Көрегендіктен тағы бір көркем көрінісі
Сынга түскен екі ұдай тұста мына,
Қарамайды ол бақытқа, бас қамына,
Лайық ол байқасаң қазақ түгіл,
Әлемді де әдемі басқаруға.Ғафу Қайырбеков
Тіреусіз Аспан жаратқан, төңкерілген көк күмбездей алып көкке Ай мен Күн орнатқан құдіреті шексіз, мейірім, шапағаты мол Алла тағаланың қазақ халқына сыйлаған баға жетпес ең үлкен бақыты - ғасырлар бойы арман болған Тәуелсіздік! Жаннан да тәтті, қаннан да қымбат Тәуелсіздіктің ошақтың үш тірегіндей мықты үш діңгегі бар. Олар: еңбеккер қазақ халқы, Ұлт бағына туған Ұлы тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, ұлтаралық келісім мен бірлік. Елі еңбексүйгіш, көш бастаған көсемі көреген болса аспайтын асу, алынбайтын қамал жоқ. Қазақстанның ТМД-да көшбасшы болуының бір сыры осы. Бар болғаны жиырма тоғыз жылда ғасыр жүгін арқалаған Қазақстанның әлем таңқалған табыстары еліміздің бүкіл халық сайлаған тұңғыш және қазіргі Президенті Н.Ә. Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Мадақ сөзге сараң, аса сақ, ауызы дуалы сақа саясаткер Сүлейман Демирель: «Оған теңдесетін ешкім жоқ» деп бекер таңдай қағып, тамсанбаса керек.
Миллиондаған халықтың көшбасысы, көсемі болып, өз елінің жұлдызына айналған әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің осалы жоқ. Олардың бәрі де саясат әлеміндегі су төгілмес жорға. Сол кемел ойлы кемеңгер саясаткерлерден Нұрсұлтанның ерекшелігі, артықшылығы десек те асыра айтқандық емес, аса қиын биіктер мен күрделі міндеттері алға қоя алатындығы, ең маңыздысы - қиын істің қиюын тауып, асыл арманға қол жеткізе алатындығығ Соның мыңнан бір мысқал мысалы - «Қазақстан - 2030» бағдарламасы.
Н.Ә. Назарбаевтың Жаратқан Ием жомарттықпен сыйлаған тағы бір қасиеті - уақыттың тамырын дәл басып, қиын ситуациялар кезінде ұтымды да ұтқыр шешімдерді дер кезінде батыл қабылдай алатын қабілеті. Осыған орай Ұлт көшбасысының көрігендігіне көптеген мысалдар келтіруге болады. Әйтседе, көзіқарақты қауым жақсы білетін өткендегі жайларды қайталап, оқырманның уақытын алмай, Елбасының биылғы жылқы жылы тамыз айының алтыншы жұлдызында Ақордада өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан аталы, баталы сөздері мен онда қабылданған шешімдерді еске алсақ та жеткілікті. Мына дөңбекшіген дүние, алашапқын, алмағайып уақытта әлемдік экономика тығырыққа тіреліп, Украинадағы оқиғаларға байланысты ТМД-дағы жағдай күрделі болып тұрған кезде, дер кезінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің экономика және әлеуметтік салаларының өзекті мәселелер қаралып, оң шешімдер қабылданды. Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформалауы, жаңадан бес министрлік құрылып, оңтайландырылған ықшам үкімет жасақталуы - дер кезінде қабылданған дана шешім болды. Ықшам үкімет саны көп, сапасы жоқ жиналыс, жиыннан арылып, кедергілерді жеңу жолында тиімді жұмыс істей алады әрі қағазбастылық пен демократиямен сыйыспайтын бюрократия да жойылады, жеке жауапкершілік күшейеді. Сәтті күн сәрсенбіде өткен жиында Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев қабылдаған тарихи шешімдер қытай философы Конфуцийдің: «Өзгеріс желі соққанда ақымақ адам желден қалқан болар қорғаныш тұрғызады, ал ақылды адам жел диірменін салуға кіріседі» даналығымен сабақтас.
Күн сайын қырық құбылып тұрған алақұйын уақыт, алмағайып заманда айтқан сөзі мен істеген ісі, дер кезінде қабылдаған даналық шешімдер адастырмас ақ жұлдызға айналған Нұрсұлтандай Ұлт Көшбасшысының болуы халық үшін құт. Ақордада, сәрсенбіде қабылданған сәтті шешімдер - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдағыны көріп, алысты болжайтын көрегендігінің тағы бір көрінісі.
Шетел ғұламаларының: «Назарбаевтай Президенті бар ел бақытты» деген сөзін өмір өзі күн сайын дәлелдеп отыр. Бақыт бағалағанның басында тұрады. Бақытымызды бағалай, ұлт бағына туған ұлы Тұлға Нұрсұлтанды аялай білейік.
Тарих ұзақ толғатып, сирек туатын қайталанбас хас тұлға Нұрсұлтан Әбішұлына айтар тілек, жүрек жарды сөз мынау:
Өзіңменен бірге менің жүрегім,
Сен жүдесең халқыңды ойлап жүдедің.
Ел тізгіне болсын ұзақ қолыңда,
Жүз жаста да лүп-лүп соқсын жүрегің.
У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті
Д.С.Жұмамұрат Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің шығыстану факультетінің 1 курс студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі