Өлең, жыр, ақындар

Сөнбейтін нұр

Краковта. 1961 жылдың күзі. Польша Халық Республикасын аралап жүрміз. Бұл достық сапарда Варшава, Познань, Вроцлав қалаларында болдық. Қазақстаннан арнайы туристік топ боп шыққан адамдар бесеуміз. Болған қалаларда көргендеріміз — бақыт жолына түскен поляк халқының жаңа өміріндегі тамаша өзгерістер, бүгінгі советтік шығысқа деген олардың ынта-ықыласы жөнінде купе ішінде қызу пікір алысып отырмыз. Қай қалаға келсек те туған бауырларындай құшақ жая қарсы алады. Тіл бөлек, тұр бөлек. Бірақ жүрек бір, тілек бір. Сондықтан да тез ұғысады екенсің. Әп-сәтте шүйіркелесіп кетеміз.

...Түннің едәуір уақыты болған. Бір үлкен қаланың шетіне іліктік. Жүйткіп келе жатқан поездың терезесінен тесіле қараймыз. Қалаға кіргеннен - ақ түрегеп тұрғанбыз.

Иә, бұл Краков қаласы. Польшадағы ерте заманнан келе жатқан, 500 жылдай осы елдің астанасы да болған, Европадағы тарихи және архитектуралық ескерткіштерге бай қаланың бірі. Атақты астроном Николай Коперниктің өмірінің көбі осында өткен. Ұлы ғалым осы қаладағы Ягеллон университетінде оқып, кейіннен онда өзі сабақ берген. Айта берсек, Краков талай тарихты шертеді. Ол небір тарихи оқиғалардың куәсі ...

Жүрісін мана баяулатқан поезд әлден уақытта мамырлай келіп тоқтай қалды. Перрон басы қаптаған адам. Өзбекстанның, Тәжікстанның туристері де бар, бәріміз түсіп жатырмыз. Олармен Польшаға келген бетте-ақ танысып алғанбыз. Жергілікті тұрғындар:

— Қайдан, қай елден? - деп сұрайды бір-бірінен.

— Совет Одағынан!

— Оһо... Өзіміздің бауырларымыз екен ғой.

Орысша, полякша аралас ықыласты, шүйіркелескен сөздер. Біздің адамдар бір-бір гүлге де ие боп қалыпты. Бұл гүлдер, міне, оныншы күн қолдан түспейді. Әр қаланың, әр адамның гүлі өзінше ыстық. Поездан, автобустан түсісімен бұрын көрмеген, білмеген адамдармен алғаш тілдестіретін де осы гүл. Бұл гүл ұсынушы мен алушының арасындағы достық дәнекері, достық өткелі секілді.

Қай жерге келсек те, бәріміз үшін бәйек болып жүретін бір қыз бар. Оның аты — Нәлла. Шашын қысқа ғып қырыққан, талдырмаш, 22-23 шамасында. Көзі жаудыраған сүйкімді. Ізеттілік, ибалық, бойындағы бар нәзіктік сол қалпы жүзінде тұр. Сонау Варшавадан бері баршамызды бастап келе жатқан жөн сілтеуші. Оның өзінің әдеті: келген жерде біздің бәрімізді түгендейді. Сүйріктей саусақтарын жып-жып еткізіп, әрқайсымыз әзілдеп, санап та алады, онан кейін сол келген жерімізден мәліметтер береді. Міне, біздер қонақ үйге жүрер алдында Нәлла не айтар екен деп әдет бойынша, жаңа келген қаламыз жөнінде алғашқы лебізді күттік.

— Жолдастар, бұл — Краков. Мұнда Ленин тұрған!

Поляк қызының жүзі біртүрлі нұрланып сала берді. Ол осы бір сөзді бізге жеткізуге көптен асыққандай, әрең сақтап келгендей. Балғын жүзі аржағындағы үлкен бір сезімнің айнасы секілді алаулайды. Әлде өз елінің осы бір аяулы қаласында ұлы адамның бір кезде тұрғанын мақтаныш ете ме екен! Әлде осы қаланың Ленин есімімен байланысты тарихта аты қалғаны оның сезімін теңіздей тулатып тұр ма екен! «Мұнда Ленин тұрған» дегенде оның әншейіндегі нәзік үні асқақ, салтанатты шықты.

Біздердің де бойымызды осы бір күзгі түн ішінде ерекше сезім билегендей. Бұл қала бөлекше ыстық көрінді бәрімізге. Иә, тарихтан білеміз. Краковта Ленин тұрды. КПСС тарихынан Орталық Комитеттің 1912 жылғы атақты Краков кеңесі жөнінде оқығанбыз. Ол кеңесті басқарған да, өткізген де Ленин. Осыдан 50 жылға жуық бұрын ұлы көсемнің жүрген жеріне келгенімізді мақтан еткендейміз.

Иә, мұнда Ленин тұрды. Ол жай ғана тұрған жоқ, осы арада сол кезде Россияда қайта қаулап көтеріліп келе жатқан революциялық қозғалысқа басшылық етті. Ленин Краковқа 1912 жылдың июнь айында келген. Австрияға (ол кезде бұл қала Австрияға қарайтын) неге келдіңіз деп Максим Горький сұрағанда Лениннің былай деп жазған хатын да оқығанымыз бар: «Сіз менің неліктен Австрияда жүргенімді сұрайсыз. Орталық Комитет мұнда бюро құрды (өз ішімізде болсын): шекара жақын, соны пайдаланамыз, Питерге жақын, одан газеттерді үшінші күні алып тұрамыз, ондағы газеттерге жазу анағүрлым жеңіл болды, қызмет жөніндегі байланыс жақсарды». Бұл хатты Ленин осы қаладан Италиядағы Капри аралына жіберген екен.

Ленин осы жерде екі жылдан астам уақыт тұрған. Қыста — Краковта, жазда осы жерден 100 шақырымнан астам қашықтықтағы Поронино деген деревняда тұрған. Ұлы көсем сол жылы шыққан тұңғыш жұмысшы газеті «Правдаға» осы арадан басшылық етіп, оның жұмысына басшылық етіп, оның жұмысына бағыт беріп отырды. Газеттің жақсы мақалаларына қуанып, жіберген кемшіліктерін дер кезінде сынап та қойды. Ленин «Правданың» тиражын 50-60 мың данаға дейін жеткізуді талап етті.

Ұлы көсемнің Краковта болған кезі партияның өміріндегі жауапты кезең болатын. Россияда революциялық өрлеу туып, партия тарапынан нақты басшылықты қажет еткен кезі еді. Ленин осы жерден «Правдаға» күн сайын жазып тұрды десе де болғандай. Оның мақалалары партияға және жүмысшы қозғалысына басшылық етуде зор роль атқарды. Өзінің мақалаларында Ленин ішкі және халықаралық жағдайларға байланысты небір күрделі мәселелерді қалың бұқараға түсінікті тілмен айқын да дәл ашып беріп отырды. Сол кезде Россияда кеңінен етек алған стачкалық күрес тәжірибесі негізінде Ленин жұмысшы табын революциялық тактикаға үйретті, болашақ революцияға дайындады.

1913 жылғы 16-июньде «Правдада» басылған мақаласында Ленин былай деп жазды: «Біздер өзіміздің әкелерімізден жақсы күресіп отырмыз. Біздің балаларымыз бұдан да жақсы күреседі, сөйтіп олар жеңеді.

Жұмысшы табы құрымайды, қайта ол күресте өседі, нығаяды, есейеді, ұйымдасады, ағарады және шынығады. Біздер крепостниктік тәртіп, капитализм және ұсақ өндіріс жөнінде пессимистерміз, бірақ біздер жұмысшы қозғалысы мен оның мақсаттары жөнінде қызу оптимистерміз. Біздер қазір жаңа үйдің іргетасын қалап жатырмыз, ал біздің балаларымыз оны салып бітіреді».

Партия бұл жылдары өз туы астында революцияға берілген жүздеген мың жұмысшыларды берік топтастырған еді. Бұған революциялық бағытты дәйекті ұстағандығының, өз қатарын топтастырып нығайта түсудің арқасында жетті. Партия қатарын нығайтуға бұл жылдары ұлы көсем айрықша назар аударып, оның таптық саналы, алдыңғы қатарлы авангарды екенін көрсетті. Бұл авангардтың күші оның санынан он есе, жүз есе көп және одан да көп есе зор деп дәлелдеді.

Революциялық өрлеуге байланысты партия жұмысының тәжірибесін қорытып, революцияны әзірлеу ісіндегі кезекті міндеттерді белгілеуде Орталық Комитеттің осы Краковта партия қызметкерлерімен өткізген кеңесі айрықша роль атқарды. Бұл кеңес 1912 жылдың аяғында, 1913 жылдың басында болды. Оған 14 адам қатынасты. Кеңеске Ленин басшылық етті. Оның қарарын да, кеңес жөніндегі хабарды да ұлы көсемнің өзі жазыпты.

Осы кеңесте сөйлеген сөздерінде Ленин революциялық өрлеу кезіндегі партияның тактикасын белгілеп, негізгі революциялық ұрандарға — демократиялық республика, помещиктердің барлық жерін кәмпескелеу, 8 сағаттық жұмыс күнін талап ету жөніндегі ұрандарға берік болуға шақырды. Партия бұқаралық бас көтерудің барлық түрін жан-жақты қолдап отыруы қажет, сонымен бірге революциялық күреске шаруаларды да тарту керек деді.

Бұл кеңес большевиктік партияның реакция жылдарында жойымпаздарға, шақырымдарға қарсы күресте қалай өсіп жетілгенін, ол жолбикелерді жүмысшы қозғалысынан табандылықпен ығыстырып шыққандығын көрсетті.

Краковтағы Владимир Ильич пен Надежда Константиновнаның тұрған қарапайым пәтері шын мәніндегі революциялық қозғалыстың штабы болған. Ильич пен Надежда Константиновна партия ұйымдарымен ұдайы байланыс жасап, хат жазысып тұрған. Құпия хаттарды жіберуде және жазуда Надежда Константиновнаның шеберлігі, сақтығы айырықша таңдандырады. Бұл пәтерге Россиядан партия қызметкерлері келіп Владимир Ильичтен ақыл-кеңес нұсқау алатын болған.

Лениннің Краковта болған жылдары Россияда жұмысшы қозғалысының кең қанат жайып, большевиктер партиясының есейіп, оның жүмысшылар арасындағы ықпалы мен беделі бұрын болып көрмеген дәрежеде өскен кезең еді. Тап осы жылдары большевиктік партия патша үкіметінің қандай қуғыны болса да мойындайтындай топтасып, тамырын терең тастады.

Краков қаласында ұлы Лениннің өмірі мен революциялық қызметін, әсіресе 1912-1914 жылдардағы өмірін жан-жақты көрсететін документтер сақталған музей бар.

Бұл күндері — ұлы көсемнің туғанына 100 жыл толған тарихи жылда осы музейге сан мың поляк еңбекшілерінің келіп, ұлы адамға, оның бүкіл адамзаттың жарқын болашағы үшін сіңірген еңбегіне, осы жолдағы асқан даналығына тағзым ететіндігі сөзсіз. Олардың жүзінде ойнаған нұр да мана сөз басында әңгіме болған Нәлланың жүзіндегі нұрдай алаулайтыны сөзсіз. Бұл — Ленин нұры, бұл — әр жүректе, әр адамның бойында ерекше қуаныш сезімін тасытатын мәңгі сөнбес шұғылалы нұр.

Поронинода. Дүние жүзінде сан мың деревня бар. Олардың тарихы да түрліше. Бірақ деревня атаулыны біле береміз бе. Әрине, жоқ. Ал, Шушенское, Разлив, Поронино деревняларына ше? Бәріміз де білеміз, тарих біледі бұл жерлерді. Әр елде жатқанымен осы деревняларды туыстырып, тұтастырып тұрған бір есім бар. Ол — ұлы Лениннің есімі. Ильич болған, ол дәмін татып, суын ішкен жерлер бұл. Революция дауылпазының, адамзат шамшырағының үлкен күресінің ізі қалған жерлер бұл.

Бұрын естігенің болмаса, көрмесең, енді сол жерді көрудің сәті түсіп тұрса, қалай асықпассың. Краковтан шыққанымызға едәуір уақыт болды. Автобус сағатына 50-60 километрлік шапшаңдықпен келеді, зулап-ақ келеді. Бәрібір шабан жүріп келе жатқан секілді. Әлдебір сезім алып қашып, асықтырады. Ол сезімнің қандай сезім екенін оқушы өзі де бағдарлап отырған шығар.

Закопанье қаласы. Польшаға келген туристер бұл қалаға соқпай кетпейді. Тұрған жері әдемі, әйгілі Татра тауының баурайы. Күздің күні болса да, айнала көкпеңбек төгіліп тұрған ағаштар. Мұнда да паң қарағайлар тауды өрлеп өседі екен. Самал жел, жанға жайлы тау самалы. Нағыз курорт салатын жер. Иә, Закопаньенің өзі де курорт қаласы. Бұл қалада да көретін жерлер көп. 1936 жылдың өзінде салынған биік шындарға жеткізер аспалы жол бар. Ол жолмен 1988 метр биіктікке дейін көтеріле аласың. Тауда «Теңіз көзі» деп аталатын көл де бар. Ол — 1392 метр биіктікте. Шаңғыдан халықаралық жарыстар өткізіліп жүрген шатқалдар да адам қызығатын жерлер - ақ.

Жоқ, бәрінен бұрын аңсарымыз ауған бір жер бар. Басқаның бәрін қоя тұрып сонда барғымыз келеді. Ол — Поронино.

— Алдымен Порониноны көрсетіңіздер!

Жол бастап жүрген поляк жымиып күледі. Бұл тілегіміздің төркінін түсініп тұр.

...Міне, Поронино. Полынадағы кәдімгі деревнялардың бірі. Үйлері де көріп жүрген үйлерімізде, деревнялық стильде салынған. Сондай бір үйдің жанына келіп автобус тұра қалды. Асыра жапырылып түсіп жатырмыз.

— Тура Владимир Ильичтің өз үйіне келдіңдер.

Бұл сөздің авторы да Нәлла.

— Ал осы біз келген көше, тура айтсақ, осы үй тұрған көше Лениннің есімімен аталады.

Ұзыннан салынған шағын ағаш үй. Бұл жақтағы үйлердің бәрінде кездесетіндей түстік жақтағы терезелерінің алды тұтас балкон. Қарсы маңдайымыздағы қабырғадан мынадай жазуды оқыдық. «Бұл үйде 1913-1914 жылдары Владимир Ильич Ленин тұрған»... Бұл жазу екі тілде — орыс, поляк тілерінде жазылыпты.

Осы жерге Владимир Ильичтің келу тарихы былай: Краковта тұрғанда 1913 жылдың басында Надежда Константиновна Крупская Базедов ауруымен қатты ауырады. Дәрігерлер Крупскаяға таулы жердің ауасы қажет екенін айтады. Содан екі жыл жаз бойы, яғни 1913 жылдың май айынан октябріне, 1914 жылдың май айынан августына дейін Владимир Ильич, Надежда Константиновна және Надежданың шешесі Елизавета Васильевна осы үйде тұрады.

Надежда Константиновна әке-шешесінің жалғыз қызы. Әкесінен 14 жасында қалады. Содан бері анасы өз қолдарында. Елизавета Васильевна Шушенское селосында да балаларының қолында болды. Ленин мен Крупская эмиграцияда болған кездерінде де Елизавета Васильевнаны өздерімен ұдайы бірге алып жүрді.

Владимир Ильич пен Надежда Константиновнаның бірнеше шет тілін білгені бізге мәлім. Оның ішінде поляк тілін Надежда Константиновна тіптен жақсы білген. Осы Польшада қызмет істеген. Патша үкіметі Крупскаяның әкесін «қызың поляк тілінде сөйлейді» деп жазғырған екен. Краковта және Поронинода тұрған жылдары Крупская төңірегіндегі тұрғындармен жақсы араласа алғандығы өз-өзінен көрініп тұр.

Бұл үйді Владимир Ильич жалдап алыпты. Тереза Скупень деген поляктың үйі екен. Міне, Владимир Ильич пен Надежда Константиновнанын бөлмесі. Қарама-қарсы қойылған екі ескі ағаш төсек. Үстінде кенеп жапқыш. Бір-бір құс жастық. Терезенің алдында үлкенірек стол тұр. Ол да кенеп жапқышпен жабылған. Екі жай ғана орындық. Бар мүлік осы ғана. Пролетариаттың ұлы көсемі осылай ғана тұрыпты.

Қарсы бөлмеде Елизавета Васильевнаның төсегі. Елизавета Васильевна Ленинді қатты жақсы көрген екен. Ленин де ол кісіні мейлінше құрметтеп өткен. Жоғарыда Ильичтің жұмыс бөлмесі. Бір стол, бір орындық. Сосын кітап сөресі. Ең үлкен байлық— осы. Осы жұмыс бөлмесіне апаратын баспалдақ Елизавета Васильевнаның бөлмесінің тап жанында. Владимир Ильич ұзақ жұмыс істеп, ұйықтауға оралғанда, Елизавета Васильевнаны оятып аламын ба деп, ақырын басып, ептеп түседі екен.

Ленин бұл жерде де Россиядағы партия ұйымдарымен, «Правдамен» байланысты күшейте түсіп, талмай жұмыс істейді, өрлеу үстіндегі революциялық қозғалысқа басшылық етеді. Лениннің қайда жүрсе де, ұлы күрестің кіндігі болғанын мына бір жай фактінің өзі де дәлелдейді.

Поронино селосында сол кезде почта бөлімшесін Раткевич деген басқарады. Оның әйелі марка коллекциясын жинауды жақсы көреді екен. Марка жинау үшін почтаға келіп, күйеуіне үнемі жәрдемдесіп жүріпті. Содан осы селоға жаңадан келген бір орыс эмигрантына хаттың, кореспонденцияның әр жерден, әр елден түрлі маркалармен көп түсетінін байқайды. Бұл жағдай оны қатты қызықтырады. Түрлі маркаларды сұрап алу үшін ол адаммен қалайда танысу керек.

Ақыры танысуға бел байлайды. Бірақ, соншама елмен, жермен байланыс жасайтын тегін адам емес шығар, үлкен бір ғалым болар, паң болар деп кездесуге батылы бармайды. Дегенмен танысуға бекінеді. Сөйтсе, паң деп жүрген адамы өте қарапайым, әңгімешіл, кісіні өзіне бірден баурап әкететін кішіпейіл, ақжарқын болып шығады. Бұған ол қатты қуанады. Үйренісіп алған соң жиі-жиі келіп, Ильичке жолданған хаттардың маркасын алып тұрыпты. Кейіннен әлгі адам: «Мен оның Ленин екенін сол кезде білсем!» — деп өкінген көрінеді.

Поронинода Ильичтің есімімен байланысты тағы бір үй бар. Ол 1913 жылғы сентябрьде Орталық Комитеттің партия қызметкерлерімен кеңес еткізген үйі. Бұл үй — қазір осы Поронинодағы Владимир Ильич Лениннің музейі. Мұнда да Лениннің өмірі мен революциялық қызметін көрсететін документтер жиналған. Олардың ішінде ұлы Ильичтің сол таңғажайып істерін дәлелдейтін материалдар мен фотокөшірмелер бар.

Осы деревняда өткен Орталық Комитеттің кеңесіне 22 адам қатысады. Кеңес мәжілістері тоғыз күнге созылады, 11 мәселе қаралады. Олар мыналар: 1) Жергілікті жерден баяндамалар, Польша мен Литва социал-демократтарының жұмысы туралы баяндама, Прага конференциясында сайланған Орталық Комитеттің жұмысы туралы есеп; 2) Қазіргі кездегі үгіттің міндеттері туралы; 3) Ұйымдастыру мәселесі және партия съезі туралы; 4) Стачкалық қозғалыс туралы; 5) Партия баспасөзі туралы; 6) Социал-демократтардың думадағы жұмысы туралы; 7) Думадағы социал - демократтық фракция туралы; 8) Жария қоғамдардағы жұмыс туралы; 9) Ұлт мәселесі; 10) Халықшылдар туралы; 11) Алда болатын (Венада) халықаралық социалистік конгресс туралы.

Күн тәртібіне қойылған осы тізімнің өзі ғана бұл кеңестің атқарған ролін айқын айтып тұрған жоқ па. Владимир Ильич бұл кеңесте Орталық Комитеттің есебі және ұлт мәселесі жөнінде баяндамалар жасайды.

Ол кезде Ленин ұлт мәселесімен көбірек шұғылданған еді. Өйткені 1905 жылғы революция жеңіліп, қара түнек реакция дәуірлеген жылдары (1908-1911) ұлы орыстық шовинизм өршіп, барлық ұлттардың буржуазиясы арасында ұлтшылдық озған болатын. Жүмысшы қозғалысында ұлтшылдық сарын да ұлттар арасында өшпенділік қаупін, сөйтіп пролетариаттың интернационалдық бірлігін бұзу қаупін тудырған еді.

Большевиктердің алдында ұлтшылдықтың қандай түрін болса да талқандау; ұлт мәселесі жөнінде теориялық жағынан негізді Маркстік программа жасау міндеті тұрды.

1913 жылдың орта кезінен бастап Владимир Ильич осы міндетті шешу ісін қолға алды. Ол толып жатқан мақалалар жазды. Олардың ішінде партияның ұлт мәселесі жөніндегі Маркстік программасын негіздеп берген «Ұлт мәселесі жөніндегі сын пікірлер» (октябрь -декабрь, 1913 жыл), «Ұлттардың өзін-өзі билеу правосы» деген (февраль - май, 1914 жыл) еңбектері де бар.

Ленин ұлы орыстық шовинизмді, патшаның басқа ұлттарды езу саясатын аяусыз сынады. Ол патша үкіметін елді халықтардың түрмесіне айналдырған, ұлттардың қанын сорған қарақшы ретінде масқаралады. Сонымен бірге Владимир Ильич ұлттардың өзін-өзі билеу правосын жоққа шығарғысы келген Польша социал-демократтарын қатты сынады, жүмысшы табын ұлтшылдықтың уымен уландыруға, сөйтіп жұмысшы қозғалысының бірлігіне жік түсіргісі келген бунтшылдарға, басқа да ұлтшылдарға қарсы аяусыз күрес жүргізді. Ұлы көсем ұлт мәселесі жөнінде студенттер арасында Краковте болған үш күндік айтысқа да қатынасып, сөз сөйлеген.

Лениннің осындай еңбегінің арқасында большевиктер ұлттық социал-демократ ұйымдарында да елеулі табыстарға жетті. Поронино кеңесіне поляк марксистері қатысып, большевиктерді жақтады. Латыш социал-демократтарының съезі жойымпаздардың ісін теріс деп тапты. Эстон, литван марксистері «Правда» бағыттас жария газеттер шығарды.

...Музейдің әр залын аралаған сайын ұлы күрескердің ол жылдардағы табандылығы, қажырлылығы көз алдыңа келеді. Большевиктер партиясын ол сүрінбестей тағалап, шар болаттай шындай түскен.

Міне, өзімізге үйреншікті жылы шырайлы кейпімен Ильич күлімсіреп тұр. Бірақ бұл сурет осы Польша жерінде түсірілген. Түсірген адамның аты-жөні де белгілі — В.Вигилев. Суретті ол 1914 жылы түсірген де, 1928 жылы өмірінің ақырына дейін сақтап, өлерде жолдастарына тапсырып кетіпті. Жолдастары оны осы музей ашылғанда әкеп тапсырған. Поляк достар ұлы адамның бейнесін қанша уақыт сақтаған! Асқан сүйіспеншілік, шексіз берілгендік қана істетеді мұндай істі.

Бірінші империалистік соғыс басталғанда осы Поронинода 8- август күні Ленинді патша үкіметінің жіберген шпионы деп ұстайды. Жақын жердегі Новый Таргте Владимир Ильич 19- августқа дейін қамауда жатады. Әрине, бұл айыптың ешбір негізі жоқ еді. Оның үстіне Польшаның белгілі прогресшіл адамдары Ленинді босатуды үзілді-кесілді талап етеді. Олардың ішінде жазушылар Владислав Оркан, Степан Жеромский, Ян Каспрович, доктор Двуский, тағы басқалар бар. Сөйтіп пролетариат көсемі қамаудан босанып шығады. Енді бұл арада қалуға болмайтын еді. Ленин Швейцарияға, Берн қаласына қоныс аударады...

Поронино... Ұлы Лениннің болған жері. Мұнда - Ленин пәтері, мұнда — Ленин музейі. Мұнда — оның ескерткіші. Осы елге келген сапарымыздың Ленин болған жерлерді көрумен аяқталуының өзінде терең сыр жатқандай. Бұл елдің бүгінгі жаңа өмірін көрдік. Ал өмірден лениндік нұр шалқиды. Ұлы көсем өзінің бүкіл ғұмырын әр елде бақыт нұры шалқысын деп өткізген жоқ па. Бұл арман оның көкейінде осы елде жүрген сол бір жылдары да буырқанып жүрді ғой. Міне, біз Ленин арманының жүзеге асқанының куәсі болып отырмыз.

...Тарихи селодан аттанып барамыз. Лениннің музейіне бір, оның қасындағы ескерткішке бір қараймыз. Ескерткіш түбі толған жас гүл. Әне біз қойған гүл де көрінеді. Әркім өз жүрегіндегі ең ыстық сезімді сол гүлдерге орап кеткендей. Ал гүлдер солмайды, ол сезім мәңгі суымайды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз