Өлең, жыр, ақындар

Қашықтан оқыту – қазіргі таңдағы ең тиімді жүйе

Баттал Динара Ануаровна
"Таран ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Апанов негізгі мектебі" ММ
Бастауыш сынып мұғалімі

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты, қашықтан оқытуды қолға алдық. Білім басқармасы, мектеп әкімшіліктері, әдістемелік бірлестік жетекшілері, ұстаздар білім беру саласында бұрын-соңды болып көрмеген жаңа оқыту жүйесіне көшу үшін оқушыларды оқу жылының басталуысмен, үздіксіз дайындық жұмысын жүргізді. Білім саласы түрлі платформаларды електен өткізді. «Bilimland. kz», «Kundelik. kz, «Daryn. online»-мен бұрыннан таныспыз. Бұған қоса, біз Google Classroom, Zoom, Skype, Moodle, Opiq. kz, ClassDojo сынды  жаңа платформаларды да зерттеп үлгердік. Әрине, елімізде мұндай төтенше мәселелер туындайтындығын ешкім күткен жоқ. Көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларында, тіпті кейбір мұғалімдердің өзінде қашықтан оқыту үшін ноутбук, компьютер жоқтығы мәселесі де көтерілді. Жас мамандарымыздың, пәтерде жүрген мұғалімдер мен ата-аналардың бұл құрылғыларды сатып ала қоятын қаражаты да бола бермейтіні рас. Бұл мәселе де өз  шешімін тапты. Көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларының жағдайымен танысып, мектептердегі компьютерлер оқушыларға және мұғалімдерге қолданысқа берілді. Әулиекөл бастауыш мектеінде де мұқтаж оқушылар мен мұғалімдер компьютер, қажеттіліктермен қамтамасыз етілді. Интернет мәселесі де шешілді. Huawei 4g router таратылды. Осындай үлкен дайындықпен оқу жылын бастап та кеттік. Мұғалімдер үшін де жаңа жүйеге көшу оңайға түспеді. Дайындық кезінде қолымызда сиқырлы таяқша болғанда әр мұғалімнің жүрегінен «Қашықтан қалай сабақ өткіземін?» деген бір ғана сұрақты оқуға болар еді. Материалдық мәселе шешімін тапқанмен, күн тәртібінде «алдағы тоқсанды қалай бастаймыз?» деген сұрақ тұрды. Түрлі ұсыныстар жасалды. Жаз мезгіліне қалдыру керек деген пәлсапалар да айтылды. Әрине, қанша адам болса, сонша пікір болуы заңды. Десек те, қазіргі күрделі жағдайға қарап, білім беруді  кейінге қалдыруға болмайтыны анық. Білім және ғылым министрлігі ата-аналар мен мұғалімдердің көкейіндегі сауалы көп сұрақтың шешімін тауып берді. Оңтайлы платформаларды електен өткізу мақсатында сынама сабақтар өткізілді. Осы өткізілген сынама сабақтар еліміздің онлайн білім беру жүйесіне көшу үшін әлі біраз дайындық жұмыстары керектігіне көз жеткізді. Ал қашықтан оқыту жүйесінің форматы онлайн білім беруден бөлек. Қашықтан оқыту – ата-аналар мен оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де тиімді жүйе. Қашықтан өткізілетін сабақ 40 минут көлемінде жүргізілетін сабақ емес, оның форматы бөлек. Қашықтан оқытудың онлайннан айырмашылығына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тікелей эфирде өткізген брифингте екі тілде өте сауатты түсінік берді. Сондай-ақ мұғалімдерге тиімді тәсілдерді қолдануды ұсынды. Иә, бұл оқу жылыда бірінші  тоқсан  да әдеттегіден өзгеше басталды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовте өзінің бір сөзінде әрбір мектеп сабақ өткізу процесінде қандай платформаны қолданатынын өзі шешетінін айтқан болатын. Бұл ретте ведомство басшысы: «Бізде қашықтан оқыту жүргізілетін бірнеше интернет-платформа бар. Біріншіден, ол – Kundelik. kz. Оқушылардың, балалардың және ата-аналардың басым көпшілігі бұл жүйені біледі. Екінші платформа – Bilimland. kz. Үшіншісі – Daryn. online және басқа жүйелер. Бірақ, негізінен, біз осы платформаларды қолданатын боламыз. Бұл платформалар – онлайн-оқуды ұйымдастыруға арналмаған. Оларда дайын бейнесабақтар, мультимедиялық ресурстар бар. Аталған интернет-платформалар барлық ғылымдар мен пәндер бойынша қажетті білімді алуға мүмкіндік береді», – деді. Әрине, кез келген жаңа істің өз қиындығы болады. Расында, біз интернет жылдамдығының кедергісін сынама сабақтарда сезіндік. Zoom-мен өткен жиналысымызда біраз ата-аналар мен оқушылар қосыла алмай қиналды. Осылайша, біз Zoom-мен күнде сабақ өту мүмкін еместігін байқадық. Сондықтан, министр айтқан интернет-платформалар оқушылармен сабақ өткізуде тиімді болары анық.

Мәселен, Күнделік. kz – ең басты құралымыз. Бұл платформа – ешкімге  жаңалық емес, оффлайн білім алу кезінде де күнделікті қолданылған жүйе. ⠀

Бұлардан бөлек, WhatsApp, Telegram арқылы тапсырманы жіберу, қабылдау тиімді. Видеосабақтар сілтемесін де осы мессенджерлерге жіберуге болады.

Бұған қоса, «Еларна», «Балапан» телеарналарында да аптасына 5 күн  бейнесабақтар көрсетіледі.

Ал телеарнадағы бейне сабақтардың сапасын алдағы уақытта саралайтын боламыз. Осының барлығы – кемел келешегіміздің тұтқасы шәкірттеріміз үшін жасалып жатқан игі әрекеттер. «Көш жүре түзеледі» деген дана бабаларымыз. Қиындықты одан қашу арқылы емес,  күресу арқылы жеңеміз.

Білім берудің тиімді тұсы анықталды. Сансыз есептер мен тексерулерге де министр тыйым салды. Бұл дегеніміз – ұстаздар үшін жасалып отырған жағдай. Мұғалімдер мен оқушылар арасындағы кері байланысты қалыптастырудың негізгі құралы – интернет. Ол үшін интернет жылдамдығы дұрыс болуы тиіс. Ендігі айтар өтінішім, еліміздегі интернет желілерінің жылдамдығын тағы да күшейтуге күш салынса екен.
Бүгінгі оқушы – кемел келешегіміздің тірегі. Ал сол оқушыларымызды қандай қиын жағдайда болсақ та, біліммен қаруландыру – біздің міндетіміз. Қай заманда да ұстаздар қауымы жаңалықтың жаршысы, локомотиві болған. Жаңартылған білім жүйесіне де үйрендік, электронды журналға да төселдік. Ендігі кезекте шәкірттерді қашықтан оқытуға барымызды салуға тиіспіз. Оффлайн сабақ беріп дағдыланған ұстаздар үшін бұл оңайға түспесі анық. Жаңа жүйеге төселуге тура келеді. Тек ниет болса,болғаны.

Шәкірт тағдырына, ел болашағына бей-жай қарамайтын ұстаздар қауымының бұл қиындықты да еңсеретініне кәміл сенімдімін. Өйткені біз, ұстаздар – мықтылардың мықтысымыз.

Осы сәтті пайдаланып, ата-аналарға да өтініш айтқым келеді. Бала – бізге ортақ. Оқушының өз бетінше үйде білім алуына, жауапкершілікті сезінуіне, оқуға ынтасының,артуына мүмкіндік жасайық.

Құрметті ұстаздар мен ата-аналар, бұл қиындықтан ынтымағы жарасқан ел ретінде бірлесе шығамыз деп сенемін.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз