Қағанаттан қанағат қашқалы қашан.
Жымысқылық жылбысқы жабысқақтың қанына дейін қақтап сорып жатыпты.
Жаппай тексеру арқылы біразырақ оңалтпаққа бекінді ойласқандар. Күллі қоғамыңызды. Астарын аңдайтындар аталмыш науқанның жайдақ тексерістен айтақ тексеріске айналарын түбірлей түсінген. Мұндай-мұндай мұнарттар тұсында қарауылға қандайлардың ілінері, шүріппенің нендейлерге басылары бесенеден белгілі. Ештен кешіңіздің өзі кешігіп, кежеге кейін тартқан соң, ендігі ем-домыңыздың ешқайсысы қоғамыңызға қона қоймас. Деседі.
Сіздер қызықсыздар. Бәрін біліп отырып, иектеріңізді алқымға тығып, иықтарыңызды қиқаңдатасыздар. Аужал-ауқаттан ары қарата асқыларыңыз келмейді. Тексермектен түзелмектің бар-жоқтығына тағы илануларыңыз кем. Тексерудің не-нелер екенін, тексерушілердің нелер-нені көздеп-көксерін, тексерусіз тағы да, тіпті де мүмкін еместігін екшемейсіздер. Ойға салыңыз, тексерусіз, толып жақан тексеруші органдарсыз мүлде мүмкін емес. Қаржы-қаражатты, мүлік-мүкәмалды түстеп-түгендемек мүмкін емес. Жұмысты жөн-жосығымен жүргізбек мүмкін емес. Мекеме сақтамақ мүмкін емес. Мұстақыл мемлекет болмақ мүмкін емес. Жағдай жасамақ мүмкін емес. Кім-кімге де.
Емес-емес-емес.
Қағанат-қоғамыңызда тегістей тексеріс осынау себептерден туындаған. Енді егеу-егес үдеді. Тексерушілердің телпектері елпек атары аян-ды. Алайда олар да әуелгіде егеу-егестен тысқары қалмас. Қандай егеу-егес дейсіздер ме? Сол сансыз көп қадағалаушы органдардың қарымындағы егес. Бақылаушы және бақыланушы орындар қатынасындағы егес. Тендерлердің төңірегіндегі терең егес. Алушылар айналасындағы ерен егес. Жеңілгендер мен жеңгендер арасындағы алапат алакөз егес. Қағанағы қарқтардың қан қысымдарындағы, сағанағы сарқтардың сүйек сығымдарындағы егес.
Егес-егес-егес.
Осылайша тексеру науқаны қызғын қарқын алған. Қырғын қызықтар қаулаған. Ұшар биіктердің бәрінде ұйтқып соғатын құйындар көтерілген. Обалы неге керек, олигархтарыңызға және олардың қарау қамқорлығындағы обырларға тексерістеріңіздің тісі батпаса-дағы, біраз-біраз жебірлеріңізге жүген түскендей көрінген. Сондай-сондайда ше, сіздер қайттіңіздер? Жоғарылы-төменді жерлерден бірен-сараны құрықталғанда ше, қыптарыңыз қанып қалатыны да рас қой? Рас-рас-рас.Күндердің күнінде, әйдік биіктердің бірінде, жоғарыда аса сирек кездесер, еліңіз жүзіндегі ең иманжүзді жанның бірі тұтқиылдан тұқыртылып тұтқындалғанда, ай айнасын қара бұлт қаптағандай қоңырайғандарыңыз да рас қой? Шын деуге де шама-шарқыларыңыз жетпес. Аужал-ауқаттан ары аттап баспайсыздар осындайда.
Бас жағында неміз қапты, өзіміздің Ұрангөй уәлаяты жетеді бізге. Мұнда һәм мұнартты күндер, апалаң апталар мен топалаң айлар өтіп жатыр. Тегістей тексермектің тіміскі тінткілемекке ұласқанына да бірталай уақыт боп қапты. Жымысқылық жымсия жәдігөйленіп, бұрынғыдан бетер белең алып барады.
Әдетте, әуел бастан-ақ, әп дегеннен-ақ қағанатыңызда қандай-қандай мекемелердің қаралатыны анық қой. Бұрын да биіктерден, бүйірлерден, иір-иірлерден түрлі-түренді тексерулер болып жататын. Тақиятеппек ойнайтын органдардың өкілдері өзгелерге жаудай тиісер. Қандай және қай жақтардан, қаншама тараптарыңыздан болсын, діл департаменті тексеріске түспеген. Түспейтін. Түскен емес. «Еһе-еһе, қойыңдаршы. Онда түк те жоқ», десетін. «Ой, сонда не бар?» Десетін. «Митімдей мекеменің титімдей тиын-сиынына тектен-текке күн өлтіреміз бе? Уақытты бостан-босқа шығындаймыз ба?» Десетін. «Ді-ді-діл департаменті ме? Ондай да мекеме болады екен, ә? Діл деген не пәле өзі?» Десетін.
Қойыңыздаршы, әйтеуір, жоғары органдардан жіберілгендер де, биік-биік орындардан жеткендер де, бүйірлер мен иір иіндерден соғатындар да діл департаментіне соқтыға қоймас-ты. Бәр-бәрі дерлік менсініңкіремейтін. Кідірмейтін. Қайырылмайтын. Қарамайтын. Жанай өтіп кете баратын.
Уақтысында ше, діл департаменттері дегендеріңіз қағанатыңыз көлемінде, уәлаяттар бойынша қаншалықты қажет деген дау көтерілгенін қайтерсіз. Жоғарылы-төменді буын-бунақтардың бәрінде, әсіресе, мына Ұрангөй уәлаятында бұл мәселе біразға дейін қатты талас-тартыс тудырған. Діл дегеніңіздің өзі не зат? Қандай ұғым? Осы сауалдардың нақты жауабын бермек тіпті қиынға түскен. Алуан түрлі ғылыми-зерттеу және стратегиялық институттары ділдің дәл мағынасын түптеп түсіндіре алмаған. Біреулері, олардың арасында абыройлары асқақ ақсақалдар мен заманауи залым және ғалым жастар аз емес, діл дегеніңіз жүрек шығар десті. Екіншілері, бұлардың қатарында да атақтары аспандаған академиктер мен шет елдерде білім меңгерген майсораң менеджерлер жетерлік, ділдің мағынасын жалғыз жүрекпен шектемектің жөні жоқ, ойбай, ол — күрделірек ұғым десті. Үшіншілері, қатарларында нақтылы салаларды басқаратындар бар, діл дегеніңізге жүрекпен қатар бүйрек, өкпе және бауыр да қосылады деген нақтылы қорытынды жасап, оған дәлел-дәйек ретінде безбүйрек, өкпелеу және тасбауыр ұғымдарын келтіріп бақты. Мұндай маңызды тұжырымдар мен қорытындылар мемлекеттік қызметке қатысты министрліктердің миларын бұрынғыдан бетер ашытып-быжытты. Жүрек, бүйрек, өкпе және бауырды қамтитын болса, ондай органдармен демікпе, денсаулық сақтау және демжарыс салалары айналыспай ма, діл департаменттерін құрып қажеті қанша десті. Тағы біреулер шығып, ділге жүрек, бүйрек, өкпе-бауырмен қатар ішек-қарын әлемі де әп-әдемі үйлесетінін дәлелдеуге тырысты. Сөйтіп, мал-пал және ет-сүт департаментінен арнайы бөлім ашу керек десті.
«Жо-жо-жо-жоқ!» десті және бір жоғарырақ орындағылар. Олардың білуінше, діл дегеніңіздің жүрекке, бүйрекке, өкпе-бауырға, ішек-қарынға ешқандай қатысы жоқ екен. Діліңіз ақыл-ойға, арман-аңсарға, ындын-ықыласқа, мақсат-мүддеге, нәт-ниетке, пейіл-пиғылға, болмыс-бітімге, сайып айтқанда, санаға байланысты секілді. Діл департаменттерін өз алдарына бөлек мекеме етудің керегі шамалы, ақыл-ойыңыз, арман-аңсарыңыз, санаңыз, т.т. және т.басқаларыңыз мәдениет пен тұрмыс және той-томалақ департаменттерінің егінжайлары ғой десті.
Айтыс-тартыстардың аласапыранында діл департаменті дейтін дүние өмірге келмей жатып-ақ дал-дұл күйге түскен. Ақырында талқылаушылар талықсып, қалғандары қаттырақ қалғып кеткен кезеңдердің тұсында билігіңіздің ұшар басындағы бір буынның басшысы ауысты. Оның орнына басқа адам отырды. Әлгі жаңа дөкейіңіз жан-жағына қарап үлгермей-ақ, жұмысын жаңалықтан бастағысы келді ме, әйтеуір, кеткен кісіге ерегескендей, егескендей сес танытып, діл департаменттері тез арада құрылып тынды.
Құрылуын құрылған. Сиқы секем негізді жаңа құрылымның пешенесі тартұғын. Қағанат қоғамы, уәлаят жұрты, бәрібір, діл дегеніңіздің не зат, нендей гәп пен кеп екенін түсінбеді. Түйсінбекке қиынсынды. Қисын құрмаққа талпынбады. Сана біткендеріңіз салмақсыздыққа үйренгентұғын. Жұртыңыз жеңілтектеніп, ұлтыңыз ұят-аяттан алыстап үлгергентұғын. Аужал-ауқаттан ары қарата аттап баспауға кетіп қалған еді. Жүрегіңіз өліеттенсе, діліңіз өңезбетенсе, не шара...
Қағанатыңызда, қала берді Ұрангөй уәлаятында адам қатарында, кісі санатында саналатындар тек жағдайларын жылпостықпен жасап алғандар ғанатұғын. Жағдайын жасай алмағандар қатарда да, санатта да жоқ есепті еді. Діл департаменті һәм жағдайы жасалмас, жадағай, жүдеңкі адам сыңайлы мекемесымақ ретінде ғана жаратылған. Оған басшы таңдауда да басқа департаменттерге адам тағайындағандай бас қатырылмаған. Қатырудың қажеті жоқтұғын.
Қызықсыздар осы. Сіздерді айтамыз. Бәрін біліп отырып, зауыққа қарамайсыздар. Сауыққа құмарсыздар.
Ұрангөйіңіздегі діл департаментіне заузан гүл сынса-дағы зәузі шегіп зарлайтын зарғалдақтай жүрегі бар, соған орайлас бүйрек-бауыр-өкпесі бар, ішек-қарындары шұрқ тесік Бұны қойған дұрыс десті.
Бұныңыз діл үшін тіресті. Бұрыннан да күресетін Бұл. Өліп-талып.
Тілім-тілімі шықты.
«Өзгенің бәрі өзіне бірдеңе сұрап, телім тілеп келеді. Ал сіз діл-діл дей бересіз», деп күлетін болды Бұған. Басшы біткен.
Бұл осылайша күлкі-мазаққа ұшырады. Оны, бірақ, Бұның өзі сезбеді. Ділді ғана көздеді. Бұныңыз жағдайын жасай алмайтындардан еді. Жағдайы жасалмайтындар қатарынантұғын. Жағдайын жалаңқиялықпен ғана жасап алғандардан, жағдайларын жымқырма жылмайлықпен жасаған үстіне жасай бергісі барлардан Бұл бөтеншелеу жан еді. Жасағанның жаратуы төтеншелеу болар, сірә.
Сонымен, жаппай тексерістің тұсында біреулер Бұныңызды да мазалай бастаған. Тексерілмес, тексермекке жатпас деп саналар, тиын-сиын ғана бөлінер діл департаментіне, күндердің күнінде, тақиятеппектің ойыншысы келіп кірген. Бұл: «Бізді де қатарға қоса бастағаны ма?» деп кілдірей күлімсіреген. Бұныңыз өзіне өзі бұл дүниеден бөлектеу, бұлыңғырлау, бұлдырлау әлем жасап алғантұғын. Тіршілік түгелдей тұманытып көрінетін. Тексеруші де бұлдырап көзге шалынды.
Тексеру басталып кеткен. Тү-у биіктерден Ұрангөй уәлаяты бойынша тексерілмеген бір де бір мекеме қалмасын деген пәрмен берілген көрінеді. Тексеруші жігітіңіз, жалпы алғанда, жаман адам емес секілді. Құлын шығындалмасын, қой сойылмасын, тіпті тауық та бауыздалмасын сезетіндей. Бұның тақуалығына қанық секілді. Екі күннен кейін осы жүріп өткен жолында, сүріп келе жатқан өмірінде мұндай мекемеге тап болмағанын таңырқай тақпақтады. Аптаңыз артта қалғанда, аштан қатпаққа жақын-жуық жүргенін айтып салды.
Бұл, әдеттегісінше, септесер лепес те білдірмеген. Буалдыр-бұлдыр әлемінен әлгінің әйдіңгер тұрпатына таңданыңқырап қараған да қойған.
Екінші апта басталар күні ойыншы:
— Біздің қазақта бәрі ауқатқа барып тірелмей ме, көке? — деді қалжыңдай қағытқан әуенге салып. — Қазақ қарны арқылы ғана қарым-қатынас жасайтынын ді-ді-діл жағы бі-бі-білетін болар? Ойбай-ау, енді қазекем уақыттың өзін «сүт пісірім», «бие сауым», «шай қайнатым», «май түсірім», «ет асым» деп есептемей ме?! А-а-а? Сі-сі-сіздердің мекеменің атына тілім келмей-ақ қойды осы. Ді-ді-ді деп, дір-дір етіп, тұтықпа болуға, кекештікке кетуге айналдым, айналайын аға. Діл дегендеріңіз не өзі? Нені білдіреді?
Бұл алдында отырған ойыншыға шынымен-ақ ділдің мән-маңызын тәптіштеп тұрып-тұрып түсіндірмекке тырысқан. Ұғындырмаққа ұмтылған. Бұлыңғырлықтан берменірек шықпаққа әрекеттенген.
Әлденуақытта барып барлап қараса, тексеруші түк те тыңдамай отыр екен. Ойыншыңыздың ойы басқа қиырларда қыдырыстап жүріпті. Бұл әңгімесін кілт үзіп, кілдірей кідірген.
— Көке, осы сізді кітап жазады дейді, рас па? — Алдындағы адам тұлғасы қайтадан айқындалған. — Бар ма кітабыңыз? Көрсек қайтеді?
Бұл сәл-пәл күрсініңкіреп барып, үстелінің суыртпағында жатқан «Алмағайып» атты жұқалау кітабын шығарып ұсынды.
— Кітап ұстамағалы қанша ғасыр, қай заман, — деді тақиятеппек телпекшіңіз «Алмағайыпқа» мүсіркей қараған кейіпте. — Ендігі қалған ғұмырымда да қолға алмаспын деуші едім. Алтыншыда бір ағай пайда болып, бәрімізге кітап оқытып, қияли қып жібере жаздаған. Өкпе-бауыры іріп кеткен біреу екен, тезірек өліп қалды ғой сол сорлы. Қиялилықтан құтылғанбыз сөйтіп. Мына кітабыңызды маған сыйлап отырсыз ба, көке?
— Сыйлағалы отырмын, інім. Өзің бір ақкөңіл, ашық жігіт екенсің. Ақиқатын айтасың, әйтеуір. Оқымасаң мейлің, сонда да осы бір кітап үйіңде тұрсыншы. Сыйлайын саған. Әкелші бері, қолтаңба жазып берейін.
Тексеруші кітапты сәл-пәл ебедейсіздеу ұсынған. Бұл қолтаңбасын жазуға кіріскен.
— Анықтама дайын, көке, — деді тексеруші. — Мұндай мекеме көрсем, көзім шықсын.
Бұл бүй деп жазған: «Тұрпатың тұғырлы екен нарға лайық; Бұл өмір болып тұр ғой алмағайып. Діл дегеннің тағдыры — жұрт тағдыры; Тілім-тілім боп жүрсек, бар ма айып?!»
Кітап қайта қайтарылды. Тақиятеппекшіге.
Тексеруші кітапты қаттырақ қыса қабылдап, қос қолдай мытып алған.
— Осы кітапты өзіңіз жазғансыз ба, көке? Шынымен? Шыдамыңыз қалай жеткен? Қолмен жаздыңыз ба? Бәрін? Компьютермен заулаттыңыз ба, әлде? Қызметкерлеріңіз көмектескен шығар? Жақсы, көке! Рахмет! Анықтама мінеки. Пәлендей кемшілік жазбадық. Пәле іздесек, әрине, табамыз ғой. Табамыз. Табылады. Іздемедік. Сізді сыйладық. Қарап, қол қоя салыңыз.
Анықтамада анау айтқандай ештеңе жоқ екен. Самайы солқылдаған күйі қолын қойды. Үш данасына.
— Ал, басқа айтарыңыз жоқ па? Онда сау боп тұрыңыздар. Кітап жаза беріңіз. Немене еді әлгі? Секс-пекс жайында жазсаңызшы. Жабылып оқиық. Ышқыр босады ғой бүгінде. Ыстанның ышқыры төмен түсіп кетті. Жас кездеріңізде ше, көке, мақтадан иіріп тұрып тоқыған ыстанбаудың шиеленген түйінін тістелеп шеше алмайды екенсіздер ғой. Өздеріңіз қатарлы көкелер айтады дә. Ыстық күнде, ыссы түнде ыстанбауды шеше алмай, қыз алқынып, жігіт балқып, шып-шып терің шүмектеп, алқаракөк аспанда жұлдыз біткен жымыңдап... Күледі екен дә-ә-ә! Ә-ә-ә, көке?!
Бұл бұлыңғыр дүниеден бірсін-бірсін жарыққа шыққандай, қайрандана көзін уқалады:
— Шырағым, сен өзі ауызша ағып тұрсың ғой. Сендейлер жазып жөнелсе, мендейлер далбасалап қалар, — деді.
— Ой, көке, жазуыңыз өзіңізге. Діліңіз де өзіңізде қала берсінші. Мұндай мекеме, сіздей бастық көрмеппін. Көрмегенім діл департаменті болсын! Көрмеспін де, келмеспін де енді, — деді тексеруші әзіл-шынын араластырған кейіппен. Кітапты қыса түсіп.
Тексерушінің жұқалтаң кітапты неліктен сонша, қалайша қатты қыса түскеніне түсінбеген. Бәлкім бі-і-і-ір өзінше өзгеріп, сүйсініп оқиыншы дегендей ойға берілді ме? Деп те үміттенген.
Өкініш-ай, Ұрангөй уәлаяты діл департаментінің басында отырған Бұл, яғни «Алмағайып» атты кітаптың авторы қатты қателескен еді.
Ойыншы үйіне жетіп алып, кітаптың арасын абайлап ашты. Олай бір, былай бір сытырлата парақтады. Сонсоң қызғылтым, майлы тілімен быртиған сұқ саусағының басын жалап-жалап жіберіп, тағы тарақтай бастады. Бір-бірлеп.
Ештеңе таппады. Түк те түспеді.
Сілкілеп байқады. Қатты таңырқап, қайталай парақтады. Бір-бірлеп тарақтады. Беттерін санады. Екі жүз бет екен.
Күнде кешкісін қарайтын болды. Бетін санайтын болды. Сұқ саусағының басы ақжемденіп кетті.
Кейде түн ортасында тұра салып, «Алмағайыпты» ақтаратын еді.
«Ойпырай, осындай да болады екен-ай?! Өмірімде алғаш рет. Бірінші мәрте! Қалайынша бұлай?!» деп күбірлеуге көшті. Көп күндер бойы өзінен-өзі күбірлеп жүрген.
Ақырында «Алмағайып» атты кітапты оқи бастады. Кім дейсіз бе? Кәдуілгі тексерушіңіз. Оның кітап оқуға кірісіп кеп-кеп кеткеніне бәрі аң-таң. Әйелі де аң-таң. Ұл-қыздары да аң-таң. Жолдас-жоралары да аң-таң. Жекжат-жұраттары да аң-таң. Ұжымы да аң-таң. Ұйымы да аң-таң.
Ұрангөй уәлаятында кітап оқудың ұмытылғанына талай-талай жылдар өткен. Кітап оқитындарға аң-таң қалатындай жағдаят қалыптасқалы қаш-ша-а-ан.
Әлдебір тексеруші кенеттен көркем әдебиет кітабын оқуға біржолата бет бұрыпты деген ақпарат арна-арналар мен мерзімді мәтбұғат арқылы түгел тарады. Осынау оқыс оқиғаға орай құпия кеңес өткізілді. Сыбыр-сыпсың мен күбір-күпсің үдеді.
Қағанатыңыздың, қала берді, Ұрангөй уәлаятының жиырма бірінші ғасыр басындағы аса үздік үлгісі, жаңа жетістігі ретінде бағалануға лайықты қызық құбылыс ғарыш жаққа аян болды. Жұлдыздар жымыңдасып, бір-біріне жеткізіп жатты.
Айыңыз да аң-таң. Күніңізді қайдам.
Тексерушіңіз кітаптан кітап қоймауға айналған. Күндердің бір күнінде Шопенгауэр дейтін данышпанның кітабынан «еркектер әлем жүзіндегілердің баршасын бағындырғысы келеді, ал әйел еркектердің өзіне толық-тұтас ие болмаққа ұмтылады» дегенді оқып, қатынына қатты қапаланған. Жаңа ай туып, ғарышта жымың қаққан жұлдыздар алмасқан кезде біржолата бөлек жатуға көшкен.
Қадағалаушы және бақылаушы, тағы басқа аттары айтылмас арнаулы органдардың арнайы адамдарынан құрылған комиссия зерделеп-зерттей келе құпия шешімнің шығуына септесер себепті дәйектеді. Белгіленген, бекітілген мерзімде шатыраштана шелтірейген шешім шықты. Қайырымсыз қаулылар қатқыл қабылданды. Көркем дүние оқып кеткен тексерушіңіз тікелей қызмет ететін тақиятеппек мекеме мұқым қысқартылды. Көп ұзамай, діл департаменті де жабылады немесе жоғарыдағы түрлі-түрлі мекемелердің біріне жадағайдан да жалбағай күйдегі бірдеңе боп тіркеліп тынады. Деседі.
Сіздер қиынсыздар. Осындай да осындай оқиғалардың Ұрангөй уәлаятында ғана емес, өзге жақтарда да жүріп жатқанына сенбейсіздер. Илануларыңыз итпектей шегіншектейді. Тіпті ғарыш жақта титімдей тірлігіңізге дейін түгел тіркеліп, шын тексерудің сонда жүріп жатқанына да нанбайсыздар. Нәніпәтір көресіздер. Ерік өздеріңізде. Біздікі де, Бұныкі де — ишара ғана.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі