Өлең, жыр, ақындар

Компьютерлік ойындардың бала денсаулығына және оның психикасының дамуына кері әсері

Нұр-Сұлтан қаласы
№ 83 мектеп-гимназиясының
Бастауыш сынып мұғалімі
Педагогика ғылымдарының магистрі
Жанибекова Айнур Намияловна

Компьютерлік ойындар жөнінде зерттеушілеріміздің пікірлері, көзқарастары екіге бөлінуде: бір топ зерттеушілер компьютерлік ойындардың балалар үшін пайдалы жағы басым десе, екінші топ өкілдері компьютерлік ойындар бала денсаулығына, оның психикасына өте зиян деп, өз ойларымен бөлісуде. Бірақ мен бұл жұмысымда, компьютерлік ойындардың, зиянды тұстарын қарастырмақпын. Мұндай ойындардың балаға өте зиян екендігін зерттеушілер, психологтар, тіпті дәрігерлер де жиі айтып отыр. Бірақ ойланып, оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Керісінше, күн өткен сайын балалардың ойынға деген қызығушылығы артып, уақытының көп бөлігін, компьюьерге, планшетке, смартфонға телмірумен өткізіп жатыр. Бұл әрине ойланарлық жайт!

Компьютерлік ойындардың бала түгілі, ересек адамдардың өзін магнитше тартып, тәуелді етіп қоятын кездері өте жиі кездеседі. Балаларды айтпағанда, сол ойындардың арбауына түсіп, шырғалаңынан шыға алмай қалатын ересектерді, күнделікті өмірімізде жиі кездестіреміз. Мұндай ойындардың зияны туралы өте жиі айтылып келсе де, көпшіліктің назарынан тыс қалуда. Ата-аналары жұмысбасты болғандықтан, немесе баланы тәрбиелеуге ынтасы жоқтығының себебінен, бала тәрбиесін ғаламторға қалдырады. Бұл баланың денсаулығына, баланың психологиялық тұрғыдан дамуына, оның өміріне, болашағына өте қауіпті екендігіне мән бермейді.
Дәрігерлердің айтуынша, компьютердің алдында ұзақ уақыт отыру, ең әуелі көзге зиян. Қазіргі деректерге сүйенсек, 70%-ға жуық балаларымыздың көзі ауырады және көру деңгейі нашарлап кеткен. Сонымен қатар, балалар компьютердің алдында, тапжылмай ұзақ уақыт отыра береді. Бұл баланың дене бітімінің дамуына кері әсер етеді. Бала үнемі қозғалыста болғанда ғана, ол физиологиялық тұрғыдан дамып жетіледі. Қимылы жоқ баланың асқа да тәбеті болмайды. Дұрыс тамақтанбаған баланың ішкі құрылыстарында да, аурулар пайда болады. Басы айналып, жүрегі айнып, өзін әлсіз сезінеді.

Балалар компьютердегі әр түрлі ойындардың виртуальды әлеміне кіріп, сол ойынды бастарынан өткеріп, зорлық-зомбылықтарды, ұрып-соғу, тіпті адам өлтіру әрекеттерін, ойынның мақсатына  жету үшін қолданады. Ойын барысында бала үнемі жеңіске жете бермейді. Жеңіске жеткеннің өзінде, ойын әрі қарай қиындап, жалғаса береді. Ұшы-қиыры жоқ ойындардың салдарынан баланың ой-өрісіне салмақ түсіп, оның психикасына, яғни жүйке-жүйесіне кері әсерін тигізеді. Нәтижесінде бала ашуланшақ, тілазар, болып өседі. Әр түрлі бағыттағы ұрып-соғу, зорлық-зомбылыққа, қатігездікке толы ойындарды ойнап өскен баланың мінез-құлқы да өзгереді. Яғни олар, қатыгездікті үйреніп, тасжүрекке айналады, мейірімділіктен жұрдай болады. Ойынның қызығына кіріп кеткен баланың сана-сезімін, ойын жаулап алады. Соның әсерінен  ұйқысы да бұзылады. Дәрігерлер ересек адамға күніне 8-сағат, ал балаларға 8-сағаттан көп (10-12) ұйықтауға кеңес береді. Ал дұрыс ұйықтамау адамның жүйке-жүйесіне кері әсерін тигізіп, адамда шаршау, ашуланшақтық, зейінсіздік сияқты жаман қасиеттер пайда болады. Бұлардың бәрі жинала келе, баланың білім алуына үлкен кесірін тигізеді. Бала бар уақытын компьютер алдында өткізуге дағдыланады. Өздерін ойынның басты кейіпкерлеріне теңеп, сол ойындардан дос тауып, шынай өмірден алшақтап, ойын әлемінде өмір сүреді. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін, әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесін компьютерлік ойындарға беруге болмайтынын түсіну керек.

Жоғарыда айтылған ойларды жинақтай келе, компьютерлік ойындардың зиянды тұстарын атап көрсетуге болады:
-    Көз ауруына шалдығады;
-    Физиологиялық тұрғыдан дұрыс өспейді;
-    Тәбеттің болмауы;
-    Ұйқының қанбауы;
-    Жүйке-жүйесіне салмақ түседі;
-    Ой-өрісінің дамуын шектейді;
-    Мінез-құлқы өзгереді;
-    Ойын әлемінде яғни виртуальды әлемде өмір сүреді;
-    Ашушаң болады;
-    Үнемі шаршап жүреді;
-    Зейінсіздік, немқұрайлылық пайда болады;
-    Сөйлеу, адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениетін ұмытады;
-    Ең сорақысы балада тәуелділік пайда болады.

Тәуелділік дегеніміз не?    

Дүниежүзі дәрігерлерінің бір тобы «тәуелділік – бұл аурудың бір түрі» десе, екінші тобы «тәуелділікті – ауру» деп қарауға күмәнданады. «Тәуелділік медицинада адамның белгілі бір әдетте қолданып жүрген затты қажет етуі, яғни жүйкелік, физиологиялық толеранттылықтың өсуі. Толеранттылық ұғымы белгілі бір затты шектен тыс пайдалану дегенді білдіреді» [1].

Дүниежүзілік және Отандық дәрігерлер мен зерттеуші ғалымдардың пікірлерімен, зерттеу жұмыстарымен таныса келе, мен «тәуелділік – аурудың бір түрі» - деген қорытындыға келдім.

Қазіргі таңда, кез-келген үйде ғаламтор жүйесіне қосылған компьютер, ноутбуктың болуы заңды құбылысқа айналған. Бұлардан басқа әрқайсысымыздың, тіпті, балаларымыздың қолында сенсорлы телефон мен планшет бар. Бұл аз десеңіз, аттасаң, қаланың әр бұрышында күндіз-түні қызмет көрсететін компьютерлік ойынханалар бар. Олардың қай-қайсысының ішіне кірсең, толып отырған балалар мен жеткіншектерді, тіпті ес тоқтатқан үлкен адамдарды көресің. Біз оны жоққа шығара алмаймыз. Әрине мұндай дүниелерді өз орнымен пайдалансақ, бізге берер пайдасы шаш етектен. Бірақ түрлі гаджеттерді ғаламтор жүйесіне қосып, шамадан тыс пайдаланып, оларға тәуелді болып қалғандарын өздері де байқамай жататын, балаларды айтпағанда, үлкендердің өзі жетіп артылады. Бұл қоғамға тарап бара жатқан «індет» секілді. Осыдан біраз уақыт бұрын «Астана» телеарнасында «Енді компьютерлік ойындарға тәуелділік медициналық жолмен емделеді» - деген ақпарат жарық көрді. Мұнда: «Компьютер ойындарына тәуелділік ресми түрде "ауру" деп танылды. Оларға психологтың кеңесі жеткіліксіз, дәрігерлерден ем алуы тиіс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық аурулар класификациясына осындай тарау енгізіп отыр.  Жүздеген мың отандасымыз компьютерлік ойындармен әуестенетін көрінеді. Оған букмекерлік кеңселердің есігін тоздырып, ұтыс тігетіндерді қоссаңыз, құмар ойыншылар саны еселене түседі» [2] - деп, адамдар арасында тамырын тереңге жайып бара жатқан, «індет» туралы айтқан. Тіпті жаңалықтардың өзінен компьютерлік ойынның «азартына» кіріп кеткен балаларымыз, ата-аналары мен үлкендерді тыңдамай, оларға қарсы шығып, кей кездері қол жұмсап, тіпті оларға пышақ сұғып, арты қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыратындарын жарыса жазып жүр. Мұндай оқиғалар тек шет елдерде ғана емес, біздің елімізде де белең алып барады. Оған ақпараттық сайттар (baq.kz., tengri news, т.б.сайттарда) жарыса жазған «Талдықорғанда жасөспірім анасын өлтіргеннен кейін компьютер клубына барған»-деген мақала дәлел бола алады.

Бала бойындағы тәуелділіктің белгілерін қалай байқауға болады? Егер балаңыз:
-    Уақытының көп бөлігін компьютердің алдында өткізсе;
-    Бұрынғы сүйікті істерімен айналысудан бас тартса;
-    Ата-анасы, туған-туысқан, достарымен қарым-қатынас жасауды азайтса;
-    Оның мінезінен ашуланшақтық пен қатігездікті байқасаңыз, онда сіздің балаңызда компьютер ойындарына деген тәуелділіктің пайда болғаны.
Мұндай жағдайда сізге тез арада, әрекет жасауға тура келеді. Балаға дауыс көтеріп, оның ойын ойнауына бірден шектеу қоймағаныңыз жөн.

Мұндай әрекеттердің соңы жақсылықпен бітпесі анық. Сондықтан баланы компьютерлік ойындардан арылту үшін:
-    Баланың ойын басқа жаққа аударуға тырысыңыз;
-    Балаңызға көбірек уақыт бөліп, оны жақсы көретініңізді, онымен бірге уақыт өткізген өте қызық екенін айтыңыз;
-    Баламен бірге киноға, кафеге барыңыз;
-    Саябақтарға, табиғат аясына демалыс ұйымдастырып, адам денсаулығына пайдалы (доп, теннис ойнау, велосипед айдау,т.б.) іс-әрекеттермен шұғылданыңыз;
-    Виртуалды өмірден де қызықты, шынай өмірдің бар екенін есіне түсіруге тырысыңыз.
Егер бұл іс-ірекеттерден ешқандай нәтиже болмаса, балаңызды психологқа, дәрігерге көрсеткеніңіз абзал.

«Ауырып – ем іздегенше, Ауырмайтын – жол ізде!» - деп ата-бабамыз айтып өткендей, «тәуелділіктің»-шырмауына түспейтін жолдарды қарастырайық:
-    Балаға мүмкіндігінше, көп уақыт бөлуге тырысыңыз;
-    Онымен жақын досындай қарым-қатынаста болып, жансырын бөлісіңіз;
-    Компьютер мен ғаламтордың пайдасы мен зияны жөнінде жиі айтып отырыңыз;
-    Гаджеттердің алдында уақытының көп мөлшерін өткізіп қоймауын қадағалаңыз;
-    Дұрысы баланың гаджеттерді пайдалануына уақытты мөлшерлеп беріңіз.
Осы жағдайларды ескерген ата-аналардың балалары «тәуелділік» - ауруына шалдықпайтынын сенімді түрде айта аламыз. Бұларды болдырмай алдын-алу, ата-ананың өз қолында. Егер сіз, өнегелі ұрпақ тәрбиелеймін десеңіз, дәрігерлер мен психолог мамандардың кеңесіне құлақ асып, оны есте сақтағаныңыз жөн.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет. (Интернеттен алынған).
2. ASTANATV.KZ   http://astanatv.kz/news/show/id/67698.html

Ескерту: Жұмыста әдебиеттерге қосымша: BilimAll, Stud.kz, Bilimdiler.kz сияқты сайттарда жарияланған мақалалар да пайдаланылды. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз