Өлең, жыр, ақындар

Көзілдірік

 

                           Көзілдірік 

 

      Гүлмекен алты жаста. Биыл мектепке бармақшы. Анасы оны медициналық тексеруден өтуі үшін, көз дәрігеріне алып келді. Дәрігер оларды жылы қарсы алды. Гүлмекенді орындыққа отырғызды.  Сосын алыстан түрлі суреттерді көрсетіп, сұрақ қоя бастады.

       Дәрігер қолындағы таяқшамен ұшақты нұсқап: - «Мынау не?» - деді. Суретке тесіле қараған кішкене қыз: - «Қарға!» - деп жауап берді. Басын шайқаған дәрігер, жоғары қатардағы үлкендеу саңырауқұлақты көрсетті: 

- Мынау ше?

- Қолшатыр.

Дәрігер одан да үлкен жеңіл көлікті нұсқап:

- Ал мынау не? - деді.

Гүлмекен сенімді түрмен:

- Қалпақ - деді.  

          Дәрігер Гүлмекенге күніге көзіне жаттығу жасап, балық пен сәбізді жиірек жеуге кеңес берді. Бірнеше сағаттан кейін, кішкене көзілдірік дайын болды. 

       Содан бері көзілдірікті кішкене қыздың қолынан кітабы түскен емес. Екінші сыныпта оқып жүріп, жылдам оқудан сегізінші сынып оқушысын жеңіп кетті.. Гүлсара әпкесі сыйға тартқан  «Дымбілмес пен достары» жайлы қызық кітабын ерекше жақсы  көреді. Мұның  өмірінде де бір сыйқырша ата пайда болып, «Сиқырлы таяқша» сыйға тартса ғой деп күні-түні армандайды. 

Сонда бұл да қорап-қорап балмұздақ пен  шоколадты кәмпиттерге тапсырыс беріп, көрші құрбысы Балаусаға армансыз мақтанар еді.. Оларға да бірнеше қорап балмұздақ сыйлар еді... Эх! 

       Осы арманын анасына айтқанда, «көп оқысаң ақша да, балмұздақ та өзі келеді. Тіпті атақ-даңқ, абырой-мансап та соңыңнан қуады!» - деді. 

       Кітабын құшақтаған кішкене қыз ұйықтап жатыр. Көзілдірігін қабына салып, бас жағына қойыпты. Түсінде мұны түрлі-түсті кәмпиттер қуып жүр. Бұл болса кітапханаға қарай қашып барады...        

 

 Гүлмекен Қасенбай

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз