Өлең, жыр, ақындар

Ахмет Байтұрсыновтың " Қазақтың өкпесі" мақаласының айшықты мәні

Қазақтың алғашқы журналы «Айқап» небәрі 4 жыл шыққанына қарамастан тарихта өшпес із қалдырды. Журналда сол кездегі халықтың мұң – мұқтажы туралы мақалалары жарияланып отырған. Солардың бірі Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың өкпесі» мақаласы. Ол өз мақаласын: «Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана кіре бастады. Басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен болғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпелейді.  Пайдаланып отырған жерін мұжыққа алып берді деп үкіметке өкпелейді. Қазақ жерін қазыналық етуге неге көнген өткендерге өкпелейді. Төменде қазақ өкпелеуінің жөні бар ма, жоқ па  - соны жазбақпын.» - деп қазақ халқының осы уақытқа дейін бейқам жатып, енді ғана оянып, жан-жағына қарап жатқандығын және кінәні әркімнен іздейтінін жазып бастайды. Халқымыз да, хандар да осы уақытқа дейін білімге, ғылымға қызықпағандығын, тек өз ара жауласқандығын сынай жазады. Біз бұл түрімізбен ұрпағымызға қандай мирас қалдырамыз дейді. «Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Хан басын қарашаға теңгеру жеңіл болмаса да, өз алдына жұрт болып тұра алатын болмаған соң, хандарымыз халқыменен Россияға қосылған.» - деп Ахмет Байтұрсынұлы ашынып, өз ойын мақаласы арқылы жеткізген. Содан соң мақалада қазақ жері туралы мәселе көтерілген. Халықтың болмашы нарсеге жерін сатып, алмастырғанын және қазақтардың жерден айырылып, әржерге тентіреп кеткендігін атап өткен. «Амалыңды түзет, түземесең ешкімге кінә қойма. Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол халықпыз.» - деп Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқына үндеу жолдайды. Халықты оянып, тіршілік жасауға шақырады. Оқу оқып, білім алып, көзі ашық адам болайық деп жазады. Құрдан құр қарап жатқанға беретін болса, ғылым, өнер дегендер қазақта болар еді. Алайда олардың бірі де бойымызда көрінбейді. Сондықтан, бос жатпай оқуға бет бұрғанымыз жөн. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ. Кінә тек өзімізден, өз – өзімізді қолға алуымыз қажет. Өкпелер болсақ өзімізге ғана – деп халықтың орынсыз ренішін айтып өтті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз