Тарих ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті ғалым Дина Исабайқызы (31.01.1931 – 31.05.2004) ең алдымен өзінің бүкіл саналы өмірін жас ұрпаққа білім беру ісіне арнаған, жастарға сапалы білім, өнегелі тәрбие беру, оқу мен ғылымды ұштастыру мақсатын көздеген ұстаз. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Атақты тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмахановтың шәкірті. Осы орайда Дина Исабайқызы Дулатованың тарих факультетінде Мәскеу мемлекеттік университеті мен Ермұхан Бекмахановтың ғылыми дәстүрлерімен тікелей байланысты тамаша мектеп құрғанын атап өткен жөн. Коммунистік идеологияның қысымына қарамастан, Д.И. Дулатова әрдайым Қазақстанның революцияға дейінгі тарихы, түркі халықтарының мәдени мұралары тақырыптарына адалдығымен ерекшеленді. 1963 жылы Е.Бекмахановтың жетекшілігімен Дина Исабайқызы «Ш.Ш.Уәлихановтың тарихи көзқарастары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
Өзінің көзқарасын ақырына дейін қорғау, ғылымда өзіндік қолтаңбасы болу, принципшіл болу оның мектебінің басты ұстанымы болды. Дина Исабайқызы әрқашан мақсаттылық пен табандылық, орасан зор қажырлылық пен қайсарлық сияқты қасиеттерімен ерекшеленді. Бұл қазіргі жас ұрпақтың бойынан кейде жетіспейтін қасиеттер.
1970 жылдары Д.И. Дулатова тарих факультетінің деканы болды. Бұл қызметте ол үлкен ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетті. Оның басшылық еткен жылдары факультет өзінің рейтингін айтарлықтай көтерді, соның ішінде мәдени жұмыс, спорт және т.б. салаларда.
1986 жылы Д.И. Дулатова Мәскеуде докторлық диссертациясын сәтті қорғады. «Революцияға дейінгі Қазақстан тарихнамасы» атты монографиясы тарих ғылымына үлкен үлес қосты. 1988 жылдан бастап, көп жылдар бойы Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды. Оның басқарған жылдары кафедра үлкен жетістіктерге жетті.
Профессор Д.И.Дулатова отандық тарих ғылымының тарихнамалық бағытын қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Бүгінгі күні еліміздегі ЖОО-ның тарих факультеттерінде оқитын барлық студенттер, магистранттар мен докторанттар Д.И. Дулатованың «Революцияға дейінгі Қазақстан тарихнамасы» атты оқу құралы арқылы тарихнама пәні бойынша білім алуда. Профессор Д.И.Дулатова 100-ден аса еңбек жариялады. Ғалымның отандық және шетелдік ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, симпозиум, конгрестерде жасаған баяндамалары ғылыми жинақтарға жарияланды.
Дина Исабайқызының ғұмыры ғибратты және өзін тарихшы-ғалым ретінде ғылыми ортада мойындатқан тұлға. Ол ұлтымыздың төл тарихнамасын тани білу ісімен айналысқан, отандық тарихты зерттеуге сүбелі үлес қосқан бірден-бір ғалым. Осы сала бойынша өзінің ғылыми мектебі қалыптасқан. Көптеген ғалым-ұстаздарды даярлап шығарды. Олар бүгінде республиканың көптеген университеттеріне ғалым-ұстаз. Оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары дайындылып, қазіргі таңда Қазақстанның әр түкпірінде, соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызмет етуде. Ұстаздың дәрістерін тыңдап, білімімен сусындаған шәкірттері ғылым, білім салаларында түрлі қызметтер атқаруда.
Тарихшылардың көптеген ұрпақтары жадында - Дина Исабайқызы Дулатова сирек моральдық тазалық пен тектіліктің, әдептілік пен зиялылықтың, ғылымға, ағартуға, Отанға қызмет етуге адалдықтың жарқын үлгісі ретінде қалды. Оның принципшілдігі мен адалдығы, өтірікке, сыбайластық пен протекционизмге төзбеушілігі аңызға айналған, ал қазір өмір сүріп жатқан оның оқушылары мен әріптестері соның - тірі куәгерлері. Дина-апайдың кейпінде әріптестері мен студенттері айналасындағылардың тағдырына сезімтал болуды білетін, сонымен бірге жұмысқа келгенде, факультеттің және университеттің беделі мәселесінде талапшыл және принципиалды болатын, қарапайым мінезді ерекше адамды еске алады.
Дина Исабайқызы рухани ой-өрісі бай, адамгершілігі мол, тәлімгерлік тәсілі көп, мейірімді де, қарапайым, ұлағатты ұстаз, отбасында қадірлі Ана болды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультетіне Д.И. Дулатова атындағы аудитория ашылған. 2016 жылы университетте «Өнегелі өмір» сериясы бойынша Дина Исабайқызына арналған кітап жарық көрді. ҚР Білім және ғылым министрлігі, үкімет және ҚР Президенті тарапынан марапаттарға ие болған.
Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультеті - Қазақстанның тарихи мамандықтары бойынша бәсекеге қабілетті жоғары білікті кадрларды даярлаудың жетекші орталығы. Факультеттің стратегиялық мақсаты - республикалық қана емес, сонымен қатар әлемдік білім кеңістігінде лайықты позициясы бар Орталық Азия аймағындағы халықаралық тарихи білім мен ғылым орталығы ретінде дамуы. Қорытындылай келе, мұндай ғылыми әлеуетке қол жеткізуде Д.И. Дулатованың ғылыми мектебі маңызды рөл атқарғанын атап өткіміз келеді.
Сабырхан Смағұлов,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі