Өлең, жыр, ақындар

Серт

1

Түнгі аспанның көркі болып көрінетін, бірақ қанша көп болса да, қанша үлкен болса да, колхоздың бір электр фонарындай да сәулесі жоқ төбедегі жұлдыздар ескі ауылдың отындай елеусіреп бірте-бірте сөне бастады. Өйткені, алтындай шығыс жақтың аспан әлеміне қызыл арай оң беріп, көкжиектен қанатын жая таң келе жатты.

Біздің елдің жазғы таңы қандай тамаша? Оған жетер сұлулық бар ма?!

Сел сұлу таңға телміре қарап шеткері бір қырман басында бурыл сақалды, еңгезердей бір адам отыр. Онан басқа бұл маңда қыбыр еткен жан, тырс еткен дыбыс білінбейді. Тек колхоз қаласының көшесіндегі электр шамдар таң шолпанындай жарқырап, алыстан атой беріп тұр. Онан басқа жылт еткен от та көрінбейді, табиғат маужыраған тәтті ұйқыда.

Дала. Егін даласы.

Егін даласы рақат құшағында. Тек анда-санда желмен теңселген бидайдың бастары ғана сылдыр қағып сыбыс береді.

Осы маужыраған табиғатпен бірге маужырап көзін алысқа жіберіп, ойын көкке сермеп отырған тек әлгі қарт қана.

«Күнтай не істеді екен? Менің тілімді алды ма екен?' Қап, қайтсе де көндір деп Айыма айтып кетпегенімді қарашы, ол айтса көнетін еді-ау», — деді өз-өзіне күбірлеп.

Бұл отырған осы колхоздың Нүркен дейтін қарты еді. Оның «Күнтайым», «Айым» деп отырғаны — өзінің майданнан былтыр күзде ғана келген баласы Күнтуар мен биыл ғана түскен келіні Айсұлу. Ойлап отырғаны — сол екеуінің Отанға берген серті.

Бұрын егіннің піскен жерлерін ғана іріктеп орып келген колхоз бүгіннен бастап орақ жұмысына қауырт кірісетін болған соң сол жайында кеше кешке жақын, дәл осы қырманға келер алдында баласы мен келініне бір үлкен ұсыныс айтып еді, оған Күнтуар көнген жоқ. Ақылмен де, ашумен де айтып баласын көндіре алмаған соң, көп толғауға мінезі келмейтін Нұрекең:

— Сен немістерді жалғыз өзің жеңгендей бола берме, білдің бе? Майданда жауды қыра білгеніңмен, егін оруды менен артық білмейсің. Сөз жоқ, егер менің тілімді алмасаң, ертеңгі күні өкінесің, ойлан, — деді де, күзетке кетіп қалды.

Сонан бері ол осы ойдың ұшығынан шыға алған жоқ. Біресе айтқанына көнбеген баласына, біресе тез ашуланған өзіне кейи жүріп, таңның қалай тез атқанын да білген жоқ. Елдің жұмысқа шығатын уақыты жақындаған сайын Күнтуарға көбірек кейіп, қайта-қайта ауыл жаққа да қарай береді.

Бірақ ауылда да дәл осы Нұрекең ойлаған ойды ойлап, дәл осы Нұрекеңдей түнімен тоқсан толғанып, ұйықтамай шыққан бір жан бар. Түн көрпесі әлі көтерілмегендіктен Нұрекеңнің көне көзіне көрінбегені болмаса, сол адам дәл қазір қырманға қарай келе жатыр. Нұрекең оны арқан бойы жерге келгенде керсе де, көзі бұлдырап еркін тани алмай:

Бұл қайсың ей, мезгілсіз жүрген? — деді оған қарсы жүріп.

«Meн» деген Күнтуардың даусын тани кетіп еді, Нұрекеңнің жүрегі мүздап сала берді.

— Немене, шешең аман ба? — деді ауырып жатқан кемпірі қаза болған екен деп ойлап.

— Ол кісі аман болмаса, мен бұлай жүре алар ма едім?

— Зәремді алдың-ау, шырағым, тан атпай не ғып жүрсін?

— Жай, сізді ертерек қайтып, біраз дем алсын деп келдім.

Дем алғанды қоя тұр. Сен менің кешегі айтқанымды түсіндің бе? Түсін шырағым, тіл ал! Кеше ашумен ашып айтқан жоқ едім, енді айтайын, сен осы бес айлық еңбегіңмен бес жыл қан майданда жүріп алған атағыңнан атақ алмайтыныңды сезбей жүрсін, білдің бе?! Күлме балам, оның түк те күлкісі жоқ. Сен басыңа қонған бақытты тепкелі тұрсын. Егерде менің тілімді алып бүгін кірісіп кетсең сонау жиырма гектар егіннің зор абырой әперетіндігі сөзсіз.

Биыл баласы мен келіні Отанға жазған хатқа қол қойып, қырық гектар жердің әрқайсысынан бір жүз сексен пұттай бидай алуға серт бергенде ол:

Шөлге салынған егіннен мұнша өнімді ата-бабаларың да көрген жоқ. Орындай алмай масқара болсаңдар азайтыңдар уәдені. Өтірік серт беру — өзін көму — деп безектеген еді.

Бұрнағы күні курорттан келе баласы мен келінінің сол сертке арнап еккен қырық гектар жерінің егінін көргеннен кейін райынан қайтып:

«Апыр-ай алпысқа келгенімше көрмек түгіл, естімеген ғажабым екен, бұл шөлді жерге мұндай да егін шығады екен-ау! Айымның егіні неткен таза еді: маржандай, тіпті жиырма гектар егінде жиырма тал арам шөп жоқ, өзінің жанындай-ақ күткен екен, па, Күнтайымның егіні де өзі секілді толған екен», — деп, өте көңілді қайтқан-ды.

Көке, менің сізден тілер бір тілегім бар, жүре сөйлесейік, — деді әкесі абырой-атақ туралы айтарын айтып болғаннан кейін ауылға беттеп. — Иә, ол немене?

— Тілер тілегім сол — мені мұнан жеті жыл бұрынғы Күнтуар көруді қойыңыз. Атақ алуды өз басымның арманы ететін кезден кеткенмін мен.

— Е, солай де. Болдым, толдым, енді абырой-атақтың керегі жоқ дейді екенсің ғой. Жоқ, шырағым, сен мына су ішпей семіп қалған бидайға ұқсап кекиме, — деді Нұрекең екі жағында төніп тұрған егіннің ішінен оқшау тұрған жалғыз тал нәзік бидайды әзер тауып алып. — Ақылсыз адам су ішпегендіктен семіп қалған бидай секілді иілуді білмейді. Сен кешеден бері маған солай көрініп жүрсің.

— Сізше өзі үшін емес, елі үшін істеу ақылсыздық па? — деді Күнтуар әкесіне күле қарап.

— Еліне абырой әперуді ойлаған кісі бұлай істемейді, балаң білдің бе? Өзің Отанға серт бердің бе, бердің. Отанға берілген серт — бүкіл халыққа берілген серт, білдің бе? Сем оның әрбір гектарынан бір жүз сексен пұт бидай аламын деп жаз бойы алысып едің, енді келіп оны әбден қураған соң орамын дейсің. Осы да ақылдылық болып па? Кеше мен көзіммен көріп, көңіліммен өлшеп қайттым. Ондай егін бұл колхозда жоқ, енді біраздан кейін барлығы бастарып көтере алмай құлағалы тұр. Жауын мықтап бір жауса, не бір дауыл соқса, қазір-ақ қаусайтындығы сөзсіз. Ертеңгі күні ол осындай бір апатқа ұшыраса, жұртқа не бетіңді айтасың? Осыны өзін бір ойлашы. Екіншіден, есіңде болсын, балам, Алатаудың қысы кеш түседі, күзге дейін бір жинап алармыз деп, жаз ортасынан күзге дейін ырғалатын әдетті бұл ел сен соғысқа кеткен жылы-ақ тастаған. Сондықтан, сен қапы қалып жүрме. Уақыттан бір минут кешіксең, бір адым кейін кеткенің.

Бір сөйлесе ерні-ерніне жұқпай осылай ұзақ сөйлейтін Нұрекең ішіндегісін тегіс актарды да:

— Иә, менің айтарым сол, балам, — деді.

— Көке, айтқаныңыздың бәрі де дұрыс, бәріне де сенемін. Мен бидайдың дәні әлі де тола түссін, кемеліне келсін деген едім, ол ойыма жете алатын емеспін. Түнде радиодан бір жайсыз хабар естідім де ұйқы көргенім жоқ. Сіз қазір үйге қайтып біраз дем алып алыңыз да, біздің қырманға келіңіз. Біздің кіршіміз ауырып қалып еді, соның орнына Назаренко сізді берді.

— Кірді қоя тұр да радионың не дегенін айтшы? Ол нендей хабар? Соғыс емес пе, әйтеуір?

— Жоқ, соғыс емес, бірақ мен үшін соғыстан кем тиіп тұрған жоқ. Ертеңнен бастап қатты нөсер жауатын көрінеді.

Бұл хабар Нұрекеңе де жеңіл тимеді. Кеудесін кере ауыр бір күрсініп:

— Онда есіл еңбек еш болып, есіл егін далада қалды десеңші — деді.

— Жоқ, қалдырмаймыз. Жауынға құласа құлайтын Айсұлу екеуміздің қырық гектарымыз. Соған бүгін комбайнның екеуін де салатын болдық.

— О, айналайын, міне енді жарадың. Ал, сен қай комбайнды алдың?

— Галинаның комбайны.

— Сергейді неге алмадың?

— Оны Айсұлу кеше алып қойған екен. Галинаны да жамап емес деседі.

— Иә, Галина қызым да жаман емес. Ал, енді, шырағым менің айтқан «сандырағым» келіп масқара болып жүрмеңдер, қимылдаңдар.

— Сіз де кешікпеңіз. Сусынды молырақ ала келіңіз. Тәуір болса апам да барсыншы. Тым болмаса қаптың аузын қырман сыпыруға жарар.

— Ай, шырағым-ай, кешегісіндей болса, ол қайдан бара алсын, тәуір болса өзі де барады ғой. Соғыс кезінде қаптың аузын ашу емес, анау-мынау жігіттер көтере алмайтын қапты да көтеруші еді-ау, ол байғұс, — деп, Нұрекең үйіне Күнтуар өзінің егініне қарай жөнеле берді.

II

Күнтуар түнде радио хабарын естіген соң төсегінде жата алмай, үйден шығып кеткен еді, сонан бері бармаған жері жоқ. Ең алдымен колхоз басқармасының председателі Назаренконы оятып, қауіпті жағдайды баяндап командирдің алдында тұрған солдаттай-ақ:

Председатель жолдас! Радио хабарына қарағанда ертеңнен бастап қалың нөсер жауатын көрінеді. Сондықтан, сертке алған жиырма гектар егініме үлкен қауіп төніп тұр, соны жинап алайын. Комбайндарды бүгін маған беріңіз, — деді.

Нөсердің хабары жайсыз тиді ме, қалай, Назаренко тым қатал үн қатты: Не-ме-не?

Күнтуар оны ұйқылы күйде отыр деген онмен келген шаруасын қайтадан баяндай бастап еді:

— Аз ойлап, көн сөйлейтін жігіт екенсің? Бір сөзді қайталай бергенше, менің комбайнды саған қайдан табатынымды айтсаңшы, — деді де, Назаренко киіне бастады.

— Осында екі комбайн бар емес пе?

— Ол басқаға бар болғанмен саған жоқ қой.

— Түсінбедім.

— Түсіну үшін алдымен ойлану керек, — деді Назаренко жаймен, — өзіңнің айтқаныңнан басқаға көнбейсің, комбайнды ал деген кезде алмайсың, енді келіп басқаларға беріліп қойған комбайнды алып бер дейсің. Сондықтан мұңыңның орынсыз сөз екенін түсінсең, саған берілетін комбайнның жоқ екеніне де түсінесің.

Күнтуар өзінің кінәсын енді сезгендей төмен қарап сәл кідірді де:

— Степан Борисович, — деді ақырын, — кенеттен мұндай қауіпке кездесетінімді мен қайдан білейін, бидайдың дәні тола түссін деген едім.

— Жоқ достым, осы сөзіңнің қақ жартысы сөз емес. Сен Отан соғысынын ауыр мектебінен өткен адамсың. Соғыста жүрген кезіңде кенеттен кездесетін бұл секілді кездейсоқ жағдайларды талай көрген боларсың деймін.

— Иә, көрдім.

— Ендеше, көру бар да, үйрену бар. Қай уақытта болсын, кездейсоқ нәрсеге әзір тұруды үйренуін керек.

Екеуі де үнсіз отырып қалды да, біраздан кейін Күнтуар үн қатты:

— Онда мен Айсұлуға берілген комбайнды аламын.

— Ол не үшін? — деп, Назаренко жалт қарады. — Оның саған әйел болғаны үшін бе? Жоқ, жолдас, Айсұлу саған үйде ғана әйел, түзде өзіңмен тең жауынгер. Сондықтан, еркексініп оған соқтығар болсаң — менімен соқтығысуға да әзір бол.

— Мен соқтығайын деп тұрғаным жоқ алып беріңіз деп тұрмын.

— Mен Айсұлуға берілген комбайнды енді қайтып ала алмаймын. Ол — кешегі ауыр күндерде сенімді серігім болған адам. Ондай адамдарды мен еш уақытта ұмытпаймын. Екіншіден, сенің егінің қандай болса, оның егіні де сондай. Енді түсінікті ме?

— Жоқ, еңбегім еш болған соң түкті де түсінетін емеспін.

Назаренко ойда отыр, ол Күнтуарға «кеше ал дегенде алған жоқсың, енді саған берілетін комбайн жоқ» дей отырып та, «қайсысын берсем екен» деген ойда болатын.

«Енді қайттім? — деді ішінен, — кеше берілген комбайнды қайтып алсам, кейін қайтуды намыс көретін.

Дүйсен мен Айсұлу не дейді? — Степан Борисович, біздің жазығымыз не? — десе, не деймін? Жоқ, олар жазықсыз, олар соғыс кезінде ие болған даңққа әлі кір келтірген жоқ. Олардың да егіні жаман емес. Олар да астықты төкпей-шашпай жинап алып, абыройлы болғысы келеді. Бірақ мынаның егіні бәрінен де жақсы, әрі, мұның егініне төніп тұрған қауіп оларда жоқ. Оның үстіне, майданнан келе жанын сала қимылдап жүрген мұндай адамның меселін қайтару да дұрыс емес. Иә, дұрыс емес», — деді де столға отыра қалып жаза бастады.

— Мына қағазды қазір Галинаға алып бар да, тез кіріс. Қалай да сол жиырма гектар жерді күн батқанша бітіретін болыңдар, — деді.

Күнтуар Назаренко ұсынған қағазды алып жатып, тағы бір тілегін айтып қалды:

— Біздің кіршіміз ауырып қалды, соның орнына есепке жүйрік бір адам берсеңіз.

Қарауындағы адамдарды он саусағындай білетін Назаренко көп ойланған жоқ.

— Қазір бізде басы артық кісі жоқ. Қырман күзетіндегі өзіңнің әкеңе барып айт, бір-екі күн сендерге көмектессін.

Күнтуар бұғап да разы болып, мезгілсіз келіп оятқанына кешірім сұрады да, ауылдың ең шетіндегі Галинаның үйіне қарай жүгірді.

Алдағы бағананың басына орнатылған электрдің сәулесіне келгенде Назаренконың не жазғанын білгісі келіп хатты оқып еді: «Галя, сен қазірден бастап мына Нүркеновтің қарауындасың. Жағдайды өзі айтар, сағат таңғы төрттен қалмай, жұмысқа кірісіңдер!» деген екен. Күнтуар сағатына қарады да:

«Әлі үш сағат бар. Оған дейін звеноның барлық адамдарына хабар беріп үлгеремін», — деді ішінен. Сол жүрістен ол бір танған жоқ, өзіне қараған адамдарымен қырмандағы әкесін де хабарландырып үлгірді, міне, енді өзінің егініне қарай келе жатыр.

Ол келгенде звеноның басқа адамдары астық салатын қаптарын, тиейтін арбаларын, таситын көлігін әзірлеп, қырманды айнадай жарқыратып қойған екен де, Галина комбайнын теңіздей толқындалып тұрған қалың егінге енді салғалы тұр екен.

Бұл кезде дәл осылардай тас түйін болып, Айсұлу бастаған екінші бір топ қырманның ой жағындағы басқа бір егіннің басында тұр. Олардың комбайншысы Сергей Петрович дейтін қартаң адам еді. Ол өзінің көпті көргендігін істеп, егінде шық бар-жоғын көріп келді де:

— Тәуекел! — деді.

Бабына келіп тұрған екі комбайн қатар гүр ете түскенде, «Іске сәт!» деген тілек үні екі звеноның аузынан бірдей шықты.

Күнтуар армиядан өткен жылы күзде, ел егін алып болғаннан кейін келген болатын. Соғыстан бұрын бұл колхозда комбайн жоқ, болғандықтан, оның егінді қалай оратынын ол білмеуші еді. Сондықтан, теңіздей теңселіп тұрған егінді алып машина асай жөнелгенде, шалқып жатқан егін даласы оған ұршықтай үйіріліп, сол машинаның баурына жиырылып келе жатқандай көрінді. Біресе сол дәнді теңіздей толқыған сәнді даланы, біресе комбайнның бункерінен суша құйылған алтын түсті дәнді көрді де, ертеңгі күннен күткен қауіпті ұмытып кетті.

Ол комбайнның қимылын толық көргелі алға таман барып тұр еді, егінді бұрқыратып келе жатқан Галина оның таңырқап тұрғанын сезіп:

— Қалай, соғыста жүргенде мұндай құралды көріп пе едіңіз? — деді, тұсынан өте бере күлімсірей көз тастан.

— Тамаша, тамаша! — деді Күнтуар комбайнның кесек қимылынан көзін алмай.

— Түн желді болғанымен егіннің аздаған дымқылы бар екен. Біраздан соң көрерсің нағыз тамашаны.

Галинаның бұл сөзіне Күнтуар: жауап қатқан жоқ, тек:

«Шіркін-ай, Айсұлу неге осы Галинадай комбайншы болмады екен?» — деді ішінен.

Комбайн теңізде жүзген кемедей салмақпен жылжып бірте-бірте алыстап барады. 7-8 қыз бен жігіттер бункерден сауылған дәннің бір түйірін жерге түсірместен қаптап, онан арбаға тиеп, жанталасып барады. Өзінің сол серіктеріне сенгендей, Күнтуар комбайнның қимылынан көз алмай әлі тұр.

Ол, комбайн қайта айналып келгенше, не арба толған астық қырманға келіп түскенше сол орнында тұра беруі мүмкін еді, қырман жақтан Нұрекеңнің:

— Күнтай! Айым! Бидайларыңның бір-бір басын ала келіңдерші, — деген даусы ойын бөлігі жіберді.

Қарттың не ойлағанын баласы да, келіні де сезді. Бірақ Айсұлу дәні мол бидайды іздеп көз жүгіртсе, Күнтуар осы арада әкесі мен Айсұлуды алдағысы келіп дәні азын іздеді. Сондықтан ол кез келген бидайды үзе салған жоқ. Таңдап жүріп екі жерден екі бидайдың басып үзіп алды да, жүгірген бойымен Нұрекеңе келді.

— Көке, неге біраз дем алмадыңыз?

— Демді егін біткен соң алармыз, балам. Әдей Айыма көмектесейін деп, ерте келдім. Сен білуші ме едің, оның аяғы ауыр екен ғой.

— Е, оның аяғын кім өлшеп көріпті, — деді Күнтуар «аяғы ауыр» деген сөзге іштей қуана тұрса да, әзілге салып.

Нұрекең жақтырмаған түр көрсетіп, үн қатқанша болған жоқ, екінші жақтан Айсұлу жүгіріп келді де:

— Ата, мұны қайтесіз? — деді.

— Айналайын, Айым, қазір мұны үгіп дәнін санаймын да, сен екеуіңнің бұл жерден қанша астық алатындарыңды білемін.

— Соғыс енді бір жыл созылғанда агроном болатын екенсіз-ay, көке! Байқаңыз, жолдас агроном, Айсұлудың егіні жақсы күтілген екен. Оның өнімді мол беретіндігі сөзсіз, қателесіп жүрмеңіз, — деді Күнтуар әкесіне қалжыңдап.

Оның мұны не оймен айтқанын Нұрекең де, Айсұлу да сезген жоқ.

— Кекетпей-ақ, қой, егініңе жемді екі. рет артық бергенің болмаса, мақтанатын түгін жоқ, — деп, Айсұлу іште жүрген бір күдігін айтып салды.

— Е, айтып отырғаның жазғытұры себілген қиыршық тыңайтқыш па? — деді Күнтуар қолын сермеп. — Ол тәжірибе үшін себілген жай нәрсе ғой.

— Жай емес, сол себілгеннен кейін егінін құлпырып кетті. Өйтпесе сен егінді менен жақсы күткен жоқсың. Келесі жылы егінді мен сонымен ғана қоректендіремін.

— Тоқта, көкемнің көзі күлімдей бастады.

Бұл кезде Айсұлу әкелген бидайдың басын есептеп болып, Нұрекеңнің жымыңдап отырғаны рас еді.

— Оһо, жарайсың, Айым. жарайсың. Мынадан бір жүз сексен түспесе де, бір жүз елу қайтсе де түседі, — деді ол қуанған пішінмен.

Бұл сан Нұрекеңді қуантқанымен Айсұлуды қуанта қойған жоқ, қайта оны үлкен ойға тастады. Атасының сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей, маржандай жаудыраған бидайларға қарап біраз отырды да:

— Бір жүз елу дейсіз бе? Жоқ, мүмкін емес, қайта есептеңіз, — деді.

Нұрекең өзінің мүлт кеткенін есіне түсіргендей шұғыл өзгеріп, жалма-жан шотын қайта қаға бастап еді, аздан соң масаттана қатты бір сарт еткізіп:

— Жарайсың, Айым, жарайсың, бір.дән болса да бір жүз сексеннен асырады екенсің, — деді.

— Е, бәсе! Ал енді мынаның бидайын есептеңіз.

Күнтуар әкелген бидайдың бірін әкесіне берді де, екіншісін өзі алып қалды. Бұл екі бидайдың қандай айырмасы барын Нұрекең де, Айсұлу да аңғарған жоқ. Тіпті қолдарындағы бидайдың кейбірі қауызы дәнсіз екенін де аңғарған жоқ. Бұларға Күнтуар аңғартар емес. Ол өзінде қалған бидайды тез алақанына салып жіберіп үкті де, екі санағаннан кейін қырманға шашып жіберді.

— Оның немене? — деген Айсұлудың сұрауына да жауап қатқан жоқ. Дәнді қайта-қайта санап ойда отырған әкесіне үңіле қарап:

— Бір жүз елу десеңіздер разы болар едім. Есіңізде болсын, менің егінім көзге толық көрінгені болмаса, дәні аз, — деді.

Нұрекең дәнді ішінен санап шықты да, ойланып қалды. Қайта санады, қайта ойланды. Жаңа Айсұлудың бидайын бір рет санасымен-ақ қолы шотқа жетіп барып еді, бұл сапар олай емес.

— Көке, көптігінен санына жете алмай отырсыз ба? Бере тұрыңызшы, мен санап берейін, — деген Күнтуарға көз аларта бір қарап, үн қатқан жоқ. Ұзақ ойдан соң барып:

— Бұл қалай? — деп, басын шайқады.

— Немене? Жүз елуге де жетпей жатыр ма, тіптен?

— Қанша есептесем де жүз қырықтан шақ қана асып тұр. Мұнысы несі?!

— Бәсе, айтпадым ба, менің егінімнің дәні толық болғанмен, саны аз, — деп Күнтуар қынжылғандай болды да: «онда екі жүзге еркін жетеді екен», — деді ішінен.

— Бұл айтқаның келмесін, келсе өлім ғой, — деді Нұрекең күрсініп.

— Қайтер дейсіз. Азар болса, Айсұлудың астығынан қосып есептеп үш жүз жиырманы қақ бөлерміз де, жүз алпыстан енім алдық дерміз, — деп, Күнтуар тұра беріп, Айсұлуға көз тастап еді, ол әлденені айтуға ыңғайлана бере аузын баса қойды.

«Мынауың ұят екен» деу еді оның айтайын дегені. Бірақ оны екі есеппен айта алмады. Біріншіден, Күнтуардың көңіліне қарады, екіншіден, шынында солай етсек қайтеді, оны жерге қаратып қойып алған атақтың не сәні бар? Осыдан үкіметке келер залал бар ма? «Ұят-ай, мен не ойлап кеттім. Қайдан ғана келді осына бір лас ой?!» деді ішінен.

Оның не ойлағанын Күнтуар сезген жоқ. Өзінің жаз бойы төккен терінің жемісіне кенелетінін сезіп, кеудесі толған қуанышты сыртқа шығармастан комбайн жүрген жаққа қарай жүгіре жөнелді.

Күнтуар кеткеннен кейін Айсұлу да отыра алған жоқ. Жүрегіне шырмалған жаңағы бір ойды тарқата алмай өзінің комбайнына қарай аяңдап келе жатыр еді, Сергей Петровичтің:

— Ау, қызым, бері кел, — деген даусы шықты, — неменеге шақырған екен ол?

— Шақырған жұмысы үлкен. Сіз атайдың тәжірибесіне сенесіз бе осы? — деді Айсұлу комбайнмен бірге аяңдап:

— Атаң кім? Әлгі мен туған жылы дүниеге қатеден келген Нұркен дейтін шайтан ба?

— Иә, сол, өзіңіздің құрдасыңыз.

— Ол не дейді, тағы да мен туралы бірдеңе деп сандырақтаған ғой!?

— Жоқ, сіз туралы емес. Ол кісі біздің егіннен бір жүз сексеннен түссе, Күнтуардың егінінен жүз қырық, — дейді.

— Онда ол қартаймағыш шайтан алжыған екен. Рас, сенің егініңнен жүз сексеннен кем түспейді. Ал, Күнтуардың егінінен екі жүзден кем түседі деу алжығандық екені және рас. Мен бұл екі егіннің қаншадан беретінін әлдеқашан білгенмін. Бар, қызым, күн желдетіп келеді. Онан да арбаларды тез-тез босатып тұрыңдар. Бүгін мен бір қимылдап көрейін.

Айсұлу бұл екі қарттың қайсысына сенерін білмей дел-сал болған күйі бір арба астықты қырманға жеткізген кезде ар жағынан Күнтуар да астығын әкеп төгіп жіберді.

Дәл сол сәтті күтіп тұрғандай Алатаудың асқарынан алтын күн шұғыласын шашып жіберіп еді, күрең бидай күн сәулесімен шағылысып, айнадай жарқыраған қырман беті ала күрең нұрға бөленіп жайнай түсті.

III

— Ал, достарым, бүгін жасақты жаудың штабына кірген барлаушыдай қимылдаңдар. Келген астықты өзім түсіріп, өзім қызылдап, машинаға өзім тиеймін. Басқаларың комбайн басында болыңдар, — деп, Күнтуар астық әкелген кісілерін комбайнға тез жөнелтіп жіберді де, өзі желге қарсы тұра қалып, үюлі жатқан дәнді желпи бастады.

Онан қалғысы келмеген Айсұлу да ақ күрегін көміп жіберіп, үйіліп жатқан қызыл дәнді бұрқырата жөнеліп еді, қолына бір күректі ала сала Нұрекең де жетіп ' барды.

— Айналайын Айым, мен-ақ бірдеңе етермін. Сен дем алшы, саған мұндай ауыр жұмысты істетпе деген еді кемпір, кейін тұршы, қарағым.

Айсұлу атасының мейірімді сөзіне сүйсініп сәл кідірді де, жақындай бере:

— Ата, жарасының аузы ашылып кетер, балаңызға барып көмектесіңізші, — деді күбірлеп.

— Апырай-ай, онысы бар екен-ау, әлі. Оның жөн екен, Айым, — деді Нұрекең Күнтуардың қасына барып еді.

— Көке, неге келдіңіз? — деді ол.

— Жараң ашылып кетер, мен-ақ қызылдайыншы, қарағым.

— Жарадан қорықпаңыз, көке. Манағы айтқаныңыз рас, келініңіздің аяғы ауыр, сіз соған көмектесіңіз.

Бір жағында жаралы баласы, екінші жағында аяғы ауыр келіні тұр.

Ол екеуі бірін-бірі аяп елжірейді, қайсысына көмектесерін білмей, екеуіне бірдей елжіреп Нұрекең тұр ойланып.

— Жасырмап айтшы, қарағым, жараң анық қауіпсіз бе?

— Еш уақытта қауіп етпеңіз. Екі жылдан бері жазылмаған жара болушы ма еді, — деді Күнтуар.

Нұрекең Айсұлудың қасына қайтып келді де:

— Айым, қорықпай-ақ қой, қарағым. Жарасы қауіпсіз көрінеді ғой, — деді ақырын.

— Онда, кешеден бері дем алған жоқсыз, бүгінгі күн сізге де женіл тимес, қазір сіздің майданыңыз басталады, дем алыңыз.

— Жоқ, Айым, демді жауын күні алармыз енді, — деп, иегін бір көтеріп тастады да, Нұрекең қырман үстін құйын соққандай етіп жіберді.

Неткен ізгі қасиет бұл! Бұрынғы заманның атасы мен келіні болса ғой, өз үйінің отын да мұндай ынтымақпен жақпас еді, бір қырманның басында, бір тілектің үстінде жұмыс істеп жатқан осындай семьяны көргенде, мұндай семья бізден басқа қайда бар деп те қуанасын.

Осы біз ойлаған қуанышты ой дәл қазір Нұрекең мен Айсұлуға келмесе де ауық-ауық сол екеуіне алыстан көз тастап тұрған Күнтуардың жүрегіне орала кетті де, екеуіне қызыға қарап тұрып қалды. Бұл кезде Айсұлу бір сүйкімді түрге келіп, қызыл шырайлы өңі құлпырып тұр еді. Бірақ ол өзіне күйеуінің сұқтана қарап тұрғанын аңғарған жоқ. Өткір қара көздер жалт-жұлт етіп бидайдан, әсіресе, әуелеп барып қайта түскен бидайдан басқаны қазір көрер емес.

Ал, Күнтуардың көзін тартып тұрған оның кішкентай бұғағы. Еңкейген кезде бұғағы сәл салбырап, аржағынан күн көрінгендей үлбірей түседі екен де, дәнді аспанға атқан кезде иегі аққудың топшысына ұқсап өте әдемі көрінеді екен. Күнтуар сол сұлу көріністен көзін ала алмай тұр еді, кенеттен кездескен мынадай бір жағдай ойын бөліп жіберді.

Ол Айсұлуға қадалып тұрған бір минуттың ішінде жел тына қалды. Бидай сапырылып тұрған кезде жел тына қалса, сол жел қайта ескенше ысқырудан талмаймын Нұрекеңнің ежелгі әдеті болатын. Сол әдетімен ысқырып келіп қалып қиюы кеткен тістерінің арасынан демі шығып кетті де, ысқырығы «биіш» дегендей басқа бір дыбыс болып шықты.

Оған ұялып қалып, не істерін білмей теріс айнала беріп еді, анадай жерден Назаренко келе жатыр екен, көзі соған түсіп кетті де:

— Ассалаумаликүм, Степан, — деді сасқанынан.

Сол-ақ екен, әкесінің жаңа ысқырамын деп «биіш» дегеніне азар шыдап тұрған Күнтуар сықылықтай жөнелді де, Айсұлу күлуге атасынан ұялып, теріс айналып кетті.

— Ой, шіркін-ай, сертіне жеткен кісідей жетісуін-ай, мынаның, — деді Нұрекең Күнтуарға суық жүзбен қарап, деді Нұрекең менің жағыма жеткенде бидай жей алмай, Айыма шайнап бер деп отырасың әлі, асықпа!.. Айтпақшы, колхозда су тиірмен бар екен ғой... Жә, жә енді, кеңкілдемей. Маған күлгенше, өзің елге күлкі болмай сертіңді орындасаңшы. Егер берген сертіңді орындай алмасаң ғой, елдің бәрі «әлін білмеген — әлек» деп, ертең саған күледі.

— Қойдым, көке, қойдым.

Бұл кезде Назеренко да жақындап қалған еді, ол Нұрекеңнің сөзін естімесе де, даусында ашу барын сезген екен.

— Бұл не, қария, жайшылық па? — деді Нұрекең мен Күнтуарға кезек көз тастап.

— Ә, Степан, саумысың? Жай, баламыз екеуміз құрдас кісідей әзілдесе беруші едік, — деді де, сөзін немен бітірерін білмей тоқтап қалды.

Әзілқұмар Назаренко рақаттана шіреніп:

— Жарастығы жақсы әзіл — жан азығының бір түрі ғой, шіркін, бірақ, соған кейбір топастар түсінбейді, — деді де кенет салқын қанданып, — иә, халдарыңыз қандай? Қарын тоқ болмаса, әзіл де жоқ, ендеше әзілді көбейту үшін де астықты көп беруіміз керек, солай ма, Күнтуар?

— Екі сағаттан қалдырмай екі машинаны берзентімен, астықты апарып төгетін кісісімен қолыма беріңіз, халдың қандай екенін сонсоң көреміз.

Назаренко Күнтуардың сөзін әзілге айналдырып жіберді.

— Қолыма, қолыма дей бересің. Айсұлу екеуміздің қолымызға бер деген сөзді қашан айтар екенсің осы.

— Степан Борисович, сіз не айтқалы келесіз? — деді Күнтуар оның әзілін аңғармай.

— Екеуің ғой, тілектерін бір, бір шаңырақтың адамысыңдар. Ал, еңбекке келгенде екі бөлінесіңдер, осының мәнісі не?

Күнтуар мен Айсұлу не дерін білмей қалып еді:

— Ол белгілі ғой, — деді Нұрекең, — әркім өзі шыққан таудың биік болуын тілейді ғой.

— Балаңыз бен келініңіздің мақсаты бір бола тұра екеуінің өмір биігіне екі бөлек шығамыз деуі қалай?

— Әрине, шырағым. Данышпандық. болмаса, жалғыздық жан баласына жарасқан емес.

— Жараспау ғана емес, алға бастырмайтын кесел. Сондықтан жекеленуді жойып, топталу керек. Топталу керек. Үй-күйі бір Күнтуар, Айсұлулар ғана емес, тілегі бір бар колхозшы еңбекте бірігуі керек.

— Сонда қалай, звеноны жоямыз ба?

— Үкімет қабыл персе жоюымыз керек, мұны үлкен мәселе етіп қоямыз. Сонда келтірер дәлеліміздің бәрі осы істеп тұрған ісіміз болмақ. Күнтуар, сенін егініңді бітіргеннен кейін комбайн бірінші участкеге кетеді. Сол екі ортада қанша уақыттың босқа кететінін есептей салшы. — Ол соны айтып жөнеле беріп еді:

— Степан Борисович, — деді Айсұлу дауыстап, — біздің таласып қалуымыз мүмкін. Үш тонналық машинаны маған арнап жіберіңіз.

Ол ненің ақысы? — деді Күнтуар жаңа келген астықты қырманға төгіп жатып.

— Сенің шөжебас бидайыңа да үлкен машина керек пе?

— Бәсе-ау, — деп, Нұрекең де Айсұлуды қостап еді, Назаренко сөзін естіген соң Күнтуардың ол екеуіне келіп тұрған күлкісі тыйыла қалды.

— Күнтуар, шынында саған кіші машина келеді, үлкен машинаға таласып жүрме.

— Себеп?

— Себебі — астықты кім көп берсе, үлкен машина соған беріледі.

— Астықты қайсымыздың көп беретінімізді қайдан білесіз?

— Оны білмесем несіне колхозды басқарып жүрмін? Сөзді қой, ең керегі машинаға таласу емес, ой таласы. Мен жаңа не айттым, нені жазамыз дедім, соны ойлан, — деді де, Назаренко қол орақшылар жүрген жаққа қарай жортып кетті.

Күнтуар оған сұрлана қарап әлі тұр. Біресе ызасы, біресе күлкісі келеді. Ызасының келетіні — сұраған машинаны бермегені, күлкісі келетіні — астықты Айсұлудан кем бересің дегені.

— Бұл қалай? Осы егін жұмысына толық түсіне алмай алданып жүрген жоқ па екемін? Жоқ, ол мүмкін емес... Бірақ Көкемнің манағы есебіне мынаның сөзі дәл келді-ау, бұл қалай?

Ол осы сұраудың жауабын қанша ойласа да таба алмастай, жұмысқа қызу кірісіп кетті.

IV

Бip жағынан Алматының әнші-күйшілері келіп, қызыл қырманды қызық думанның сахнасына айналдырып жіберді.

Бірақ түстен кейін жаңбыр жауды да, комбайн тоқтап қалды. Жауын тез ашылғанмен, су болған егін қайта оруға келгенше күн батып кетті де, егеске түскен ерлі-зайыптар егіндерін орып бітіре алған жоқ. Тек бастырған астықтарының бір түйірін қалдырмастан жөнелтті.

Нұрекең мен Назаренко парторгты ортаға алып отырып, есептеп еді, бүгінгі жөнелтілген астық 5440 пұт екен, оның екі мың тоғыз жүз сексені Айсұлудікі де, қалғаны екі мың төрт жүз алпысы Күнтуардікі.

Астық тиелген машиналар жөнелген сайын Күнтуардың өзі де кеткен астықтың есебін қалта дәптеріне жазып тұрған еді. Сондықтан олардың есебіне ешқандай күдік келтірген жоқ та, үйіне көңілсіз қайтты. Тіпті ол әкесінің:

— Қорықпаңдар, балалар! Күн ашыққа батты, ертеңгі күн ашық болады, — дегеніне де қуанған жоқ.

«Бес жүз қырық?! Әлден бес жүзді кем бердім, ол қалай?» деді ол елдің ен соңында келе жатып.

Күнтуар қандай күймен қайтса, Айсұлу да сондай күймен қайтты. Өйткені екі комбайншының қайсысы артық оратынын өлшеп көрмесе де, өзінің орылмай қалған егіні енді өте аз, Күнтуардың егіні әлі де көп екенін, бүгін бес жүз кем бергенмен, ертең ол асырып жіберетінін сезіп келеді. Сондықтан ол Күнтуардан оздым деп қуана қойған жоқ, қаламын-ау деп қауіптеніп қайтты.

Күнтуар түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмай таң жаңа белгі берген кезде далаға шығып еді, аспан ашық екен. Қуанғаннан ол үйге де кірген жоқ, терезені тықылдатып Айсұлуды оятты да:

— Айым, мен комбайншыларға егін басына түнеңдер деп кеткенмін, кешікпе, — деді де қырманға қарай жөнелді.

Көп кешікпей қырман үсті тағы да қызық думанға айналды. Кешегі келген қонақтар тағы да соларға қарай ағылды. Бәрінің де білгісі келетіні кім қаншадан берер екен, кімнен кім озар екен?

Безек қағып екі машина жүр. Бір әкеткенде үш жүз пұт астықты бірден әкетеді де, жақын жердегі элеваторға төге салып, қайта келеді. Өлшеніп әзір тұрған астықты тиеп алады да, кідірместен қайта кетеді.

Күн ашық болғанмен, радио хабары бекер болмаса, кешке қарай жауып кетер деген күдік те бар әркімнің жүрегінде. Тек Сергей Петровичтің ойында ешқандай күдік жоқ. Ол жұмысқа кірісерінде аспанға бір қарап алып:

Күн енді бұлттанып, ол төбеге келіп жауғанша мен де бұл егінді бір жайлы етермін, — деген еді. Сол сөзін істе көрсеткісі келгендей тым кесек қимылдап жүр.

Қырман қызығы қызған сайын уақыттың қалай тез өткені де білінер емес, күн төбеге келіп қалыпты. Дәл осы сәтте Айсұлудың егіні орылып біткен хабары келіп еді, қырман басындағылар бір биік белге шыққандай серпіліп, дуылдасып кетті.

— Айым-ау, сен неге қуанбай тұрсың? — деді Күнтуар Айсұлудың қасына жетіп келіп.

— Неменеге қуанам, сенен қалып қойғаныма ма?

— Қалғаны қалай, менен бұрын бітіріп озған жоқсың ба қайта?

— Жоқ, бұл менің сенен озғаным емес, Сергей Петровичтің Галинадан озғаны.

Бұл сөзге Күнтуар ойланып қалды. Ол өзінің кешеден бері қапалануының орынсыз екенін, өзінің әлі де білмейтіні барлығын енді ғана түсіне бастап:

— Солай ма? — деді таңданған пішінмен.

— Солай, сенің орылмаған жерің әлі көп пе?

— Жоқ, онша көп емес.

— Көп болмаса да сен оздың.

— Рас айтасың ба? - деді Күнтуар әлі де сеніңкіремей.

Айсұлу одан әрі ештеңе деген жоқ, жұмысына қызу кірісіп кетті.

Көп кешіккен жоқ, оның соңғы астығы да тазаланып болып, кірге түсті.

— Қане, есептеңдер.

— Бәріңнен бұрын мен шығарам.

— Жоқ, міне өзім шығардым, — деді Айсұлу Күнтуардан қалса да бір нәрсеге іштей қуанып, — үш мың жеті жүз. Соны жиырмаға бөліңдерші.

Нұрекең шотқа салып, басқалар қағазға бөлді де, бәрі бір ауыздан:

— Жүз сексен бестен! — деп, шу ете түсіп еді.

— Уһ, сертім орындалды-ау, — деп, аяғы ауыр Айсұлу кірдің үстіне отыра кетті.

— Айналайын, Айым, — деп Нұрекең.

— Құтты болсын, Айсұлу! — деп, басқалар Айсұлуды қоршай бастады.

Күнтуар комбайн жаққа барып, қайта оралған Назаренкоға анадайдан дауыстап:

— Степан Борисович, біздің Айсұлу сертін артығымен орындады, жиырма гектар жерінен жүз сексен бес пұттан түсіпті, — деп еді.

— Оһо, онда екеуің де жарадың. Сен онан да асырасын әлі; — деді Назаренко де қуанып.

— Ол қалай, кеше сіз емес пе едіңіз, астықты онан кем бересің деген?

— Кешегі ол айтқаным келген жоқ па?

— Келді. Сондықтан да жаңағы сөзіңізге түсіне алмай тұрмын.

— Онда сен жаңағы сөзге емес, сол кешегі сөзге түсінбеген екенсің, мен кеше Сергей Петровичтың Галинадан көп ендіретіндігін айтқан едім, — деді де, Назаренко Айсұлудың қолын ұстап: — құттықтаймын, жолдас Еңбек Ері! — деді.

Айсұлу қуанғанынан ештеңе дей алған жоқ, тек қайта-қайта басын изей берді.

Бұл қуаныштың дуылы басылғанша Күнтуардың да егіні орылып бітті. Осы кезде көкжиектен көрінген қара бұлт бірте-бірте қоюланып, көтеріле бастап еді, сонан қауіптенген жұрт терін соңғы астықтың үстіне сол жаңбырдай төгіп жіберді.

Көптің күші тасқын емес пе, бұлт төбеге келіп жеткенше, бұлар да астықтың екі машинадан қалғанын қапқа тегіс салып үлгірді.

— Қане, өлшеңдер!

— Есептей беріңдер!

Назаренко әскери сумкасынан қалың дәптерін алып, оның бетіне тізілген цифрларға жанадан бірнеше жүздің цифрларын қосып еді, төрт мың бір жүз болып шыға келді. Ол төрт мың бір жүзді жиырмаға бөлгенде Айсұлу:

— Күнтай, екі жүз бес! — деп, қуанғаннан айғайлап жіберді.

— Иә, гектарынан екі жүз бес пұттан алдың, жолдас Еңбек Ері, құттықтаймын! — деді Назаренко Күнтуардың бетінен сүйіп еді, ол қайта құшақтасып:

— Степан Борисович, бір ғана біз қуанбайық, бір ғана біз жетіспейік мұндай зор табысқа. Бәріміз де қуанайық, бәріміз де жетейік. Біріміз ғана емес, бәріміз де орындайық. Отанға берген сертімізді. Сонда мен сізді былай сүйетін болайын, — деді ол да сүйіп.

— Бәріміз де орындаймыз, жолдас Еңбек Ері! Отанға берілген серт орындалмай қалмақшы емес, орындаймыз! деді Назаренко.

Күн жауып кетті, бірақ оқы елеген ешкім болған жоқ.

1948


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз