Өлең, жыр, ақындар

«Уәлаят» деген қазақтың байырғы сөзін облыс атауы ретінде жаңғыртсақ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Түркістан облысын мысалға келтіріп көршілес елдермен шектесетін  басқа да облыстардың атауын өзгерту туралы мәселе көтерілді. Шынында да, Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа атауы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сәтті бастамаларының бірі болды. Бұл тек эстетикалық немесе жәй ғана тарихи жады мәселесі емес.

Посткеңестік геосаяси жағдайда елді мекендер мен әкімшілік-аумақтық бірліктердің (аудандар, облыстар) абстрактілі немесе бұрынғы кеңестік сипаттағы атаулары саяси сепаратистердің арам пиғылдарына белгілі бір ыңғай туғызуы мүмкін. Тәуелсіз, жаңа қазақстандық бірегейлікті қалыптастырумен бірге ата-бабаларымыз бен батырлардың есімін құрметтеу мақсатында жаңа топонимдерді бекіту арқылы ұлттық қауіпсіздікті және унитарлық мемлекеттігіміздің негіздерін нығайту қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев еліміздің бірқатар облыс атауларын өзгерту мәселесін көтеруі орынды деп есептейміз. Түптің түбінде саяси және рухани бейтарап «Солтүстік Қазақстан облысы», «Батыс Қазақстан облысы», «Шығыс Қазақстан облысы» үлгісіндегі атаулар қазақы атауларға алмастырылады деп сенеміз.

Ал  ең жоғарғы әкімшілік-аумақтық бірліктердің аттарын өзгертпес бұрын, біздің ойымызша, жасанды, кеңестік русизм болып табылатын «облыс» сөзінен бас тарту керек сияқты. Шын мәнінде, біздің мәдениетіміз бен қазақ тілінде ең жоғарғы әкімшілік-саяси бірліктер (географиялық, тарихи-мәдени аймақтар емес) «уәлаят» деп аталып келгені тарихшыларға мәлім. Кейде «уәлаят» сөзін ірі әкімшілік округтерге қатысты қолданған. Кезінде «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті» сияқты газеттердің атауынан көрініп тұрғанымыздай, «облыс» немесе «губерния» сөздері қазақ тілінде ертеректе «уәлаят» деп аударылған. Алаш-Орда өкіметі  тарихында да «уәлаят» деп әкімшілік бірліктерді атаған.

Назира Нұртазина, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Жәнібек Әкімбек, 1-курс магистранты («тарих»мамандығы)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (4)

Қуаныш

Керемет ой, қолдаймын!

Erbol

Иә,шыныменде өте керемет ұсыныс

Диана

Интересная статья. Поддерживаю.

Султанова Арайлым

Поддерживаю!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз