Киім киісі күлкі шақыра бастағанын сезгелі бері мектеппен қоштасуды ойлап жүрген. Ақырында, алғашқы қар жауып, түс ауа қайта кеткен күні, сынып балаларының көбісі жалт-жұлт еткен жақұттайын жайнап ойнап жүрген ажырықты алаң шетінен сытылып шығып, Қарақас — Арқас каналына апаратын ақтаңдақ соқпаққа түсті. Бәтеңкелерінің табаны тесіктұғын, бірақ жылбысқы сүрлеу астында жаздан қалған жылу мол еді. Сыз астындағы тұншыққан сағыныштай әлдененің кеуде тұсын сыздата сырқыратып жөнелгені. Екі-үш күн бойы тұмшалаған тұманнан және тым ерте түскен қардан мизам жіптерінің жидігенін, ақаба арық жағасындағы қарасораның қарауытқан балағына оратылып, қорланып жатқанын байқап, танауын тартып еді, көптен бері жас шығармаған жанары ысып қоя берді. Тарам-тарам жас арасынан төменге үңіліп, о баста жалтыр қоңыр болған, қазір ақжемденіп, тұмсығына дейін тысы ойылып кеткен бәтеңкелеріне қарады. Бесінші сыныпта Сағымкенттен әкесі әкеп берген бәтеңке ғой.
Қамыстың қарқарасына дейін мұңайып, каналға қарай белорта тұстан бүгіле сынып жатыпты. Биіктеу дөңеске біткен дәуренін тәмәм етіп, жарылған жерлерінен діңі іріп, тіні шірігені білініп тұрған жабайы жиденің түбінде отырып, емін-еркін жылап алғысы келген. Алайда, аспаны ағараң қаққан қалаға қараңғы түскенше жетіп жығылмаса, жағдайының қиынға айналарын ұмытуға болмас.
Ақаба арықтың табанында аттап өтердей ғана қоймалжың су аққан болып, жыламсырай жылжып барады екен. Есекмияның түбіртегінен уыстай бүріп ұстаған Есқара қиялау жиекке ырғи ілінбекке тырмысып баққанды, бірақ табаны тесік, тайғанақ бәтеңкенің қияңқы кесірінен тізелей жығылып, төмен сырғыды. Қыраулы қияның қиыршығы тұздай тиіп, ішкі-сыртқы әлемі әділетсіздік атаулыдан удай ашып, аш күшіктей ұлып-ұлып жібергенін білді әлде білмеді.
— У-у-у-у-у! — деді Есқара. — Уу-уу-уу...
Шынымен-ақ не ұлығанын, не уілдегенін айыра алмады. Біраз күннен бермен қарата қарнының ашқанын сезбейтін күйге ұшыраған. Жеңімен көзін сүртіп, ақаба арықтың жиегіне жүрелеп алып, тағы ұлыды. Сәлден соң барып Сағымкент бағытына қарай бүлкектей желді. Күзгі күннің бұлыңғыр сәулесі әлем жүзіне де, қабарған арық қабағына да, соқпақ сұлбасына да біртұтас түспей тұрды.
Есқара уілдей ұлығаннан кейін де желе жортып келе жатып, біраз уақыт бойы қыстыға жылаған. Бойын кернеген ыза-кектен жеңілейіп қалғанын сезбеді емес, сезді. Сөйтіп, Сағымкентке дейін, тіпті одан да алыс қиырларға тартып, мақталы даланы қақ жарып жатқан Қарақас — Арқас каналының бойына да жетті. Енді сәл ойпаңдағы жіңішке жолды жағалап жүре береді. Ескі курткасының шұрық тесік қалтасына сол қолын сұғып, оң қолын көлегейлеп, артына бұрылып қарады. Мақтасы теріліп алынып, жыртылмай жатқан теп-тегіс егістіктердегі тіп-тік боп тізілген қозапая әлемінің әлдебір тұстары қарақошқыл, және бір жерлері қызғылтым, үшінші бір алаңқайлары қоңырқай тартып, олар-дағы өздеріне шақыратындай. Тү-у-у көз ұшында тізілген тұт ағаштары бұлаңытып, олардан да әрегіректе шоқ-шоқ алып қара талдар қоңыраяды. Әр түстан қылаң беретін жабайы жиде бозғылт желең жамылып, дала кезген шалдар секілденіп кетті.
Алғашқыда ауылының қай тұста қалып қойғанын аңғара алмай дағдарған. Сөйтсе, Қамысты жотасының қалқасында жасырынып жатыр екен. Жыңғылбай ағайларының ақ теректері жанардың жауын алып, жасын сүрткендей; қалың қамыс арасынан-ақ ап-анық аңғарылып тұрыпты ғой. Мектепте не боп жатыр екен қазір? Мұны ешкім іздей қойды ма екен өзі? Соңғы сабақта міндетті түрде тізім оқып, сынып оқушыларын түгендеу Жыңғылбай ағайдың әдеті емес пе? Сондықтан, Есқараның еске алынбауы мүмкін дей алмайсыз. Жыңғылбай ағай сынып журналына үңіле түсіп:
— Ерсәлімұлы Есқара! — дейтін болар. Ешкім үн қатпас сонда. Жыңғылбай ағай біресе көзәйнегінің үстінен, біресе көзәйнегінің астынан қарайды-ау. Одан кейін үнін қатайтыңқырап:
— Оу, Ерсәлімұлы қайда? — дейтін шығар. Сонсоң барып, сәл бейресмилеу, жұмсақтау райға түсіңкірейді де. — Есқара қайда, жоқ па, немене? Таңертең мектепке келе жатқан сияқты еді, екеуміз әңгімелескенбіз, тіпті, — дейді ғой.
Біраз уақытқа дейін сынып бөлмесінің іші тып-тыныш, тым-тырыс қалар.
— Жаңа ғана жүрген, — деседі жетінші сынып оқушыларының бірқатары бейтарап ыңғайда.
— Төртінші сабақта отырған, ағай, — дейтін шығар парталасы Диана, яғни айтсақ, ауылдағы ең тұрмысты жігіттің тұңғыш қызы.
Есқара естен тез шығып, Жыңғылбай ағай ендігі сәтте балаларды сабаққа қызықтыру үшін кезекті бір әңгімесін бастар.
— Балалар, — дейді ғой ол кісі әдетінше даусын көтере сөйлеп, әуендете назар аударып. — Алдымен ұйқыларыңды ашып, алтыншы сабаққа шаршаңқы жеткен жаратылыстарыңды серпілтіп алайын. «Комсомольская правда» газетінен керемет бір материал оқыдым. Қай күнгі нөмірінен дейсіңдер ғой, яғни айтсақ, он жетінші қараша күнгі нөмірінен. Филиппин аралдарының қалың жынысты, ну орманды және таулы бір өңірінен осыдан неше мың жыл бұрынғыдай, яғни айтсақ, тас дәуіріндегідей өмір сүріп жатқан шағын ғана тайпа табылыпты. Мыңдаған жылдардан бері қарай солай тіршілік етеді екен. Олардың ең жетілген құралдары да, қарулары да тас балта, яғни айтсақ, ағаш таяқтың басына байлап қоятын жалпақ тас қана екен!
— Шынымен бе, ағай?! — деседі ғарышкер Гагарин атындағы сегізжылдық мектептің жетінші сынып оқушылары қатты таңырқап. — Шыннан ба, ағай?!
— Рас айтасыз ба, ағай? — дейді ғой баяғы мұның парталасы Диана қашанғысынша, басқалардан бөлекшелеу, елден ерекшелеу тіл қататын сыңғыр үнінен жаңылмай.
— Сол тайпа табиғатқа титімдей де залал келтірместен, бір түп ағашты да қырықпастан, бір жануарды да өлтірместен, бұйырғанды ғана қанағат тұтып, оқ пен дәрінің, осы күнгі өркениеттің нендей нәрселер екендігін естімей-ақ, білмей-ақ өмір сүріп келіпті. Мыңдаған жылдар бойы! Біліп отырсыңдар ма, балалар?! Мыңдаған жылдар бойы, мыңдаған жылдар бұрынғыдай!
Жыңғылбай ағай осы жерде өзін-өзі ұмытып, алтыншы сабаққа дейін әзер шыдағанын аңғартып, айқайлап жіберген болар-ау.
Ағайдың алдамайтынын білетін балалар үн-түнсіз, дыбыс-дабырсыз. Диана ғана жалт-жұлт етіп сәуле шашар шашын бір сілкіп, алдына тастар. Құлағының алдыңғы түбінен төмен түсіріп қояр төрт-бес тал тұлым түйірі тербелер. Кенет Жыңғылбай ағай ең соңғы партадағы, ауылдағы тұрмысы төмендеу үйдің қызы Балайымды алғаш рет көріп тұрғандай тесіле, үңіле қарап, сонсоң басын көтеріп, көзәйнегін жұлып алар. Одан сайын қызықтыра айқайлап, екілене еліктіріп:
— Балалар! — дейді-ау ағайлары. — Балалар, бұл — бергі жағы ғана. Бір ғажабы сол, әлгі тайпаның адамдары өздерін Тазагөйлер деп атайды екен. Ал, адамдардың аттары: Балайым, Ұлби, Қызбу, тағысын-тағылар болып келеді. Міне, сенбесеңдер, көріңдер, қараңдар!
Осыны айтқан Жыңғылбай ағай «Комсомольская правданың» он жетінші қараша күнгі нөмірін көрнекі құрал ретінде ұсынар.
— Байқадыңдар ма, балалар, бұған қарағанда, яғни айтсақ, жер жүзінде ең алғаш пайда болған тілдердің бірі біздің қазақ тілі болуы бек мүмкін! — деп мәз болады-ау ол кісі. — Жә, жарайды, сабақтан соң оқып аларсыздар, бұл өзі — бір бет материал. Енді жаңа тақырыпқа көшелік...
Есқара алыста қалған мектебі мен сыныбын сағына ойлап, қиялға қатты беріліп, бірталай жерді артқа тастаған. Жыңғылбай ағайлары әлгіндей сенсациялық материалды оқығанын осы бүгін таңертең, мектепке келе жатқанда-ақ айтып үлгерген еді бұған. Есқара сүлесоқ тыңдаған-ды. Себебі сол, бұның басында басқа уайымдар толы болатын. Тас дәуірінде қалып қойған қанағатшыл туыстары турасында толғанысқа берілмекке шамасы жоқ-ты. Сауданың соңына түскен болып, сандалып кеткен шешесінен көптен бері хабар-ошар шықпай тұр. Жезқазған жақта тұратын әкпесі де, Астана жаққа оқуға кеткен ағасы да өз күндерін өздері әзер көріп, бұларға қайырылуға қауқар таныта алмайды. Әкесі бірқанша апта бойы ішкіліктің соңында. Ал, Есқара мектепті тастап, мақта теріп кетейін десе, Дианалар мен Балайымдарға күлкі болғысы жоқ. Талайдан бері шарбақтағы қауыннан қалған көк шапша мен үйдегі қатқан-құтқанды ғана қорек етумен келеді.
Былтырға дейін бәріне шыдауға болатындай еді. Асып-төгіліп жатпаса-дағы, аш-жалаңаш жүрсе-дағы, көнуге мүмкіндік бартұғын.
Көз ұшындағы мұңғиықтана мұнартқан сағымның арасынан әкесі сығалағандай. Артта қалған ауылдағы қоржын тамда есін жинай алмай, арақ сасып жатқан әкесінің Сағымкент төбесінен елес бергені несі? Деп ойлап, ол кісінің нағыз бақытты шақтарды басынан өткеретін сирек сәттерін есіне түсірді Есқара.
Жыл сайынғы, қара суық қармап алар қарсаңдағы, жалғыз-жарым апта, яғни айтсақ, алты-жеті күн әкесінің ең шаттықты аптасы, шадыман күндерітұғын. Есқара есін білгелі Ешкілі ауылының жұртшылығына түп-түгел қозапая түсіріп беретін атақты арбакеш кім десеңіз, ол әншейінде суық жымиып, сұсты көрінетін, көңілденгенде ғана жаймашуақ тартатын әкесі еді. Тек қара күздегі жалқы аптада, алты-жеті күнде ғана әкесінің айы оңынан туып, адам қатарына қосылып, жыл он екі ай бойындағы жырғап қалар жұлдызды күндері келер еді. Қозапаяның қуаты, ерен қызуы, толып жатқан емдік қадір-қасиеттері хақында Жыңғылбай ағайлары айтудан бір жалықпас. Сынып жетекшісінің аңғартуына қарағанда, қозапая дегеннің не зат екенін білмейтін, мұндай сөзді естімеген, ондай отынды тұтатып та, тұтынып та көрмеген қазақтар жүдә көп. Сондықтан, жүрген жерінің бәрінде Жыңғылбай ағайлары қоза; қозаның гүлі; қозаны күту мен баптау; қозаны шабу мен шырпу; қозаны жекелеу мен жүйектеу және суару сияқты толып жатқан ұғымдарды түсіндірмектен танбайды. Мәселен, Жыңғылбай ағайларынша ұғындырғанда, яғни айтсақ, жүгеріні, әрине, жақсы білесіз. Собығы қайырылып алынған соң сиырға салатын сабағын жүгеріпая деп атайды емес пе? Әне, қозапая да — мақтаның сабағы. Қоза дегеніміз — мақта. Синоним секілді ғой. Ақ ұлпасы теріліп алынып, қаудыр-қаудыр қауашағын жарым-жартылай жел ұшырып түсіріп, қалғандары қоңырау қағып тұрар; ал мақтасынан айырылған сабақтары қара талдың қызғылтым шырпысындай сорая тізілер; әнекиіңіз, яғни айтсақ, қозапаяңыз сол. Соны, тапсаңыз техникамен, әйтпесе қол күшімен-ақ суырып жинап, үйметөбелеп шошайтып маялайсыз. Бұл бейнетіңіз — бұта шапқаннан бетер азап, қамыс орғаннан қиындау. Бірақ, тас көмірді де қазып жүрсіз ғой, одан жеңілірек.
Суырылып алынбай, жұлынып жиналмай, мақталықтарда, өркениетті түрде атағанда, плантацияларда қалып кетсе, қозапаяңыз аппақ қарды қып-қызыл етікпен кешкен әлдекімдердей көрініп, көздің жауын алатынын айтсаңызшы. Ал енді әрбір үйдің жанына, бар болса бастырмаға текшелей маялап, қыздың жүгіндей жинап қойсаңыз, тас көмірдің түк те қажеті жоқ. Қырау түсе салысымен-ақ шетінен суырып алып, отқа жаға бересіз. Сытыр да сытыр дыбысы, қытыр да қытыр дауысы жаныңызға жайлы, құлағыңызға жұмсақ. Шоқтана қозданып шығарар қызуы үйіңіздің ішін ұжмақтан бетер етер.
Қарақас — Арқастың қара суығы қармайтын қарсаңда Ешкілі жұрты үшін Есқараның әкесі Ерсәлім бірден «Ереке-Ерекеге» айналып шыға келетін. Ешкілінің адамдары «Ерекелеп», тізімге тіркелмекке асығар.
— Оу, Ереке!
— Ассалаумағалейкүм, Ереке!
— Көңіл күйіңіз, денсаулығыңыз қалай, Ереке?! Үй ішіңіз, бала-шағаңыз есен сау ма, Ереке?!
Қозапая түсіру науқанына дейін де, одан кейін де, Ешкілінің ешкімі де Ерсәлім арбакешті «Ереке» демес. Ерекеңнің саламаттығын, көңіл күйін, денсаулығын, үй ішінің есендігін сұрай қоймас. Сұраса-дағы селқостана самарқауланып, меңірейе марғауланып бағар бәрі. Айнымас адам біреу болса, тап соның өзі; екеу болса, екінің бірі — Жыңғылбай ағайлары. Ол кісі мұның әкесіне кездесе қалса, бітті; қозапая гүлі мен түйнегінің, күлі мен қауашағының құяңға, шойырылмаға, тағысын-тағы қаншама кесепатты кеселдерге ем екендігін қайталап, мақта өспейтін аумақтағылар үшін тасымалдап жеткізуге тәуелсіз мемлекетіміздің, егемен еліміздің қауқары қуаттанбай, жағдайы жетілмей жатқанына өкініп, бас шайқайды.
Обалы нешік, әкесі қозапая түсіру науқанына алдын ала, жан-жақты әзірліктер жасайтын. «Ереке-Ерекеге» айнала бастағанына мастанбай, іштей ғана мерейлене мазаттанып, арбасын жамап-жасқайды, дөңгелектерін қайта-қайта майлайды, ат әбзелдерін бүтіндейді. Бұрынғы бөлімшенің, бертініректегі өндірістік кооперативтің басшыларына суықтау қарамауға, сұстылау сезілмеуге әзер-әзер шыдас беріп, аттарына жем бөлгізеді. Есқарасын ес көріп, балалық жасайды деместен, қозапая түсіру науқанына нағыз ғылыми-практикалық негізде мән бергізіп, арнайы кесте жасатады. Тізімге тіркелгелі келгендерге сәл де болса шекесінен қараңқырап, әкесінің бағасын көтеріңкіреп бағатын, өркениетті түрде айтқанда, қозапая тасушының имиджмейкеріне айналатын өзітұғын. Тор көз дәптердің ортаңғы қос парағына жасалған арнайы кесте Ешкілідегі ең ескі, қоржын тамның алдына ілініп қойылар. Онда ауылдың қай үйіне, қай күні, қай сағатта қозапая келіп түсетіні бейнеленер. Мәселенки, жиырма бірінші қараша күні, таңертеңгі сағат он жарымда орыс отан соғысы және еңбек ардагері Оңалбай Ізтұрғанұлының отбасына; түскі сағат бір жарымда кеңес кезіндегі партия сиезінің делегаты, атақты механизатор, бүгінде тракторынан тұлдыр қалмаған Қалмахан Қайыңбайұлының үйіне; кешкі сағат алтыда ғарышкер Гагарин атындағы сегізжылдық мектептің мүғалімі Жыңғылбай Айшуақұлына...
Әлбетте, әкесінің ішкі есебін Есқара ескермейді емес. Күніне мажар арбаны үш мәрте толтырып, мақталықтардың басынан Ешкіліге әкеп түсірмек ирелеңдеген ұзынтұра, жіп-жіңішке әкесіне жеңіл тимес. Сол себептен, оның інжәпия құпиясын қазбалап, кінәлаудың орынсыздығын түсінеді. Сәскеде қозапая түсірілетін үйден жеңіл-желпілеу шай-пай және жүз елу грамдай арақ күтілер. Түсте түсірілетін үйден жақсылап тойынып, ыстық ішіп алмаса, кирелеңдеп қалу оп-оңай. Ал, енді, әрине, кешке қарай қозапаялы болатын үйді мүдірмей діттемек, қателеспей таңдамақ абзал. Әрі ет жеу, әрі бірнеше бөтелке босату, әрі армансыз әңгіме-дүкен, сыр-сұхбат құрмақ мәселелері толайым-түгел шешілмегі ләзім. Әлбетте, әкесі барлық үйден бірдей тек қана ішіп-жей береді, қу құлқынның ғана қамын ойлайды деп жүрмегейсіз. Әсіресе, нарық кезеңі келгелі бері Ешкілі ауылының адамдары һәм заманға икемделді емес пе? Икемделгені сол-дағы, имиджі (бұрынғыша бедел, абырой) көтерілген әкесіне әжептеуір тиын-тебен ұсынып, ұялмауын өтінетінге айналған. Ондайда әкесі:
«Ақша деген немене, тапқан құлға,
Ақ теңгесін кім берер қара пұлға.
Қолдан келсе, еліңе еңбек сіңір,
Бұл өмірге болмайсың сен де тұлға!» —
деп, мазаттана әндетіп оралатын еді.
Былтырға дейін...
Иә, былтырға дейін, шамамен алғанда, осылай да осылай жалғасып келгентұғын.
Былтырға дейін шешесінің нешеме айлап жоқ боп кетіп, базар-ошар айналдыратыны да, Жезқазған жаққа күйеуге тиген әкпесінің, Астана жақта оқып жүрген ағасының қайырымсыз-хабарсыздықтары да білінбейтіндей еді ғой. Ал, былтыр, қара суық қарсаңында жыл сайынғы жаймашуақ тартар әдетінен жаңылған әкесі әлпеті қашып, қарасұрланып келген күні:
— Биыл бастан-аяқ киіндіріп, бәтеңке әперермін-ақ деп жүр едім, болмасқа кетті, балам, — деді түтігіп. — Арбадан да, аттан да, қозапая тасушы деген құқымыздан да жұрдай болып, жұтап қалдық.
— Неге, көке?! — деді бұл жар басынан секіргелі тұрғандай жүрегі өрекпіген күйде.
— Түк көрмегендер ғой, ең ақыры қозапая тасуға да «тендер» жариялапты. Аудан әкімінің құдасының пұдасы ма, бөлесінің мөлесі ме, ұтып алыпты. Атаңа нәлеті, арбакешті тағайындауға дейін аудан әкімі араласатынға айналған соң не оңады енді?! Енді мен не істеймін, аштан өлемін бе десем, тиемел жерің бар ғой деседі. Үлеске тиген жердің сиқы анау, ит арқасы қиянда. Сор басып, сорлап жатыр. Мақта термейсің бе дейді мені қорлап. Қолме-е-е-ен... Еңке-е-е-й-і-іп...
Мінекиіңіз, содан кейін Есқараның әкесі бір жыл бойы арақты қойып, несие деген несібенің жолында жүріп-ақ бақты. Бұйырмады, бірақ. Сонсоң бұрынғыдан бетер ішіп кетті. Оған дейін некен-нұқан, қозапая науқаны тұсында ғана күн сайын дерлік ішіп, кейін сиретуші еді, енді тіпті тежеу таппай, тоқтаусыз салынуға айналды.
Зәктенген, зардамданған қоржын тамда мұқы-тақы күн өткізуден әбден заразаптанып, мұғдарсыз жолға беттеп келе жатқаны мынау...
Есқара қалаға жақындағанда Қарақас — Арқас каналының қос қапталы қарабарқын тартып, үрей үйіре, жыбырлай шымырлаған күрең судың бетінде мұздышарық қылаңытқандай көрінді. Жетінші сыныптың оқушысы жүрегі суылдаған күйі бетон көпірден дірілдей өтіп, жарығы өлеусіреген шаһарға жұтылды.
* * *
Қас қарайғанда, қаратүнек жайлаған қоржын үйде жалғыз өзі жатқанда, мұғалім Жыңғылбай келіп, Есқараның қайда екенін сұрады. Ерекең, яғни айтсақ, Ерсәлім сүйретіле түрегеліп, Есқараның сүйікті ағайына ешкікөзденіп қарады да қойды. Қараңғыда онысын аңғармаған Жыңғылбай тағы тәптіштемектұғын, бірақ Ерекең қайтадан үнсіз жантайды.
Ертеңіне Ерекең күннің жазға бергісіз жаймашуақтанып кеткеніне таңырқай қуанды. Түнімен толғанған, талайдан бері басының бір бөлшегінде жүрген, енді біржолата бел байлаған әрекетіне әзірлік жасамаққа кірісті. Ең алдымен Есқараның ең сүйікті ағайы Жыңғылбай Айшуақұлынан түндегі иттігі үшін кішірейіп, кешірім өтінді. Сонсоң екі мың теңге қарыз сұрады. Қиялилау мұғалім Ерекең жайында жаман ойламас; әйелін немесе баласын іздеуге шығады десе керек, бір сөзге келмей-ақ, екі мың сомды қолына ұстатты.
Тозығы жеткен сұрғылтым сөмкеге бес-алты бөтелке арақ, үш күнге жететін тамақ, төрт-бес баклашка жанармай салып алып, Ерекең сол күні Ешкілі ауылынан қиянға ұзап кете барды. Ұшы-қиырсыз егістіктерде қозапая тұнып тұр еді. Ол сол күні дамылсыз, ұзақ жүрді де, бұл шақта адам аяғы жете бермес, бұрындары терең көл болған ойпаттың ең биік, құлама-құзар тұсын таңдады. Ғарышқа ұшып кетпекке жеңіл болсын дегендегісі ғой.
Құзар жардың басына үш күн бойы, күні-түні тынымсыз қозапая тасыды. Құшақтап та тасыды, қолтығына қысып та тасыды, жіңішке жіппен буып алып, арқалап та тасыды. Ақ тер де көк тер болып жинаған қозапаясы Ешкілінің ең биік үйі шамалас маяға айналды. Қозапая маясын қалай болса солай үймелей салған жоқ-ты. Текшелей қаттап, текпішек жасады; орта тұсын үңгігендей етіп, қуыс қалдырды. Төртінші күні таңертең ойпат түбіндегі сызашық суға баппен жуынып, шомыла шайынып, Жаратқан Иеге жалбарынып, кешірім сұрады. Асықпай, ақырын ғана аяңдап, ойпаттан жоғары көтерілді. Текпішектен еңбектеп, сұрғылтым сөмкесін иыққа асқан күйі, қозапая маясының төбесіне шықты. Жайғасып отырып алды. Қызғылтым, қарақошқыл, қоңырқай алаңқайлардан құралатын қозапая әлеміне ұза-а-а-ақ қарады. Шіркіндердің тізіліп тұратынын, суырып-суырып алғанда аздап аяйтынын; үйме-үймелер үлкейе түскенде, керісінше қуанатынын; тың тынысы ашылып, мажар арбаға мағұрлана артып жататын сәттерін; Ешкілінің иірқобыз көшесін жиектей жиналатын қозапая маяларынан жаңбырлы күндері жанды жабықтыра жүрек сыздатып, шүмектей су сорғалайтынын; өзге де небір мұңды суреттерді көз алдынан өткеріп, кеудесін күрсін кернеді-ай. Көптен көрмеген қатынының қарасұрлау жүзін ұмыта бастағанына аздап ұялыс тапты. Жезқазған жақтағы қызын, Астана жақтағы ұлын ойлаудан қашқақтады.
— Аман жүрсінші, тірі қалса, тесіп шығар бір жерден, — деді Есқарасын ғана елестетіп отырып.
Есқарасынан кейін Ерсәлім, неге екенін кім білсін, бұрынғы көл үстінде пайда болған экранға аудан әкімін әкелді. Әкім болып тағайындалғаннан кейін оны бірқанша рет жап-жақын жерден-ақ көрген-ді. Бұдан басқалардың бәрі түгелдей дерлік қоғадай жапырылып, бірін-бірі басып-жаншып кетердей ұмтылысып, әкімнің қолын алып қалмаса, қырылатындай қапылады. Шет-шелшеңдеу, ошарылған ошаған мәнзелдес табаны тапжылмайтын — жалғыз осы. Неге өйтетініне таңырқай бас шайқар. Кейіннен, әрине. Нысай-ниетінің, пейіл-пиғылының пәлендей терістігі жоқ, сонда да әйтеуір әкім дегенде бір пәле кежегесінен кейін тартады да тұрады ғой.
Елуінші жылдардың қақ ортасында Ерсәлімдер Қарақас — Арқас каналының бойына Қызылқұм түкпірінен көшіп келген. Әр тұстан қоныс аударғандар қауымдастығы қонған айдалада жыңғылдың өзі шанжағайтұғын. Шілдеге ұрынып, қырыла жаздады бұлар. Іштің ыстығын алады десіп, қора-қоралап қой емес, шөре-шөрелеп ешкіні көбейткен. Шекшеката тұқымы өсімтал ғой, қысқа уақыттың ішінде осы төңірек ешкіге толып кетті; жаңа ауыл Ешкілі атанды. Кенет кебенек килігіп, канал бойындағы малсымақ мұқым қырылуға айналды. «Мә-ә-ә-ә!» — деп бақырады да, көздері мұңғиықтанып, қылжиып қала береді. Ерсәлімнің апасы ақыл тапты ақырында. Кебенек дертінің де дауасы болады екен. Тоқал тамның есік-тесігін қымтап, сабан түтетіп, кебенек тие қоймаған ешкіні үш күн бойы ыстайсыз. Ажалы жоғы аман қалар. Ал, өлетіні белгілі болып, елегізіп, көз жанарлары тұманыта бастаған ешкіні ертерек бауыздап, сойып алып, етін өзінің қарнына тығып, сызашықтың бойындағы салқын саздақтан қазылған ұраға салып сақтайсыз. Үш жүздейінен үш-төрт ешкіні аман алып қалған Ерсәлімнің апасытұғын. Сол үш-төртеудің тұқымы әлі күнге дейін әр ауылда аз емес.
Бастауышта оқитын Ерсәлім талай-талай сақалды сайтанның қылжиып қалғанын көрген. Ал мына мақарыңыз, яғни айтсақ, ауданның бүгінгі әкімі тұп-тура сол кебенек келіп соққан жылы туғантұғын. Жас босанған шешесінің қалжасына соятұғын мал қайда, Ерсәлімнің апасынан көже-қатық сұрап, әкіміңіздің әкесі келген. Ерекеңнің есінен қалай шығады? Апасының саздақ ойпаңдағы ұраны ашып, мұның қарынға тыққан кебенек етін алып шыққаны күні кешегідей көз алдында тұр емес пе?! Ұраның топырақ текпішегі опырылып кетіп, тізесін қанатып алғанын қалай ұмытады бұл? Мұндай-мұндай мәселелер бір бүйірінде қаздиып қарап тұрмаса, қазақ —қазақ болар ма?! Бертінгі бір жылдарда бұл оқиға бірер мәрте ауыздан шығып кеткен-тін. Ерсәлімнің өзі емес, апасы абайсызда айтып салыпты. Бөтен-бөгдеге емес, бүгінгі әкімнің өзіне. Әкім болмай тұрғанда; бұлар қатты қиналғанда; нарық заманы басталып, зардамдануға айналғанда; айтқан-дағы амалсыз. Ерсәлімнің есінде жоқ, әлде бөлімше тарағанда ма; әлде кеңшардың жері жекешелендірілгенде ме; әйтеуір сөйдеп қалыпты ғой, сормаңдай шешесі.
Алғаш аудан әкімі болып тағайындалғанда, «баяғы баланы» құттықтауға Ерекең де барды. Өзінің ойына ондай-ондай мәселелер кіріп те шықпас. Құттықтау мұның не теңі?! Қаперде жоқта тізімге тіркеліп кетіпті. Ешкілі ауылының аттан түсіңкіремей жүрген бес-алты белсендісі ғана іріктелген тізімге жайдақ арбадағы Ерсәлім қалай ілігіп жүр дейсіз ғой? Мінекиіңіз, осы тұста үлкен қателік кеткен: кебенек келген жылғы оқиғаны «баяғы бала» оң бағалайды деп ойлаған да ауыл белсенділері. Ешкілі делегациясының құрамымен түгелдей дерлік құшақтасып, сүйісіп келе жатқан «баяғы бала» шет-шелшеңдеу тұрған бұған қолының ұшын ұсынумен шектелді емес пе?! Ерекең ондайда ошағанша ошарылар, әрине. Жаңа әкім ұзынша үстел үстіндегі әлдебір қағаздарға қарап, қайраткерсінеді-ей! Ешкілі ауылының шөпке тышарларын шет елдердің әлдебірінен келгендердей санап, өзіне сеніп тапсырылған ауданның аужайын айта бастады.
Ерсәлім арбакеш Ешкілі делегациясының мүшелерін Камбоджа, әлде Лаостың адамдарындай, ал аудан әкімін шамамен Шри-Ланканың көсеміндей елестетіп отырды. «Баяғы бала», яғни айтсақ, бүгінгі әкім аудан бойынша жеті мыңға жетеғабыл шаруа қожалығы бар екендігін; бір кездері уақыт және заман талабына сәйкес ерік беріліп, бөлініп, бытырап кеткендер бүгінде бірікпекке беттей бастағанын; бірақ, ендігі бірігудің мұқым басқаша мұғдарланатынын тәптіштеді.
— Ағайындар, — деді аудан әкімі Шри-Ланканың мақар президенті мәнзелдес парасат таппаққа тырысып. — Ендігі бірігу шындап жұмыс жасауды, бейнеттенуді біріктіру болмақ. Осыны мықтап ескергейсіздер, терең түсінгейсіздер. Былтыр аудан аумағында алпыс алты мың гектар мақта егілген. Мұның көлемі келесі жылы елу мың гектарға түсірілмек. Тек бір ғана дақылмен әуестеніп, әуейіленіп кетуге болмас. Өкінішке қарай, өндірістік кооперативтер, шаруа қожалықтары осыны ұғына бермейді...
Ауыл адамдарына ақыл айтып шығарып салғаннан кейін жаңа әкім ауданның жерін де, мал-мүкәмәлін де жекешелендіруді Қарақас — Арқас желінен бетер жеделдетті. Ерсәлімге және Ерекең тұрпаттастарға тиген үлестер шынымен-ақ ит арқасы қиянда еді. Каналдың қырық құраққа бөлініп, қылдырықтай арыққа айналып, судың ақабасы ғана қоймалжың тартып жетер тұстарытұғын. Жарым-жартысы киіздей тұтасқан ажырық, қалғаны қамыс-құрақ, солардан артылса, сортаңды ақтаңдақ. Пешенеге жазылдыға сайып, жер игермекке, несие алмаққа бекініп, көп әуреленді. Алты ай бойы табанынан таусылып, қажет құжаттардың үштен бірін әзер жинады. Ақырында алқынып, қолын бір-ақ сілтеді. Әншейінде бұқаралык ақпарат құралдарында сайрап тұратындай емес екен. Несие алу дегеніңіз қазақтың өз жерінен ғарышқа ұшуы мәселесін Мәскеу арқылы шешпектен титімдей де жеңіл шаруа болмай шықты. Ерсәлімдей арбакештер оған жету жолында жыл бойы жүгіруге тиіс екен. Келер жылдың өзінде несие атты несібеге колы жете ме, жетпей ме; егін еге ме, екпей ме; ол жағы мүлде беймағлұм. Осыған әбден көзі жеткен соң, шапанымды шешіп алмас деп, бел буып, "баяғы баланың" алдына да барды-ау! Мас-қара-а-а. Аудан әкімінің қабылдауына алдын ала жазылады екен; көп күндер бойы кезек күтеді екен; сарыла сарғаяды екен. Бәріне шыдап бақты. Көкілеттік өкілеттік алған заман-дағы; кесіркенген көбейіп, кішірейген азайып барады емес пе; шыдамасқа шараң нешік?
Кірер кезек жеткенде көмекшісі сыздаусып:
— Шаруаңызды шақтап қана айтыңыз. Ол кісінің уақыты өлшеулі, таңертеңгі сағат бесте облыс орталығында өтетін үлкен жиналысқа жүріп кетуі керек, — деді.
«Баяғы бала» орнынан тұрып, жұмыс үстелінің жанына шығыңқырап амандасты. Ай, атаңа нәлеті-ай, бірақ, сағыз шайнап тұрыпты да. Сонысынан тіксінді. Ерекеңнің апасы қайтыс болғанда да, тап осылай; менің келгенімнің өзі не тұрады дегендей кейіп көрсеткен-тін. Есік алдындағы қиямен, бір шетін қияңқы мия жапқан құрғақ сүрлеумен көтеріліп келе жатып, сағыз шайнауын доғармап еді. Сол сағыз шайнаған күйі көріскен; тап осылай, сағыз шайнап тұрып көңіл айтқансыған сонда...
Бала-шағасының жағдайын, қатынының сарсаң сауда жолында сандалатынын, тағысын-тағыларды қысқа ғана шолып өтпек еді; енді онысынан кілт айныды. Не де болса, несиені айтар алдында «баяғы баланың» аяғын жерге тигізіңкіреп алмаққа бекінді. Ерекең де сонда сағыз шайнағандай кекжиді-ау кенет:
— Кебенек келген жыл есімнен кетпейді, — деді кекірейе түсіп.
Аудан әкімі алтын тістерін сақ еткізе сағыз шайнауын доғарып, күрең тарта ресмиленді:
— Шаруаңызды айтыңыз, уақыт жоқ, — деді мұны мүлде танымайтын адамдай.
— Жаңа көмекшің ескерткен, уақытың өлшеулі. Білем, — деді бұл. — Таңертеңгі бестен тұрып, он жетінші ғасырда Мөңке би болжап айтып кеткен мағынасыз жиналысқа жүресің.
— Неменеге келдіңіз, соны айтыңыз!
— Несие деген шын нәрсе ме, өтірік пе? Соны ғана білмекке келгем. Аудан басының өз аузынан естімекке кіргем.
— Кімге — өтірік, кімге — шын, — деді «баяғы бала».
— Ақиқатын айтқаныңа рахмет, — деді Ерекең. — Сенен мұндайды да күтпеп ем.
— Тағы нені білгің бар? — деді «баяғы бала» да «сенге» көшіп, сіресіп.
— Қарақас — Арқас бойының құнарлысы мен құйқалысын, сулысы мен нулысын, жайлысы мен жақынын кімдер алғанын айтар ма едің, сұрасам?
— Неге айтпасқа?! — деді әкім сағыз шайнауын одан әрі жалғастырып.
— Мына мен және менің адамдарым алды. Ала бермек! Болдың ба?
«Құдайдан қорықпаған қорық» деген ғой, соңда әкімнің бүкіл болмысында ештеңеден де, ешкімнен де қорықпас алкеуде алапат бартұғын.
— А-ал, ала беріңдер. Сонда біз секілділер; қолмен мақта терместер; сендейлердің алдарыңда ешқашан еңкейместер не істемек керек? Аштан қата бере ме?
— Несі бар, небір өркениетті елдерде де аштан қататындар аз кездеспейді, — деді «баяғы бала». — Еңкейместердің еншісі сол. Амал қанша, тәуелсіздігіңіз һәм бірқатар шығындарды талап етуге хақылы.
— Кімдердің қандай жолда өлетінін де біледі екенсің, — деді Ерекең сонда. — Мұны да сенен күтпеп ем. Рахмет! Бұған-дағы шүкір-ақ...
Есікті қатты жаппақ болғаны есінде. Алайда, зілмауыр зәулім мүлікке әл-дірманы жетпей, жұлқумен ғана тынып, еңкеймей шыққанның өзін қанағат тұтқан.
Қайтар жолында, өркениетті түрде айтқанда, аудан орталығының олигархиялық бөлігіндегі әкімнің үй-жайын әдейі ғана көріп өткісі келген. Алыстан қарағанның өзінде қорқып кетті.
Қызғанған жоқ.
Қызыққан жоқ.
Қорқып кеткені рас...
— Солай! — деді Ерекең экрандағы ауданбасыға. Сөйтті де оны «сөндіріп» тастап, ауыл жаққа қарады.
— Қош болыңдар, — деді Ерекең аспан тіреген қозапая маясының үстінде отырып. — Мен бүгін ғарышқа ұшам. Біліп қойыңдар, ғарышқа тек Байқоңырдан ғана аттанбайды адамдар. Қазақтар. Қозапаяның қызу-қуатымен кез-келген жерден ұшпаққа мүмкіндік бар. Сезгірлер ғана сезер-дүр мұны! Қош, Ешкілі елі! Қош, Есқара бала! Тірі қалсаң, тесіп шығарыңа сенем... У-у-у-у... Уу-уу-уу...
Жанармай толы баклашкаларды сөмкесінен суырып, қозапая маясының ортаңғы тұсынан әдейі үңгігендей етіп қалдырған, тереңінде қарқаралы, қаудасын қамыс жатқан тұсқа бірінен соң бірін шашып-шашып жіберді. Сонсоң кеуірт шақты.
Лез-демде лап ете түскен жалын лаулай алау заулатты.
У-у-у-у... Уу-уу-уу-уу-уу...
Ешкілі жұрты қозапая қалдығын екі күндей ақтарса-дағы Ерекеңнің денесінен ешқандай жұрнақ таба алмады. Қозапаяның қызу-қуаты адамның еті түгілім, сүйегін де түп-түгел балқыта ерітіп жібереді дескендер де аз емес-ті. Мүмкін, Ерекең шынымен-ақ ғарышқа ұшып кетті ме, кім білер? Ұшпады деуге нендей негіз бар? Дескендер-дағы табылған.
Бір таңданарлығы сол, бұл оқиға осы уәлаятта таласа-тармаса, тоқтаусыз шығып жататын, немесе тынымсыз сарнап тұратын бір де бір бұқаралық ақпарат құралының назарына мұқым-мүлде ілікпеді. Тіпті, бұдан мыңдаған жылдар бұрынғыдай, тас дәуіріндегідей тіршілік кешіп жатқан Тазагөйлер тайпасы туралы жан-жақты жазған аты шулы «Комсомольская правда» газетінің өзі һәм үн-түнсіз қалды.
Ал, жетінші сынып оқушысы Есқара Ерсәлімұлына келсек, оны Сағымкенттен ұшырастырғандар бар екен; жағдайы шыли жаман емес; әлдебіреуге жалданып жұмыс істеп жүріпті деседі.
«Тірі қалса, тесіп шығар бір жерден. Бәлкім, әкім болар. Басқашалау ыңғайдағы, әрине. Алдынан кім шығыпты дейсіз, өрен өскіннің...» Ғарыш тұңғиығынан ба, мұңғиықтанған қозапая әлемінің астынан ба, Қарақас — Арқас желінің у-у-у-уілінен бе, жарықтық Ерекең емірене елбіреп осылай сыбырлайтындай.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі