Біз 6/IІІ-күні Мәскеуге келіп орналастық.. Әскер де болып алдық. Деніміз сау. Ойнап жатырмыз. Бүгін,. сенбі күні, қолымыз тиіп, хат жазуды қолға алдық...
Әскери киім бергеннен кейін елден киіп келгендерімді қайтару керек екен, мен сол киімдерімді:, көрпе-төсегімді саған жібердім. Аларсың.
Мұқан-ай, адам әр түрлі болады ғой. Сонымен қатар ;әр түрлі іске де, қиыншылыққа да үйренбекші: Алматыда бір сағатта киініп болмайтын Баубек қазір 3 минутта киініп болады; 3-4 сағат қызмет істеп, қарап отыратын Баубек, енді он екі сағат қызмет істейді, сағат онда төсектен тұратын батыр, бұл шақта ертеңгі алтыда қақшиып тұра келеді. Сөйтіп, бес күннің ішінде-ақ осылайша құрдай жорғалайтын болып алдық. Барлық өмір осында. Мұндағы өмір өмір емес деген сөз Алматыда айтылған құр бос сөз екен. Шын өмірге жаңа араластық.
Мәскеуді аралап, қызықтарын көрдік, метроға түсіп, электр поезымен жүріп өттік, әрине, командамен (айн, цвай дегендей).
Адам қызық сияқты, өздерің шығарып салғаннан кейін әр түрлі адамдармен жолдас болдық. Ең қиын нәрсе елден кетемін деу емес, кетіп қалу емес, ұзақ жерде жүру емес, тек жүрер сәтте он-он бес минут — нақ қол алысып айрылысу уақыты аса қиым екен.
«Расстаться трудно, плачу я,
Оставаться не могу, милая моя...», —
деген сияқты нағыз айрылысу шақ киын екен. Мысалы, сендер Қатира екеуің сыртта, біз вагонның ішінде тұрып қоштастық. Мен вагонның ішінде өлі тиген жылқыдай теңселіп жүрдім. Тек сендер тұрған есікке қарай беттесем, көзімнен жас ыршып кетеді. Тіпті киын болды. Жыламайын деп кейін шегінемін, бірақ сендерді қимаймын, вагонның есігіне қарай жүрсем болғаны көзімнен жас атып кетеді. Тіпті, адамның жүрегінің елжірейтінін бірінші рет білгенім осы. Бір жақсы жері, вагонның ішіндегі жастардың бәрі де өзімен өзі болып менің жағдайымды байқамады.
Мен сенен гөрі Қатираны қимадым, кезімнен шыққан жастың бәрі шынын айтқанда Қатира үшін сияқты болып тұрды. Соңынан вагоннан шығып, жерге түсіп қоштасқанымда сенін, жүдеп тұрған пішінің, оның үстіне жапанда өскен жалғыз кәдедей маған, менің жалғыздық дүниесінде жаралған жүрегіме онша оңай соқпады. Сөйтіп тұрсам, мына жағымда Ғазиз — ана Мұқан иттің қиналып тұрғанын - ай, — деп еді (өзі де сендерді қимай тұр), мен онан сайын тегін көз жасын төгуді аяғаным жоқ, Ғазиз мықты екен, ол күліп жүрді. Бірақ мен күле алмадым. Жыладым. Неге екенін өзім де білмеппін. Не керек, өзімнің ес білгеннен бері тостағанымды жуғаным (әке-шешем өлгенде де жыламаған едім), жүректің нашарлағаны болуы мүмкін. Екі жылдан кейін елге қайтармыз. Ғазиз бұдан ерте қайтамын деп жүр. Осыған орай мен сендерге ол арқылы сәлем жолдамақ болып отырмын. Оны 5-6 айдан соң қайтаруы да мүмкін. Бірақ бұл ашық мәселе емес. Ең жақсысы қасымда біраз жолдас балалар бар, Ғазиз екеуіміз бір жердеміз, инженерлер батальонындамыз. Мәскеу қысы суықтау, бірақ көйлекпен жүре беруден жауынгерлер қорықпайды.
Өздеріңнің шаруаларын қандай? Қатираның үй іші аман ба? Қатираның үй іші аман ба? Сарамен мәселе жағын қалай көтеріп тұрсын? Ғазиздің үйіне барып тұр. Кемпірді көңілдендіріп қойып, Сара жағын да ептеп былай нетіңкіретіп қойсаң!!! (Көзі кішірейіңкіреп, беті күлімдеңкіреп түр деп ойлап қалма осы кезде). Өзі жақсы бала ғой.
Мұқан, менің ескі киімдерімді, төсек - орнымды шаман келсе түгел сатқызып жіберсең де, болмаса құдайы ғып біреуге берсең де болады. Тек жаңа ботинкам, костюмім, екі жібек көйлегім қалсын. Камалбектін8 шинелін езіне кайтып бер, ренжімесе пальтомды ала сал. Айт!
Қош, Баубек.
Хат жазып тұр! Тек хатпен білісіп тұру да кәп болмас. Ал қолың тимесе, өзің білерсің. Біздің қолымыз демалыс күні болмаса, басқа күндері тимейді. Халықаралық жағдайға байланысты жұмыс күніміз он екі сағат9-
Сенімен мен төрт-бес жыл жолдас болып - ек, бірақ мені армияға барарда ренжітіп жібердің төрт-бес күн түгіл бір күн көңілді жүріп айрылуға мен арманда болдым. Бірақ, не керек, әйтеуір,.сен ренжіме!
Қош, Баубек.
Мой адрес:
Москва, 33. п/я 250
Булкишеву Баубеку.
Тек осы хатты өзің оқы. Менің түнеугі күні түсіп, квитанциясын тастап кеткен суретімнің біреуін жібер, қалғанын қағаздарымның арасына сала сал.
12 июнь 1940 жыл.
Серпухов қаласы.
Мұқан сенің соңғы хатыңды алдым. Біз қазір лагерьдеміз. Ол – Мәскеуден 100 шақырым жердегі Серпухов дейтін қаладан 8 шақырым жердегі Ока өзенінің жағасына орналасқан. Бұл жерде сентябрьге дейін боламыз. Содан кейін басқа бір жел соғып кетпесе, ескі орнымызға қайтуымыз мүмкін. Қазір сабағымыз жүріп жатыр. Күніне 10 сағат оқимыз. Жер өлшеп, жол қарап, көпір салып, оны бұзып, быж-тыж ғып жүрміз. Сағат таңертеңгі 5-тен кешкі 10-ға дейін дамыл жоқ. Бірақ практикалық, тактикалық жаттығуларымыз өте қызық. Инженерміз.
Күніне 30-35 шақырым жер жүреміз, түк те емес. Одан келіп басқа жұмыстарға кіріссек те маңдайымызды тыжырмаймыз. Ғазиздің мені елге қайтарады деп жүргені, менің кеудемнің ауруы бар деп доктордың ауыр жұмыстан босатуы, сөйтіп біраз уақыт жеңіл-желпі істермен шұғылдануыма байланысты. Бірақ босату дегеніміз екі жылдан кейін болмаса, әскери бөлімге келген адам одан оп-оңай кете алмайды...
Жақында ағадан (Сейітжаннан) хат алдым. Түрмеден босапты. І - Алматыдан хат жазып жіберіпті. Телеграмма беруге ақшам болмады дейді. Аядым. Осы күні ол Ұлытауда. Босанғанына қатты қуандым.
Үй ішің келді ме?
Бізге хат жазғанда еш нәрседен үрікпей жаза беруіңе болады. Хат өзінің правосын қорғай алады. Лагерь режимі өте қатаң, қалаға, басқа жаққа лагерьден жібере қоймайды. Бірақ көңілсіз емес.
Мен қазір кухняда отырып хат жазудамын. Түнімен картошке тазаладым, ұйықтағаным жоқ. Бүгін демалыс, кешкі 6-да босанам, тіпті қызық күлкі ғой, қолым кір - кip...
Мұқан, мен кетерде суретке түсіп, карточкесінің квитанциясын саған тастап кетіп ем, соны алсаң бір данасын өзіме жіберші.
Мұсаның үйінің жанына барсаң, келініңнің қасына барған екенсің, танысып сәлем айт, мен оған жазармын.
Өзіңнің: «айтатын сөзім көп еді», дегенің мені қызықтырады, әңгімеңді естігенге құмармын. Толық жаз.
Мен де бір қызық оқиғаны жазатын ем, бірақ асығып отырмын.
Қош, Баубек.
Айтпақшы, менің «Айсұлуымның» халі қандай? Журнал бірдеңе басатын ба. Біл...
Менің адресім:
Московская область,
Город Серпухов, п/я 41
Булкишеву Баубеку.
1940 жыл 14 июнь
Мұқан!
Біз мықтап киініп, түйініп, жүруге ыңғайланып тұрмыз. Әрине командировкаға бара жатырмыз, оның қандай командировка екенін өзің білесін ғой (дөкейі). Бірақ қайда баратынымыз белгісіз. Менен хат күтерсің...
Үй ішіне сәлем айт.
Айтпақшы, кеше тізімімізді алып жүріп, сенімді туысыңды айт дегенде, ойлап-ойлап тұрып, сенің аты-жөніңді жаздырып қойдым. Бірақ адресіңді проспект Сталина, 43-ке деп көрсеттім.
Жақсы, қош. Баубек.
Ғазиз де бірге, аман. Бұдан 2 күн бұрын саған хат салып жіберіп едім, алдың ба?
Мұсаға, Қатираға, апайға, Мәрлен дөкейге16 сәлем айт. Қапасқа, Күлтайға сәлем ант.
Ғазиздің үй ішіне анау-мынау демей-ақ қоярсың. . Өйткені апай жүдеп кетер, жай лагерьге ауысыпты дей сал.
Барған соң, адамдарымен араласқасын, ден саулық, болып, сенен хат келетін жағдай болса, хат жазамын. Қазір сапарға шықтық, жол үстінде жазып отырмын.
22 июнь 1940 жыл.
Пановежец қаласы. литва.
Мұқан!
Біз сырғып отырып, Литваға келіп түстік. Қазір осындамыз. Литва халқы, әсіресе жастары совет жауынгерлерін жақсы қарсы алуы, кісіде ерекше қиял туғызады. Сондықтан да мен біp «Литва қызы» деген поэма жазайын деп ынталанып едім, әттең уақыт болмай тұр. Поэманың қалай басталатынын айтайын: Каунас қаласының сыртындағы көп моланың ішінде арфа ойнаған қайғылы бір қыз отырады. Тіпті тек тіл керек...
Литва туралы өзін де оқып жатқан шығарсың. Шекарадан 200 шақырым өтіп, Литваның үлкен қаласының бірінің жанына келіп бөтен мемлекеттің ортасында ойнап-күліп, ботқа жеп отырмыз. Былтырғы адамның сөзі сияқты. Қазір Пановежец қаласындамыз картадан қарарсың. Литва мемлекетінде. Қашан елге қайтатынымыз белгісіз. Әзір осы жерде болмақпыз. Бізге бір ғана хат жаз деген соң, қорытып келіп саған осыны жазып отырмын. Ағаға мына хатты сала сал. Бірақ бізге хат жазуға болмайды. Тек біздің амандығымызды біліп тұрасыңдар.
Қатираға, Мұсаға сәлем айт, Күлтайға, Қапасқа сәлем айт.
Менің тастап кеткен өлеңдерім не болып жатыр? Мәскеуге қайта қалсақ, телеграмма беремін. Бірақ мұнда әлі көп уақыт болармыз.
Қош, уақыттың өзі аздау.
Мұқан, біздің аға босанып, Ұлытауға кеткен.
Лидаға мына кішкентай хатты бере сал. Жеке конвертке салып берерсің. Хат жөніндегі жағдайды айт. Әйтеуір бір қыздан хат алып тұрайын деген ой ғой. Сен: «Ай, жассың - ау!» — деп жүрме.
Іскеңе апайға сәлем айт.
22 июнь 1940 жыл.
Аға!
Алматыдан салған хатыңды алдым. Бірақ оны алысымен хат салуға уақыт болмады. Тек бүгін ғапа жазуға тура келіп отыр. Қазір мен Литва мемлекетіндемін. Аз уақыт па, көп уақыт па — белгісіз, дегенмен осында армия қатарында кызмет етуге тура келеді.
Мұнда келгелі көп күн болған жоқ. Бірақ біздің келуімізді литва халқы жақсы қарсы алды, алдымыздан гүл алып шықты. Асылы, совет әскерлері қарапайым халықтың көзіне оттай басылған сықылды.
Ескі өкіметтің орнына жана өкімет құрылды. Бірақ келешекте нендей істер болатынын айту киын. Дегенмен, біздің ел үшін бұл зиянсыз.
Аға, сіздің хатты алып қуандым әрі менің кеудемнен құлаған аз ғана өмірімдегі биік шың қайта көтерілген сияқты болды. Менің қайда жүрсем де есімнен кетпейтін бір мықты қорғаным сияқты кейінгі шақта көңілім тоқтайтын, кейде өзімнен - өзім қуанатын биік мұнарам қайтадан көтерілгендей болды. Дегенмен: «телеграмма беруге ақшам болмады»,— деген сөзіңіз көңілімді бұзды. Не керек, өмірдің соққысы кімге тимейді. Өтіп кеткесін бәрі қуаныш қой. Босағаннан кейін ана Мұқаштарға пәлен-түген демей-ақ қойғаныңыз жөн ғой: Бибігүлге де айтарсыз.
Бұл хат кеш баруы мүмкін. Бірақ хатты алысымен хабарласып тұрыңыз. Өздеріңіздің шаруашылықтарыңызды жазыңыз. Тұрмыстарың қандай, үй жүдеп қалатын болар.
Қош, Баубегің.
Кәмәшқа, Бибігүлге сәлем айт.
Менің адресім жоқ..Әзір адрес бере алмаймын.
Тек хат күтіңіз, тіпті асығып жазып отырмын.
Мұқан!
июль 1940 жыл
Ақыр соңында маған Литва мемлекетінде болуға тура келді. Бүл менің болашақ өмірім үшін жаман болмас. Дегенмен Москвадай емес, жорық жағдайындамыз. Бірақ, бұған қарамастан уақытымыз көңілді өтуде. Литваның қайсыбір қаласына барсаң да жергілікті тұрғындар «уралап» қарсы алады. Олар мақтанышпен — біздің Қызыл Армия! — деп, Қызыл Армияны сүйетіндігін, арқа тұтатындығын білдіреді. Жорық жағдайында болсам да, мені солардың өміріне байланысты бір қызық тақырып толғандырып жүр. Ең болмаса он күн бос уақытым болса, бүл арманымды табысты жүзеге асырар едім.
Иә, Мұқан, сендердің хал - жағдайларыңды жете білгім келеді, бірақ, саған тура езіңе түскі ұйқы кезінде ұшып барып, жұрт оянғанша туысқан әскери бөліміме кайтып оралатын қанат менде жоқ. Ғазиз менімен бірге. Аман-сау. Білетіндердің бәріне сәлем.
Баубек..
15 сентябрь 1940 жыл.
Себеж қаласы.
Мұқан!
Сенің 30 августа жазған хатыңды алдым. Әрине, мұндай хаттың мен сияқты адамды толғандыратынын өзің де алдын ала біліпсің. Расында солай болды. Әсіресе сенің аузыңнан өмірі естілмеген сөздердің әр біреуі — ең жақын, ең дос адамға ұқсап келіп, мені құшақтағандай болды, өзіне туыстықпен қысып - тартқандай болды, жүректі тебіренткендей болды.
Сен мені қатты сағынғансың. Тіпті өте сағынғансың. Ал, менің сені қалай сағынғанымды мынадан біл: есіңде бар ма, өткен жылы мен 20 күнге командировкаға барғанда анасын аңсаған баладай болып, сенің атыңды қайта-қайта айта беретін едім. Жолда келе жатқанда бір ыстық нәрсе келіп, жүрекке құйылып кеткендей қуанышқа бөленетінмін. Сондағым — қазір Алматыға жетем, Мұқаныммен кездесемін, сырласамын, қыдырамын, күлемін деген арманым еді...
Бұл — айналасы 20 күндегі менің жан сезімімнің халі еді. Ал, қазіргі мезгілде менің сені сағынуымның мөлшерін езің ойлап қара. Аққан су сияқты, жайылған су сияқты көлемсіз, тек қана сені көз алдыма елестеткеннен басқа ештеме жоқ.
Әрине, сен ойлап отырған шығарсын, — менің хатымды алған соң Баубекте қынжылу, нәзіктік пайда болған екен, ол менен бірнеше есе шыдамсыз, — деп. Ол дұрыс болар. Әйтсе де, адам деген тіпті қиын екен ғой. Әйтпесе сенің ойлағаныңның ар жағынан алып-ақ жазғым келіп отыр. Қатты сағындым, соны айтқым келіп отыр. Бірақ, амал не?
Сен бір хатында маған ақыл айтқансың: «Нәзіктік — шын, салқынқанды болу керек», — деп, оны мен қарсы алдым.
Бірақ саған жазған нәзік сырларым, сағынғандығым мені көп жеңілдетеді. Саған хат арқылы да болса біраз жазып - жазып алсам, қаптап, лапылдап тұрған жалын бір серпілетін сияқты. Өйткені біз біраз жыл бірге жүргенде әңгімеміз таусылмайтын сияқты еді, олар тәтті сырласу еді. Екеуіміз сырға қанбай жатып, тағы бір әңгіме бастайтын едік. Сонда не айтып, не қоятынымыз осы күнде менің есімде жоқ десем, қате болар. Алайда, бір-бірімізді күнде-күнде іздеп жүретін кезеңдер кісіні толқындатып - толқындатып жібереді. Сондықтан да сенің хаттарың сол жылдар бойы таусылып бітпеген әңгіменің жалғасы сияқты болады да тұрады. Осы себепті сөздің нәзік болып кетуі мүмкін, кісінің жүрегіне тиюі мүмкін, бірақ мен үшін ол...
Мұқан, кісінің өмірден қашып құтыла алмайтын бір кезеңдері болады. Әсіресе бұл қиыншылық жағдайда көп кездеседі. Мысалы, сондай кезен мен де көп болды
(әрине, бұл әуелгi кездерде болды), кейін олар туралы айтамын. Сол уақыттарда өмірден көретін адамның рақаты не деп сұрау қоясың еріксізден. Ал сонда менің көретін рақатым сен болдың. Сен есіме түскенде 1-2 жылдан кейін Мұқанмен құшақтасып тұрып, көрісіп кездескеннен, сыр шерткеннен артық өмірде не бар деп өзіме – өзім тоқтау салғанда, жүрекке арадағы махаббат ақылшы болды.
Маған елге оралып сенімен кездесу өмірімнің. бір биік мұнарасы сияқты, Мұқан. Қызық -ау өзі, тіпті қызық.
Әй, Мұқан - ай! Адамның арасындағы махаббатты еш нәрсеге айырбастауға болмайды ғой. Әсіресе екеуміздің арамыздағы. Саған кездескенде айтамын ғой деп едім, қазір-ақ айтқым келіп отыр. Тыңда.
Асылы, өмір қызық. Өлгісі келетін адам жоқ. Өлім мен өмірді салыстырғанда өмір киімнің ішкі бауы сияқты.
Ал, адал адам Отанын сүйеді, адал ақ жүрекке Отан — анасындай. Отанның дегенін істеу — қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты, әсіресе біздегі махаббатты өлшеуге болмайды.
...Міне, біз бір күні үкімет пен партияның тапсырмасын алып, осы жүрген елдің шекарасына жете беріп қондық, мылтығымызды оқтап дегендей. Соғыс әбзелдерін киіп, шекарадан өтуге дайындалдық...
Есіңде бар ма, Н. Островскийдің Корчагині соғыста жараланып, больницаға келіп түскенде, оның партбилетінің, арасынан «Егер өлім кездесе қалса ағама білдір»,— деп ағасынын адресін жазған бір кішкене қағаз шығады ғой. Міне, сондай қағазды толтыруға бізге де кезек келді. Дәл осы сәт нағыз қызықты сәт болды десеңші! Әсіресе ақын үшін тіпті бағасыз кезең болды. Өзің жазған қағазды сол қалтаға салып қою үшін кішкентай қаңылтыр берді. Мен оны толтырудың орнына, екі көзімді балалардан алмадым. Нақ сол минутта көз алдымнан ұшқан «өлім», «өмір» деген екі сөзді айтсаңшы, Мұқан! Қанша айтқанмен өзіміздей керетін қызықтары алда тұрған жас балалар мылтығын асынып, оғын қорамсаққа салып, келсең өлтіремін, өлтірмей өлмен дегендей көрінді маған. Мен де өзімше мықтымын деген жауға қарсы аттануым керек. Әрине, сөз жоқ, қару алып екі жақ ұрысқанда жалындап атылған оқпен адамның жаны да бірге ұшып жүрмек қой. Өлім мен өмір де қарысып, ұрысып жатпақ қой, тек бұл жәйтте өмірге болысатын жеңіс болмақ, жеңіс болса ғана өмір қалмақ, қой.
Мiне, бұл момент қызық. Жазуға тұрар еді.
Сонан соң мен де қолымдағы қағазды толтыруға кірістім. Соны әлі сақтап жүрмін. Жоғалтпай кейін саған көрсетермін - ау. Жұрт ағасына, әкесіне, тағы басқа туысқанына жазып жатыр, туған жеріне жаздырып жатыр. Ал, мен ең жақыным, ең туысым деп жаздырған адамым сен білмейтін біреу болды. Мүмкін тұрпайы өлім кездесе қалса, жазған адамым үшін бұл ете ауыр тиеді - ау деп ойладым. Дегенмен, менің өлімімді басқа біреу естігенше, әуелі сол жақын адамым. естісін дедім. Ол адам — Мұқан еді, сен едің...
Менің осы табиғатқа қарным ашатын бір жері бар. Ол — неге ғана адамның жүрегін болат қып жаратпады екен деген...
Мұқан, мен сөз талғағаным жоқ, аузыма түскенің жазып отырмын. Қынжылып жүрме. Ептеп өз жағдайыммен таныстырғаным ғой. Осы күні денсаулығым жақсы, семіріп алдым, шынықтым деуге болады. Мені осы күні көрсең танымас едің. Физкультура ойнау, не басқа қызметтер арқылы менің денемнің өскенін айтсаңшы! Егер маған кездессең жауырыны қақпақтай, бұлшық еттері тоқпақтай, кеудесі аяққаптай Баубекті емес, бір дөкейді көрер едің.
Әуелгі кезде үйренбегендіктен, әскери қызмет қиын сияқты еді, енді редакцияның жұмысынан да жеңілдеу болып кетті, бас тынығулы, уайымның өзі де шамалы, тек творчество мәселесі болмаса. Онымен айналысу енді қиын. Дегенмен, оймен ойлап, тақырып құру жағынан өскендігім бар. Бір қызық, романның желісін құрып, соны желілеп байлап жатырмын. Кейін планымды жібер десең, тіпті жақсы, жіберейін. Бірақ, амал қанша, келгелі дәм - түйін түк жазғаным жоқ,... Сөздің басы онша құрала қоймайды. «Құралмаса қиын бопты, картобым», — деп, сен айтқандай, түбі етегін бір ұстатар.
Мәскеуге кайтамыз ба деген үміт бар. Әзір Латвияның суы жібермей тұр.
Дихан мен Әлиге не айтайын. «Айсұлуды» бісміллә деп жаза бастағаннан жақсы көріп, тырнақ алдым деген менің байғұс басым соны үміт дүниесі деп әлі жүр. Сол құрғыр шықса жақсы болар еді-ау! Сен олармен сөйлес, ең болмаса өздері қолдарынан жыртып тастасын, ал мен өлеңмен қоштасайын.
Мұқан! Гетенің: «Өмірдің ең биік шыңы — жастық» дегеніне кімде-кім болса да қарсылық жасамайтын сияқты. Көзім көрген бір жақсы күнім екен дегендейін, жастық ит те бір бақытты нәрсе екен ғой, өмірдің қуанышы екен ғой, көңілдің сырнайы екен ғой. «25 қайта айналып келмейді арман» екен ғой. Бұл жөніндегі қызықтарды жазарсың. Сара сүйкімді бала еді ғой, тағы басқалар жөнінде, өзіңнің жағдайын. туралы жаз.
Бір қуаныш — бір жыл қызмет уақытымыз өтті деуге аузымыз барады. Енді бір секірсек деген арман. Жүрексініп отырмын, айтар сөзім көп еді демекші, жазатыным көп еді. Қазір сапқа тұр деп мазалап жатыр. Соған барайын. Әзірше осымен қош тұр.
Ия, Мұқан, менің поэмамның соңына түсуге уақытын болса, ерінбе. Менің өмірімдегі қызық шақтың бірі — нашар да болса сол сияқты. Ақын деген езінің творчествосы үшін ө.мір сүру керек те, оның творчествосы елінің қабырғасына бір кірпіш боп қаланбақ керек қой. Менде кейде творчество үшін деген толқынның құшағына енушілік, соның соңына ерушілік бар.
Менің суретімді жібердім деп, салуға ұмытыпсың ғой. Жібер, жақсы болса.
Қарттарға сәлем айт, олардың жағдайын жаз. Сейітжаннан хат алдым, аман. Әзің әскерге шақырылу мәселесіне қалайсың, жаз. Осы күні семья дегенге қарамайды. Ден саулығын қалай?
Қош, Баубегің.
Мой адрес:
город Себеж, 14. Калининская область,
п/я 84/551 литер «Б» Булкишеву Баубеку.
Мұқан!
7 октябрь 1940 жыл.
Москва.
Мен аман-есен Мәскеуге келдім. Қазір Мәскеуден 40 шақырым жердегі әскери лагерьдемін...
Көптен ешкімнен хат алғаным жоқ.
Өздеріңнің шаруашылықтарын қалай? Кызметің қалай? Жұртшылық оқу мәселесін не істеп жатыр? Жалпы студенттерге де қиын боп қалды-ау деймін, бізді қойшы, өзің сияқты тірнексіз бейшараларға.
Мен әнеугіде «Лениншіл жасқа» бір өлең жіберіп едім. Білмеймін ондағы философтардың басқан - баспағанын, «Балтық жағасында» деген.
Бүгін тағы «Лениншіл жасқа» «Бір майданнан қайтқан жауынгер» деген бір елең жібердім. Мұқан - ай, өлең дейміз - ау, өлең — өлең ғой, сол өлең үшін өмір сүретін сияқты, өлеңге деген сүйіспеншілік бізде бар-ау. Дегенмен адамды қинайтын осы өлең антұрған. Өлеңсіз адамның күні жеңіл өмір ғой. Сорлы ақынның, ауыр күндерін айтсаңшы. Бейшара Тарастың ауыр халдері кісінің көз алдынан ұшады да тұрады...
Сені сағындым - ау, Мұқан. Асығып отырмын, әйтпесе тағы біраз оттайын деп едім.
Хатты жиі салып тұр. Бәрін жаз. Қош, айналайын Мұқан, мен Баубегің.
Менің адресім:, Москва, 49, п/я 3071. Б. Булкишеву.
Маған ақша, бірдеңе саламын деп әуре болма, қажетсіз, керегінде өзім айтармын.
Ноябрь айыңың oрта шені, 1940 жыл.
Москва.
Мұқан!
Сенің соңғы хатыңды алдым. Сен менен көптен .хат алмаған сияқтысың. Мерекеден бұрын бір өлең жіберіп (Октябрь туралы) хат жазған едім және жақында бір хат, бір өлецң жіберіп едім, неғып алмағаныңды білмеймін. Ол хаттар Киров 50-ге жазылған және Мұсаның үйінін адресіне кетуі де мүмкін.
Қазір менің жағдайым жақсы, қалыпша, ден екібастан сау.
Сені сағындым. Бұл сағынышқа тіл жетпес. Тіпті сағындым. Тіпті сағындым.
Әрине, кезегіміз келгенде постыда тұрамыз. Әрине, постының мәселесі өзін жазып жүрген Хасеннің басындағы күн ғой. Тек шекара емес. Кісі еріксіз ойға кетеді. Анау-мынау ой кісіні алдандыра алмайды. Тіпті ой түспейді. Тек сені ғапа еске алып, сенімен амандық болса кездесіп, қыдырып, еркіммен қанбай серуендеуді еске алсам, бір түрлі жүрек толқындап – толқындап кетеді. Дауылда толқынның жалыны шығып, күшті көтерілген сәтте бір жеңіл заттай көтерілесің, не керек, қу қиял, қызығы аз-ақ минут! Қиял шіркінді қу дегенмен де ол — тәтті, жүректі дуылдатып жандырып жіберетіндей күші бар қуатты -ау...
Жаным Мұқан! Саған көп рақмет. Сен маған мықты тірек бола алдың. Сен болмасаң менің, кімім бар дер едім, кімге барам дер едім, кіммен кездесіп, сырласам, құмарымды тарқатам дер едім. Сенсіз менің өмірім көнілсіз болар еді-ау, Сенсіз маған енді қуаныш болуы мүмкін емес нәрсе. Әжесін сағынатын жас баланың кезінен кеткен уақытымыз ғой бұл уақыт. Дегенмен, достың жолы басқаша ғой деймін. Менің сені сағынғанымдай, жас бала әкесін сағынбас.
. Маған ағадан 2-3 айда бір хат келіп тұрады. Менен де солай алады ғой. Ол бейшара мені жақсы кереді, сағынады ғой, дегенмен, одан жарты жылда бір хат келмесе де еш нәрсе емес, тек аман болсын дейтінмін. Ал сенен хат келмесе, черт знает, бір нәрсем жоғалғандай боламын да жүремін. «Хат — жарты көрініс» деген дұрыс-ау.
Осында кеп жолдас бар. Қарап тұрсаң қызық-ау, жастар ғой, қайтсын. Жастық өмір кісінің бір балқып тұрған кезі емес пе? Кісі жас шағында бір еріп тұрған қорғасын деу де; меніңше, қате болмас еді. Айтайын дегенім, бәрі де еркіншілікті сүйеді. Оған мен де қарсы емеспін. Біреулері арағын айтады, біреулері ақшасын айтады, біреулері өкімет болғанын айтады, біреулері ту, шіркін, махаббатқа ортақтас қызым бар еді дейді. Тіпті, айта берсе толып жатыр. Әйтеуір, жас адамның арманы кеп қой. Бірақ бәрі бос нәрсе сияқтанады да тұрады маған. Ал менің арманым, кісі білерліктей, оны жазып қайтейін, саған түсінікті ғой. Ал, енді осы пәлен адамның ішінен дос дегеннің не екенін білетін адам аз табылады десем, қателесермін. Бірақ сездерін тыңдап отырсаң кісінің қарнын аштырады. Оларша дос болу үшін тек қыз болу керек. Ал, өз жыныстасы тек жолдас қана (оларға. біздің достығымыз түсініксіздеу)...
Ал, Мұқан! Әскер қызметі оңай емес. Мұнда онымен қосалқы бір нәрсе жазамын, келешекке қол созамын деген кісіні онша қуаттамайды. Тіпті кісі .оны ұмытады. Өйткені адам машина емес, адам ғой. Ал менің басыма әдебиет дегеніңнен басқа еш нәрсе кірмейді. Тіпті, әлгі талант деген бір титтей бірдеңе сөніп бара жатқан сияқты. Осы күні мен қарапайым күрекшімін, күрекшінің қазған топырақтан басқаны ойлауға мұршасы жетпейді ғой...
Ғазиз Калуга қаласына (қызметінің қалғанын сонда бітіруге) кеткен, 1-2 ай болып қалды-ау.Хат аламын, аман. Ол жарықтықтың баяғы езің керген, өзің білетін қалпы: күнде қайтады ауылға, күнде демалысқа барады, күнде младший политрукке өседі, Бірақ, әлі кеткен жоқ, оның айтуына кісі сену де қиын. Гулясы суға кетіп, өлі қайтқан жоқ қой деймін.
Әйтеуір, тірі жан ғой бейшара, қалқаңдап жүре беріп, оны мен жақтырмаған болып қайтейін, тек тұрақсыздығын айтам - ау.
Сен ана оқуға түскенің жақсы болған екен. Бітіріп шық, көп пайда ғой. Кітап оқуға уақытың бар ма? Үйді (семьяны) асырау қиын соғып жүрген жоқ па, тұрмыстарың қалай? Неге жазбайсың? «Сырлы сұлуды» не істедің?
Біз тек қашып оқығанымыз болмаса, кітап оқуға уақытымыз жоқ. Қысқы нормальная учебаның кезінде 7 сағат ұйқы тиеді, ал қалған уақыт Отандікі...
Әлі ант ұрып, сорайып шыға келеміз ғой деймін, амал жоқ, енесін жығайын, Жаңа жылдан кейін он - ақ ай қалады. Бір секірсем — май келеді, екі секірсем — Алматы деп қуанып қоямын. «Алла тағала» шайтан шырмауынан аман қойса, расында солай елге қайтуға өтіріксіз 300 күн қалып отыр.
«Айсұлу» да мені шаршатты. Армиядан босағанда антұрғанның қалың малына бір костюм алып кие алмайсың болдым - ау. Алда, байың өлгір бетпақ - ай! Қайтесің Пушкин өзінің героинясын «Татьяна моя милая» десе, мен «Айсұлу — менің бетпағым» деуге тура келді. Қайран еңбек, қайран күйініш, қайран үміт уланыпсың. Осымен бара тұрсын, әрі қайғылы, әрі күлкілі менің бұл сөздерім...
Әлидің тон мойындығын мен білемін. Сақыш40, жөнінде редакцияның қатындары екеумізді шайқастыратын. көрінеді, ол сөздерге еретін көрінеді. Мейлі, таныстықпен өспей-ақ қояйын, енді он екі-ақ ай. Сонан кейін біз де келешектің дәмелі күніне ортақтасармыз. Біз де тірі жанбыз ғой.
Ал тіршілік мен үшін өте қымбат, бұл менің шыным, Мұқан! «До зари» деп ат қойып Латыш тұрмысынан бір повесть жазбақ боп, планын құрып, әжептәуір басын қайырып ем. Енді, кейінгі кезде соны қазақ тұрмысына аударып жіберсем бе деп ойға қалып, ол ойымды бір жерге қондыра алмай, ақыр аяғы айтарлықтай еш нәрсе жазбай тоқтап тұрмын, «қайдан шықса, одан шықсын» деп, осы жазам дегенімнің бірінші бөлімін алып, трагедия жазам ба деймін. Қиын, қиын да болса Айсұлуға істеген енбектей бір енбек қылсам, қазір ол кезден гөрі көзіміздің тесігі үлкейді ғой деп ойлаймын. Латыш тұрмысынан жазсам Сабырдың Ләйләсі сияқты қазақша, қайғылы жақсы болып шығатын түрі бар...
Бүгін біздің біраз адамдарды басқа қалаға көшірді. Бізді де көшіруі мүмкін. Соңғы жіберетін топпен біз де кететін сияқтымыз. Мүмкін басқа қалаға кетуіміз. Бірақ бәрібір хатты осы адреске жаза бер, бізге жібереді.
Осымен қош бол, Баубегің.
Мой адрес:
Москва, 26, п/я 1135 Булкишеву.
Суретті, хатыңды алып, біраз жасадым. Хатты уақытың болғанынша жиі жазып тұр.
Үй ішіңе сәлем айт!
Мұсаның үй ішіне сәлем айт! Ғазиздің әжесіне сәлем айт менен.
26 май 1941 жыл.
Серпухов қаласы.
Мұқан!
Хатыңды алдым. Әжептәуір көңілденіп қалуға тура келді. Хал қалыпша.
Серпуховқа жазғы лагерьге келдік. Тағы былтырғыдай бір жаққа жібермесе жаздай осында болуымыз керек.
Өзімнің ақындығымды байқайын деп мына бір өлеңді жаза салдым. Оқып, қағаздарыма қоса сал. Жауап қайтарам деп әуре болма. Уақытты текке жіберу қисынсыз ғой. Соқыр қазақтар құсап қайтеміз. Пушкиннің бір досына жазған өлеңі, маған жаз деді, мен жаздым..
Менің поэмамды Дихан неғылғанын біл, қатындар журналына жарамас па екен? Мұқан, күзде ақша керек қой. Ол болса әжептәуір болар еді (толық жаз). «С» жөнінде бірталай сөз жазайын деп едім, кейін жазармын, қазір қолым тимей отыр. Дегенмен, я ее считаю как передовую девушку,из казашек. Ал, жалпы болмаған іске (мүмкін қисынсыз болар) себепші болуым дұрыс емес қой. Өз дегеніне қарсылық жасау да дұрыс емес, өзің біл. Бірақ, менің байқауымша оны («С») сен де басқаша көрмейтін сияқтысың. Сондықтан ғана менің пәлен-түген деуім.)
Хатты толық жаз!
Қош, остаюсь верным другом! Баубек.
Менің адресім: Московская область, город Серпухов, п/я 41/ 1135 мне.
июнь 1941 жыл.
Батыс майданы.
Мұқан!
Бұдан бұрынғы хатты алған боларсың. Қазір ақ орыстың орта қаласы жақтағы бет алыстың, желке шұңқырындамыз. Нағыз ұрысқа әлі кіріскеніміз жоқ. Денім сау әзірше, өз жағдайымнан айтарым осы. Басқа жағдайларды біліп жатқан шығарсыңдар. Ішін кептіре айтар еш нәрсем жоқ.
Мұқан! Мен әнеугіде бір өлеңдетіп хат жазып жіберіп едім, алған шығарсын. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» сияқты өлең болды-ау. Алай-бұлай жағдайды антұрған білген екен деп қайта-қайта оқып қынжыларсың...
Адамға өмір берген табиғатқа көп рақмет - ау. Бірақ өмірді еш нәрсеге айырбастамайтындай тәтті ғып бергені мен үшін күңгірттеу. Мәриям айтқандай, — мейлі. Бірақ, ең қиыны — бірге жүріп, бірге өлген. Пай-пай, жақын жас адамның екі айыр өмір жолы - ай, үзіліп біткен, сарқылып таусылған өмір жолының шегі - ай! Сендерді кім түсінген, кім білген?!
Айналайын Мұқан - ай, бұрынғы еткен атағы зор ақындардың қайғылы өмірі кісінің кез алдынан кетпейді, (қайсысын алсаң да) аяйсың. Асылы, әрбір адамның өмірі жатқан бір трагедия ғой. Өлім деген еш нәрсе емес. Мен езім өлімнен қорықпаймын. Асылы, алысып өлген адамның өлгені — өмір. Ол арман да емес. Тек, менің арманым, шіркін - ай, артымда әке-шешем, аға-інім, қатын-баламның қалмағаны емес-ау, тек алақандай бір кітапша қалдыра алмағандық болады ғой. Дүниедегі ең барып тұрған арман, барып тұрған қайғы творчестводан өте алмас. Өйткені кісі жан жүрегінің түкпір нең тартып алмай жаза ала ма?..
Кешегі бір өткен түнде сенімен кездесіп (түсімде), сенен поэмамды басыла ма деп сұрап жүрмін. Өзім де әбден рақаттандым, не керек! Көзімді ашсам жанымдағы винтовкадан басқа ештеңе жоқ. Түсімде болсадағы біраз қыдырайын деп қайта жатып ем, сен емес, Сақыш па, тағы біреулер түсіме кірді.
Менің жоғарыдағы айтқандарым, менің, ойға батып, жүдеп жүргендігімнен емес, достың досқа айтарлық сыры ғой.
Қызыл Армияның рухы деген рух досты қуантып, дұшпанды жылататын рух қой. Осындағы біздің достар — мен соғыста өлемін дегеннен гөрі, мен немістің күлін аспанға шығарамын дегенді шын жүрегінен айтады. Тіпті қуанасың. Ал, менің де екі жыл Қызыл Армияда болып, тек .бір аш. немістің оғынан өлуім оңай болмас. Шыны, оларды соғып -соғып, қыратын, Отан соғысының тарихын қазақтарға жазып беретін өзім болармын деп қуанам.
Мен үшін қыздарға сәлем дерсің.
Менің уайымым осы қыздар байсыз қала ма деймін (күлкі ғой). Жеті жүз немка байсыз қалыпты деп естіп отырмын бүгін.
Мұқан - ай! Сенен хат алып оқуға жаным құмар. Бірақ менде адрес жоқ. Бір жаққа жаза сал дегенмен бола ма?
Сенің үйіңнің адресін толық білмей (Ғазиздің үйінің адресі есімнен шығып кетіпті, Киров 50 ме, 52 ме,) «Октябрь балалары» газетінің адресіне жібердім. Есіңде болсын.
Іскеңе, апайға, Қатираға сәлем айт!
Әзірше сау бол, қолыңды қыстым, Баубегің.
Иә, Ғазизден хат келе ме?
18 июль 1941 жыл.
Батыс майдан.
Мұқан!
Мал-жаның аман ба деудің орнына, денің сау ма, тірімісің дегеннің қолайлы екеніне кім талассын. Бар болсаң — болады. Тіршіліктен, тірліктен басқа мықты қуаныш кейінге қала тұрсын.
Менің әзір денім сау, тек адрессымақты бүгін алған соң, сенен хат алам ба деп жазып отырмын. Мүмкін хатыңа кездесермін, толық етіп жазарсың. Тек жазуға тырыс. Алматы тыныштық па? Жаз! Мені білетіндерге сәлем айт! Қош, айналайын Мұқанжан...
Баубегің
Ғазиз қайда екен?
Іскеңе, апайға, Қатираға көп-көп сәлем айт.
22 июль 1941 жыл.
Батыс майдан.
Мұқанжан!
Менен хатты жиі алу көптік болмас деп тағы жазып шырмын. Әрине, өзің айтқандай кісі cay болған соң жазды ғой.
Әй әжем байғұс, есіме бірнеше рет түсті. Ол бір аяғым жерде, бір аяғым керде дейтін еді. Екі қабат уақытындағы соның кебі де ендігі жастың айтатыны. Әрине, былай құлап тұруға болмайды ғой. Дегенмен, келешек - келешек деп зар еңірейтін адам үшін солай да ғой. Біз ойлай алатын адамбыз. Бейбақ адам тууды, өлуді білумен бірге соның арасындағы қисық жолдың не болын, не қоятынын білмесе де, апырмай дегенді ойлай алатын болыпты – ау. Осы апырмайды айтқызатын да тірі адамның өмірінің қызықты болғаны... Әйтпесе есінді бірін ақыл жиғаннан көргенің тіршілік болып, соған үйреніп қалғаннан қимастық билей ме кім білсін. Әйтеуір ой осыған келіп, топшыланады да, елің үшін жаныңды беру қиын емес. Өйткені елсіз күн қызықсыз. Тек, сонымен қатар, атыңды қалдырып кете алмағаныңа өкінесің. Жолдас, дос, тіпті туған жер тағы ыстық. Шіркін, Алматы десейші! Көшелерімен бір ай сенімен қыдырып, осыдан екі жыл бұрынғыдай ,серуен кешкен кісінің арманы бар ма — деген ойлар әл бермейді. Ақыры, сөйтіп, сайып - сайып келіп қорытасың: «Осыған жетудің мың да бір емі тек күрес», — дейсің. Онда мең күрес жолындамын деп күресші болғаныңа көтерілесің... Сонан кейін адам адамшылығын істеп, ойды пышыратып тоздырасың, әр ойды өз орнына қондырып, сап-сап көңіліңе аласың.
Мұқанжан, мен әуелде бір-ақ тал қағаз алып едім, енді жазбақшы ойларым соған сыймай кетуге бет алып, сөз тасып келеді. Осы жерден бір тоған салып бекінейін, сен де ырза бол, оттай берсең, бұл сөз құрғыр табыла береді. Сөз жүректі тырнайды, одан да «сөзін танымағанның өзі жақсы».
Хатты күттім. Қатты құшақтап сүйдім сені, Баубегің.
Менің адресім:
736 полевая почта, п/я, литер 21, мне.
4 сентябрь 1941 жыл.
Батыс майдан.
Мұқан!
Сенің хатыңды екі күн ежелеп, әрең айырдым. Мына жаңа алфавитін, қиын көрінеді, Ендігіде латынша жаз. Әйтпесе арабша. Өйткені Мына алфавитті біз оқып көргеніміз жоқ қой.
Сенің боспын дегеніңе түсінбедім. Қазір қызметтен босап, жазудың соңына түспексің бе? Күн керулерің қалай, қарттар аман ба, неге олар туралы жазбайсың? Ал, Ғазиздің шешесі қайда, Ғазизден хат бар ма? Адресін жібер! Тіпті асығып күтемін.
Семен сұрайтыным — хатты жиі жаз! Бір хатпен бір хаттың арасы 40-50 күнге созылады. Қолың бос болған сайын жазып тұр!
Менің денім сау.
Ақын-жазушылардан кімдер майданға аттанды? Қандай тамаша (айта қаларлықтай) шығармалар туды Отанды қорғау мәселесінде? Сенің айтқан ақылдарыңды қарсы алдым. Тіпті дұрыс. Асылы, жанын. қорғаған адам жауынгер бола алмайды ғой. Кісі, Шәңгерей айтқандай, үлкен үйдің бір кірпіші болып, қалана білгені жөн ғой.
Н. Островский өмір мәселесін әдейі талқылауға паркке барып отырып: «Өзімнің өмірім жаман өткен жоқ», — деген. Сонда 17 рет атакаға қатынасқанын, азамат соғысының, мықты күресшісі болғанын, күреске сіңірген еңбектерін қорыта келіп, өмірім тек өтпеген деп шешпей ме? Міне, өмір — күресте. Мен де осылайша ойлаймын...
Сейтжан ағайдан хат алдым. «Сендерден басқа тілек былай қалды», — дейді. Аяйсың.
Иә, Мұқан! Мен саған ертеде, бейбітшілік уақытта бір өлең жіберген едім, алдың ба? Сонан кейін мына бір хаттан басқа хат алмадым. Міне, саған данышпандық. Сенің көзқарасың оған қандай? Әрине шыныңды жаз!
Баубек.
4. 9. 41 ж.
Мой адрес:
Полевая почта № 736, п/я 38,
литер 31, мне.
Қатираға, Мұсаға, Іскеңе, апайға, Ғазиздің әжесіне (шешесіне) сәлем айт менен.
4 НОЯБРЬ 1941 ЖЫЛ.
Батыс майдан.
Мұқан!
Сау барсыңдар ма?
Менің денім сау, хал қалыпша.
Сендерден хат алғаным жоқ, неге олай екені түсінікcіз. Хатты жиі жаз!
Алматыдан тірі жаннан хат алмаймын қазір. Әрине, илі жанның жазбайтыны анық қой.
Ақын-жазушылар не жазып жатыр? Өзің не жазып жатырсың?
Маған бірдеңелер жазуға болар еді, бірақ бас жұмыс Істемейді. Әйтпесе кейде бос уақыттар болып қалады. Өйткені августан бері политруктің орынбасар.ы болып істеймін (екі жүз сомға таяу ақша төлейді) былай жаман емес, бірақ мазаң, ештеңе жазғызбайды. Әйтпесе, андай - бұндай ұсақ нәрселерді үзбей жазып-ақ тұруға болады. Және сендердің газет - журналдарыңның да мазасы оншама емес қой деймін.
Менің адресім өзгерген. Қазір бұрынғы қызмет еткен қаланың маңындамын.
Тез-тез, менің хатымды күтпей-ақ хат жазып тұр.
Баубегің.
Менің адресім:
Полевая почта, 736, п/я 155, мне.
Мейраммен құттықтаймын. 4 ноябрь
1941 ж.
2 декабрь 1941 жыл.
Батыс майдан.
Мұқан!
Сағынғандық қой деймін, хатты жиі жазамын. Тіпті сен есіме түскен сайын жазудан бас тартпаймын, Мұқанжан. Сенін хатың мені сағындырды. Тіпті хат алмаймын.
Жаным Мұқан! Қалың қалай? Денсаулығың, қалай? Тіпті сағындырдың.
Үй ішің аман ба? Қарттардың халі қандай, мықты ма?
Іскеңнің жағдайы қандай, ештеңе жаза ма?
Өзің не тіршілік етесің, қызмет істейсің бе, жазасың ба, творчествоң қалай?
Мен болсам, келешекке сенген, келешектен сұраған жанмын. Келешек шешеді ғой менің творчествомды. Жазатын күн болса, шіркін! Фурмановтардың арманы жоқ қой.
Мұқанжан! Мұса, Қатиралар аман ба? Ғазиздің адресін неге жібермейсің? Шешесі не күн кереді, кімнің қолында, әлде Қарсақпайда ма?
Қош, Баубегің.
Мой адрес:
Полевая почта 736, почтовый ящик № 155,
Булкишеву Баубеку.
Передай привет Хасену и Омарову от меня.
10 март 1942 жыл.
Батыс майдан.
Мұқан!
Мен мына «Алматылықтардың» бірінші бөлімін жіберіп отырмын. Әрине, оны жазып шықтым. Бірақ қайтып оқып шыққаным . жоқ. Сенде жоғалмайды ғой деп жібергелі отырмын. Обязательно оқып шық. Танып оқы. Түсініп оқы. Сонан соң өзіңнің ой -пікіріңді, ақылыңды жазып жіберерсің. Мен тек жазып шыққаным болмаса, мұның тіліне қарағаным жоқ, өмір болса кейін жөндей жатармын деп. Қолыңнан келсе машинкаға бастырып қой, ол түзеуге оңай ғой. Соңғы жағын асығып тез бітірдім. Осылай болу дұрыс па деймін өзімше. Бірақ тым тез. Әрине, бірінші бөлімді езін оқып көресің ғой, екінші бөлімнің сюжетін қысқаша айтайын...
II бөлім
Армияның тұрмысы. Ғазиздің... Гүлге ғашықтығы өсе береді. Ол сонда жүріп хат жазады. Барлық хаттары — жүректен шыққан сөздер. Бірақ жауап қайтармайды Гүл. Соңынан оған махаббаттың жауысың, т. т. деп оны жамандап соңғы рет хат жазады.
Мұндағы Гүлдің шешесінің бейнесі жағымсыз.
Орыстың Пушкині сияқты жағымсыз кейіпкер. Ол Гүлдің Ғазизді күткеніне қарсы. Бірақ Гүл Ғазизді жақсы көреді, ішінен тынады. Мещанка әйелдің жүрегі нәзік. Ол Ғазиздің үйіне өзінің шешесінен жасырынып келеді. Бірақ келіп тұрып, кірмей кетеді. Ғазиздің Гүлге жазған хаттарын шешесі бермейді. Тек соңғы хатын береді. Гүлді адамшылықтан шығарып жазған хатын. Гүлдің жүрегі суынады...
Лиданы жазғытұрым мединституттан Украинаға тәжірибе кызметіме жібереді. Ол Украинада болады. Оны Қырымнан көшіп, Украинаның бір қаласына келген Ольга мен Ольганың күйеуі қонаққа шақырады. Лидалар тәжірибе программасын каникулдан он күн бұрын бітіріп, институтке қайту керек еді. Оған тәжірибе жөніндегі разъездная комиссия (институттың өкілі) апасына қонаққа баруға ұлықсат етеді. Ол «Н» қаласына келгенде соғыстың басталғанын естиді. Кейін кайта алмайды.
III бөлім
Жолда далаға түнейді. Лидалар сөйтіп жүріп жаудың тылында қалып қояды.
Немістермен ұрыста көп адамдар жараланады... Бір жаралыларға жәрдем беріп, өліп жатқан фельдшердің сумкасын тауып әкеліп береді. Олар, біраз совет адамдары тоғайды паналайды. Партизан болып ұйымдасады. Лида тіпті солардың дәрігері болып кетеді. Олар жау тылында соғыс жүргізеді. Әрине, мұнымен партизандарды көрсетемін, Лиданың ерліктерін (әрине, армияға қызды шақыртып, әйтпесе өз еркімен барғызып жұрт жазады і ой)... көрсеткім келді. Сөйтіп жүріп, партизан отрядының екінші тобы Ольгаға кездеседі.
Ғазиздің батальоны соғысқа кіріседі, Ғазиз сапер. Көп ерліктер істейді. Бірақ батырлықпен бірге ептеп қателік жасайды. Ол қателік бейбітшілік уақытта үйренбесең әскери оқудың нәтижесі болады. Түрлі мінезді 4-5 қазақ көрсетіледі. Адал мінезді... бір күні орындаған заданиясы туралы батальон командирі бұларға алғыс айтады. «Алматылықтар ма бұлар?» — дейді. Олар мақтанып: «Алматылықтармыз!» — деп жауап береді.
Бүл кез Совет Армиясының шегініп келе жатқан кезі. Нағыз мықты нервы, құрыштай жүрек керек кез. Өз өмірің мен Отанның, бүкіл елдің тағдырының. айырымсыз кезі. Осы кездегі патриот, — я өлім, я жеңіс! — дегенді іспен көрсетуге талпынған, ашынған мықты жауынгер патриоттың бейнелерін көрсету. Ол көп барлауға, саперлік істерге... қатынасады. Жаудың тылына барып, талай танкінің жолына миналар салады. Әрине, бұл жөнінде мықты жазылады ғой.
Сөйтіп, ол бір күні полевой госпитальға түседі жараланып. Хирург профессордың жәрдемшісі Лиданы көреді. Олар бір-бірін таниды, амандасады. Бірақ, ештеңе айта алмайды бір-біріне.
Лида жаудың тылынан ұрыспен шығады. Ақыры, жараланған өздерінің командирлерін арқалап, жолдағы госпитальге әкеліп тапсырғанда, госпитальдың бастығы онымен сөйлеседі. Партизанка қыз медицина институтының студенткасы екенін біледі. Оның госпитальда қалуын сұрайды. Ақыры, хирургия профессоры жақсы істеген оны өзінің жәрдемшісі етіп алады.
Ғазизбен оның сөйлескісі келеді. Ауыр жағдай, сонда да болса баяғы айтам деген Гүл туралы әңгімені айт деп сұрайды. Ол айтады. Профессор, бірталай адамдар, ірі дәрігерлер алғы шепке кетеді. Медсестралар мен Лида қалады. Бұл күн бір жұмыс жеңілдеу күн еді. Ақыры, әңгіменің аяғында: «Мен сені сүйемін», — деп айтамын деп Ғазиз, — мен сені, — дей бергенде тарс-тұрс мылтық атылады. Лида жүгіріп шығады. Немістер десант түсіріп, госпитальға шабуыл жасайды. Ғазиздің сөзі аяқталмай қалады. Аурулар да мылтықтарын алып, ұрысқа кіріседі. Десанттармен үлкен ұрыс болады. Көп аурулар, кеп медсестралар қаза болады. Бірақ, ұрыс тоқталмайды. Бір кезде Лиданың браунингінің оғы таусылады. Ол не істерін білмейді. Бір кезде браунингті атып тастап, қансырап жатқан адамдарға көмектеседі. Штыкпен жекпе-жек шайқасқа кіріседі. Ғазиз өзінің жараланғанына қарамай, сау адамдай қимылдайды. Ол өзінің жаралы екенін ұмытады. Сөйтіп, Ғазиз бір аурудың жарасын таңып жатқан Лиданы бір жаудың наганнан көздеп тұрғанын кереді. Ол штыкпен жауға ұмтылғанша, жау Лиданы атып тастайтын болды. Оның ойына осы кезде өлімнен Лиданы сақтап алып қалу керек деген ой кіреді: «Мен болсам жараланған кеп жауынгердің бірімін, менен қазіргі жағдайда армияға Лида пайдалы. Ол тірі қалса, талай жауынгердің жазылып, сапқа қайтуына жәрдем етеді», — деген патриоттық сезім билейді. Лиданы елімге қимайды. Атылған оққа қарсы өзі ұмтылады, Лиданы өзінің денесімен жауып, жауға кеудесін тосады. Жаудың оғы тиеді. Бұл Лиданы құшақтап тұрып құлайды. Лида, оның басын сүйеп, жарасын таңады. Кез жасымен оның аққан қанын жуады. Бір кез ол: «Лида, мен денемді көтере алмағаным болмаса, есім түсу», — дейді. Бірақ жанындағы қолынан ұшып түскен мылтығына қолы жетпейді. Лида оны сүйреп, ұрыс алаңынан алып шығады.
- Ай, шіркін, саулық - ай, о, шіркін, кетті-ау! — дейді Ғазиз. Лида шыдамайды, қаны қайнап кетеді. Ол Ғазиздің мылтығын алып: «Сен үшін өшімді аламын», — деп тұра ұмтылады. Ол ұрысқа кіріскенде, уралап десант түскенін білген біздің әскерлер жаудың бір бүйірінен тиіседі. Десантты құртып, бұлар ауруларды жинайды. Ауыр жараланған Ғазизді Лида арқалап, госпитальға әкеледі. Бұл орыннан госпиталь кешіп, басқа жерге орналасады. Профессор мен Лида Ғазизге операция жасауға кіріседі.
Кейін Ғазиз тәуір болады, айығып жазылады. Осы кісіде біздің армия шабуылға дайындалып жатады.
Лида оған: «Сен мені шын сүйемін дегенді іспен көрсеттің, жаныңды да қидың, мен де сені сүйемін деуге ұлықсат ет», — дейді. «Біздің махаббат соғыста, өлім мен "өмірдің күрес майданында нығайды», — деп екеуі сүйіседі. Сөйтіп, Лидамен қоштасып, 6 декабрьдегі шабуылға? - аттанады Ғазиз.
Осымен бірінші кітаптың аяғын бітіріп, қол қоямыз. Соңын тағы көре жатармыз.
Міне, романның екінші және үшінші бөлімдерінде жазбақшы болған ойларым осы.
Әрине, сюжеті жақсы-ау деймін.
Ал бірінші бөлім — махаббат. Анау-мынау соғыста махаббатты жаза ма екен деп қыртушылар болады ғой. Махаббатсыз жеңіс болмайды. Қызды, жауынгерді аспаннан салбырап түсіргендей ғып көрсеткенше, совет адамынан, жай жастардан шығатынын ұмытпау керек қой деймін.
Алысымен тез хат жаз. Жоғалып кете ме деп те қорқып отырмын. Әрине, менде жүргенде жоғалуы тез ғой.
Баубегің.
10.3.42.
13 апрель 1942 жыл.
Батыс майдан.
Мұқан!
Мына екінші бөлімді бітіре алмай, жазылғанын жіберіп отырмын. Ендігі бұл бөлімде жазылатын Гүлдің шешесінің жауыздығы, Гүлдің қапалы жағдайы, оның Ғазиздің шешесінің үйінің сыртына барып тұрып, ұялып кейін қайтқаны; Ғазизден келген хаттардың бәрі оның шешесінің қолына түсіп, Гүлге берілмейтіні; шешесі Ғазиздің жазған хатының бірін бермей, Гүлге ақыры оның ренжіп жазған соңғы хатын беріп, Гүлдің жүрегін суытуы; Гүлдің бұл хатты оқып, Ғазизден күдерін үзуі; екеуі осы тарауда ажырасып бітеді.
III бөлім
1. Тәжірибе. Лида Алматыдағы мединституттан Украинаға практикаға барады.
2. Шекаралық аймақ. Лиданың апасы тұрмысқа шыққан. Оның ері — лейтенант, шекарадан беріректе тұрады. Лида соған бармақ болып, машинамен екі құрбысымен сапарға шығады. Жолда бұларды жау самолеттері бомбылай бастайды. Мініп келе жатқан машинадан түсе қашып орманға тығылады. Сөйтіп, немістердің тылында қалады.
3. Адасқандар орманға жиналады, жаралы болған адамға Лида жәрдем көрсетеді.
4. Топ. Партизан отряды құрылады.
5. Барлау. Партизандар іске кірісе бастайды.
6. Жолда партизандар немістің машинасын қиратып, қаруланады.
7. «Федерация» — партизан отрядының аты. Отряд мүшелерінің ісін көрсету...
8. Олардың қаупі. Бір ай бойғы ісінің нәтижесі.
IV бөлім
1. Саперлер жорығы. Ғазиздердің взводы жаяу әскер полкіне беріледі; сонымен бірге ұрыста болады.
2. Прожектор. Жаяу әскер полкінің істері, немістер түңде шабуылға шыққанда, полк жауынгерлері прожектормен олардың көзін шағылыстырып, жауды түгелімен қырып салады.
3. Жаудың тылына барлау. Ғазиздің басқаруымен жаудың тылына барып көпірді қиратып, жолына мина салып қайтады.
4. Бомбылау. Саперлар взводын немістер бомбылайды.
5. Нүкте.
6. Өзеннен өту.
7. Көпірлерді қирату жөніндегі бұйрық.
8. Жаудың үрейін ұшыру.
9. Фашистерді тұтқынға алу.
10. Біз шегінеміз
11. Артымызда Москва.
12. Атыңдар! Алға!
V бөлім
1. Партизан отряды. Госпиталь.
2. Жаралылар.
3. Мен танимын.
4. Әңгіме. Десанттың түсуі, госпиталь.
5. Мен сүйемін.
6. Мойындау.
7. Қоштасу. Біздің армия 6 декабрьде шабуылға шығады, госпитальдан жазылып шығып Ғазиз де аттанады. Лида оны шығарып салады.
(Соңы).
Бұл менің жоспарым, әрине. Қол тисе жазып көрермін. Қазір менің жазуға қолым тиетін емес. Өзім де кетіп бара жатырмын. Менен хат алмай, хат жазба. Хат күт.
Баубегің.
Мына бір орысша жазған майдангер қазақ жігітінің хаты дегенді де жіберіп отырмын. Әрине, оны жөндеуге қолым тимеді. Қатесі көп, дегенмен, ойы, желісі жақсы. Қолын тисе аударып газетіңе бер. Жібере ме, мұны өзің біл. «Казахстанская правдаға» берсең де болады, ондағылар тілін жөндеп басар.
Әзірше қош, Баубегің.
15 апрель 1942 жыл.
Батыс майдан.
Мұқан!
Кеше саған бір хатпен жазып жүргенімнің екінші бөлімін (бітпеген) жіберіп едім, аларсың. Және менің ескі адресіме хат жазба деп едім. Ендігі білдіретінім, менің ескі адресіме хат жаза бер. Мен бұрынғы адресімнен ауыспақ болған едім, бірақ ауысқаным жоқ. Хатты ескі адреске жаза бер. Сенің жіберген суретіңді алдым, бүгін ғана.
Менің саған бұрынғы жіберген «Алматылықтардың» бірінші белімін алдың ба? Жаз
Қарттарға көп-көп сәлем. Қатираға, Мұсаға сәлем айтарсың. Не жаңалық бар, жаз?!
Баубегің.
Алматыда жаз бола бастаған шығар. Шіркін, Алматы десейші, сұлусың - ау!
Менің адресім:
Полевая почта. 736,
п/я 155 Булкишеву.
16 апрель 1942 жыл.
Батыс майдан.
Мұқанжан!
Мен саған екінші жіберген бандеролымның ішінде «Записки молодого казаха-фронтовика» деген статья жібердім. Әрине, асығыста қалдырған орныма ең басына Сталиннің: «Біздің әрбір жауынгер не үшін өлімге қарсы туратынын, не үшін соғысатынын біледі», — деген сөзін кіргізейін деп ұмытып, жазбаппын. Соны тауып, бас жағынан кіргізерсің. Цитата ретінде. Оны «О трех особенностях Красной Армии» деген, болмаса 24-жылдық тағы бұйрығынан табуға болады. Аяғына менің әскери лауазымымды саяси жетекшінің орынбасары деп қолымды қоярсың. Сөйтіп, «Казахстанская правдаға» бер. Тілінің кемістігі болмаса, ойы жақсы. Басады. Мен оған тура жіберейін деп едім, адресін білмедім. Абай 40-та екенін, болмаса өзгергенін білмегендіктен асығыс жағдайда саған жібердім. Әрине, мен оны орысша жазғанда өзімнің қарамағымдағы адамдарға оқуға керек болған соң орысшаладым ғой. Әйтпесе, қазақша жазсам оны 5—10 жылдан кейін қайта оқып, жылауға болар еді...
Мұқанжан, сен соны құнттап, «Казправдаға» беріп, жауабын біліп жазып жібер. Әрине, майдангерлердің, әсіресе өз балаларының хатын қазақстандықтар басатын болу керек. Онша нашар емес, дұрыс.
Баубегің.
Хат күтем.
Адрес бұрынғы:
Полевая почта 736, п/я 155.
25.4.42 ж.
ЖОЛ ҮСТІНДЕ.
Мұқанжан!
Горький қаласынан кеше шықтым қайтадан майданға бет алып кетіп барамын. Әрине, қай майданда болатынымды кейін жазармын. Менің тұрмысымда ешқандай жаңалық жоқ бұдан басқа. Кейін тұрғылықты орынға келген соң хат жазармын.
Алматыда қандай жаңалық барын сосын жазарсың. Үй ішіне сәлем айт. Қатираға сәлем айт!
Жазушылар одағының мартта болған жиналысын «Лит. газетадан» оқыдым. Қысқаша өзіңнің халің қалай? Хат жазарсың кейін. Баубегің. Жолдағы бір станциядан жазып отырмын.
1 ИЮЛЬ 1942 ЖЫЛ.
Мұқанжан!
Сенің екі хатыңды алдым. Менің мақалам туралы жаңалығыңды естідім. Жұрттың жақсы дегеніне тәуба, тәуба!
Менің «Алматылықтарымды» түгел алдың ба? Үш рет жіберіп едім ғой екі бөлімін. Ол қалай? Саған ұнай ма? Жақсы болатын түрі бар ма? Жаз, сенің лебізіңді естідім келеді. «Комсомольская правда» арқылы патриоттардан мақалам жөнінде көп хат алам. Әсіресе Украина мен Белоруссия қыздары коп жазады. Редакциядан құттықтап 4-5 рет материал сұрап хат жазды. Мен бұл кішкентай мақаламен жастардың жүрегіне қобыз ойнасам керек, қайтсін бишара жастар. Бүгін тағы редакцияға бір жақсы мақала жіберіп, «бір данасын саған жолдаңыз» деп сұрап жаздым, көшіре алмағанның кесірінен. Мүмкін жіберер. Алсаң «Казахстанская правдаға» бер. Қазақшылаймын деген жігітке, әрине, қарсы емеспін ғой. «Казправда» менің ана мақаламды басты ма, тағы қайда басылды? Маған бір данасын жіберерсің. Оны езіңде сақтауыңа сөз жоқ қой...
Өздеріңнің халдерің қалай? Әдебиет төңірегіндегі қалам иелерінің өрбісі қалай? Мені сұрағандары болса, сәлем айтарсың.
Дүйсенбек деген жігіт кім ол? Неғып мен оны білмеймін. Адам мақтағанды неге жек көрсін, оған менің рақметімді ұсын.
Әрине, Шығыстың сұлулары сендердің төңіректеріңде шығар, қызыңа сәлем айт! Жеңістен кейін біз де келеміз.
Мұқанжан! Мен сенен сусап тұрғанда, қанып оқырлықтай бір хат ала - алмай-ақ қойдым. Көптен бері 20 сезбен доғарасын да тұрасың. Хатты толық жаз. Бәрін жаз, маған Қазақстанда болып жатқан жаңалықтың, ескіліктің бәрі қызық.
Әлидің қайда екенін білесің бе? Сақыш деген менің бір қарындасым бар еді. Оқи ма, әлде бұл кезде бірдеңе жаза ма? Ол әдебиет мәселесі жөнінде түсінігі бар қыз. Ондай қазақ қыздары аз-ақ. Қазақ қыздарынан жаза бастаған ешкім жоқ па? Неге солар жазбайды?
Ғазиздің адресін тауып алып, хат жаздым. Бишара әлі тірі екен. Өзін не жаздың, не жазып жатсың? Сейітжанның кішкене баласы сенің мақалаларын «Социалистік Қазақстанда» көп шығады деп жазады.
«Сорлы сұлу» мен біздің сұлу, тіпті атын да ұмытып барады екенмін, «Айсұлу» ұрысқа жарамайтын болғандықтан көміліп қалған шығар. Жаңағы бірдеңе болмаса, басқа жазған ештемем жоқ. Толық қып хат жаз.
Барлық жолдастарға сәлем айт. Хатты тез-тез жаз. Ақтанов59, Омаровтарға сәлем айт, неге олар хат жазбайды?
Әзірше, өзіңнің, Баубегің.
Адресім мынау:
Действующая Армия, Полевая почтовая станция
736, п/я 155, Булкишеву.
Қатираға, Мұсаға, қарттарға сәлем айт! Іскең ештеңе жаза ма?
19 июнь 1941 ж
Мұқанжан!
Менің денім cay. Қазір бос уақытта саған хат жазып отырмын. Сендердің жіберген газеттерің штабқа келіпті деп естідім. Бүгін алуым керек. Өзімнің бір-екі бет қазақшалағаным бар еді. Ол, әрине, жақсы, бірақ түгел аударылмаған.
«Комсомольская правдаға» бір жақсы мақала жіберіп, саған бір данасын шебер деп сұрағанмын. Алсаң қазақшаларсың өзің - ақ. Менің. уақытымның өзі құрметтеуге келмейді. Әрине, мен орысшалап жазғанда, орысша жазуғa құмарлық емес, адам орталыққа бағынады ғой. Әйтпесе қазақша жазған дұрыс қой.
Менің ана мақаламды қазақшалап газеттеріңе басқандарың қазақ, халқы өз баласын ұмытпайды дегенді көрсетеді ғой. Риза болып-ақ жатырмын.
Мұқанжан, толық қып жиі хат жазып тур. «С. Қ - ға» бір нәрсе жазып жіберейін десем, алыс сияқтанады да тұрады. Өйткені біз расында алыспыз ғой және қазақша сөйлемеген соң, сездер тосырқап, жатырқап келе қоймайды. Амалсыз орысшалайсың, әл келгенінше бос уақытта майдан газетіне жазып тұрамын. Жақында бір жап-жақсы мақалам шықпақ. Саған жіберем. Шіркін-ай десейші, казак, газеттері болса, осы кез өндіріп жазатын кез ғой. Маған келген бірталай тілектес хаттар бар, саған жіберемін және жаңа мақаламды менің қағаздарымның арасына сала сал, мен сақтап жүре алмаймын ғой. Көшіп жүрген майдандағы өмір ғой.
«Алматылықтардың» соңын кейін жазбасақ, әрине, әзір өзінше болып кетті уақыттың жоғынан. Әйтпесе бірінші кітабын бітірсе, жақсы-ақ болар еді-ау. Бөрік алдын ба, екінші бөлімнің аяғына дейін. Жаз, қалай, саған ұнай ма? (Шыныңды, әрине). Кісінің рухын алдап көтергенмен бола ма? Ол туралы хат күтемін.
Майдан газеті менің «Өмір мен өлім туралымды» жеке бөлек нәрсе ғып шығарамыз ба деп еді суретпен. Кейін газеттен басқанын бәрі қысқарып қалды. Ол жақта мұндай нәрсе болмай ма? Жаз... Байқап көр!
Мүмкін «Комсомольская правдадан» анау мақаланы алсаң, тағы біреуін жіберем — армиялық газетте басылған. Әй, бірақ орысша - ау, мүмкін орысша басылымға байқап көрерсің, Жазушылар одағы арқылы. Бұл үш мақала — тәуір дегендерім. Өзіңнің жазған мақалаларын, жақсы өлең сияқты дегендерің болса жіберіп түр. Газет жібер. Сауатымызды ашайық, тым болмаса.
Қарттарға сәлем айт!
Қызына екібастан сәлем айтарсың деп сенемін. Егер ол мені осы уақытқа дейін білмесе, онда болмай жатыр. Соғыстан кейін — қазақша бір төбелес.
Әзірше сау болыңыз (Катяның қоштасуынан есімде қалғаны).
Өзіңнің Баубегің.
Адрес жаңа:
Действующая армия,
ППС 1531. 303
А и Б. Булкишеву Баубеку.
20 ИЮЛЬ 1942 ЖЫЛ.
БАТЫС МАЙДАН.
Мұқан!
Менің бұл мақалам армиялық газетте де шыққан. Әрине, сендерге жіберіп отырмын. Орысша жазып, кейін қазақшалап едім, кейбір сөздер жетпей.жатыр. Әрине, бұл хаттың жолда да біразырақ жүретіні белгілі: алғы шептен тылға, тылдан жақын жердегі бір қалаға, одан Қазақстанға барғанша көп өлеңдер жырланып, бітеді ғой. Бірақ жағдай болса жіберіп отырған мақаламды тезірек басуға тырысарсыңдар! Жіберген газеттеріңді алдым. Менің дүниелерімді ескеріп, басқандарыңа көп рақмет! Әрине, казак халқы өз балаларын неге ұмытсын. Баланын. көңілі де далада болатын уақыт емес қой. Мынауымның аударма екені байқалып-ақ тұр. Өзімнің жазғанымды жібергенде, оны оқыған талай қыздар жылайтын еді. Бірақ мен соны дұрыстап аударуға үлгере алмадым. Уақыт сатып алуға да түспейді («сатып» деген сөзден - ақ біздің жағдайды біле жатарсың). «Комсомольская правдадан» сол статьям туралы жастардан келген көп хат алам. Әсіресе украин, белорус, орыс қыздарынан хаттар коп келеді. Ұнаса керек оларға бүгін Ғазизден хат алдым. Бір аға комиссар Әбілқайыр Молдабаев деген жігіт сәлем айтты дейді. Мен ол туралы журналдан оқып едім.
Кім екенін білмеймін, сен оның қайда істегенін білесін бе? Ғазиз маған ақша керек пе дейді. Өзім де ақшамды қайда қоярымды білмей жүрмін. Айына 750 сом төлейді маған. Саған ақша керек болса жаз. Әйтпесе Сейтжанға жіберемін - ау. «Комправдадан» 300 сом алдым әнеугі статьяма. Бүл жақта ақша керексіз.
Мұқанжан, Ғазиз маған қазақтың батыр жастарын көрсететін материал жинай бер, соғыстан кейін жазармыз дейді. Біздің комиссар оның хатын оқып, қазақ халқы жауынгер ұлдарына риза болатыны сөзсіз, бұлар өз халқының патриоттары дейді. Ғазиздің орысша жазғанына бір риза болдым. Расы, біздің халық намыс - ұятты көп білетін халық қой. Расы, патриот қазақ туралы қолғa түскен газеттерде бір ауыз сөз айтылмаған мақалалар аз кездеседі. Пәлен шахта пәлен орындадыға дейін құмарта оқып шығасың.
Мұқанжан! Хатты жиі жаз. Сен мұнда болсаң хаттың қадірін білер едің. Сенің бір хатың Ұлытаудан бір адам келгеннен кем емес мен үшін. Мені сұрағандарға сәлем айт. Ахтановқа сәлем! Әрине, мен білетін, білмейтін қыздарға да сәлем айтуыңа сөз жоқ қой. Пай-пай, жас адам - ай десейші, қыз аузымыздан түспейді, «ит жастық» дегендей.
Ғазизге сен туралы роман жаздым, соның соғыстан кейін бітіремін деп хат жібергелі отырмын. Әрине, «Алматылықтар» туралы хат күтем сенен! Мынау мақала туралы тек фактісі жоқ деп жауап жазарсыңдар. «Лениншіл жастан» қалған традиция ғой, күліп отырмын. Бұл өлеңдердің шетіне Ахтанов дейтін менің жақсы досым: «Фактісі жоқ, басылмайды», — деп бұрыштама қоятыны әлі есімде баспай қойып жүрмеңдер — жазушының өлеңі ғой. (Мұны күлкі үшін айтып отырмын).
Біз бомбының түсіп жарылған жерінен пайда болған шұңқырды «воронка» дейміз орысшалап, қазақша «шұңқыр» болу керек. «Огонь» деген сөздің мықты қазақшасын таба алмай-ақ қойдым. «Оқ ат!», «ат!» деп көріп ем болмай жатыр. Соның елегінен «Заман біздікі!» деп шақырдым азанын. Келісе ме, келіспей ме?.. Әрине, нүкте, үтірінде менің шаруам аз!
Қарттарға сәлем айт!
Сендерге эпизод, андай - мындайды жазып тұруға алыссыңдар, қызықсыз. Осы тәрізділерді, жіберіп отырған мақалам сияқты бос уақытта жазып тастауға болар еді, егер сендер жақтыртсаңдар! Әрине, саулық, болса.
Қош, Баубегің.
Менің адресім:
Действующая армия,
ППС 1531; 303 А и Б,
Булкишеву Баубеку.
24 июль 1942 жыл.
Батыс майдан.
Мұқанжан!
Менің туысым, ұшқыш, орденді капитан Серікбай қайтыс болыпты . Бүгін әйелінен хат алдым. Ол: «Қайда барарымды білмеймін, Серікбайдың туған жеріне барсам ба екен», — дейді. Сұм өлімнің таппайтын адамы болсайшы — жалғыз Серікбайды да алып кетті. Отан оған екі рет награда беріп еді, жетім казак, баласын капитанға дейін жетілдіріп еді ол Әуе флотының көрнекті бip командирше айналып еді. Жауыз Гитлердің қарақшыларымен күресте 27 май күні ұрыста қаза тауыпты. Ішің қимайды, жүрек тулайды. Амал не, қазақтан шыққан мұндай летчик - капитан аз-ақ қой. Серікбайдың өлімі қазақ халқының патриоттары үшін ауыр қайғы. Әсіресе, туысы мен үшін.
Мұқан, Ираға Алматыға бар деп ақыл бердім. Ол — орыс қызы, ол — қазақ, жігітінің досы, ол — біздің бауыр, мен оны ренжіткім келмейді. Алматыдағы жігіттер оны орналастырар деп сенемін.
Ол саған келеді, редакцияның адресін бердім. Үйіне орналастыр, кіргіз, маған істеймін деген жақсылығыңды соған істе, бауырым Мұқан. Оны жетімсіретпеңдер: Ол туыс деп майданнан мені тапты,.сен сені тауып отырмын...
Ленин проспектісі 12-үйдегі Республикалық Жоғарғы Совет Президиумының председателінің орынбасары Ермағамбетова апайға хат жаздым. Соның үйіне алып бар Ираны. Апай үй, қызмет тауып беруі мүмкін, әйтпесе қайда айдайсың Ираны. Ол жоғарыда көрсеткен үйде тұратын еді, қазір бар ма екен, жоқ па екен, осыны біл. Ермағамбетовамен сөйлес. Қазақтың майданда өлген ер жігіті капитанның әйелін жетімсіретпесін, ол Казак, халқы бар, менің Серікбайымның туысы бар. деп іздеп барады. Сен жәрдемдес. Сен мені дұрыс түсін Әрине, жалпы жағдайларыңның киын екенін білемін. Мүмкін квартирді өзің де іздеп жүрген шығарсың. Қатираға сәлем айт. Қатираның үйіне де болса орналастыр. Ол езінін еліне келгендей болсын. Оның қайғысы басына жетерлік қой. Көңілдендір. Қыздарыңмен таныстыр, театр мен киноға апар. Ренжітпе, көңілдендір. Адамшылық жасаңдар, аяңдар. Қиын уақыт қой, қиыншылықты онымен бір көріңдер. Сен оны күтіп ал, оның тек бір кішкене қыз баласы бар — Рита деген, басқа ешкімі жоқ. Фамилиясы Асатова Ирина Акимовна66.
Жігіттік жаса, мен қолыма түскен ақшаны соған жіберіп тұрамын.
Қатираға сәлем айт, Ираға — менің жеңгеме жәрдемдессін. Мен бүгін оны тіпті аяп отырмын, хатын оқып жылап алдым. Тіпті аяныш. Хат жаз, қош.
Баубегің.
3 АВГУСТ 1942 ЖЫЛ.
БАТЫС МАЙДАН.
(АШЫҚ ХАТ).
Мұқанжан!
Мықтымысың. Менің денім cay. Менің хаттарымды алған шығарсың. Әрине, сол хаттар туралы жауап күтемін.
Мұқанжан!
Не жаңалық бар? Амансыздар ма? Іскен туралы жаз. Апайдың жағдайы қалай, мықты ма?
Ғазиздің әжесіне сәлем айт! Ғазизден бірінші рет хат алдым. Әбден қуандым.
Ден сау.
Мына маған келген хаттарды саған жібердім. Менің қағаздарымның арасына сала сал. Жата берсін.
Тез хат жаз. Баубегің.
23 АВГУСТ 1942 ж
Мұқан!
Сенің 7.8.42 жылғы хатыңды бүгін алдым. Мең саған хатты жиі жазамын, неғып алмайтыныңды білмеймін. Мен сендерге бір статья жібергем, алған шығарсыңдар. Саған хат жазғам. Басуға жарай ма, әлде болмай жатыр ма, жаз!
Қыздарыңа сәлем айт! Хатты толық жаз! Серікбайдың әйелі сендерге барады деп хат жазып едім. Әзірше ол өз орнында қалып отыр. Солай бола тұрсын.
Мен мұнда Елшібеков Ахметке жолықтым. Бір-бірімізді сағынып қалған екенбіз. Біраз әңгімені төктік. Қазақтың осындай жөн білетін жігіттерімен кездесіп, әңгімелессең, бір демалып қаласың. Ақаңмен хат жазысып тұрамын. Кандидат партиямын, яғни коммуниспін деп мақтанып жүрмін. Бүгінгі «Комправдада» мақалам жүр, оқып көр, қалай? Армейская газетаға да жазып тұрамын. Кеше бір «сапердің хаты» деген әжептәуір келемді бір статьям шықты. Жолдастар газетті таласып алып жатыр.
Сапердің өмірінен алып «Алтын сағат» деген бір әңгіме жазып жатырмын. Бітпей жатыр. Шауып жүріп жазған шығарма түссін. Әйтеуір жазғың келеді — жазасың, орталық газеттердің біріне берем бе деп жақсы ғып жазайын деп тырысып жатырмын. Қазақшасын сендерге жіберемін...
Толық қып хат жаз!
Баубегің
Мой адрес:
Действующая армия.
ППС 1531. 303
А. Б. Булкишеву.
Қатираға, үй ішіңе сәлем айт. Өзіңнің қызынды менімен қашан таныстырасың. Сенің қуанышыңа мен қуанамын ғой. Әрине, жақсы қыз болу керек.
1 сентябрь 1942 жыл.
Мұқан!
Сенің 18.8.42 жылғы хатыңды алдым. Көп-көп рахмет.
Әрине, ептеп ренжіпсің, ренжитініңді өзім де білгем. Дегенмен, осы күнгі жағдайдың өзі маған түсініксіз. Сендердің қалай тұратындарыңды білмеймін. Сондықтан еріксіз мазасыз өлімге ренжіп жазылып кеткен ғой.
Мұқанжан, менің сенен басқа жақын кімім бар? Сенің де жақының мен ғана емес пе? Біз бір-бірімізді түсінеміз ғой.
Мен Алматы деймін. Сенсіз Алматы маған қызық болуы күмән нәрсе. Менің арқа сүйейтін, кеудеме толған жырды, сөзді төгетін, айтатын бір ғана биік шыңым бар. Ол — сен ғой. Сені ойласам Шығыста менің биік мұнарам бар сияқты. Ол мұнара сен ғой, Мұқанжан.
Үйің қайда дегенде, сені айтып жүрмін ғой — мұнда менің үйім деп.
Мұқанжан! Менің денім сау. Үйреншікті, өзімізге белгілі өмір, тіршілік.
Енді уақыт болса, сендерге жазып тұрармын. Әрине, саған жіберемін ғой. «Золотые часы» деген сапер қазақ жігіттің өмірінен алып бір әңгіме жазып жатырмын. Сюжет! жақсы, тілі де нашар болмас деймін. Орысшалап жатырмын. Қазақшасын сендерге жіберейін. Обязательно басасыңдар, қуана-қуана басасыңдар. «Алматылықтардың» үшінші частысынан бір үзінді сияқты. Қазіргі майдандағы өмір. Оның жақсы боп шығуына сөз жоқ. Басын бастап қойдым. Тек қара сезбен жазылған поэма десең болар, ретімен сөз төгіліп-ақ жатыр (қазақшалағанда, әрине, құйылады ғой). Гогольдік «Майская ночі» құсатып желпініп жазып жатырмын. Бірақ, дәл осы бір күндерде қол тимей жатыр. Бітіруге, әрине, асығыстау, нашар болмай, жақсы шығатын - ақ нәрсе. Әрине, сенің таныс қызыңнан мен хат алғаным жоқ. Жазса, жауап беремін. Әрине, қызға дегенде әдемі сөздерді жазамыз ғой.
Осында қыздардан хат келеді де жатады. Оларға да жауап жазам. Әрине, олар маған шоқынады. Қыз алдында бас имеске болмайды ғой.
Иә, ол қыз, мүмкін сенің, менің жолдасым болар, ол туралы жаз.
«Комправдада» шыққан әнеугі және соңғы мақаламды, «С. Қ.- да» шыққан мақаламды алып салып қой. Мен бұл жақта оларды жинап жүре алмаймын, қиын - қыстау кезеңде бір жерде қалып қояды.
Серікбайдың әйелі әзір орнында, сендерге бармақ болса, телеграмма берер. Ермағамбетовадан хат алдым, келсе, орналастырамын деп. Жоғарғы Совет арқылы хат жазыпты. Рақмет, әрине.
Да, Мұқан, «Шығыс ұлына хат» деген бір хат жазып едім. Мүмкін, жаратсаңдар, басарсыңдар, оны кейін жіберермін.
Майданда жазушылар бар ма? Кімдер сендерге жазып тұрады?
Орыс жазушыларының көбі майданда, өкіртіп жазып жатады.... Олардың негізгі тақырыбы — майдан өмірі.
Тез хат жаз.
Менің «Алматылықтарым» жатқан шығар сенде... Қалай екен, жалғастыра беруге тұра ма, әлде түкке тұрғысыз дүние ме?
Сәлеммен сенің Баубегің.
Жауап күтемін. Адресім бұрынғыша.
ППС 1531. 303 А и Б.
7 НОЯБРЬ 1942 ЖЫЛ.
Мұқанжан!
Бүгін, міне, Октябрь мейрамына 25 жыл болыпты - ау. Өткен күндерді ойлап тұрсаң, сол кездер өте қызық екен-ау, Мұқанжан! Дәл, осы мен хат жазып отырған уақыт екеуміздің қосылып алып, көшелерде топ-топ болып ағылған халықты аралап, қыздарға қыр көрсетіп жүрген уақыттар ғой. Сонда біз Алматының халқына, өзіміздің көзімізді ашқан оқу орындарына еркелейтін сияқтымыз. Иә, ол еркелік — бүгін басқаша. Ол мейрам — бүгін басқаша. Ол кездегі Баубек пен Мұқан бүгін басқаша.
Мұқанжан, сағынғанда, сен еске түскенде қалам, қағазға жүгіретін әдетім. Саған бір хат жазсам, сенімен сөйлесіп, шер тарқатысып отырған сияқтымын.
Бүгін «Ком.правдадағы» мақаламды көріп, жап-жақсы болып отырмын. Онша жамап мақала емес. «Өмір мен өлімнің» жалғасы сияқты нәрсе ғой. Оқып көрерсің. Әрине, сендер газеттеріне аударуларың керек деп сеніп отырмын. Аталған газеттің осы жылғы 5 ноябрьдегі номерінде шыққан 23 августа «С. К - ға» 3 өлең бір «Шығыс ұлына хат» деген мақала жіберіп едім, алдыңдар ма?, Басылатын ба, маған жаз. «Алтын сағат» деген орысша бір әңгіме жазып едім — 27 бет, әжептәуір көлемді, жап-жақсы. Карамзиннің «Бишара Лизасы» сияқты. Әрине, ол күйректіктен гөрі батырлық патриотизмімен айырылады одан.
Қазақшалауға қол тимей жатыр. Сендерге жіберуге жаным құмар. Әрине, қазақшаласам сендерге жіберемін ғой. Ол жақта не жаңалық бар? Менің мақалаларым жөнінде жаз. Өлеңдерімді бастыңдар ма? Бассаңдар, газет жібер және қазақша жазылған бір кітап жібер. Мұхтардың «Абайын», Махамбеттің жинағын, Исатайдың тарихы туралы кітап болса, соны да жібер. «Исатай - Махамбет» пьесасын, тағы басқа жақсы-ау, керек - ау деген қазақша кітаптарды жібер. Осы күндерде жіберуге болады. Шамалы күнде адресім белгілі болады, жіберем, сол адреске саларсың. Бірақ осы хатты алысымен мына адрес бойынша толық етіп хат жаз:
1531 полевая почта,
часть 252. Маған.
Үй ішіңе, Қатираға және қыздарыңа сәлем айт менен.
Басқа не жазайын, сау бол.
Өзіңнің Баубегің.
Жиі-жиі хат жазып тұруыңды сұраймын, Мұқанжан! Тез хат жаз, күттім.
7 ноябрь 1912 жыл.
Батыс майдан.
Мұқанжан!
Сенін 10 октябрьде жазған хатыңды тап бүгін ғана алдым. Осы хатың мейрам күні келіп, жетті, қуантты. Әрине, өзің білесің ғой, «хат» деген сөз маған өте жылы сездер екенін.
Бағана бір хат жазып жіберіп едім, оны да алған боларсың. Мұнымен бірге менің өлеңдерім мен мақалам қолыңа тиген шығар. Солар туралы ой-пікіріңді жазып жібер және олар басылса, газеттерді салуға ұмытпа!
Осы газеттердің бір данасын менің қағаздарымның арасына сала сал. Мен бұл жақта жүріп, сенің жіберген қағаздарыңды жоғалтып алуым сезсіз ғой. Өзің білетін «С Қ - да» және «Комсомольская правданың» 1 майындағы, 23 августағы, 5 ноябріндегі сандарында жарияланған мақалаларымды соларға қоса сал.
Қатираның үй іші аман ба? Қарттар қуатты ма? Ғазиздің әжесінің халі қандай? Бұлардан басқа Алматыда мен танитын адамдар аз-ақ қой. Ал, мені білем дейтін менің Жанналарым болса, соларға да сәлем айт. Мұндайлар жоқ болса оқа емес. Бірақ, өз қызыңа менен сәлем айт! Әрине, оны менің атымнан салт бойынша мейраммен құттықта. Қызыңның атын осы күнге дейін білмеймін, сенің хаттарыңда неге атамайтыныңды түсінбеймін. Тағы қайталап айтарым, менің саған жіберген өлең, мақалаларым туралы ой-пікіріңді жаз! Ерекше «Мен өмір сүргім келеді» туралы жаз. Бұл ұнай ма саған? Елдегі жаңалықтар туралы жаз.
Жақында Ағаңа барып кайттым. Өте бауырмашыл адам, ақылын айтты. Қазақшалап әңгімелесіп, екеуміздің де бойымыз жазылып қалды.
Ал елден хат келмейді, бұған не себеп екенін білмей отырмын. Сенің соңғы хатың Алматының өзінде 13 күн жатып қалыпты. Сірә, цензурадағы жігіттер үлгере алмай жатқан болу керек. Дегенмен, хаттың Алматыда жарты ай бойы жатуы тым ынғайсыз. Хат жаз.
Баубегің.
21 ноябрь 1942 жыл
Мұқанжан!
Саяси қызметкерлердің күрсіне барамыз деп майданнан келіп, осы Мәскеудің маңындағы бір станцияда жатырмыз. Не жаңалық бар! Менің сендерге жіберген мақала –өлеңдерім туралы не айтасың? «Ком. правдада» шыққан мақалаларды қазақшаға аудардыңдар ма? Бұлар туралы ой-пікіріңді жазарсың. Жаңа адресімді кейін жіберемін, әзірше қайда баратынымыз белгісіз.
Үй ішің аман ба? Қош, Баубегің.
5 ноябрьдегі «Ком. правданы» менің қағаздарымның арасына салып қой. Менде ол жоқ.
5 декабрь 1942 жыл.
Мензелинск қаласы.
Татар АССР-Ы.
Мұқанжан!
Үй-ішің аман ба, денін сау ма? Кейде жақын жердің алыс болатыны жаман. Мен тұрған осы жерге хат келіп, кеткенше де коп уақыт өтеді. Әйтеуір темір жолдан қашық бір қала.
Мұқанжан, адам кейде жалығып шағынады ғой әр нәрседен. Осы соғыс бітсе екен деген ойда отырмын бүгін.
Жұрт расында: «Жақсы солдат өлім іздейді, соғысты тілейді», — дейді ғой, сонда да жай азамат болып, бір галстук тағып, кеудеңді көкке көтерген күнді сағынасың.
Әрине, біз екеуміздің жазушы боламыз деген тілегіміз, арманымыз осылай созыла беретін шығар. 70-ке келгенде де бірдеңе.жазсақ екен. Жазамыз деп сенемін. Бірдеңе бізден шығар деген үміт екеумізден де қалмас. Тағдырдың табанына түскен бір бақытсыз - ақ жанмын. Мен әжептеуір-ақ, жазар едім, қатарға қосылар едім. Бірақ, өмірлік бақытсыздық менің соңымнан ешқашан қалмақ емес, ешқашан творчестволық бетіңді ашатын жағдай тумақ емес!
Мұқанжан, іш қазандай қайнайды, ал уақыт болса өтіп барады. Қол сермейтін кезең дәл осы кез ғой, не керек, творчествоға жағдай жоқ. Жын ішінде булығып жатыр, ол тұншығып бой көтере алмай жатыр. Қайтейін.
Қайран, шіркін, осылай жын соғып, селкілдеумен көзінен төгілген жасын жинай алмай өтіп барады. Еңіреумен барады, не айтарсың?!
Сөз бірікпей жатыр, ал айтайын.деген әңгіме коп, сенімен мұңдасатын күн болар ма екен? Бар сырды айтып, көңілдің шерін босатар күн қайда?
Әшейін Саулық білдіріп, бытыратып ауызға түскен сөзді әр жерге лақтырып жатырмын.
Хат жаз, жаным Мұқан.
Баубегің.
Менің адресім:
Татарская АССР,
г. Мензелинск, часть 4,
Булкишеву Баубеку.
10 декабрь 1942 жыл.
Мензелинск қаласы.
Татар АССР-Ы,
Мұқанжан!
Қажып, шаршаған уақытта менің саған бірдеңе жазып, дем алатын әдетім, әлде бір нәрсені шатып жазып, бой жазатыным өзіңе белгілі ғой.
Мен ойлай-ойлай келе осы өзіміз секілді адамның өміріне ренжимін. Не деген ол қатаң, пе деген көңілсіз? Қайсыбір адамның өмірін шолсаң да, бәрі жатқан бір тұман.
Міне, біз жиырма алтыға келіппіз. Енді бір секірсек 30-40, тағы - тағыларға .жетеміз. Өткен жолға көз салып, қорыта келсең көңілге алатын ештеңе жоқ сияқты. Дүние осылай сираңдап бізден бет аудара береді екен-ау, жаралы қолың сау қолыңнан саған қымбат деген сияқты. Жүректе жатқан біздің қымбатты жол творчество, міне осы ой ғана кісіні қажитын.
Бір кинокартинада окоп қазып жатып, екі солдаттың әңгімелесетіні сенің есіңде бар ма, солардың бірі екі жыл міндетті әскери қызметте болдым, екі жыл дүниежүзілік, екі жыл азамат соғыстарына қатыстым, б жыл қатарынан әскер болдым дейтіні, содан соң әлгі қазып жатқан окобына қарап, еркіндік азаматтық тұрмысқа тоңази қарайтыны... Қазір мен де сол солдат сияқтымын. Елді, сендерді сағындым. Солдаттың тұрмысының бәрі ничегомен өте бермек қой. Жақсы да, жаман да бізге ештеңе емеспін өтіп жатыр.
Мына Татарияның жері суық. Оқуымыздың көбі далада, майдандағыдай қыстық киім бере қоймайды, жалпы айтқанда жағдай онша көңілді емес. Соғыс уақыты болғандықтан шыдай беру керек қой.
Мұқанжан, жиі хат жаза ма?. Бұл жерден менен хат жиі келіп тұруы мүмкін. Жақын жер ғой, не жаңалықтар бар? Жаз!
Баубегің.
30 декабрь 1942 жыл.
Мензелинск қаласы,
Татар АССР-Ы.
Мұқанжан!
Конверт, қағаз деген жоқ. Мына, бір жапырақ қағазға он шақты сөз жазып, соны бүктегелі отырмын. Қыздардың хаты тіпті басып кетті; ал соларға конвертсіз жауап жазу ыңғайсыз.
«Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ» жарияланған газеттерді неге жібермедің, өлеңім қайда? Курс біткесін болмаса, «Алтын сағатты» аударуға уақыт жоқ. Әлі ,үш ай оқимыз. Осы оқудың қашан бітетінін білмеймін. Майдан жақсы еді.
Менің мақалаларымды жинап, баспаға беріп көрсейші. Елшібеков осылай деп ақыл беріп еді.
Хат жаз, жаз, жаным. Тағы қол тигенде жазармын.
Баубегің.
1 январь 1943 жыл.
МЕНЗЕЛИНСК ҚАЛАСЫ,
ТАТАР АССР-Ы,
Мұқанжан!
Сенің ертеде жазған үш хатыңды бірден алып, мың жасадым.
Бұл кез өзімнен - өзім буынып жүрген кезім. 10 минуттен артық бос уақыт болмайды. Әттең, жазсаң көсіліп кететін кезең. Не керек, іш қазандай қайнайды. Амал жоқ, уақыт жетпейді.
Жағдай да мықты емес. «Алтын сағатты» аударатын уақыт жоқ. Әйтпесе оның соғыс туралы жазылып жатқан қазақ тіліндегі шығармалардың ішіндегі ең басымдылардың бірі болуына талас болмас еді, әрине мақтанып айтып жатқаным ғой. Оны майдандық газетке жіберіп едім, (27 бет) ұзақ болып реті болмай жатқанын, әлде ол жарияланып, сол газетті мен көрмей қалдым ба, білмеймін. Қазір ол газеттен қол үзіп кеткелі көп болды.
Мұқанжан, шынымды айтсам, осы күреске түссем Алматыға барып қаламын ба деп дәмеленіп, іліккен едім, ал енді әуреге түсіп жүрмін: Барлық әуре — мені қиналтатын жағдай — жазу мәселесі ғой, тағы басқа жәйттер. Әрине, Алматыны тірі болсақ бір көрерміз, бірақ, солдаттың осындай арманды өмірі - ай десеңші. Міне мен 3 жыл солдаттың көрген күнін бастан кешіріп келемін. Соғыстан кейін қолға қалам тиетін күн болса, «Алматылықтарды» іс қылып шығарамын ғой.
Батыс майданда майдандық газет ұйымдасқан екен, Ғазиз соған орналасыпты. Мені сонда қызметке шақырған документті дайындап, оны аяқсыз қалдырды. Орыс халқының «не везет» дейтіні осы да.
Әйтеуір, мемің жазғаныма тағдыр қарсы сияқты. «әрине, онда бара қалсам біраз жазайын -ақ дедім ғой. Кейде, «Менің көшемде . де той болатын күн қашан туар - ау», — деп те ойға түсем.
Әлбетте, бұл тірі жамның үміті ғой.
Қазақ тілінде шыққан мақалаларымды жинап, Елшібековке жіберейін десем, олар түгелдей қолымда жоқ. Әсіресе «Тыңда, Кавказ» бен «Мен өмір сүргім келеді» есімде жоқ болып отыр.
Міне, Жаңа жыл да келді. Өмірім үш жыл бойы осылай өтіп жатыр; Жаңа жылды солдатша қарсы алып, омы солдатша ұзатамыз.
Менің саған жіберген бір өлеңдерім бар еді. Олар қалай? Басылғаны бар ма? Солардың арасында «Күн туды» деген бір өлеңім әжептеуір сияқты.
Жаз, шаруаларың қалай, үй ішің аман ба? Маған бір Жамантаева деген қазақ қызы Алматыдан хат жазыпты, мен оған жауап жазып жібердім. «Ком. правдада» шыққан кейінгі «Мен өмір сүргім келеді» туралы хаттар келе бастады. Орыс халқы көңілжай, сезімтал халық қой.
Не жаңалық бар? Өзің не жаздың? Тәуір нәрселерің бар ма? Толық жаз. Сенің хатыңмен дем алмасам, осы кез бір шаршап жүрген кезім.
Баубегің.
7 январь 1943 жыл.
МЕНЗЕЛИНСК ҚАЛЛСЫ,
ТАТАР АССР-Ы.
Мұқан!
Хаттарыңды алдым. Рахмет!
Қазір мен Татарияда жүріп жатырмын. Қызыл Армияның саяси қызметкерлерін даярлайтын курста оқимын. Мұнда бір айдай болып та қалдым. Алда әлі үш ай бар.
Бүгін бір құшақ хат алдым. 74 дана! Сендердің хаттарың соларға ілесіп келді, әлі оқығаным жоқ. Олар полевая почта бастығының хатына қарағанда, шамасы, менің «Комсомольская правдадағы» мақалам туралы жастардың ой-пікірлері сияқты. Хат оқуға да уақыт болмай жатқаны, жазуға да уақыттың қымбатқа түсетінін көрсетеді ғой. Кейін уақыт болғанда жаза жатармын. «Шығыс құлына хатым» басылған газетіңді алдым. Өлең т. б. шыққан туындым болса, жіберіңдер. Қағаз жібер.
Асеке! Майдан жаққа барып тұратындарың жақсы нәрсе ғой. Орыс жазушыларының басым көпшілігі дерлік майданда ғой. Менің қазақ жазушылары туралы тіпті хабарым аз. Елшібеков Ахметтен хат алып тұрамын, ол екеуміз бір армияда болып едік, анда-санда әңгімелесіп, бой жазысып тұратынбыз. Сол ғана естіген - білгенін айтатын. Одан басқа қазақтарды аз-ақ кездестірдім. Жазатын жақсы материалдар бар, әттең, уақыт жоқ.
Редакциядағы жігіттерге менен сәлем айт.
Баубегің.
11 январь 1943 жыл.
Мензелинск қаласы,
Татар АССР-Ы
Мұқанжан!
Сенің бір ашық хатыңды алдым.
Менің денім сау. Осы хатымды асығыста жазып отырмын. Уақыттың жоқтығы мәжбүр етуде. Әрине, жинақ шығатын болса, шыға берсін. Ол туралы жазарсың.
Мұқан! Өтетін болса менің киімдерімнің бәрін сатқызып жібер, ал ақшасын маған жібер. Себебі, біріншіден, ақша керек, ал екіншіден, бәрібір енді ол киімді кию бізге жоқ қой. Солдаттың тігулі киімі бізге жарап жатады емес пе? Тез, аса тез жіберуге тырыс.
Соңғы мақала жөнінде жан-жақтан 100 шамалы хат алдым. Коллектив хаттары да көп. Соларға жауап беруге уақыт жоқ. Курсанттарға таратып берсем бе деймін.
Кандай жаңалық бар? Тез-тез хат жаз!
Баубегің.
Менің жарық көрген өлеңдерімді, тағы басқаларды жібер. Ақша төлесе, оны да жіберерсің. Баяғы Белгібайдың жылағанындай.
20 январь 1943 жыл.
Мензелинск қаласы.
Татар АССР-Ы
Жаным Мұқанжан!
Қолым тиіп кетсе болғаны, саған хат жазатын әдетім. Бүгін 10 күнге командировкаға колхозға шығып, сол колхозда отырмыз. Аз күннен кейін күреске кайтып барамын. Оның. бітуіне әлі екі айдан аса уақыт бар. Соны тез бітіріп, майданға кетуге тілеймін. Бірақ мұндай жағдайда уақыттың өтпейтіні өзіңе мәлім.
Жұртшылықтан алған 74 хаттың біріне уақыттық жоқтығынан жауап бере алғаным жоқ. Көп-көп жақсы хаттар бар. Командировкадан қайтқаннан соң, «Комсомольская правдаға» жіберейін деп отырмын. «Алтын сағатты» аударуға қол тимей-ақ қойды. Жақында Ғазизден хат алып едім, «Сені редакцияға алғызайық деп іздеп - іздеп таба алмай қойдық», — дейді. Тіпті бір жолым болмайтын жігітпін. Сол редакцияға орналассам, көп туынды жазар едім. Бірақ, енді бұл тарапта үміт етуге болмайды, өйткені мен Батыс майданның қарамағынан кетіп, басқа майданға ауыстым. Енді мені басқа қызметке жіберу тек Главупр РККА - ның ұлықсатын керек етеді.
Өздеріңде не жаңалық бар? Түнеугі хатыңда жинақ мәселесінде бірдеңе дегендей болып едің. Ол туралы тағы не айтасың? Үй ішіңнің тұрмысы қалай? Өзіңнің творчестволық мәселең қалай? Жазып тұрасын ба?
Екі айдан кейін курсті бітіреміз. Иыққа погон тағып, совет офицері боламыз. Лермонтов сияқты офицер - жазушы болу біздің кезеңде қымбат қой. Кейін біз де жалармыз. Ел ұмытпас үшін анда-санда лебіз білдіріп тұрармыз.
Мұқанжан! Адамның тағдыр жолы деген бір басы қатты арғымақ сияқты ғой. Екеуміздің бас қосып, сыр, әңгіме, жазу дегендерді жүзеге асыратын күндерге бет бұрылмай түр ғой. Бірақ, үміттің, келешек алдына тосқауыл қоюға болмайды ғой. Солай да болса арманымыз жуықтамайды. Толық етіп хат жаз!
Жиі жаз!
6 февраль 1943 жыл.
Мензелинск қаласы,
Татар АССР-Ы
Мұқан!
Алматыдан жазған хатыңды бірінші рет алдым. Қағаздарыңды, хаттарыңды да алдым.
Жақында курсты — бірінші мартқа қарсы бітіреміз. Бұл адреске енді хат жазба. Менен хат күт. Менің мақалам туралы жүз шамалы хат алдым. Жауап жазуға
уақыт жоқ. Саған да бір жапырақ қана қағаз жазып отырғанымды өзің көріп отырсың ғой.
Менің жинағым шықпақ болса, менің суретімді бер. Реті келсе, әрине. Соның мұқабасының бірінші бетіне суретпен шығаруға болады емес пе? Сенде менің суретім болу керек. Енді сенен кепке дейін хат ала алмаймын. Өйткені тұрғылықты адрес кепке дейін белгілі болмайды.
Мұқанжан, халің қалай, шаруаң жақсы ма? Жазуға қол тимей жатыр. Курсты бітірген соң жағдай болса жазып та керермін.
Әлгі Евдокия туралы. Ол әншейін бір қыз еді. Майданның маңайынан тылға кешірілген сол қызға Алматыдағы адресімді сұраған соң бергем. Қол тигенде жазармын оған.
Ғазизден, Елшібеков Ахметтен хат алып турам. Елшібеков менің мақалаларымды сұрапты. Жинап ЦК- ға, болмаса баспаға жіберейін дейді. Әрине, өздерің орналастырсаң, оған жіберіп қайтейін.
Мұқанжан, сағынғандықтан сені құшақтап тұрып, тәтті достықпен сүюге дайынмын.
Әзірше сау бол, Баубегің.
28 февраль 1943 жыл,
Мензелинск қаласы,
Татар АССР-Ы
Мұқанжан!
Сенің жіберген қағаздарын мең конверттеріңді алдым. Менің тұрмысымда еш жаңалық жоқ. Осы хатты алған соң. менің бұл адресіме хат жазба. Курсты бітіріп кетуіміз мүмкін. Тағы да бір жаққа кететін шығармыз, Әрине, ол майдан жақ қой.
Мұқанжан, кеше «Котовский» атты киноны керіп едім. Әрине, оны Алматыда түсірген болу керек. Алматының шеткі көшесінің бірін керіп, соны езім барып көргендей болғаным бар емес пе? Жастықтың жалынына жүрегіңді шарпытып, ауасымен дем алған қаланың ыстық болатыны несі екен, ә?
Біз туған Ұлытау сені мен маған ыстық – ақ көрінер ғой, бірақ адамшылыққа бой жаздырған сұлу Алматыны басқаға ауыстыруға болмайтын көрінеді. Осы қаланы мендей ешкім де сағына да, сүйе де алмас - ау.
Курсте оқып жүргенде еш нәрсе жазғаным жоқ. Мұнда жазуға мүмкіншілік те жоқ.
Ғазиздер мені газетке алдырамын деп, алдыра алмай - ақ жүр.
«Мен өмір сүргім келеді» туралы жүзден аса хат алдым. Қазақ қыздары да көп жазады. Бірақ соларға жауап беруге уақыт жоқ. «Комсомольская правда» сұраған соң, оған солардың біразын жібердім. Кейбірісін басуы мүмкін.
Әрине, Алматыда көктем түскен шығар. Ертең Алматыдан шыққаныма аттай үш жыл.97 Уақыт деген артына қарайтын емес, жылжып кетіп жатыр ғой.
Өздеріңде не жаңалық бар? Үй іші аман ба? Қатираның үй-іші аман ба? Ғазиздің анасына сәлем айт менен! Әрине, өзіңнің қыздарыңа да менен сәлем айтуды ұмытпассың!
Кейін бүл жерден кете қалып, басқа әскери бөлімге орналассам, адресімді телеграммамен білдіремін. Соны алысымен хат жазуға тырыс. Әдебиетте не жаңалық бар? Әзіңнің творчестволық адымың қалай? Не жаздың, не жазып жүрсің? Әрине, қолың да тимейтін шығар.
Ден саулығың қалай? Өзің туралы кейін жазарсың.
Ғазизден хат алып тұрамын. Аман.
Алматыда мен танитындардан кім бар? Әли, Қапан, тағы басқалар қайда? Жастар, Дихан армияда болу керек. Сендердің газеттеріңнен оның бір өлеңін көрдім. Сенің жіберген газеттеріңді алдым. Айтпақшы, «Күн туды» деген ертеде бір өлең жіберіп едім, басылды ма? Ол қайда?
Қолыңды әкел. Баубегің.
12 март, 1943 жыл.
Мензелинск қаласы,
Татар АССР-Ы
Мұқанжан!
Сенің хатыңды, жіберген қағаздарыңның бәрін де алдым.
Менің денім сау, саған да, маған да қуанышты нәрсе — амандық, саулық қой. Жаным Мұқан, сенің әрбір хатың кеудемді көкке бір көтерді - ау. Неткен жақын жүрек деймін - aу, соларды оқығанда олар жүректі елжіретеді де, кеудеме жана күш береді. Сенің хаттарың маған ақыл. Сен жасы үлкендік жасап әлде ақыл айтып, маған былай ет, олай ет демегенмен солардың ар жағын жүрек түсінетін жылы сөздерің өз-өзінен терең жатыр. Адал сөздің өз орнын табатындығы осы да.
Мұқанжан! Бірге оқу, өмірді кере, біле бірге бастау, кешіре жүріп жақын дос болу — мұндай жәйтті мен, сірә, кездестірмедім. Сондықтан кісіні кісі ауыстыра алмайтынын естен шығара алмайтын сияқтымын.
Бұл хатты мен Мензелинскіден соңғы рет жазып отырмын. Бүгін он екісі, үш күннен кейін мемлекеттік емтихан басталады. Марттың жиырмасына қарсы бұл жердей кетуіміз керек. Сондықтан бұл хаттан соң мұнда хат жазба, жаңа адресімді телеграммамен жеткіземін.
Маған енді қағаз, ештеңе жіберме. Жинақ шыға қалса, Ғазизге екі экземплярін ала берерсің. Оның адресін білетін шығарсың.
Маған Сейтжанның кішкене баласы — «Иманжанның. Мұқаны «С. Қ - ға» кеп жазып тұрады»,— деп жазады." Мен қуанамын. Әйтеуір қазақстандықтар Мұқан деп тұрса, маған соның өзі қандай қуанышты десеңші. Төселт, жаным, қаламыңды, жаз, жаза түс! Менің өмірімде еш жаңалық жоқ, тек тіршілік.
Әзірше тіршілікке тілектес
Баубегің.
Жіберген конверттеріңді алдым.
Бүгін наркомның бұйрығы бойынша әскери атақ берілді. Елге келе қалсам, старший лейтенант деген атақпен қарсы алуыңа болады.
20 март 1943 жыл.
Мензелинск қаласы,
Татар АССР-Ы
Мұқанжан!
Бүгін марттың жиырмасы. Мемлекеттік емтиханды тапсырып біттік. Бүгін мойын бір босап отыр. Төрт айдан бері кеше бірінші рет Джек Лондонның «Адамды өлтір» деген бір әңгімесін ғана оқып шықтым. Бұл төрт ай ішіндегі менің көркем әдебиет дегеннің жүзіне бірінші рет күлімсіреп қарағаным...
Мына осы хатты бұдан 10 шақты күн бұрын жазсам да ол қағаздардың арасында жатып қалыпты.
Әзір қайда баратыным белгісіз. Әрине, РККА - ның саяси басқармасының қарамағына барамыз ғой. Сонда қай майданға баратынымыз белгілі болады. Кейін адресімді білдіріп хат жазам ғой. Ендігі хат-хабарды Ғазизге жібер. Менің адресім анықталғанша. Сол арқылы алармын.
Халың қалай? Өзіңнің туындыларың туралы маған неге жазбайсың? Қыздарыңның жайлары қалай? Оларға менен сәлем айтарсың. Әрине, олар мені танымайтын болар. Мені сен арқылы білетін шығар. Мені хат деген нәрсе басып кетті. Қазақстанның қыздары.да көп жазады. Бірақ менің жауап беруге уақытым болмай жатыр.
Совет Одағының бұрыш-бұрышынан 200-ден аса хат алдым, негізінен «Өмір сүргім келеді» туралы. Әрине, бұл газет оқушыларының ой-пікірлері жаман емес қой.
Мұқанжан, Алматыда не жадалық бар, көктем шыққан болар. Алматыға соғыс біткен соң барамыз ғой, оған дейін, әрине, мұны тек кеудеде сақтаймыз ғой.
Көптен қазақша кітап оқып, сөйлемегендіктен сөз бірікпейтін болып кетіпті. Әрине, бұл жазуға да кемшілік.
Жарайды, әзірше сау бол, Баубегің.
22 март 1943 жыл.
Мензелинск қаласы,
Татар АССР-Ы.
Мұқанжан!
Денім сау. Бұл хатты Мензелинскіден соңғы рет жазып отырмын. Кеше хат жазып жіберіп едім, бүгін әншейін қол бос болған соң тағы да жазып отырмын. Асылы, менен келген хаттың саған кеп болмайтынын білемін ғой.
Курсты бітірдім. Жақсы бітірдім деуге болады. «Аға лейтенант» деген атақ берді.
Мұқанжан, халың қалай? Үй іші аман ба? Менің тұрмысымда жоғарғы айтқаннан басқа жаңалық жоқ.
Ғазизге хат жаз.
Әзірше менің адресім белгісіз. Кейін жазармын. Саяси бас басқарма арқылы майданға кетуім мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, адресімді кейін жазамын.
Әзірше, кездескенше, бәріне сәлем айт.
Жақын арада бір сурет жіберемін.
Сүйемін сені, Баубек.
6 апрель 1943 жыл.
Горький қаласы.
Мұқанжан!
Бұл хатты Горький қаласынан жазып отырмын. Мұнда келгеніме 3-4 күн болды.100 Мензелинскдегі курсты бітірген соң осында уақытша жіберді. Жақында бір майданға кетемін. «Старший лейтенант» деген атақ берді. Курсты жақсы бітірдім.
Жақында бұл жерден кетемін. Қандай жаңалық бар? Үй ішің аман ба? Алматыда қандай жаңалық бар? Әрине, әзірше менің тұрақты адресім жоқ. Кейін, орналасқан соң адресімді жіберемін.
Әзірше қош, Баубегің.
20 апрель 1943 жыл.
Горький қаласы. (ашық хат).
Мұқанжан!
Менің деңім сау. Әзірше Горькийдемін. Тұрақты адресім жоқ. Өздеріңнің жайларың қалай?
Алматыда не жаңалық бар?
Қазіргі кезде қайда баратыным белгісіз. Сондықтан тек амандық білдіріп қана осы ашық хатты жолдадым.
Кейінірек адресімді күт!
Қош, Баубегің.
16 май 1943 жыл.
Орталық майдан.
Мұқанжан!
Денім сау. Қазір, көптен хабарласа алмағандықтан, ашық хат жазып отырмын. Мүмкін аларсың.
Менің тұрмысымда ешқандай жаңалық жоқ. Ротаның саяси жолбасшысы болып істеймін. Майданға жақында келдім. Ірі күреске осы жердің өзінде дайындалып жатырмыз.
Өзіңнің жағдайыңда жаңалық бар ма? Үй тұрмысы қалай? Толық етіп хат жазарсың.
Қатираның үй іші қалай? Ғазиздің адресін жібер.
Қош, Баубегің.
28 июнь 1943 жыл.
Москва маңы.
Мұқанжан!
Халың қалай? Менің денім сау. Москваның маңындағы офицерлер оқуындамын. Тұрмысымда еш жаңалық жоқ.
Алматыда не жаңалық бар? Толық етіп хат жаз. Әдеттегі жаңалықты жаз. Өзің туралы жаз. Бұл жердей хат алысып турармыз. Тез хат жаз. Сәлем айт үй ішіңе, Қатираға, Ғазиздің үй-ішіне.
Баубегің.
28 июнь 1943 жыл.
Москва маңы.
Мұқанжан!
Менің сенен хат алмағаныма көп болды ғой. Мүмкін менен де сирек алатын шығарсың. Мен бұл хатты Москваның маңындағы бір әскери лагерьден жазып отырмын. Майданнан жақында осы жерге келдім. Төрт айлық оқуғa келдім. Қазір сол офицерлер курсында оқимын. Денім сау.
Өзіңнің қалың қалай? Үй ішің аман ба? Бұрынғы орныңдасың ба?
Сағынғандық орнынша қала береді ғой. Қашан көрісетінімді кім біледі. Адамның тағдыры, өмірі, дәмнің тартуы деген осылай болады екен ғой. Екеуіміз екі шетте тек бір жапырақ қағазды медеу ғып жүреміз деп ойлап па едік? Ақыры, басқаша болып шықты-ау.
«С. Қ.» - ның майданда әскери тілшілері бар ма қазақ жігіттерінен? Әрине, жазуға мен сияқты әскери сапта жүргендердің қолдары тие бермейді ғой.
Не жаңалық бар Алматыда? Мен бұл хатсымақты адресімді жіберейін деп асығып жазып отырмын.
Әзірше сау бол, жаным.
Баубегің.
Менің жаңа адресім:
Полевая почта 6515-А
Мұқан, менің мақалаларымның жинағы шығады деп жазып ең, не болды, толық етіп жаз.
14 август 1943 жыл.
Москва маңы.
Мұқан!
Хал-жағдайың қалай? Неге екенін білмеймін, сендерден март айынан бері хат алмаймын. Бұған не себеп? Менің өмірімде ешқандай өзгеріс жоқ. Аман-саумын. Бүгін жазба ретінде «Жауыздық пен махаббат» деген мақала жібердім. Бірақ оны қайта көшіріп жаза алмадым. Өзің ашып оқи аларсың деп ойлаймын, машинкіге өзің оқып бастыр, менің көп жолдарды өшіріп, жаман жазғаным соншалық, бұларды әйел байғұстар айырып оқи алмайды ғой. Саған «Комсомольская правданы» жіберейін деп едім, бірақ сонда басылған мақаланы аударуға уақытым болмай жатыр. Соның жалғасы есепті «Ұрланған жастық» деген мақала жазамын.
Менің қағаздарым мен конверттерім таусылып келеді.
Асқармен және басқалармен сөйлесіп, менің сіздердің газеттің майдандағы әскери тілшісі болуға мүмкіншілік бар ма екен, осыны білші. Менің жазуға қандай ынтық екенімді білсең! Жазғым келеді. Біздің жерлестеріміз майданда қандай тамаша істер көрсетуде десеңші! Мен солар туралы зор сүйіспеншілікпен жазуға кірісер едім. Жұрт бұл жәйтті Халық Комиссарлары Советі арқылы шешуге болады дейді. Біліңдерші осыны.
Жарық көрген менің кітапшамды салып жібер, ең болмаса көз қиығымды салып көрейін. Мен оны әлі көрген жоқпын ғой. Егер менің адресім қажет болса, ол төмендегіше. Полевая почта С415-А, Соединение под полковника Фентиктинова, старшему лейтенанту Булкишеву.
Ғазиздің адресін жібер, жиі жазып тұр, телеграмма соқ. Бетіңнен сүюші өзіңнің Баубегің.
19 август 1943 жыл.
Москва маңы.
Мұқанжан!
Жақында бір хат, бір мақала жіберген едім, алған боларсың. Сенен тіпті хат күте - күте шаршадым.
Алматыда не жаңалық бар? Өзіңнің үй ішің сонда ма? Осы хатты алған соң Алматыда не боп жатқаны туралы,
өзің туралы, үй ішің туралы жаз. Және кімдер бар, кімдер жоқ? Үй адресіңді жаз, өзіңнің творчеством туралы жаз! Міне, менің білгім келетін нәрселер осылар.
Ғазиздердің редакциясындағылар кішкене газетке үлкен деп баспаған «Золотые часы» деген әңгімемді өздерінше ұйғарып «Каз. правдаға» жіберіпті. Соның жайын біл. Олар басатын ба? Өзін асылы қазақшалау керек еді, енді қолыма түспей жүр. Әрине, ол қазақшалауды керек қылатын шығарма және өзім қазақшалауым керек. Ол туралы біл, жаз. Ғазиз мен туралы, бір мақала жаздым дейді. Не деп жазғанын біл, соны жібер.109 Бүгін Ғазизден тағы хат алдым. Аман. Қанапия, Жағыпар, Бұлқышев Үміт Мәскеуде көрінеді. Байқап тұрсам, бұлардың бәрі де үлкен бастықтар.
Айтқандай-ақ, әнеугі «Махаббат және жауыздықты» бір құрдасқа хат дегеннен гөрі, «Достық туралы хат» деп жіберерсің.
Тез хат сал. Баубегің.
20 август 1943 жыл.
Москва маңы.
Мұқанжан!
Мен сендерден соңғы хатты мартта, я апрель айында алдым ғой деймін. Содан бері жарым жылдай еткен соң ғана бүгін көптен күткен жауабыңды — бір хатыңды алдым. Соны алғаныма, бәріңнің де аман-есен екендеріңді білгеніме өте қуаныштымын. Бірақ хатыңда бірнеше сөз ғана сызғаныңа өкініштімін. Алты ай бойы хабарсыз болған адамның, менімше бірдеңелерді білгісі келетінін түсінесің ғой!
Мұқанжан, мен саған ескі адресіңе, редакцияға көптеген хат салған едім. Мүмкін аларсың. Солармен «Зұлымдық пен махаббат» деген мақала жібергем. Ал Батыс майданының майдандық газетінің редакциясы «Каз. правдаға» менің «Алтын сағат» атты әңгімемді салған көрінеді. Осы әңгіменің тағдырын біліп, жазып жібер. Жинақтың жайы қалай? Шықса, маған жібер, мен оны әлі көрген жоқпын ғой!
Мен мұнда әлі үш ай оқуға тиістімін. Мұнда жиі жазып тұруыңа болады.
«Зұлымдық пен махаббат» туралы пікіріңді жазып жібер, ол ұнай ма саған? Жалғасын жазуға бола ма?
Бұл үшін ұйқы мен дем алуға берілетін шағын уақыт есебінен бірдеме етермін. Жаз, жаз!
Баубегің.
24 сентябрь 1943 жыл.
Москва маңы.
Мұқанжан!
Қолым тиіп кетсе саған хат жазатын әдетім ғой. Денім сау. Оқып жатырмын. Сабақ қалыпша жүріп жатыр. Тұрмысымда еш жаңалық жоқ, тек тіршіліктің етегінен ұстап дедектеп жүрген жәй. Қазақ «тағдыр айдап» дейді ғой, сол тағдырдың алдындағы тоқтысы біз. Мұндай тағдырмен күресіп, оған қарсы шығу кейінге қала берсін.
Жақында Қанапияға жолықтым. Москвада оқып жатыр. Сен туралы Сәбитке жазамын, анау-мынау деп менің жазғанымды жақсы көретіндігін білдірді. Бірақ оның мұнысынан ештеңе шықпайды ғой.
Мұқанжан! «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегендей «Алматылықтарды» соғыс кезінде бітірер ме еді, әттең не керек, болмай жатыр ғой.
Сен оны оқып шықтың ба? Өзінен бірдеңе шығатын ба, шығармаға ұқсай ма? Жаз. Кейін мүмкіншілік болса, сенен қайтып алып, жалғауға тұра ма?
Әнеугі «Жауыздық пен махаббатты» көшіріп, бір данасын жібер. Орысшалап «Комсомольская правдаға» жіберем. Ол туралы жазарсың, басуға жарай ма? Қысқартпай басуға тырыс.
Баубегің.
28 сентябрь 1943 жыл.
Москва маңы.
Мұқанжан!
Алдымда жатқан сенің 6 бет хатың сусынымды бір қандырды. Әрине, жалғасы тағы болса, оқып сусаған кеудеге тағы да әл ала түсетін сияқтымын. Бүгінге дейін жазылмай жүрген бойым, бір жазылды. Конвертті ашып жібергенде бүкіл Шығысты менен көлегейлеп тұрған шығыстың шымылдығы ашылып жүре берген сияқты болды. Міне, менің алдымда достықтың желбіреген туын көтерiп тұрған сенсің.
Менің, біздің езіміз туған аймақтың тірегі болған
Ұлытау сияқты бір тірегім, бір сүйенішім, бір досым бар. Ол естисің ғой. Мен ер жете келе жетімдіктің құшағында жалғыздыққа бас иіп, есейе келе туыс таптым ғой. Ол «зің ғой. Мен Алматыға барам, елге барам деп қиялданғандағы ойдың, қиялдың жуан ортасында сен тұрасың ғой. Сен арқылы ғана бірге оқып, бірге өскен қала қызық сияқты. Сен жақ Ұлытаудың бауыры тек туған жер болып қана еске түседі.
Бүгін сентябрьдің 28-і. Хатыңды алысымен жауап жазып отырмын. Жіберген кітаптарыңды, конверттеріңді алдым. Хатты 23 күні бастасам да тек, бүгін ғана жалғасын жазуға тура келді.
Бір суреттерімді жіберейін деп ойлап едім. Конверт болмаған соң сәті түспей жүр еді. Бүгін сенің жіберген конверттерің сай келіп, жіберіп отырмын. Сенің суретіңді баяғыда жоғалтып алғанмын. Кейін суретің болса, жібер.
«Жауыздық пен махаббат» туралы жазарсың. Жақында басқа бірдеңе жібере қоюға уақыт жоқ.
Мәскеудегі жігіттер менің жағдайымды біліп, жазуға жағдай туғызамыз деп әуреленіп көріп еді, болмай-ақ жүр. Жағыпарға, Қанапияға кездестім. Олар Москвада ғой.
Не жаңалық бар Алматыда? Жазарсың. Менің «Алматылықтарым» сенде жатыр ма? Жоғалған жоқ па? Қоса жіберген, жазылмаған бөлімдерінің жоспарсымақтары бар еді. Олар бар ма? Сен сол туралы пікіріңді жазып жібер, кейін ретін тапсам, соғыс кезінде де жалғасын бітіруге тырысар едім, әрине, ол егер іске асатын болса.
Әзірше сау бол, қарттарға, қыздарыңа сәлем айт.
Баубегің.
Хатты жиі жаз!
13 октябрь 1943 жыл.
Москва маңы.
Мұқанжан!
Менің денім сау. Сенен көптен хат алғаным жоқ.
Үй іші аман ба?
Менің хаттарымды алған шығарсың.
Бүгін майданға жүргелі отырмын. Сондықтан менің ескі адресіме хат жазба. Менен хат күт! Адресімді жіберемін.
Майданға жібергеніне тіпті қуанып отырмын. Сондықтан ауызға сөз де түспей отыр.
«Айқай-шулы біздің күн басталды, мінекей» деп отырмын. Мен өткен жылдан бері сұрай-сұрай шаршап едім. Енді қолым жетті.
Сау бол, Баубегің.
18 ноябрь 1943 жыл.
Майданның алдыңғы шебінен
Сәлеметсің бе, Мұқанжан!
Аман-есенмін. Майдандағы үйімдемін. Менің өмірімде әзірше ешқандай өзгеріс жоқ. Москвадан жолға шығар алдында саған хат жазғанмын. Оны алған да боларсың.
Алматыда, жеке өз өміріңде не жаңалық бар?
Хатымды алысымен бір жол болса да жазып жібер. Хатыңды асыға күтемін. Адресім хаттың сыртында.
Өзіңнің қарттарыңа және Қатираға сәлем айт.
Бетіңнен сүйемін, Баубегің.
2 декабрь 1943 жыл.
Майданның алдыңғы шебінен.
Мұқанжан!
Денің сау ма, үй іші аман ба? Менің денім сау, ептеп дімкестеніп, тәуір болдым. Қазір ауруханадамын жақында шығам. Түнімен ұйықтамай қиялға шомдым да жаттым. Алматының көшелерінен мен қыдырмаған біреуі де қалған жоқ. Әсіресе. студенттік ардақты шақ еске көп түсті. Талғар, одан Гоголь көшесіне бұрылатын жердей тапал үйдің жанындағы бәйтерек, кәрі ағаштар көз алдымда. УЭК - тің клубы, редакция, «Байланыс үйі» — тіпті бәрі, әсіресе екеуміз кездесе кететін трамвай тоқтайтын жер, не керек бәрі... Бір жапырақ қағазға сыяр емес, кеп - ақ жазар едім. Мұның бәрі мына тыныштықтағы рақат ойлар ғой. Ың-жың, у-шу, атыс - тартыста өзіңнің міндетіңді атқаруда ой деген былай қалады. Қазір Украинадамын. Нағыз ұрыстың мықты жеріндемін! Әзір қалтаңдап тірі жүрмін. «Комсомолкаға» бір мақала жіберіп едім, хабарсызбын.
Не жаңалық бар? Қош.
Сүйемін, Баубегің.
Бұдан бұрын бір ашық хат жібергем, сол адреспен жаз.
16 декабрь 1943 жыл.
Майданның алдыңғы шебінен.
Жаным, Мұқан!
Хал-ахуалың қалай, қарттарымыздың тұрмыс жайы қандай? Менің жеке өмірімде әзірше ешқандай өзгеріс жоқ. Шайқасып жатырмыз. Бұрын бастан кешірген тынымсыз солдаттық өмір қайта созылуда.
Мұқанжан, егер таба алсаң, орыс тілінде жарияланған менің мақалаларымды, әсіресе «Өмір мен өлім туралыны», «Мен өмір сүргім келедіні» және таза қағаздар жіберші, Не жаңалық бар? Жаз. «Жауыздық пен махаббат» не болып жатыр? Жиі және тез жаз.
Бетіңнен сүйемін!
Өзіңнің Баубегің.
Туғаным менің.
Жаңа жылмен құттықтаймын!
Мұқанжан, Жаңа жылмен құттықтай отырып, өмірде және творчествоңда ең жақсы табыстарға жетуіңе тілектестігімді білдіремін. Осы Жаңа жылда ақын жүрегінен ағылған әрбір сөзі оқырмандардың жүрегін толғандыратын жаңа поэмалар жазуға тілектеспін.
Өзіңнің Баубегің.
декабрь 1944 ж.
Майданның алдыңғы шебінен .
Бауырым Қапан!
Мен сенен хат аламын деген ойымда жоқ еді. Сенің хатыңды алғанда менің қалай қуанғанымды білсең ғой. Рас, мен екі хатыңды бірден, жаудың қарша бораған оғының астында жатқанда алдым. Окопта жатып оқыдым. Иә, мұнда тұрған не бар, ол бір қаңғырған оқтар еді. Сәтсіз жарылған жарықшақтар да маған бөгесін бола алмады. Хаттарыңды оқып шықтым, қайта-қайта оқып шықтым.
Менің өмірімде саған айтарлықтай, соншалық өзгерістер жоқ. Соғысып жатырмын. Иә, едәуір уақыт бойы әр қилы майдандарда болдым, едәуір қиындықтарды мойнымнан атқардым. Әдетте, соғыстағы солдаттың қуанышы аз да, қайғысы көп қой! Бірақ осының бәрі болашақ өмірім үшін маған керек болар деп білем. Мүмкін, тірі қалармыз, творчествомен де айналысармыз.
Өз творчеством жайлы: соңғы уақытта мүлде, ештеңе жазғаным жоқ, өйткені мүмкіндік жоқ, өне бойы «төбелесіп» жүрмін. Менің мамандығымның өзі сондай, оны тек мереке күндердегі электрикпен салыстыруға болады.
Сенің ескертпең жайлы бір ауыз сөз: сен әзіл ретінде айтқаныңмен, мен сенің пікіріңе қосыламын.
Өйткені осы күндердің өзі ол үшін ең тамаша күндер ғой. Жастық жылдары, жасампаздық жылдары, біз әрдайым осыны ойлаймыз. Осыны ойлаймыз, осыны сөз етеміз.
Қапанжан! Әрине, сенің ой-арманың, мұрат - тілегің маған мәлім. Мен де саған мәліммін.
Мұрат - тілек... Өмір-бақи босқа мұрат еткеннен не пайда бар?.. Бәрін де жазғың келеді, мақала да, повесть те, роман да жазғың келеді. Бірақ маған (атап айтқанда маған) оны мұрат етіп керегі не, окопта жатып не жазасың, соғыс даласында жүріп не жазасың, жазғанмен, ол қандай творчество болмақ, ол тек өзіңді қайғы - сарсаңға салады, басқа түк емес.
Үміт еткен бейбіт күн әлі ертең деп келеді! Әлі де үміт етумен келемін. Бес жыл бойғы солдаттық өмірім әлі де маған күнін туады, сен әлі жассың деп уәде етіп келеді, ойланшы, түсінші. Қапан, сен, міне, бес жыл болды, әр жылда 365 күн бар ғой, бәрі маған осылай уәде беріп келеді. Мүмкін ұлы тәңірі бізге өмірді сыйға тартар, әлі біз сенімен бірге Алматының әсем бағында соғыс жайлы дастанды талқылап отыратын күн де туар.
Қапаш! Әбу мен Ысқаққа және Сәбитке сәлем айтарсың, өзің жайында, денсаулығың жайында, Қазақстанның жаңалық хабарлары жайында жаз.
Сенің Баубегің.
25 декабрь 1943 жыл.
Майданның алдыңғы шебінен
Мұқанжан!
Сендерден көптен бері хат күтудемін, бірақ ешқандай хабар жоқ. Алматыда не жаңалық бар? Өзіңнің хал-ахуалын, қалай, біздің қарттардың жайлары қандай? Mен соңғы жарты жыл бойы Алматы жаңалықтары жөнінде ештеңе білмеймін. Қағаз жібер, жазатын ештемем жоқ. Егер мүмкіншілік болса газеттер де жібер. Өзіңнің не жазып жүргеніңді хабарла. Қапаннан хат алдым. Ол біздің майданда. Творчество жөнінде мен жазуға мүмкіндігім болмағандықтан әзірше ләм демеймін. Хатыңды күтемін.
Өзіңнің Баубегің.
30 декабрь 1943 жыл.
Майданның алдыңғы шебінен.
Бауырым Қапан!
Сенің сырқаттанып қалғаныңды естіп қатты қайғырып отырмын. Өйткені қазіргі біздің уақытымызда денсаулықтан артық не бар, сол денсаулықтың арқасында ғой әрқайсымыздың маңдайдан тер төгіп, ерінбей еңбек етіп, қанымызбен де, жанымызбен де Отан алдындағы парызымызды өтеуге әрекеттеніп жүргеніміз.
Осы соғыста біз нені аяп қалдық екен? Осы соғыстан мына негізгі тұлға болып жүрген біздің аяғанымыз бар ма? Өзінің әлі де болса бүлдіршіндей жасына қарамастан, шаштары ағарып кеткен құрдастарымыз аз ба? Мен өзіміздің арамызда қазір жоқ, енді бұдан былай бізбен дастарқан басында бірге отырғанын өмір-бақи көре алмайтын, өзінің ғашық болған қызымен бірге бола алмайтын, бізбен бірге болашақ дастандарымызды талқылауға қатыса алмайтын, мәңгі жоқ достарымыз туралы айтып отырғаным жоқ.
Әсіресе болашақты армандап өмір сүрген, әлі де өзінің жарқ етпеген талантын көрсетпек болып, өмір шыңына ұмтылуға құлшынғандарды айтсаңшы! Ондай адамдардың бір күнде көрген қайғысының өзі қаншама, алдағы күнде әлі керері қаншама? Әрине, атына қарай алмай, көйлегіне қарап алу керек. Ол француз қызы емес (әзіл ретінде).
Мен редакцияға хат жазып едім, мүмкін сен оны көрген боларсың, ойланшы.
Жаңа жылыңмен құттықтаймын, творчестволық майданда табысқа жетуіңе тілектеспін.
Сенің Баубегің.
30 декабрь 1943 жыл.
Майданның алдыңғы шебінен.
...Мені жалпы майданның инженерлік басқармасы я болмаса Армиялық инженерлік бөлім арқылы іздеп табуға болады. Тіпті болмаса, менің бөлімімнің әдірісі конверттің сыртында.
Осы жөнінде ізденіп керіңдер. Мүмкін бірдеңе шығар. Бұдан бұрын бір хат жазып жіберіп едім, алған боларсыңдар.
Газеттеріңе уақыт болса жазып тұрамын ғой. Ол кейде болып қалады. Әрине, сол кезде тізені стол орнына пайдаланып, бірдеңе жазып тастайтыным да бар.
Өздеріңнің жағдайларың қалай? Газеттерін, оқушылар арасында қызықты ма?
Елдің жағдайы қалай екен? Үй іші аман ба? Қазақтың жазушылары көзге түсерліктей не жазыпты?
Өзіңнің менен кейін жазғандарыңды айтарсың. Өйткені, міне 4 жыл, қазақша кітаптың бетін ашпадым десек өтірікші болмаспын. Анда-санда кездескен бірлі-жарым қазақтармен болмаса қазақша сөйлеудің өзі де былай қалып бара жатыр. Елшібековті білесің ғой. Екеміз бір армияда болып, анда-санда кездесіп тұратынбыз.
- Бала! Қазақшалап бір шерімізді тарқатайық, — деп мені көрсе қуанып қалатын. Мен одан әрі қазақшалауға жаным құмар. Бауырмашыл жақсы жігіт, ақыры тағдыр одан да айырып жіберді.
Әбеке! Сөз дегенің жаза берсең таусылар емес. Аман кездесуге тілектеспін. Төлегеннің: «Өлмеген жанға, апырым-ау, болып та қапты-ау мына жаз», — дегеніндей, Жаңа жыл да келіп қапты-ау. Жаңа жылмен құттықтаймын! Сөз майданында жеңімпаз болуыңа, сөз шебері болуыңа тілектеспін.
Әзірше, Баубегің.
31 декабрь 1943 жыл.
Майданның алдыңғы шебінен.
Мұқанжан!
Жаңа жылмен құттықтаймын және саған өмірінде бақытты болуыңды, сондай-ақ творчестволық майданда жаңа табыстарға жете беруіңе тілектестігімді білдіремін.
Хал-жағдайын қалай? Қазақстанда не жаңалық бар? Нeгe екенін білмеймін, сенен хат жоқ, мен сенің үйіңе жазған едім, хаттарымды алып тұрасың ба, жоқ па, білмеймін. Алматылықтардың тұрмысы қалай, жаз. Біздің «Байрон — Есенин» қайда? Оған сәлем айт, маған хат жазсын. Мүмкін сіздің редакция қызметкерлерінің бірі Ахмет Елшібековтың адресін білер? Осыны анықташы!
Асқарға және басқаларға менен сәлем. Ғабит пен Сәбит қайда? Олар қандай жаңа туындылар жазды? Жалпы айтқанда жаз, мен бәрін де білгім келеді.
Алматыда таныс қыздардан кімдер бар?
Өзіңнің Баубегің.
10 январь 1944 жыл.
Майданның алдыңғы шебінен.
Бауырым, Әбеке!
«Бағып артқан шағыңда, жапалақ салсаң қаз ілер: бағың қайтқан шағыңда лашын салсаң аз ілер», — дегені сияқты қазақтың, нағыз бүл бір лашын салсам аз ілетін кезім. Сондықтан да сендердің әрбір хаттарың мен үшін үлкен сүйеу, бойға — қуат, жүрекке — әл.
Сендердің мен келген майданда болғандарың қандай жақсы мен үшін. Менің Шығысымдағы Алатауға сәйкес таулар сияқтысыңдар сіздер. Тек қана сол таудың жыра -жырасын хат арқылы аралағанымда мен екі жерде сияқтымын. Түсінген адамға осындай ғана халім бар.
Бұрынғы болған майдандарға Баубек едім, мұнда оңын - солын білмейтін қара табандарға кездесіп, бастықсымақ олар, жалғыздыққа бас идім. Менен бұрын біздің полктегідей бір қазақ жігіттері болған екен (Ракеев Шәкен, Әжібаев дегендер). Жақсы адам біздің халықтың маңдайына сыя ма, ұрыста өліп кетіпті. Солар туралы материал жинап жазам ба деп едім. Өліп кетсе де қазақтың атын шығарсын деген оймен және аты аталсын деп.
Мені алдырамын деген ойларыңа 100 процент қосыламын ғой... Сендер әуелі совещанияға деп бірдеңе дәлел тауып шақырып көрсеңдер: из части подполковника Титова — П. П. 61271 деп телефонограмма беріп шақыртып көріңдер, болмаса майданның инженерлік басқармасы арқылы шақырыңдар. Олар менің қай армияда екенімді біледі.
Менің әскери атағым аға лейтенант, қызметім саперлер взводының командирі, ВҚП(б) мүшелігіне 1942 жылдан кандидатпын, орта білімім бар, саяси басқарманың бұйрығы негізінде шақырылады деген сөз біздің бастықтар үшін заң ғой. Сөйлесіңдер тезірек.
Ысқаққа сәлем айтарсың. Қанапияға да. «Комсомол правдасында» шыққан (12 декабрьдегі 1943 ж.) менің «Көнетоз картаға үңілгенде туған ойлар» деген мақаламды кездестірдің бе? «Зұлымдық пен махаббат» дегеннен қысқартып беріп ем.
Иә, Әбеке, менің сол газетте шыққан мақалаларым өзімде жоқ. Әсіресе «Өмір мен елім туралы» (1 май, 1942 ж.) және «Мен өмір сүргім келеді» (5 ноябрь 1942 ж.). Сендердің тігінділеріңде болса, маған жіберші. Өте қажет.
Сендерге жазамын деп әзір уәде бере тұрамын.
Әзірше сау бол, сағынған інің Баубегің.
21 январь 1944 жыл.
Майданның алдыңғы шебінен.
Мұқанжан!
Жазамын, жазамын, ал бірақ соларға жауап ала - алмай жүрмін. Нағыз өкініш, міне, осында. Шынында да сансыз рет жазған хаттарыма бір рет жауап алмау, көңілде қобалжу тудыратын жәйт қой.
Мұқанжан! Хал-жағдайың қалай, бұрынғы жеріңде еңбек етесің бе, біздің қарттардың тұрмысы қандай?
Мен тірі болғандықтан өмір сүріп жатырмын, кездейсоқ қаңғып ұшқан оқ әзірше дарыған жоқ. Мүмкін менің тағдырым осылай болар, мүмкін өзімнің, туыстарымның, достарымның жауларын соққылау үшін өмір сүре берермін .
Редакция қызметкерлеріне, солардың арасында әйелдер мен қыздарға менен сәлем айт.
Өзіңнің Баубегің.
18 апрель 1944 ж.
Майданның алдыңғы шебінен.
Майданнан сәлем!
Сәлеметсіз бе, Иманжанов жолдас. Мен сізге өзімнің қызыл әскерлік сәлемімді жолдаймын және Сіздің қала жағдайындағы өміріңізде бар жақсылық болсын деп тілектестік білдіремін. 16 апрельде сізден Бұлқышев Бористің атына хат келген еді. Осыған орай төмендегі жәйтті хабарлап отырмын: Бұлқышев — менің командирім. Ол — біздің ең жақсы досымыз және жолдасымыз еді. Ново-Юльевка селосы үшін ұрыста қаза болды. Онымен бірге біздің екі қызыл әскер жолдасымыз дүниеден қайтты. Бұлқышев бізге туған әкеміздей болатын, командиріміздің қаза болуы біз үшін аса қайғылы жағдай болды.
Қош, сау болыңыз, жауабыңызды күтемін.
Степурин Николай Васильевич
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі