Өлең, жыр, ақындар

УӘЛИТХАН ТАНАШҰЛЫ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ АЙБЫНДЫ ТҰЛҒАСЫ

                                                                     

“Мен, өмірдің ащы-тұщысын өзгелерге қарағанда көбірек көрген адаммын. Бірақ, соның ащылау жағы тіптен көбірек және тым артықтау болды ма деп ойлаймын. Әйтсе де, менің арым алдындағы жүрегім ақ, көңілім таза. Жападан жалғыз қалған соңғы сәттерімде өзіммен-өзім отырып, мұңға батамын. Мұң – менің сырласым.”

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                            Уәлитхан Танашұлы


Кіріспе

Қазақ халқының тағдырына бейжай қарамаған, ұлттық мүддені бірінші орынға қойған Алаш қайраткерлерінің ішінде Уәлитхан Танашұлының орны ерекше. Ол XX ғасырдың басындағы саяси өзгерістерге белсене араласып, Алаш қозғалысының алдыңғы қатарлы тұлғаларының бірі ретінде танылуы қажет адамдардың бірі. Оның өмір жолы мен қызметі қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру жолындағы күреспен тығыз байланысты. Оның қажырлы еңбегі мен ұстанымдары тәуелсіздікке жету жолындағы үлкен қадамдардың бірі болды. Сондықтан оның өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеу аса маңызды.




Өмір жолы және білім алуы

Уәлитхан Танашұлы 1887 жылы Ішкі Бөкей ордасының 2-Теңіз жағалауы округінде дүниеге келген. Арғы атасы Бекпембет би өз заманында Атырау өңірінде балықшылықпен шұғылданып, елді кәсіпке үйреткен, ел арасында беделді тұлғалардың бірі болды. Оның Шолтыр, Танаш атты екі ұлы болады, Уәлитхан осы Танаштың немересі. Уәлитхан 1899-1908 жылдары Астрахан гимназиясында сегіз сыныптық білім алып, кейін 1912 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірді. Оқуын тәмәмдаған соң 1913-1917 жылдары адвоткаттақ мансабымен жүреді. 1917 жылы туған еліне қайтып, әртүрлі қызметтер атқарады. Астраханға оралған соң заңгерлікпен айналысып, сол кезден бастап төңкеріс жолына түседі.  Ол Қазанда жүргенде орыс және татар зиялы қауым өкілдерімен танысып, саяси көзқарасын қалыптастыстыра бастаған. Білім алуға үлкен мән беріп, қоғамдағы құқықтық мәселелерді терең зерттеген Уәлитхан, кейінірек осы білімімен Алаш қозғалысына үлкен көмек қолын тигізеді. Осылайша, оның тұлға ретінде қалыптасуына құқықтық білім мен қоғамдық қызметтің үлкен әсері болды.

 Уәлитхан Танашұлының қолы

Уәлитхан Танашұлның аттестаты және қолы

Алаш қозғалысындағы рөлі

1917 жылы 1-8 сәуірде Орынборда өткен Торғай облысы қазақтарының съезіне қатысып, мәжіліс төралқасы төрағасының орынбасары болады.. Сол жылы 21 сәуірде Бөкейлік қазақтардың съезін ұйымдастыруға тікелей атсалысып, төралқа төреағасы болып сайланды. Бұл кезеңде Алаш партиясының идеяларын қолдап, ұлттық мүдде үшін күресін бастады. Осы съезде  ол Бөкей жер басқармасының төрағалығына сайланып, Бөкей ордасы өңірінен Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне өкілдікке ұсынылады. Ж.Досмұхамедұлы екеуі кеңестің атқару комитетіне кіреді де, Бөкей ордасынан депутаттыққа өтеді. 1-11 мамыр айында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сиезінің атқару комитетіне мүше болып сайланды. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік құрылтайға депутат ретінде сайланады. Сонымен қатар, ол Киевте тамызда өткен бүкілресейлік мұсылмандар күрылтайында белсенділік танытып, ел сенімін иеленген Ж.Досмұхамедұлы мен Ж. Ақпаевтармен бірге Петроградтағы «Шура-и исламдағы» Алашорда үкіметінің өкілі ретінде тағайындалды. Осы қызметін абыроймен атқарған Уәлитхан 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпықазақ сиезінде Алашорданың үкіметінің министрі болып сайланды.

   

Уәлитхан Танашұлы Алашорда атынан ішкі Ресей мен Сібірдегі саяси құрылымдармен келіссөздер жүргізуге қатысты. 1918 жылы 8-маусымда Самара қаласында ол Жанша Досмұхамедұлымен бірге Комучтың (Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті) отырыстарына қатысып, ұлттық автономия мәселесін көтерді. Сондай-ақ Уфа директориясының мәжілісінде сөз сөйлеп, Алашорданың Батыс бөлімшесін құруға бастамашы болды. Оның саяси қызметі ұлттық мүддені қорғауға бағытталды, ол қазақ халқының дербес басқару жүйесін қалыптастыруға ерекше күш салды. Сонымен
қатар, ол халықтың саяси сауаттылығын арттыру жолында да еңбек етті.
 

 

Уәлитхан Танашұлы жас кезінде
 

8-23 қыркүйек аралығында Уфа қаласында құрылып, бүкілресейлік уақытша үкімет – Уфа дирекциясы мәжілісіне қатысып, өз қызметін бастаған. Кейіннен, Ә.Бөкейханның басқаруымен өткен Алашорданың шұғыл жиналысына қатысып, ол өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік алды. Осы жиналыста Ж.Досмұхамедұлы, Х.Досмұхамедүлы, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков және М.Тынышбаевтармен бірге «Ойыл уэлаяты» жарияланып, Бөкей ордасы мен Ойыл уэлаяты, сондай-ақ Маңғыстау уезі мен Торғай облысының Ақтөбе және Ырғыз уездерін басқару мақсатында Алашорданың батыс бөлімшесін құру ұсынылды. 1918 жылдың 18 қарашасында Омбыдағы дирекция құлап, үкімет билігі адмирал Колчактың бақылауына өткен сәтте, Алашорда үкіметі жаңа билікпен өзара келіссөздер жүргізуге ұмтылды. 1919 жылдың 11 ақпанда өткен ведомствоаралық құрылым мәселелері жөніндегі отырыста ол Ә.Бөкейхан, А.Тұрлыбаев және Т.Колчак өкілдерімен кездесіп, келіссөздер өткізді. Сол жылдың ішінде Алашорда таралып, Алаш қозғалысына қатысқандарға кешірім берілгеннен кейін, Уәлитхан Танашұлының АКСР-ін қалыптастыру және республикалық мемлекеттік баспа бөлімдерін ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар, ол Орынборда қазақ әскери төңкерістік комитетінің құрамында қызмет етіп, орталық атқару комитетінің мүшелігіне қосылды. 1920 жылдың 25 қыркүйегінде ол республикалық әділет халық комиссариатының орынбасары болып тағайындалғаннан кейін, ел үшін аса маңызды бірнеше заң актілерінің қабылдануына өз үлесін қосты. 1922 жылдың 9 қарашасынан бастап, ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы ҚАСР өкілеттігінің басшысының орынбасары болып, кейін федералдық комитетте жер мәселелерін бақылаудың ерекше алқасында қызмет етті. Одан кейін, Уәлитхан Танашұлы Татарстандағы Қазан қаласына қайын жұртына кетті.

 



Кеңес билігі тұсындағы қызметі және қуғын-сүргін жылдары

Большевиктер билікке келгеннен кейін, Уәлитхан Танашұлы жаңа билік жүйесіне бейімделіп, 1919 жылы Қазақ әскери революциялық комитетінің құрамында қызмет атқарып, 1920 жылы Қазақ АКСР-і жариялануы кезінде Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Ол соңынан республиканың Мәскеудегі өкілдігінің орынбасары болып жұмыс істеді. Қазақ халқының құқықтарын қорғау мақсатында бірнеше маңызды заң актелерінің қабылдануына ықпал етті, ұлттық бірегейлікті сақтау жолында маңызды қадамдар жасады. Сонымен қатар, 1924-1937 жылдары ол Татар автономиясы Кеңестік социалистік республикасының жоғары сотында адвокат ретінде қызметін жүргізді. Бірақ, 1937 жылы "алашордашыл" ретінде тұтқындалып, сталиндік қуғын-сүргінге ұшырады. 1949 жылы қайтадан қамауға алынып, Краснояр өлкесіне жер аударылды, онда ауыр еңбекке жегіліп, бірақ өз ұстанымдарына адал қалды. 1955 жылы ақталып, сол жылы зейнетке шықты. Өзінің соңғы жылдарын Қазан қаласында өткізіп, 1968 жылы қайтыс болды.



Қорытынды

Уәлитхан Танашұлының өмірі мен қызметі қазақ халқының азаттығы үшін күрестің бір бөлшегі. Оның Алаш қозғалысына қосқан үлесі ұлт тарихында мәңгілік сақталды. Ол өз өмірін қазақ халқының болашағы үшін арнап, әділеттілік пен теңдік жолында қызмет етті. Оның заңгерлік білімі мен саяси белсенділігі қазақ қоғамының дамуына зор үлес бар . Бүгінде оның есімі ел ішінде қайта жаңғырып, зерттеулерге арқау болуда. Оның ерен еңбегі мен күрескерлік жолы келер ұрпақ үшін өнеге болып қала бермек. Ұлттың тәуелсіздігі жолындағы жанкешті еңбегі әрдайым бағалануы тиіс.

Қазақ халқының еркіндігі мен ұлттық дербестігі жолында күрескен Алаш қайраткерлерінің есімдері әрдайым құрметпен аталуы тиіс. Уәлитхан Танашұлының тағдыры да ұлт мүддесін жоғары қойған тұлғаның қиындыққа толы, бірақ мағыналы ғұмырының айқын көрінісі. Оның тарихи рөлі мен еңбегі Қазақстанның саяси және әлеуметтік дамуы үшін аса маңызды


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар