Ұшақ көкпеңбек аспанда бір нүкте болып жап-жасыл теңіздің үстінен құрлыққа өте берерде Имаштың әу бастан түйіліп, бір уыс болып келген жүрегі біраз жеңілдегендей болды.
Неге екені белгісіз, мұхит үстінде оны бір ой шырмап алды, жанын жегідей жеп, қанша ойламайын десе де, еркінен тыс қайта-қайта ойына түсе берді, көңілді астан-кестен етіп. Соның әсері ме, әйтеуір жүрегі иесіне бағынбай, өзінше тулап тұрды. Ол — оқыста ұшақ бірдемеге ұшыраса, осы шексіз-шетсіз, түпсіз тұңғиық мұхиттың ішінен оның сүйегін кім іздейді, оны кім тауып, кім ауылына алып барады деген қияли ой. Ойламай-ақ қояйын десе де, тұман арасынан шыға қалған көмескі сұлбадай басына орала берді. Сүйегі жоқ болса, өзі бұрыннан қарайлап, көздеп жүрген атасы мен әжесінің қабірінің жанына, әкесі мен анасына деп жоспарлап келген жердің жол жағына нені алып барып көмеді сонда, бір бөтелкеге салынған күлді ме, не біреудің шашылып қалған сүйек сынықтарын ба? Ақыры мұндай жағдайлар да кездесіп жатқан жоқ па? Теледидардан өзі де көріп, ауылындағы біреулер осындай оқиғаларды интернеттен ашып мақтанып көрсетіп те жүр емес пе...
Кұрлыққа жеткенде жанындағы әйеліне ұрлана көз қиығын салды. Ажары ұйықтап жатыр ма, немесе жай көзін жұмып келе ме — анық біле алмады. «Мейлі, демала берсін! Ұшақтан басқа жерде демалатын да жағдайы жоқ» деп қойды ішінен зайыбына іші елжіреп.
Олар, олар дегенім — ерлі-зайыпты Имаш пен Ажар, Үндістанға келе жатыр. Бірінші мәрте сапарлары…
Үнді суретшісі Раджкумар Стхабати. Арба
***
...Оо, ол кезде екеуі де бала еді. Имаштың жалындап жанып тұрған кезі. Үндістан дегенде ішкен асын жерге қояды. Содан… Балалардың ішінде ерекше көзге түсетін. Алғашында қатарластары, кейін ауылдың бәрі оны «Радж» деуші еді. Қыздар да, ол түгіл қазіргі жұбайы Ажар да, оны Радж деп танитын.
Ауылдың өзегі саналған, оның қақ ортасында тұрған клубтың жанындағы электр бағанына төрт жаққа қаратып қойылған шалдар «қалпақ» дейтін радио торабы арқылы үндіше музыка беріле бастаған кез, төрт көшедегі ағаштарға киноафишалар ілінеді. Көбінесе фильмдердің атауынан алдына қосымша «қырғызша», «былш-былш», «төбелес» деп жазылатын жерге «индийский» деп жазылғанын көріп, толық сенімді болған соң, елдің бәрі үнді киносы келгенін білетін. Біледі де, шөптегісі шөбін, темекідегісі темекісін, малдағысы малын, ұйқыдағысы ұйқысын тастап, күн батқаннан селден қашқан сайдың тұрғындарына ұқсап тәуір деген киімін киіп алып, қыздар «Красная Москва», жігіттер «Шипр» әтірлерін өші бардай үсті-басына құйып алып клубқа келеді.
Киносы да дереу бастала қоймайды. Киномеханик Жолбарыс ағай совхозға барып па, не район орталығына барып па, әйтеуір киноны қуып барып, ол жақтағылар бір табағын көріп болғанша отырады да, содан сол бөлігі біткеннен дереу таспаны кері айналдырып жинатып, алып келіп қоя бастайды. Жапа-тармағай жым отырып көреді. Пах, ол кездегі киноның сиқыры басқаша…
Бір жолы «Господин 420» деген кино келген. Отырғандар күлетін жерінде күліп, жылайтын жерінде жылағаны жылап, жыламағаны көздеріне жас алып шыққан. Имаш та жылаған сол кезде. Сол кинодағыдай болғысы, Бомбейге барғысы келген. Содан оған еліктеп шыққан. Құдды өзіндей бола қалғаны. Жаңа жылдағы шырша мейрамы еді. Имаштардың сыныбы кім нені дайындайды дегенде, оның Раджға еліктеп ән айтып жүргенін біліп қойғандар бірден сынып жетекшісіне «Имаш «Господин 420» болсын» деп ызыңдап қоймады. Болмаймын дегенге қарамады, сыныптың намысын қорғау керек, қала берсе қыздарға, бірінші кезекте өзі ұнатып жүрген Ажардың көзіне түсейін деп тұр.
Төбесі әне-міне құлайын деп тұрған ескі ат қорадан тоғыз жерден қыры сынған шляпа тауып, оны әбден майланған басының бір шетіне қондырып, әкесінің ақ жейдесіне бабочка галстукқа ұқсатып бірдеме жасап тағып, тозығы жеткен шалбарын киді. Әжесінің шетен таяғын иығына қойып, оның басына атлас шаршы орамалға ескі-құсқы шүберектерді орап асып алып, балағын тізесіне дейін түріп, екі аяғына екі түрлі бәтеңке іліп алып, қастарын қалың етіп күйемен сүрмелеп, қара бөстектің шетінен кесіп алып, Чаплиндікіндей етіп жіңішкелеп қияқтай мұрт жабыстырып алса, құдай-ау, әлгі кинодағы сандалбай жігіттен аумай қалады екен.
Сахнаға «Bombej — 420» деп көшенің тақтайшасын іліп, өзін бірде жылан көргендей, бірде түйе мініп, бірде піл мінгендей көрсетіп, тағы бір сыныптасына мандолинаның тарын тырнатып қойып, ойнақтап әндетіп қояды тағы:
Мен барамын Бомбейге,
Табылар жұмыс мендейге.
Табылмаса қайтейін,
Мен сияқты кедейге.
Көздерін бірде сөнетін шырақ отындай мөлдіретіп, бірде алыстағы жұлдыздай жымыңдатып, бірде кірпіктерін сүзіп, аяқтарын бірде қырықаяқтың жүрісіндей майдалатып қайшылатып баса, бірде екі аяғын кезек-кезек биік-биік көтеріп әндеткенде шыршадағылардың бәрі қыран күлкі болып, ол түгілі директор санын ұрып қарқылдап күлгені бар. Көз қиығымен сыныптың, сыныптың емес — мектептің, мектептің емес — ауылдың, ауылдың да емес — бүкіл әлемнің аруы Ажарға қараса, ол жүзіндегі қуанышын жай ғана қолын шапалақтап білдіріп тұр екен, одан бетер толқып кетіп, ортаны ары-бері айналып, әнін қайта бастап жіберді.
Міне, сол Ажары жанында отыр. Ұшақтың иллюминаторына басын қойып алыпты, оны бері тартып қойсам ба деді де, кенет оятып алудан қорықты.
— Құттықтаймын! — деді Ажар шыршадан кейін жанына келіп. — Радж Капурдың өзінен аумай қалыпсың...
Бұл мақтауды естіген Имаштың беті бал-бұл жанып, арқасында сансыз құмырсқа өріп жүргендей шымырлап қоя берді. Ажарға бір мәрте тіктеп қараған сонда, бірақ тынысы тарылып, үні шықпай қалды. Не десін, ақыры жақсы көрген сыныптас қызы, сабақты бәрінен жақсы оқитын қыз, түстеріне кіріп түнімен дөңбекшіткен қыз өзі келіп, келгенде де бетпе-бет жақын келіп осылай деп тұрса...
«Қаңғыбас», «Бобби», «Сангам», «Зита мен Гита», «Менің атым — Сайқымазақ», «Танцор Диско», «Пілдер — менің достарым», тағы басқа үнді кинолары келген сайын Имаш клубтың сыртында есіктен сығалап тұрады да, қашан Ажардың әпке-сіңлілерімен ішке кіретін кезін аңдып, кіргеннен шап беріп, оның артындағы қатарға отырады. Содан екеуі бір-біріне ұрлана қарайды келіп, қарайды келіп... Бірі жыласа, екіншісі де жылаған болады... сыртқа шыққаннан Имаш олардың артынан ереді. Еруін ереді ғой, бірақ бір қадам да жақындай алмайды. Қыздар үйлеріне кірерде артына бір жалт қарап алады да, сықылықтап күлген бойда үйге кіріп кетеді...
Имашта болса бұл түні ұйқы жоқ. Түсі ме, қиялы ма — анық білмейді, көбіне Үндістанда жүрген болады. Жанында Ажар. Екеуі екі таудың басында тұрады да, жүгірген бойда әндетіп келіп ортадағы көк майсаға келіп аунап, құшақтары айқасып ары-бері домалай бастайды. Содан екеуі пілге мініп, пілдің үстінде би билеп, ән салады. Бірде арттарынан маймылдар қалмай еріп, қандай да бір сырлы ағаштың бұтақтарына шығып алып, бейтаныс бір жемістерді қарша жаудырады үстілеріне. Бірде сансыз көп пілдердің артынан көкпеңбек көлге келіп, пілдер ұзын тұмсықтарына су толтырып, екеуіне қарай бүркіп жібереді, бұлар болса жұқа көйлектері сығып алардай су болып, Ажардың омырауы Имаштың көзіне оттай басылады...
Бір жолы барлық жоғары сыныптар экскурсияға — тауға барған. Жұптасып ойнап жүрген. Балалардың бірі «ыр кесе» бастаймыз деп қалып, өзі ән айтып болып кесені күтпеген жерде Имашқа созды. Ол болса қызара-бөртіп не қыларын білмей тосылып қалғанда, Ажар қызыл орамалын алып, онымен бетіп жауып: «Кел, мен Бобби болам, сен Радж бол», — деп әрірекке жүріп кетті. Қыздар мен ұлдар жалына кетті: «Әніңді шырқатып жіберші, Радж!», «Бол енді, Радж!», «Боббиді күттірмесеңші!»
Имаш анадайда өзіне наздана назар салып тұрған Ажарға жалт қарап алды да, «Сангамның» әуеніне басты:
Оо, Бобби, Бобби, Боббижан,
Маңдайыңның қалынан.
Эх-хе, ох-хо!..
Оо, Бобби, Бобби, Боббижан,
Тамағыңның ағынан.
Эх-хе, ох-хо!..
Оо, Бобби, Бобби, Боббижан,
Қара-қара қасыңнан.
Эх-хе, ох-хо!..
Сөйтіп әуенін созып ары жақта бетін қызыл орамалмен көлегейлеп тұрған Ажарға айналып билеп барып еді, ол қылықтана масаттанып тұра берді. Табиғаттың соншалықты әдемілігі ме, сыныптастарының қолдауы ма, не Имашқа мойынсұнған түрі ме, әйтеуір Ажар ешкімге ашпай құпия сақтап жүрген өнерін жарқ еткізіп, мың бұрала билеу былай тұрсын, кинофильмдегі әйгілі әнді шырқатып қоя берсін: «Жилика мичали, хамика биназар, пойдоке, пойдоке, ох-хо, ох-хо... аааа...».
Сыныптастары да мұндай тосын көрініске делебелері қозғандай:
— Боббиге бар!
— Радж жақында, жақында!
— Радж! Радж!
— Ашсаңшы, ей, орамалын!
Имаш құдды бір үнді киноларындағыдай жүгіріп барып, Ажарды аш белінен құшақтай алып өзіне қарай икемдей тартып еді, қыздың жас шыбықтай талдырмаш денесі жігіттің қарулы білегіне еркінен тыс майысып барып құлады, бет-жүзін көлегейлеген орамалы желге ұшып, Имаштың бетіне алаулаған беті тиген еді...
— Үндістанға кетейік пе?! — деді Имаш Ажар ғана еститіндей сыбырлап қана.
— Кетейік! — Ажар да именбей, жігіттің оттай жанған көздеріне тік қарады.
Раджкумар Стхабати. Әйелдер
***
Мектепті бітірген соң екеуі де қалаға, жоғары немесе орта дәрежелі оқуға түсуге ұмтылмады. Кәмелеттік аттестат қолға тиген күні-ақ шам жамыраған кезде екеуі қол ұстасып Имаштың үйіне кіріп барғанда, әкесінің де, шешесінің де есі шығып кеткен. «Әй, Имаш, не ойлағаның бар, әлі екі ағаң қатын алған жоқ...» Имашы болса жұмған аузын ашар емес, жәудіреген көзін Ажардан ала алмайды. Қайдан келгенін кім біледі, әкесінің ағасы бір құйрықты қошқарын жетелеп кіріп келді, Имаштың әкесіне қарап: «Жүр, Тоқтар, қыздың әкесінің алдынан өтіп келейік», — деді де, інісін әй-шайға қаратпай асықтыра бастады. Сөйтіп олар барып келді. Ажардың шешесі де жылап-сықтап қалыпты о жақта.
Сол түні, бүкіл ауылдықтар айтпақшы, «индийский махаббат» бір қырғыз шаңырағының көтерілуіне себепкер болған.
Жас жұбайлар бір-біріне құмары қанбай кей түндері таң атқанша үнді киноларына еліктеп шығады. Екеуі қол ұстасып үнді киноларын көру үшін аудан орталығына ғана емес, облыс орталығына да барып келетін. Ауылдың, колхоздың атынан ән байқауларына, айтыстарға, тағы басқа да байқау-сайыстарға қатысып, үнді киноларындағы әндердің орындаушылары ретінде, бүкіл аймаққа Радж бен Бобби ретінде танылды. Колхоз бастығы «Үндістанға туристик жолдама келсе екеуіңді жіберемін» деп дарылдап жүріп, малдың саны жетпей сегіз жылға сотталып кетті.
Екеуі болса күнде Үндістан туралы, Үндістанға бару туралы армандағанымен ол жаққа бару еш бұйырмады, сол кездегі социалистік өкімет те капиталистік Үндістанға баруға рұқсат етпей, одан қалса үйі тез арада балаға толып, әкелері бірден еншілеп берген сауын сиырларын бір-екі басқа көбейтеміз деумен, үй саламыз, көлік аламыз деумен жүріп, бара-бара Үндістан жайы мүлдем ұмытылған кезде, осылайша Үндістанға жолы түсіп отыр.
Жолы түспей қалсын!...
Раджкумар Стхабати. Көше иелері
***
Ұшақ әуежайға қонып, жолаушыларды шығара бастағаннан-ақ бір үнді қараторы жігіт Имаштың алдына арбасын тосты. «Отырыңыз» дегендей ыммен ишара қылды. Ажар мен Имаш бір-біріне қарады. Имаш отырудан бас тартып, өзі жүруге әрекет етіп еді, теңселіп кеткендей болды, Ажар қолтықтап алды.
Әне, Үндістан! Міне, Үндістан! Баяғы кинолардан көрген Үндістан емес. Қаланы тұман ба, түтін бе, түтін аралас тұман ба — бір ауыр нәрсе басып алған. Кез келген адамның тынысын тарылтады екен. Ыстық. Қапырық. Құжынаған нөпір адамнан басың да, ақылың да айналады.
Әуежайдың күту залына шыққаннан бұларды қолына орысша, ағылшынша жазылған түрлі плакаттарды, тақтайшаларды көтерген адамдар қарсы алып, жай ғана тосып алмай жапатармағай қаумалап алды, тіпті бір-бірімен құжылдасып, ұрсысып жатыр.
Бұларды көріп тұрып Имаш ауылдан шығарып саларда Қарыбек досының айтқанын есіне түсірді. Қарыбек досы әйелімен Бішкекке баласының үйіне барса, әйелінің іші ауырып, «Жедел жәрдем» шақырса, әй-түй жоқ «соқыр ішек болыпты» деп, қаланың бір ауруханасына алып барады. Қарыбек те ілесе барады. Барса, әйелін мал базарға келіп түскен семіз ісекке таласқан қасапшылардай хирургтар қолға тигізбей таласып жатқанының үстінен түседі. Бірімен бірі ұрсысып, боқтасып жатыр дейді: «мен алам», «мен жасаймын» деп. Ақыры сол таласқан бойда зембіл кереуетке салып алып кетіпті. Содан хирургтардың бірі айтады дейді: «Аға, сіздің де соқыр ішегіңізді алып тастайық, ақыры бір күні келесіз ғой, жеңгеміз екеуіңізге бірдей ота жасасақ, жеңілдік болады». Имаш досының сол сөзін қазір, осы жерде, Үндістанның әуежайында есіне алып, ол әзіл емес, күлкілі де емес екеніне көзі жетті.
Әлгі безілдеген үнді жігіттер шалдыр-бұлдыр орысшасы мен қырғызшаны да араластырып қояды, әрқайсысы өз ауруханасына баруды ұсынып жатыр.
Сол кезде бұлардың жанына бір жас әйел келді. Қазақ па, қырғыз ба деп тұрғанда «Саламатсыздар ма, қош келдіңіздер» деп қырғызша тақылдап қоя берді. Имаш та, Ажар да туысқанын көргендей қуанып кетті. Өзі туралы баяндап берді. Шынымен де қырғыз екен. Осы жаққа күйеуге шығыпты. Бес жылдың жүзі болған. Әлі бала сүймепті. Екеуін көлігіне отырғызып, шаһардың бір шетіне алып кетті. Қонақүйден орын да алып берді. Ол түгіл Имаштың құжаттарын, ауру тарихы жазылған парақтарды, ультрадыбыс жазуларын, сараптамаларды түгел қарап шығып, «ертең бір жақсы клиникаға алып барамын, Үндістанның ең мықты гепотологына көрсетемін, бүгін жақсы дем алыңыздар» деп, сондай бір жылы шыраймен қоштасып, шығып кетті. Екеуінің де бұл әйелге іштері кәдімгідей жылып қалды.
Имаш бұл жаққа келгелі кинодағыдай сұлу қыздарды бір жерден де көрмеді. Көрген қыздардың бәрінің өңдері жүдеу, ілмиген арық, қап-қара, аяқтарына да, үстіне көнетоз бірдемелерді іліп алған. Қане, баяғы кинолардағы ажарымен таңғалдырып тамсандырған сұлу қыздар? Қане, баяғы көмірмен сызғандай қап-қара қастары бар керілген кербез қыздар? Қане, баяғы түстеріне кіріп түн ұйқысын бөлген, екі қасының ортасынан сәл төменде — қақ маңдайында бармақ басқандай қалы бар керемет қыздар? Қане баяғы шұбатылған қызыл кездемемен неше қабат оралып, ол орамы оңай жазылмайтын, жазылса да соңына дейін шешілмей қалатын назды қыздар? Жоқ, біреуі де жоқ! Мұндағы сансыз көп үнділік қыздардан бұларды тосып алып, жылы сөйлеген қырғыз келін өлсе, соның өлігі артық сияқты…
Раджкумар Стхабати. Адам ұстаған сиыр
***
Ертеңіне бұлар ерте тұрғанымен, бұл жақта адамдар асықпайды екен. Көшелері де сыпырылмай, шашылғаны шашылып, ластанғаны ластанып, ыбырсып жатады. Қырғыз әйел де күн көтеріліп қалғанда керіліп әрең жетті. Содан Имаштың қалай ауырып қалғанын бір бастан сұрастыра бастады…
***
Қалай ауырып қалғанын Имаш өзі де білмейді. Ажары да бұл пәленің қалай басталғанын есіне түсіре алмай қойды. Жасы елуден өтіп тоқталып, бір күнін де онсыз өткізбеген үнді әндері біткен кезде бір жағы ауыра бастағандай болды. Қу тіршілік деп, балалардың жайын жасаймын деп жүріп дәрігерге көрінуге де уақыт табылмады. Бара-бара күші кетіп, дәрмені кеми бастағанын сезе бастады, асқазаны сыр берді, майлы тамақ жесе жүрегі айнып қиналатын болды. Кәрілік ерте келген екен деп қойды ішінен Имаш, сыртынан ешкімге сыр бермеуге бекініп. Содан күндер, айлар бір-бірін қуалап, асықтырып өте берді. Аудандағы қаралған дәрігері талдамаларын жіті көзден өткізіп, облыс орталығына гепатологқа жіберді, бауырда бір өзгеріс бар сияқты деп. Бауыр дәрігері сараптама алды да, әр түрлі аппараттардан өткізді, содан А гепатиті болыпсыз, біреуден бе, тамақ-астан ба, әйтеуір бір жақтан жұқтырған Боткин вирустары асқазаннан, ішектен қан арқылы бауырға өте бастапты, талғап тамақ ішіңіз деп, не істеу керектігін түсіндірді, аяғында «жассыз ғой әлі, ағзаңыз бәрін жеңеді» деп те қуандырып қойды. Ауылда ол айтқан жеңіл тамақтар, дәріленбеген таза көкөністер қайдан болсын, одан ол айтқандай қалайша ауыр жүк көтермей, жұмыс істемей жатсын. Организмі сары індетті толық жеңіп кететін күнді күтіп жүре берді.
Содан қол-аяғының терісінде ақшыл бір нәрселер пайда болып, зәр шығаруы сирексіп, дәрмені құрып, әлсіздігі күшейіп, оларға қоса демікпесі жиі ұстайтынды шығарды. Қайта облыстағы таныс дәрігеріне барды, Ажары қосылып барды, жаңа жылдың қарсаңы деп бір семіз күрке тауықтың қоразын сойып алған, оған тағы майда-шүйде, бөтелке-сөтелке қосып қойды, қазір онсыз сені кім қарайды. Тағы қыруар талдама алып, УЗИ-ге түсіріп, дәрігер жайбарақат: «Бауырыңыздағы паразит құрттар көбейіп жатыр екен, олар белокты құртып жеп, ағзаңыз олармен күресе алмай жатыр», — деп қойды. Бір топ дәрілердің атын жазып беріп: «Базар ішіндегі, көпірдің жанындағы сегізінші нөмірлі дәріханадан ғана алыңыздар», — деп есік алдына дейін шығарып салды.
Дәрілері қымбат болса да, сол айтқан сегізінші нөмірден алып кетті.
Ауылда да жағдайы жақсармады. Көзі ғана емес, денесі де сарғайып кетті, үнемі діңкесі құрып, кейде несебіне қосылып қан шығатын болды, үлкен дәреті қарайып, жүрегі айнып, құсады, аузы құрғап су ішкісі келеді, бірақ көп іше алмайды. Шаштары түсіп, өкпесі су толғандай зіл батпан...
Кейінгі жолы дәрігерге барғанда індеті гепатиттің Д, дельта деген вирустық түріне өтіп, вирустары миллиондап кеткенін естігенде Ажар зар жылап жіберді. «Мына дертке шалдыққан тек сенің байың ба, — деді дәрігер қатты сөйлеп, — қазір вирусты гепатитпен ауырғандар екінің бірі, СПИД-пен ауырғандар да жүрген жоқ па! Ай сайын маған келіп тұрасың, баяғы дәріханадан мен жазып берген дәрілерді алып ішесің». «Шетелдерге барсақ болмай ма?» — деді Ажар көзіне жас алып. «Шет жаққа барғанда қалай, енді, — деді дәрігер, — мысалы, арзанына малданып Үндістанға барасыңдар, ол жақта мен оқытқан жас балалар жұмыс істейді, елу-алпыс мың доллар ақшаларыңды қағып алады, сол бойдан келесіздер, одан гөрі ауылдарыңның ауасы, менің дәрілерімнің пайдасы молырақ...».
Амалы таусылды. Ажар күйеуінің бірге туғандарын кешкі ақыл шайға шақырды. Ананы айтысты, мынаны айтысты. Қолдан келгенше әңгімеге араласпауға тырысты. Бір кезде дәрігер абысыны: «Аяқ астынан бауырды ауыстыру керек деп қалса-шы», — деп сұрап қалмасы бар ма. Содан жауап болмаған соң өзі тағы жалғастырды: «Ондайда донор іздеу керек. Олар бауырын арзан бермесі анық. Одан қалса, басқа адамдікі оңайлықпен бауыр болып кетпейді. Ата-ана, жақындардікі ғана сіңісіп кетеді».
Имашты тағы ауыр ой басты, ата-анасы тоқсаннан асып, сыртқа әрең кіріп шығады, екі күннің бірінде ары кетіп, бері келеді. Мұндайда үйде бір-екі семіз мал тұрмаса, ертең «бәленшенің балаларындай» деп елге күлкі боласың. Екі ағасы, бір қарындасы — үшеуі де бауырымызды береміз деп шыққанымен, дәрігер жеңгесі күйеуі жаққа ымдап: «Ананың бауырын ала бересіңдер ғой, кейін бұл да майып боп қалса…» деп жыландай басын қақшаңдатты. Ал кіші ағасының әйеліне бәрібір, күйеуінің бауырын емес, басын алып кетсек де мыңқ етпейді. Күйеуі осы жағдайға жеткізген, күнде ішеді. Онда бауыр да қалмаса керек.
Қоймай жылап-сықтап, «менің бауырымның жартысын алсаңдар да ризамын» деген қарындасына рахмет. Қыздың аты қыз ғой. Күйіп жатыр. Бұл да бір сорлы. Үйлене салып күйеуі Ресейге ме, Кореяға ма — бір жерлерге кеткен жоғалып. Жылына бір-ақ рет келеді де, әйелінің бойына бала бітіріп кете береді, не ел қатарлы ақша жіберген емес. Содан төрт балалы болды. Сол кеткеннен байы да із-түзсіз жоғалды. Сегіз жыл күтті байғұс қарындасы. Содан ауылға бір дағуатшы келді. Келді де төрт балалы жүдеген әйелді көріп жанына үйір болып шықпай қойды. Әйтеуір бір кітаптарды оқып, өзіне-өзі жол ашып, оны әйел етіп, балаларын бала қылып алды. Одан екеуін туды. Ол да кетуге айналды. Дағуатқа деп Ошқа, түстікке, Нарынға, Көлге кетіп жүріп, содан Пәкістан, Бангладеш жаққа асты. Сол молда күйеу баласы бір ретте Үндістанға барып, Имаш пен Ажарға пілдің мүсінін әкеліп берген. Енді бір керемет піл… Алтын жалатылғандай жарыққа қаратсаң жалт-жұлт етеді. Имаш көргісі келген, жанына Ажарды отырғызып алып мінгісі келген, түстерінде, қиялдарында көрген пілдің өзі. Сол пілді сыйға тартқан соң әлгі дағуатшы күйеу баласы да жоғалды. Шамасы еліне кеткен-ау. Елі қай жақ екенін Имаш көп сұрай бермеуші еді, бірде қарындасының бұрынғы күйеуінен туған үлкен баласы мас болып, «Бадахшаныңа кет!» деп қуалап жүргенін көріп қалған.
Сол алты балалы жесір қарындасының бауырын қалайша өзіне салып алсын. Одан гөрі Имаштың өзінің кете бергені жөн емес пе.
— Бауырымды мен берем! Менікін алсын! — деп Ажар жұлқына сөйлеп орнынан тұрғанда бәрі жеңіл демалып, арқаларындағы ауыр жүкті түсіргендей болды.
Осылайша мәселе де шешілді. Ертеңіне Имаш екі баласымен базарға барып, көлігін, қорадағы тоғыз қойын сатты да, Үндістанға жол тартты...
Қырғыз келін бұларды қонақүйден онша алыс емес жердегі клинакаға алып барды, анализдерін тапсырды, қайта томографияға түсті, Қырғызстандағыдай емес, бәрін бес минутқа жетпей қолдарына ұстатады екен. Имаш қатты қиналып кетті. Отыра қалады. Лоқсиды.
— Қазір мына жекеменшік клиниканың бас дәрігеріне кіреміз, — деді қырғыз келін. Әлгі әйелдің атын да сұрап алған жоқ. Ауылдың адамдары ғой. Бәрін өздеріндей көреді.
Бас дәрігердің қабылдауына кезек үлкен екен. Әлгі қырғыз әйел кезекке де қарамай тура сүңгіп кетті есікке.
— Оо біздің ағай ғой, — деді бас дәрігер, индус жігіт, бұлардың қағазындағы гематологтың жазғандарын оқып жарым-жартылай қырғызша, көбіне орысша сөйлеп. — Жақсы кісі, бізді оқытқан. Бірақ бұлар сол ескі жүйемен қалған. Әлемдік медицина басқа жаққа кетті. Олар әлі бір орында тұр, ілгері баспайды. Мен де сол жақта оқығам.
— Ой, айналайын, жақсы болды ғой. — Ажардың жүзіне нұр тарады.
— Сіздерге күйеу бала боламын, — деді де, қырғыз келінге жымия қарап қойды.
— Сіздер ме? — деді Ажар жақтырмағандай қырғыз келінге ала көзімен тігіле.
Содан әлгі екеуі ағылшынша, үндіше араластырып Имаштың ауруының талдамадарын талқылап, кейбір жерлерін Имаштан тағы нақтылап сұрап қойды.
— Радж мырза тек бір амалы бар дейді, — дәрігердің қырғыз әйелі осылай дегенде Ажарға да, Имашқа да қызық естілді. Бірақ неге екенін ана екеуі білген жоқ. Шамасы дәрігердің аты мен Имаштың атының жақын болғанынан болар. — Бауырды ауыстыру керек. Вирустар тым көбейіп, миллиондап кеткен.
— Басқа амалы жоқ па? Дәрімен сауықтырып алса болмай ма? — деді Ажар мұндай жауапты күтпеді ме, шыр-пыры шығып.
— Бауырдың зақым көрген бір бөлігін алып тастаса да болатын шығар? — Имаш жоқ дегенде осындай боларын көкейіне түйіп жүрген бе, ішін көптен бері түйреген сұрағын дереу қоя салды.
— Болмайды екен! — деді қырғыз келін дәрігермен ағылшынша сөйлесіп алып. — Вирустар барлық жерді иелепті. Пересадка ғана керек дейді. Бұл жақтан донор тапсақ болады. Мен таныстар арқылы ондай біреуді жиырма мың долларға көндіре аламын, содан тағы оны жоқ дегенде бір жыл қарап, емдеп, дұрыс тамақ беріп тұрамыз, оған он мың тастап кетесіздер. Бірақ онікі сәйкес келмей қалса, тағы қиын, жақын туыс болғаны дұрыс, бірақ олардың бәрі жас емес екен, жасы өтіп кеткендердің бауырын алу, оны біреуге салу — тап-таза тәуекел ғой.
— Ал сіздер тапқан донормен Имаштың бауырын алмастыруға қанша кетеді? — Ажарға көптен бері маза бермеген сұрақ өзінен-өзі туындады.
— Ондайда донорға отыз десек, отаға дәрілерімен қоса отыз кетсе, алпыс, бұл өз арамызда, таныс болғандықтан, әпке, — деді жайбарақат сөйлеген әйел.
«Содан өмір бойы майып боласың, өмір бойы көпірдегі дәріханадан дәрі алып өмір сүресің» деп ойлады Имаш ішінен. Солай ойлады да Ажарға қарап:
— Кеттік! — деді.
— Мен берем бауырымды! Менікін алыңдар! — Ажар батыл сөйледі дәрігерге қарап.
— Керегі жоқ! Керегі жоқ, сенің бауырыңның! Сенің бауырың таза тұрсын, Ажар! Сенің бауырың кесілмесін, Ажар! — Имаш делқұлы болған бәңгідей қаншадан бері айтып келе жатқан сөздерін тағы бір қайталап, айғайлай жөнелді. — Кеттік дедім ғой, кеттік!..
Раджкумар Стахабати. Жүк көлігіндегі құдайлар
***
Екеуі жетектесіп сыртқа шықты.
— Ажар, біздің «Господин 420» деген киномыздағы «бәрі сатылады, бәрі сатып алынады» дегенді білесің бе?
— Білем. Сен ше, сол кинодағы:«Тұрмыс деген не? Тұрмыс деген — алтын құс» деген жері есіңде ме, Имаш?
— Есімде! Бәрі есімде!
— Менің де бәрі есімде!
***
Сыртта үп еткен самал жоқ. Имаш демігіп, аяқ-қолы қалтырап, ара-арасында тырсиып кеткен қарнын ұстап лоқсып барады.
— Піл көрейік, саябаққа барайық! — Ол әрең-әрең сөйлеп, отты көзімен Ажарға қарады.
Ну тоғайдың бір шетіндегі хайуанаттар бағы жақын жерде екен. Жеңіл арбаға отырып тез жетіп алды.
— Кел, ән айтайық? Сол баяғыдай. Жас кездегідей... — Имаш пальмаларды аралап бара жатып пілдерді көріп тоқтай қалды.
Сөйтіп екеуі жаңа ғана тұрмыс құрған кездегідей ешкімді көзге ілмей әндетіп, билеп кетті.
«Ичики даана, ичики даана, даана упур даана, ичики даана, даана упур даана, аа... аа... аа...» деп шырқаған Ажарды бір пальмаға дейін қуып барды, барса — жоқ, басын арғы пальмадан шығарады да, басқа әуеніне басады: «Мүл мүл кина ей, мүл мүл ки, мүл мүл кина ей, мүл мүл ки... аааа...аааа...»
Имаш жетіп барса Ажар жерде жалпасынантүсіп жылап жатыр екен. Үнді киноларында осылай жылаушы еді, көздерінің жасын көл етіп. Ажар да дәл солай жылап жатыр.
Имаш «Мен барамын Бомбейгесін» бастады. Екеуі сықылықтап күлген болғанымен күлкілері шын жүректен шықпағаны сезілді. «Бұл не, бой жазып жатыр ма» деген жаман ой келді бір сәт Ажарға. Әлгі ойынан шошып кетті, «Өмір бойы аңсаған Үндістанына келгенге, қалың тоғайды аралап көңілі ашылған ғой, халы жақсарсын, лайым» деді қайта сүйініп.
Содан екеуі піл мінетін жерге келді. Басқыштармен пілдер тоқтап тұратын шағын дөңеске Имаш әрең-әрең көтерілді.
Піл мінген кісі жануарын абайлап ақырын тоқтатты. Бір жігіт екеуін қолынан жетектеп, пілдің жонына арнайы жасалған үсті жабық, шеттері әдемі пердемен тұмшаланған отырғышқа отырғызды. Екеуі жанаса отырды. Піл орнынан қозғалды. Адам құлашы жетпес үлкен құлақтарын адым басқан сайын бұлғақтатып, зілдей аяқтарын кезек-кезек алдыға тастайды. Пілдің бас жағында бұлардан сәл әріректе отырып пілді жүргізген индус жігіт телефонынан бір қызық кино көріп отыр ма, ара-арасында қарқ-қарқ күліп қояды.
Имаш пальмаларды, оның бастары тиіп тұрған Үндістанның аспанынан көз алмай келеді. Бір кезде пальмалардың орнына аршалар көрініп, тоғайдың орнында таулар пайда болып өз ауылы, алыстағы ақ қарлы асқар шыңдар, одан беріде бала кезінде мал жайып жүрген жайлаулар, экскурсияға шыққанда Ажар екеуі әндетіп, билеген бұлақты сары жазық көрінді…
Сонда оның Үндістанға келгені, пілдер, маймылдар — бәрі түсі болды ма, оның бәрі қиялындағы ертегі ме?!..
Бір кезде Ажардың қатты шыңғырған дауысынан тоғайдағы бір топ құс аспанға пыр етті. Піл басқарған кісі артына жалт қарады…
Имаш болса әлдеқашан ұмыт болған, енді ешқашан, еш жерде айтылмайтын ескі бір әуенді ыңылдап жатқандай:
«Мен барамын Бомбейге...»
2019 жылдың мамырыҚырғыз тілінен аударған Гүлнұр Қыранбайқызы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі