Тамырын тереңнен тартқан қазақ халқының кең байтақ, дархан даласы данышпан, ұлы ойшыл, қылқобыз бен домбыраның құлағында ойнаған ақын-жыраулар мен кемеңгерлігі бір төбе тұлғалардан әсте кенде емес. Сондай тұлғаладың ішінде ең бірінші есімі аталатын тұлға – Асан қайғы Сәбитұлы. Ол қазақ халқының данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі. Қазақтың көк аспанында щоқжұлдыздай жарық еткен Шоқан Уәлихановтың айтынша қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған «дала философы», осындай ойшыл, ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен Асан атына кейін «қайғы» сөзі қосылып аңыздалып кеткен.
Асан қайғы – барша дала даналығын бойына сидырған және сайын сахарада ғаламат ғұмыр кешкен тамаша тұлға. Оның негізгі арманы – халыққа жайлы қоныс іздеу. Дала философы Асан қайғы өз заманындағы қоғамдық өмірге үңіле қарап, халықтың тартып отырған ауыр азабын – аш-жалаңаштық, жұт, апат, өзара қырқысқан жаугершілік, әлеуметтік теңсіздікті көріп назаланды, қайғырды. Оның арм ан еткен Жерұйығы – суы сүт, топырағы май, тасы алтын, ағаш басы толған жеміс-жидек, жұрт қайғы-қасіреттен аулақ құтты қоныс, оған жеткен елді жау алмайды, онда ел аласы, ру таласы жоқ, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды», - деп санады.
Желмая мініп желдіртіп, жер кезіп, жерұйықты іздеуге шыққан Асан қайғы өзі кездескен жерлердің барлығына өзінің сындарын айтып отырған Данышпан жыраудың жер туралы айтқан сындары терең философилық мағынасымен халық жадында қалған. Көптеген сындар әлі күнге дейін өзінің мәні мен маңызын жоймаған. Сондағы Асан қайғының желмаяны желдіртіп жүріп әр жерге, суға, тауға айтқан сындарының біршамасы мынадай:
Нұра өзенін көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер», - депті.
Тайсойған құмын көргенде: «Қақпақты қара қазан», - депті.
Қалба тауына шығып: «Мына жер ат шалдырып аттана тұғын жер екен, баясы аз, көп халық симас», - депті
Тарбағатай тауына шығып, екі жағын аралап көріп: «Мына жерге қонып-түстеніп жатар екен. Бірақ біздің халық ие болмас, Есіл жердің екі жағы шулап тұрған мал екен. Оңтүстік жағын қытай алар, солтүстік жағын орыс алар», - депті.
Маңғыстауға үш барып, үш қайтып: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», - депті.
Халқы үшін уайым жеп, қайғы арқалаған Асан қайғының философялық дүниетанымын үшке бөліп қарастыруымызға болады. Оның ең біріншісі – этикалық дүниетаным. Бұл жерде адам, адамшылықтың басты қасиеттері, олардың мәні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде қарастырылған. Поэтикалық формамен берілген этикалық ұғымдар, түсініктер, қағидалар Шығыс өркениетіне тән ерекшеліктермен сабақтастық тауып, адамгершіліктің алуан қырлы болмысын айқындайды. Екіншіден, поэтикалық зерде мен философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін жырау өз толғаулары арқылы толық дәлелдеп берді. Адам өмірінің мәні, мақсаты, өлімнің растығы, қоршаған дүниені тану мәселелері Асан Қайғы философиясының басты бағыттары. Ал үшіншіден, Асан Қайғы гуманизмі, адамға деген сүйіспеншілігі тарихи сана арқылы түркі халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында Асан Қайғы есімі ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады. Оның ақындық ойы мен жыраулық философиясы өзінің танымдық құдіреттілігімен ерекшеленеді.
Қазақты дербес мемелекет еткен хандық заманындағы саяси және рухани элита мен интеллигенцияны билер, батырлар, қолбасшылар, интеллектуал ақындар мен шешендер, абыз жыраулар құрады. Бірінші Қазақ мемлекеті тұсында өмір сүрген абыз жырау, ойшыл-философ Асан қайғы өз заманының нағыз көшбасшы тұлғасы болды. Сондықтан да Қазақ халқы ғасырлар бойы тарихи сатыларында Асан Қайғы есімін үстемдікке, озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы ұстанған ізгілік символына айналдырды.
Данат Жанатаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент
Ақерке Адеханова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі