Өлең, жыр, ақындар

Махамбеттің «Қара нарға» артқан жүгіне бүгінде менің жүктер міндетім

Ұлы далам…Өтпелі тарихым…Қайран жұртым…Қай елде, қай халықта да дана тұлғалар, данышпан қайраткерлер тарих ағымының биік жалында, халық тағдырының терең шайқалас шақтарында дүниеге келетіні белгілі. Жер асты қозғалыстарының әлдебір сиқыр құдіретімен ғайыптан пайда болып,  кейін байтақ әлемнің төрінде мәңгі орнап қалатын асқар шыңдар секілді, адамзат алдындағы қадір-қасиеті тек бір ғана ғұмырдың ауқымымен өлшенбейтін елден ерек ерекше тұлғалар ұшырасады. Солардың бірі- дауылпаз ақын, қазақ халқы үшін отқа да, суға да түскен есіл ер, даңқты батыр, көтеріліс сардары- Махамбет Өтемісұлы. Ол ұлы даланың өр мінезді перзенті, батырлық пен зорлыққа қарсы үн көтеріп, азаттық, бостандық, теңдік туын желбіретті, әділетсіздікке қарсы өліспей беріспеу идеясының нағыз жыршысы ретінде бағаланды. Табиғат бір Махамбеттің басына батырлықты да, ақындықты да аямай бере салған. Есіл ер қарсыласқан жауымен айқасып қалғанда найзасымен іліп түсірген, тілімен тіліп түскен, семсерімен ойып жіберген, сөзімен сойып жіберген. Махамбет өзгеде жоқ, өзінде ғана бар осы құдіретті қасиетімен батырлар тарихын да, ақындар тарихында да жарық жұлдыздай жарқырап жеке тұратын теңдесі жоқ дара да дана тұлға!

Заман ағынымыз бөлек, көрген күніміз бейбіт болғанымен қаруы мен қаламын қатар ұстаған батырларымыздың қара нарға артқан жүгіндей біз де ерен ерлік жасап, айқын мақсат қоя алатынымыз айдан анық. Өзімді Махамбеттің ұрпағымын десем, Махамбет болып өз халқыма қалай қарсы шығамын? Қазіргі елімнің жауы- өзі емес пе? Олай болса, менің де Махамбет болып қара нарға артар жүгім жетерлік. Ең біріншісі ұлтымның болашағын жарқын қылар қара нарларды, Махамбеттей асылдың ұрпақтарын безбүйрек аналарымыз далаға тастауда. Содан болар ата-бабамыз елестете де алмайтын «балалар үйі» көбейіп келеді. Жетімді жылатып қалай ел боламыз? Баланы қойып, бағып-қаққан ата-анасын  қартайғанда тастап жатқан перзенттер де ұшырасуда. Бұл-қара нарыма артар тағы бір жүгім. Қара нар болып қайыспай тартып шығар ерлер елдің мүддесін ойлайтыны белгілі. Ал сол ерлер, ұрпақтар, жастар өз тілін білмей, жат тілде сайраса, кешегі Махамбетке шабыт берген ұлттық намыс, ұлттық сана ояна ма? Бұл-қара нарыма артар үшінші жүгім. Тек осы міндетті қабағын шытпай тартып шығар қара нар керек.Сонымен қатар батырдың жүрегін кескілеген намыс пен күрескерлік бүгінде қажет. Өйткені арын таптатқан, рухын төмендеткен елдің болашағы бұлыңғыр. Соның арқасында жаугершілік заманда толарсақтан саз кешіп, жігерлері мен күштері мүжілген сәтте де, ер азаматтар алған беттерінен таймады. Махамбеттің міндеттелген «қара нарына» да осы қайсарлық пен сабырлықты, ауызбен емес, іспен тау қопарар ер азамат атану- менің қара нарға артқан тағы бір жүктеген міндетім болсын.

Ұлт болып ұранымызды түзеп, ел болып егемендігімізді алып, келісімге халық болып келсек те, қара нарға артар жүгіміз әлі де жеткіліксіз көрінеді. Махамбеттің ұрпағы екеніміз рас болса, сол жүкті қара нарша тартып шығатынымыз рас қой.  

У.М.Джолдыбаева- тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті Мадениетова Балсұлу- Шығыстану факультеті, шетел филологиясы мамандығының 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз