүлдері қалған Ақтөс құйрығын бұлғаңдатты. Әзірше екеуміз де тіріміз ғой деп тілдескен тәрізді. Күдіктенбеді, қашпады. Балтаны ыңғайлап, екі оқталды, бірақ ұра алмады. Қолы батпады. «Жеті қазынаның бірі деуші еді, киесі ұрар» деп ойлады. Үйге қайта кірді.

Көзімен тінтіп, үй ішіндегі мүліктерді шетінен түгендеп шықты. Бүгін емес, бірақ не ертең, не одан арғы күні не өзін, не балаларды өлім күтіп тұрғанын жүрегімен сезді. Сол сезігі анықталғандай әуелі Оралбегі, сонан соң Кеңесбегі мен Гүлсәні бірдей ауырып қалды. Бастарын көтере алмай, ертелі-кеш тек жатады, ыңырсиды. Кеңесбегі аздап ісіне де бастады. Ол — өлімнің жақындаған белгісі. Ана жүрегі үміттен гөрі күдіктің белең алып бара жатқанын сезді. Ең ақыры балалардан бұрын өзім өлсем екен, олардың өлімін көрмесем екен деп тіледі. Өз етін балаларына тірідей өзі бөліп бере алса ғой, шіркін!

Кенет көзі енесі астына төсеніш ететін тулаққа түсті. Қуанып кетті. Ақыл-есі орала бастады. Тазабектің тоны бар. Айтпақшы, қамшысы да бар. Бәрі жеуге жарайды. Орнынан ұшып түрегелді. Дереу қырықтықты іздеді. Бар еді, бірақ таба алмады. Қой қырықпағалы қай заман? Бір қалтарыста қалған болу керек. Тінтіп жүріп, ақыры тесе боп қалған қайшысын тауып алды да, дереу тулақтың ойдым-ойдым боп қалған қылшықтарын қырқа бастады.

Бойына күш бітті. Өлмейтіндей үміт оралды. Тулақты тықырлап біткен соң, пышақпен төрт-беске бөлшектеді. Сумен әбден жуды. Сонан соң ұсақтап турады. Үш баласына бір-бір уыстан, өзіне жарты уыс деп төртке, бөлді. Басқалар ше? Олар өле бере ме?

«Қой, бір шөкімнен болса да бөліп жер. Тулақтың бір бөлігін түгел қайнатайын» деп шешті. От жақты, қазанға су құйды. Кеспедей тілінген тулақтың тілім-тілімін түн ішінде қайната бастады. «Шіркін-ай, бір түйір май болар ма еді!» — деп армандады. Сонда сорпаның дәмі кірер еді.

Қатқан тулақ жұмсарсын деп, қазанға отты лапылдатпай, баяулатып, аз-аздан жақты. Қазан аузында отырып қалғып кеткен екен, түсіне той кіріпті. Кімнің тойы екенін дәл білмейді, Қапез, әйтеуір, ән айтып отыр екен. Ән тыңдаған жұрт Бәкенді үйге кіргізбейді. Ол мен де айтам, үйге кірем деп болмайды. «Ананы кіргізбеңдер!» деп, Шәйі тұра жүгіреді. Жығылып қала жаздайды.

Оянып кетті. Оты өшуге сәл қалыпты. Тулақтың бір тілімін алып тістеп көріп еді, кәдімгідей былбырап, жеуге жарап қалыпты. Содан кейін от жақпай, қазанның үстіне Тазабектің тонын жаба салды. Бығып жатса, тулақ былқып жұмсара түсер. Балалары оянғанша бабына келер деп күтті.

Өстіп өмір сүріп жатты. Бір күні түн жарымда біреу есік қақты. Балалары ояна қоймады. Неде болса деп, есікке өзі барды. Даусын шығармай, босағаны әдейі тықыр еткізді.

— Шәйі, мен ғой, — деді Кобзев.

Кенеп қапқа ораған сиырдың сан етін әкеліпті.

— Балаларға айтпа, түнде пісір де, қалғанын ешкім көрмейтін жерге тығып қой. Шетінен талғажау қыларсың. Жан баласына сездірме.

Ол шығып кетісімен Шәйі шикі еттен бір тістеп шайнады. Тұла бойына тараған нәр әлемдегі ең дәмді астың сөлі еді. Еттің иісінен елітіп басы айналды. Бірақ біреу біліп қоя ма деген үрей дереу есін жиғызды. Есік-терезені қымтап от жақты. Қазанға су толтырып, етті молырақ салды. Піскен етті төртке бөліп, бір бөлігін дастарқанға орады да, қалған үш бөлігін қалған үш үйге реттеп қойды. Бірер күннен кейін Кобзев тағы түн ішінде есік қақты. Тағы ет әкеп берді.

Ертесі түс ауа бере ауылға үш салт атты сап ете қалды. Үшеуі ауылды үш жағынан тінте бастады. Шидем сары жігіт Шәйіге келді де, босағадан аттаған бойы аңырып тұрып қалды.

— Кел, төрге шық, — деді Шәйі бет-жүзіне зер салмай.

Жігіт тұра берді. Шәйі оның жүзіне амалсыз қарады. Бір жерден көрген адам сыяқтанады. Есіне түсіре алмай аң-таң күйі жігіттен көз алмады.

— Шәйі апа, — деді жігіт бір-екі аттам жақындап. — Мен Амалбайдың баласымын ғой. Он алтыншы жылы есіңізде ме, ар жаққа бірге өтіп, бер жаққа да бірге келмеп пе ек?

Мұнымды біреу естіп қоймады ма дегендей жігіт жан-жағына жалтақтады.

— Е, жаным, сен бе едің? Бәсе, қайдан көрдім деп шырамытып тұрсам.

— Апа, біз сиыр ұрлаған біреуді іздеп жүрміз. Күдігіміз бойынша, колхоздың сиырын осы Китің, Сарыбел, Шежін, Бұрқан ауылдарының бірінде сойып алған болу керек.

Шәйі сәл үндемей қалды да, бәрін болжамдай қойды.

— Мұнда ондай күдікті кісі жоқ, — деді кесімді үнмен. — Бір сиырды бүтіндей тығып жеу бір кісінің қолынан келе қоймас. Тізе бүксеңші, Тазабек ағаңның үйі ғой, — деді.

— Иә, апа, ағаның қаза болғанын естідім. Әкем айтты. Қаза қайырлы болсын. Мен енді көрші орысыңызды тексеріп шығайын. Қызметтің аты қызмет. Үш кісіміз. Үшеуміз де бір-бірімізден сақтанамыз. Кімнің  ішінде не жатқанын кім білсін.

— Оның рас, шырағым. Жүр, көршінікіне бірге барайық. Бұлар бір өте қайырымды адамдар. Ет жемейді, шөп жейді. Сол шөптерін бізге де беріп қарайласып тұрады.

Бұларды көріп, Кобзевтің өңі қашып кетті. Қайта-қайта Шәйіге жалтақтай берді.

Жігіт орысшаға жымдай екен. Үйді-үйді түгел тінтіп келе жатқанын айтты.

— Бұлар түгел қазақша біледі, — деді Шәйі сөзге араласып. — Немерелері қазақ мектебінде оқиды. Мынау отағасы — Тазабек ағаңның досы. Жаңа айттым ғой, біз ет жеп жүргеннің өзінде бұлар шөп жеп жүретін, әлі сол. Ұрлық жасайтын жандар емес.

— Жарайды, апа. Біздің қызмет солай. Барлық үйді түгел тінтіп шығу — міндет. Сондықтан мен бұл үйді де қарап шықтым деп санаймын. Сау  болыңыздар!

 — Сау бол, айналайын!

Кобзев тілін жұтып қойғандай түк сөйлей алмады. Тек тексеруші шығып кеткен соң ғана өне бойына жан кіріп, орындыққа сылқ отыра кетті.

— Уh! Өлген жерім осы ғой деп ем. Әй, Шәйкентай-ай, сен кіріп келгенде, «әй, құрыдым, куә болады-ау!» — дегем. Бір өлтіріп, бір тірілттің-ау!

Өтіп кеткен соң, соның бәрі бүгін көрген түстей. Кімнің де  болса өмірі дардың жібіне ілулі тұрғандай күн еді.

Бір күні Оралбек пен Кеңесбектің өң жоқ, түс жоқ зәрелері ұшып келгені әлі есінде.

— Апа, Қараменденің белінде баласын құшақтаған бір әйел жатыр. Қатып қапты! — деген көздері шарасынан шығып.

Балалар шошиды деп, Табай бір өзі барып көміп келген. Теріскейден жан сауғалап Қытайға қарай қашқан жаяу босқынның көбі Китіңге жетер-жетпесте әлі құрып жығылатын. Соның көбін Көбзіп пен Табай төбе-төбенің жұмсақ жеріне көміп, беттерін жасырды. Басқа жұрт туған баласын санап жатқанда, қазақ байғұс өлгенін санап жатты. Ақыры санынан шатасты. Өйткені тірі қалғанынан өлгені көп болып кетті. Санайтын да адам санаулы қалды.

 

***

Көкөзек көктем еді. Китіңнің қойнау-қойнауында  қыстай қар жатқанмен, күнгейі көгеріп, ұсақ мал көк қуалай бастаған. Шәйі неге өйткенін өзі де білмейді, кенет айнаға қарап тұрып ойланып қалды. Кеңқабақ, жазық маңдай, пісте мұрын, жайтаң көз, сүйір иек, сүйкімді ауыз — әдемі әйелге тәннің бәрі бар. Тек соған сүйсінетін, ие болатынТәйкен жоқ. Түн баласы аңсап оянған омырауын өзінің әлі өле қоймаған ақыл ойы әрең жуасытады. Иесі жоқ бедеу әдемілік!

Аяқ асты мектеп деректірі ауданға барасың, озат мұғалімдердің жиыны болады деді. «Ойбай, қорқам, жолда қасқыр жеп қояр», — деді шынын айтып. «Басқарма ат беретін болды. Өзі және біргәдір үшеуің барасың». Басқарма мен біргәдірдің біреуі жеп қоймаса, қасқыр жей қоймас», — деді әзілге де,  ескертуге де бейім жұмсақ дауыспен.

Сезіктенді. Бірақ бас тартуға себеп таппады. Үшеуі Көкталға келіп, бір тараншының үйіне түсті. Ұйғырларды ол кезде бәрі солай атайтын. Ол бір қалбалақтаған ақжарқын кісі екен. Ауқатты адам екені үй-жайының кең-молдығынан да көрініп тұрды.

— Құрбан ака, сен бізге лағманың мен мантыңды жаса, ана біргәдір бауырың бір қойын сойып әкелген, оны біз кеткен соң өзің бала-шағаңмен жерсің, — деді басқарма күліп.

— Құп! — деп, тараншы да күлді.

Басқарма мен біргәдір бірге, Шәйі жеке бөлмеге жатты. Алдын ала ойластырған жағдай екенін Шәйінің іші сезді. Ұят пен нәпсі екеуі де қатар оянды. Есікті іліп алғысы келді. Амалын таптым деп ойлады. Бірақ есіктің ілгегі жоқ боп шықты. Амал жоқ, басқарманың қашан келерін күтуі ғана қалды. Ары күтті, бері күтті. Ары аунады, бері аунады. Үй деп айтам, бүй деп айтам деп біресе ашуланды, біресе оған ақыл айтқысы келді. Бірақ бірде бір ой көңілінен шықпады. Ақыры өзіне өзі ашуланды. «Сонша маған не көрінді? Келсе, кеудесінен итеріп жібермеймін бе?!» деп кіжінді. Әлде тебем бе? Өйткені ұят болатын шығар. Әйел еркекті теппейді ғой? Енді қайтеді? Көне ме? Ұяттың көкесі сонда болмай ма? «Алам. Үйленем» деген мұғалімге көнбегенде, алмайтын, әйелі бар басқармаға көне ме? Құдай-ай, енді қайтеді? Қарабет болатын болды-ау!?

Шәйі өзімен өзі ұзақ арпалысты. Басқарма бірақ келмеді. Алысқан ойды ақыры ұйқы жеңді.

Түс көріп жатыр екен. Шуақты жаздың жаймашуақ кезі болса керек. Қоңыр жел қойны-қонышын аралап, қайта-қайта омырауын аша берді. Етегіне әлдене оралғандай болды. Омырауын қаусыра бергенде, қолы біреудің қолына тиді. Өне бойы өрт тигендей дүр ете қалды. Әлгі қол, әлгі алақан қойнын бойлап бара жатқан соң, шап беріп ұстай алды.

— Шошыма! Мен ғой, — деді басқарма дәл тамағының астынан ентігіп.

— Мұның не? Қой! Ұят болады.

— Болмайды. Қақпашы қолымды! Айттым ғой, мен әйеліммен келіскенмін. Екеуміз үйленеміз. — Ентігіп, есін жоғалтқан құйын еркек төсек орнын тік көтеріп әкеткендей болды. Жерде де емес, көкте те емес, Шәйі құйын құбыжықтың қақпанында қимылдай алмай қалды. Тек бұл іске менің еш қатысым жоқ деген адамша екі көзін тарс жұмып алды. Тәнінен қашқан ұят көрпе ішінде тұншығып жатты.

Ертесі жиын аудандық кеңседе өтті. Өктәбір ауданына қарасты ауылдардың еңбек озаты болған әйелдер ғана шақырылыпты. Басқарма мен біргәдір сыртта қалып, жиынға Шәйі өзі ғана қатысып шықты. Бұл күн әйелдер мерекесі деп жарияланыпты. Аудан басшысы әр әйелге бір-бір дәптерден сыйлық үлестірді. Оған бәрі ат мінгендей әсерленді.

Жиыннан шыққан Шәйі сыртта біргәдір мен Бәкеннің әңгімелесіп тұрғанын көрді. Жақындарын да, жақындамасын да білмей, есік алдында аз сәт дағдарып қалды. Өз бетінше кете берейін десе, қайда барарын да білмейді. Неде болса деп, қайтадан кеңсе ішіне кіріп кетуге бекінді. Ауданы бөлек, ауылы бөлек, бұл пәле мұнда қайдан жүр деп ойлады. Түрін көргеннен тұла бойы түрпідей жиырылатын болыпты. Қайда барарын білмей, ұзын дәлізбен беталды жүре берген. Біргәдір қуып жетті.

— Басқарма  хатшыға кіріп кетіп еді, — деді жан-жағына алақтай қарап.

— Бәкен мұнда неғып жүр?

— Ол қазір Ақжазықта басқарма ғой.

— Қашаннан бері?

— Кітәпбек қайтыс болған соң, соны қойған.

— Ол бұл жақтың адамы емес қой?

— Ауданның басшысы — сол жақтың жігіті. Сізді Бәкен жақсы танимын дейді. «Сәлем айта бар, басқарма өлімге барса да, жиынға келсе де жанынан тастамайтын болыпты ғой», — деді.

— Сен не дедің?

— Аудан: «Озат әйелдеріңді әкел», — деді, әкелдік. Сен де озат әйелдеріңді әкелдің ғой», — дедім.

Сол арада басқарма да шықты. «Жүріңдер, дүкеннен аздаған сәлем-сауқат алайық та, қайтып кетейік», — деді асығыстық танытып.

— Қонсақ қайтеді? — деді біргәдір біртүрлі босаң дауыспен.

— «Көктемгі егіске әзірлік нашар», — деп жатыр хатшы. Қырына ілініп жүрерміз, бәлесінен аулақ.

...Бұдан ары не боларын Шәйі болжай алмады. Бірақ болар іс болды. Жалғаса ма, жоқ па, оны да айта алмайды. Бір шайтан: «Енді шегінетін жерің қалған жоқ», — десе, бір шайтан: «Көкейіндегі істі жүзеге асырған соң, енді саған басқарма енжар қарай бастар», — дейді. Соны растағандай, басқарма Китіңге келмей кетті. Өзі келмегенмен, ұйқыдағы жыртқышты оятып кетті. Оны тізгіндеуге Шәйінің шамасы жете ме әлде дегеніне көне ме?Бозбала Оралбегін, бойжетіп қалған Гүлсәнін, кішкентай Кеңесбегін аштықтың аранынан отыз екінші жылы көне тулақ пен Көпзіптің ұрлап сойған сиыры  құтқарып қалған. Мен өлсем де, балаларым аман қалса екен деп тілеген сонда. Енді бұған бала ғана емес, бай да керек болғаны ғой? Қазір Оралбегінің өз отбасы отау үйі бар, Гүлсәні әне-міне онжылдықты бітіргелі отыр, Кеңесбегі құдай бұйыртса, бозбала болды. Бұрын оларға айтқанын істетсе, енді бұл олардың айтқанымен санасады.  Өйтпесе, өзі құрап келген отбасын өзі күйретіп алмай ма? Қой, құрысын! Жоқ жерде өз балаларымен араздасып қалар. Ең дұрысы әуелі Жүзікпен ақылдасқаны.

* * *

Мектепке келген Шәйі алдынан шыққан әйелдің жүзінен әлдебір жүгіріп өткен жұмбақ өзгерісті аңғарды. «Құдай-ай, біліп қойған ба?» — деп қорқып кетті. Артынша әйелдің бет әлпетінен үрей көрді. Таңданып, бетіне сұраулы кескінмен қарады. Әйел сыбыр етті:

— Басқарманы алып кетті.

— Кім?

— Інкібідінің адамдары.

Біреу естіп тұрған жоқ па деп, екеуі де жан-жақтарына алақтады. «Құдай бізді құп көрмеген екен», — деді үрейленіп тұрса да іштей тіпті қуанғандай да болып.

— Не үшін? — деп қалды Шәйі ойланбастан.

Ана әйел соны да білмейсің бе деген кісіше бетіне ажырая қарады.

— Не болушы еді?  Халық жауы болғаны үшін де.

— Енді не болады?

— Енді жақсы болады.

Әйел мұны әжуа қылып тұрғандай көрінді.

— Орнына біргәдір басқарма болыпты. Енді соның айтқанымен жүреміз.

Шәйі бұл арадан тез кетуге тырысты. Әйелдің әлгі сөзі «Енді сенімен біргәдір жүреді» дегендей әсер қалдырды. Адамның өзін де, сезімін де тәлкек қылған заман-ай!

Үйге келе жатып өз ойынан өзінің үрейі ұшты: тойға берген жылқысы басына пәле болған жоқ па екен? Соны ойлауы-ақ мұң екен, өне бойы тоңазып қоя берді. Оның кесірі Оралбегіне тиіп жүрмесе жарар еді! Екі ұлға ұлан-асыр той жасады деп, әлдекімнің іші күйді-ау, қайтсе де. Құдай-ау, не боп кетті, қуанғаны да қылмыс, қайғырғаны да қылмыс. Кім көріп қойғанын да білмейсің, кім айтып қойғанын да көрмейсің. Әркімді аңдып жүрген бір үрей бар, әйтеуір.

 

***

Ойлап отырса, ел де, елмен бірге бұл да Тәйкен өлгелі үш үлкен кезеңнен өтіпті. Алғашқысы — ашаршылық. Одан кейінгісі — «халық жауларын» қыру, сонан соң — соғыс. Осының үшеуін де көрмей өткен Тазабек қайта бақытты ма деп те ойлайды.

Ашаршылықтың ең ауыры — отыз екінші жыл. «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды» дейтін қазақ қатты қырылды. Он алты жылдан кейін он алтыншы жыл тағы қайталанды. Ол  жылдың қырғынынан қазақты қорғап қалған өкімет енді өзі қырды. Ақылы жетпеді ме, әлде қулығы ма, малмен жан бағып отырған жұртты малсыз қалдырды. Ашыққан адамды ақыл емес, ашыққан сезім билейтін болу керек, Шәйі өзі көрмесе де адам етін жегендер болды дегенді талайдан естіді. Бұл жақтың адамдары, жақын жер болғандықтан, Қытайға үдере өтіп жатты. Отызға жуықтап қалған үйден Китіңнің өзінде жеті-сегіз-ақ үй қалды. Жеке шаруашылық бола алмаған соң, ақыры бұларды Үлкенағашқа қосып жіберді. Китің жеке бригада болып қалды.

Басқа жерді қайдам, Китіңде бала көп қырылды. Айгүн дәл отызыншы жылы төртінші баласына босанған, сол ғана аман қалып, қалған үйелмелі-сүйелмелі үшеуі бір аптаның ішінде бірінен кейін бірі кетті. Құдайға тәубә, қайнысының содан кейін туған екі ұл, екі қызы бар.

Аштықта бір ұл, бір қызынан Сәмен де айрылды. Ағынтай бауырымның аты өше ме деп, Шәйі қатты қайғырды. Балалары өлсе де, Сәменнің өзі өлмесе екен деп ойлады. Ол аман болса, тағы балалы болар деген далбасасы шығар. Құдай сол тілегін берген сияқты: қазір екі қыз, бір ұлы бар.

Тәуірбек пен Айша да бір ұл, екі қызынан айрылып, баяғы Тазабек арашалап алатын Қалидың бетіне қарап қалды. Ол жақсы ержетіп, үйленіп, аштық жылы ол да екі қыз, бір ұлынан айрылды. Артынан әйелі де өлді. Қайта үйленді. Соғысқа дейін екі қыз, бір ұл сүйіп, соғыстан кейін тағы бір ұл, бір қыз сүйді. Күні бүгінге дейін қарайып қасында жүрген — жалғыз сол.

Он алтыншы жылда да, отыз екінші жылда да өлген қазақтың дәл есебін алған ешкім жоқ.  Он алтыншы жылғы қырғын албанды ғана шарпыса, отыз екінші жылғы аштық бүкіл қазақты баудай түсірді. Сол екі қырғыннан да аман қалғанына қарағанда қазақтың ырызғысы әлі таусылмаған. Болашағы бар.

* * *

Отыз жетінші жылдың сәуірінде басқарма қамалды, сол күзде Қапез де ұсталыпты дегенді естіді. Дүниенің диірмені теріс айналып бара жатқандай болды. Қорыққан жұрттан ақыл қашады екен, жиналыста көсемдерді жабыла мақтағанмен, ешкім бір-бірімен оңашада сырласпайтын болды. Біреуге сыр ашу өз басыңды қақпанға тығумен бірдей еді. Әншейінде әзіліңді көтере алмай кек сақтайтын бәтшағарлар оған бермей, біреуге шай беріп жатқаныңды білсе, ана екеуі ауызжаласты деп жазып жіберетін. Ал басшылар халықтың білімділігін қалай пайдаланса, қараңғылығын да солай пайдаланып бақты.  Сол кезеңде Шәйінің жанашыры Жүзік қана емес, Айгүн де болды. Ол абысыны атына сай айы мен күніндей, дәл бір сіңлісіндей қормалы болды. Сөзін де бағып, қабағын да бағып, қисынсыз бір сөз айтпай, келеңсіз бір қылық көрсетпей өтті. Оны ойласа, омырауы мейірге толып кетеді. Жүргені, тұрғаны, сөйлегені — бәрін қойшы, бетіңе қарап жымиғаны-ақ жетіп жатушы еді. Кеудеңе күннің сәулесі төгіліп кеткендей, сен де көңілденіп сала беретінсің. Жақсының бәрін жердің асты жұтып жатқандай, тегі.

* * *

Он алтыншы жыл үшін патша үкіметін, ашаршылық үшін кеңес үкіметін кінәласа да, соғыс үшін Шәйі үкіметті өйте алмайды. Ол да қырды, бұл да қырды, бірақ елді қорғау — ер азаматтың ойланбай өлімге баратын борышы. Жауды өлтірем деп барған адам жаудың өзін де өлтіретінін біліп барады. Біліп тұрып бет бұқпау — атадан қалған намыс. Баласы Оралбек, Кеңесбек, бауыры Сәмен, Әбен, қайнысы Жақсыбала — сол намыстың құрбаны болды. Олардың өлімі — ұрпағы үшін елмен жерді сүюдің үлгісі, ал ана үшін өле-өлгенінше өкініш.

Батыр мен қорқақтың аражігін ашқанмен, соғыс ешқашан адам баласының бар мүмкіндігін аша алмайды. Қайғы жеңген елді де, жеңілген елді де басар. Демек, екі жағы да жапа шегеді. Адамдар жапа шегіп жатқан жерде адамгершілік  ардақталмайды. Адамның құдай берген өмірін құдайдың өзі ғана алуы керек.

Елмен бірге соғыстың зардабын Шәйі де кешті. Біреулерден өлідей, біреулерден тірідей айрылды.

Оралбектің алғаны Ақжазықтың қызы еді. Он сегізінде келін боп түсті. Оралбек майданға кеткенде ұлы Нұрбек екі айлық қана болатын. Қырық екінші жылы Оралбектің қара қағазы келді. Қырық алтыншы жылға дейін келіні қолында болды. Түбі оның тағы біреуді табатынын Шәйі білді. Тек балаларды бірге алып кетем демесе екен деп тіледі. Ақыры келіні, артымнан қуып келе алмасын деген адамша, қыс ішінде қашып кетті. Жаз шыға ата-енесімен, күйеуімен алдына келді. «Балалар келіп-кетіп жүрсе» деген тілек айтты. Шәйі келісті. Барып-келіп жүргенмен, балалар әлі күнге дейін Шәйінің үйін өз үйі санайды.

Кеңесбегі қырық бірдің көктемінде он алты жастағы Айнагүлге үйленді. Ол соғысқа кеткенше әйелі бала көтеріп үлгермеді. Айнагүл десе дегендей әдемі еді. Соғыс аяқталғанда жиырмаға шықты. Келіні қырық жетінші жылдың күзінде колхоздың жұмысынан қолы босап үйге оралды. Жүзі сынық, бірақ денесі толысқан тәрізденді. Кешкісін тамақ жасап жүріп қайта-қайта тысқа шыға берді. Шәйі содан күдіктенді. Өне бойын ашу биледі. Біржола келмейтін өлдіге санағаны ма баласын? Күдер үзген ғой?

Келіні үйге тағы кірді, тағы шықты. Шыдамы таусылды. Өзін өзі сабырға шақырып көріп еді, басын кеулеп алған ашу басыла қоймады. Шапанын жамылды да, сыртқа шығып кетті. Екі кештің арасы болса да,  ар-ұятын шүберекке түйіп, Табай мен Жүзіктікіне келді. Бұл бейуақытта келісінің бекер емесін екеуі де сезді.

— Балалар, сендер ана бөлмеге барыңдар, Шәйі апаларың шәй ішсін, мазасын алмаңдар! — деді Жүзік ойнап жүрген немерелерін төргі үйге тығып. Балалармен бірге Табай да кетті.

— Айнагүл екіқабат болып қалған сияқты, — деді Шәйі Жүзікке ішіне сыймаған күдігін бірақ ақтарып.

— Шәй іш, — деді Жүзік ештеңе естімеген адамша.

— Жүзік, мен саған не айтып отырмын? Естімедің бе?

— Естідім. Өзі не дейді?

— Сөйлескем жоқ, сұрамадым. Жерік екенін жаңа ғана білдім.

— Не істемек ойың бар?

— Білмеймін. Соны сенімен ақылдасқалы келдім.

— Ақыл да, ұят та адам сияқты ол да азады екен, Жібекжан. Бәріміз азғындап барамыз ба, әлде бір-бірімізді түсінбей барамыз ба, біле алмай басым қатты. Сәменнің әйелі де солай.

— А-а?

Тілдері аяқасты байланып қалғандай, екі әйел бір-біріне қарай да алмай мелшиіп қалысты...

Соны да бастан кешті бұлар.

Айнагүл де, Сәменнің әйелі де қыз туды.

...Нәрестеде не күнә бар, тырбаңдап тіршілікке талпынады. Ол әжелеп жүгіріп жүргенде, Айнагүл айтпай, дәнеңе етпей, әлдебіреумен қашып кетті. Кеңесбектің қызы деп, баланы бауырына басып Шәйі қалды. Оралбектің екі баласы мен Кеңесбектің қызын бағып-қағу Шәйі үшін азап болмады, олар екі ұлын әр сәт есіне сап тұратын тіршіліктің нәрі болды. «Оралбегім сөйтуші еді», «Кеңесбегім сөйтетін еді» деп жоқ балаларының мінез-құлқын немерелерінен іздеп тауып отыратын. Ол да құдайдың бұған берген қайыры еді.

Екі жылдан соң құндақтаулы қызын құшақтап Айнагүл үйге қайтып келді. Әке-шешесімен бірге тұратын бауыры мен жеңгесі босағадан аттатпапты. Бірер күн ана бауырына, бір күн мына бауырына барып, ақыры барар жер, басар тауы таусылған соң, баяғы Шәйіні тауыпты. Күйдім-сүйдім деп үйленген күйеуі күнде ұрып, сабайтынды шығарыпты. Боқауыз, былғаныш сөйлейтін еркек көрінеді. Ә десе, «әкеңнен» бастап, өйтейін, бүйтейін дегенді ел көзінше де қардай боратып, сабаудай сатырлатып боқтай береді екен. Шәйі келінін кеудесінен итере алмады. Кішкентайын  шомылдырып, жуындырып, бауырына салып алды.

Айнагүлдің күйеуі екі мәрте кешірім сұрап келді. Кескін жағынан келісті-ақ еркек көрінді. «Барғың келсе, ұстамаймын. Бар», — деді Шәйі келініне. «Жоқ, бармаймын» деп келіні кесіп айтты. Бірақ, құдай атқанда, Айнагүл айтқан сөзінде тұрмады. Қызы емшектен шығып, жаңа-жаңа тәй-тәй басып жүргенде, әлдекімдер арқылы астыртын байланысып жүріп, сол күйеуіне қайта қашып кетті. Сонда да Шәйі келініне түңіліп, кейімеді. Өйткені, ол Кеңесбегінен қалған жәдігердей еді. Кеңесбек тірі болса, оның мұндай күйге түспейтінін тағы білді. Мұндай тағдырды ол сұрап алған жоқ, осындай тағдыр оған тап болды. Шамның жарығынан ұзап шыға алмайтын жынды көбелекше бір еркекті төңіректеп сандалды да қалды. Одан кейін де екеуі екі рет ажырасып, екі рет қайта қосылыпты. Бірақ Айнагүл бұл үйге келмеді, балаларын да көрмеді. Мәрттік танытты. Ақыры Шәйінің құлағына адам күлетін әңгіме жетті. Бір күні күйеуі «ой, әкеңнің» деп тұра ұмтылған екен, Айнагүл қашпапты да, саспапты да, оқтауды ала сап қақ бастан күйеуін қойып қалыпты. Анау шалқасынан талып түсіпті. Есін жиған соң, еркек емес пе, екілене кеп ұмтылса, қолтығынан ұстап алыпты да, далаға итеріп тастап, есікті тарс кілттеп алыпты. Масқара болған күйеуін екі күн бойы үйге кіргізбепті. Ақыры анау жаздым-жаңылдым деп алдына жығылыпты. Содан бері екеуі итжығыс төбелесетін көрінеді. Екі баласы бар, қырық бестегі әйел деуге адамның аузы бармайтындай Айнагүлдің бет-аузы мыжырайып кетіпті. Ол да, бұл да бір-біріне шешіліп ештеңе айтпады. Әңгімелері амандық-саулық сұрасудан ары аспады.

* * *

Табайынан айрылған Жүзік те, Жақсыбаладан айрылған Айгүн де жарым көңіл. Үш жесір бір сәт сөйлессе де бір-біріне сеп. Жағдайын білейін деп, бір күні Шәйі Жүзіктікіне барды. Күннің шуағына арқасын тосып, есік алдында жүн түтіп, ыңылдап ән салып отыр екен. Тыңдап тұрып қалды.

Ауылым көшіп барады Керме көлге,

Алыс шығар Керме көл көрмегенге.

Қыс пен аштық қосарлап қысса дағы,

Күн күркіреп жаз шығар өлмегенге.

Бұраң бел,

Мен бармаймын,

Өзің кел!

— Сенің бармайтыныңды біліп, өзім келдім.

— Ой, жаным! Жер  бетіндегі жалғызым! Сен ғанасың  ғой менің өткен өмірімнің де, өтіп жатқан өмірімнің де куәсі.

Мұны құшақтап ол да жыламсырады, оны құшақтап  бұл да жыламсырады. Оның ішіндегі мұң-қасіреттің бәрін Шәйі біле ме, Шәйінің ішіндегі мұң-қасіреттің бәрін Жүзік біле ме? Әркім өзінікін ойлап мұңаяды. Жылай алмаған жүрек жылағанды түсінбейді.

Жас күнінде жеңгесі, кейін шешесіндей болған Жүзік алдымен Табайды жөнелтіп, оның жылын өткізген соң көп ұзамай өзі де дүние салды. Жапырағы сиреп, бұтағы сынған теректей бірте-бірте Шәйінің өзі сорайып жалғыз қала бастады. Бір шүкір дейтіні төңірегін немере-шөберелері шуылдап қоршап жүр.

Ойлап қараса, Шәйі өмір бойы Тазабектің шапағатына шомылып өтіпті. Мұны қоршағанның бәрі — сол Тазабек табыстырған адамдар. Тірісінде Тәйкенге тілеуқор болса, ол өлген соң бұған пана болған солар!

Қапезді айтсаңшы! Жайраң қаққан жайсаң еді ғой. Қапезді ойласа, неге екенін, есіне еріксіз Бәкен де түседі. Соған соның кесірі тигендей болады да тұрады. Оған себеп, сірә, Оралбек пен Әбеннің тойына келгенде Жәмеш айтқан бір сөз.

Сері мінез, ақжарқын Қапез бір ұйғырдың қызын ұнатып қалыпты. Жібектің үстіне оны да алғысы келіпті. Бірақ қыздың әке-шешесі әрі-сәрі болса керек. Сол тұста Бәкен екеуі қатты сөзге келісіпті. «Қарындасымды қорладың» деп анау, «Жібектің өз орны өзінде» деп мынау, екеуі ақыры жауласып тарайды. Сол арада ұйғыр қыздың әке-шешесі Қытайға қашып өтіп кетеді де, Қапез бен Жібек қайта жарасып кетеді. Бәкен бірақ қайтып Қапезбен араласпапты. «Кейбіреу бүгін тату, ертең араз» деп Қапездің әнге қосуы да бекер емес. Қапез отыз жетінші жылы ұсталып, итжеккенге айдалып бара жатқанында:

«Әзәзілге сендің бе?

Айтқанына көндің бе?

Халқым деген Қапезді,

Жау деп ұстап бердің бе?» — деп мұң шаққаны тегін  емес. Ол бәленің Бәкеннен келгенін білген болу керек. Әттең, оны сұрайтын Қапез жоқ. Итжеккенде жүріп қайтыс болыпты. Жатқан жері жайлы болсын!

* * *

Гүлдән мен Гүлсән өзара ақылдасты ма екен, Оралбек пен Әбен үйленген жазда екеуі де теріскей жаққа іркес-тіркес күйеуге қашып кетті. Сөйткендері дұрыс та болған секілді. Құда түсу мен құда күту де ескіліктің қалдығы санайтындар табыла бастаған.

* * *

Бұл жақтың қазақтары Шаншар деген ақынын Құлманбеттен кем бағаламайды. «Екеуі айтысқанда Шаншар басым түсіп еді. Әттең, бір тентектің тексіз ісіне бола сөзден тосылды» санайды. Жеңілгеннен жүзі күйіп, үнемі ел аралап кетеді екен. Жамбылды ұстаз санап, сол ауылда көп күнін өткізіпті. Ақыры аштық жылы қайда қалып, қайда кеткенін жан білмейді.

* * *

Соғыстан кейінгі жылдарда ел еңсесі көтеріңкі болғанмен, кем-кетігі көп еді. Үш-төрт қонақ үйге қатар келсе, оларға ас құятын ыдыс жетпейтін. Бала-шаға дереу көршіге жүгіретін. Бүтін ыдыс та табыла бермейтін. Құрсауланған кесемен шай ішу,  кетік ағаш ожаумен көже құю, су ішу, ағаш аяқпен айран ішу, ағаш қасықпен кеспе көже ішу баршылық саналатын. Той жасаған жұрт көрші-қолаңнан асып, бүкіл ағайыннан ыдыс жинайтын. Соның бәрін көрген көз бүгінгіге тек тәубә дейді.

Келе-келе Китіңнен жастар қаша бастады. Тау қойнауындағы ауыл аудан орталығынан тым алыс жатқандықтан, қарым-қатынас күн санап қиындай берді. Арба да, ат та табыла бермейтін. Ақыры Китің жеке біригәдә  болудан да қалды. Орман күзеткен Кобзев Үлкенағашқа көшпей, таныс орыстары бар Аралтөбе, Қоғалы жаққа көшетін болды. Кетерінде қазақ  дәстүрімен аралас-құралас жүрген бұларды қоштасу дәміне шақырды. Көзіне жас алып, қимас көңілмен қоштасты. Сол күні оңашалап ол Шәйіге тосын  бір сыр ашты. Еркелетсе, Шәйкен, басқа кезде Шәйі дей беретін. «Шәйкен, сен екеуміз Тазабек марқұмға өле-өлгенімізше қарыздармыз. Ол сенің де, менің де кегімді алды», — деді иығынан өзіне тартып.

Шәйі оның мәнін түсінбей, Кобзевтің бетіне бажырая қарады. Ол бірден аңғарып, «Сен немене, білмейсің бе?» — деді таңғалып. «Онша түсінбедім». «Е, марқұм-ай, оның ондай мінезі бар еді. Сыр ашпайтын құлыптаулы сандық сияқты еді. Сенің әке-шешең мен бауырларыңды тірідей өртеп, менің бір тал қызымды қорлап, зорлап өлтірген Сергейчуктің екі інісін Тазабек қой өлтірген».

Шәйі селк ете түскен. «Қашан? Қайтіп?». Кобзев ұзақ басын шайқап, ол сырды Шәйінің шын білмейтіне ұзақ таңданды. «Екеуі мені атып өлтірмек болып қуалады. Мен атымнан түсіп Ақтоғайға қашып тығылдым. Қараңғы түскен кезде біреуін қамшымен ұрып, біреуін соның мылтығымен атып тастадым», — деді. Бар сыр ашқаны — сол».

Кобзев соны айтқанда, Тазабектің қалмақ жігітті қамшымен қалай ұрып жыққаны Шәйінің көз алдына келді. Оның солай істей алатынына сенді. Олай болса Тазабекті өлтірген сол Сергейчуктің бір інісі екеніне де сол сәт сенді.

Кобзевтің де екі ұлы, бір немересі майданға кетіп, немересі ғана балдақ ұстап оралды. Орыстың бәрі солардай болса, анау — орыс, мынау — қазақ деп жіктемей-ақ бәрін адам деп бір ғана атаумен атай салса болар еді, әттең!

Ол да, кемпірі де өмірден өтті. Өтіп жатқан өмір, кетіп жатқан қимастар.

Айгүн, әке-шешесін Китіңге жерлеген Қали — бәрі Өктәбір ауданының орталығы Көкталға көшіп келген жылы Шәйі әлі мұғалім болатын. Жәркент — ол кезде жеке аудан. Бір жас қыз мұғалім аптығып: «Апай, сізді деректір шақырып жатыр», — деді. «Шақырып жатыр» деген сөз жүрегіне шың ете қалды. Шақыру атаулы жақсылықпен бітпейтін.

Деректірдің қасында атжақты, кесек денелі ақ сұр кескінді бір кісі отыр екен. Бір жерден көрген адамы секілденді.

Кірген бойда амандасты да, босағада аңтарылып тұрып қалды. Бейтаныс жігіт орнынан тұрып, жымия жақындады.

— Шәйі апа! — деді әлдебір алыс заманғы таныс дауыспен.

Тани алмады. Көзі жыпылықтап, тани алмағанына әрі қысылды, әрі не дерін білмей тосылды.

— Мен Самсалымын ғой, апа. Қожабек ағаңыздың баласы.

— Айналайын! — деген болуы керек. Даусы шықпай, тек құшағын жая берді.

Еңгезердей жігіт еңкейіп келіп құшақтады.

— Алтын апатайым!

Құлап бара жатқанын біліп, сезімтал жігіт сүйемелдеп, қасындағы орындыққа отырғыза қойды.

«Тірі болғанда, Сәменім де осындай болар еді-ау!» — деп ойлады. Ағылып, тоқтамай қойған көз жасынан өзі ұялды. Әйтеуір, әрең тілге келіп, амандық-саулық сұрасты.

«Сіздің осында екеніңізді, Қоғалыға жұмыспен барып ем, сонда баяғы Кобзевтің немересіне кезігіп қалып, содан естідім», — деді. Жәркент аупарткомының бірінші хатшысы болып келгеніне төрт-бес ай болыпты. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?»  деген — осы. Зіңгіттей жігіт болыпты.

— Үйге жүр, жаным. Жаман апаңның шәйін іш! — деді Шәйі әлі өткен күндердің елесінен айыға алмай.

— Жоқ, апа, бұл жолы мен сізді әдейі шақыра келдім. Демалыс күні өзім келіп, бала-шағаңызбен алып кетем, — деді.

Сөйтті. Содан бері сол Самсалымен өзі де, бала-шағасы да байланыстарын әлі үзген жоқ.

«Былтыр құлын — биыл тай,

Бүгін кедей — ертең бай.

Диірменнің тасындай

Шыр айналған дүние-ай», —  деген — осы. Кешегі жалаңаяқ балалардың бүгін ел басқарғаны Шәйіге заманның оңала бастағанындай сезілді.

* * *

Немере-шөберенің қызығын қазақ басқа қызықтың бәрінен жоғары қояды. Солай екеніне Шәйінің көзі баяғыда жеткен. Құдайдың оған берген бір мінезі: өз немере-шөбересін қалай жақсы көрсе, Сәмен, Жақсыбала, Қалидың бала-шағаларын да өз ұрпағындай жақсы көреді. Әйткенмен ол Нұрбектің қызы Кәусенді айрықша сағынып тұрады. Өйткені оның қылығы — оқшау қылық. Алматыдағы музыка мектебіне барғанынша оны өзі бағып-қақты. Бір жасында жүрді, бір жасында сөйледі, жас күнінен алғыр, ерке өсті. Қой деп бетінен қаққан емес, әке-шешесіне де жекітпеді. «Менің жекеменшігіме тимеңдер!» — дейтін.

Елдің баласы өзге балалармен ойнаса, Кәусен тек әжесімен ойнайтын. Үйде де, түзде де: «Әже, ойна!» — деп, қасынан қарға адым шығармайтын. «Құдай сақтасын, мінә біреудің ауырын-ай!», «Әнебіреудің дәмін көрейінші» деп, әжесінше сөйлегеніне әке-шешесі де мәз болатын. «Әже, сен маған көрініп жүр, мен ойнаймын», — дейтін бес-алты жасының өзінде. Бір-біріне бауыр басқан, бір-біріне әбден үйреніскен шөбересі. Нұрбек пен келіні әжесі мен шөбересінің қылығына қарап-ақ қарқ болады.

Немере мен шөберені алдына алып төбе шашын иіскеп отырған ана мен әженің танауы тіршіліктің таңғажайып иісіне толады. Ол иіс — адамды шексіз рахатқа бөлейтін әлемдегі ең қуатты дәрі. Ондай дәріні ешбір оқымысты мен ғұлама жасай алмайды, өйткені оны Жаратушы иемнің өзі жасаған.

* * *

Шәйінің өткенді ойламайтын, бүгінде көзі жоқ жақындарын еске алмайтын күні жоқ. Кейде солармен әлі бірге өмір сүріп келе жатқандай болып кетеді. Күбірлеп сөйлесіп те отырады. Оларсыз өмір сүру оған опасыздық секілді.

Қиын-қыстау кезде ағайын болған  Жақсыбала мен Тәуірбектің, басқалардың ұрпақтары мен өз ұрпағын ұштастырып, бас қостырып отыру — ол да Шәйінің аналық міндеті. Мұның бәрі кішігірім мемлекеттің тізгінін ұстаудан бір кем емес. Ағайын бола білу — қазақтың ең үлкен мүддесі.

Немере-шөберелердің, жиендердің мінез-құлқынан, түр-түсінен Тазабектің, Оралбектің әлдебір ұқсастықтарын, дағдысы мен әдетін көру — Шәйі үшін бақыттың бақыты. Өмір сүру деген — сол.

* * *

Көкталдың күзі жазға ұқсас: күн жаумайды, суымайды, шыбынсыз жаздың дәп өзі. Қазақтың өз мінезіндей момын, алқын-жұлқын ештеңесі жоқ. Қоңыр күз.

Нұрбек пен келіні жұмыста, өзгелері де өз тірлігімен кетіп, Шәйі үйде жалғыз өзі кіріп-шығып жүрген. Телефон шыр ете қалды. Әй, Алматыдан, Кәусенім шығар деп, асыға жүгірді. Сол екен, даусы саңқ ете қалды:

— Әже, хәлің қалай?

— Ой, даусыңнан айналайын, жақсымын. Өзің қалайсың?

— Жақсы. Әже, бүгін паспортымды алдым. Атымды Кәусен деп жаздырдым. Бәрібір елдің бәрі Кәусен дейді. Оның үстіне ол — сен айтатын ат. «Кәусен» дегенде, құлағыма ылғи сенің даусың келіп тұрады.

— Жарығым сол. Әке-шешең ренжіп жүрмей ме?

— Ренжімейді. Менің әке-шешем сенсің, олардың бұйрығы маған жүрмейді. — Соны айтты да шөбересі сықылықтап тұрып күлді.

— Алтыным. Бәрі құтты болсын, жаным!

* * *

Шәйі тағы ойланып отырған. Есіне қазақтың ескі бір әні түсті:

— Тобылғының бүріндей,

Текеметтің түріндей-ай.

Заман өтіп бара жатыр,

Сіз бен бізге білінбей-ай.

Қазақ қалай дәл байқағыш. Күнде көгеріп тұрған тобылғының қашан бүр ашқанын білмей қаласың. Текеметтің түрі де күнде көрсең, күнде сол қалпы сияқты, бірақ ол да байқатпай тоза береді. Бәрі кеше ғана сияқты.

Биылғы қыс күздің жалғасы сияқтанды: қарсыз, қара суығы да жоқ. Шәйінің ауыратын жүрегі бір нәрседен ғана секем алды: желтоқсанның дәл он бесі күні қыс ішінде күн күркіреді. Бұрын мұндайдың болған-болмағанын, қанша ойласа да есіне түсіре алмады. «Ә, құдай амандығыңды бер!» — деп сыйынды да қойды.

Ертесі Нұрбек үйге тым кеш келді. Әжесі мен әйелі әлдене күткендей бетіне бірдей қарады.

— Пленум өткенін естіген шығарсыңдар? Қонаев қызметінен кетіп, орнына орыс болды, — деді естігілерің келгені осы ма дегендей тез-тез айтып.

— Естідік, — деді әйелі ол да оған онша мән бермегенсіп.

— Е, орыс болмай  жүр ме еді, талай орыс басқарды ғой Қазақстанды, — деп, Шәйі де оған таңданатын түк жоқ екенін еске салғандай болды.

— Бұрын қазақты оқымаған, өзін өзі әлі басқара алмайды деді. Сәбет өкіметі орнағалы жетпіс жылға жуықтады, әлі надан, әлі өзіміз басқара алмаймыз ба, әже?

— Қой, балам, өйтіп айтпа! Біреу естісе, басың бәлеге қалар. Одан да шәйіңді іш.

Ол әңгіме одан ары өрбімеді. Немересі аман-есен келгенін көрген соң, көңілі орнығып, Шәйі өз бөлмесіне қарай кетті.

Шәйі діндар да, ырымшыл да емес. Алайда қыс ішінде күннің күркірегенінен секем алды, содан болар, әлденені күткендей, әлденеге алаңдағандай беймаза күйде жүрді. Білгісі, естігісі келіп, жұрт бас қосқан жерге әдейі жақындайтын болды. Ақыры естіді. Алматыда жастар мен студенттер өкіметке қарсы шығыпты. Өкіметке! Адам миына сыймайтын сөз. Жақсысынан айырылған, көресінін көрген қазақтар мен қасірет шеккендер болса бір сәрі, неге жастар көтеріліс жасайды? Оларға не жоқ? Не біледі олар? Әлдебіреулер айдап салған болар, сірә?!

Ойбай-ай, Кәусені қайда екен? Ол да студентпе еді, немене еді? Жас неме арандап қалмаса жарар еді!

Үйге кіре сап Шәйі Нұрбекке телефон соқты:

— Кәусенмен хабарластыңдар ма? Хал-жағдайы қалай екен?

— Алматымен сөйлесе алмай отырмын, әже. Қорықпаңыз, ол әлі жас қой.

— Жас болған соң ғой қауіптеніп отырғаным.

* * *

Жиырма екінші желтоқсан болатын. Түннің ең ұзағы, күннің ең қысқасы. Сталиннің туған күні. Бұл күнді бұрын мейрам санайтын, адамзаттың ең ақылдысы туған күн деп бағалайтын. Сөйтсе, ең қатыгез басшының дүниеге келген күні екен. Тарих өтіріктің бетін әлі аршып жатыр. Оның жасаған жақсылығы мен жауыздығын таразылап, орныққан тәртіпті ары-бері ырғап жатқандар бар.

Дала алагеуім тартқан кезде есік алдына екі мәшине іркес-тіркес келіп тоқтады. Үйде Шәйі мен Нұрбектің кенже қызы ғана отырған. Таныс біреу ме деп, Шәйі терезеден қарады. Көк пәлте киген ұзын бойлы екі жігіт қақпадан өздері кіріп, мәшинеге жолды өздері ашты.

Шәйі таңғалды. Дәл бұлайша еркінситін ешкім жоқ секілді еді. Иығына шапанын іле сап далаға шықты. Сол сәт қақпадан Нұрбек пен келіні де көрінді.

— Апа, сіз үйде отыра беріңіз! — деді келген екі жігіттің бірі өктем дауыспен.

Арқасынан итере құшақтап үйге кіргізіп жіберді. Сол сәт:

— Құлыным-ай! — деген келінінің даусы миына істікше қадалды. Шәйі жалт бұрылып, жігіттің қолын қағып жіберді. Құшағын жая қара мәшинеге қарай ұмтылды.

Боп-боз, ақ шөлмектей боп, шалқалап жатқан Кәусенді көзі шалды. Астындағы жер опырылып кетті. Жете алмай етпетінен жығылды. Өзін қара түнектің жұтып бара жатқанын Шәйі сезді. Соңғы білгені — сол.

* * *

Жәркенттің ауруханасында Шәйі ес-түссіз ұзақ жатты. Бір күні көзін ашып, қасында отырған келінін көрді. О дүниеде ме, бұ дүниеде ме, өзінің қай дүниеде жатқанын ажырата алмады.

— Апа! Апатай! — деген келінінің даусы бұ дүниеде жатқанын аңғартты. Сөйлегісі келді, сөйлей алмады.Аузына біреу қорғасын құйып тастағандай. Аша алмады. Бір кезде келіні ақ халатты екі дәрігерді ертіп келді. Біреуі аузына әлденемен су тамызды. Аузы да, құлағы да қатар ашылып кетті. Біреуі: «Көзін ашты! Аман қалды!» деп жатты.

Шәйі бірақ аман қалдым деп ойламады. Бұлдыраған, буалдыр тартқан дүниеге қайта оралғысы келмеді. Қара түнек қайтадан өз түбіне тартып әкетті. Еш жері ауырмайтын сияқты. Қайта оралмайтын басқа дүниеге өз еркімен еніп бара жатты.

Шәйі ауруханада қырық жеті күн жатып шықты. Оң аяғы шалажансар, оң қолы аузына зорға жетеді: жазылған түрі сол. «Бірте-бірте бәрі қалпына келеді, емдейміз», — дейді дәрігерлер. Аяғы мен қолы ғана емес, Шәйіге мыйы да шалажансар секілді, оны қалай емдейді?

Үйге шыққан күні көңілін сұрап Қали келді. Жағы суалып, жүрісі кібіртіктеп, кәдімгідей қартайып қалыпты. Баяғы өжеттігінен еш нышан жоқ. Әңгімесі де сұйық: бірді айтып отырып, бірге кете береді. Ештеңеге сенбейді, ештеңені армандамайды. Тұйыққа қуып тыққан аң құсап бәрінен үміт үзген.

— Алматыда оқитын ортаншы немеремді оқудан шығарып жіберіпті, — деді мұңын шағып. — Желтоқсанның он сегізі күні алаңға барғанын біреулер суретке түсіріп алыпты.

— Аман келгеніне шүкір де.

— Иә. Шүкір деп отырмыз. Өзің қалайсың енді.

— Мен де шүкір деп отырмын. Он алтыншы жылы өліп қалмағаныма шүкір деп ем, онда әлі жаспын, көретін күнім бар деген болармын. Асарымды асадым, жасарымды жасадым, енді неменеге шүкір деп отырғанымды өзім де білмеймін.

— Е, қазір немере, шөберелер үшін шүкір дейміз де.

— Иә, шүкір деуге үйретті ғой. Өлтіріп жатса да, оқудан шығарып жатса да, бәріне шүкір дейміз.

— Шүкір демеске басқа не амалымыз бар? «Қазақты қазақ басқарсын» дегендері үшін ұрып-соғып, итпен қуып, өз күштері жетпей жатқандай, Мәскеуден, Тәшкеннен, Фрунзеден, Новосібірден әскер шақыртыпты. Өзіміздегілердің жаны ашиды, өзгелер аямасын дегені шығар?

— Он алтыншы жылы де сөйткен. Тәшкеннен, Алматыдан, Пішпектен әскер шақыртқан. «Ол орыс — басқа орыс: патша заманының, бұл орыс — басқа орыс: сәбет заманының» деуші едік, сөйтсек, жетпіс жыл бойы алданып жүріппіз, бұл да сол орыс боп шықты ғой.

— Иә, сөйтті.

Қали кеткен соң да Шәйі өзінің осы ойынан арыла алмады. Он алты жасар қызды аямаған өкімет кімді аяйды? Оқытушының ұрысқанына өкпелеп, өзіасылып өліпті дегенге кім сенеді? Оқытушысы ұрысқан сайын оқушысы асылып өле берсе, онда ол оқытушыны неге заң тергемейді? Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды өкімет нашақорлар, маскүнемдер мен бұзақылар деп хабарлады. Кәусені оның біріне де жатпайды. Ең құрымаса адал жастың аруағын қорламаса қайтеді екен? Өйтіп өтірік айтудың астарында басқа өтірік бұғып жатқаны беп-белгілі. «Басқа бала-шағаларыңның  амандығын ойласаңдаршы!» — деп Нұрбек пен келінін қорқытуда қандай құпия бар?

 

* * *

Өмірдің бәрі түсінікті болса, онда тіршіліктен мән кетер ме еді, кім біледі? Шәйі сексен тоғыздан асқан жазда Қали қатты ауырып жатыр екен деген хабар келді. Оң аяғы мен оң қолын сүйреп көтеріп жүрген кемпір кісі ол хабарға селк ете қоймас деп ойлаған Нұрбек қатты қателескен еді. Естіген бойда орнынан сүйретіле тұрып: «Мені апарыңдар. Мен өліп, ол қалса, қайыр еді. Құдайдың ісіне ылаж жоқ, қарағыммен бір тілдесіп қалайын», — деді Шәйі.

— Қазір бармақсың ба? — деп Нұрбек өз көзіне өзі сенбей.

— Иә. Түске дейін барайын. Көңілді түстен кейін сұрамайды қазақ.

Қалидан қуат қашқан екен. Басын көтере алмай, кемсеңдеп көзіне жас алды. Шәйі еңкейіп бетіне бетін тигізді. Қолын ұстап, уысына салып алақанын ұзақ ысқылады. Менің қуатымнан қуат ал деген адамша көзін жұмып, әлденені күбірлеп, көңілімен тілдесті. Қали Шәйінің үнсіз тілін ұққан адамша қыр-қыр, сыр-сыр етіп әлденені айтты. Оны Шәйі түгіл, Нұрбек те ести алмады.

 — Құдай кәріні алса, алдымен мені алар еді, қарағым. Сен жылама, мен жылайын. Мен сені тастап бара жатқам жоқ, мені сен тастап барасың. Он алты жасымда әке-шешем, бауырларым тастап кетіп еді, ең соңында енді міне, сен де тастап барасың. Соның бәрін бір өзің жоқтатпай келіп едің, сен кетсең, қабырғам сөгіліп, қорғаным құлайды. Бірге туғанымнан бір кем болған жоқсың.  Мендей қатын қазақтың әр ауылында бар, сендей еркек ел ішінде некен-саяқ. Бір-ақ нәрсеге көңілім тоқ: сенің немере-шөберелерің менің немере-шөбелеріммен туыстарша араласып келеді. Қазақтың бірлігі деген — сол. Екеуміздің еш кетпеген еңбегіміз де осы. Өзекті жанға бір өлім — хақ. Қиналма. Қапаланба! Ез боп өмір сүрген жоқсың, аштықта да, тоқтықта да, қиналғанда да, қарық болғанда да елден бөлектенген жоқсың. Ұрпағың елдің бетіне именбей, еңкеймей қарайды. Уайымдама.

— Хош! — деді Қали кенет тілге келіп.

Соны айтты да, енді демалайын деген кісіше көзін жұмды.

— Қайран қарағым-ай!

Шәйі Қалидың алақанын қысып отырған қолын алды да, Қалидың екі көзін алақанымен жапты. — Қарағымның бетін бүркеңдерші! Ақ мата әкел!

Шәйінің өлім үстінде де саспай сөйлегеніне бәрі таңғалды.

 

***

Кеңес өкіметі тарих-тарих дегенді жиі айтатын. «Жаңа тарихты жасап жатырмыз», — дейтін. Ол бақытты елдің бақыты туралы тарих болатын. Бірақ қаншама тыраштанса да, қазақтың бұрынғы кездегі баршылығы мен тоқшылығын Кеңес өкіметі қайта орната алмады. Сондықтан бұрынғы мен қазіргіні салыстыра білетін санасы бардың бәрін халық жауы деп атты, асты, қудалады. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп бұрынғының бәрін жоқ қылуға тырысты.

Қазақтың өткен тарихы болмапты. Айтарлықтай заманы да, заманды тудырған адамы да болмапты. Айтқызбады, жазғызбады. Өйткені оның бұрынғысы бүгінгісінен әлдеқайда ілгері еді.

Қазір де жұрт тарих-тарих деп жатыр. Бұлар да бұрынғыны быт-шыт қылмақ. Сонда тарих дегені не болды? Бажайлап қараса, өткеннің өтірігін шығару, әшекерелеп айту — тарих. Шәйі сол өтіріктің біразын өзі де бастан кешіпті. Өтіріктің бір аты саясат секілді.

Ә дегенде Кеңес өкіметі әр шаруаға жер бөліп берді. Мәңгі сенікі деп сендірді. Тегін жер берген өкіметті кім жек көрсін? Бәрінің бүйрегі бұрды: қалхоз құрам деп қазақтан малды сыпырып алды. Тамағы да, киімі де, мәдениеті де мал болып отырған қазақ одан айырылған соң қара шыбындай қырылды. «Мына жер-су қолхозға мәңгі беріледі» деп оған да сендірген. Келе-келе қалхоздың көбі савхоз болып, мемлекеттің өз меншігіне айналып кетті.  «Қазақстан — өз тағдырын өзі шешетін мемлекет», — деп заң бекітті. Ақырында ол да өтірік болып шықты. Қазақстанды енді қазаққа басқартпай да қойды. Өтірікке сеніп келген жастар: «Неге бүйттің?» деп таңданып еді, оларды жаппай жазалады. Енді елден сенім кетті.  Сенім кеткен жерден бәрі кетеді.

Наразы болған жастарды қырып-жойып, қаралы күнді басына орнатқан өкіметті қандай адам қарғап-сілемейді? Жетпіс жыл бүркеніп келген бетперде ақыры ашылды. «Бізбен теңесетін сен кім едің?» деп қазақты кемсітіп тұрғаны, кемсітіп келгені ақыры әшкере болды.

Сталин патша заманын жамандап еді, Сталин заманын Хрущев жамандады, енді  оның өзін сан-саққа жүгіртіп, алдыңғы өтірікті соңғы өтірік әшкерелеп жатыр. Сол Сталин, сол Хрущев: «Мен өлген соң болашақ мен жайында не ойлайды?» дегенді тіршілігінде неге ойламады? Сен өлгенмен өмір өлмейді ғой. Өлімді сен ұмытқанмен, өлім сені ұмыта ма? Әлде олар о дүниенің бар екеніне сенбеді ме? Сенбей-ақ қойсын. Бірақ болашақ ұрпақтың қарғысы мен назасы о дүниенің сұрағынан кем бе? Болашақтан неге қорықпады? Әділдік дегенді ұран қылған өкімет неге әділдікті аяққа таптады.

Қазір бәрі жариялылық деп құлшынып жүр. Табысы мен кемісін, жетістігі мен түйінін мемлекеттің халықтан жасырмағаны, әрине, жақсы. Бірақ өмір бойы алдап, жасырып келген басшылар қалайша күрт өзгере салады деп сезіктенесің. Сенімсіздік сіңіп қалған санаңды ақыл-ойың тазалай алмай әуре.

Сталиннің бір зәлімдігі: сендірді. Сенбегенді үрейлендірді. Бүгінгі сана сол дәрежеге енді шегіне ме? Шегінсе, Желтоқсан көтерілісі болар ма еді? Шегінсе, Қайрат, Ләззат, Ерболды батырымыз деп қазақ басына көтерер ме еді? Адамның өзін ықтырса да, енді санасын ықтыра алмайды-ау, ешкім!

* * *

Жаным темірден жаралса да, Кәусеннің қазасынан кейін көп ұзамайтын шығармын деп, іштей Шәйі соған дайын еді. Бірақ бұдан бұрын Қали аттанып кетті.  «Жеңге дей алмаймын, сіз маған әпкесіз», — деген еді айналайын. «Құдай өзі берген жанын өзі алар» дейді ғой қазақ, қашан алса да қиналтпай апай-топай ала салса екен деп тілейді Шәйі. Тоқсанға келсем-ау деп ойлаған да емес, тілеген де емес. Ананы апырып, мынаны жапырып тастайын деген тойымсыз жоспары да болған емес.

...Кешкі шайдан кейін көзін бір ашып, бір жұмып, әрнені бір ойлап ұйықтаған адамша көк диванда қисая жатқан Шәйі Нұрбектің өз бөлмесіне бір кіріп, бір шығып, бұл жаққа жалтақтай қарап, әлдене айтқысы келіп жүргенін байқады. Бірақ «О не?» дей қоймады. Әншейін күйбең тіршілігінің қамы шығар деп болжады. Алайда немересі ақыры шыдамады.

—Әже, ұйықтап жатырсыз ба, ойлап жатырсыз ба? — деді әзілдей күліп.

— Ойлап та жатырмын, ұйықтайын деп те жатырмын. Бірдеме айтайын деп пе ең?

— Айтқанда қандай! Құдай бұйыртса, жақында тоқсанға келесіз. Бәріміз жиылып соны атап өтсек пе деп едік.

— Әуре боп қайтесіңдер, қарағым. Ел басқарған көсем емеспін, сөз бастаған шешен емеспін, көп кемпірдің бірімін. Бәрің осы үйге келіп, ет асып, шай ішсеңдер, одан үлкен атап өту бола ма?

— Әже, сіздің тоқсанға келгеніңізді атап өтпесек, бізді әкеміздің, Оралбек аға мен Тазабек атамыздың аруағы кеше ме?

— Әй, саған біреу сөз үйретіп қойған ба, немене? «Біз» деп отырғаның кім ол?

— «Біз» деп отырғаным — бәріміз: Тазабек атамыздың ұрпақтары, Табай атам мен Тәуірбек атамыз, Кенжеғара мен Қали ағаларымыздың, қыздарыңыз Гүлдән мен Гүлсәннің ұрпақтары — бәрі бұл үйіңізге қалай сияды? Әлде оларды шақырмайсыз ба? Самсалы ағамен ақылдасып ем, «Келем, жолдан Қоғалыға соғып, Кобзевтің немересін де ала келем», — деді. Қали ағаның кенжесі: «Бар шығынын өзім көтерем, жасаймыз», — деп жатыр. Оларға не бетімді айтам?

— Алды-артымды әбден орап алған екенсіңдер ғой. Өздерің біліңдер.

Қазақтың тойы — туысқандар мен сыйласқандардың, өлінің көзі мен тірінің өзі бас қосатын жиын. Тәйкеннің көзін көрген Табай мен Жүзік, жар дегенде жалғыз бауыры Сәмен, Жақсыбала мен Айгүн, Тәуірбек пен Айша — бәрінің бүгін көзі мен өзі осында. Жарыса апалап, жарыса еркелеп өскен Гүлдән мен Гүлсән күйеулерімен келіпті. Өзің қартайғанда қызыңның да қартайып әже болғанын көру — ол да өмірдің өзгеше сыйы. Әбеннің екі ұлы да еңгезердей, екеуі де балалы-шағалы. Аспайтын-саспайтын, асығыс ешнәрсе айтпайтын ақылды балалар. Бұл оларға: «Сендерді көргеніме бақыттымын», — деп еді, кішісі бұрылып: «Жоқ, апа, сізді көрген біз бақыттымыз», — деді айналайын! Бақытты болсын!

* * *

Тойға келіскеніне Шәйі өкінбеді. Ұрпақтарының ықыласы жұмақтың төріне шығарғандай әсер етті. Бәрін үйлестіріп жүрген Нұрбегі екеніне көзі жетті: бәрі соның аузына қарайды, бәрі содан келіп сұрайды. Келіні де, көп жасағыр, біресе асхана жаққа жүгіреді, біресе қонақтардың ішін аралап кетеді.

— Әже, мына Нұржан деген балаңыз бір-екі ән сап берем дейді. Тыңдаңыз! — деді асаба.

Жұқалау ғана талдырмаш жігіт лып-лып басып ортаға шықты.

— Сән болмайды жайлауда мал болмаса,

Құлын асау болмай ма байламаса?

Қызы күң боп кетпей ме, ұлы құл боп,

Елдің қамын ерлері ойламаса?!

 

Әншінің сөзі Шәйіні елең еткізді: есті өлең айтатын бала болды!

— Қайран заман,

Асау құлын секілді байланбаған.

— Нұржан балам, көп жаса! — деді микрофонды асабадан сұрап алып. — Ескі әндерді білетін бала көрінесің, Қапез деген әншіні естіп пе едің?

— Байғабылұлы ма?

— Иә, балам. Соның әндерін білесің бе?

— Білем. «Дүние-ай», «Қоштасуым».

— «Ауыр күн-ай» дегенін естіп пе ең?

— Соны айтып берейін бе?

— Сөйтші!

Осы бала шатастырып тұрған жоқ па, басқа бірдемені айтқалы тұр-ау деп, Шәйі сеніңкіремеді.

— «Балалары айырылып анасынан, ой-хой,

Аналары айрылған баласынан...»

Жұрт жым-жырт тыңдады. Көбі, сірә, түсінбеді. Ашаршылықтың қазаққа қалай келгенін айтсам ба екен деп бір ойлады. Оным қалай болады деп тағы ойлады.

— Жастар! — деді сол сәтте әлдекім ортаға шығып. Самсалы екен.

— Бұл әнді шығарған Қапез Байғабылұлы деген кісіні тоқсанға келіп отырған Шәйі әжелерің де, бұ кісі күйеуге шыққанда сегіз жаста болған мына мен де көрдім. Голощекин дегеннің кербаққан басшылығымен отыз екінші жылы малын түгел сыпырып алған қазақ ел аман, жұрт тыныштықта жаппай аштан қырылдық. Біреу тышқанның інінен дән іздеді, біреу тышқанның өзін жеді. Баласын құшақтаған қалпы шеше өлді, шешесін еме алмай бала өлді. Сол қасіретті әнге қосқан Қапез аталарың «халық жауы» атанып итжеккенге айдалды. Сонда жүріп отыз тоғызыншы жылы ол да өлді. Бүгін Нұржан баламыз алпыс жыл бұрынғы аштықты Қапездің әнімен көз алдымызға әкелді. Қапездің аруағы қолдап жүрсін, балам!

Не болса соған қол соғатын желөкпелер де бұл жолы тырп етпеді.

* * *

1991-жыл — әлемдегі ең ірі мемлекеттің бірі Совет Одағының өміріне адам ойламаған өзгерістер әкелді. Күшпен, айламен, алдаумен, саясатпен тұтасып тұрған дене бірінен кейін бірі боршалана бастады. Желтоқсанның қуғындалған құрбандары алаңға халық мүдесін ойлап шыққан ұлтжанды ұл-қыздар екені еріксіз мойындала бастады.

Желтоқсанның он екісі күні түс кезінде Алматыдан жас тілші жігіт келіп Шәйіден сұхбат алғысы келетінін айтты.

— Мен, шырағым, шынымды айтсам, ол күнді еске алғым келмейді. Әурелеме! — деді Шәйі бірден кесіп айтып.

Шашы жалбыраған, қайта-қайта көзіне түсіп, оны ысыру үшін, қайта-қайта басын сілкіп, әбден әлекке түскен қарасұр жігіт Шәйіге жалына бастады.

— Апа, ақ қар, көк мұзда  сізге жолығу үшін сонау Алматыдан әдейі келдім. Он алты жасында халқының намысын қорғап құрбан болған шөбереңіз жайлы бір жылы сөз айтсаңыз, қалай болады? Желтоқсан көтерілісінің бес жылдығын Кәусен Нұрбекованың өмірі жайлы дерекпен атап өтейік деп ұйғарған ек. Мен сізге дейін, апа, Кәусеннің құрбыларымен, оқытушыларымен жолықтым. Бәрі қорқады. «Аты-жөнімді жазбаңызшы!» — дейді. Өйткені бәрін қорқытып қойған. Ал сіз кімнен қорқасыз?

— Мен қазір, шырағым, өлімнен де қорықпаймын.

— Міне, осы сөзіңіз Кәусеннің әжесі деген атқа әбден ылайық, апа. Кәусеннің көтеріліске қалай қатысқанын егжей-тегжейлі білетін заң қызметкерімен жолықтым. «Кәусенді өлтірген — намыс», — деді о кісі. — Орталықтан келген тергеушілер ол қызды әуелі зорлаған, сонан соң қорқытып, қорлаған. Қорланған қыз жатақханасына жылап келгенде алдынан жетекші оқытушы әйел шығып: «Сен оңбаған Қазақстанды мен сақтап қалам деп жүрмісің? Мектебімізге жаманат келтірмей, неге жайыңа жүрмейсің? Мен сені оқудан шығартам!» — деп шабаланған ғой. Ана жақта орыс тергеуші қорлайды, мына жақта қазақ оқытушы ұрсады. Қазақтың намысын қорғаған қыздың өзін ешкім қорғамайды. Соған шыдамаған Кәусен: «Бұдан да өлгенім жақсы» деген ғой.

— Әй, шырағым, сен не айтып отырсың? Қорлағаны, зорлағаны не? Кәусенді кім зорлапты?

Тілші жігіт тым көсіліп кеткенін енді байқады.

— О, құдай! — деді Шәйі шалқалай диванға құлап. — Менің зорланғаным аз ба еді? Жетпіс жыл өтсе де орыстың баяғы пиғылы өзгермеген болды ғой, онда. Мені зорлап-қорлаған орыстың жетпіс жылдан кейін шөберемді де зорлап-қорлағаны ма!?Жетпіс жыл бойы өзгермеген нендей шемен пиғыл?!

— Апа! Апа! Дәрігер шақырыңдар! — деп тілші жігіт жанұшыра айғай салды.

* * *

Шәйі он бесінші желтоқсан күні таңертең көзін ашты. Бәрі оны осы жолы қайта оянбайтын шығар деп ойлаған. Тіпті дәрігерлер де солай ұйғарған. «Апаның жүрегі аттың жүрегіндей екен», — деді емдеуші дәрігері. Кейуананың тірі қалғанына қуанғаннан гөрі жігіттің өңінде таңғалу басым еді. Шәйінің көзін ашқанын көріп: «Апатайым-ай!» — деп, Нұрбектің үйіндегі келіні жылап қуанды. «Нұрбек! Апам көзін ашты!» деді күйеуіне қуана телефон шалып. «А-а?!» — деп, ол жұмысынан он минөтте жетіп келді. «Аға, әзірше апаны мазаламаңызшы!» — деген дәрігердің тыйымына қарамастан палатаға құйын айдағандай аптыға кірді.

— Әже! — деді төсегінің қасына тізерлей отыра қалып. — Әжетай! Бізді тастап кетпеші!

— Іһһі-һі! — Қыр-қыр еткен үннің әжесінікі екенін Нұрбек әуелде ұқпады. Бұл үн қайдан шықты дегендей аңырып әжесінің бетіне қарады. Қырылдаған, ара-арасында естілер-естілмес сырылдап шыққан дауыс қазақтың қаңсыған, ескірген, жұлым-жұлым тарихының тозығындай еді. Сонау алыста жылтыраған жанары сөніп бара жатқан оттай дәрменсіз мөлтеңдейді. Жүрегі су ете қалды: өмірдің жібі әне-міне үзіліп кетердей еді.

— Әже, бірдеме деші!

— Іһһі-һі!

— Аға, болды енді, ауруды шаршатпаңыз!

* * *

Анда-санда ыңыранғаны болмаса, Шәйі тыныш ұйықтады. Таңертең көзін ашып, жанарын бұрып жан-жағына қарады. Келінінің қасында отырғанын көріп, өңі жылып қоя берді. Басын сәл қозғалтып, қолын жыбырлатып, бірдеме дегісі келді. Бірақ шамасы жетпеді. Көзін жұмып, қабағын үсті-үстіне қақты. Келіні қолын ұстап, алақанымен қос қолдап уқалады. Шәйінің көзінен жылт еткен жас көрінді. Сірә, мейірдің, ризашылықтың жасы болар.

— Апа, бар күшіңізді жинаңызшы, берілмеңізші!

Енесі жымиғандай болды: жүзінен жылы бір толқын жүгіріп өткендей көрінді. Аузын екі-үш тамсанып, ақырын жұтынды. Келіні ұшып түрегеп медбикеден қайнақсу сұрады. Бір ыстақан су әкеліп, тамсанып жатқан енесінің аузына екі-үш тамызды. Шәйі тілін қозғап, тағы екі-үш тамсанып, суды жұтты.

— Ай... айнаһ... һі, — деді сырылдаған даусы.

«Айналайын!» деген ризашылығы болар деп болжады келіні.

Кешкісін Нұрбек келді. Оны көріп, Шәйінің көзі ерекше жайнап кеткендей болды.

— Әже, қалайсыз? — деді құлағына еңкейіп.

— Жақ-ыс... — деді Шәйі тілін шайнаңқырап.

— А, құдай, апам тіл қатты! Апам тіл қатты! — деп қуанды келіні.

Темірөзек кемпірдің қайта тірілгеніне дәрігер қауымы да қатты қуанды, әрі қатты таңғалды. Бұл кісінің жаны жай темір емес, шың темір екен десті. Көзіне жас ала қуанған Нұрбек әжесін әбден қуантқысы келді.

— Әже, бүгіннен бастап біз тәуелсіз мемлекет болдық!

— А-а?

— Тәуелсіз, жеке ел болдық. Бүгін Қазақстанның тұңғыш Президенті тәуелсіздігімізді жариялады.

— Уһ! — деді кейуана кәдімгі сау кісіше күрсініп. Тозығы жеткен радионың үніндей қырыл-сырылды бәрі естіді:

— Құд-дай бар екен ғой!

Үстінен ауыр жүк түскен адамша Шәйі жайбарақат көзін жұмды.

— Ойбай! Апаның тамыры соқпай қалды,  — деді Шәйінің білегін ұстап отырған дәрігер жігіт.

Келінінің аңыраған жоқтауы естілді.

Тоқсан бір жыл бойы бір кеудеде бір-бірімен арпалысып келген қуаныш пен қайғы сол кеудеде бір сәтте бірге тынышталды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз