Өлең, жыр, ақындар

"Айқап" пен "Қазақ" неге айтысқан? немесе басылымдар туралы шындық

«Айқап» - қазақтың тұңғыш журналы. «Қазақ» газетінің де еліміздің тарихындағы алғашқы газеттердің бірі екендігін білеміз. Бұл басылымдарда Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды халқымыздың зиялыларының еңбектері жарияланған. ХХ ғасырдың басындағы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің арасында түрлі пікірталас орын алған. Қос басылым да елім, жерім деген өз халқы үшін аянбаған басылымдар болған. «Айқаптың» редакторы - Мұхамеджан Сералин болды. Ал «Қазақ» газетін  - Ахмет Байтұрсынұлы басқарды. Қос басылымның кикілжіңдері қазіргі заман талабымен зерттелген болатын. Ол зерттеулерді жүргізу үшін мұрағаттағы деректер пайдаланылды. Журнал мен газет басылымдары сол кездегі қазақ жұртының өміріндегі ең маңызды мәселелерді, шаруашылық жайын, жер дауларын жариялап отырған. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің түсініспеушілігінің себебі, қос басылымның қазақ халқының жазуын қалыптастыруға деген көзқарас болды. Яғни, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің көзқарастары екі түрлі болғандығы «айтыстың» тууына себеп болды. Тек бұл ғана емес жер жөніндегі мәселелер де себеп болған екен. Бұнымен қоса олардың съезд өткізуге және әліпби таңдауға келгенде де пікірлері екі түрлі болған еді. Соның кесірінен екі басылымның авторлары бір-біріне бағыттап көптеген мақалалар жариялаған. Сол кезеңдегі қазақтың зиялы қауым өкілдері өз ара араздасқан басылымдарды келіссөзге келтіруге тырысқан. Оған Шәкәрім Құдайбердіұлының 1915 жылы жарық көрген «Сөз таласы» атты мақаласы дәлел бола алады. Онда «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің арасындағы мәселелерге автор сын көзімен қарады. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Айқапқа» жазғандар да, «Қазаққа» жазған Ғалихан да талас сынды көптің сынына салып отыр, ол жақсы-ақ. Бірақ кекеп, кекетіп сөзін жазған жарай ма? Менің ойымша, кекеу, сөгіс - тіл қаруы. Оның жарасы тез жазыла қоймас. Жауап қайырып, қарсыласарлық үлкен кісі түгіл, жас баланы да ұрып, кекеп-зекіріп тыю зиян шығармай ма?», - деп жазған. Қалай болғанда да , екі басылымда қазақ халқын алға жетелеп дамытуға аямай күш салған. Былай айтқанда, екеуінің де мақсаты бір болды. Бірақ ол мақсатқа жету үшін олар екі бөлек тәсіл таңдады. Сондықтан, менің ойымша біз бұл мәселеге келгенде «екі басылым араз болған» деген ойда болмау қажет.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз