(Берікбала Мұсаеваның құрастырушыға жазған хаты)
Баубекке хат жазған шақ жас шақ қой. Ол кезде дарияның суы тобықтан да келмейтін. Жастық шақ тосырқауды, бөтенсуді білмейді емес пе!
Менің туған жерім Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашәрі аулы, қазіргі «Октябрь» совхозы.
Соғысқа дейін де біздің ауылда 10 жылдық мектеп болды. Бірақ мен 8 кластан кейін Түргендегі педучилищеде оқыдым. Соғыс басталғанда училищені бітірген едім. Содан ауылға мұғалім болып оралдым.
Қызметіміз мұғалім болғанмен жер жыртып, егін салдық. Малға жем-шөп даярладық. Ондағы біздің көргенімізді енді ешбір адам баласынын басына бермесін. Бел шешіп демалған күніміз болмаған шығар.
Өзіммен бірге туысқан ешкімім жоқ, немере екі ағайым соғысқа қатынасқан еді, олар мүгедек болып келіп, қайтыс болды. Мені үлкен шешем тәрбиеледі.
Соғыс басталғанда мен 18-ге жаңа жеткен едім. Оқып жүргенде танысқан жігітім бар еді. Көңіл шіркін қайда алып бармайды, училищені бітірген соң, институтқа бірге түсіп, өмір жолымызды бірге жалғастырамыз деп жүргенбіз. Оларды соғыс басталысымен алып кетті. Біраз әскери даярлықтан өткізді. Содан Сталинград түбіндегі шайқаста қаза болды. Ерлікпен қаза тапты деп хабарласа да, жас жүрегіңе қандай ауыр сөз. Себебі, келеді деп үлкен үмітпен күтіп жүргенде, аяқ, астынан суық, сөз есту төбеңе жай түскенмен бірдей болады екен.
Хасиет соғысқа дейін тұрмыс құрған адам еді. Ол Абида екеумізден әлдеқайда үлкен. Біз тұрған «Октябрь» совхозының сол кездегі председателі Хасиеттік немере ағасы еді. Абиданың әкесі де сол колхоздың белсендісі болды. Ал Абида соғыстан жаралы болып келген Девятко деген украин жігітіне қосылып, одан екі балалы болған.
Мен партия қатарына қабылдандым. Аудандық партия комитеті 8 жылдық мектепке директор етіп тағайындады. Соғыс аяқталғанша мектеп директоры болып қызмет атқардым.
Соғыс аяқталған күні аудандық соғыс комиссариатының алдына жиналып, бір жағы шексіз қуаныш, бір жары келмеске кеткен боздақтарды еске алып, іштегі шерімізді шығарып жыладық. Ол кезде кімге жылап жүрсің, неге жылайсың деп сұрайтын адам болмайды екен.
Соғыстан кейін Исаев Әуезхан деген заң қызметкеріне тұрмысқа шықтым. Жолдасым өте тәртіпті, байсалды адам болды. Содан мен Есіктегі орта мектепке қызметке ауысып, мұғалім болып істедім. Қайным сол мектептің оқу жұмысын басқарды (Исаев Сейітхан Ахметович). Қазір Қаскелең ауданындағы мектеп-интернатта 30 жылдай завуч болып қызмет атқарады. Содан қызмет жөнінде Талғарға ауыстық. Мұнда 1949 жылы июль айында көшіп келдік. Аудандық комсомол комитетіне секретарь болып қызметке орналастым.
Содан 1951 жылдың аяғында үш балалы болған соң ол қызметтен босап, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебіне мұғалім болып ауыстым. Сол жылы ҚазПИ-ге сырттай оқуға түстім. Институтты төрт балалы болғанда, 1957 жылы аяқтадым. 1961 жылдан 1974 жылға дейін санаториялық мектеп-интернатта аға тәрбиеші болып қызмет атқардым. Пенсияға шығуыма байланысты 1974 жылы аға тәрбиеші кызметінен босап, қатардағы мұғалім болып істеп келемін.
Екі қызым партия мүшесі.
Баубектің мақалаларын «Комсомольская правда» газетінен оқып жүретін едім. «Социалистік Қазақстан» газетінен оқыған мақаласы, әсіресе «Жаннамды іздеймін» деген сөзді мен жеке бір қызды емес, казак, даласында өсіп, бойжеткен барлық қазақ қызына деген жас жүрегінің ілтипаты деп ұғып, жауап хат жаздым. Ондағы ойым қарлы боран оқ астында жүргенде күш-қуат берсін, туған еліндегі қыздар солардың тілегін тілеп, еңбек етіп жатқанымызды білсін деген ой еді. Тағы бір ескеретін жері, хатында туысынан жалғыз екені сезілетін.
Мен Баубектің «Адамзатқа хат» деген кітабын оқып шықтым.
Мұқан Иманжановпен араларында тек жерлестік ғана емес, үлкен достықтың лебізі сезіледі.
Майданнан аман қайтса, нөсер жауыннан соң қаулап өскен жауқазындай қазақ Совет әдебиеті бірсыпыра қазынаға ие болатын еді. Баубек сияқты азаматтарын біздің ұрпақ, құрметпен атап, мәңгі ұмытпақ емес.
Мен 1965 жылы Литваның Советтік Социалистік республика болғанына 25 жыл толған мерекесіне қатынастым. Туысқандар зиратына барып, қаза болған казак солдаттарының басына шырақ, жағып, гүл шоқтарын қойдым. (Май шам). Ондағы ойым жағылмай қалған шырағыңды ұрпағың осылай жағады, өсіре алмай кеткен гүлдеріңді ұрпағын өсіреді деп айту.
Егер Баубек соғыстан аман-есен оралса, амандасуға бару да ойымда бар еді. Қарғыс атқан жау талай боздағымызды тілегіне жеткізбеді ғой.
Қасым Аманжолов айтқандай, «талайдың асылы» кетті ғой.
Менің ендігі ойым: «Соғыс болмаса екен, мен көрген, менің құрбыларым керген ауыр тұрмысты, қайғылы күндерді біздің ұрпағымыз кермесе екен деп тілеймін.
7. V. 78 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі