Өлең, жыр, ақындар

Ел болам десең, бесігіңді түзе

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?

Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.
Отбасы –бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.

Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балағатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», — деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.
Хан ордасы, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің шұрқ тесік құрым киіз лашығына қайтып оралғанда Жиренше шешен: «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», — деп, жаны жай тапқан екен. Бұл аңызда үлкен шындық, терең мән бар. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке — өз үйі» – деген тамаша нақыл бар.

Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.

қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.
Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.

Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.

Бауыржанқызы Елриза


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз