«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтылмаса керек. Өмірден озғанына мың жылдан аса уақыт өтсе де, ғылыми мұрасы өскелең ұрпаққа білімнің ғана емес, тәлім мен тәрбиенің бастауы бола білген, қайырымдылыққа негізделген ізгі қоғам үлгісі бүгінгі қоғамға бағыт сілтейтін ғұлама-ойшыл Әл-Фараби бабамыздың есімі халық жадынан ұмыт қалған емес. Бүгінде әлемдік деңгейде ұйымдастырылып жатқан «адамзаттың екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы өз мәресіне жетіп қалды. Әлемде қалыптасқан пандемия жағдайына қарамастан, бұл мерейтойға, ғалымның мұрасын зерттеу мен насихаттауға әлемнің түкпір-түкпірінен фарабитанушылар мен ғылым өкілдері атсалысып, ғылымда шекара жоғын қайта танытқандай болды. Әбу Насыр әл-Фараби - 870 жылы ортағасырлардағы Қазақстанның және бүкіл Орта Азияның аса ірі мәдени орталықтарының бірі болған Отырар қаласында дүниеге келген ойшыл. Ғұламаның осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын жазған ғылыми еңбектері мен ғибратты ой-тұжырымдары бүгінгі күнге дейін өзінің өзектілігі мен маңыздылығын арттырмаса жойған емес. Рухани азықты дәл осы Әл-Фарабидің шығармаларынан алуға болады. Себебі ол ғылымның әр саласына қомақты үлес қосып қана қоймай, еңбектері арқылы адамзат игілігіне қызмет ететін рухани қазына қалдырды. Сондықтан да бәсекеге қабілетті әрі рухани жан дүниесі бай тұлға қалыптастыру жолында Әл-Фарабидің ілімімен қаруланып, оның мұраларын жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығы жоғары. Ал, өркениетті қоғамға жету жолында ғұламаның қайырымды қоғам идеясын басшылыққа алудың мәні зор. Оның еңбектері мен даналық ойларын еліміздің рухани мәдениетінің дамуы тұрғысынан зерттеу мен мәңгі есте қалдыру мақсатында дәріптеу ісі де өте өзекті болып саналады. Әл-Фарабидің өмір жолымен танысудың өзі де жастарға үлгі-өнеге. Ол оқу іздеп, ғылым мен білімнің аса ірі орталықтары саналған Шаш, Самарқанд, Бұқара, Мысыр, Бағдад және тағы басқа шаһарларда білімін жетілдірген. Десе де, алғашқы білімді өз елінде алған. Керуен жолының бойында орналасқан Отырардың сол кездегі атақты Александрия кітапханасынан кейінгі аса ірі кітапханасы алыс-жақын елдерден келген кітаптармен толығып отырған. Араб халифатына кеткен Әл-Фараби философия, логика, этика, медицина, музыка сынды ғылымдар мен араб, парсы, грек тілдерін жетік меңгерген. Аристотель, Платон, Евклидтің шығармаларын аударып, түсініктемелер жазған. Еуропа ғалымдарына ежелгі грек философиясын түсіну Әл-Фараби еңбектерін оқу арқылы ғана мүмкін болған. Ұлы ойшылдың еңбектеріне жүгіну арқылы батыс ғалымдары Аристотель, Платон еңбектерімен қайта қауышты. Әл-Фарабидің дәуірінде ислам діні Орта Азияда таралып қарқынды жүріп жатқанда, араб тілі білім мен ғылымның ортақ тілі саналды. Ғұламаның бай философиялық мұрасының араб тілінде жазылуы да осыдан. Сол себептен көпшілік қауым Әл-Фарабиді араб тілді ғалым ретінде танитын. Оның қазіргі қазақ даласында дүниеге келгенін, тегі түркі тайпаларынан екенін санаулы ғылым өкілдері ғана білетін. Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап елімізде ғалымның өмірі мен рухани мұрасын зерттеу жұмысы қолға алынып, Әл-Фараби мұрасын алғаш зерттеушілердің бірі Ақжан Машановтың ғылыми ізденістерінің нәтижесінде ірі ғұламаның қазақ топырағынан шыққан түркі перзенті екені ортағасырлық деректермен дәлелденді. Міне, сол кезден бері «Шығыстың Аристотелі» атанған әлемнің екінші ұстазын дүниежүзі қазақ ұлтының перзенті ретінде таниды. Осылайша елімізде Әл-Фарабидің ғылыми шығармаларын жинақтау мен қазақ тіліне аудару сияқты бірқатар зерттеу жұмыстары жалғасын тауып келеді. Осы орайда, ғалымның ұлы мұрасын зерделеу мен дүниежүзіне таныту ісінде Әбу Насыр әл-Фарабидің құрметіне аталатын аса ірі білім мен ғылым ордасы Қазақ ұлттық университетінің рөлі ерекше. Университет қабырғасында жыл сайын Халықаралық Фараби оқулары өткізіледі. Аталған іс-шараға еліміздің университеттері мен шетелдік ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысады. Сондай-ақ, университетте құрылған «Әл-Фараби» ғылыми зерттеу орталығы ғалымның өмірі мен қызметін зерттеумен айналысатын бірден-бір орталық. ҚазҰУ ректоры академик Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен бұл зерттеу орталығы әл-Фарабидің ғылыми трактаттарын қайта басып шығару ісімен айналысады. Әлемнің жетекші 12 университетінде Әл-Фараби орталықтарын ашқан Қазақ ұлттық университеті мұндай орталықтардың бірін жуырда АҚШ-тың Мэриленд қаласында ашқалы отыр. Бұл қазақ халқының мақтанышы Әл-Фарабидің философиялық мұрасының әлемнің батыс жарты шарында насихаттаудың озық орталығы болары анық. Әрі ғұлама ғалымның 1150 жылдық мерейтойы аясында Америка мен Қазақстанның қарым-қатынасының өзара бейбіт түрде дамуына ықпал етері сөзсіз. Бүгінде өркениет ойшылы Әл-Фараби Батыс пен Шығысты байланыстырушы негізгі тұлға. Оның мерейтойын мерекелеу аясында ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен халықаралық ғылыми симпозиумдар мен ғылыми конференциялар, республикалық дөңгелек үстелдер онлайн форматта өткізіліп келеді. Сондай жиындардың бірі жақында ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің елшіліктерінің қолдауымен «Әбу Насыр әл-Фарабидің Еуропа ғылымы мен мәдениетіне қосқан үлесі» атты тақырыпта бірқатар еуропалық мемлекеттер, атап айтқанда Австрия, Германия, Италия, Швейцария елдерінен жиналған профессорлардың қатысуымен халықаралық онлайн-дәріс өткізілді. Дәріс барысында Швейцариядағы Цюрих университетінің профессоры Майкл Шепман өз сөзінде Әл-Фараби мұрасының әлі күнге дейін Еуропа мен Азияның академиялық шеңберінде мәдени және шығармашылық алмасуларды жүзеге асыруға ықпал етіп келе жатқанын атап өтті. «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты спикерлердің халықаралық байқауы да жақында өзінің жеңімпаздарын анықтады. Бұл ауқымды шараға Қазақстанның әр университеттерінен студенттер мен магистранттар, оқытушылар мен докторанттар, тіпті мектеп оқушыларына дейін белсене қатысты. Қатысушылар байқаудың негізгі номинациялары Әл-Фараби мұрасының ұлы Абаймен рухани сабақтастығы, «Қайырымды қала - бүгінгі бақытқа жетудің кілті», Әл-Фарабидің музыка теориясы, әдептілік және бақыт философиясы бойынша баяндамаларын бейнежазба түрінде әзірлеп, ғалымның ғылымға қосқан үлесін әр қырынан зерделей білді. Ұлы ойшылдың құрметіне ғылыми іс-шаралардан бөлек, көркемдік туындылар да жасалды. ҚазҰУ-дың футбол алаңында студенттер мен еріктілердің біріккен шығармашылық жұмыстарының арқасында күзгі жапырақтардан Әл-Фарабидің портреті салынды. Стадионның шамамен барлық аумағын қамтыған бұл ғажайып туынды ғұламаның әлемдегі ең үлкен бейнесі ғана емес, ұстазға деген жастардың сый-құрметінің ерекше белгісі болды. Университетіміздің ректоры Ғалым Мұтанов айтқандай, қазіргі заманғы жоғары оқу орындары Әл-Фарабидің ілімін насихаттаушыларға айналуы тиіс, яғни білім алу- оқу жүйесінің басты бөлігі болғанымен, оның негізін жеке тұлғаның рухани және адамгершілік тәрбиесі құрауы қажет. Бұл ретте Әл-Фарабидің даналық сөзі еске түседі. Ол «адамға бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деп тәрбиенің адам өміріндегі маңызын жоғары бағалайды. Жеке тұлғаның тәрбиесін ізгілендіру арқылы ғана идеал қоғамды, Әл-Фараби тілімен айтсақ, ізгілікті әрі қайырымды қала тұрғындарын қалыптастыра аламыз. Сондықтан да жас ұрпақтың тәрбиесінде Әл-Фарабидің даналық негіздерін басшылыққа алу мен білім мазмұнына арқау ету - бүгінгі заман талабы.
Бекетай Қызылгүл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 1 курс магистранты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі