Өлең, жыр, ақындар

«Айқап» пен «Қазақ» неге айтысты?

Иә, тарихи сахнаға шыққанына 110 жыл толған «Айқаптың» да, ұлттық идеяның шырақшысы, азаттық рухының қоңырауы, осыдан 108 жыл бұрын жарық көрген «Қазақтың» да ел тарихына елеулі әсер еткен басылымдар екені айдан анық. Бұл басылымдарда көтерілген кей мәселелердің әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқандығы сөзімізге дәлел бола алады. Қос басылымды да қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан нағыз ұлтжанды  азаматтар басқарды. Кезінде қалың қазақ еліне көздің ағы мен қарасындай қатар қызмет еткен, қоғамдық сананың оянуына, ұлттық мәдениеттің дамуына орасан зор үлес қосқан бұл басылымдарды бір-біріне қарсы қарастыруға мүлдем келмейді. Бірақ, сол уақытта «Қазақ» пен «Айқап» арасында көзқарастары қайшы болған тұстары бар. Оны Бейімбет Майлиннің: «Енді келейік, «Айқап» пен «Қазақ» арасына. Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі» деген сөздері айшықтай түседі.

Сонымен, бұл басылымдарда келіспеушілік тудырған не нәрсе? Редакторлардың араздығы ма? Әлде, көтерілген мәселелердің мазмұны ма? Ұлт зиялылары болған қос тұлға Сералин мен Байтұрсыновты араз деп айтуға келмес. Осы тұста ғалым Қайрат Сақтың: «Рас, кейбір мәселелерде пікір алалығы кездеспей қалмаған. Бірақ, ол мақсат бөтендігінен емес, соған жетуде ұстанған жолдардың әртүрлілігінен туындап отырған деуімізге толық негіз бар» деген сөзіне назар аударайық. Басылымдарда қандай пікір алалығы болды?  Неге?

Нақты талдайтын болсақ, біріншіден, «Айқап» журналы: «Көшпеліліктен бас тартып, отырықшы боламыз» деп елді отырықшылыққа көшіп, егін егіп, басқа шаруаларды дамытатындығын, оқуға баратынын алға тартады. Ал «Қазақ» газетіндегі жарық көрген мақалаларда қазаққа жер беріп, отырықшылыққа бейімдеудің артында патшалық Ресейдің күмәнді саясаты жатқандығын айтады. Сонымен қатар, көшпенділікпен күнелтіп келген халық үшін оның қиын болатынын, жердің көп бөлігі егінге жарамсыз екендігін алға тартып, аштыққа ұшырау қауіпі бар екендігін жазады.  Бұл қос басылымның отырықшылыққа қатысты пікірталасы болатын.

Екіншіден, Міржақып Дулатовтың «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 51-нөмірінде жарық көрген «Айқап» журналы» деген мақаласында «Қазақ» та, «Айқап» та өз бетімен келе жатқан кезде сəтсіз күні басталған басқосу мəселесі шыға келді» деп жазады. Бұл тұста біз екі басылым арасында съез шақыру, бас қосу мәселесінде де келіспеушілік болғандығын аңғарамыз. Оған дәлел, М. Сералин журналдың 1913 жылғы сандарында ағымдағы мəселелерді талқылау  үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде мəселе көтереді. Оған байланысты журналдың келесі басылымдарында бірнеше адамның пікірі жарық көреді. Соған байланысты, А. Байтұрсынов «Басқосу турасында» деген мақаласында «басқосу қанша керек болғанмен, оған қолайлы кез еместігін» жеткізіп, күрестің басқа жолын таңдау керектігін алға тартып «Қазақ» газеті төңірегіндегілердің пікірін білдіреді. Бірақ бұл «Айқаптықтардың» тарапынан қолдау таппайды. Басқосу– «Айқап» пен «Қазақ» біраз уақыт  өзекті болған тақырып.

Бұлардан бөлек, екі басылым əліпби түзу, қазақ жазуы жөнінде бір пікірге келе алмаған. Осы сынды келіспеушіліктің болғандығын газет-журнал беттеріндегі материалдары да растайды. Бұл ретте қазақтың сол тұстағы зиялы қауым өкілдері екі жақты келісімге келуге шақырған. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Сөз таласы» атты мақаласында екі тарапқа деген сыни көзқарасын білдіреді. Елдік мәселе жолында бірлікке келуге үгіттейді.

Жалпы айталық, қос басылым да қазақтың керегесін кеңейтіп, қуатты елге айналдыруға тырысты. Бірақ оған жету үшін өздерінің дұрыс көрген пікірлерін ашық білдіріп отырды. Сондықтан  бұл мәселеге келгенде «екі басылым араз болған» деп айта алмаймыз. Өйткені, басылым беттерінде жарияланған кейбір материалдарда біз екі басылымның бірін-бірі жақтайтын тұстарын да аңғара аламыз. «Айқап» журналының шығарылымы тоқтағаннан кейін  «Қазақ» газеті санында «Айқап» тоқталуы» деген мақала жарық көреді және ол мақалада қазақтан шығып отырған жалғыз журналдың бірнеше жыл қызмет етіп, тоқтап қалғанына қапалы екендіктерін білдіреді. Мұның өзі шығарушылардың азаматтық болмыстарын айшықтай түсетіні анық.

Оңғарбай Сейіткерім Сержанұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.

Жоба жетекшісі Қозыбақова. Ф. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар