Әлихан Бөкейханов- ұлттық болмысы ерекше, өр мінезді, Алаштың ардагері. Әлихан Бөкeйхановтың азаматтық болмысы мен ұлттық идеяға суарылған алып ойлары ақиқатқа айналып, атылып кеткенге дейінгі ғибратты ғұмыр жолдарында тек жаны да, ойы да «қазақ» деп өріліп, көкірегіндегі терең күрсінісі мен жүрегі де тағы «қазақ» деп соқты. Алаштың ғасырлық тарихы, Алаштың күллі өмір жолдары оның негізін қалаушылардың бірі болған Әлихан Бөкeйханов есімімен тығыз байланысты.. «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»- деп қалдырған асыл сөзі бір ғасыр өтсе де осы шынайы жүректен шыққан жанашыр сөз, оралымды ой қаншама жылдардың легінен өтіп, әрбір қазақтың жүрегіне от беріп, ұлттық қасиетін кемелдендіру бағдарында қызмет етіп келеді.
Қазаққа қызмет ету дегеніміз не? Бұл сауалдың толық жауабын Ә.Бөкейхановтың өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлік қызметінен табуға болатын сияқты. Жұдырықтай жүрегіне Алаш жұртының ауыр қасіретін арқалап, күллі асыл ғұмырын ел мұраты мен халықтық мүддеге арнаған Ә.Бөкейханов сынды тұғырлы тұлғалардың Алаштың сан ғасырлық тарихында қалдырған ізі терең.Мұстафа Шоқай айтып кеткендей, «Жүктeлген міндеттерді атқарумен ғана шұғылдану жеткіліксіз. Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білулері керек». Әлихандық мағыналы мұрат, Әлихандық ой – Алаштың ойы, Алаштың асыл мұраты, Алаштың идеясы, тіпті Алаш пен Әлихан сөздері синоним сияқты десек, артық айпаған болар едік.Әлихан Бөкейханов –халықтың рухани байлығының бірі –көркем әдeбиетке соның ішінде баспасөзге де көп көңіл аударған ғалым. Халқымыздың сарқылмас қазынасы –ауыз әдeбиеті мұраларын жинау, оларды өңдеп бастыру және қазақ әдебиеті мен баспасөзін дамытуда жетекші роль атқарған. «Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен, халықтың санасезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өз әдебиетін қалыптастыруда табысқа жеткен халық қана азат өмір сүре алады», -деп оны өркендетуге жан-тәнімeн беріліп бірсыпыра еңбектер жазады. Өмірінің соңына дейін халық ауыз әдебиеті шығармаларының үлгілерін жинап, оны жан-жақты зерттеп және насихаттап, өңдеп бастырып отырған. Әрине, Әлихан Бөкейханов ең алдымен тарихта есімі қалған қоғам қайраткері болды. Сондықтан біздің көздеген басты мақсатымыз, қолда бар кітаптарды аударыстыра отырып, Алаш автономиясы деп аталған мемлекетіміздің «бірінші төрағасы» атанған ұлтжанды азаматымыздың еліміздің бостандығы жолына істеген жұмыстары мен әдебиет пен баспасөзге қосқан үлесіне үңіліп, өткен өмірінің қатпарлы сырларынан мәлімет алу. Әдебиетке қалдырған мұралары дегенде біздің ойымызға ең алдымен көне заманнан келе жатқан «Қозы-Көрпеш Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» және қазақтың төрт ғасырдан бергі жинақталған «Жиырма үш жоқтауы» шығармаларын бастырып шығарып, оған түсіндірмелер жазғаны келеді.
Абайтанудың негізін қалаган - Әлихан Бөкейханов .Солардың ішінде Абайтану саласы бүгінгі әдеби өміріміздe үлкен ғылыми арнаға айналып отыр. Алайда ұлы кемеңгердің өнері мен творчествосы хақындағы алғашкы зeрттеу мақала кашан және қайда жарияланғаны оқырман қауымға онша мағлұм емес. Абайдың өскен ортасы мен творчествосын жүйелеп тұңғыш рет бір ізге салган, Абайтанудың негізін қалаган - Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ әдебиеттану саласының үлкен арнасы - Абайтанудың негізін салды. Кәкітай Абай өмірінің бел-белесін, творчестволык жолын, ізденіс бағыттарын саралап, бір жүйеге негіздеп, тұңгыш рет Абай туралы деректі Әлихан Бөкейхановқа жиыстырып береді. Абай қайтыс болган соң жеті айдан кейін. Яғни 1905 жылы Семей каласынын Географиялық бөлімшeсінін «Семипалатинский листогында» орыс тілінде Әлихан Бөкейхановтъң азалы ғұмырнамасы жарияланды. Оның соңында бұл деректерді ретке келтіріп, баспаға ұсынган Кәкітай Ысқақов екендігі туралы сілтеме бар. Бұл қазіргі толысқан Абайтану ғылымының бұлақ бастауына Абайдың Географиялык қоғамдағы достары Михаэлис, Гросс, Коншин сияқты көңілі ниеттес достарынын себепкерлігі тигені айқын. Осы мақала жарияланған соң Әлихан Бөкейханов Патша өкіметіне қазаққа дербес құқық беру туралы мәлімдеме жазып, елге қол қойдыру үшін Кереку өңірін аралауға аттанады. Сол жақта жүріп 1906 жылы 8-январъда түрмеге камалады.Ғалым Қайым Мұхаметхановтың дерегі бойынша, Әлиханныц портфелінде Абай өлеңдерінің қолжазбасы болған. Оны 5 мың сомға бағалап, аман сақтауына адвокат арқылы өтініш түсірген. 1907 жылы сол Географиялык қоғамның арнайы жинағында Абайдың суреті тұңғыш рет баспа бедеріне түсті. Осымен қатар 1909 жылы Кәкітай Ысқақов Петербургтегі Бороганский баспаханасынан Абайдың тұңғыш өлеңдер кітабын жарыққа шыгарып, өмірбаяны, өлеңдері тақырыпқа реттеліп, түсініктемелер берілді. Абайтанудағы Кәкітайдың енбегі жөнінде Мұхтар Әуезов: «... Бұл жөнінде казақтын мәдени тарихына Абай мұрасына ерекше еңбек сінірген, Абай өзі тәрбиелеп, баулыған - Кәкітай Ысқақұлының еңбегін ерекше айту керек. Кәкітай Абай шығармаларының ең алғашкы таңдамалы жинагын бірінші рет Петербургтегі Бороганский баспаханасында 1909 жылы шығарды. Сол жинақтың аяғында акынның Кәкітай жазган бірінші өмірбаяны беріледі»,- деп жазды. Шындығында, бұл Кәкітайдың әңгімесі бойынша Әлиханның Абай өмірі туралы толықтырылып жазған екінші мақаласы еді. Оның алгашқы нұсқасы 1905 жылы «Семипалатинский листохта» орыс тілінде басылды. Біз осы мақаланы окырмандар назарына ұсынып отырмыз. Бұл - ұлы Абайдың қагаз бетіне түскен ең алғашқы ғұмырнамасы болатын.
Әлихан және Алаш.Әлихан 1908-1915 жылдар аралығында Самар қаласында тұрады. Оның аса ірі саяси қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасы осы жылдары айрықша айқындалады. Семей облысы қазақтары атынан Ресейдің I-Мемлекеттік думасына депутат болып сайланып, оның құрамындағы комитеттің мұсылман фракциясының Бюро мүшесі қызметін атқарады. Шынында оның осындай деңгейдегі қайраткер болып шығуының сыры неде?Бірінші, жасынан халықтың бай ауыз әдебиеті мен ел арасындағы аңыз әңгімелерінің тәлімдік тәрбие беретін тағылымдарын ұғынып өскен зеректігі. Екінші, оның сол тұстағы тәрбие алған айналасындағы адамдардың озық ойлы мәдениеті мен мән-мағынасы келіскен салтдәстүрі. Үшінші, оның жүрген ортасының өзгеше болуы мен алған білімі. 1916-1917 жылдар аралығында Уақытша өкіметтің комиссары қызметінде жүріп ол: «Бостандық, теңдік, туысқандық XVIIIғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған Франция жұртының саяси ерлері. Осы үш түрдің бәрі біздің тарихтан, інжілден, будда оқуынан, Лев Николаевич Толстой философиясынан табылады, көзі ашық талапты ер іздесе. Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ. Бұл жолдан шыға жайылған хайуандыққа қайтқан болады» -деп, бостандық пен теңдікті армандаған ойын дәлелдейді. Осы жорамалдарға ой жіберіп, оның орыстың классик жазушысы Л.Н. Толстоймен қатар француз жазушыларының шығармаларын, тіпті ескі эфсаналар жазылған діни әдебиеттерді де оқығанына таңдануға болады.
Әлихан Бөкейханов осы екі жылдың ішінде Орынборға келіп, 5- 13 желтоқсан аралығында өткен жалпы қазақ-қырғыз съезіне өкіл болып қатысады. Жалпы қазақ құрылтайы қаралған мәселелер туралы қаулы алып, Алаш автономиясы деп аталатын Ұлттық мемлекет құрылғандығын мәлімдеп, оны бір ауыздан сол тұңғыш автономиялы мемлекеттің төрағасы етіп сайлайды. Бұл қазақ қоғамы үшін оның тарихы маңызы ерекше еді. Тарихты білмей тұрып қазіргінің қадіріне жету, болашақты болжау мүмкін емес дейтін өмірдің өз қағидасы бар. Автономия болу –өз алдына мемлекет болу. Сондықтан, оны көксеушілердің түпкі мақсаты ұлттық мемлекет құру болды. Олардың ойы бойынша қазақ елін басқа өркениетті елдер қатарына алып шыға алатын дара жол – ұлттық мемлекеттік құрылымның болуы еді. Шындығында, бірнеше уақытша үкімет орнаған аласапыран кезеңде құрылған автономия қазақтың басын біріктіре алды ма?. Енді соған келейік. Алаш қайраткерлері ұсынып отырған «Қазақ автономиясы» буржуазиялық демократиялық республика болатын. Бұл, әрине, өздерін жұмысшы табының өкілі санайтын большевиктердің саяси идеясына қарама-қарсы еді. Оның үстіне коммунистер социалистік мемлекетті құруды мақсат етіп, халықты коммунизмге жеткізуді армандады. Сол орнатқан КСРОның кенеттен ыдырап кетуі, оның соңғы басшысы М.С. Горбачевтің кеңестік империяның күйреуіне әкеліп соғатын көптеген кәтеліктерді жіберіп алғандығын дәл уақытында болжап біле алмағандығын атап көрсетті. Соның ішінде Кеңестік Қазақстанда болған саяси науқандардың зардаптары мен ашаршылықтың ауыртпалығы, оның үстіне Ф.И. Голощекин басшылық еткен кезең елімізге орны толмас нәубет әкелді. Данққұмар басшының қуғын– сүргінмен асыра сілтеген жұмыстарының аяғы кателіктерге ұласып, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұр да– жық ұранды науқан талай жұрттың түбіне жетті. Көзі тірісінде дұрыс шешім қабылдауға дәрменсіз болған баскесер басшы адамдарды биліктен, қарапайым өмір сүру құқығынан айырып, қорғансыздың күнін орнатты. Алты миллион қазақтың үш миллион төрт жүз мыңы басқа елге ауды, өз елінде, өз жерінде аштықтан қырылды, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов сияқты зиялы қауым өкілдері «халық жауы» атанып, жазықсыз репрессияға ұшырады .Бүгінде сол қазақ зиялыларының ғасырлар бойғы арманы, қиялы саяси шындыққа айналды, Егемен ел атандық. Тәуелсіздік, егемендік деген ұғымдар санаға сіңе бастады. Ел болу үрдістері басталды. Мемлекет және оның институттары, Үкімет жүйесі, Парламент жүйесі қалыптасты .Сондықтан, бүгінгі күннің азаматтарының марксизм-ленинизм ілімінен және кеңестік санадан жаңа егеменді және тәуелсіз елдің азаматтарының санасына өтуді қалауы «Қазақ елі - Мәңгілік Ел» деген атабабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы еді. Социалистік қоғамның адамдарының көзқарасы коммунистік партияның ыдырауымен өзгерді. Сондықтан, ата-бабамыздың армандаған асыл мұраты ақиқатқа айналды. Мәңгілік Елдің ірге тасын қаладық. Ендеше ұлғайып келе жатқан мәңгіліктің саяси тұғыры не? деген сұрағымызға «Жүзден астам ұлт өкілдері тұрып жатқан Мәңгілік Елдің тұғыры –ұлттық мемлекет. 1919-1920 жылдар аралығында В.И. Ленин басқарған Кеңес үкіметі Алаш қозғалысына қатысқан М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы, С. Қожанұлы сияқты саяси белсенділерге жариялаған кешірімнің кезінде де басын ашып айтатын нәрсе Ә.Бөкейханұлының өзінің «ұлтжанды» ұстанымынан айнымағаны. Осыдан біраз өткен соң оны Мәскеуге жер аударады. 1922-1927 жылдар аралығында Ә. Бөкейханов Москва қаласында тұрған. Әсіресе оның ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасының ең көлемдісі КСРО Халықтарының Орталық баспасындағы Қазақ секциясының әдеби қызметкері болып жұмыс істеп жүріп жазған көркем аудармалары. Орыстың классик жазушылары Л.Н. Толстой, А.П. Чехов, В.Г. Кореленкомен қатар тіпті үнді және түрік тектес халықтардың да әдеби шығармаларын аударып, қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған публицист. Оқу құралдары мен қатар ғылыми зерттеулер жазған оқымысты. Олардың ішінде большевиктердің көсемі В.И. Лениннің жұбайы Н.К. Крупскаяның «Халықты ағарту туралы» зерттеуін аударуға асқан ықылас танытуы коммунистермен ымыраласу үрдісіне жасаған қадамдары ма деп те ойлаймыз. Десек те бізге оның коммунистік идеяға қарсы бола тұра, оны жақтаушылардың жазғандарын оқудан бас тартпағаны мәлім болып отыр. Сондықтан, кез-келген интелигенция үшін өзекті мәселенің бірі қоғамның таңдаған жолы емес, ғылымның құндылықтарын дұрыс түсінгендігі болар деген ойымызды айтып өтуге тиіспіз. Ә. Бөкейханов бізге қалдырған көптеген мақалаларынан басқа бірнеше зерттеулерге қатысты аудармалардың авторы болған. Солардың ішінде Т.Тутковскидің «Жердің қысқаша тарихы», К.Фламмарионның «Астрономия Әліп-биі», Д. Гравенің «Дүниенің құрылысы». Ол негізгі аудармаларын төңкеріске дейінгі «Дала уалаяты», «Қазақ» газеттерінен бастап Кеңес дәуіріндегі «Темір қазық», «Жаңа мектеп», «Кедей туы», «Әйел теңдігі», «Еңбекші қазақ», «Ақжол», «Жас қайрат», «Жас қазақ» және «Айқап» журналдарында жариялап отырған. Онда «Қыр баласы», «Сын степей», «Туземец» деген аттарды жамылған есімдермен қол қойған. Дегенмен де, оның мұралары түгел зерттеліп болды деуге болмайды. Бүгінде ұлы жазушының Омбы, Самара, Орынбор, Мәскеу сияқты қалалардың мерзімді басылымдарынан да жиі көрінгені мәлім болып отыр. Сондықтан, оның басқа шет елдердің басылымдарында басылған бұрын белгісіз болған мақалаларына жан-жақты зертеулер жүргізуге мән берілуде. Әлихан Бөкейханұлы өзінің маңына Ахмет Байтұрсынұлы, Қалел Ғаппасұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды ақын-жазушылар мен көрнекті зиялыларды топтастырған үлкен ұйымдастырушы болғанын да айта кеткеніміз жөн. Қазақ Кеңес әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол тайғақ кешу» романында «Әр жерден газет шыға бастады. Семей қаласындағы «Сарыарқа» газетін басқарған – Қ. Ғаппасұлы. Ташкент қаласындағы «Алаш» газетін басқарған – К. Тоғысұлы. «Бірлік туы» газетін басқарған – М. Шоқайұлы. Астрахан қаласындағы «Ұран» газетін басқарған А. Мұсаұлы. Ақмола қаласындағы «Тіршілік» газетін басқарған– Р. Дүйсенбайұлы, жазушысы С. Сейфуллин», деп сол кездегі деңгейі әр түрлі газеттердің түрлерін атай келіп, «Тіршілік» газетінен басқасының бәрі «Қазақ» газетінің ықпалымен жүрді. Осы газеттерді оқып, Қазақстанның қай жерінде не болып жатқанын сырттан бақылап жаттық. Қазақ комитеттерінің көбінің-ақ саяси жолы, әлеуметтік ісі, біздің Ақмоланың облыстық комитеттерінен өзгеше емес, көбі-ақ бір қалыпты. Комитеттердің басында қазақтың бұрынғы үлкен оқығандары отырды», деген өзінің эмоциялық пікірін де білдіреді . Міне, бұл үзіндіден А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы және Ә. Бөкейханұлы басқарып Орынбор қаласынан шығарған «Қазақ» газетінің сол кездегі қазақ қоғамының саяси және рухани өмірін ұдайы жазып отырғандығын және басқа басылымдарға оның мәнінің зор болғандығын білеміз.
1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ тарихы» мақаласында, - күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді».Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін көшіп-қонып ғұмыр кешкен, қайталанбас салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп берген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, - деп жазды Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде, - тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды.
Жетекшісі: Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Дайындаған: Алмасова Назира,Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі