Өлең, жыр, ақындар

Ахмет Байтұрсыновтың " Қазақтың өкпесі" мақаласының айшықты мәні

Алайда, бұл мақалада тек бір тараптың ғана емес, екінші тараптың да кемшіліктері тайға таңба басқандай айтылады. Қазақтың білім-ғылымға талпынбауын, хандары мен халқының надандығын Ахаң осы мақаласында ашып көрсетті. «Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес. Көп жұртта да ғылым, өнер кем, бәрі қарайлас тең заманда қазақ та қалт құлт етіп өз алдына хан болып жүрді. Хандары да, халқы да ғылым өнерді керек қылмаған. Бірімен бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойланбаған»,- деп қазақтың жұмыссыздығын, белгілі бір кәсіпшілікке талпынбауын өкінішпен жазады. «Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Ханы надан, халқы надан жұрты мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға  көп күш керек екен. Ол күш алтыбақан ала  ауыз қазақта болмаған. Хан басын қарашаға теңгеру жеңіл болмаса да, өз алдына жұрт болып тұра алатын болмаған соң, хандарымыз халқыменен Россияға қосылған». Иә, қарап тұрсаң саяси астары терең. Тарихи шындық бар. Рас қой, Әбілқайыр хан жоңғарлардан және өзге де алып мемлекеттерден қорғану үшін халықтың құзіретінен тыс Ресейге қосылуға әрекет жасады. Ақыр соңы отаршылыққа, жер тартып алуға, арқасынша қантөгіске ұласты. Тереңінен үңіліп қарасақ мұнда қазақтың білімсіздігі мен іске келгенде кейбір басшылардың тәжірибесіздігі екенін  аңғаруға болады.

«Қазақтың естектен надандығы да, жалқаулығы да кем емес. Жер өзінікі болса, қазақ естектің істегенін істемейді деп кім айтар?! Айтатын адам болса, тыңдауға бармын, істемейді деп айтуға жоқпын». Ғылым ізденбей, жаңалық ашуға қауқары жетпеген қазақтың жалқаулығын автор осылайша түсіндіргісі келеді. «Іс оңға басарлықтай мардымды әрекет жоқ, «қараған қарап қалар» деген қазақта жақсы мақал бар, бірақ ол мақалды ескеретұғын қазақ жоқ»,-деген автор ойлары қалың ұйқыдағы қазақтың биік мақсатқа талпынысы жоқтығын, білімсіздігінің арқасы деп баға береді. Ғылымынан тыныштығын жөн көретін қазаққа не шара бар? Осылай жатқанда бұйырмаған бақ өзгеге бұйырып,  олжалы жерде үлестен қағылмасына кім кепіл?!

«Талап жоқ, үміт мол халықпыз. Үмітіміздің көбі қошқар, қасқырдың үміті сықылды! Өзім жатсам екен, керегім өзі кеп тиер болса екен дейміз. Оны Алла да, адам да  қабыл көрер ме?!».  Қазақтың жерімізді алып қойды деп өзгедан кінәрат іздеуі, бүгінмен өмір сүріп, ойнап-күлгеніне мәз болуы халықты жарқын болашаққа апармасы анық. Міне, автордың айтар ойы осы орайда дәл түсті. Адамды адам ететін еңбек екенін ескерсек, қай заманда болмасын оқыған, ізденген, білімге, еңбекке талпынған адам биі мақсатына қол жеткізе алғаны анық.

Сайып келгенде, адамнан әрекет болса Алладан берекет болатынын әр қазақ ойына бекітсе дейміз. Сараңдық, жалқаулық, дайын дүниеге қол сұғу- білімсіз, көргенсіз адамның ісі. Заман ағымына сай ұмтылыс жасап, жаңа ғылым жолында ізденіске түссе ел болашағы жарқын, һәм ғұмырлы болары сөзсіз...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз