Өлең, жыр, ақындар

Алпыс үшінші жылғы махаббат

Біздің кейіпкеріміз, яғни осы әңгімеде сөз болатын Бағдат ағаларыңыз бүй деді:

— Қазіргідей қым-қуыт, қиын кезеңде оқырманның жүйкесіне түсетін салмақ қандай ауыр десеңізші! Сондықтан, кей-кейде тым қиын шиырларға бармай-ақ, мына мен секілді пақырлардың басынан өткен ғашықтық хикаяларын шертіп, сәл ғана сәтке серпілтіп, дәтке қуат дарытып, езу тартқызған да бір ғанибет болар еді-ау...

— Ойпырай, мына сенде де махаббат болып па еді?! — дедік біз.

Құрметті оқушым, әрине, біздің бұл сұрағымыздың әдейі қойылғанын сезіп отырсыз. Алайда, ағаларыңыздың сол бір минөттегі әлемтапырық жүзін елестете алар ма екенсіз, сірә. Шәйі орамал кеуіп үлгермес мезетте-ақ Бағдат ағаларыңыз қайта жадырады:

— Айтып-айтпай не керек, алпысыншы жылдардың басында біз коммунизмге құдайдай, ал махаббат дегеніңізге құдайдан бетер сенетінбіз, — деді мүлде өзгеріп кеткен Бағдат батырыңыз.

* * *

Ол кездегі ғашықтықтың жөні бөлек еді ғой.

Сегізінші класқа алғаш келген күні-ақ класс жетекшілері:

«Балалар, сендер бақыттысыңдар! Совет халқының бүгінгі ұрпағы коммунизм тұсында өмір сүретін болады!» — деп салтанатты түрде жариялаған. Сегізінші класс оқушылары сексенінші жылдары коммунизмнің алғашқы нышандарын көре бастайтынын нық сеніммен, мақтаныш сезіммен мәлімдеген.

Әрине, ғашықтықтарын ашық білдіруге сол кездегі қызу талқыланып жатқан моральдық кодекстің қағидаларынан қатты қысылатын еді. Сол себептен Бағдат та оныншы класқа дейін аман-есен жетті. Жоғары кластардың оқушылары түп-түгел, біреуі қалмастан, ғашықтыққа, махаббаттың бар екеніне және коммунизмнің алғашқы нәтижелері біздің ғасырымыздың сексенінші жылдарынан бастап жаппай көріне бастайтынына құдайдай, тіпті құдайдан бетер сенетін. Басқаларды кім білсін, Бағдат кейбір ағайларының ашықтан-ашық: «Құдай жоқ!» — дегеніне иланбайтын, қайта іштей қалтырап: «Е, айналайын Құдай, мынадай күпірлік сөзді тыңдап отырған мені де, білместен айтып тұрған ағайымызды да кешіре гөр», — деп тілейтін.

Бұлар он бірінші класс ашылғанда қандай қуанды десеңізші!

Коммунизм тұсында өмір сүретіндерін әр сабақ сайын қайталап, желдей есіп, желпіне сөйлеп, апта сайын диспут өткізетін. Жүгеріліктің басында да пікірталас толас таппайды-ау. Мектептегі сабақты тоқтатып тастап, бір ай жүгері, екі ай мақта терудің өзі, ағайлары мен апайларының айтуынша, күні ертең келіп жетер коммунизмге қосылатын елеулі үлес болмақ.

Бағдаттар он бірінші класқа көшетін жылы жүгері бүкіл аудан көлемінде бітті де калды. Құдай тағаланың пейілі де, мейірі де шексіз ғой. Құрышев жолдастың да тілегін бере салды-ау сонда. Жүгері жарықтықтың собықтары қабықтарына сыймастан, тырсылдай жарылып жатты. Таулы аудан түгелдей жүгері өсіруге көшкендіктен, мектеп оқушылары көршілес аудандардың мақтасына бармай, қар жауғанша жүгері дәнін жинайды деп шешілді. Бағдат батыр да сонда Америка Құрама Штаттарын қуып жетіп, басып озу үшін бір тоқсан емес, екі тоқсан түгелдей оқымай-ақ қоюға әзір-тұғын.

Бағдат он бірінші класс оқушыларының ең соңы болып жүгері жүйегіне түседі, ондағы ойы — оныншы кластың қыздарына жақынырақ жүру. Зылиқа сұлу да осыны іштей сезіп тұра ма, әйтеуір оныншы кластың кезегі келгенде күтпеген жерден алғашқы жүйектерге тұра қойып, тағы да қатар келіппіз ғой дегендей күлімсіреп, қоңырқай кос бұрымын қиықша көк орамалмен байлай қарайды. Жайшылықта көзден таса еткісі келмейді-ақ, ал тап осылай қатар келген сәттерде Бағдатыңыз табан астынан сасқалақтап, сөйлемек тұрмақ, батылы барып қарай да алмай қалатын.

Жарқын болашақты жақындатып, коммунизмді неғұрлым тезірек құрғысы келетін болу керек, аузы-мұрнынан шыға тырсылдай толған қазақы қаптар мен колхоздың берекелі қапшықтарын сол кездегі сегізінші мен он бірінші кластардың қыздары қиналмай көтеріп, ауырсынбай апарып, терлеп-тепшіп таразыға тапсыратын еді. Сол кездегі ағайлары мен апайлары: «Айналайын қыздар, абайлаңқырап, азырақ салып көтеріңдер», — дейтін жөндері бар-тын. Алайда, айтпайтын. Айта алмаушы ма еді, айтқылары келмеуші ме еді, әлде өздері бұдан да ауыр-ауыр жүктерді көтергендіктен бе, кім білер.

Әне, Зылиқа да нән қапшықты жерден жұлқи көтеріп, иығына сала алмай, жанындағы екі қыз көмектесіп, түбі жер сызатын қапты арқалап, таразыға қарай тартты. Бағдат не дерін, не істерін білмей, көмектесудің жолын таппай, олай ете қойғанның өзінде өсектің лаулап, қаулай жөнелерін біліп, түсініп, қайта-қайта жұтынып, өз қапшығының әлдеқашан толып қалғанын ұмытып, состиып тұратын. Әлден уақытта барып есін жияды, ширыға атылады, қапшықты иыққа лақтырып, жүгеріні жапыра жүгіріп, таразыға қарай жұлқынады. Қайтарда бәрібір, Зылиқамен қатар жүруден қаймығып, төрт-бес жүйекті араға салып, артта келе жатады. Көк қиықшасын шешіп, жүгері арасында көп өсетін жабысқақ, қоңыр тікендерден тазартып, қоңырқай қос бұрымын өрулі күйінде орап, орамалмен байлап қояр Зылиқа. Оқта-текте ойнақы ғана бұрылып, қарап қояр Зылиқа. Жанындағы қыздарға сөйлеп, күліп қояр Зылиқа. Қоңырқай қос бұрым мен көк қиықшадан есетін леп, қып-қызыл еріндерден естілетін лебіз кейде жетер Бағдатқа, кейде жетпес Бағдатқа. Бәрібір ғой Бағдатқа. Рақат қой Бағдатқа!

Алпыс үшінші жылдары осылай еді ғой, әйтеуір.

Бір жақсысы сол, жүгеріліктегі жұмысқа Алгебра ағай көп келе бермейді. Ол кісіге мектептегі істер де жетіп-артылып жатыр. Зылиқаның класс жетекшісі ретінде жүгеріге келуі тиіс. Бірақ, Алгебра ағай мектеп партия ұйымының хатшысы, оның үстіне алгебрадан жетіншіге де сабақ береді. Сонда да оныншы кластың қыздары да, ұлдары да ол кісіден қатты қорқады. Алгебра ағай қия бастырмас. Жүгерілікте жүргеннің өзінде осы Зылиқалар алыстағы Алгебра ағайдың өткір көздері көріп тұрғандай-ақ дір-дір ететіндей. Бұлардың біреуі бір рет рұқсатсыз киноға, әрине, кешкі киноға барып қойса, интернаттың бір қызы жігітпен қыдырып қойса — немесе хат алса, бітті шаруа! Бағдаттың интернатқа жоламай, жамағайын біреудің үйінде жүріп оқитыны қандай жақсы. Зылиқаға хат жазуға оқталғалы қаншама уақыт өтті. Алгебра ағайдан сескенетіні рас.

Бір ай сусып өтіп кетті. Жүгерінің түсі бұрынғыдан бетер сұрғылттанып, төбесіндегі қарқарасы қурайланып, күзгі желмен ызыңдай жөнелетінді шығарды. «Күні ертең коммунизмге өтетін біздің қоғамда бәрі де жоспарлы түрде дамиды, тіпті әрбір адамның әрбір сағаты жоспарлануы тиіс», — дейді мектеп партия ұйымының хатшысы Алгебра ағай. Он бірінші класта Зылиқа жөнінде бір шұғыл шешімге баратынын алдын-ала жоспарлап қойған Бағдат жүгері науқанын жек көрмес.

Сөйтіп жүргенде, Алгебра ағай бір топ оқушыны жүгеріден алып қалатынды шығарды. Күзгі мейрамға арнап концерт әзірлемек. Сол топтың ішінде Зылиқа да бар. Әнші ғой. Бағдат үш күнге әзер шыдады, төртінші күні түн ішінде тұрып алып, хат жазды. Жаза берді, жаза берді, жаза берді. Он екі парақты дәптердің ортасындағы қайырма сымтемірді көріп бір-ақ тоқтады. Басынан бастап қайта оқыды, бәрі айтылған. «Жауабыңды асыға күтемін!»— деп, тауыс-тәмәм етті де, «Алгебра ағайға апарып берсең де, бәрібір, айтқанымнан қайтпаймын, мен сені сүйемін!» — деп қосты.

Бағдаттың нөмірі бірінші досы Нияз еді, ол концерт қоятындардың қатарында, жүгеріге шықпайды. Сол тапсыруы тиіс. Хат тапсырылатын күні бұл машинаға мінбеді, жүгеріліктен жаяу қайтпақ. Кешке қарай, жұмыс аяқталарда денесі күйіп-жанып, өзінен-өзі дір-дір етіп, өксіп-өксіп жылағысы келді. Әбиір болғанда, қалың нудың ішінде жападан-жалғыз еді. Құрғап, қатып қалған қарасұр топыраққа бетін басып, кесек асап, шайнап-шайнап түкіріп тастады. Жүгерінің арасынан бәрін-бәрін көріп отыр. Таразының басында класс-класс бойынша қорытынды шығарылып, социалистік жарыс жеңімпаздары атап айтылды, олардың коммунизмді жеделдетуге қосқан үлестері үшін ду қол шапалақталды. Оқушылар машинаға міне сала әндете бастады. Бағдат қалың жүгерінің ішінен асықпай шығып, шаңдақ жолға жалғыз, жаяу іліккен.

Жарты жылға жетер-жетпес уақыт бұрын осы Зылиқалардың класында оқитын бір қызға Бағдаттың бір кластасы хат жазып, Нияз секілді байланысшыдан беріп жібергені, ол хат әлгі қыздың қолына тие берген мезетте тағы бір кластас қызы байқап қойғандықтан, оқуға да қорқып, Алгебра ағайға тапсырғаны әлі ұмытылмаған. Содан тоғызыншы кластың қыздар жиналысы болып, оған оныншы кластың ғашықтық сырқатына шалдыққан әлгі бозбаласы шақырылып, үш сағаттан астам қыз шырылдап, жігіт шырқыраған. Талқылаудың орта тұсында қыз талып қалмағанда, не болар еді, оны кім білсін. Ал бозбала-жігіт міз бақпаған, тек Алгебра ағайдың қинауымен ғана коммунизм құрылысшысына жараспайтын жат қылыққа жол бергені үшін жазбаша түрде кешірім сұраған, яғни совет мектебінің қабырғасында жүріп ғашық болмауға, қыздарға хат жазбауға, жеке жоспарын жасап, сол жоспарға сәйкес саяси және мәдени-адамгершілік деңгейін көтерумен айналысуға уәде еткен.

Жан түршігер жиналыстан кейін жарты жыл өтер-өтпесте жарты дәптер қисса жазып, қызға беріп жіберу оңай ма? Әрине, қиын. Сондықтан да он бірінші кластың озат оқушысы Бағдат Төлеевтің маңдайын топыраққа тірей құлап, қалың жүгеріден қас қарайғанда шыққанын түсінуге тиіспіз, құрметті оқырманым.

Зылиқаны ертеңіне интернат маңында көрді. Қоңырқай қос бұрымы арқасында тербеліп, жүгеріге баратын қыздарды шығарып салғалы келеді екен. Хатты алғаннан кейін ол дем арасында абыржып, жүдеп-жадап кететіндей көріп еді Бағдат. Алгебра ағайдың алдында өзін кінәлі сезініп-ақ қиналатын шығар деп ойлаған.

Түк те өзгермепті Зылиқа. Қайта күлімсірей қарайды Зылиқа. Жарайсың сен, Зылиқа!

Нияздың нөмірі концертке жарамай, жүгеріге қайта шықты. Хатты қалай бергенін, Зылиқаның оңаша қалуын қалай күткенін, сондай азапты күйде жүріп, көркемсөз оқудан қатты сүрінгенін, әлде Алгебра ағайдың мысы басты ма, әйтеуір мерекелік концерт тізімінен сызылып қалғанын сайрайды келіп, сайрайды.

Арада апта өтті. Алгебра ағай ештеңе сезе қоймаған секілді. Айтылып жүрген аңызға сенсе, Алгебра ағай өз класындағы бір қыз жігіттен хат алса, сол күні-ақ біліп қояды-мыс. Бәрі осыған сенетін, Бағдат та нанбаймын деп айта алмас. Бірақ, міне, апта өтіп барады, Зылиқа бір бет, жарым бет түгілім, толық дәптердің жартысы толған хат-қисса алып отыр, Алгебра ағай неге үн-түнсіз? Әлде әбден көз жеткізіп, тінткілеп, түрткілей жүріп, жан-жақты әзірліктерін жасап, күтпеген күні, тұтқиылдан тиісіп, тас-талқан етпек пе екен?

— Ондай қауіп жоқ, қорықпа, — деді байланысшы Нияз. — Бұл жерде біз Зылиқа сұлудың артықшылықтарын мойындауға тиіспіз. Ол сездірмейді, өзін-өзі қандай қиын жағдайларда да емін-еркін ұстайды.

Зылиқадан ешқандай өзгеріс байқалмады. Бағдатқа бетпе-бет кездесіп қалған сәттерде ғана екі беті мектептің оқу-тәжірибе учаскесінде өсірілетін помидордың ерекше сорты секілдініп, ду етіп қызарады да, тез басылады. Қайта Бағдат қатты сасқалақтап, жүрісінен жаңылады.

Тағы бір апта өтер-етпесте Нияз жауап әкелді. Алпыс үшінші жылғы сол бір хатты Бағдат әлі күнге дейін жатқа біледі екен: «Құрметті... Мені қандай азапқа салғаныңызды білесіз бе? Құдайым-ай, жайшылықта, жүгерілікте жүрген, әзілдескен бір бөлек екен де, мынадай жағдай мүлде басқа екен ғой. Кім біліпті, кім бастан кешіпті?! Шынымды айтайыншы, хатты бірінші рет алып отырмын десем, өтірік болар. Каникулда жүргенімде әскердегі бейтаныс біреулерден хат келгенін несіне жасырайын. Ал мына хат, Сізден келген ұзақ-ұзақ хат мені шынында да азапқа түсірді. Ұйқыдан да, күлкіден де қалдым. Кейбір әлсіз, әрсіз минөттерде бұлайша қиналып, қорыққанша, Алгебра ағайға апарып, құтыла салсам ба екен деп те ойладым. Бірақ, хатыңызды қатыгездікке қалай қиярмын. Үш-төрт күндей жасырып ұстап, қайта-қайта оқыдым. — Ақырында, Алгебра ағайды ойлап, отқа өртедім. Бекер өйттім-ау деп тағы өкіндім кейін.

Кеше Алгебра ағай класты түгел алып қалып, қатты ұрысты. Біліп, сезіп қойған екен деп, зәрем ұшты. Білдірмеу үшін бетіне бедірейіп қараппын да қалыппын. Менен сондай бұзықтық шығатынын да біліп қойыңыз. Бетіне тік қараған оқушыға ағайдың онша қатты тиісе алмай, тайсақтайтынын бұрыннан байқаушы едім. Сонда да сақтық керек. Хат ұсталса, біліп қойса, Сіз де, мен де мәз болмаймыз. Енді хат жазбай-ақ қоя тұрғайсыз. Мен бәрін-бәрін түсінемін ғой... Әзірше кесіп айту қиын, Сіз жазғандай сөз берісу деген әлі ойланатын нәрселер емес пе? Сәл мүмкіндік беріңізші, мақұл ма? Хат жазбай-ақ кездескен, аз уақытқа болса да, сақтықпен жолығысқан жөн ғой деймін. Мен де, осы хатты жазуға кеңес берген менің жан досым да осындай ойдамыз... Сәлеммен, Мен. 16 қазан, 1963 жыл».

Бір мектепте, бұл он бірінші, ол оныншы оқып жүрсе де, екеуі оңаша жолыға алмай-ақ қойған.

Алпыс үшінші жылдары, сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, жағдай солай еді.

Бағдат енді екінші хат жазуға отырды. Бұрынғыдай жарты дәптер емес, бірақ, «сүйем» деген сөзді айрықша оюлап жазды. Жауап кешіккен жоқ. Бұл хатты да Бағдат жатқа біледі екен:

«Құрметтім...

Хатыңызды алдым. Адамды бірте-бірте тым батылдандырып бара жатқандайсыз-ау. Алгебра ағайдан да қорықпай, хатыңызды ала сала жауап жазып отырғанымды қараңызшы. Мен де өзіңіз сияқты халдемін. Ойдан ой туындап, қиялдан қиял кешемін. Әрине, ойларымның ортасында, қиялдарымның қырқасында өзіңізді көремін. Мен де сүйемін Сізді... Кездесуді мен де асыға күтемін. Амал қанша... Бірақ, жүгеріден келгелі Алгебра ағайдың шпиондары жан-жақты жұмыстарды жүргізіп-ақ жатыр. Оны да ұмытпайық. Маған хат таситын досыңыздан да ұяламын, қанша дегенмен, ол біздің ауылдан ғой. Сондықтан Сіз осы сенбіге дейін менің жан досым К...-ге жолығыңыз. Бәрін сол айтады. Қолыңызды қыстым... Сәлеммен, Мен. 26 қазан, 1963 жыл».

Зылиқаның алғашқы хатынан соң әлденеше ай ма, жыл ма өткендей еді, он-ақ күн екен ғой сонда. Бағдат оның досын жақсы білетін. Күміс қой ол. Кішкентай ғана қара қыз, қолды-аяққа тұрмастай пысық, биге құмарлардың бірінен саналады. Бір-екі рет бұл да онымен билеген.

Ертеңіне кездесті. Жыпылдап, тез сөйлейтін Күміс қыздың айтуынша, Зылиқа сенбі күні интернаттан ауылына қайтады. Сол сенбі күні Бағдат та Самсоновкаға қатынайтын автобусқа мініп, Жиделінің жол айрығында, Балбастауға бұрылатын жерде түсіп қалуы тиіс. Сол жерде жүріп, әрине жиделердің қып-қызыл жемісін теріп жеп жүріп, барлау жасайды. Көп ұзар, бәлкім ұзай қоймас, Балбастау жақтан торы биеге мінген шал мен қара есекке мінген кемпір көрінер. Олар осы Зылиқаның әкесі мен шешесі, яғни атасы мен апасы болар. Егер шал мен кемпір бір-бірімен жайбарақат әңгімелесіп, Жиделіге қарата жол тартып бара жатса, олардың қолындағы ең кенже қызы, орталықтағы интернатта жүріп оқитын Зылиқа сұлу үйінде оңаша қалған екен деп қуанар бұл Бағдат батыр. Қуанар да, Балбастауға қарай бағыт алар. Егер қараңғы түскенше тағат таппаса, егер бірге оқитын байланысшы Ниязға өзіндей сенсе, күдік-күмән келтірмесе, онда соның үйіне бара берер. Қараңғыны пайдаланып, белгі берер. Алда-жалда жан адамға білдірмей, өзі ғана оңашалап жолығып, жалғыз ғана қайтып кетуге бел байласа, қараңғы түскенше тығылатын жер табар. Сосын бақ ішіне кірер. Ең үлкен алма түбінен іздеген адамын табар.

Бағдат уәде бойынша Самсоновкаға баратын автобусқа уақтылы мініп үлгерді. Жиделінің жол айрығында түсіп қалды. Қып-қызыл, тіл үйіріп жөнелетін жидені армансыз жеді. Ағаштардың төбесіне зулап шығып-ақ кеткісі келген, бірақ, ұялыңқырады. Оның үстіне жаңадан сатып алып, тылтита тарылтып киген шалбарын аяды. Көп ұзаңқырай қоймады-ау, торы бие мінген, түлкі тұмақ киген шал мен шұнақ құлақ қара есекпен тепеңдеген кимешекті кемпір көрінді. Бет-жүзі кенет дуылдап, ысып кетіп, қалың жүгерінің ішіндегідей күй кешті. Жиде арасына тығылмақ еді, кешікті.

— Ассалаума-ғалейкем! — деп сәлем берді.

— Уа-алейкүм-ассалам, балам, — деді шал. — Жиденің бұтағын сындырып тастапсыңдар-ау, ә?

Қара есектегі кемпір бір жөтеліп қойды.

Содан ары тұрды, бері тұрды. Жиденің сынған бұтақтарын ары лақтырды, бері лақтырды. Уақыт тас табандап жылжымады. Қараңғы түскенше қай заман әлі. Ойлап қараса, Балбастау ауылы анау тұр. Нияздың үйін шамалайды, ал Зылиқаның үйін білмейді. Түнге қарай таба алмай, басқа шарбақта адасып жүруі де мүмкін. Оның үстіне Нияз досына сенбейтіндей, одан жасырынып жолығатындай не көрініпті?! Ертерек барады да, бәрін ашып айтады.

Нияз досы қатты қуанып кетті. Алғашқыда. Артынша бұл хикаяның өзінсіз, Нияз Әмірбековтің катысуынсыз басталғанына бұртиып, өкпелеп біраз отырды. Ет қайнап жатқан қазанға қарап қойып, қураған жүзім бұтақтарын бұтарлай, сындыра орап, ошаққа тығады да, тымырая қалады. Онысы ұзаққа бармады, бірақ. Күліп кеп жіберді. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше» деген осы ғой, шіркін.

— Мен оған барып, қуантып келейін, барлау жасап, дәл мерзімін келісіп кайтайын, — деді алақанын ысқылап. — Оған дейін ет те піседі. Апамды алдап кетеміз ғой бірдеме ғып. Әй, аңқауым-ай, Зылиқа мен Күміс қыздың правакациясына көніп қала жаздапсың сен!

— Қалай сонда?

— Әй, ашық ауызым-ай, олар біздің достығымызды сынап көрмекші ғой. Бір-біріне шын сене ме, сенбей ме дегендерін қалайынша аңғармағансың?!

— Сол-лай ма?!

— Қыздар бізге қарағанда қырық есе қу болады, әлі талай-талай аңқиып қаларсың сен, Зылиқа аман болса...

Нияз әлден уақыттан соң қараңғылықты қақ жарып шығып, қазан-ошақтың басында тұрды. Ну орман-тоғай секілді тал-теректерден, бау-бақшалардан үйлер көрінбей, суылдаған қамыстардан, кеудені қағатын жалбыздардан басқа да әлденелер қарауыта жұмбақтанып, бұл ауыл түнде бөлекше бейнеге еніп алады екен. Ошақ басында елегізе бастаған Бағдат Ниязды көріп қуанып кетті.

— Айттым ғой, пысық өзі. Мені неге сыртқа тебесіңдер десем, ұялдық деп, сызылады. Руымыз бір ғой деп, ақталады-әй. Екі хат жазыса салып, елпілдеп ауылға, үрейленбей үйіме шақырғаным қай сасқаным деп, бір жылап алды. Бір күледі, бір жылайды сұлуың. Бір тоңып, бір ыстықтайды. Қайтсін-ай. Қызбысың деген. Байқасам, бұл Зылиқаның өзі де бұрыннан-ақ саған ғашық білем ғой. Шақырарын шақырып алып, атасы мен апасын әдейілеп қана Жиделідегі ең үлкен әпкесінің үйіне жіберерін жіберіп алып, осы қылығым қалай болды өзі деп, өкініп отыр екен. Дәл барыппын. Қуанып кетті-ей. Ақталған тарыны қаймаққа, балқаймаққа қозғап, жібітіп койға-а-ан. Бал татиды-ау, бал татиды. Содан екі-үш рет қарбыта асап, келісім жасап, кеп тұрғаным. Күздік алма түбінде, жоңышқаның соңғы орымы жиналған жерде Жауынбай атамның жаман тонын жамылып, күзетте мен жатармын, ал сендер үй ішінде емін-еркін сыр шертісерсіңдер... Өзінің айтуы солай...

Ол күздік алма түбінде тұрды.

Алғаш сезгені алманың иісі еді.

Алма иісін жеңіп, Зылиқаның қоңырқай қос бұрымының иісі жеткендей.

Қолын ұсынды. Ол.

Ұстады. Бұл да, ол да.

Жібере салды қолдарын. Ол да, бұл да.

Қайтадан ұсынды қолын. Ол.

Бұл ілесті. Оған. Жоңышқаның соңғы, мамық орымы бауланып, жиналған жерде, алма түбінде тон жатты. Оны Ниязға арнап алып шыққан ғой. Бағдатты ақырын жетелеп, үйіне қарай аяңдады Зылиқа.

Балқаймаққа қозғап, жібітіп қойған тарысын табағымен әкеліп, алдына қойды Зылиқа.

Рақат Бағдатқа. Бұдан артық рақат болар ма Бағдатқа. Осындай бір ертегіні бастан кешермін деп ойлап па бұл...

— Осылай жолыққаныма, сенің үйіңде отырғаныма сеніңкіремейтін секілдімін, — деді дір-дір еткен Бағдат. — Бақыттымын мен.

Осыны айтып, икемсіздеу қозғалып, Зылиқаны тұңғыш рет құшақтады. Сүймек болып еді, қалай сүйерін де біліңкіремей, әйтеуір ернін жақындата бергенде, Зылиқа сытылып шығып кетті құшағынан. Тастай қараңғы түнде шамды әдейі жақпаған еді. Бағдат әлденеге тиіп кетіп, құлатып алды.

Зылиқа күлді жай ғана.

Одан әрі қимылдауға жүрексініп, отыра берді Бағдат.

Әлденеге оранып, бұрышта ағараңдаған кереуетке жатты Зылиқа.

Кенет Зылиқа мектептегі, интернаттағы болып жатқан, толып жатқан оқиғаларды, әңгіме-хикаяларды бірінен кейін бірін айтты кетті, айтты кетті.

Бірте-бірте Бағдат та сөйлейін деді. Екеуі де Алгебра ағайдан шынымен-ақ қатты қорқады екен. Кездесу аса қауіпті. Абайлау керек. Ауылда да қиын.

Екеуі тағы да талай-талай әңгімелерді шертті. Қандай мамандықты қалайтындарын, нендей кітап оқитындарын, қай ағайды, қай апайды қалай көретіндерін, бірқатар ұлдар мен қыздар туралы пікірлерін ортаға салды. Коммунизм жайын да ұмытпады.

Түн ортасынан әлдеқашан ауып кетті. Далада қырау қылаулады ма, шық себелеп өтті ме, үйдің іші бірден салқын тартып сала берді.

— Сен тоңып отырған жоқсың ба? — деді Зылиқа. — Жоқ, тоңған жоқпын. — деді Бағдат сонда.

— Тоңасың, — деп, Зылиқа ағараңдаған кереуеттен ағараңдай түрегеліп, әлдебір киімді әкеліп берді.

Бір қараса, қалғып барады екен, қарсы алдында ақ көйлекті Зылиқа тұрыпты.

— Кел, онан да екеуміз бірге жамылып отырайықшы, мен жалғыз өзім қорқып кеттім, — деді ол. Бағдат қуанып, артынша қалтырап жөнелді қараптан-қарап отырып. Денелері бір-біріне тиіп, тиген жерлері күйіп, үн-түнсіз, ұзақ отырысты. Көзін жұмса, бұлдырай ұшып алыстайды, көзін ашса, жақындап, жанында отырады.

Таң атып қалғанын көргенде ғана екеуінің еріндері бір-біріне сәл-пәл тиіп-тиіңкіреп кетті де, бір-біріне ұяла қарасты.

— Нияз не болды екен? — деді Бағдат.

— Ал енді қайт, — деді Зылиқа. — Автобус Жиделінің жол айрығында жетіден он-он бес минөт өткенде тоқтайды.

— Енді... Енді қашан кездесеміз?

— Осы аз ба? Сізге? Саған? Осы аз ба, саған? — деді Зылиқа еркелегісі келгенін сездіріп.

— Ешқашан да ұмытпаспын осы түнді! — деді Бағдат бақыттан басы айналып. — Рахмет саған, жа-жан-ым...

— Қош, сау бол, Бағдат!

Алқоры ағашын айнала бергенде, алдынан Нияз шыға келді.

— Сүйдің бе? Сүйістіңдер ме? — деді Нияз.

— Әрине, — деді Бағдат мақтанышпен.

— Ой, пысықтар е-е-ей...

Нияз Жиделінің жол айрығында Бағдатты автобусқа мінгізіп жіберді.

Зылиқаны бірер күндей көрмей қалса, хабарын білмей қалса, шыдай алмастай халге түсетін болған.

Он бірінші класс та бітті. Зылиқа оныншы бітіріп, колхоз орталығындағы қырманда, жазғы практикасын өтеп жүрген. Бағдат аттестатты алған күні құстай ұшты ғой. Алдымен атақты барлаушы Нияз кеткен.

Бағдат түс ауар-аумас мезгілде ұшып жетіп, желе-жортып, шайханаға кірсе, Нияз әлі шал-шауқандардың ортасында коммунизм мен Сы-Сы-Сырды толық химияландыру тақырыбында таласып отыр екен. Ол оқығанын айтса, колхоз орталығының қариялары тіршіліктен түйгендерін тәптіштеп, химияның баса-көктегеніне ренжиді. Нияздың пікірсайысқа беріліп кеткені соншалықты, бұған бұрылған да жоқ. Шайхананың кесесін қос қолдай ұстап, нағыз шалға айналған. Құрышев жолдастың соңғы баяндамасынан үзіндіні жатқа соғады. Бір кезде Бағдатты адам орнына көріп, тұт ағаштарына қарай иек қақты-ау.

Биігіректегі ирек арық бойында тізіле тербелген теректерге, жапырақтары қалқайып, күнге қыңбайтын, көлеңкесі қою тұт ағаштарына алаңдай көз жіберіп келеді. Әне, қос бұрымымен ойнап қана, ойланып қана тұр ғой Зылиқа!

Ойланып қана тұрыпты, қоңырқай ғана бұрымдар ерекше ерке қылықты. Шілдеде сәл тыншыған, бұрындары ыршыған таза су да сыбырлай ағып, тұныпты. Шаңқай түстің ауып қалған шағында, қызыл қырман жанында... Сағыныса табысты-ау сонда екеуі...

Алпыс үшінші жылғы махаббат туралы, құрметті оқырман, мен емес, Бағдат осылай ұйқастырып әкетеді екен, соны ескерткіміз келеді. Біздікі қаз-қалпында жеткізуге тырысу ғана.

Екеуі қол ұстаса тұрып, аттестатқа бірге қуанған. Сүйіншісі ретінде санап, қыз бірінші сүйіп алыпты. Бұл мас болып, жауап қатып үлгере алмай, бұрынғыша сасқалақтаған. Зылиқа сұлу бөрін тез түсініп, жайраңдай жымыңдап тіл қатқан:

— Ал енді, қоштасайық. Қызып жатқан қырман мынау. Бізді іздеп, тауып алып, масқара болармыз, — деді қыз. — Біреуі байқап үлгерсе, бидайықтай тербеліп бәрі таңданар, селеудей тегіс сусылдап, тұтас колхоз талқылар... Оқуға түсіп кетуіңе тілектеспін!

— Сүйейінші, — деп қиылыпты Бағдат батылданып.

— Жарайды. Мен де, — деді ол.

— Жарайды. Мен де, — деді бұл.

Содан оқуға түсіп келіп, жолыққандағысын айтса, одан кейін әскерге кетердегі кездесулерін ойға алса, Бағдат батырыңызды тіпті танымай қалар едіңіз.

— Айтып-айтпай не керек, сол жылдары біз коммунизмге де, ғашықтыққа да Құдайдай сенетін едік, — деп аяқтады Бағдат ағаларыңыз. — Әттең-ай, әттең, коммунизміңіздің өзі түп-түгел жалған, шіп-шикі өтірік болды да шықты ғой.

— Ал ғашықтық ше? — дейміз біз.

— Оны кім білсін, біз Зылиқа екеуміз қосыла алмадық әйтеуір. Алпыс төртінші жылы әскерге кете бардым. Үш жыл бойы уран кеніштерінде тырбаңдайтын түрмешілердің күзетінде жүріп, өлімнен басқаның бәрін бастан кешіп, қайтып келсем, күтемін деген қызым... Болды, арғы жағын айтпаймын енді. Осымен тауыс-тәмәм... Дегенмен, біліп қойыңдар, махаббат коммунизм секілді алдамшы нәрсе емес шығар, сірә. Ол пендесіне Құдай тағаланың өзі ғана бұйыртатын бөлекше бір қасиет болар, кім білсін...

Бағдат ағамыздың күрсінісін күлкісі жеңетін де, жеңе алмайтын да жағдайлары алма-кезек алмасатыны қызық-ақ.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар