Қазақ арасында дара туған, ерен еңбегімен құрсау шеңберінде айналған қара қазақтың көзін ашқан ағартушы тұлғалардың бірі- Ахмет Байтұрсынұлы. Қару орнына қалам ұстап тіл бостандығы үшін шайқасқан, шындық әлемінің шырмалған түйінін шешу үшін шыбын жаны шырылдаған жанқияр, дана Ахмет "Айқап" журналына біздің "Әй, қап!"- деп, сан соғып қалмауымыз жолында ақиқатты терең қазбалай, сыни тұрғыда жазған "Қазақ өкпесі" мақаласын әрбір қазақ құлшына оқуға тиіс деп білемін!
"Қазақ өкпесі" мақаласында автор қазақтың өкпелеуге жөні бар ма, жоқ па- соны айқындап ашып көрсетеді. Бұл еңбегінде Ахмет Байтұрсынұлы ең біріншіден, қазақта бірлік жоқ екендігін тілге тиек етеді. Бірлік, берекесіз жасалған істің құр далбаса болатынын біз анық білеміз. Берекесіздігімен қоймай, қазақ алтыбақан алауыздыққа, көреалмаушылық пен бір-бірінің аяғынан шалу ісіне әбден етін үйреткендігіне публицист күйінгендігін білдіреді. Біз бір-бірімізбен осылай ырылдасып отырғанда басқа ел ауызбіршілікпен ілгері басып, еңсесін тіктеп, біз кері кетіп жатқандығымызды ескертеді. Оған қоса қазақты кері тартатын жаман әдеттердің бірі-надандық пен жалқаулық. Ахмет Байтұрсынұлының қазақтан осы екі әдет қалмай келе жатқандығы, қанға сіңген дақтан құтыларға қазақта ниет жоқтығы ыза-кегін тудырады. Ол туралы мақалада былай жазылады: "Қазақтың естектен надандығы да, жалқаулығы да кем емес... Надандықтың кесапаты әр жерде ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айырылмай ақ келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз- бәрі надандық кесапаты".
Мақаланы зерттеу барысында, екінші назарымызға ілігері қазақтың жері қазыналық болғанына өкінуі. Қазақ неге өкпелейді? Әрине, өз жерімізге өзіміз иелік ете алмауымыз біздің жүрегіміздегі намыс отын түтетері хақ. Алайда, Ахмет Байтұрсынұлы бұл тұрғыда қазақ кінәні өзінен іздеуі керек екенін пайымдайды. Қайта жер қазыналық болып қазақтың жаны қалып жүр.Не себепті екендігіне, қазаққа естектер арқылы мысал келтіріп, нұсқап тұрып көрсетеді. Естектер жілігі татымайтын арзан дүние үшін алданып, асылға да тең келмес байлығы- жерін сатып тауысты. Нәтиже, не кедейшілікпен ит тірлік қылу, не жер іздеп тентіреп жүру. Ал, қазақ ше? Қазақтар да жер қазыналық болмаса естектің күнін көретінін, шай шүберек үшін жерден айырылатындығын ақын өзінің осы бір мақаласында керемет жеткізді: "Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны- жер қазыналық болғандықтан. Бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытатын қазақ бүгін жерін сатып тойып, ертең тентіреп кетер еді". Тіпті, естектер секілді арзан дүниенің құрығына ілігіп, жер жалдап, мұжықты ішке кіргізген қазақ өзгенің емес, өз көзіне түскен қырауды аршып қарау керектігін жеткізеді. Қазақ арасында болған дәл осындай жағдайды Ә.Кекілбаевтың "Үркер" романынан кездестірген едім. Романдағы Әбілқайыр тұсында ақ патшаның қол астына кіруге қарсылық білдіріп, халықты ұйымдастыра бастаған он екі бидің алдына қазақ жеріне елшілікке келген Тевкелеевтің жібек маталарды жайып салғандағы билердің көзі жайнап, елі мен жері құрбан болып бара жатсадағы келісімшартқа қолын қойып бергендегі сюжет көз алдыма оралды. "Сыпайы сойғанына, тоғышар тойғанына мәз" болып ертеңгі ұрпақтың қамын жемесек, елдігімізден,ерлігімізден, жеріміздің кеңдігінен не пайда, не қайыр. Осылай ұлан-ғайыр аумақты неге өзіміз тар қыламыз?
Келесі бір ауыз толтыра айтатын мақаладағы мәселе- қазақтың ғылым мен білімге қол созбағандығы. Ғылым, өнер қазақта болғанда ұлт арасында кем-кетік болмаушы еді. Қазақ өкпесінің бекер екендігін осы ғылым мен білімге, өнерге зейін қойғанда түсінеді. Ғалымның айтуынша, қазақты алға жетелер- біреудің артын теріп, сөз ету емес, білім мен ғылым қуып, пайдасына көз жету. Онсыз да сауатсыздық кесірінен талай қазақ тентіреп қалған жоқ па?! Патша үкіметі де қитұрқы жоспарларының көбісі осы қазақ сауат ашпағанының салдарынан орындалды. Мақала еңбектің де қазақ халқының ілгері аяңдауына көмегі зор екенін көрсетті. Еңбексіз жалқаулықты серік ету өзіңді құдыққа құлатқанмен тең. Еңбек жайында Ахмет Байтұрсынұлының мақаладағы мына бір сөзін әрбір қазақ біліп жүретін нақыл сөз, даналық ойға айналуын қалар едім: "Еңбексіз егін шықпайды, терселең терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден, тер сіңдіріп алған тиын жұғымды."
Ахмет Байтұрсынұлының "Қазақ өкпесі" мақаласы жарияланғаннан кейін талай қазаққа ауыр ой салды деген ойдамын. Әр қазаққа өзіне өкпелемесе өзгеге өкпелейтін бет жоқтығын ұғындырды. Жаман әдеттердің жегіне желпініп, "ауырдың астымен, жеңілдің үстімен өтпей" қиын да болса шырғалаң жолмен еңбек, білім, ғылымды ту етсе қазақ әсте жаман болмасын осы мақала ұғындырды. "Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын" күн туса қазақ қорғасындай ауыр қияметке де төтеп беріп құрдымға кетпейтіні анық. Соңғы жолды мақаладағы Ахаңның сөзімен аяқтағым келіп отыр: "Амалыңды түзет, түземесең ешкімге кінә қойма. Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол халықпыз."
Жұмаш Еңлік
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Журналистика факультетінің 1-курс студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі