Өлең, жыр, ақындар

Оброк

Петров күні Аверкий қызуы көтеріліп жатып қалды.

Жас жұмысшылар сабынмен жуынып, таранып, етіктерін, су жаңа сәтен көйлектерін киісті. Аверкийдің буын-буынынан әл кетіп мереке қарсаңында тысқа да шыққан жоқ, еш нәрсеге көңілі шаппай киім де ауыстырмай қойды; киім дейтұғын онда жұмысқа да, мерекеге де жалғыз-ақ қабат. Жас жігіттер қарын кептеп тамақты кекіргенше жесті де үстел басында қарқылдап күлумен болды, ауыздарына келгенін көкіп, айтпағандары жоқ, тіпті бәдік сөзге қынбайтын аспазшының өзі кейде теріс айналып, кейде ұялғанынан ішіп отырған тамағын тастай салып тысқа шығып кетіп жүрді. Аверкийдің еш нәрсеге тәбеті шаппады.

Аверкийдің жасы кеп қалған, отыз жыл бойы батырақ болып еді, бұл кезде мұжықтардың аз сөйлеп, көп өсектен тыс қалатын шағы, не айтсаң да көне кетіп, көбіне өз ойымен беталды жүретін әдеті. Кәртәміш мұжықтардың жасын да айырып жатпайсың. Аверкий ұзын бойлы, денесі қиқы-жиқы: ырсиған арық, қолы тым ұзын, атан жілік, бірақ иығы солбырайған қушық. Ғұмыр бойы жұмыстан қолы босамай, аяғынан шарқай, иығынан қысы-жазы шолақ тон түспеп еді, сөйте тұра бет-әлпетінде игіліктің нышаны бар: қасқа маңдайында желкесіне түскен майда ғана сирек шаш, әжім басқан бетінде еті қашқан қыр мұрын, жіпсік көгілдір көз, сүйекті жақ-шықшытын жасыруға жетпей қалған сұйық сақал.

Дастархан үстіндегі жігіттердің дарақы күлкісін жақтырған жоқ, бірақ кейісті қабағын сездірмеді. Тамағын асықпай ішкен болды, алдымен қасығын қойып, жаратқанға тілек білдірді, бұл да оның ғұмыр бойы ұмытып көрмеген рәсімі еді, тіршіліктің уайымын ойлап отырып, келер күннің аманшылығын тіледі; ертеңнен үмітін үзбей қашанда айтатыны:

— Жаратқанның әр күнінің өз нәпақасы бар...

Ойы бытықы-шытықы. Шодырайған жақ сүйегіне жабысқан жұп-жұқа бет терісіне қан жүгірген сияқты қызара бөртіп еді. Бірақ тамақ батпай отыр. Сонда да өзін-өзі зорлап ішті: өйткені мерекеде ішіп-жеу міндетті дәстүр, оның үстіне тамақ қуат бере ме деп ойлады, тастап кетуге тағы қимады, өзі дімкәс, әл-қуат және жоқ, өз үйінде тәтті тағам тұрмақ қара нан табыла қояр ма екен.

Ағаш табақпен қатты тұздалған семіз қой етін алдарына қойған. Аверкий баяғыда бір қыс қалада өткізген күндерін есіне алды. Ойға кетіп отырып қу бұтақтай кеуіп қалған саусақтарымен бір кесекті аузына апара беріп езу тартып жымиды.

— Қышқыл тұздықты жақсы көруші едім, бірақ қазір оны кім берсін, — деді ешкімнің бетіне қарамастан жасқанып.

Ет оған жақпады, дегенмен дастарханның аяғына дейін шыдап бақты. Жұмысшы жігіттер бір тегене сүтті тамшы қалдырмай ішіп, ықылық ата орындарынан тұрып керіліп-созылды, темекі тартты, тамақтың иісіне түтіннің угары қосылғанда Аверкий де төбесіне сабақты ине шанышқан дағарадай шәпкесін киіп баспалдаққа шықты да оның құсатынын күні бұрын сезгендей әдейі жиналған ашкөз иттердің ортасында біраз тұрды. Күн бұзылайын депті. Кешкілік ымырт секілді дүние бұлдырап барады; сірке жаңбыр қожайын үйінің іргесіндегі газет қиқымдарын сытыр-сытыр кеміріп жатыр; түйетауықтар құйрықтарын салбыратып бақша іргесіне шөге бастаған екен, пана іздеп қанаттарының астына тығылған балапандарын шоқып-шоқып қуалап әлек... Дәмді тамақ! Аверкий оның қадірін біледі. Өлер алдындағы ең соңғы жан қиналысын сезсе де үйді айналып жүріп те соны құсып тастағысы келмеді.

II

Өңі қашып, тізесі қалтырап қайтып келді де аспазшыдан пеш төбесіне шығуға рұқсат сұрады.

— Ауырып қалғаннан саумысың? — деді ол бейжай ғана.

— Отыз жыл құл болдым, — деп нарға шығып бара жатып аспазшының ыңғайына қарай жауап берді, пеш пен төбенің арасындағы қайнап тұрған қуысқа кірді де арқасын ыстық кірпішке қақтап жата кетті. — Отыз жыл бар пейіліммен құл болдым, енді жеткен жерім осы, қуат қайтты... Бүрге тағалауға да шамам жоқ, — деп қалжыңдаған болды. — Тоздық, кеудеде сырыл...

Шәпкесін шешпестен әлдебір сынық шабатаны жастанып жатқан бойда көзі ілінген, кеудесін көріктей үрген сырылын тыңдап, содан шыққан ыстық демді ернімен сезінді. Енді қайтып тұрмайтынына кәміл сенді, көп болса "оброк салығының бодауына кетермін" деген. Көптен бері ауырып жүр еді. Ауырған ит те ауладан кетіп бытқыл-бытқылдан, тоғайдан тек өздері ғана білетін шипалы шөпті іздейді, соны жеп сауығып кететін. Аверкий де ауладан ұзап көрді, жұртқа білдірмей кейде арақ, кейде сода сатып алып жүрді... Қазір жүріп-тұруға шама жоқ. Дегенмен ойлану керек еді: жерді қайдан таңдамақ? Әрине, дәл қазір өле қалса амал жоқ, ал созылып жатып алса ше?

Жұмысшылар темекісін тартып, тарқылдап күлісіп отыр. Соларды тыңдаймын деп жатып түс көрді. Онысы да өзінің өткен-кеткен қасіретке толы күндерінің елесі еді. Мінеки, үйден шығып қырманнан топан әкелмек болатын... Аулаға әлдебір дуана кіріп келді де иттерді көріп тұра қалды: басын әйелдің шәлісімен тұмшалап алған, сол қолында құрыққа байлаған дорбасы, оң қолында ұзын таяқ, аяғында мыжырайған шарқай... "Егер жаратқан осыдан тұрғызып жіберсе Киевке, Задонскіге, Оптинаға барамын, — деп ойлады шала ұйқы боп жатып. — Міне, жұмыстың көкесі, әрі жеңіл, әрі таза, әйтпесе жарық дүниеге несіне келдім..."

Үйді түтінге толтырып, ерігіп отырған жұмысшылар дәл осы кезде дарақыланып күлді де Аверкий оянып кетті. Есікті серпіп ашып әлдекім кіргендей болған.

— Көзімді ашытып жібердіңдер-ау! — деді аспазшы үстелді сүртіп жатып келген адамға қарамастан. — Тағы да келдің бе?.. Қария, сенде ұят бар ма? — деді енді ғана бұрылып. — Ал, неменеге келдің? Табалдырықты тоздырдың ғой!

Шал аспазшының сөзіне мән берген жоқ, әзіл үшін өзіне-өзі "биші шал"деген "атақ" беріп еді, осы жердегі мещан бағының күзетшісі — қашанда масаң, киімі кіршең, салақтығына, еркекке жат мылжыңдығына бола Аверкий оны жек көретін.

— Жігіттер, құдайшылығын айтыңдаршы, осы да әділет пе? — деп шал жігіттердің алдында қолын жайып кәдімгідей таусыла сөйледі. — Бүкіл бақта жалғыз өзім! Сол үшін алты сом алсам нағылсын! Биыл келетін шығар тағы да. Сонда бетіне айтам: бергенің маған пұл емес, мен енді саған құл емес! Жетер! Әнеки, балалар жүзімге де кірді, екі ағаштың алмасын да қақты, ал мен не істемекпін? Тек басың аман болсын деседі... Рас-ау, сонда мен не істемекпін? Анау дөң басындағы шиені де тонап кетіпті, мейлі, оны қойшы! Мен өзі сырқат адаммын!

— Сырқатпын дейді, сиқын көрмейсің бе? — деді аспазшы.

— Абайлап сөйле! — деп шал нарға барып отырды. — Сен аузыңа не бол! Менің кемпірім сенің анаңмен жасты, ал мен оны көрмегеніме жарты жыл болды... қадірін де білмедім, қадірімді де көрмеді, неменеге қатын алғанымды да білмеймін...

"Менен сорлы емес шығарсың", — деп ойлаған Аверкий тағы да талықсып бара жатып шалға деген жеркеніш сезімін ұмытқандай болды.

— Ол да маған бөтен емес қой, — деп шал кейісті үнмен сөзін әрмен қарай жалғастыра берді. — Жігіттерге айтам да: сонда менің қолымнан не келеді? Өзім қанғыбаспын, итарқа деген әйтеуір баспана емес пе, оны алып кетсе қайтем?.. Естимісің, мырзаларға шиені жұла беріңдер дедім, олар көп болса бір-екі дән жер, біздің ағайындар ғой түк қоймай отайтын... Мен дұрыс айтып отырмын ба, жоқ па? — деп шал одан сайын едірейе қалды. — Староста, сен қанша жұлсаң да еркің, осындағы жұрттың төбесінен қарайтын басалқасың ғой. Тек сен мені бір дүркін өкпелеттің — төсенішке тақтай бермей қойдың. Шүкір, әйтеуір барчук көмектесті, анада бір билеп бергенім бар еді, қызмет көрсетпесең қыдыр да қарамайды...

Аверкий тағы да талықси бастады... Кешқұрым қырдан арба соңына еріп келе жатыр екен. Сірке жаңбыр сыбырлап тұр. Бай мұжықтың мал қорасы шалқасынан ашық жатыр; мекиенінен адасқан ата қаз аула ішінде қаңқылдап сыңарын іздеп жүр. "Байлар қайда барса да бақытты" деген төменгі жақтан шалдың жылаңқы даусы естілді. Аверкий шәпкесін шыр айналдырып мақұлдаған болды, бірақ ойы басқа: "мырзалар қашанда мүйізді, тар қақпаға ендемейді". Оянып кетті. Сөйтсе сандырақтап жатыр екен. "Иә, құдай астамшылықты жақтырмайды... Шалға да обал... Ащы түтін, қысыр әңгіме, бөтен жұрт, бөтен пеш, ойпырмай, панасыздық уайымы таусылған ба! Аң екеш аң да өзінің апанында өлгенді қалайды... Жоқ, біткен жері осы шығар, тезірек үйге жету керек!"

III

Ымыртта оянған. Үйде аспазшы да, жұмысшылар да жоқ екен. Терезе алдындағы сәкіде мырзалар мен мұжықтардың ауласын шарлап қаңғып жүретін жынды қыз Анюта отыр. Шашын қырқып тастаған, ерепейсіз семіз қыз. Екі көзі терезеде, желкесінен қарағанда басы төңкеріп қойған құмыра секілді. Жылап отыр. Жатып ұйықтайын десе аспазшының ұлы сәкінің үстінде секіріп ойнап маза бермейді.

— Ана жақта түйетауық талады, — дейді жылап отырып, тегі Аверкий ұйықтап жатыр деп ойласа керек, өзімен-өзі сөйлесіп. — Бақ ішінде жатып демалайын деп едім, бір жағынан жаңбыры, оның үстіне түйетауықтар басымды жұлмалап, енді мына бір албасты... Солай, Анна Матвеевна! Солай, анашым! Бөтеннен татқан дәм де мәкүрік! Бай кезімде бәрінен де бақыттымын деуші едім!

Бақытты едім дегені — кеше ғана қалтасында отыз алты сом ақшасы бар еді, соны есіне алғаны. Қаншама жыл жинап, көзінің қарашығындай сақтаған еді. Бір мұжық жалынып-жалпайып қарызға сұрап алған, бермеске амал жоқ, соның босағасында тұрған, шіркеу атымен қарғанып-сіленіп қайтарып беремін деген, әрине, ант-су ішкен сөзінен тайып кетті де, енді қаңғырып келе берме, маңайыма жолама деп турасын айтты...

Аверкий көзін ашты. Бұрынғыдай емес тәуір болып қалған сияқты, басы да айналғанын қойыпты. Жынды қызды тыңдаймын деп езу тартып күлді. Япырай, адам деген жоқтан өзгеге несін уайым жейді? Жігіттерге мұңын шаққан әлгі шал... сәбиге бола ренжіп жылап отырған мына қыз...

— Сен оның шашынан жұлуың керек еді, — деді Аверкий жымиып.

— Әй, сен оянып кеттің бе? — деді Анюта, кенет еңіреп кеп жыласын. — Менің оған шамам жете ме!

Қыз өксігін басқан соң Аверкий оны ақырын ғана мәймөңкелеп шақырып алды.

— Иә, неге шақырдың?

— Қарағым, сен менің кемпіріме барып кел, — деді Аверкий. — Айт, маған келіп алып кетсін де. Оның да күйісі келмей жүрген шығар, бірақ амал жоқ. Бірдеме етіп күн көрерміз. Менің уақытым жеткен сияқты. Өз үйіңде өлгеннің өкініші жоқ.

— Жалбарынатын жат емеспіз ғой, — деп жауап берді қыз. — Қорықпа, барып келемін... Мен саған бірдеме айтсам ренжімейсің бе?

— Жоқ.

— Мүмкін қорқатын шығарсың?

— Неменеден?

— Жай, әншейін... Мен сені аяғаннан... Бірде келсем, сені ауырып қалды десті. Содан Пантюшаға бардым да бал аштырдым...

— Иә, содан соң?

— Атай, ол сен туралы жаман сөйледі... Табаға топырақ толтырып, әулиенің етегіне жатты да әндете жөнелді... Табадан топырақты алады да бетіне шашады... алды да шашады...

— Сен менің аты-жөнімді айттың ба?

— Сол айтып қойғаным пәле болды ғой.

Аверкий үндемей қалды, біраздан соң:

— Дегенмен сен менің кемпіріме барып қайт, — деді.

— Ол жағын уайымдама. Барамын.

Жынды қыз қайыршы дорбасынан кепкен тоқаш алып жей бастады, ара-тұра алдына шашылған қоқымды теріп аузына салады.

— Тоқаш жеуге қалайсың? — деп сұрады.

— Жоқ қарағым, бір түрлі көңілім шаппай отыр, — деді Аверкий.

Шал ауыр күрсінді де аунап жатты. Анюта терезені ашты, тыстан кешкі самалдың лебі ұрды. Мөп-мөлдір аспанда қылдырықтай айдың орағы өзен сыртындағы кең жазықтың төбесінде жылтырап тұр екен. Алыстағы селодан қыздардың құбылта салған әні талып жетті — ескіден қалған қыз ұзатардағы дәстүрлі сынсыма еді: "Сол бір кеште, кешқұрым, сағымында шырақтың...". Құдай- ау, қай кезде, кімнің тойында еді? Көгалды жазық, жұп-жұмсақ көгілдір ымырт, баяу ескен самалдан жыбыр-жыбыр толқыған мөп-мөлдір тоған, жағада әлдекімнің су таситын бөшкелі арбасы, қарандап әлдебір қыздың бөксесі мен жалаңаш аяғы бұлдырайды — су тола шелекті майыса көтерген ақ білек...көгілдір шымылдықта көлбей өтіп бара жатқан бозбала шық шылай бастаған көгалдың кәусардай ауасын құмарлана жұтады...

— Немене, танымай қалдың ба? — деп бозбала жорта сұраған болады.

— Мен танитындай сенің керегің канша еді! — деген қыздың нәзік те ұяң даусы естіледі, десе де сол дауыста кездейсоқ кездесудің қуанышы мен тәтті сезімнің дірілі бар еді.

— Көмектесейін бе?

— Керек еді сенің көмегің...

Өзін-өзі тежеп, себепсіз сөзге тартуды әдепсіздік санап, бозбала үндеместен шық басқан белеске көтерілді де жұлдыздарға қарады, бөденелердің бытпылын тыңдап тұрып ойланды:

— Көрікті-ақ, әттең кедей. Суды да өзі тасып жүргенін қарашы...

Бұл да баяғыда, өмір сапарының басында болған оқиға... Япыр-ау, ертең келетін сол ма еді, ертең келіп, өлер алдында туған шаңыраққа алып кететін сол ма еді? Иә, сол ғой, сол...

IV

Ол ертесінде-ақ келді. Семіп бара жатқан тарамыс қолымен сипалап жүріп оның бар дәулеті — шолақ шапан, байпағы мен оңып кеткен шүберек белбеуін аса бір мейіріммен жинап алды да өңі қашып, өтірік те болса алдарқатып езу тартқан кәртамышты жетелей жөнелді.

— Кеттік, кеттік отағасы. Осы қызметің де жетер. Сені ғұмырым таусылғанша күткенім аз ба. Ал сенің түрің мынау — әбден бітіпсің ғой. Құр сүлдерің. Некелі жүзік тозығы жетсе де қымбат...

Алғашқы кезде ол кәдімгідей-ақ қуанды: қомыттан мойны босап, үйіне де жетті-ау! Лашығына да кіргісі келмеді, көптен бері даланың емін-еркін таза ауасын аңсап жүрген. Алабота басып кеткен ескі қоймасына барып жатты, төсегі доңғалақсыз арба — ашық қақпадан күні-түні бақша мен қырманнан сызды жел, өткінші қиғаш жаңбыр ұрады да тұрады.

Бар шаруасын кемпірімен ақылдасып отырып шешті, қызын аяды — байғұсты кедейшіліктің зардабынан жасына жетпей ұзатып еді, барған жері бай болғанымен жаман дерт жайлаған отбасы, әкеңе келіп кет деп сәлем жолдайтын болды.

Бірақ қызы келе алмады, мынау ауа райынан қорғанса керек. Жарықтық тәулігіне мың құбылады. Ертеңгісін күн шақырайып шығып, буланған даланың, түтіндеген батпақты жол мен су басып жығылып қалған егіннің апшысын қуыратындай болады. Ертеңгісін арбасынан лашығына тәлтіректеп зорға жеткен Аверкий кемпіріне күн ашылатын шығар деп еді. Түске таман тағы да қара бұлт қаптап, күн сәулесінен түсі де, түрі де өзгеріп сала берді де суық жел аңырап, кемпірқосақты өкпек жаңбыр төкті келіп.

— Бір жамандық болары хақ, — деді көрші қатын. — Бұрынғы бұлттардың түрі де басқа еді, бірі қояндай, бірі нояндай болып келетін, ендігі бұлт тек үрей әкеледі...

Аяғында пима, үстінде шолақ тон, үй іргесінде отырған Аверкий жымиып қана күлді: ендігі жерде келер жамандықта мұның шаруасы қанша?

Пар жыртуға кеткен көршілер судан шыққан тышқандай болып оралды, әбден шаршаған, шапандары бұрап алғандай, сонда да құдайға сеніп, күн ашылатын шығар деп дәмеленеді. Бірақ түстен кейін де бұлттар жөңкіліп, ызғырық жел бұршақты бүркіп тастады. Кешке қарай басылған сияқты еді, жылтиып күн де шықты, алайда шығыс белдеуге қызғылт таулар өркеш-өркеш боп жиналып, батыс көкжиекте ала үйректің қауырсыны секілді түсініксіз көкала сызат пайда болды.

Түн тас қараңғы. Шашыраған көк-жасыл жұлдыздар шырақты қоңыздардай ашық қақпадан Аверкийге жымыңдаса қарайды. Ұйқысы шолақ, түн баласында зерігеді. Бірақ бүкіл уайым мен піаруадан құтқарған бүгінгі бостандығын есіне алады да аспанға телміріп табынып қояды.

Күн санап емес, сағат сайын жүдеп барады. Ажалдың азапсыз, жан қинамай алатынын сезген шал кемпіріне:

— Қорықпа, мен қиналмай өлемін, — дейтін.

Кемпірі үндемей жүріп үміттеніп, оның сөзіне сенгісі келмейтін, тек қорқатыны шалының жарық дүниеге деген немкетті пиғылы. Мұны да сырқаттың әлсіздігіне жорыған, бірақ соңғы кезде онысы да шектен шығып барады.

Шілденің аяғында, жаңбыр тыйылып, жұрт ептеп егін ора бастаған кезде кемпірдің жалғыз бұзауы жоғалып кетті. Итше соңынан салақтап жүріп азаппен бар тапқан ақ малы еді. Безектеп бармаған жері, соқпаған деревнясы жоқ. Бір нәрседен көңілі қобалжып, кез келген адамнан қызыл бұзау көрдіңдер ме деп сұрап, бәлен жерде жүр ме екен деген үмітпен жер-көкті түгел аралап шықты. Содан бір күні ымырт шағында иттер мүйізі енді ғана тебіндей бастаған қызыл бұзаудың басын сүйреп келгені. Көрген жұрт иттерден ажыратып алып кемпірдің баспалдағына жеткізгенде байғұс не істерін білмей балаша бақырып жыласын. Не айтып, қалай жұбатамыз деген ел баспалдақты айналсоқтап көп жүрді. Абыр-дұбырды естіп қоймасынан шыққан Аверкий ғана былқ етпестен қолын жайлап сілке салды.

— Оның несіне дал боласыңдар, — деді. — Жас кезімізде таппаған малдың енді қажеті қанша...

Бәрі де оған таңырқай қарасып, мұны аяқсыз қалдыруға болмайды десіп өрекпіді. Бақташының айтуынша иттер бұзаудың басын тоғай ішінен қазып алса керек. Қасқарайып кеткеніне қарамастан табан астында сонда баралық деген шешімге тоқталды. Көршісі апаш-құпаш атын жегіп, еңіреген кемпірді арбаға отырғыза салды да бүкіл көшені даңғырлатып шаба жөнелді. Оның соңынан топырлап салт аттылар кетті. Дала күңгірт, тоғай іші одан да қараңғы, әрі тым-тырыс, төгілген жапырақтар борси бастаған. Орманның бір шетін жаңа туған ай сәулесімен түріп келеді. Басы қурап қалған емен қасындағы қарауылшының жаппасына жиналысқан, орманшы кешкі асын ішіп отыр екен, елірген тобырды көріп шошып кетті. Орманшының қолшамын алып бәрі де бақташының соңынан ерді де ит қазды деген жерден малдың ішек- қарнын тапты, өрекпіген тобыр онан сайын шуласып, орманшыны деревняға, Аверкийге ала жөнелісті.

Аверкий ұйықтаған жоқ еді, қараңғы үйде отырған. Шам жағып, халық тола бастағанда сақалы сапсиған староста келді де жиналған көршілер беталды айқайлап орманшыны кінәлай жөнелісті, сол кезде Аверкий жоқ жерден айыпкерді қорғап шыға келгені. Орманшының өзін ақтайтын бір-ақ сөзі бар:

— Мен ұрлықшы емеспін, менің әке-шешем де ұрлықшы болған емес. Егер мен ұрлық жасаған болсам құт қонбас еді, құдайдың бұйыртқаны шығар, шүкір, өз шаруам да жетеді.

Пендешілікке мін бермейтін Аверкий оның сөзіне күмәнсіз сенді, тіпті дауыс көтеріп, мұны қаматпай босатып жіберіңдер деп талап еткені. Таңырқаған жұрт түкке түсінбей ақыры шалдың айтқанына көнді. Шалының табыттан шыққандай қабарған бетін көріп, кәркілдеген даусын естіген соң кемпірі де көнді.

Сол түннен бастап тәуір боп кетеді-ау деген үмітінен кемпір біржола айырылды.

V

Келемін деген қыз күйеуімен екінші спастың мерекелік асына зорға жетті. Күйеу бала Аверкийді ауруханаға апарып докторға көрсетемін деп уәде берген. Аверкий бұған да көнді — сөйтіп екі-үш күндей әжептәуір бой жазып қалды. Екі-үш күнде кәдімгі адамгершілік сезімі оянды. Кемпірінің көмегімен ертеңгісін жуынып-шайынып, таранып, қонақтардың бетіне түзу қарайтындай болды.

Келе ме, жоқ па деп түс әлетінде жол қарап жатыр еді. Әуелі аяқ тықыры, одан соң әлдекімдердің сөйлескен дауыстары естілді.

Есіктің саңлауынан бірінші болып күйеу бала көрінді, артында бала жетелеген қызы мен кемпірі. Күйеу бала ұзын бойлы, шашы жасылдау, кірпігі ақ: қатып киініп алыпты — жаңа картуз, жаңа етік, сары көйлектің сыртында сұр белдемше. Қызын ол қас сұлудың бірі деп санайтын еді, бұл жолы да көркімен көз қандырды: қарапайым да сабырлы, өзін-өзі бағалай білетін намысы бар, ұзын кірпікті, тотыққан кіп-кішкентай сүйкімді қол, үстінде сарғыш сарафан. Жетегіндегі жасыл көйлекті ақсары қыз шатырдың жыртығына жалтақтай қарап жіптен босаған ағаш ұршықты сорып келеді.

Келген бойда қонақтар Аверкиймен сүйісіп амандасты, сүйіскісі келмей басын бұрып бетін ала қашқан қызды да шалға көтеріп тосқан еді, Аверкийдің байқағаны — шашы алтындай ақсары, әрі күзгі қурап кеткен селеудей әр талы кесек те қатқыл екен. Қонақтар жарқын-жарқын сөйлесіп, күйеу бала әзілге басты, қадалып Аверкийге қарай берген, сірә қағытуға сөз таппай отырса керек. Шал мұны де сезіп еріксіз жымиған болды, бірақ ойы басқада, осы сәт ол қызы мен кемпірін салыстырып отырған, жоқ, мұның жасында менің кемпірім мейірімді, жаны нәзік еді деп түйді ішінен. Шешесінің жас кезін еске салатындай қызы карапайым да әдемі, тек одан көрі салмақты, ұстамды екен. Қызы сұлулығымен, ұп-ұзын қайқы кірпігімен, тарағындағы жылтыраған күміс түймесімен де ұнап қалды, кемпірінің аяғындағы шарқайын, әжімді жүзін, қажыған кейпін көріп іштей жантартты, адал көңіліне риза болды. Бір-біріне ұқсамайтын екеуінің кереғарлығы шадың жан дүниесін толқытып жіберді де: шіркін, жарық дүние деген тәтті екен-ау деп күрсініп салды. Кемпірінде біреу үшін жасайтын өтірік қылық жоқ. Кірген бойда үнсіз тұрып қалды да шалына сүзіліп қарады: мінеки, ертіп келдім, сені көрсін деп, түрінде кейіп-кеспір де жоқ, отағасы, амал қанша дегенді көзімен танытқан. Расында шалы кісі танырлық емес-ті. Басындағы бес тал шашы түлеп біткен, көйлектің жағасында, одырайған топшыда ирелеңдеп әйтеуір бір уыс жүн-жұрқа жатыр. Жақ-шықшыттың түкпірінде қалқиып қаңылтыр құлақ едірейеді. Көз шүңірейіп ұясына түсіп кеткен.

Қонақтар үйде тамақтанды. Бұған бір кесе квас пен бір кесім шошқаның сүбе майын, бір үзім нан жіберген. Басын көтеріп кесені қолына алды да үңіліп қарады, шодырайып кеткен қыр арқасын доғаша иіп шоқынды, енді кешіксе іше алмай қалатындай асығып қалтыраған қолымен бір қасықты зорға жұтты. Расында шамасы жетпеді, дымы құрып, қақалып-шашалып шалқасынан жата кетті... Кесе сол қалпында жерде қала берді. Бетіне май кілкіген көбікті квасты быжынаған көк шыбын үйірімен бас салған. Аверкий соларды қуамын деп қуарған қолы мен бозарған тырнағына көзі түсті. Алақанын көріп тағы да таңғалды: шұңқырайып кеткен екен, кеуіп қалыпты, балауызбен сылап тастағандай жып-жылтыр... Есіне аурухана түскенде кекесінді ыржиып күлді.

VI

Кешқұрым өткінші жаңбыр себелеп өтті. Сықылықтай күліп, етектерін түрген бір топ қыз аулаға қойып кетті де Аверкийге мән берместен жаңбырдың басылуын күтіп қақпа алдында тұрып алды. Қақпа сыртында бозбалалар дабырласып сөйлесіп, бейберекет күлісіп жатыр, әлдекім пернесі бүлінген жарымжан гармонды қиқылдатып ойнаған болады. Қақпа алдына күйеу бала келді, ептеп қызып алған. Оң аяғын ілгері көтеріп, тізесіне гармонды қойды, онысы үнді, әрі сазды екен. Көзін бір нүктеден алмай жайымен, баяу ғана боздатып тұр. Қасында байын солдатқа жіберген жас келіншек, басын сәл еңкейтіп гармоншыға сүзіліп кеп қарайды, қой көзді, кірпігі қара, өңі сұрғылт, сүйкімді ерні сорылмаған ту неме болса керек. Екеуі бір-бірін көзімен ішіп-жеп, сөзімен құмартқан секілді. Бәрі де сараң жаңбырға қарамастан екеуінің сүйіспеншілік күңкілін аңдысуда. Қораның бұрыш-бұрышы қараңғы тартып, қақпа да бұлдырап барады. Аверкий көзін жұмып тыңдап жатыр. Көңіліне саз қонақтап, жанына жаққан сияқты.

Жастар көпке дейін, қойма маңынан қараңғы түн басқанша тараған жоқ. Түн ортасына таман аспан ашылып, шақырайған екі жұлдыз қойманың есігінен сығалады. "Демек солай болғаны да, — деп ойлады Аверкий. — Менің қызымнан суынып, басқаны қалап жүр екен ғой.". Гармон үні өшті. Қақпа сыртында әлдебіреу қалтыраған дауыспен жалбарынып тұр. Әйел даусы сызылып, жалтара жауап береді, бірақ кетәрі емес сияқты. Артынан екі адамның сүлдері қос жұлдызды көлегейлеп өтті де сол жақтағы сабан шөмелесіне беттеді.

"Япырай, қиын болды-ау! — деді Аверкий. — Ал қызым ғой мұны сүйеді". Көкейінен әлгі бір ғашықтардың әсем әні кетпеді: "Сенсіз менің таусылды ғой тағатым, сенсіз менің суыды ғой төсегім, сенсіз менің жастығым да су болды!". Көзі ілініп кеткен екен, әлдекімнің қатты жөтелінен оянды. Келіншекті шығарып салған күйеу бала қоймаға емін-еркін кіріп келді де отыра қалып етігін шешіп іргеге лақтыра салды. Сіріңке жағып еді, сәулесі ағаш салмада қонақтап отырған қоразға түсті.

Ренішім де жоқ, басқаның ісіне араласпаймын дегенді білдіру үшін Аверкий қоразды сылтауратып:

— Қарай көр, пәтерді тапқан екенсің! — деді.

— Ал сен неге ұйықтамай жатырсың? — деді күйеу бала.

— Ұйқының қашқаны қашан, — деп жауап берді Аверкий.

— Өлейін деген екенсің ғой, — дей салды күйеу бала жайбарақат.

— Арам шөпті де бақшадан жұлып тастамай ма, — деп Аверкий әзілге жыққан болды. — Жақындап қалғанымды да сеземін. Ажал жақын. Әсіресе түн баласында қатты зерігем, қашан туар екен деп таң Шолпанын күтемін, ол да қырсығып кешігеді, — деді тіршіліктен күдер үзгендей. — Көкірегім қоңырау соға бастады.

Күйеу қорылдап ұйқыға басты. Аверкийді жалғыздықтың мұңы келіп қамады. Әңгімелескісі келіп еді, күйеу баласына жағымды, жақсы-жақсы сөз айтқысы келіп еді. Ақыры шыдай алмай:

— Ұйықтап қалдың ба? — деп дауыстаған.

— Жоқ, — деп ол үн қатты да, — Иә, не болды? — деп күңкілдей жөнелді. — Былжырамай жұртқа ұйқы бер... Ұйықта!

Аверкий жым болды. "Ғашықтық деген жақсы ғой жарық дүниеде!" дегісі келіп еді. Демін ішіне тартып тым-тырс қалды да өзінің көрде жатқан кезін көз алдына елестетіп көрді... Күйеу бала қалың ұйқының қорылына кетті. Қақпа сыртындағы алакеуім көпке дейін өшпей қойған. Қылтиып кешігіп туған сынық ай көрінді де тершең айнаның бетіндей бұлдырап тез жоғалды. Таң алдында қараңғылық қоюлай түсті. Қораз шіркін айқайын салып бүкіл ауланы басына көтерді. Қақпаның қасқа маңдайынан бозалаң аспанның шеті көрінді. Өлмес жанға жаңа күн өңін берді.

Күйеу бала оянып, езуін кере есінеп Аверкийдің шала ұйқысын бұзды. Таң тамаша болып атып еді. Көкжиегі қызғылттанып қақпадан кірген көк аспан да көңілді еді. Көгал бетінде мөлдір шық жалт-жұлт етеді. Күйеу шіркін етігін киіп жатып күрс-күрс жер тепкіледі.

— Жетістірді ақсақ албасты! — деп етікшіні төркініне апарып тастады.

— Етігің тар болса дүниенің кеңдігінен не пайда, — деп қосты Аверкий. — Азап қой.

— Шұлықпен де сыймай жатыр, ал шылғаумен киіп көр! — деп кейіді күйеу. — Тұра тұр, бәлем, ақсақ ит!

Кемпір мен қызы Аверкийді киіндірді: әлдеқашан оңып кеткен, бірақ жеңіл, таза сәтен көйлек, қуықтай сұр шалбар, бұл да бай мырзаның берген сыйы, былғары бәтіңке, бәрінің үстінен шолақ тон мен қопақардай бөрік кигізіп арбаға жетелеп алып барды. Кішкентай жиені қоразды құйрығынан шап беремін деп қойманы шыр айналдыра қуған, қораз жалт беріп ұстатпай жүр де, Аверкий соны көріп мәз болды. Қоймадан соң аспан түпсіз терең, айнадай мөлдір, ауа шыныдай өткір көрінді. Жол ылжырап жатыр. Тамыздың күні шаңқайып-ақ тұр, самал салқын, күміс бұлттардың шүйкесі қалқып келеді. Аурухана, денсаулық туралы ойлағысы да келмеді: онсыз да көңілі көк тірегендей болды.

VII

Тағы да бір ай өткен. Бір айдың ішінде өмір шіркін Аверкий үшін етегін соза түскен. Әрине, сары ұнтақтың ішіндегі қара түйіршіктердің көмектескені шамалы, тек ұлтабарының қыжылын асқындырып жібергені болмаса. Бірақ жиырма күн бойы жеуге мәжбүр болды. Ең соңғысын жұта салып, құтысын жастығының астына жытырып жібергенде ғана иығынан ауыр жүк түскендей үһ деді. Ал жанашыр жандармен іштей қоштасып та қойған: олар да мұны ұмыта бастаған, сирек келетін болды, келгендерінің әңгімесі көбіне мүсіркеу, болмаса күлкілі, кейде мұңға толы уайым, солардың бәрі де түкке тұрмайтын қысыр сөз. Ол өзін үнемі баяғыда бір болып кеткен, бүгінде баяғысынан да кедейленіп, жоқшылыққа ұшыраған өлкеде қонаққа келіп жатқандай сезінді.

Үйіне оралған бір солдат екі дүркін соғып шықты, Порт-Артурда соғыста, одан соң Жапонияда тұтқында болған екен. Соғыс туралы да, тұтқындағы кездері жайында да жарытып ештеңе айта алмады, бәрі де жұрт білетін, жат елде әркімнің басынан кешкен қырт хикаялар. Соғыс деген қиямет-қайым, кейін оған да отығып кетесің, жат елде бәрі де жат: жер деген жетеді, бірақ барар жер, басар тауың жоқ, адам деген құртша құжынайды, алайда сөйлесе қоятын пенде жоқ... Жапон әйелдерін де көл-көсір әңгіме қылды, бірақ бірін де жақтырмапты, бойлары быртық, қылығы нашар деді. Теңіз туралы бар айтқаны:

— Су көп, бірақ ішетін ұрттам жоқ.

Анюта келіп кетті. Аверкий оған разы болды, асықпай ұзақ отырды, жалған сөз айтқан жоқ: "Ал мен кетейін, шаруам қалып барады" деді. Жаныңды толқытатын әңгімесі де қарапайым, тек бір ұнамағаны — терезесін тең ұстап, мұны да өзі секілді жынды, өзі секілді ешкімге керегі жоқ туған ағасындай санағаны.

Биші-шал да келді, үстінде шолақ тон, басында қаланың тозып біткен шетен қалпағы, алма әкелген екен, онысын Аверкийдің жастығының астына зорлап тықпалап, мылжың әңгімесін зорлап тыңдатты, өзінің айықпайтын масаңдығын мақтаныш тұтатын көрінді, осы тірлігін жер-көкке сыйғызбай мақтап, енді бірде түкке тұрғысыз қылып даттады. Аузынан арақ пен түтіннің сасық иісі мүңкіп, ауыз жаппай жәрпілдеді дерсің.

— Рахат! — деді көсіліп. — Село дегенің жұмақ қой! Осында келгелі қутыңдап адам болып қалдым. Өткен жылы ғой... мені иен бақ, йен имениеге апарып тығып! Құдай сақтасын, зерігіп өле жаздадым! Селоға қайдан жетсін! Мұнда далаға шықсан да рақат: ең құрығанда кендір арасынан балаларды көресің, әлдекімдермен сырттай таныс боласың, қатындардың есебін аласың...

Шаруа адамының Аверкийде жұмысы болған жоқ: олар астық тазалап, күздік егуден босамады. Осы тыныш тірліктің бір-ақ рет шырқы бұзылды: қайнап тұрған талма түстің кезінде шет жақтағы астық маясы өртеніп, жұрт дабыл қағып, айқай-шумен лапылдаған қызыл отқа жүгірісті. Қашанда өрттен қорқатын Аверкийдің жүрегі тарсылдап жөнелсін. Шамасы жеткенше басын көтеріп, ашық дарбазадан аспанда қалықтаған күлді-көмеш жапырақ-шөптерге ұзақ қадалды. Қашанда үрей тудырып, бір нәрсені көпіртіп жіберетін апалаң-топалаң елдің айқайына құлақ түрді. Ескі әдет бойынша сол дүрмекке іштей өзі де қосылмақ еді, бірақ кешікпей күтпеген өртке қуанып жатқанын сезді: біреулер жүгіріп жетер, мұны қоймадан сүйрелеп шығарып көгалға апарып тастар деп ойлаған, алайда өрт тым алыста екен, бұған төніп тұрған еш қауіптің жоқтығын білгенде көңілі суып, немкетті сезіммен қайтадан жата кетті.

Бірде оған желбегей шекпенді дьякон келді: біраз отырды, мұның сырқатын әзілге айналдырды да кешікпей "топыраққа тауар" қосылатынын айтты:

— Иә... Тән топыраққа қайтып, жан жаратқанға кетеді, сөз жоқ. Бауырым, одан қашып құтыла алмайсың.

Дьякон сөзі қатты ұнаған Аверкий:

— Құдай сақтасын, одан қашып құтылайын деген мен жоқ! — деп асығыс жауап қайтарды.

Бір сәтке дьяконның құдайшыл сөзінен тұла бойы түршікті, бірақ ойланып барып:

— Жоқ, құдай сақтасын, одан құтылмаспын, — деп тағы да қайталады. — Кейде менің оброктың құрбанымын деп кейитінім бар, расын айтқанда бұл да шындық емес пе? Құдай да оброк талап етеді ғой... — Ақыры ойы шатасып, аузына келгенін айта салды:

— Жоқ, бұл дүрыс емес... әйтпесе жарық дүниеге күнәһарлар сыймай кетпей ме. Солай деп әулие жандар айтқан ғой, Қатын құдай крестен қашып өкіріп жылаған екен, соның көз жасынан гүл атаулы күйіп, қурап кетіпті де жалғыз темекі ғана қалыпты деседі... Сонсоң да темекіні өртеп, най қылып тартады...

Ауруханадан соң ол өзінің бүкіл өткен өмірін пысықтап шықпақ болып еді. Заманында не көрді, не білді, соның бәрін ой елегінен өткізбек-ті. Бірақ талабы текке кетті. Сөйтсе, көргені де, білгені де түкке тұрмайды екен, бірінен-бірі аумайтын өңкей жұтаң күндер. Есіне түскенінің бәрі де мәнсіз, әншейін үзік-үзік түсініксіз, баянсыз көріністер. Ойға шомса болды, рет ретімен, сонау бала кезден көргендері бір-ақ күн, әлде бір-ақ кешпен тұйықталып, алыста қалған тіршілікке де қажетсіз, қолды бірақ сермеуге де тұрмайтын күйкі нәрселер болып шыға келді. Аверкий өзінің білігіне де, ақыл-ой парасатына да өкінішпен бірақ түкіргендей болды. "Бұл не сұмдық? — деді. — Қаншама жыл ғұмыр кештім, бірақ санада дым жоқ, түкке де түсінбеппін...". Мысалы, бәлен кезде, бәлен жерде туыппын деседі. Сонда тудым деген не нәрсе? Өзінің туғаны туралы түсінігі де жоқ, соған сенімі де жоқ. Қашанда жұрттың айтатыны — әкең сенің анау еді, шешең сенің мынау болатын деседі. Аверкий қазір соған да сенбейді, соны да түсінбейді. Бүкіл өмірінде ол әке-шешесін ең жақын адамдарым деп есептеуші еді, бірақ әкесі өлісімен оны мүлдем ұмытты, шешесін де есіне алған жоқ, аяушылық түйсігін де жоғалтты, тіпті олардың түр-түсін де көз алдына елестете алмады. Ғұмырында талай-талай адамдармен танысқан, солар да жадында қалмапты. Бәрі де көрген түс секілді, каншама түс көрді десеңші, ал соларды есіңе алып көрші!

Тек алыста қалған өзен бойындағы ымырт, сол ымыртга жолыққан сүйкімді жас қыз, мінеки, қазір қасында жанары өшкен кәртәміш көзбен өзіне аяушылықпен қарап отырған кәрі кемпір ғана есінде қалыпты, одан соң есінде қалғаны қызы, қызының көркем жүзі.

VIII

Тағы да бір ай өтті, құдайға ащы болса да, тәтті болса да оброк өтейтін уақыт та таяп қалған.

Күз ерте келді. Суық қинап, ескі киім, жата-жата жауыр болған шынтақтың жарасы жанына батқан Аверкий өлімді ойлап басын шайқап-шайқап қойды.

— Ойпырай, қырсығын-ай! Шақырғанда ажалдың да шалқаюын қарашы!

Тіршілікті ол тек қақпадан ғана көрді, жалпақ дүниенің пұшпағын алақандай жыртықтан ғана көріп жатыр. Көкжиекте ағаш бұтақтарын сипалап күзгі ызғарлы бұлт көшіп барады. Қуарған шөп сарғайып өліп жатыр. Қойма да қаңырап бос қалды. Бұтақ арасынан қу далада жетімсіреп тұрған жел қапалағының нобайы көрінеді. Жаңбыр кейде қарға ұласып, қойманың жыртық-тесігінен зәрлі суық жел гуледі.

— Боз биеге мініп күз де келе жатыр, — деп ойлады Аверкий.

Әрі сыз, әрі мұз тас қараңғы түндерде қақпаның күмістей жалтыраған жыртығы бежірейіп қарағанда Аверкийдің зәресі ұшады. Үйге кіріп жатуға қорықты, алғашқы түні-ақ тынысы бітіп арам өлетінін білді.

Бірде түс көрді. Сұп-суық аласа бұлт екен, оның ар жағында қызылды-жасылды орманның төбесі. Езілген батпақ жолмен келе жатыпты — әбден қартайған, шашы ұзын, аяғы да ұп-ұзын, қурап кеткен ұп-ұзын денесінде солаңдаған ұзын тон, балшықта толарсақтап малтып келе жатқан боз биені шарқайымен тебініп-тебініп қояды. Бір кезде артынан мырзаның старостасы қуып жетіп, ат үстінде шіреніп отырып алып ал кеп сыбасын. Аверкий аттан тоқымын ала ауып түсті де тізерлеп отырып, жалтыр басынан жаман шәпкесін сыпырып зар еңіреп жыласын, кешірім өтініп, қартайдым, құлағым да естімейді, шамам да жоқ, қызыма кетіп бара жатыр едім деп жалбарынған... Тісін ақситып староста қамшымен шықпыртты-ай келіп, саутамтық жерін қалдырған жоқ, қамшыдан жаны шырқыраған Аверкий бора-бора болып жылап оянды. Таң атқанша қақпаның боз саңылауына бежірейді де жатты, өлейін деп жатқанын сезді, әбден шаршаған жүрегінің соңғы дүрсілі екенін де білді, тек білмегені — өңі ме, түсі ме, түсінде тізерлеп отырғаны тіршіліктегі сорға, қасіретке толы соңғы тынысы ма? Жас жуған бетін сүртті де күліп жіберді. Сосын:

— Жоқ, үйге барып жатамын! — деді үзілді-кесілді. — Тұншығып өлсем де мейлі, баратын жерім бәрібір біреу-ақ!

Ертеңгісін еріксіз үйге кіруге мәжбүр болды. Аяқ астынан қыс келді. Аверкий үшін тіршілік қайта басталғандай.

Ежелден таныс қыс қой, қыстың өз қызығы бар. Алғашқы қар, алғашқы бұрқасын! Дала ақ көрпесін жамылды, енді жарты жыл пеш үстінде жат та қой! Ақ жамылған далада бұрқасын, мылқау тыныштық, тағы тіршілік, үйде жылы төсек, жан рақаты. Жер еденді жылан жалағандай тазалап сыпырады, үстелді пышақпен қырып отырып жуады, биылғы сабанмен пешті қыздырады — рақат деген осы емес пе!

Қызы да келді. "Жүрегім сезіп еді" деп ойлады Аверкий, дегенмен құрбысына қызойнаққа келгенін де біліп жатты. Тозып, шіріп бара жатқан деревняны табиғат ақпен бүркеді. Өзен бойы, дөң біткен ақ кимешек киіп алған, тек ақ қаздар шомылып жүрген өзеннің арнасы ғана қарауытады. Қызы сеңкеде тұрған, көңілді де көркем. Әкесін аяп та тұрған жоқ, оның енді қайтып тұрмасына көзі жеткендей. Күзде қызы өліп қалған соң бұрынғыдан да жасара, құлпыра түскен. Кемпірі Аверкийге арнап төсек салды. Қызы соны күткен, себебі сүйреткіге салып әкесін үйге кіргізуі керек еді.

Келе сала тонын шешіп, басындағы шәлісін иығына лақтырды да босағадан озбай тұрып алды. Үстіндегі көгілдір жүн көйлегінен хош иіс аңқиды. Шашынан жалт-жұлт қар қылауы ұшқын шашады. Ашық қалған есіктен лап еткен ақ шаңдақ күміс тұман секілді. Сеңкеге көршінің бұзауы кіріп кеткен екен, соны қуып жіберді де баспалдаққа секіріп шықты. Ол өзін баяғыдай, ата-анасының бауырында жүрген қыз баладай сезініп еді. Кімнің бұзауы екенін де біліп, соған да мәз болып қуанды.

— Мишка, қарасан атсын сені! — деп баспалдаққа секіріп шыққан бойда айқай салып, осы үйдің, осы жердің төл перзентіндей ұрсысуға да дайын еді. — Мишка, мен сенің бұқаңның соңынан жүгіре алмаймын!

Құрбысы пісте шағып сеңкеде тұр екен, өсек-аяң үшін әдейі келген әріптесі, өте сабырлы бикеш, қалың қара қасты, бұл да сәнді киінген, үстінде жылтыр жапырақты бозғылт жаңа көйлек.

— Жүр, әкемді кіргізе қоялық, — деді асығып-аптығып. — Әл үстінде жатыр, попты шақыру керек еді.

Ұйқысыз түн мен алғашқы бұрқасыннан мазасы кеткен Аверкий үйге кіретінін білген соң ажалдың жақындап қалғанын сезді, сүйреткіде тып-тыныш жатып қар бүріккен ызғарлы желдің ызыңын, ағаш бұтақтарының шуылына құлақ түрді. Қалшылдап-дірілдеп ақжемтір болған шолақ тонына, лыпа болсын деп соның сыртынан қымтаған жабуына тығыла түсті де жіпсіген маңдайына жалпиған бөркін баса киді. Бет-жүзі әлденені күткендей, бірақ мөлиген бадырақ көзінде еш нәрсенің нышаны жоқ. Шал бар күшін жиып, мас адамдай сандалып арбадан сүйреткіге өзі түсті, балаша риза көңілмен: көтеріп салу үшін біреулер келер деген, бұл бәріне де дайын, тек дәртеге қолы жетсе болды... Кенет қызының шаңқ еткен даусын естіді:

— Әкетайым-ау, тірі екенсің ғой!

Қызы оны көрген бойда жылап жіберді; тірі өлік көне дүниеден келгендай алпамсадай болып көрінген — жидіген жұқа шаштың жұрнағы ғана қалыпты, жұлым-жұлым тозған бөрік қоқайған күләпараға ұқсайды, шолақ тонның сыртында қарабидайдың күйіп кеткен қатырмасындай күрең түсті тұлып. Амандасқанда даусы ыңырсып зорға естілді. Тұқырайып жерден көз алмастан қызы құрбысының көмегінсіз-ақ сүйреткіні үйге қарай ала жөнелді. Жаз бойы дымқылда жатқан сүйреткінің темір табанынан қойма мен үй арасындағы аппақ қарда қаралы із қалды.

IX

Аулада ымырт үйіріле бастаған, бірақ аппақ қардан әлі жарық еді. Ал үйдің іші қаракөлеңке.

Ымыртта, үсті-басы қар, аласа есіктен еңкейіп священник кіріп келді.

— Әлгілерің қайда? — деп гүж еткен даусы құдды ажалдың үніндей болып естілген.

Зәресі ұшқан кемпір сәкіден үнсіз тұра берді. (Әкесі тез арада жантәсілім ете қоймас деп ойлаған қызы құрбысына кеткен). Қалтыраған қолын таянып Аверкийдің өзі де қалқиып басын көтерген, тұрған бойда табыттан тұрып кеткен өліктей қатты да қалды. Оның түрін көрген священник даусын өзгертіп, артынан тағы біреу кіріп келе жатқандай, осы әбігердің бүкіл себепкері — құдайдың өзі келіп қалды ма дегендей сасқанынан:

— Шәпкеңді, шәпкеңді шеш! — деді.

Аверкий бөркін шешіп тізесіне қойды.

Бұдан соң жылтылдап балауыз шырақтың білтесі жанды. Жаратқанға жалбарынып, тілі кәмилаға келген соң Аверкий сыбырлап қана:

— Әулие атай, сіз жақсы білесіз ғой, ажалдың жеткені рас па? — деп сұрады.

— Рас, жетті! Дайындал! — деп священник бетің-жүзің демей жауабын асығыс лақ еткізгені.

Священник кемпірдің бетіне қарамастан оның алақанын тауып алды да әу баста-ақ әзірлеп қойған екі сомдықты уысына сып еткізіп есікке беттеді. Кемпір шоқынып, нарға келді де жағын таянып отырып өмірінде жүрдім-бардым ғана сирек көрген пендесінің бетіне ең соңғы рет сүзіліп тұрып қарады. "Тездет, тездет!" деп зекірді священник. Аверкий еш қарсылық білдірместен шалқалап жатты да қу сүйегі қалған тарамыс қолымен шырақты ұстады. Тұман ішінде қалқып жүрді ме, әйтеуір өлер алдында жыбырлаған бір толқынға түсіп кеткен, жүрегі мұздап өшіп бара жатты, қан-сөлсіз бозарған ернінде, ербиген сирек мұртында, жылтыраған қыр мұрыны мен шүңірейген көзінің жиегінде қалтыраған сарғыш сағым адақтап жүрді. Қасында біреудің отырғанын сезіп, көзін ашып бірдеме айтқысы келді де бар жігерін салып еді, бірақ бет-аузы болар-болмас жыбыр етті де тынды. Мүмкін, шіркеуді еске салатын сарғыш сағым мен қалтыраған қараңғы тұңғиықтан тітіренді ме екен? Шалының су ішкілігі әлі таусылған жоқ деп ойлаған кемпір шырақты оның қолынан алды да үрлеп өшіріп, қасына жақындап отырды.

Тыныштық пен тас қараңғыда Аверкийдің жаны жай тапқандай болды. Көз алдына жаздың талма түсі елестеді, көгалды жазықты салқын самал желпіп тұр, село сыртындағы дөң басында өзінің моласы... Басында әлдекім сұңқылдап дауыс қылып отыр.

— Қымбатты менің әкетайым, бұл сенің неткенің, ойда жоқта кеткенің? Бізді кімге тастадың? Енді біздің мұңымызды кім жейді, қамымызды кім жейді? Қымбатты менің әкетайым, мен сенің үйіңнің қасынан өттім: ешкім мені қарсы алған жоқ, ешкім қадір тұтқан жоқ! Мен сенің үйіңнің қасынан өтетін едім ғой, сен мені қарсы алып қадір тұтатын едің ғой! Күркіре аспан, жарқылда нажағай, қақ айрыл қара жер! Соқшы қара дауыл — желпі алтын шымылдықты, ащы әкемнің бетін!

— Аһ, мынау менің қызым ғой! — деп ойлады Аверкий, сол сәтте қуаныштан жүрегі елжіреп, көкірегінде әлдебір үміт жылт еткендей болып еді...

Ол тып-тыныш қараңғы үйде дүние салды, тыста алғашқы қар жамырап тұр еді, үн-түнсіз жүріп кеткенін кемпірі де білмей қалған.

Капри. 22.11.1913.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар