Әдебиет – адам баласын тәрбиелейтін құралы деп қарасақ, ал сатира – сол құралдың маңызды бір бөлігі. Сатираны зерттеуші Я.Эльсберг: «Сатира болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің әдіс-тәсілі» екендігін айтса, Темірбек Қожакеевтің айтуынша «Сатира, юмор дегеніміз адам баласының алуан түрлі сезімдерімен, қабілет-қасиеттерімен, әлеуметтік тұрмыс күйімен, қоғамдық ортасымен тікелей байланысты. Солардың өзіндік ерекшелікпен көрініс табуы. Сатира, юмор – әрі көңілді, жеңіл, әрі зілді, қуаныш-ренішке бейім өнер. Олардың күші де осында. Оларды ұлы мақсаттарға, елді ұлы істерге жұмылдыруға, жұрт жүрегінде қайырымды сезімдер туғызуға, жаңа қоғам құруға кесел келтіретін кесір-кесепаттарға өшпенділік оятуға кең пайдалануымыз қажет»,– деп атап көрсетеді. Демек, сатираны да адам өмірінің айнасы. Адам сатиралық шығарманы оқи отырып, өз кемшілігін тауып, оны жоюға тырысады.
З.Қабдолов «Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып-сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді»,- деп теориялық тұрғыда баға береді.
Сатиралық жанрлар мынадай екі салаға топтастырылып қарастырылады: поэзиялық жанр және прозалық жанр. Сатираның поэзиялық жанрына мысал, эпиграмма, пародия, сықақ өлең, карикатура және шарж жататын болса, ал сатираның прозалық жанрына фельетон, памфлет, сатиралық әңгіме, юморлық әңгіме, сатиралық повесть, сатиралық роман жатады.
Тұрмағамбет Ізтілеуов әдебиеттің маңызды міндеттерінің бірі санаған елдің мінезін түзеу, тура жолды нұсқап, бағыт бағдар беруді сатираның поэзиялық жанрына жататын өлеңмен суреттеуде белгілі типтердің барлығын ұтымды пайдаланып отырған. Және төмендегідей үш мәселені қарастырған :
Біріншіден, қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттарды және соны бастаушы үстем таптың жиіркенішті әрекеттерін жіті көзімен көріп, мірдің оғындай дәлдеп, сынап – мінеп, елге белгісіз тұстарын әшкерелеген.
Екіншіден, адам бойындағы жаман әдеттерді сынға алып, олардан бойды аулақ ұстауды насихаттайды.
Үшіншіден, кедей мен мұңлының кем – кетігін, шерге толы өмірін, олардың қанаушыдан көрген қорлық – зорлығын әзілге айналдыра отырып, астарлап жеткізген.
Сырдың сүлейі Тұрмағамбет сатираның поэзиялық жанрдағы мысал түрін керемет қолданған және қазақ әдебиетін жаңа тақырыптар мен идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты. Жалпы, мысал – қоғамдағы немесе жеке адамның басындағы кейбір жағымсыз жайттар мен кемшіліктерді, ұнамсыз мінез бен қылықтарды тура сынамай, әзілге айналдыра отырып, бұрмалап жеткізу, сынау.
Сырдың сұңғыла ақыны Тұрмағамбет небәрі 14 жасында ең алғашқы «Қара қоңыз» деп аталатын мысал өлеңін жазады. Бұл мысал өлеңінде қозғаған мәселесі – адам бойындағы жаман әдеттерді сынап-мінеп және сол жаман әдеттердің берер нәтижесін ашық көрсетіп, діни сауат ашуға шақыру барысында сатираны ұтымды пайдаланған:
«Жер жүзін қара қоңыз қаптайды жаз,
Бір боққа қырық-елуден қонбайды аз.
Кетеді бірінікін бірі алып,
Еркелеп, енелеске еткендей наз».
Біріншіден, Тұрмағамбет не болса соны сынап - мінеп, келемеждеп өмірі деп білетін өлеңіне тақырып ретінде ала бермеген. Әуелі сын тезіне салар, қозғалар тақырыптардың парқын пайымдап, ақыл таразысына салып, содан кейін ғана өз пікірін қоса отырып керемет туындылары дүниеге келген. Сондай туындыларының бірі – талқылып жатқан «Қара қоңыз» мысал өлеңі. Неліктен Алла Тағаланың жаратқан күллі жаратылыстың ішінен қоңызды тақырып еткеніне тоқталсақ. Тұрмағамбет кемеңгер кейбір адамдарды қоңызбен алмастырып жазған. Себебі, қоңыз–саны жағынан өте көп бунақденелілердің бірі және белгілі бір мезгілде ғана жер бетін қаптап, бүкіл жаратылыс атаулыға өз зиянын тигізіп кетеді. Сол секілді өзінің қара бас қамын ойлаған жандар басқаны көзге де ілмей, таптап-жаншып өтіп, әлсіздерге мықтылығымен басынады:
«Біреуі қуып барып алысады,
Тым тату өзге жерде, мұнда араз.
Таласып тап уәлидің сарқытындай,
Етеді өте құрмет көп ағызаз.
Итеріп бірін-бірі тыраңдатып,
Қылады бір мереке өзіне саз.
Бәрін де жеңгеннен соң, жөнеледі,
Бір мықты домалатып алы, сабаз!»
Бұл берілген үзіндіде «уәли» және «ағызаз» сынды араб тілінің сөздері берілген. Тұрмағамбет әр түрлі мақсатпен еркін және жиі қолданған. Себебі бұлар халық тіліне Абай, Тұрмағамбет тектес тілдік тұлғалардың танымдық, шығармашылық, мұрасы негізінде еніп, поэтикалық, стилистикалық тұрғыдан мәнмазмұны айқындалып, жалпы тілдік қолданыс тапқан, сіңген. Бұл арада ерекше назар аударатын бір жай – шығыс текті сөздердің Тұрмағамбетте жиі қолданылуы кездейсоқ құбылыс емес. Б.А. Серебренниковтың пікірінше: «Кез-келген кірме сөздің пайда болуы ғалам бейнесіндегі болып өткен немесе болып жатқан өзгерістерден хабар береді. Жаңа ұғымды басқа тілден енуіне байланысты ғалам бейнесі кеңи түседі».
Біз де осы пікірмен келісеміз. Өйткені ақын тіліндегі кірме сөздердің ұлттық санадағы ғалам бейнесіне өзгеріс әкелмей қоймайтыны түсінікті жай. Сондықтан, кірме сөздер ғалам бейнесінің қалыптасуы мен дамуына әсер етеді. Басқа тілден сөздердің енуіне ұлтаралық мәдени және тарихи жақындасудың себеп болатыны белгілі.
Тұрмағамбет шығармашылығында қолданылған кейбір шығыс сөздері сол кездегі жалпыхалықтық тілге де енбеген, кейін де қалыптаспаған элементтер кездесіп отырады. Оларға ағызаз, мәруәт, әбиәт, тәпсилан, пәрзәқ, харап, хилаң, хаста т.б. сөздерді жатқызамыз. Енді өлеңде берілген сөздердің мағыналарын ашсақ, «уәли» – жақын, дос, серік, қамқоршы деген мағынаны білдірсе, ал «ағызаз» - мәртебе, ұлық, қадірлі деген сөздің шығыс сөзінің баламасы.
Өлеңнің этикасы мен эстетикасын қатар алса да, өз пікірі мен ойы арқылы тура жолды меңзеп көрсетуді ұмытпайды. Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық астыңдағы жалғыз атыңды сойғызады деген сөзді адам баласы есінен шығармау керек екенін де ескертеді:
«Қадірін қара қидың білмеген соң,
Жатқаны жер күңіреніп наламызға.
Қонысқа қайтайық! — деп қарар жасар,
Қатын мен қылмай зорлық баламызға.
Аянбай әуелгіден парлап ұшар,
— Қиы көп, барайық, — деп, – саламызға!
Жете алмай, жолда шаршап, бәрі де өлер,
Өлмеске қоңыз қайтіп тапсын өнер?!»
Жалпы, мысал өмірдегі жағымсыз құбылыстарды көбінесе адамның емес алмастырып басқа бір хайуанның немесе құстың, кейде бір заттың басында болған оқиға деп те беріледі. Осылай жазылған мысалдарда автор айтқысы келген ой мен идеяларын аң – құстар, заттар арқылы жасырып жеткізіп отырады. Сылаңдап аққан Сырдария орналасқан мекеннің сүлейі атанған Тұрмағамбет айтқысы келген ойын жасырып, жанамалап жазған мысал өлеңдерінде сатираны қолдана отырып керемет үлгі көрсеткен келесі туындысы – «Төрт дос» деп аталады:
«Ертегі өтіп кеткен заманында,
"Дұшпанның қалмайық, – деп, – табанында".
Тасбақа, түлкі, қарға, киік — төрті
Дос болды, бастарының аманында.
Сыйласты шын көңілмен бірін-бірі,
Болмады ойларының татау, кірі.
Бір күні киік ауға кез кеп қалып,
Шырмалып шыға алмайтын болды түрі».
Мысалда төрт достың бірі киік ауға түседі. Оны құтқарып алу мақсатымен екінші дос түлкі адамды алдаусыратып алысқа кетеді. Үшінші дос қарға төртінші дос тасбақаны ертіп әкеліп, ауды қиғызады. Киікті босатып алды. Мұнда бірлік, татулық насихатталған. Өзара көмек бар жерде өлмек жоқ, адамда да әлгілердей бір-біріне сеп, сүйеу болу керек деген кеңес берілген.
Және табиғаттары мен жаратылыстары бөлек аң-құстарды сыйластығы тым бөлек достар етіп қосу арқылы, ең бірінші кез келген жандардың дос болуына ештеңе кедергі жасай алмайтынын да өзінше жеткізген.
Қорытындылай келе, «достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі, нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі» деген ойды Алланың ең ерек жаратылысы адамдарға жеткізген.
Сатира сардары Тұрмағамбет Ізтілеуовтің мысалдарын талдап болсақ, қорытындылайық. Шығыс стиліндегі шайырлар мысалдарының бірсыпыра өзіндік ерекшеліктері тән:
Біріншіден оларға араб, парсы, үнді әдебиетіндегі дайын сюжеттер арқау болған.
Екіншіден, қазақ әдебиетінің дәстүрінде түлкі қу, сұмның, опасыздың, қарға ақылсыз дарақының, тасбақа асықпас шабанның персонажы ретінде қолданылатын. Ал Шығыс үлгісінде жазылған мысалдарда бұл дәстүр сақтала бермейді.
Әлгі персонаждар бір сипат, бір мінезде қатып қалмайды. Жоғарыдағыдай, түлкі досқа опасыздық емес, адалдық жасайды, өз басын қауіп - қатерге қияды. Қарға болса, қиын қыстау сәттерде қолға түскен киікке жәрдем беруге жарайды.
Сұңғыла ақын халқының қамы үшін ақ пен қараны ажыратуды, мірдің оғындай дәлдеп, жеткізіп отыруды өзінің ұлт алдындағы борышы деп таныса керек-ті. Бай-манаптарды, би-болыстарды, әкім-ұлықтарды мінеп-шенеу; халықты ағартушылыққа, оқу-білімге, өнер іздеуге, еңбек етуге шақыру; кедей мен мұңлының кем-кетігін, шерге толы өмірін, олардың қанаушыдан көрген қорлық-зорлығын жырлау; үстем таптың жиіркенішті әрекеттерін жіті көзімен көріп, дәл атқан уытты жырлары, кертартпашыларға қарсы айтылған шыншыл, сыншыл көзқарасын сатира арқылы жеткізіп отырды. Өлеңдерінен де Сыр сүлейлері жазған мысалдарды тануға болады. Сондай теңдесіз туындыларының бірі – «Кереге, уық тапқанмен» деп аталады:
«Кереге, уық тапқанмен,
Басын бір қосар шаңырақ жоқ.
Түйе, тайлақ жиғанмен,
Аунап жатар шаңдақ жоқ».
Қағаз беттерінде алтын әріппен жазылуға тиіс теңдесіз туындылар басылып шықпағанымен, халық жүрегінен орын алғанан кейін үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен өлеңдердің бірі. Бұл өлеңіде Тұрмағамбет астарлап жеткізген ой - бай-манаптарды, би-болыстарды, әкім-ұлықтарды мінеп-шенеу, кедей мен мұңлының кем-кетігін, шерге толы өмірін, олардың қанаушыдан көрген қорлық-зорлығын әшкерелеу болатын. Ескі тарих беттеріне көз жүгірте отырып, аға буын, елінің қамқоршыларына айналған Ахмет, Міржақып, Сәкен, Алихан және Мағжан сынды арыстар мен бәйтеректердің айдалып кетуі қынжылтып, халық басын біріктірер киелі шаңырақ пен шаңдықтың жоқтығымен жеткізген. «Басшысыз қалған ел жетім» дегенді меңзегенімен қатар, орыстың отарлау саясаты мен қазақ жерін жаппай басып алуды тілге тиек еткен.
Ақынның «Бар» мен «Жоқ», «Ал» мен «Бер» деген өлеңінде:
««Бар» мен «Жоқ», «Ал» менен «Бер» бірге туған,
«Ал» мен «Бар» жал жетіп өлген удан.
«Жоқ» пен «Бер» жұрт біткенді жүр аралап,
Жанына жолдас етріп ылғи қудан»
,- деп басталатын ақын өлеңінде уытты сатиралық тобы жатыр. «Бар», «Жоқ», «Ал», «Бер» сөздеріне жан бітіріп, оның «Бар» мен «Алы» жақсы образды суреттеліп, нәпсі деген удан мерт болды. Ал, «Жоқ» пен «Бер» атты жағымсыз образдар жұрт біткенді аралап, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып жүр. Көбінесе қудың алаяқтық рөлінде түлкі болса, мұнда қарапайым «Бер» мен «Жоқ» деген сөздер бүкіл әлемдегі майлы қасықтай қолға тұрмайтын, біреуді орға итеріп, ал өзі сүттен ақ, судан таза болып шығатын адамдардың образын ұтымды бере алған.
Ақын өлеңінде синекдоха тәсілі ұтымды қолданыс таба отырып, адами болмысқа тән қадір-қасиеттер топтастырылады, оның бір бөлшегі ретінде модаль сөздермен сипатталады. Өмірде «Менде бар мынаны ала ғой»,- дейтіндер азайып, «Менде ештеңе жоқ, тек маған бер», - дейтіндер көбейіп,өзінде бар болса бере алмайтын, біреудің барын көре алмайтындар дүниеге келіп, замананы аздырып, іштей ірітіп-шірітіп жатқаның көзі ашық ақын күйіне жырлайды.
Сатира зерттеушісі Т.Қожакеев өзінің «Шайырлар сатирасы» атты мақаласында осы өлеңге қатысты : «Тұрмағамбет ел ішінде қолы ашық «бар еді, алағой» дейтіндердің қаомағанын, «жоқ-жоқ» деп қақылдап, «бер-бер» деп безілдейтін қу-сұмның көбейгенін ашына айтқаны» ,- деп түйінді тұжырым жасайды.
«Бер-бер деп бір тара қу бойыңды ертіп,
Май алар асқақтың ұрттам судан»
,- дейтін өлең жолдарында «Май алар асқақтықтық ұрттам судан» деген бір жол өлеңінде терең философия жатыр. Сатира жайлы адам баласын түзу жолға бастай отырып, дидактикалық қызмет атқаратынына көз жеткізуге болады.
«Бар мен жоқ», «Ал» мен «Бер» өлеңінде ойын астарлап ирониямен жеткізсе, ақын бұл өлеңінде сарказмға көшіп, ойын ащы, мысқылмен ашық жеткізген. «Не көп» дейтін өлеңде де:
«Кейде доста келісуден, керісу көп,
Өсек пен өтірікке ерісу көп.
Көзге-дос, сыртыңнан-қас, іштен-араз,
Сылтау қып сәл нәрседен жерісу көп
Есептеп дау-жанжалды терісу көп»
,-дей келіп нәпсінің достардың өзін қас қылып, бетіне күле қарап, ар жағынан қастық ойлап, түймедейді түйедей етіп көрсетіп, араздастыруын түсіндіргісі келеді. Сондықтан нәпсіге ермеу, артық-кемді санаспай аз ғана өмірді татулықпен өткізуге шақырады.
Ю.Борев: «Кейде сатирадағы ерекше эмоционалды күй шегіне жетіп қызғанда, суреткердің ызасы мен өшпенділігі күлкіні басып тастайды. Сонда ғана сатира күлкісіз болуы мүмкін»,- деп жазды.
Біздің ойымызша, ыза, кек, шегіне жеткенде күлкі басыпқы күйінен жаңа сапаға көшіп ызалы, кекті күлкіге айналады. Мұндай кекті күлкіні сарказмнан көрінеді. Сарказм - коғамдағы ерекше, қауіпті құбылыстардың зардабын әшкерелеуші сатиралық бағыттағы ащы, зәрлі, мысқылды және кекесінді сөз, сарказмда сын жеңіл астармен немесе әзілмен берілмейді. Запыран секілді іште қайнап жатқан ащы шындық сыртқа ақтарылғанда қасындағының бәрін жайпап, тып-типыл ететін күші бар. Сондай туындыларының бірі – «Құрбанғалиға» атты туындысы. Өтірік айтып, өсек тасып, халықты жанжалдастырып жүретін молда-мыс Құрбанғалиға сатиралық арнау жазған. Онда молданы ессіз есер есекке, өлексені тартқылаған төбетке ұқсатып, абыройын төгіп, шырылдатқан. Оның шапанды шытпен тыстап, сырып кию, сәлде орау – молдалық мәртебе деп түсінуін келекелеп, лайық емес екенін ашық жеткізгенде:
«Діннен безген сайтан – шайыр
Тұрмағамбетті ал, Құдай!»
,- деп назаланып айтқан сөзіне әділ жауабын алады:
«Иә, ауру адам күлкі сүймейді,
Ит жүйрігін түлкі сүймейді,
Мәгес молда мені қайдан сүйсін».
Сатира сардары Тұрмағамбеттің сатиралық өлеңдері тақырыбын қорытындылау үшін «Мырзаның мінезі» деген туындысын талдасақ :
«Ораза жоқ, намаз жоқ,
Құдайберген бір жанбыз.
Уайым жоқ, қайғы жоқ,
Есалаң, елсіз, ыржаңбыз.
Жал мен жая тартылса
Пышағы жоқ құржанбыз
Басқа бақыт қонған соң
Білікті бірақ Мырзаңбыз!
Қалайынша болғанмен
Өмір бітсе күл жанбыз».
Бұл өлеңде әйтеуір құдай деген атты ғана біліп, ал ораза, намаздың не түсіне кіріп-шықпайтын, сондықтан не уайым, не қайғы дегенді білмейтін ақымақ образды суреттейді. «Ақылы жоқтың – уайымы жоқ», - деген халық мақалын «уайым жоқ, қайғы жоқ, Есалаң, елсіз, ыржаңбыз» - деп өлеңге шебер қиыстырған.
Егер білімнің жал мен жаясы тартылса, оны бойымызға сіңіріп алатын білігіміз жоқ құр жүрген адамбыз. Бірақ, басқа бақ қонған соң мырза болып, білікті болып көрінгіміз келеді. Алайда, бұл бақ Алла Тағаланың уақытша сынау үшін берген сыйы өмір өткен соң бәріміз де күлге айналамыз, сондықтан қамшының сабындай қысқа өмірде адамгершілік, кіршіксіз, тазалық атты бойымыздағы Алла сыйлаған құдіретті нәпсімізбен ластамайық, - деген үгіт-насихатпен аяқтайды.
Қорытындылай келе, В.В.Виноградовтың: «Писатель-носитель и творец национальной культуры речи. Пользуясь общенародным языком своего времени,он отбирает, комбинирует и в соответствии со своим творческим замыслом-объединяет разные средства словарного состава и грамматического строя родного языка» дегенімен сөзсіз келісуге болады. Сөзбен сурет салып, шым жібектен ширатып, өлеңмен өрілген поэзиясында этика мен эстетиканы қатар алып, қалың халық жүрегінен орын тапқан «Алтын ғасырдың» шайыры Тұрмағамбеттің сатира сардары екенін өлеңдері мен мысалдары мазмұндарының өзектілігін анықтау барысында аңғардық.
Ділдабек Нұршат Алмасбекқызы
Профессор, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі