Өлең, жыр, ақындар

Мен есірткі жайлы айтып беремін

Есірткі...  Естігенде құлаққа түрпідей қадалатын жағымсыз сөз екен. Атауының мағынасына үңілер болсам, адамның санасын улап, есерсоққа айналдыратын дүние секілді. Дүние дегенім қаншалықты дұрыс болар екен? Әрине, бұл дүние деуге келмейтін улы зат. Жалпы тіршілік атауына нұқсан келтіріп, тамырына балта шабатын химиялық өнім. Есірткі-адамзаттың  жауы.  Сондықтан менің түсінігімде есірткі жамандықтың белгісі іспетті. Мен жас болсам да түрлі ақпарат көздерінен, танымдық сабақтардан есірткінің зиянды зат екенін ұғынып жүрмін. Есірткі- қоғамның дерті, өмірдің ащы өзегі. Өмір- адамзаттың тәп-тәтті сыйы. Осы сыйды қалай қабылдап, қалай  бағалайтыны адамның өзіне байланысты. Кей жандар өмірден адасып, есірткімен уланып өмірін өксікпен өткізуде. Оларды көріп жан түршігеді. Сәбилік көңілім еріксіз аяушылыққа шомылады. Ол жанға барып: «Өміріңді өксітпе! Таста мына бәлені! Аяққа салып, тапта! Денеңді тазарт!»-деп айқайлағым келеді. Әттең, бірақ.... Ол қолымнан келмейді. Мені тыңдар дейсің бе? Қаншама жан тағдыр тәлкегіне түсіп, отбасынан, балаларынан, достарынан ажырап жатыр. Әрине, ішім қан жылайды.  Сондықтан бүгін қолыма қалам алып, барша достарыма  үндеу жариялағым келеді. Мүмкін , достық ақылым деп түсінер.

Достар, есірткіден бойды аулақ ұстайық! Салауатты өмір салтын ұстанайық! Спортпен шұғылданайық!  Қоғамның дертін бірге жеңейік! Өмірімізді мәнді, көңілді өткізейік!   Өмірдің басты байлығы- адам өмірі. Олай болса, адам өмірін өлтіретін есірткіні бұл қоғамнан қуып шығайық! Есірткі- жүйке жүйесін уландыратын химиялық өнім. Есірткіні тұтынған жан ақылынан еріксіз адасады. Алла бізге басқа тіршіліктен ерекше етіп сана сыйлады. Санамызды улап, ең бағалы байлығымызды қолымыздан ұшырмайық!  Ең бастысы   адами болмысымызды жоғалтпайық! Мен бүгін саған  есірткі жайлы айтып бердім.  Сен де маған қосыл! Біз есірткіге қарсымыз! Қайсар қазақтың текті ұрпағы- санасын есірткіге уламайтын рухты халық ! Ұлтымыздың батырлығы мен тектілігін көрсетейік!

#УПНДПКЗО 

З.Шүкіров атындағы №20 орта мектебінің

7-сынып оқушысы Шөмен Мақсат                                                                                  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Мақсат

Керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз