Өлең, жыр, ақындар

Міндетін өтеп, өмірін жоғалтқандар

      Соңғы жылдары қазақстандық қоғамды дүр сілкіндірген ең ауыр жаңалықтардың бірі — әскердегі жас сарбаздардың түсініксіз өлімі. «Ол өз өзіне қол салды », «жүрегі тоқтап қалды » деген ресми хабарламалар қоғамның сенімін ақтай алмай келеді. Бұл тек бір сарбаздың емес, бүтін бір ұрпақтың тағдырына әсер ететін әлеуметтік қасірет.Психологтар мен әлеуметтанушылар мұндай жағдайдың тамыры – тәртіп пен сенімнің әлсіреп, жүйенің адам факторын елемеуінде екенін айтады.Психолог Айгерім Қалиева бұл жөнінде былай дейді: «Жас сарбаздар әскери ортаға түскенде рухани бейімделу дағдарысына ұшырайды. Қатаң тәртіп, бейтаныс адамдар, отбасынан алыстық — бәрі психологиялық соққы береді. Егер қолдау болмаса, ол шарасыздыққа алып келеді ».Қазақстанда соңғы бес жылда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілегені туралы ресми деректер жиі айтылады. Бірақ бұл сандардың артында — адам тағдыры, ата-ананың көз жасы мен қоғамның үнсіздігі тұр.

     Ерлан (марқұмның ағасы): «Інім Бауыржан армияға барғанда қуанып еді. Отан алдындағы борышымды өтеймін деді. Бірақ бір ай өтпей, жүрегі тоқтады деген хабар келді. Біз сенбедік. Ол дені сау, спортшы бала еді ».Ерланның әңгімесі — тек жеке оқиға емес, жүйелік мәселеге айналған көрініс. Әскери бөлімдерде жабық жағдай басым. Көбіне тергеу барысы жарияланбайды, қоғам тек ресми хабарламалармен шектеледі.

    Әлеуметтанушы Нұрлан Есенов бұл құбылыстың түбірі қоғамдағы билік пен азамат арасындағы сенімсіздіктен басталатынын айтады: «Бұл – тек армия ішіндегі тәртіп мәселесі емес. Бұл – жүйелік дағдарыс. Бізде әскери мәдениет қорқыту мен күш көрсету арқылы тәрбиелеуге негізделген. Қазіргі буын ондай қатыгездікті қабылдай алмайды. Нәтижесінде — трагедия » – дейді.

     Салтанат (марқұм сарбаздың анасы): «Маған тек хатпен білдірді. Бір ғана хатта тергеу жүріп жатыр деді. Бірақ шындықты ешкім айтпады. Менің баламның тағдыры – статистикада қалып қойды » – дейді.Ананың осы сөздері – қоғамның жүрегіне қадалған шындық. Көптеген отбасылар әділдік іздеп шарқ ұрады, бірақ әскери мекемелердегі жабық құрылым олардың үмітін сөндіреді.Бұрын әскери қызмет беделдің, батылдықтың белгісі саналатын. Ал бүгінде ол ата-аналар үшін үрейге айналды.

      Марат, запас офицері:«Бұрын бізде де қиындықтар болды, бірақ бір-бірімізге иек артатынбыз. Қазір сарбаздардың көбі телефонсыз, психологиялық қолдаусыз қалады. Командирлер тәртіпті сақта деп ішкі әлемін түсінуге тырыспайды».Мараттың сөзі қазіргі әскери тәрбиенің әлсірегенін көрсетеді. Армия – тек тәртіп пен бұйрық жүйесі емес, ол — адамның ерік-жігерін шыңдайтын орта. Бірақ адамдық қарым-қатынасқа мән берілмесе, бұл орта адамның рухын сындыруы мүмкін.Көп жағдайда сарбаздар өз сезімін айтуға қорқады, өйткені әлсіз көрінемін деп ойлайды. Осылайша, ішкі күйзеліс сыртқа шықпай, үнсіз қасіретке айналады.

    Әскери қызметкер Жанболат :«Кейде командирлердің өзі адамдық шекараны бұзып жібереді. Біреу жылап тұрса, әскерде жыламайды дейді. Ал жылауға рұқсат бермеу – сезімді өлтіру» - дейді.Мұндай сөздерден армиядағы психологиялық зорлықтың формасы байқалады.Төзім мен ерлік деген ұғым кейде қатыгездікке айналып кетеді.

   Құқық қорғаушы Динара Ахметова мұндай жағдайларда бейтарап бақылау тетіктері болмағандықтан, әділдік орнамайтынын айтады: «Мұндай істердің көбі ашылмай қалады, себебі әскери тергеу жүйесі жабық. Ашық тергеу, бейтарап бақылау болмаса, әділет те болмайды. Бұл — ұлттық қауіпсіздік мәселесі».Оның пікірінше, әскери жүйеде азаматтық бақылау тетігі енгізілмей, жағдай өзгермейді. Бұл тек армияның ішкі тәртібі емес, елдің жалпы құқықтық мәдениетінің көрсеткіші.

        Айдос, тірі қалған сарбаз:«Бір бөлмеде төрт адам едік. Бірі ренжісе, күлкі естілмейді. Біз қорқатынбыз. Бір жолдасымыз үйге кеткім келеді деді. Бір аптадан соң, ол жоқ болды. Сол сәттен бастап, мен армиядағы тыныштықтың да қорқынышты болатынын түсіндім» – деп ағынан жарылды.Айдостың бұл сөзі – көп сарбаздың ішкі әлеміндегі үнсіздік көрінісі. Ол үнсіздік кейде айқайдан да қатты. Армиядағы рухани қолдау, ашық диалог пен сенім мәдениеті орнамайынша, бұл қайғылы цикл жалғаса бермек.

     Әскер — ел қорғаны. Бірақ елдің болашағын қорғауы тиіс ордада өмірлер қиылып жатса, ол тек қылмыстық іс емес — рухани дағдарыс.Бұл мәселенің шешімі бір ғана жазамен шектелмейді. Ең бастысы — жүйелік ашықтық, тәуелсіз тергеу және психологиялық қолдау.Мектептен бастап азаматтық жауапкершілікті, өзара сыйластық пен сенім мәдениетін қалыптастыру қажет.Психолог Айгерім Қалиева айтқандай: «Сарбазға шен емес, сенім керек».Сол сенім орнаған күні ғана аналар баласын әскерге қорқынышсыз шығарып салады.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз