Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Профессоры, доцент
Әбілда Қызжібек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіретін рухани ойын, логикалық, зияткерлік ойлау өнері. Бұл ойынның басты мақсаты – адам ақыл-ойын жетілдіруге, санасын кемелдендіруге ерекше күш салады. Түркі халықтарының ұрпақ тәрбиелеуге асқан жауапкершілікпен қарайтынына осы ойын дәлел бола алады. Жасөспірімнің дене күшінің мол болуымен қатар, ақылды болуына да көп мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тапқан.
Түркі тілдерінде әр сөздің бастапқы мағынасымен қатар, астарлы, тұспалды мағынасы болады. Бүгінгі күнге дейін жарық көрген бірқатар еңбектерде "тоғызқұмалақ" атауын оның екінші сыңарына байланысты заттық, тұрмыстық негізде түсіндіру – оның құндылығы мен қасиетін өз дәрежесінде таныта алмай отыр. Яғни құмалақты – қойдың нәжісі деп, тоғызқұмалаққа «қойшылар ойыны» деген қарабайыр тіркесті жамау – ұлттық ойынның мәнін өз дәрежесінде көрсетпейді.
Сөз өнерінің қуатын жетік түсінген бабаларымыз ұрпағының зерделі, ойлы болуы үшін көп тер төккен. Кез келген өнер туындысы болсын, ақыл-ой шығармашылығының жемісі болсын оның атауына да ерекше мән берген.
Шынында, ойынның атауы мен мәнін толық түсіну үшін "тоғызқұмалақ" сөзін жеке қарастырған жөн. Тоғызқұмалақ – біріккен сөз. Сөз тіркесінің алғашқы сыңары – сан есім, кейінгісі – зат есім. Бірақ бұл сөздерді көшпенділердің наным-сенімдерінің негізінде қарастыру ғана нәтиже бермек.
Қазақ халқы сөз өнерін бірінші орынға қоятыны бәрімізге аян. Сол себепті қазақ арасында сөз қағыстыру, айтыс, шешендік өнерлеріне аса құрметпен қараған. Адамдар бір-бірін сынау үшін шешуі қиын сұрақтар қойған. Бұндай оқиғалар көбінесе қайым айтыстарда, қара жұмбақтарда үлкен көрініс береді. Бір дегенім – білеу, Екі дегенім – егеу, Үш дегенім - үскі деп басталатын «Қазақтың он бір қара жұмбағында» Тоғыз дегенім – торқа деп айтылған.
«Он бір қара жұмбақты» талдау барысында тоғыз санына «торқа» ұғымын балама ретінде неліктен таңдалғанын бірден айтып беру қиындық туғызады.. «Торқа» деген сөз қазақта молшылық, ұлылық, қасиеттілік ұғымдарымен астасып жатады. Қазақта «торқалы той» деген сөз бар, бұл сөз сол тойдың үлкен маңызға ие екендігін білдіреді. Бәлкім тоғызға торқа сөзін балама етіп алуы тоғыз санының қасиеттеріне де қатысты болуы мүмкін. Тоғыз санына «торқа» сөзін теңегенде қазақ аталарымыз бұл санның математикада үлкен қасиетке ие екендігін ескерсе керек деген ойдамыз.
Халық ауыз әдебиетінде, фольклорында тоғыз санына қатысты оқиғалар, ертегілер, аңыздар көптеп кездеседі. «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық», «Тойған үйге тоғыз бар», «Тоғыз ай, тоғыз күн бала көтеру», «Тоғыз әйелдің толғағы бір күні келіпті», «Тоғыз жолдың торабы», «Тоғыз қабат торқа қию» «бір тоғыз, екі тоғыз, үш тоғыз» (бәйгеге тігетін жүлделер көлемі, үйленгендегі ырым немесе айыптар атауы) сөздері тегін шықпаған болу керек. Аңшылар арасында үйіне олжалы оралғанда ұстаған аңын «Үйірімен үш тоғыз» деп босаға соғатын ырым бар екенін де халық арсынан естіп, көріп жүрміз.
Ойынның тарихында ғұндар мен түркілердің кезінде 3 отаулық, 5 отаулық, 7 отаулық шарттармен тоғызқұмалақ ойынын ойнаған болса, келе-келе дами түсіп, қазақтар мұны 9 отаулық үлгімен ойнай бастаған. Теологиялық тұрғыдан, адам өмірінде 6 мен 9 цифрларын туғызған тұжырымдардың тұйықталу мазмұны бар: 6 — рухани ғұмыр жолының азғындықпен біту ақыры да, 9 – рухани кемелдіктің сәтті біту тұжырымы. Бір-біріне симметриялық қарама-қайшы қос таңбаны (6;9) сәйкес түрде алты мен тоғыз сандарының цифры түрінде қолданылуы да құпияның көптігін аңғартады.
9 – «тоғыз»: «тоғ+ ыз (іс)», «тоқ+ ыс (іс)», «тоғыс!» (істің бітуі, аяқталуы, тоғайуы), басқаша айтқанда, берілген пешенені толық атқарған жанға қатысты «Ісің толысты!» деген ризалық батаны білдіретін таңба. Бұл — маңғазданған, жағасы жайлау, толысқан адамның кейпі. «Басы төмен салбыраған» 6 цифрына қарама қарсы таңба. Тоғызқұмалақ атауындағы «тоғыз» сөзінің мағынасын осылай өзімізше ашып көрдік, енді «құмалақ» сөзінің мағынасын ашып көрейік.
Жер – домалақ деген ұғым бар. Оның шар тәріздес екенін бәріміз білеміз. Ендеше «домалақ» - «шар» сөзінің қазақша баламасы. Ал, «шарик» сөзінің қазақша баламасы не дегенде ойланып қалып жатамыз. С.А.Аманжоловтың (1903-1958) «Тоғызқұмалақ (қазақтың ұлттық ойыны)» мақаласында «...Құмалақ – қойға, түйеге, ешкіге, қоянға, т.т. ғана тиісті зат» деп анықтама береді. Бұл пікірмен келісе алмаймыз. Ол жерде аталған жануарлардың тезектері домалақ болып келетініне қатысты айтылған пікір деп ойлаймыз. Шындығында «құмалақ» - шарик сөзінің қазақша баламасы.
Олай болса бабаларымыз бұл өнерге «Тоғызқұмалақ» атауын бергенде «мол қасиетке ие құмалақ», «торқалы құмалақ», «мәртебелі құмалақ», «аса маңызды құмалақ» тағы сол сияқты атауларды талдай келе, бір сөзбен барлық атаулардың синонимін тапқан. Тоғызқұмалақ – жоғарыдағы ойлардың лайықты түйіні, демек дұрыс, аса көрегендікпен таңдалған атау.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі