Сонау 1928 жылы тамыр жая бастаған "Жұлдыз" журналы бүгінгі таңда беделді әдеби басылым. 1928 - 1932 жылдары "Жаңа әдебиет" , 1932 - 1939 жылдары"Әдебиет майданы", 1941 - 1945 жылдары "Майдан", 1939 - 1941, 1945 - 1957 жылдары "Әдебиет және искусство" атауымен жарық көрген журнал ақыры келіп "Жұлдыз" атауына ие болды. Жұлдыз десе дегендей-ақ жарқырап, оқырман қауымның ыстық ықыласы мен үлкен сұранысына ие болды. Бүгінгі таңда да тиражы мен типі, саны мен сапасы көңілге қонарлық басылымның қоғамда өзіндік орны, және өзіндік айтар ойы бар.
"Жұлдыздың" қазіргі таңдағы тынысына тоқталар болсақ, бас редакторы - белгілі ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай. Ғасырға жуық тарихы бар әдеби басылымның әр саны рухани-мәдени өмірімізге жаңалық сыйлап, жан-дүниені байытады. Журналдың " Проза", "Поэзия", "Сыр сандық", "Түрік дүниесі", "Жас толқын", "Сөз сәулесі", "Мерей", "Әдеби сын", "Зерде" сынды тұрақты айдарлары бар.
Мазмұндық, тақырыптық ерекшелігіне келер болсақ, сөзсіз, әдебиет әлемімен тығыз байланыс орнатқан журналдың мазмұны бай, көтеріп отырған тақырыптары терең мәнге ие. Әрбір саны жаңа туынды, жаңа ойға толы. Мысалы 05.04.2021 ж. нөмірінің "Проза" айдарында Мұхтар Мағауиннің "Балақан". "Енді, айқындама, шағын кіріспе сөзден соң, бүгінгі ұзақ ғұмырдың бастау жылдары туралы бүкпесіз, риясыз хикаяға кірісейік" дейді автор сөз басында. Ал 16.02.2021 ж. санында жарияланған Көлбай Адырбекұлының "Кебенек киген келеді" әңгімесі тіптен керемет. Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға бейбіт шеруге шыққан Мырзағұлдың оқиғасы оның жұбайы тарапынан баяндалады. Тарих пен тағдырды қоса баяндайтын шығармада астарлы да ауыр ой жатыр десек қате болмас. Одан бөлек соңғы айларда жарияланған Шәрбану Бәйсенованың "Қызай ана", Әбділдабек Салықбайдың "Наркескен", Нұрғали Оразбайдың "Шыбын жан көкке ұшқанда" және тағы осы сынды тағылымы мен ғибраты мол әдеби туындылар да зор әлеуметтік мағынаға ие.
"Жұлдыздың" 24.02.2021 ж. санының "Поэзия" бөлімінде "Тағдырым да секілді бір ескі өлең" тақырыбымен Жүрсін Ерманның бірнеше жүрекжарды туындылары беріледі. Тағы бір санында Мерей Қарт есімді азаматтың "Меланхолия", "Қайран Семей", "Жындыхана", "Күз келген жоқ" деген әсерге толы өлеңдері берілген. Жалпы бұл бөлімнен сан түрлі автордың сан түрлі ойын, өрнегін көруге болады. Қара сөзді қиыстырып өлең еткен ақынжан жүректердің небір толғанысын, дүниетанымын, пікірлерін көре аламыз. Мысалы: Мағиза Құнапияқызы, Рахым Балабиев, Әсел Оспан, Қорғанбек Аманжол, Арман Қани, Алма Түсіпбекова сынды авторлардың көп өзгешелікке толы көркем өлеңдерінен әсерлі сюжет, әсем ойлар байқаймыз. "Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы" деген Абайдың сөзінен асқан теңеу бар ма? Сөздің сарасын оқырманға үздіксіз ұсынып жүрген бұл айдар ерекше эмоцияларымен, тақырыптық алуандылығымен ерекшеленеді.
"Сырсандық" болса, оқырман асыға күтіп, қызыға оқитын бөлім. Мәселен, журналдың 05.03.2021 ж. санында Сағатбек Медеубекұлының "Сөз басы немесе Мұқағали тілімен алғашқы таныстығым" атты материалы жарияланды. "Мұқағали шығармаларының бес томдық жинақтарында қате жазылған сөздердің қай томда, қай бетте екендігін және ол сөздің дұрыс жазылуы үлгісін көресіз.
Осынша мазмұны бай, ішкі-сыртқы пішіні үйлесімді, мағынасы да, мәні де зор сөздіктің дүниеге келуі-шын мәнінде қазақ тіл білімінің үлкен жетістігі дер едік. Бұл сөздік арқылы Мұқағали сынды қайталанбас тұлғаның тілін, тілі арқылы дүниетанымын түсінеміз, нәтижесінде ұлт тілінің байлығына, бай тілдің құнарына кенелеміз, қазақ деген халықтың ана тілінің шұрайлы да құнарлы бай тіл екендігіне көз жеткіземіз. Бұл сөздік – мұқағалитану ғылымының зор табысы. Бұл сөздік – сонымен қатар ұрпақтан ұрпаққа ұласар, ғасырдан ғасырларға жалғасар ұлт мұрасы" - деп қорытындыланған туындының құнары ерекше, сөлі бар да суы жоқ. Қарасаздың мұзбалағына арналған осы сынды сырсандық 01.02.2021 ж. санда да жарияланды. Авторы - Нұрлан Сәрсенбаев. "Мұқағали күнделігіне зер салғанда" деп аталатын туынды мазмұнды да мәнді. Аталған бөлімде осындай қызықты материалдар өте көп. Күміс Бұлақ есімді автордың "М. Мағауин: қаламгер кітапханасы және жазу столы" шығармасы да оқырман жүрегіне жеткен тың туынды.
Жоғарыда аталып кеткен айдарларда да мағыналы да ойлы әдеби туындылар көптеп жарияланып жатады. Бірінен соң бірін оқып, бір демде-ақ бітіріп тастайсың. "Жұлдыздың", бәлкім әдебиетпен біте қайнасып жатқандығынан да болар, әр саны, әр парағы ғибратқа толы. Әрбір бөлімнің өз тынысы, өз арнасы бар. Бұл басылымның қай санын қолға алсаң да таңданыс пен түкпірдегі эмоцияларды жасыру мүмкін емес. Мазмұнға бай, тақырып таңдауда қырағы "Жұлдыздың" ғұмырлы келе жатқандығы да айтар ақылы мен берер білімінің көптігінен болар, сірә?!
Журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының 1 курс студенті Мейірбек Баян
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі