повесть
Туған топырағымызға әр келген сапарымызда көңіліміз жүдеп, марғау тартатынымыз несі екен? Науанның ауылға бұл жеті жылдан кейін-ау деймін келіп тұрғаны: түк өзгермеген, бәзбаяғы қалпы. Құмның ортасында екі-үш қыстау, онан сәл әріде жалғыз киіз үй. Науан осы қыстаулардың мына шеткі бәкене жертөлесінде дүниеге келіпті; ғажап емес пе, бір кезде бұ да аса биік, сәнді көрінетін; о да қартаяйын деген-ау, аласарыпты, жүдеу. Қаладағы сәулетті, төрт бөлмелі үйінен кейін солай ма, кім біледі; мүмкін Науан да өсіп кеткен шығар: қазір ол ғылым кандидаты. Үш баласы, әйелі бар.
Күн де жиекке тұсау бойы төніп қалған. Сарғыш шағыл тұздалған білем-білем қой құйрығындай ырсиып жатыр; ара-арасындағы биік, шошақтау біткен дөңдер алабөтен алыстан көз тартады. Әлгінің басында қырық буын, бұйырғын, боз жусан көгілдірлене желбіреп тұр. Науан білгенде оны «Шоңғал» дейтін. Іңірде шоңғал үстіне шығып Науан талай отырған да. Сондайда тып-тыныш құм ішін шымырлата түйе боздап, ат үретін; іле о да басылып, құлақ шыңылдар бір тыныштық орнайтын ғой. Әне, анау киіз үйдің орнындай қызыл тақырды жиектей өскен жасыл шөп, әрине, құм сағызы; о да ақшыл гүл атыпты. Күзде бүлдірген дәніндей бұ да жеміс береді; сағызы да сол. Ал да, шайнай бер. Қаңбақ сияқты қауқиған шөпті көремісің? Әне, сонау ылдидағы... Ол — құмаршық. Қаңбақ емес. Соғыс жылдарында талай ауылды аштықтан құтқарған ырзық; оны ел малдан қорушы еді. Күзде кәдімгі қолдан еккен тарыдай оратын да қағатын: сөйтіп үй басы қап-қап құмаршық жинап алатын. Көл-көсір тегін ас еді-ау. Әсіресе, сорпаға, сүтке бөккен құмаршықтан дәмді, тіл үйірер тағам жоқ та тәрізді-тұғын. Мынау ойдым-ойдым қызыл тақырда есі кете, екіндіге дейін асық ойнайтыны қайда. Түу, бұл құмның қызығы аз ба екен.
Науан қыстаудан ұзап барады. Әне, ол үстіндегі жеңіл, ақшыл костюмін шешіп, желең жамылды. Өзі жалаң бас, аяқта сүйір тұмсық, тартпалы сарғыш туфли. Мойылдай толқынды қара шашы да, жүдеу ақ сұр өңі де батар күннің мол шұғыласынан әр алып, қызғылт тартты. Ол жатағандау шоңғалға шығып, терең тыныстай, төңіректі шолып өтті. Әдетінше қыр мұрынының үстін қасып қойып, енді отырып жатыр.
Өзі ойласа, бұл ауылдың пәлендей ерсілігі жоқ, қайта қызығы мол. Абыр-сабыр тіршілігі көп: жайылым, малдың шөбі, қыстауды сылау, құдықты аршу, қора-қопсы... жетіп жатыр. Әсіресе, жаз айлары қандай ғажап: сонау теңіз қолтығындағы ел шібін-шіркей, маса-сонадан азар да безер боп отырғанда, мұнда оның бірде-бірін сезбейді. Күндізгі аптап ыстық та өзгеше еді: зәрсіз көрінетін. Түні қоңыр салқын. Төңірек тып-тыныш.
Науан қаладан туған ауылға осы бір тыныштықты, өзі білген қызық тіршілікті сағынып келген, күткені де көптін: онысы бұрынғыдай қызық болмады. Қыстаулар да теңіздің әрі-бері қақпайлап, жағаға лақтырып тастаған жұпыны желкенді қайықтары сияқты. Құлазып тұр. Heгe олай? Бұрынғы көркі қайда? Көз жетер жиекте көрінген жалғыз салт аттыны шақырып, қонақтап жіберетін ауыл емес пе? Кешелі-бүгін барын алдыма тосып, малын сойды. Ішілді, желінді. Енді не жетпейді? Бәсе, не жетпейді ?
Күн де батты. Теңіз толқынындай, жал-жал шағыл етегін қара көлеңке шалды. Науан төңірегін қармана түсіп әлдене ойына оралған жандай, іркіле беріп, езу тартты. «Асыл жеңгем... бауырларым» — деді ол күбірлеп. Көз алдына бүгін ертеңгісін болған бір жай кеп тұра қалды.
Көлденең екі тартпасы бар сары былғары шамаданын ашып, ішінен әтір құтысын алды. Бөлмеде өзінен өзге жан жоқ-тын. Терезе көлеңке бетте, ашық тұрған. Ыңылдай әндетіп жүріп қырынды, сыланды, сипанды. Сары шамадан шалқасынан түсіп, ашылып ол жатыр. Әтірді шашына уыстай құйып, бетіне жақты: аһлап-үһіледі. Ол дастарқанды жинап енді, есік алдында қайнысының бүкіл тірлігін қызықтап тұрған ақ сары, секпіл бет келген толықша әйелді аңдамады; келіншек те қасына төрт баласының қаздың балапанындай тізіле қалғанын сезген жоқ. Бәрінің де көзі сары шамаданда; астанадан келген адамның базарлығы деген болмаушы ма еді, дейтін сияқты.
Осы кезде қамшысын сүйретіп, даладан кірген Науанның ағасы Қасан олардың мына тұрыстарына түсіне алмай дағдарған, ізінше даңғырлай жөнелді. Інісі келгелі көңілі тоғайып, қалбалақтап жүрген қуанышты адам қашан жай сөйлеген.
— Мә... Мыналарды қара, Науанжан! — деді.
Ол тіпті келіншегінің қайнысынан қысылып қаларын ойламады.
— Ойбай-ай... Ұяттағы. Әй, сендерге не жоқ? — деп қызыл ала көйлек киген, ақ сары келіншек шымшылап, балаларын далаға шығарғалы қақпайлай бастады.
Науан да өзінің аңсыздығынан қысылып:
— Тоқтаңыздар... Келіндеріңіздің... Келініңіздің, — дей берді. — Сіздерге деген сәлемдемесі бар еді.
Науан абдырап сарғыш қағазға әспеттей оралған нәрсені жеңгесінің тартыншақтанғанына қарамай, ұстата салды. Әйел қайда да әйел емес пе, сырт айнала, қағазды жазып жіберген арасынан судыраған көгілдір жібек мата төгіліп кетті. Келіншектің көзі жалт етіп, жайнап жүре берді. Науан бұл кезде бойын жиып үлгерген, ағасына да ақ жібек жейде мен қоңыр галстукті, балаларға да әр түрлі киім, мәмпасиді үлестіріп жатыр. Тегінде адам бойындағы үлкен қасиет, ләззәтті шақ төңірегіндегі жора-жолдас, бауыр етіңді қуанту екен де. Науан да осы қазір жат, әрі ерен тәтті сол бір сезім құшағында.
Ол тек күміс жүзік пен әдемі, бетінде ою-өрнегі бар темекі құтысын қолына алғанда ғана езуін жиды. Сәл ойланып қалды. Әлдекіммен кеңескендей:
— Мынаны Айшаның әкесі мен шешесіне алғанмын, — деді.
— Дұрыс бопты, Науанжан. Екі үйміз ғой. Біз дәмеленбесек те, олар жоқтай ма деймін. Айша кеткелі анау... қарт сәби сияқты, өкпешіл-ақ... Айшажан бөлекше бала еді ғой. Елгезек. Қамқор. Қолым тимейді дегенді білмейді. Оған күн мен түн бірдей; пәлен жерде ауру бар десе, болғаны, машинамен тартып отырады. Ауданда бір-ақ жыл істепті... Қазір ол ел аузында қырық-елу жыл дәрігерлік құрған адамнан бетер құрметті...
Науан қолына ұстап тұрған күміс жүзікті, темекі құтысын ашық шамадан ішіне тастап жіберді; көз астынан ұрлана ағасына қараған, ол сұрлана, нали сөйлеп тұр. Әлгінде ғана жүздерінде шуақ нұры ойнаған жеңге де, сәбилер де үнсіз, томсырая қалыпты.
— Мынау құмның ішінде бір шопанның әйелі босана алмай, соған келіпті. Айшаның қолы жеңіл дейтін. Рас па, қалай. Шопанның әйелі босаныпты. Әйелі ұл тауып, қол-аяғын жинағасын, әлгі пақыр есі шығып ұлан-асыр той жасайды. Дәрігерді «әке, көке» деп жібере ме. Әйтсе де, Айша екіндіге талас аурулар күтіп қалар дейді де, машинамен жүріп кетеді. Шөпірі мас білем, сонау өзің білетін «Жалғыз ағаштың» тұсындағы сайда аударылыпты. Шөпірі түспегір аман. Айшажан қаза болды.
Інісінің неге үнсіз төмен қарап қалғанын ағасы аңғармады. Үші мен жетісіне ғана емес, қырқына да, жүзіне де елдің көп жиналғанын, аудан басшыларының түгелге жуық келгеніне дейін айтты.
— Білем ғой, аға...
— Ә.. Солай ма еді... Иә-иә, білесің.
— Ақтөрежан ана жылы келгенде, үйлеріне кіріп, қайырлы болсын айтқан, — деген-ді, сонда жеңге ара түсіп...
Науан орнынан тұрып, үстін қақты. Манағыдай емес, күннің қызылы семіпті. Жиек ақ белдеуленіп тұр. «Арада талай заман өткен. Мен де бала емеспін. Бұл күнде әкемін, үй иесімін. Отыздың төртеуіне де шықтым». Науан шоңғалдан жүгіріп төмен түсті де, сонадайдан оты мысық көздене жылт-жылт етіп тұрған ауылға бет алды. Әнe, ол қыстаудың сыртындағы шағылға бұрылды.
Шағылдың түйетайлы бетінен көтеріліп басына шықты. Костюмін лақтырып тастап, судыраған ақ шағылға шалқасынан жата кетті. Қиыршық сары құм сап-салқын. Алаулаған алақанына мамықтай жұмсақ тиеді... «О, дүние, қандай рақат ең! Қияқты ат қып талай төбеңе шықсам да, қызығыңа тойдым деймін бе? Баяғы думаның қайда? Неге үндемейсің? Жатырқайсың ба? Қарашы... Аспанға қарашы... Сенің аспаның да жақын білем. Жұлдыз ағып өтті. Кімдікі екен. Әлдебір жан жарық дүниеден өтті-ау, ә?! Әне, тағы да кетті... О, дарияға, құс жолы қандай ашық, әдемі! Мынау не? «Қыру-қырулап» құс ұшып барады ғой. Апыр-ау, түнде де құс ұшушы ма еді? Иә-иә, бала күнімде естіген сияқтымын. «Бала күнімде...» Бәлі, мен өзі нағыз қала адамды болыппын-ау. Бәрі таңсық. Басқа бір планетадан келгендеймін бе, қалай? Иә .. Көрсетші қызығыңды, туған жер... «Апыр-ай, бұл жерде мынау екі үй немен күн көреді? Қайтып тірлік құрады?» — демеймін. Ондай ой менде жоқ. Сені білем, ет үйренсе, көрсетерің көп. Иә, сонау бір жастық, албырт шақ әлі есте... Айшаны білемісің? Осы жерде мен оны тұңғыш рет сүйдім. Иә-иә, солай...
Ол аунап түсті. Салқын шағылды құшақтай еміреніп:
— Сен мәуедей тәтті сезімді сыйлағандай ең, іле жұлып әкеттің-ау, — деді. — Білемісің? Онда да сен осылай моп-момақан жатқансың. Мен ұмытты дейсің, ә? Жоқ, достым... ұмытқаным жоқ. Бәрі де күні кешедей көз алдымда. Рас, кінә сенен емес... Өзімнен. Мені қара басты... Айша алдында...
— Науаш... Айналайын Науаш, салқын тиіп қалар. Тұр, - деген дауыс оның ойын бөліп жіберді.
Басын көтеріп алған, нар өркеш биік шағылдың етегінде тұрған Қасанды көрді. Айдың жарығында ол шопаннан гөрі құм ішінде жалғыз қалған тас мүсін тәрізді екен: оң жағына көлеңке түсіп, оны мүлде құпиялы, суық жайға айналдырғандай. Әлгі бір үннің иесі де бұл емес сияқты. Бұған да Науан қатты таңданды. Ағасының өзін қадір тұтатыны, інім келді деп қуанып, төбесі көкке жеткендей боп жүргені ойына оралып, бір түрлі жанын сергітті; ал орнынан серпіле тұрды. Пенжегін сілкіп бір иығына ілді де, шағылдың тік қабағынан балалығы ұстап кетті ме құйрығымен сырғанап түсті.
— Науаш, келін-баланы неге әкелмедің? — деді ағасы қолтығынан демей, тұрғызып жатып.
— Ол жұмыста ғой, аға.
— Ә... солай ма еді. Көрдің бе ағарған ішіп, бой жазатын сәті келмегенін.
— Мен де, аға, аяқ астынан жиналдым да, тартып отырдым. Ылғи бір жұмыс. Қал тимейді. Талай уақыт өтті емес пе.
Басын төмен салып үнсіз келе жатқан ағасының жүзіне ол ұрлана қарап қойды. Мен не айтсам да, қалі жібермейді. Ынты-шынтысымен тыңдайды — деп ойлады Науан.
— Туған жерге аңсарым ауып, ой бір жұлынып шығармын-ау деп жүруші ем. Әйтпесе, өзіңіз білесіз, ғылым жұмысы да инемен құдық қазғандай тірлік қой.
— Ту, не дегенің, білем қарағым... білем ғой...
Қасанның білетіні рас. Қазіргі үлкен қуаныш та осы кісінікі. Науан сонау студент кезінде де бұған ерен ақылды, зерек көрінетін. Бертін келе оған өзі ден қойып, сеніп кетті. Жазғы демалысқа қарсы інісіне ақша жібергіштеп, шақырғыштап бітетін. Науанның хатын айдалада кез келген шопанға оқып, әр сөзін алтынға балап, ғажап қан отыратын. Ел де аға ісін ерсі көрмей, таласа да қоймайтын. Кейін ғылым кандидаты атағын алыпты дегенді естігенде Қасанның жүрегі жарыла жаздамады ма? Осы жерде кішігірім той жасады: онысын үш күн бойы ойлана жүріп, дәптер парағына сәндей толтыра жазып, хат салғаны бар.
— Аға, келгелі бері сұрап алмадым... Өз шаруа-жайыңыз қалай? — деді Науан қыстауға таяп қалғанда.
Қыстаудан сәл әрірек жүз қадамдай жерде отырған жалғыз киіз үй Айшанікі. Жатып қалған ба, шам жоқ, қарауытып тұр.
— Шаруа биыл жақсы. Қыстан шығынсыз өттік. Жүз саулықтан жүз алпыс қозы алдым. Жаман емеспіз. Науашжан. — Қасан күлімдеп інісіне бұрылды. — Төрт бөлмелі төбесі шиферланған үй, қора-қопсы салып береміз деп отыр.
— Дұрыс....Құттықтайым, аға.
— Сөйтіп екі үйіміз тірлік істеп жатамыз. Өткен жылы орден берді. Естіген шығарсың?.. Е, құттықтап бір шере апорт алма жібердіңдер ғой. Иә-иә... Жеңгең де, балалар да мәз-мейрам болды. Жүр, Науанжан, үйге кірелік. Тамақ дайын деген.
— Қазір, аға... Сәл тұра тұрайықшы.
— Жарайды, қарағым, — деді Қасан қолына алған ши қалпағын басына қайта киіп. Қуанышты адам қашан да жай, тыныш тұра ма; Қасан тағы да сөйлеп кетті. - Қарттар сенің сәлемдесіп кіріп шыққаныңа аса разы. Төбелері көкке жеткендей боп отыр.
— Өздері әбден шаршап қалыпты ғой.
— Иә, дұрыс айтасың, айналайын... Айшаның өлімі қаусатып жіберді.
— Айшадан кейінгісі қайда?
— Нәзира ма?
— Иә...
— Ол оқымады ғой. Қалада сауда орнында істейтін бip жігітке күйеуге тиді. Онан кейінгі естияры Жанаржан ғой.
— Анау көзі қап-қара, сары қыз ба? Белшесінен топыраққа көміліп отыратын, сол ма?
— Иә-иә, дәл өзі. Келесі жылы мектеп бітіреді. Еті тірі, ізетті бала. Бір айналайын өзі...
«Бір айналайын өзі...» Бұл кімнің сөзі еді? Қандай құлаққа жылы, таныс үн, — деп ойлады Науан. — Иә, бұл... бұл апамның сөзі. Жиі айтатын». Науан жүрек түкпірінің сыздап жүре бергенін сезінді. Әке майданда қаза болды. Оны еміс-еміс қана біледі, ал ана әлі көз алдында. Соғыстың ауыр жылдарында бір үзім нанды аузынан жырып, осы екі ұлына беретін; өзі қашан да күлімдей: «Мен жедім. Сендерге қойғаным ғой», — дейтін.
— Науашжан, үйге кірелік. Түн салқын боп барады, — деп Қасан інісінің ойын бөліп жіберді. Қамқорлай жауырынынан қағып, қолтықтап алды...
Астан кейін Науан төсекті қыстаудың іргесіне, жазықтау шағылдың үстіне салдырды; баяғы бір бала дағдысынша өзін айнала шеңбер сызды; онысы жылан, бүйі келмесін дегені. Сонан кәдімгідей көңілі жайланғандай.
Ай сүттей жарық. Төңірек тып-тыныш. Сансыз жұлдыз, тұңғиық, қара теңіз бетінде жүзіп жүрген күміс шабақтай жылт-жылт етіп, жымың қағады. Қолыңды созсаң ұстап алатын да сияқтысың. «Шайқап үркітіп жіберсе қайтер? Қорқар ма еді? — деп ойлады. Науан аспанға қиялдана қарап... — Ай қорықпас-ау... Жеңіл жүзеді білем».
Науан көкірегін кере тыныстады. «Қандай ғажап ауа», — деді күбірлеп. Қала адамы далаға шыққанда әлденеше ләззәтті аңсап, сонымен өзін алдарқатады: майы алынбаған айран, сары қаймақтанған қымыз бен мынау тыныштық, салқын таза ауа. Қаланың қапырық ыстығы мен машина иісінен құтылғанына сәбише қуанады.
Науанда да қазір қала адамына тән біраз мінез бар. О да әлгінде етке сылқа тойса да, екі кәрлен кесе қымызды өші қалғандай зорлана ішті; келгелі төсекті далаға салғызып жатуы да сонан.
— Науашжан! — деді ер адамның жарықшақ даусы қыстаудың терезесінен.
— Ау...
— Тағы да бір жамылғы көрпе алсаңшы. Түн салқын болар.
— Шілденің түні ғой. Әлі-ақ өте шықпай ма, аға?!
— Қарашы... Ауылды ұмытпапты. «Туған жердің топырағы да ыстық» деген өзі ып-рас-ау, ә? — деп сүйсінген мақпалдай жұмсақ аға үні жүрек түбін жылытты.
«Оған мен баяғы сәби қалпымдамын. Қаладағы жолдастарым мұны естісе, күлер еді-ау. Сенің маған деген жаныңды түсінбейді ғой. Әрине, олар білмейді». Науан ойына сонау бір сұрапыл соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс оралды. Анасы дүние салған. Қасан колхоз орталығында жұмыста. Үйге екіндіге таласа қайтады. Науан үшінші класта оқиды.
Әлі есінде, бірде басқарма келді. «Қасан балалық істеме, Науанды «Балалар үйіне» бер. Ондағы тәрбиешілер сенен гөрі білімді. Күтеді, бағады. Өзің жұма сайын барып тұрасың», — деді. Қасан көнбеді. «Жалғыз бауырымды бермеймін. Үйімнің түнінің сөндірмеймін», деп кәдімгі бір естияр, үлкен кісідей-ақ қабақ шытты. Қазір Науан ойласа, сол кезде Қасан он жетіде екен.
Қара күз еді. Отын тапшы. Дала ұлыған жел. Науан төсек тартып жатқалы үшінші күн. Түн болса үйдің іші онан әрі суытып кетеді. Қазір де сол азынап тұр. Кәрісіннің тапшылығынан шам ерте сөндірілген; жер иістенген бөлме ала көлеңкелене ызғырық атады. Ұры мысықтай сұғанақ жел қара бақайдай суық саусағын жүгіртіп, ішкөйлекті кеулей; көктей өтіп те үлгерген еді; Науан тісі-тісіне тимей қалтырап, бір уыс боп жиырыла түсті; сорлы аға не істерін білмей, өз үстіндегі бар киімін шешіп, сонымен қымтай жауып жүр. Әне, ол күндегісінше інісін түнімен өз қызуымен жылытқалы тас қып жаурынынан құшақтай жатты. «Мен ауырсамшы... Маған тисеші сол салқын сенен гөрі», — деп жылымсырай күбірлейді. Іле ыстық демімен інісінің құлағын шарпи: «Әлі-ақ жазыласың, Науашжан. Ертең басқарма отын беретін болды. Сонда бір өртеп жағармыз-ау. Естимісің? Екі пұт бидай алам. Қою көже істеймін...»
Иә, сонда осы момақан құм ышқына ішін тартып ұлып тұрған; саялы бау-баққа бөленген Жайық бойынан келген оларға қыр көрсеткендей де еді-ау. Көз аштырмай ұйытқи кейде суыртпақтап соққан суылдақ сусыма сарғыш топырақ Қасанды да, оны да үйге қуалап тыққан. Күздің қара суығы жұтына, жұқа киімнен көктей өтіп қалтыратса, құм құлақ-мұрнын, аузын бітеп екі жастың есін шығарып жіберді: «Малдан мүлде айрылдым. Құрыдық-ау, Науанжан», — деп қорған көрер ағасының қазандық, аузында қалшылдай отырып жылағанын да ұмытқан жоқ. «Ағасының» көзіне жас алғанынан жүрегі ұшып, онан әрі зәресі кеткен; сөйтсе ол кезде Қасанның өзі тым шикі, өрімдей жас болатын. Не істерін білмей тұйыққа тіреліп отырғанда біреу есікті айқара ашып кіріп келді. Қазандықтан түскен сәуледен келген адамның үстінде брезент плащы бар мосқал жан екенін аңдады.
— Әй, балам, малың қайда? — деді ол күлімдей.
Кейін білсе көрші шопан, Айшаның әкесі. «Жас шопанға бас-көз болғайсың, тәжірибесіз бала еді», — деп басқарма Қасанды сырттай тапсырыпты.
Мына бүгінгідей дауылда малынан көз жазып, жер сабап қаларын сезіпті де, атына міне салып бері тартыпты.
— Қойларың аман. Айдап әкеліп, қамыс аулаға кіргізіп қамадым. Бағың бар бала екенсің. Отарың тура алдымнан кезікті. Әйтпегенде осы ықтаған бетінде құм арасында қасқырға жем болатын еді, — деді ол үстіндегі брезент плащын шешіп жатып.
— Құм бораны қарлы дауылдан да, үскірік аяздан да жаман. Қар кетер, аяз сынар. Құм — із жасырады, кетпейді. Мал көмілсе, табылмайды. Құм астында мәңгі қалғаны. Кәне, бастарыңды көтеріңдер, қамықпаңдар...
— Ағатай, сізге деген алғысымды қайтып жеткізерім...
— Жүнжіме, балам. Шай қой. Әл жиялық.
— Рақмет, сізге аға.
— Жә, болды. Қой енді. Мен мына екі қырдың астындамын. Келіп тұр. Білмегенің болса сұра. Намыстанба. Ие, қарағым-ай, сенің білмесің бір басыңа жетерліктей көп қой. Тым шикісің, қайтейін.
Қалбалақтап қазанға су құйып, жүгіргіштей бастаған Қасанды етегінен тартып:
— Отыр, — деді, қасынан орын нұсқап. — Сенің есімің кім? Басқарма айтып еді, ұмытып қалыппын.
— Қасан...
— Мына бала ше?
— Жалғыз інім, аға. Аты — Науан.
— Оқымай ма?
— Оқиды. Екі ай кешікті. Бірер күнде интернатына аттандырам ғой. Көші-қонмен қол тимегені, — деді Қасан налып.
— Ертең күн ашылса, өзің апарып сал. Мен бас-көз бола тұрайын отарыңа, — деп мосқал адам жан қалтасынан темекі шығарып, газет қиындысына орап жатты. Асықпай қазан астынан бір қамыстың талын алып тұтатып бұрқырата сорған: қызыл жалынданған шылымның ұшынан тараған сәуледен қалың, жебелі мұрты, құс тұмсығы шалынды. Науанның жіті көзі қарт жанарының қиығына шоғырланған мол балапан әжімді де қазандық аузынан түскен көмескі сәуледен көріп отырған.
Қасан ләм-мим демеді. Орнынан тұрып, қазаннан самаурынға су құйды. Жетілік май шам жағылды. Дастарқан жайып, шай қамын істеді. Манағыдай емес, «жалғыз қалам-ау!» — деп мені қимай, ұнжырғасы түсіп кеткен. «Оқытпай болмайды. Не істейім?» — дейтін де тәрізді.
Шай үстінде көрші шопан тағы да ақтарыла сөйлеп:
— Құм — сырласқан адамға жақсы. Сырын ұғуға тырыс. Кей мінезі көшпелі қазаққа ұқсайды. Құмдар да көшеді. Кешегі мал өрісің, бір күнгі дауылда құм астында қалатын кезі болады. Сондайда екінші бір жерден, шағыл арасынан жайылым табыла кетеді. Ондайды назарыңнан тыс қалдырма, белгілеп отыр, — деді ол тершіген маңдайын көлдей ақ орамалымен қайыра екі мәрте сүртіп. — Иә, құр қол емессің, бір мая пішенің бар екен. «Қар түсті-ау», — деп малыңды жер қарадан қораға қамама. Құмдағы қар жұқа болады, әрі қатып жарымайды. Қой тебіндеп жайыла береді. Шөп қыс ортасында, көктемде, мал төлдегенде қажет. Соған сақтауға тырыс. Қыста топырақ бораны сирек. Ең бір жақсы уақыт. Өзің әлі-ақ көресің.
Ал қазіргі кезде құм дауылы қауіпті. Сонсын көктемде қиын. Әлі қыстауды да жартылай көміп салады. Жә-жә, екеуіңнің көздерің атыздай боп шығып барады ғой. Үрейленбеңдер...
— Қорқып отырғанымыз жоқ, аға. Әңгімеңіз қызық соған таңбыз, — деді Қасан, Науан алдында үлкендігін сездіріп, «інімнің жүрегі ұшпасыншы», — дегені де сияқты.
— Е, бәсе, сөйтіңдер. Жігітсіңдер ғой. Науан қарағым, оттық әкелші, шылым шегейін. Қасан, енді құйма. Болдым. Қандым.
Көрші шопан жебелі мұртын, теке сақалын сипап қойды. Дастарқаннан кейін ығыстап, ас қайыра бетін сипады да, жанқалтасынан шылым шығарды. Науан әкелген сіріңкені шағып, темекісін тұтатты. Бозғылт түтінді қос танаудан бұрқырата түсіп, сәл жөткірініп те жіберді.
— Қыстауды құм басып тастаса қайтіп күн кешеміз, аға?
— Ей, Қасанжан-ай, оның жарасы жеңіл. Терезе тұсын аршы да қой. Желдің-сәл беті ауса, құмнан бір түнде өзі-ақ аршылады. Шағыл арасын қуалай соғар құйын әп-сәтте қуып әкетеді. Енді сен құмның арасында қандай шөп өседі, білемісің? Білмейсің. Көктемде ақ селеу, боз жусан, қара жусан, ебелек, еркек, құмаршық шығады. Шоңғалдың етегінде қияқ, ақ ши де мол. Жылқы мен сиырға о да азық. Қыстан арып шыққан отарды қалың құмаршыққа қаптатып біраз бөктергейсін, әрі салғанда үш аптада малың етейіп шыға келеді. Бұны да ескер. Әбден бүр жарып, пісіп кеткен құмаршықтың нәрі шамалы. Дәні төгіліп қалады. Күн мен желдің де ыңғайын бақ. Жел батысқа ауса ұзақ соғады. Күн зәрінен айрылып, сары уызданып тұрса, дауыл жақын деген сөз. Бәрін бірдей біле беру қиын, әрине. Дей тұрғанмен көңіліңе көргеніңді, естігеніңді тоқи бер. Мал баққан адамға бәрі керек. Тісіміз осы құммен сарғайса да, біздің де білмесіміз көп. Мен сені жастығыңа қарап, аңғал болмасын деп айтып жатырмын. Тек абдырама, айнам. Үйрене бер. Ал ертең сәскеде біздің үйге келіңдер. Қонақ етейін, апаларыңмен таныстырайын, — деген еді-ау ол сонда.
Айтқаны келді. Бастан қанша дауыл өтті. Бұл құмның көрсетері көп екен ғой. Үш-төрт күн қатарынан соққан құм дауылынан асқан тозақ жоқ. Айнала сарғыш түтек, перде тұтып тастағандай көз аштырмайды. Жеген тамағыңды да, ішкен шай, сорпаңда да топырақ тістің арасына кіріп қашыр-қашыр етеді. Ілкіде жиренсе де, бертін келе оған Қасан да, Науан да үйренді. Қос жанарың да сол дауылдан кейін ай, апталай, удай ашып жүргені. Қойны қонышың, төсек-орның да құм. Сондайда Науан тезірек аудан орталығындағы интернатына қайтып кеткенше асығатын. Балалықтан ба, «ағам Қасанды қалдырып барам-ау», — деп ойламайтын. Тегі, жаны ашып, күйзелмеген де сияқты. Неге? Ол болса «Науанжан» дейді де отырады. Қақаған қысқы боранда да интернатқа артынан іздеп келіп, қоржын басын толтыра піскен ет әкеліп тастайтын. Киім алсам ба деп жинаған азын-аулақ тиын тебенін де беріп кететін. «Құдайым, онда не тұр? Аға парызы емес пе? Арада талай жылдар өткенде ендігім не күйзеліс?» — деп ойлады ол. — «Мен ең арғы төркіні осыны да ұмыттым-ау. Астанаға кел, үйіме қонақ боп кездесем қайтетін еді. Ырысымды ішпейді ғой. Ерін үшімен білдірген емеурін сияқтандырып «бізге де келіңдер» деймін. Иә... Асылы, мен қаттымын...»
Науан көңілі әлем-жәлем: әлденеге өз-өзінен өкініп әлдекімге деген бір күйзелісі бар да тәрізді. «Ол не? Неге жүдеді? Не жетпейді? Ғылым кандидатымын. Белестен астым. Істегенім де аз емес сияқты. Қаншама кітап оқылып, газет тігіндісі аударылды. Мен қазір ғана дем алып жүрмін. Әйтпесе, орталық кітапханадан шығушы ма едім. Талай, күн, ай, жыл сабылмадым ба? Мүмкін, әлі сол ғылымның тек кандидаты екенім, өзі еместігін жанымды жүдете ме, — Науан ыңырси аунап түсті. Көзін жұмды. — Ұйықтау керек... Ауылға осы үшін келгенім жоқ қой. Маған не көрінді дөңбекшіп».
Науан бесінші класта оқып жүргенде Қасан шопан боп, қарауына мал алды. Құмға көшті. Науан интернатқа орналасты. Жаз айларында ағасының жанында, көмекші. Онан бірде Айшаныкі көшіп келді. Бір отар қойды соның әкесі бағып, Қасан көмекшілікте қалды. «Жассың», — дейді. «Алдымдағы малымды алды», — ағасының оған қатты ренжігені де есінде. «Ендеше қалаға кетелік, аға. Заводқа орналасарсыз», — дегені бар Науанның жұбатып, ағасы оны қол көрмеді. Кейін өзі қызыл шырайлы, қара бұйра маңдай шашы оң көзінің үстінен түсіп тұратын талдырмаш қызды тұңғыш рет интернатта кезіктірді. Аты — Айша, әкесі шопан екендігін білгенде: «Енді каникулға бірге шығып, бірге қайтатын серік табылды», — деп ағасының қалаға кетпегеніне іштей қандай қуанды десеңші.
Бәрі де күні кешедей. Бертін келе Айша таранып, бой түзеді. Келте мұрнының ұшы шығып, ұялы қара көздің астына үлбіреген мақпалдай көлеңке түсті. Жаурыны күржіктеу сияқты еді; қазір жүрісі кербез, шалқақ. Ерні іс үлбіреп, күміс шықтанады да тұрады. Бұрынғыдай кісіге тіктене қарамайды; күлсе де сол тез езуін жиып, аузын қолымен көлегейлей қояды. Көзінің астынан күлімдей «сен өзі қалайсың, ей» деп сынайтын да тәрізді, енді бірде Науаннан іргесін аулақ сап, сырғақситынды тапты. Мұның біріне де түсіне алмай, Науан ренжімеп пе еді? «Көрмегенім сен болсын, пәлденеді ғой», — деді. Әйтсе де, өзі пәлдене алмады. Ылғи соны ойлайды. Құдыққа суға барғанын торитынды шығарды. Бітірері де шамалы. Көрмеспін десе де, көреді, көзімен ұзатып салып қайтады. Онда да сай жиегіндегі бұйра бас қызыл жыңғылды бой тасалап қарайтын. Өзін көрмегеніне емес, өзі көргеніне мәз. Ғажап... сонда ол бұрын құшақтап, қалай алысып-жұлысып жүрдім деп ойламайтын. Үйіне талай рет сұраусыз-сауалсыз жетіп барып, Айшаның көзінше терлеп-тепшіп, ысылдап-пысылдап шайға тары сап ішіп те еді-ау. Аузының айналасы жылтыраған ағал-жағал май боп, сорпалы ашқылтым қуырдақты бас көтермей соғатыны қайда?
Иә, онан бері талай заман өтті. Әйтсе де, он жылдықты бітіріп, кәмелеттік аттестат алып, осы ауылға келгендері есінде; айлы түнде құм арасында Айша екеуі оңаша сұқбаттасатын еді ғой. Айша білектей жалғыз бұрымын оң иығынан асыра ойнақы серпіп тастайтын... Жалаң бас, жалаң аяқ шағылға шығып отыратындары қайда?! Науан да бәтеңкесін шешіп, қолына алатын. Кейде бәтеңке мен туфлиді біріне-бірін айқастыра байластырып, Науан иығына ілетін: ондайда Айшаны жалындырмай туфлиін бермейді.
— Айша, — деді ол осындай шілденің ашық, айлы бір түнінде жүрегі лүпілдей.
— Иә...
— Сен оқуға түсіп, мен құлап қайтсам...
— Құламайсың, Науан. Олай деме, — деп Айша оның сөзін бөліп жіберді. — Мен құласам, өзгелердей күңіренбеймін. Ауылға кеп ферміге орналасам. Келесі жылға дайындалам. Дәрігерліктен басқаға түспеймін. Соны сүйем.
— Оған түсе алмасаңшы?
— Бетімнен қайтпаймын. Енді туфлиімді бер. Кетейін. Апам ұрсар. Кеш қалдым. Науан.. Оның не, қойшы. Жіберші.
Науан жүрегі лүпілдеп қыз ернінен ебедейсіз сүйді. Бұлт етіп құшағынан шығып кеткен:
— Айша, — деді ұмтыла түсіп.
— Науан, қойшы. Әйтпесе, ренжимін. Болды енді.
Туфлиін қолына алып, жүгіре басып кетіп бара жатқан ақ көйлекті қыз соңынан телміре қарап Науан тұрып қалатын.
«Тіптен бала екенмін-ау», — деп ойлады Науан жамылғы көрпе астынан қолын шығарып. Көкейінде «сол бір дәурен қайта айналып соғар болса, мәнділеу өткізер едім-ау» дегендей шолақ өкініш жоқ емес.
«Айша білгендей айтыпты. Мен де, о да оқуға түстік. Жатақханаға орналастық. Кей күндері жұмасына екі-үш рет кездесіп жүрдік. Кейін емтихан жақындап, қарым-қатынас сиреп кетті. Әрі ағамнан келген хаттар да бұған себепкер еді; ол ылғи да: «Түнде жалғыз қыдырма. Қалалы жер, біреу-міреу қате істер. Сақ бол. Сабағыңды біл. Менің жатсам-тұрсам тілеуім — сенсің. Анау «Жалғыз ағаштағы» нағашыңның баласын білуші ме ең? Соны бұзықтар сабап кетіпті. Бәлністе дейді», — деп жазатын.
Ондайда ағамның өзін көріп отырғандай болатынмын; ауылды сағынып, елегізіп бітетінмін ғой.
— Сен ауылды сағынып жүрсің-ау шамасы. Көп айта бересің, Науаш. Лекциядан тыс спортпен шұғылдансаң, уақыттың қалай өткенін білмейсің. Сонсын театр, музейлерді аралайық, — дегені де бірде Айша. О да менің сүлесоқ күйімнен секемденген-ау, ә?
Тегінде адам өзінің қатты сүрініп, бақытсыздығының жақындығын сезе ме деймін; табиғаты сақтандырғандай көңілінің қошын келтірмей, қабағына көлеңке ұялатып қоятын да тәрізді ме, қалай. Науан солай деп ойлады. Өйткені сол кезде қарадан-қарап жүріп, өз-өзінен жүнжіді, тіптен ұнжырғасы түсіп кетті емес пе?!.
Ұмытпаса, май айының іші. Мереке күні. Айша екеуі қала шетіндегі бір кинотетрдан келе жатты. Ойында дәнеңе жоқ. Бесіннің шамасы. Ел аяғы сиремеген шақ. Кенет екі-үш жігіт көлденең көшенің қалтарысынан шыға кеп, бұлардың алдын кес-кестей берді. Әсіресе, төртбақ, жауырынды келген, басында күнқағары тілдей кепкасы барының түсі суық. Үстіндегі қара костюмі алқа-салқа, жанындағы ұзын тұра мұрттыға иек қағып қояды. О не дегені? «Пышақты сол бүйірден сал мынаған. Көше жиегіне сұлата салайық», — дейтін тәрізді. Шикіл сары үшіншісінің басында қалпақ: әлгіні маңдайына, көзін жасыра, түсіріңкірей киіпті. Ол Науанды сырт айналып оң жағынан кеп тоқтады. Науан буын-буынын ұсақ бір діріл билеп алып бара жатқанын сезінді: әлі құрып, Айшаның тас қысып оң қарынан ұстап алды. «Қазір... Қазір өлтіреді. Әне, кепкалы, жауырындысы қолын жан қалтасына салды. Шығармайды ғой. Неге? Неменеге жылымшы күледі? Не керек өзіне?» Науан сұрамақ еді, тамағы құрғап, дыбысы шықпады.
«Мынay мұрттысының оң жақ көзінің астында көк жолақ тыртық, жара ізі бар. Пышақтан... Иә-иә, пышақтікі. Науанның жаны түршікті. Айша да секемдене ығысқанда, Науан тіптен қалтырап кетті.
— Балақай, бикешіңді ағаңа тастап кетсең қайтеді, ә? — деді әлгі төртбақ қырылдай сыбырлап.
— Әй, сүмелек естимісің? Саған айтады. — деп мұртты иығымен қаға төнді. — Кәне, жалтырат табаныңды!
— Әйтпесе...
Кепкалы көзін сығырайта кеуделеп кеп қалды. Осындайда жанаса бере іштен тартып жібереді екен дегенді Науан талай естіген: сонан да жүрегі су етті. Өзінің Айшаны тастап, қалай зыта жөнелгенін аңдамады.
— Науан! — деген Айша даусына да қайрылмады-ау. Оһ, сұмдық-ай!
Бір көше айнала бере өзінің қас масқара болғанын сезді; жалт бұрылып, кейін жүгірді. Кешігіпті... Айша қарсы кезікті. Тістене тура қарап:
— Сорлы! — деді де, өтіп жүре берді. Қайрылып артына қарамады. Науан қалшиып қатты да қалды.
Айшадан кейін екі жігіт өтті. Әлдекімге күліп барады.
— Қыз өжет-ақ екен! Анау үш сүмелекті сұлатты-ау, ә?
— Мұртты ұзынды ағашпен жауырынынан қалай қонжитты.
— Ағашты қайдан алды?
— Білмеймін.
— Кепкілі аласа бойлысын сен де әдемі ұрдың.
— Ойнап едік, — дейді азарда-безер боп...
Науан жатақханасына қас қарая жетті. Төсегіне шешінбестен етпеттей құлап, егіл-тегіл дыбыссыз жылады. Онан бері қуаныш та, күйініш те болды. Әйтпесе де Науан үшін бақытсыз, өмірі ұмытылмас күн сол. Айша сонан кейін жылы қабақ білдірген емес. Екеуінің арасындағы тәтті тыныс осылай үзілді. Ол оқу бітіріп, елге кетті. Бұл астанада қалды.
Бір жылдан соң Айша қазасын естіді. Науан көп кешікпей үйленді. Сонда ол өмірдегі қайғы-қасірет ұмытылады, о да жара сияқты бітіп кетер деп ойлаған. Қайта айналып соқпас деген. Сөйтсе, жараның да әр түрлі болатынын бітеу жараның да сыздайтынын кейде ісіп, кейде басылып жазыла қоймайтынын білмепті. Тіпті тыртық боп бітіп кеткен жарақат орны екеш, о да адам қатты ренжіп, не қысылғанда қызыл белдеуленіп, «мен мұндалап» шыға келмеуші ме еді?! Жүрегіндегі сондай бір ескі бітеу жараның сыздай бастағанын, әлденеге ылғи алаңдап, көңілінің хошы жоқтығын да ол енді түсінген тәрізді.
Айшаны ұмыта алмапты. Науан оны ешқашан ұмыта алмайтынына көзі жетті. Өмірінше сол бір әлсіздігін өкініп, жаза кешіп өтерін, еш ақтала алмасын сезімін жатыр.
Таң саз бере көзі ілінді. Онда да көп ұйықтай алмады. Қойдың маңырағаны, түйенің ботасын қимай қайрыла, екі құмның астынан үздіге боздағаны оятып жіберді.
Күн биік шағылдың үстіне дөңгелеп шықты. Қыстау мен шоңғалдардың батыс бетіне тырмысып, төрт тағандап сұлап жатқан текеметтей мол көгілдір көлеңкелер әлгінде ғана сырғып, сәл жылысқандай еді; енді міне жым-жылас жоқ. Бейне бір құдіретті күш сыпырып-сыпырып, тап-таза қып кеткендей. Екіндіге талас қауқиып қалың көрінетін шоңғал төбесіндегі шөп те осы қазір мол төгілген күн шұғыласында өрт шалғандай сиреп, селдіреп тұр. Шағыл етегінде жайылып жүрген түйелер де бір түрлі, сиықсыз-ақ; тырнаның аяғындай сирақтары сойдиып, сағым көлінде қалқып барады. «Ғажап», — деп ойлады Науан бір сәтке көңіл кірбіңін де, шала ұйқылығын да мүлде ұмытып. Сүлесоқтана жата бермей, ерте тұрғанына да разы сияқты; қара шашын шалқалай қайырып, иегін сипап қойды. Әлдеқайдан қоңыр самал соғып, үстіндегі жеңі шолақ ақ жейдесін желпіп өтті: денесі судыраған матаның жеңіл бір салқындығын сезініп, ол сергіп қалғандай болды.
— Науаш!..
Науан жалт қарады. Ағасы Қасан екен. Үлкен ұлы Өмірзақты қолынан жетелеп қыстаудан бері бет алып келеді.
— Иә, аға?
— Қалай ұйықтадың, Науашжан? — деді Қасан, інісінің күн шалып, жел қақпаған ақ сұр жүзіне үңіле қарап. Оң қолын оның иығына салды. — Тамақ ішпедің ғой. Ауырып жүрген жоқсың ба?
— Жоқ... Жәй, әншейін.
Қасанның үстінде қоңыр костюм. Аяқта қолдан тіктірген бақа бас қара етік. Шетен қалпағымен желпініп қойды. Құм қазағының қандай шілдеде жылы киінетін әдеті; олар айтса, күн жұқа киініп, шілтигендерді сорлатады; қалыңнан өтпейді.
— Күн жақсы-е? — деп Қасан өз-өзінен тамсанып, қалпағын қайта киді. Өңір ілгегі ағытулы; үтіктелмеген таза, сарғыш көйлегінің жағасы ширатылып, костюм астынан шығып тұр.
Пенжегінің етегінен тас қып ұстап алған, бес-алты жастың шамасындағы секпіл бет, сары баланы аңдайтын емес. Қолын оңды-сол сілтеп, әлденені Науанға тәптештей түсіндіріп жатыр.
Баланың үстінде мол тігілген ұзын жең ақ көйлек, сұрғылт шалбар. Жалаң аяқ. Көйлектің сау ілгегі жоқ, алқа-салқа. Ышқырын ауық-ауық көтеріп қояды. Әкесіне қарағанда, әлжуаз, сыланып-сипанған, айналып-толғануы аз, мынау салқын жігіттің бар тірлігі оған жат. Оның ағасына ұқсамайтынына Өмірзақтың таңданатыны да сонан. Мәселенки тетелес інісі өзінен аумайды. Қияқты ат қып шапқаны да, ең арғы төркіні сүйектің майына әуестігіне шейін тартқан. Көкесі құлқын сәріде тұра сала қыстаудың сыртына шығып, олай-бұлай жұлқынбайды, тоңқаңдамайды. Үйді айналып та жүгірмейді. Бетін ақ көбік қып сабындайды да, лып-лып еткен өткір ұстарасымен қырынады: сонсын жуынып, сүртінеді де, шайға отырады. Мына кісі жуынып, сүртінгеннен кейін барып қырынады. Онда да ойыншық машина сияқты алақандай ақ бірдеңені бұрап-бұрап, ара тәрізді ызылдатып алады да сонысымен сақал-мұртын үйкелей береді, үйкелей береді.
Төменнен жоғары, сол көзін қыса өзіне баланың тесіле қарап тұрғанын Науан жаңа байқады.
— О, Өмірзақ, сен қайдан шықтың? — деді Науан сәбидің қылтанақтай қатты, тікірейген шашынан күлімдей сипап.
— Менімен бірге малға барам деп сандалып тұр да. Күн болса мынау — шақшиған. Әлі-ақ ысиды. Зерігеді ғой.
— Сен онан да, Өмірзақ, маған ілес. Жаңа құдықты көрсет. Ескісін өзім де білем. Қауға тартып, астауды толтырып қоймаймыз ба? Дыңдай жігітпіз, неміз кетеді көмектескеннен, — деп Науан сәби жүзіне еліктіре үңілді. — Ағаның осынша мақтанған су тартатын моторын көрелік. Тоқтап қалған екен.
Інісінің жеңіл әзіліне Қасан кеңкілдей күлді; аса разы. күлімдеп баласына жаутаң-жаутаң қарайды.
— «Шошынбадым» десем, сіз... иә... айнам, сенбейсіз ғой, — деді ол. Қырсық шалғанда, Айшаның осы сіңлісінің аты аузына түспеді.
— Науан аға «сіз» демей-ақ, «сен» дей беріңіз. Ағасыз ғой, — деп қалды қыз бұрымын қылықты бір назбен, ақ білегі жарқ ете жаурынына қарай серпе тастап. — Менің атым Жанар...
— Білем... Білем Жанар екеніңді, — деді Науан өзі құрған торға өзі шырмаланғандай әбігерленіп.
Жанар өзін шақ ұстап тұр. Күлкі қысса да, шыдап бақты. Жүзі алау тартып, екі бетінің ұшы ду-ду еткендей болды. Бәлки, өзіне солай көрінген шығар. Манадан жанында мөлдіреп тұрған екі шелекке қарады: жалаң аяқ еді, енді сонысынан қысылды. Су төгілген ылғалды қиыршық құмға башпайын тығып, кібіртіктеп қалды. Науан мұның бірін де аңдамаған тәрізді; байқаса да, көрмеген жанның райын танытып, желдей есіп кетті. Неге шошынғанын да жасырмады. Сәл де болса, Жанардың қысылғаны әлдеқандай бір ыңғайсыздық сезінгені өзіне қамшы болғандай екен. Сол сәтінде Науан өзінің ғалымдығын, жасы үлкендігін, бойдақ еместігін — бәрі-бәрін ұмытты. Дүниеде екеуінен өзге тірлік, пенде бар деп білмеді. Жанар да ақ жарқын, ашық ағаның аңқылдап, жан сырын ашып салғанына, кішісінбей қатарына тарта сөйлегеніне дән разы. О да бұ кезде құдыққа суға келгенін, әкесі, шешесі, сіңлілері барын, әлі де мектеп баласы екенін, он жылдықты келесі жылы ғана бітірерін ұмытты. Көз алдында жүдеу өңді, ақ сұр жігіт тұр. Сол әлдеқайда шақырғандай, әлдилегендей де болады. «Ұят-ай, бойжеткен қызды сәбише әлдилей ме екен?» — дегендей жеңіл бір қысылыс бар. Әйткенмен, мынау құм арасындағы жалғыз қыстаудың жанындағы құдық басында кездескендеріне шүкірлік етеді. Екеуі де дүниеде басы бос азат жандар еместігін; өздерін іздер, иемденер, жібермес күштің барын осы қазір бір сәтке ұмытты. Әйел, бала алдындағы парыз, міндет деген де адыра қалды. Дүниеде екеуі ғана... Мектеп те, ата-ана да жоқ. Тек екеуі... Сонсын түкке керексіз бос сөз... сөз...
Парыз, міндет — асуы қиын асқар шың. Кез келген өтей алмайды. Ал сол бір парыз, міндет атаулыдан өтіп, мына екі жан жол тапса қайтер? Жоқ... Ол мүмкін емес. Қазіргі бұғанасы қатпаған бір пәк сезімді ардақтай алмай, жүдетіп, есейтіп жіберер еді.
— Науан, осы айтқаныңызға сенесіз бе? — деді Жанар тұңғыш рет жігіт жүзіне ыстық қарап.
— Бар болғаны түс қой.
— Дегенмен қызық екен, Науан.
«Тағы да: «Науан», — деді. Ғажап... Үні де сүйкімді. Ет-жүрегің елжіреп қоя береді. Маған не болды?» Бір ыстық жалын шапшып басқа шықты. Жігіт өз-өзінен сергіп, себепсіз кеңкілдей күлді.
— Иә, мен өзім де соған таңмын. Сені... Жанар, нақ осындай сәскелікте, құдық басында көрдім...
«Не деп тұрмын-ей. Оны әлгінде ғана айтпап па едім?» — деп ойлады Науан ізінше.
— Ойбүй, кідіріп қаппын. Апам ұрсып жатыр-ау. Кетейін, — деді де Жанар иінағашын жерден алып, екі шелекті оның басына ілгелі еңкейді де, жеп-жеңіл, көтеріп алды.
— Жанар...
— Иә, аға?
— Мені... Мені бір әдепсіз жанға саймасаңыз, тағы да кездесіп, әңгімелессек қайтеді?
— Ауыл бұған не дейді, аға?
— Бөтен көрмес...
— Білмеймін, аға.
— Жанар...
Езу тартқан қыз жүзінен ол тағы да бір ыстық ықыласты шалғандай: мүмкін, оған солай көрінген де болар, кім біледі?! Иінағашпен екі шелек суды жеп-жеңіл көтеріп, талшыбықтай бұрыла басып кетіп бара жатқан қыз соңынан үнсіз қарап қала берді. Ол биік шоңғалды айналып көрінбей кеткенде ғана өзінің әлденеге жүрегі лүпілдеп, алқынып тұрғанын сезінді.
Су тартатын мотор да есіне енді түсті.
* * *
Түн. Ай сүттей жарық. Жота-жота құм басы ақ сәлде тартып алғандай сәулеленіп жатыр. Төңірек құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тек қыстау маңынан манаураған мысық көзіндей жылт-жылт жетім от көрінеді.
— Әрине, Алматы әсем қала. Құм ішіндегі ауыл емес. Онда уақыт жүрдек, — деді жігіт терең күрсініп.
— Мұндағы тірлік сізді жалықтырған-ау, шамасы.
— Жоқ, Жанар... Керісінше, қызықтырды.
— Ендеше неге асықтыңыз?
— Баспаға берген кітабым бар еді. Сол кеткелі жатса керек. Соған шақыртқан сияқты.
— Ә... Өзіңіз жаздыңыз ба, аға?
— Иә... Ғылыми еңбек қой, — деді Науан костюмін шешіп, жанында келе жатқан жұқа ақ көйлекті Жанардың жауырынына жапқалы ыңғайланып.
— Рақмет, аға... Керегі жоқ. Мен тоңбаймын. Шілде түні ғой.
Науан амалсыз пенжегін өзі жамылды; қайта киіп алудың ретін таппады; әрі ыңғайсыз көрді.
— Сіз өзіңіз келдіңіз бе, жоқ әлде Қасан ағам шақырып кел деді ме?
— Иә, аға жіберді.
— Мен шақырсам, келмейсіз ғой, шамасы?
— Неге келуге тиіспін? — деді Жанар.
— Мен де аға емеспін бе? Аға сөзін тастамас болар, Жанар.
— Әрине. Ендеше жүріңіз.
Науан өз сөзінен тұтылып қалғанын сезініп, Жанардан айрылар сәттің таяулығын да ұқты. Қыздың көлденеңдей алдын орап, жолын кес-кестей берді.
— Сәл аялдай тұралықшы, Жанар. Мынау айлы түн... менің түсім сияқты.
— Түсінбедім, аға? — деді Жанар жүре түсіп.
— Мен ертең жүрем.
— Естідім Қасан ағадан.
«Мынау қызға деген іңкәрлігімді сезіп, аға тілеулес боп жүр ме екен? Апыр-ай, сонда бұл қалай? Жанардың да үйі сезсе, ұят-ау». Науан көңілі алабұртты: аға ісіне көңілі өссе, енді Жанардың әкесінен қысылды.
— Бұл ауылдың қонағын разъезге шығарып салатын мен. Үлкендердің малдан, қыстақтың от-суы, шөбі дегеннен қолдары босамайды. Әрі сіз аяқ астынан кеткелі жатырсыз. Ертең малды кірәленге тоғысатын күн. Өмірзақ разъезден атты әкеле алмайды ғой. Кішкентай. Сондықтан мен барам, — деді Жанар ойнақы, күлім-күлім етіп.
Ол мұның бәрін Науанға емес, теңіз толқынындай өркеш-өркеш құм мен айлы түнге айтқандай еді. Жігітке тура қарамай, бір қырын, жүзін бұрып әкетті. Науан оны өз пайдасына шешті: «Көңілі осы маған бөтен емес-ау», — деп ойлады кәдімгідей соған марқайып.
— Солай деңіз...
— Иә, аға... солай, — деді Жанар ілгері жүре түсіп. Әне, ол ақ туфлиін шешіп, ішіне толып кеткен құмын төгіп жатыр.
Әлдеқайдан әупілдей ит үрді. Терең бір құдық түбінен шыққандай құмығын барып, о да басылды. Тағы да төңірек тып-тыныш. Сонау батыс жиектен күміс жебедей ағып, жұлдыз өтті. Сәлден соң бұйығы өңірді тітірендіре шымырлатып үзілте түйе боздады. Науан елеңдей құлақ түре қалды.
— Біз көп кешіктік, аға. Күтіп қалса, ұят болар, — деді Жанар Науанның жауабын тоспай, үйге бет алып.
— Қандай тамаша!
Науан тамсана басын шайқады.
— Нені айтасыз, аға?
— Түн... Айлы түнді айтам.
— Иә. Сіз туған жеріңізді ұмытпапсыз.
— Қайдан білдің, Жанар?
Жанар таңдана қасын керіп, жалт қарады.
— Ойнамаңыз, аға.
— Ойнаса ше?
— Сіз құдықтан су тартатын моторды жөндедіңіз бе?
— Жоқ... Қолымнан келмеді. Сұрағыма жауап бермедің ғой, Жанар? — деді Науан күмілжи.
— Тыңдаңызшы... — Жанар қыстау жақтан естілген домбыра үніне еліте іркіле берді. Науан да тыңдай қалды.
Күйші де мынау құм ішіндегі екеудің жанын ұққандай, тыныштық түнін бұзбай, қоңыр бір әуен ойнап отыр. Домбыраның көмейін күмбірлетіп аптықпай, майда үн тереді; көп қылғынтпай, екі шектің үстіңгісін де жиі жетекке алып, сыпыра шертіп-шертіп жібереді. Ондайда домбыра ит бүлкілінен жаңылып, ойнақтай, тазының күшігіндей арсалаңдап секіреді. «Апыр-ай, бұ қай күй? Жанбота ма? Жанбота... Иә-иә, Жанбота...»
— Менің көкем ғой тартып отырған, — деді Жанар елп етіп.
Науан көңілі бөлініп кетті. О да қуанды. Неге? Тегінде жақсы ән де, күй де, қуаныш-ау өзі.
— Арқа әнін сүйеді. Жиі тартатын әні де осы.
— Сен ше, Жанар?
— Мен де осы әнді сүйем.
— Домбыра тартамысың?
— Әрине.
— Жанар...
— Жүріңіз, үйге баралық, — деді Жанар аяғын асыға басып.
Науан үнсіз, әлденеге қуана ілесті.
* * *
Таң ақ жалаулана тұрған ағасының әлі сол тынымсыз күйбеңмен ауылдан шығандап, қой соңынан кете алмай жүргенін Науан аңдап отыр. Әне, ол қамшысын есік қайрылысына тарс еткізе тастап, ши қалпағын қолына ұстап ішке кіріп келеді. Жүзінде бір кіреуке бар. Жалтақ-жалтақ қарап қояды: інісіне айтары да көп сияқты. Пәлендей ештеңе жоғын, тек жібергісі келмей қимай жүргенін әрине Науан біледі.
— Келіннің, кішкентайлардың саулығын хабарлап, Науанжан, тілгірам сал...
Телеграмманың жай хаттан айырмасы шамалы. О да құмдағы бұл ауылға үш-төрт күнсіз жетпейтінін Қасан сезеді; әйтеуір көңілде бөтендік жоқтығын аңдату еді де.
— Жер аяғы алыс қиянда жатсақ та, кәкір-шүкір, оны-мұны жіберуге жараймын. Қалада бәрі сатулы. Сорпа-сусыз отырма. Хабар бер... Соғымдығың менен болсын...
Бауырмал аға сөзін Науан құлағына да ілмеді; ойы мынау қапырық қыстаудан ұзап, Жанармен бірге жүрген, соны көруге асық, жүрегі лүпіл қағып, кейінгі күндері сағынатынды тапты. Әйтсе де, сыр бермей орнынан тұрды; аға сөзін бөлмей ілтипатпен тыңдаған рай танытып, күлім-күлім етеді.
— Аға, уақыт тауып сіздер де келсеңіздерші. Ел, жер көріп кетпейсіздер ме? — деді Науан Қасанның жауырынынан құшақтап.
Екеуі де сәл үнсіз қалды. Өмірзақ осы бір жолы тыныштықты бұзып:
— Жарайды десейші, көке, — деді. — Мен Алматыны көргім келеді.
— Тыныш...
— Көке, мен ағамды резъезге дейін шығарып салайыншы, — деп Өмірзақ есік алдында бүкіл осы көрініске тебіріне, сілтідей тына қарап тұрған шешесінің жанынан томпалаңдай жүгіре шығып, әкесінің шалғайына орала кетті.
— Ниетіңнен айналайын. Өміртайым... Әлі талай шығарып саласың ғой. Бұғанаң қатсын тек.
Қасан күреңітіп, терши түскен әжімді маңдайын жан қалтасынан алған көлдей орамалымен асықпай сүртті де, ши қалпағын киді. Томсырайып үндемей тұрған Өмірзақтың бетіне үңіле сөзін жалғады:
— Жә, ренжіме... Разъез қырық шақырым. Атты алып қайту керек. Ол оңай шаруа емес, балам. Жанаржан шығарып салады. Әттең, бүгін әлгі қойларды суға тоғытатын едік. Әйтпегенде Науанжанды өзім-ақ...
— Қайтесіз, аға, соған бола қыруар шаруаны тастап, — деп Науан асыға сөзін бөліп жіберді.
— Жоқ-ау, соны ертең де бірдеңе ғылар ем. Мал дәрігеріміз келеді дей ме.
— Ештеңе етпейді, аға. Барысымен хат жазармын. Биыл болмаса келесі жылы бізге соғыңдар.
Ол жеңгесінің жалт етіп, қуана Қасанға қарағанын шалып қалды. Сарғыш гүлді, жұқа креп-жоржет көйлегінің өңірін сипалап, іле жүзін тайдырып әкетті. Науан осы жеңгесінің ашылып бір сөйлегенін, не дауыс көтеріп ренжігенін көрген емес; оқып жүрген кезінде, сондай бір ашық, күлегеш еді. Науаннан екі жыл бұрын бітірді; аудандық кітапханада істейтін. Науан институтта оқып жүрген кезінде Қасанның үйленгенін естіген-ді; онан соң сол жылы каникулға келді. Арада талай заман өткен сияқты. Әйтеуір ғажабы сол — бұл кісі жеңге боп әзілдеп, сыр тартпайтын. Сабырлы жан. Науанның қолынан қандай базарлық алмасын, азырқанбайды; жадырай, сәбише қуанады. Науан өмірі ақша, не киім сұратқан жоқ. Әйтсе де дәл бір қысылған шақта ақша, кейде көйлек-көншек келе қалатын. Соның бәрі мынау жеңгенің тірлігі. «Жазда каникулға барғанда сұрайыншы. Менің тұйыққа тірелгенімді қайдан біледі екен», — деп талай әзілдегелі оқталған, реті келмей-ақ қойғаны. Не ұмытып кетеді.
— Мен сіздерді күтем, аға. Алда-жалда өзіңіз уақыт таппасаңыз, апамды Өмірзақпен жіберіңіз.
— Жарайды, жаным... Малдың шөбін жинап үлгерісімен, күзде көрерміз, — деді Қасан Науанды құшақтай маңдайынан сүйіп. — Аман бол... Күн-түн қатып әлі оқып жүрмісің? Жүдеусің ғой. Күтін, жаным. Ауырып қалма. Сен онда жалғызсың...
— Жолдастарым бар, аға.
— Дегенмен де елден жырақтасың кім біледі, — деді Қасан үні бұзылып.
«Өзі қартаяйын деген-ау шамасы. Тым елжіреуік болыпты-ей. Ө несі, ә?» — деп ойлады Науан ағасының елпілдеп, түсі қаша, ұзақ сапарға, жат бір елге аттандырып жатқандай абдырағанына таңданып...
Енді міне жол үстінде де еріксіз ағасын есіне алады. Ауылдан шыққалы да жарты сағат уақыт өтті. Күн де әжептәуір көтерілген: көз жетер маң сағым ішінде бұлдырап тұр. Аңызақ та бетті қари соғып қалады. Ертеңгісін шағылдың ойық жарлау қабағында тебінгідей-тебінгідей көлеңке бар-тын; о да көктемгі қардай жидіп, құмға сіңіп, жым-жылас жоғалған сияқты. Сары шағылдар ғана сол қалпы; жусап жатқан мың сан алып нарлар тәрізді: кей тұста асу бермей өңкиіп, жолыңды кес-кестейді; бітер де емес, етек-жеңі кең-ақ екен — көсіле түседі. «Бұл жердің қысы да жеңіл. Қар көп жаумайды. Тез кетеді», — деп Науан күбірлеп, өз-өзінен сөйленді. «Малға жайлы. Тек жел жаман. Сол ғой құмдағы ауылдың құтын қаштыратын».
Науан астындағы шабдар көктің тізгінін босатып, күн қағар көзілдірігін киді. Ердің артқы қасына байлаған шамаданын бұрылып, қолымен түзетіп қойды. Аға да, жеңге де бірте-бірте ұмытыла бастады. Қынама бел ақ көйлек киіп, қызыл жібек орамалды тамақ астынан орай тартқан Жанар бәкене жалды торысын сипай қамшылап, құрық созым алда кетіп барады. Науан ойына жаңа, бұдан жарты сағат бұрын, Жанарды ренжітіп алғаны түсті. Ауылдан бір бел асқанда:
— Жанаржан, елді көзден тасамыз. Разъездің басында қоштаса алмаспыз, — деп батылдана үзеңгі қағыса жанасты да құшақтай, қарсыласқанына да қарамай, ыстық қыз ернінен сүйді.
Ұрлық астай еш ләззәтсіз сүйістен Науанның да тапқаны шамалы. Жанар енді міне сөйлеспей ренжіп келеді. Алау жүзі де суық тартып, әлдеқандай бір жиіркенішін аңдатады.
— Жанар, кешір мені... Мен...
— Не үшін?
Жанар сол бір қырын қалпы, мойнын да бұрмады. Үні шымыр.
— Сүйгенім үшін...
— Сіз сүйгеніңіз жоқ.
— А, иә... Әрине...
Мұнан арғыны Науан ойлағысы да келмеді. Астындағы атын тебініп-тебініп жіберді. Әлгінде ол ауылды қимай қатты толқыды; демалысы бітпей тым ерте кетіп бара жатқанына да ренжіді. Мүмкін о да осы қызға деген іңкәрліктен туған күйініш шығар. «Ғылыми еңбегім ғой. Әйтпece... Жо-жоқ, ақталудың керегі не?.. Иә, Айшадан аумайды. Тамақ астынан орай тартқанда бастары қуыршақтай боп қалады. Соның өзі келісті, әдемі. Қалаға барса, мынау орамал көзден бір-бір ұшады, әрине...» Науан Жанармен үзеңгі қағыса атының тізгінін жинады.
— Осылай разъезге дейін үндемейміз бе, Жанар?
Жанар езу тартты. Жауап қатпады. Әйтсе де Науан мойнынан бір зіл түскендей жеңілдікті сезініп, жадырап сала берді. Қыздың күн қақты қоңыр білегі де, жұмыр иығы да еркіне қайта тигендей ұрлана әлсін-әлі қарап қояды. Жаңа байқады. Жанардың қамшысы бөлекше екен. Қызыл жыңғыл саптың әр жеріне күміс шеге қағып, сүйек жүгіртіпті.
Қыздың толықсыған бойына көзі еріксіз іркіліп қалғанын да ол енді ғана аңдап, жүзін тез тайдырып жіберді. Сонан Науан өзінің осы жолмен талай интернаттан, кейін институттан қайтқанда жүргенін үлкен бір сағынышпен айтты. Ойына Айша оралды... Сәл бөгеліп қалды. «Несіне жасырам? Достығымыздан бөтен не бар. Анау жайды бұл білмейді ғой. Бұған айтпас, тетелес сіңлісі емес», — деп ойлады Науан.
Құм да артта қалды. Жыра-жықпыл жиі ұшырап, жер ақ тықырлана бастады. Жанар әлсін-әлі күлімдей жалт қарайды. Науан кейде аспандағы күнді куәға тартқандай, тізгінін қоя беріп, қос қолын көкке көтереді. Ондайда екі бетінің ұшы оймақтай шұқырайып, маржандай тісін көрсете Жанар сыңғырлай күледі. Әне, дария бетіндегі жалғыз кемедей жиектегі сағым үстінде қарауыта қалықтап, разъездің жалғыз, қызыл қыш тастан салынған үйі де шығып келеді. Салт атты екеу де соған бет түзеп барады.
— Айша апам да сізді соңғы жылдары жиі әңгімелейтін, — деді Жанар.
Науан түсі қашып, үндемей қалды. «Не деді екен? Айтты ма, жоқ па?..»
— Сіздің әнді сүйегіндігіңізді, жазды күні құм ішінде адасқандарыңызды...
— Иә, ол бір дәурен еді ғой, — деп Науан еріксіз күрсініп, атын тебініп жіберді. — Студенттік өмірімізді айтып та күлдірген шығар?
Жанар қабағын шытып, үндемей сырт айналды. Сол сәтінде ол өзгеше сұлу көрініп кетті. Әйел адамның кейде кейігенде де ажарланып жүре беретіні бар. Қазіргі Жанар сол бір ғажап күйде. Науан не істерін білмей өз дәрменсіздігіне ызаланды. Жо-жоқ, бұл Айшадан да сұлу...
— Иә, Науан аға, оны да айтқан. «Сүрінді, — дейтін сізді. — Өзін-өзі жазалап болды. Менің бұным қаталдық. Енді кешіру жөн», — дегенін де естідім. Ол мені баласынбай қатарына тарта сырласатын. Жаздың қысқа түні қалай атқанын да сезбей қалушы ек.
— Сен... Сен ше, Жанар... Кешірер ме ең?
Науан қыл үстінде тұрған жандай жүзі шүберектей қуарып, қызға тура қарады. Әңгіме аяғының осыған тірелерін білмепті. Жанар көз қуанышы ғана емес, Науан үшін соңғы күндері ол сағыныш, арман еді. Сонан айрылдым ба деп қорықты. Арада талай жыл өтсе де, сол бір әлсіздік ұмытылмағаны ма? Ылғи да кесе-көлденең алдынан шыға келетіндей де көрінетін. Адам әлдеқалай бір-ақ рет сүрінгенінен өмірінше опық жемесе керек-ті. Жанар не дер?..
— Міне разъезге де келдік, — деді Жанар ат тізгінін тартып. Іле қолындағы бармақ басындай сағатына қарады. — Жиырма минуттан соң поезд келеді.
Науан атынан түсіп, ер қасына ілген шамаданын шешіп алды да, жерге қойды. Атының шылбырын Жанарға ұстатты да, онан ұзақ көз алмай тұрып қалды. Жайшылықта бұл Науан қолынан келер ме еді? Жоқ... Ендеше бұнысы несі? Жанкештілік пе? Жанар жүзін жасыра сырт айналды ғой.
— Жанар, неге жауап бермейсің?
Ат басын кері бұра түсіп, Жанар сәл іркіліп қалды.
— Не дейін, аға?
— Кешірер ме ең сен?.. Сүрінбейтін тұяқ жоқ қой, — деді Науан асыға.
— Жоқ... Кешірмес ем, аға...
Поезд үстінде де осы бір қыз үні құлағынан кетпей қойды.
«О, туған жер, сен ше? Кешірер ме ең? Ит те болсам, сенің бауырыңда өстім ғой». Дала дөңгелене қалып жатыр. О да терезе алдында тұрған мынау ақ сұр жігіт жүзіне үңіле қарап, жалт бұрылып безіп барады. Поездың доңғалағы да бір қалыпты тақылдап: «Кешірмес ем... Кешірмес ем», — дей берді.
Науан жолаушының бірінен шылым алып тұтатты да, бұрқырата, құшырлана сорды.
Поезд заулап келеді.
1970 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі