Өлең, жыр, ақындар

Абай шығармаларындағы пәлсапалық көріністер

Дүниежүзілік ақыл  мен ойдың, парасат пен пәлсапаның кемеңгері Абай Құнанбаев халқымыздың мақтанышы ғана емес, ұлттық ұранымыз. Ол әлемдік поэзия алыбы, классик ақын, ірі қоғам қайраткері, ойшыл философ, гуманист әділ би, композитор, аудармашы. Абай адам баласының бүкіл өмір тіршілігіне рухани азық болатын жан-жақты құбылыс. Сондай-ақ, қазақ халқының реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясын қоғамдық дамудың озық  деңгейіне бағыттап, өз кезінің ең басты мәселелерін дәл бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогресшіл ақын.

Кемеңгер Абай маңдай терімен қаламынан қағаз бетіне төгілген туындыларында өзінің  пәлсапалық ойларын өзіне тән өзгешелігімен баяндайды. Ақынның сондай пәлсапалық көзқарасының дамуына жастайынан Шығыс пен Батыстың, одан қала берді орыстың ұлы ойшылдары мен философтарының өмірі мен шығармалары жазылған кітап беттерін парақтап, сонымен сусындап өскені зор ықпалын тигізді. Мәселен, ойшыл ақын ежелгі заман философтарынан Сократ, Платон, Аристотель, сонымен қатар Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен жақсы таныс болды. Ал Батыс Еуропа философиясын сөз өткенде олардан Р.Декарт, Л.Фейербах, Б.Спиноза, Г.Спенсер еңбектерімен танысты. М.Әуезовтің, « ... өзінің рационалдық философиясын Абай кездейсоқ жасай салған жоқ, алдымен осындай бай мектептердің оқуынан өтіп алып, сөйтіп, бұларды өзінің творчестволық өңдеуінен өткізген соң ғана жасай алды» деген пікірі  айтқан ойымызға толықтай дәлел бола алады.

Абайдың көптеген өлеңдері мен ғақлияларында «...адам мен адамгершілік, ұждан, мораль философиясына төтелей қатынасы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді әрі сапалы ойшылдық пікрлері бар екені даусыз». Келелі ой мен келісті сөздің кемеңгері Абайды көбіне адам өмірінің мәні, тұрмыс тіршілігі мен болмысы, ар-намысы сияқты мәселелер ерекше толғандырған. Ол былай дейді:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын,
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

Осы өлең жолдарындағы «мен»  және «менікі» деген сөздердің не екеніне Абайдың өзінен тұтастай толық жауап таба аламыз. «Мен» деген бұл жерде ақыл мен жан болса, «Менікі» деп ақын сөзді тікелей тәнге қатысты айтып отыр. Түсінген адамға екеуі де рухани түп негіз. Сонымен қатар, Абай көбіне адам баласының бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерге тереңінен бойлап, өзінің пәлсапалық ой-толғамдарында оларға ерекше тоқталып өтеді. Мысалы, отыз сегізінші қара сөзінде Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшіншісі – зұлымдық» десе, «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: «Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп баса айтады. Соңында ақын адамның тұла бойындағы осы аталмыш үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деген қорытындыға келеді.

Дана Абайдың пәлсапалық ой-толғамдары жоғарыда атап өткеніміздей оның өлеңдерінен де, қара сөздерінен де өзіне сай шебер суреттелген қалыпта көрініс береді. Қай жағынан алып қарасақ та, Абайдың даналыққа толы туындылары басқалардан өзінің астарлы әрі терең ойлылығымен, өміршеңдігімен ерекшеленеді. Себебі, Абай өмір сүрген дәуір де, халықтың оған артқан міндеті де, одан пәлсапалық ойларға толы өлеңдер мен ғақлиялар жазуды талап етті. Ал бұл түптеп келгенде Абайдың өлеңінің өз алдына ерекше болып, өзіндік өзгешелігі болуына алып келді.

Бүгінгі таңда Абайдың өмірін, шығармаларын зерттеп, оларға қатысты том-том еңбектер жазып жүргендер баршылық. Дегенмен Абайдың пәлсапалық ойларына, мұрасына қатысты сүбелі зерттеулер жүргізіліп, соны еңбектер дүниеге келмеді. Ұлтымыздың ұлттық ұранына айналған кемеңгер Абайдың қай қыры болмасын жеке зерттеп, зерделеуді қажет етеді.

Данат Жанатаев  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент
Ақерке Адеханова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  Филология және әлем тілдері факультетінің  1-курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз