Өлең, жыр, ақындар

Жүргізуші

Әйгілі мұнайшы Рахмет Өтесіновтың шофері Орысбай Сәтжанов туралы әңгіме.

...Сол түні Түпқараған түбегінде жүріп адасқаны айна-қатесіз түсіне енді.

Бұл өңірде Түпқараған дөңінен басталып барып, теңізге тірелетін адырлы алқаптар жиі ұшырасады. Олардың ел құлағына сіңіскен атаулары да көп-ақ "Саура", "Түлкілі сай", "Сақақұдық", "Қарлы бас" сияқтыларының астарын ақтара берсе, талай аңыз, әңгімелерді де аршып, ала беруге болардай.

Міне, құлағына мұз қатқан, қарлы боран күндердің бірінде, Орысбайдың Форт-Шевченко қаласына қарай сапарға шығуына тура келген. Жанында серігі жоқ, жанармайы да барып-қайтуға шаққа жетерлік, әйткенмен, ұзын жолда жаны әлі қиналып көрмеген, талай рет, көзді жұмып дерліктей жолға шығып, күнде қатынап жүрген жер болған соң, кеш түссе де, тәуекел, деп, жүріп кеткен.

Ақтаудан шыға бере, қалаға тиіп тұрған, шағын елді мекенде тұратын, Қалабай атты жолдас жігіттің үйіне де кіре шығуға тиіс болған. Сол ауылға жетер-жетпестен-ақ алағай да бұлағай, қалың қар жауды да кетті.

Ақтаудан шыққанында күн райы бұзыла қоятындай шырай біліне қоймаған. Жаңағы үйдің үлкен кісісі.

— Қарағым, жолды қар басып қалды, әлі толастайтын түрі көрінбейді. Бұл өзі, бір жауса, қоймай жауа беруі де мүмкін, әрі қарай бармай-ақ қойсаң қайтеді, — деп, біраз үгіттеді. Жастық қой, Орысбай оған бөгеле қоймады. Бар сақтығы, сол ауылдан бір шелек жанармай құйып алып, әрі қарай жүріп кеткен...

Жолға шыққанына талай сағаттар өтсе де, барар жері жеткізбеді. Тек түн ортасы ауа (түнгі бірлер шамасында) бір ауылға әрең жеткен. Шеткі қораға машинасын тоқтатып, айналасына көз салып еді, әр жерде шөгіп жатқан түйелер көрінді. Басқадай, тырс еткен дыбыс белгісі сезілмейді. Әр терезені бір қақты, сыбыс жоқ. Ақыры, ешбір қорадан жөн сұрайтын адам таба алмай, ілгері қарай, өзінше жобалап, жүріп кетті.

Біраздан соң, машинасы әлдебір қатты қабырғаға тірелгендей болды да, қозғалыссыз тұрып қалды. Сөйтсе, бұл "Сақа құдық" сайына түсіп кеткен екен. Күмп беріп, сайдағы қалың қарға сүңгіп кеткен машина не ілгері, не кейін қозғала алмай, қарға бөгіп, тұрды да қалды.

Машинаны аршып алғалы, азаппен, бір жағын қардан тазалап болып, енді, екінші жағына барса, алдыңғысы қайта батып жатады...

Қар үсті-үстіне жауа түсуде. Сықырлап тұрған аязда, ентігіп жүргенде, аузынан бұрқыраған бу, екі жағасын сірескен мұзға айналдырыпты.

Енді не істейді... "Арам өлді деген осы болар!" — деген, қорқынышты ой көңіліне ұялай бастады...

Сол мезет, жаны ышқынғаны ма, домкратпен көтеріп, машина доңғалақтарын босатты да, барлық жылдамдығына салып, газды басып келіп қалды...

Сол-ақ екен, "Уазиагі", әлгі тығырықтан атып шыққаны...

"Әй, абыройым бар екен, жаңа машинамен жүріп, далада қалғаннан сақтадың, Алла" — деп, ата-баба аруағына сыйынып, келген ізімен жүріп, малды ауылға келген. "Неде болса, жол осы арадан басталады ғой" деп, от жағып, жүрелей отырып, із кесіп, жолдың сұлбасын да, тауып алды...

Осы оқиғадан соң, Орысбай, бұрын анда-санда ұрттап жүре беретін арақтан мүлде бас тартты. Өзінің міндетіне, жүріс-тұрысына деген жауапкершілігін де арттырған.

Алайда, бүгінгі көрген түсінде өңіндегідей сәттіліктің нышаны да байқалмады. Бұл жолы ол машинасын Сақа құдық сайыңдағыдай, сәттілікпен алып шыға алмай қалып еді. Қанша күш салса да, домкрат көтертер емес. Машинаның айналасын алай-түлей ақ боран қаптап, мұның дәрменсіздігін дәлелдегісі келгендей, өңменінен өршелене итереді. Бұл да көнгісі келмейтіндей. Кенет, аспанның бір қапталынан бір шоғыр қап-қара бұлт көрінді. Ол, бейне, бұған тап бергелі келе жатқан, алып жыртқыштай, төне берген. Бұлт арасынан арсылдаған арыстандай, екі иттің басы көрінеді...

"Бисмиллалап", ұйқысынан шошып оянды. Әуелі, әлгінің өзі түсі ме, өңі ме — ажырата алмай, біраз уақыт, мең-зең, отырып қалды. Түсі екеніне көзі жеткен соң ғана, әлгі бір сұрапыл көріністі егжей-тегжейлі еске түсіріп, қайтадан көз алдынан өткізе бастаған...

Содан соң барып, бүгін өздерінің шұғыл жол жүруге тиісті екендіктері еске түсіп, әлденеден секем алғандай, көңілі сәл қобалжыды. Бастығының кешегі айтқан сөздері есіне түсті. "Таңертең, ертелетіп Ақтауға жүреміз. Мұндағы жұмыстарым да басымнан асып жатыр еді, бірақ конференцияға қалайда қатысуың керек деп, болмады" — деген, бір түрлі қинала.

"Ойға не оралмайды, түс дегенің түлкінің боғы демей ме қазақтар.." Орысбай енді көңіліндегі көп қиқымды лақтырып тастаған. Сөйтіп, күнделікті үйреншікті, жол қамына қажетті шаруаларын ойлап кеткен...

Қазан айының соңғы күндері болатын. 1969 жылдың қазаны.

Кей жылдары мұндай кезде Маңғыстау жеріне жауын-шашын түсе қоймай, қақаған қара суық бет қарып, жел ызғары өңменнен өте қыспаққа алуы мүмкін. Ал онда қалың болмағанмен де, қар түскен. Күндіз жіпсіген ол, түскен жерін көктайғаққа айналдырыпты. Жүргіншілерді осыдан қауыпсыздырғаны болу керек, жол үстіне қиыршық тас төселіпті.

Бұлар таңертеңгі сағат онда басталатын маңызды конференцияға үлгеріп бару үшін, ертелетіп келе жатқан.

Бастығы Рахмет Өтесінов Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының тұңғыш жетекшісі. Жаңаөзен қаласының алғаш қазығын қаққан да сол кісі. Жиырма жеті жасында — мұнай кәсіпшілігінің бастығы, отыз екі жасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бұл алғыр қазақты, сол кездің өзінде, республиканың батыс аймағында, білмейтін адам жоқ. Жергілікті халық қатты құрмет тұтады, мұнайшылар қауымы мақтаныш ететін. Адамды қабақ қаққанынан танитын сол Рақаң, өзінің ісіне жауапты қарай білетін, ойдағыңды айтқызбай ұғып тұратын осы Орысбайды, трестің сол кездегі бастығы Орынбай Бердіғожиннің машинасын айдап жүрген кезінде қолқа салып, қоймай, сұрап алған.

Содан кейін де, әлденеше жылдың жүзі өткен. Бастығынан бір де бір ескерту алып көрген жоқ. Қай уақытта, қайда жүріп кетсе де, сақадай сай тұратын. Еш уақытта жолда қалып көрмеген, машинасы бұзылу дегенді білмейтін жүргізушіге, кім, қандай ескерту жасасын...

Олар қыс қиыншылықтарын қатар көріп, жаз аптаптарын бастарынан бірге кешіп, бірімен бірі туыстай, қалтқысыз түсініскен бір күйде келе жатыр. Ол да бір, әсем кезең.

Мұнай кәсіпшіліктері арасындағы, қиыр-шиыр ұзақ жүрістерден кейін, талай рет таңдайына татыды-ау... Маңғыстаудың түкпір түпкірлерінен судың тапшылығы сезілсе де, қазақтың қасиетті дәмі — шұбаттың, зарықтырмай, табылып тұратын кезі. Неге екенін өзі де білмейді, қанша шөлдесе де, шұбатқа су қосып, шалап қылып, ішіп көрген емес. Одан гөрі, қою шұбаттың өзін ұнатып тұрады, соған бұрынырақ қол созатын. Ондай кездері Рақаң бұған сүйсіне күліп: "Біздің Орекең, не болса да тазасын ішкенді ұнатады," — деп жатады...

Міне, олар бүгін де сондай қызықты көп күндердің бірі деп ойлаған. Жұмыс қамымен соңғы рет қатар келе жатырмыз-ау деген ой біреуінің де қаперінде жоқ. Бірақ... Көліктерімен Жетібай кешіне келе берген. Манағы қиыршық тастың талай шақырымдар бойына құнттап Орысбай бір жағынан риза секілді. "Шамасы, конференцияға келген мәскеулік қонақтардың табаны тайғанап кетпесін деген-ау", — деп, ойлаған да, қойған.

Жолдың тайғанақтығы өз алдына, борай жауған қар мен алай дүлейден жол сұлбасын айыру барған сайын қиындай түскен. Машина әйнегін тынымсыз тырмалаған сыпырғыштар да, өз міндеттерін әрең атқарып үлгеріп келеді. Боран ұйтқыған жол үстінен тіптен көз жазуға болмайды. Саусақтары рульге жабысып, қатып қалған секілді...

Кенет, Жетібайдан шыға берістегі жол айырығына жақындай бере, теңіз жақ беттен төніп келе жатқан қап-қара бұлт шоғырына көзі түсті. Сол-ақ екен, көз алдына, бүгін түнде ғана түсіне еніп, көңілін қобалжытқан, қап-қара бұлт шоғыры келе қалды да, жаны ышқынып кетті. Бір дегбірсіз күйге түсіп бара жатқанын сезді. Алайда, бойын тез жинап, қайтадан жол бойына көз тіккен. Бірақ көз алды тұтасқан аппақ шымылдыққа айналып, көзіне ештеңе көрінбей бара жатты...

Сол-ақ екен:

— Рақа, көзім түк көрмей кетті... — деп, жандәрмен, бастығына шағынып үлгерді.

— Онда, жайла... Жайлап жүр... деді ол кісі де. Бірақ үнінен ештеңе аңғартқан жоқ. Әлде, шынымен жайбарақат келе жатты ма, әлде сабыр сақтағанды жөн көрді ме онысын аңғара алмады. Ал, машинаны баппен айдау Орысбайдың ежелгі әдеті.

Осындай, ұзақ жол үстінде, серіктерінің қалжыңдай сөйлеп. "Оу, Ореке, тым болмаса, мына Рақаңа бір он, бізге бір он қосып, жылдамдықты кішкене көтере қойсаң қайтеді..." — дейтіндері болушы еді. Шамасы, мұның шектен тыс дініне беріктігі, қызбалыққа салынып, жүйтки жөнелуді білмейтін сабырлылығы, кейде, олардың да діңкесін құртатын болу керек. Бірақ оған бола өзгеретін Орекең бе, қашан да сол бір алпыс жетістен аспайтын...

Қазір де сол бір сабасынан аспаған күйі келе жатқан. Бірақ мынадай түтеген боранда, көзіне жол сұлбасы көрінбей қалған шақта, бұрынғысынан да жүрегі жайлай түспеске амалы бар ма... Өзі төмен жылдамдықты, одан да гөрі тежей түсті. Бұдан соң арада неше минут, неше секунд өткенін білмейді. Тек қана, жол айырығына жете бергенде, тарс етіп бір дыбыс естілді де, машина бір жағына қарай, қисайып, құлап, бара жатты...

Орысбайға астындағы тұлпары, бейнебір, әлгінде ғана көзіне түскен қап-қара бұлт шоғырымен айқаса түскендей әсер еткен. Қарысқан саусақтары одан сайын қарыса түсіп, рульде қатты да қалды. Жанындағы бастығы мен соңғы екі орынға жайғасқан екеудің қандай күйге түскендерін білмейді, әйтеуір, жетісіп отырмағандары белгілі. Тек қана, аузынан шыққан "Бекет...Уа, Бекет..." — деген сөздері есінде. Сонымен қатар, бастығының "Оу, не боп кетті..." деген, үрейлі үні құлағына келген...

Бұдан әрі машина бір аударылып түсті, сонан соң тағы да, тағы да аударылып барып, жолдан сонадай жерде, қалпына келіп, тұра қалған...

Ең алдымен жасаған әрекеті, қарысып қалған саусақтарын жазу болды. Сонан соң, басынан бастап, денесін бір сипап шықты. Ештеңе болмаған секілді, тек аздап басы зеңгігендей болды да, онысы да лезде ұмытылды. Өйткені, дәл жанында "Алла", "Алла" — деп, екі қолымен белін сипалай, қиналып отырған бастығына көзі түсіп кетіп, секіріп, жанына барған...

Ал, соңғы орындықтағы екеудің ештеңесі кетпеген сыңайлы. Түтеп тұрған қарлы боранның арасынан олардың қағынып, сілкініп, машинадан түсіп жатқандары байқалды. Бұл дереу бастығына көмекке ұмтылған...

Машинадағы сапарлас серіктеріне төнген бар қатерді жалғыз өзі қағып алып, барлық ауыртпалықты өз мойнына қабылдап, жолдастарын құтқарып жібергендей, Рақаң ғана, орнында қозғалыссыз қалып қойған екен. Оның бозарып кеткен өңінен қаншалықты жаны қиналып, ауыр зардап шегіп отырғанын, Орысбай ғана аңғарды сол сәтте. Мүмкін бұл әлденеше жыл бойы түн қатып, таң асып, бірге жортқан бастығының әбден сыралғы болғандығынан да шығар. Есінде қалғаны, "Алла... Алла..." бір ауыз сөзден артық ештеңе айтуға шамасы келмей, дәрменсіз күйде қалған бастығының о жағына бір, бұ жағына бір шығып, жүгіре беріпті...

Амал қанша, айықпайтын азапқа ұшырапты Рақаң.

Апаттың себебі де көп ұзамай анықталған... Жолға төселген қиыршық тас тесіп, соның қырсығынан, доңғалақ атылған екен...

Содан бері де, отыз жылдай уақыт өтіпті. Сол күннен бастап, өндірістен қол үзуге мәжбүр болған Рақаң, қазір бүкіл республикаға әйгілі, мұнай өнеркәсібін өркендетушілердің санатында. Белгілі жазушы. Жасы жетпістен асқалы да бірнеше жыл өткенімен, әлі тың. Сақып апаймен екеуі балаларымен, немерелерімен бірге, Алматы қаласында тұрады.

Орекең шаңырағымен қарым-қатынастары әлі үзілген жоқ жиі хабарласады.

Қазір зейнетке шыққан Орысбай Сәтжанов, Маңғыстау жерінде өз табаны тимеген жер кем де кем-ау деп, ойлай отырып, кей кездері басынан өткен оқиғаларды еске түсіретіні бар. Маңғыстаудағы мұнай өнеркәсібін өркендету тарихына өшпес таңба болып қалған сол бір оқиғаны да жиі ойына алады. Ондай шақтарда, ол күндерді бастан кешіруге өзінің себепкер болмағандығына да қуанып, шүкіршілік етіп қояды.

Шынында да, бұл тағдырдың ісі десе болғандай жағдай. Өйткені, ұзақ жылдар жүргізуші болған, онда да ылғи жауапты қызметкерлерді, өндіріс басшыларын ғана алып жүретін, Орысбайдың қызметінен бірде бір мін тауып, жауапсыздығы үшін ескерту жасалып көрмеген.

Иә, еңбектің дәрежелісі немесе дәрежесізі болмайды. Дүниеге келген әрбір адам өз қолынан қандай игілікті іс келсе, соны хәл-қадырынша жүзеге асырады. Кейде бұл үшін оның түрлі сипатты мүмкіншіліктерінің жетіспей жатуы да мүмкін, бірақ бұл туралы әңгіме басқа.

Рас, Орысбайдың да әуелгі арманы жүргізуші болу еді десек, қателесер едік. Кейде адам тағдырына (тіпті көп жағдайда солай болатын да шығар) сол кездегі хал-ахуал, айналасындағы түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін.

Мұның еңбек жолы Маңғыстаудың жер қойнауынан мұнай мен газ байлығын іздестіру жұмыстары қызу етек алған кезде басталды. Ол кездері жұмыс күшінің жетіспеуі себепті, бұрғылау алаңдарына мектеп бітіріп келген жастар жиі жүретін. Міне, Орысбай Сәтжановтың да еңбек жолы Қамысбай Мырзағалиев басқарған, түбектегі алғашқы экспедиция құрамында, бұрғышы жұмысшы болудан басталған.

Бір жылдан соң ол бес айлық мотористер курсын бітіріп, төрт-бес жыл Имағамбет жерінде (Қызан төңірегі) моторист болды.

Одан Форт-Шевченкоға оралып, экспедицияның механикалық шеберханасы жанында, қаланы кешкілік электр қуатымен қамтамасыз етіп, күндіз жүргізушілік курста оқып, арнайы куәлік алды.

Ол кездері бұл төңіректе машина көп емес. Жергілікті халық машина айдағанды таңсық көретін. Осындай көңіл күймен жүріп, әуелі іздестіру партиясының бастығы Ғ. Каримовқа шофер болды. Сонда жүріп, Өзенге ауысты.

Сөйтіп жүріп, өзін Қарақияда партком хатшысы болып жүрген кезінен бастап білетін Рахмет Өтесіновқа тап болған-ды.

Осы жылдар ішінде ұлды ұядан ұшырып, қызды қияға қондырған әкеге айналды. Зайыбы Тыныштық (Тарас Шевченко бауының алғашқы директоры Сатанқұл Тәжиевтің ортаншы қыздарының бірі) екеуінің тұңғышы Сембіғали — бұрғышы, Амангелді мен Аманғали — жүргізуші. Бұл үш ұл да әке ізімен келе жатыр деуге болады. Ал Ақмарал финанс-кредит техникумын бітірген. Маржангүл екеуі де тұрмыста. Балаларының өздері ата-ана болды. Отаулардың бәрінде де немере, жиендер өсіп келеді.

Орысбай аға мен Тыныштық атаның қазіргі негізгі шаруалары сол балалардың қызығын көру. Толып жатқан құда құдағилар мен ағайын, достар отбасыларындағы шексіз тойлар мен мерекелерге қатысу, қонаққа бару. Дендері сау, тамақтары тоқ.

Осыдан артық адамға не керек...

Осынау мамыражай шақтарыңыз таусылмасын дейміз оларға...

2000 жыл.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз