Белгілі қазақ қайраткері, қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай (Ибраһим) Алтынсаринның 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясы» атты еңбегі жарық көрді. Аталмыш оқу құралын әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ фольклористикасы» оқу- зерттеу лабораториясының ғылыми- қызметкерлері баспаға дайындап, 2003, 2007 жж. жарияланды. (Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. (Киргизская хрестоматия). Алматы: «Білім» баспасы, 2003. – 112 б.; Қазақ хрестоматиясы. Ы. Алтынсарин. Жалпы ред.басқарған С. Садырбаев. - 2- бас., - Алматы: Білім, 2007. – 112 б.). Қазіргі уақытта басқа да еңбектерімен таңысуға мүмкіңдік бар.
Сөз басында, автор: «Осы уақытқа дейін қазақ халқының таза қазақ тілінде басылған бірде- бір кітабы болған жоқ. Сондықтан, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда, амалсыздан, қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүр; сол себепті шәкірттерге ана тілін тастап, татар тілін үйренуге тура келеді.
Екінші жағынан, татардың кітап тілі, бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен, араб, парсы сөздеріне лық толған; қазақтарға түсініксіз.
Осылармен қабат, бір ескертетін нәрсе – қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық. Оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды: ой- пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана- сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр. Ал, осы аталған мақсаттарға жету жолында, мен білсем, осы күнге дейін ешқандай жетекші құрал болған жоқ» (Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. (Киргизская хрестоматия). Алматы: «Білім» баспасы, 2003. – 6 б.). Ашық және анық білдірілген пікір. ХІХ ғасырдағы қазақ халқының мәдени, оқу- білім алу жағыдайының көрінісі.
Қазақ хрестоматиясы (Киргизская хрестоматия) төрт бөлімнен тұрады: 1. Ұсақ әңгіме- ертегілер; 2. Үлкен кісілер турасындағы әңгімелер; 3. Әр түрлі өлең- жырлар; 4. Қазақтың мақал- мәтелдері. Осы еңбектің «Ұсақ әңгіме- ертегілер» атты бөлімінен екі әңгіме ұсынамыз.
Біріншісі. Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш.
«Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады:
- Анау өрмекшіні көремісің, не істеп жүр?
- Көремін, өрмек тоқып жүр.
- Анау құмырсқаны көремісің?
- Көремін, аузында бір нанның талшығы бар, жүгіріп кетіп барады.
- Жоғары қара, көкте не көрінеді?
- Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тістеген шөбі бар.
Сонда атасы айтты: олай болса, шырағым, ол кішкентай жәндіктер саған ғибрат: өрмекші, маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң өзіне азық етерге. Құмырсқа бала- шағаларына тамақ аулап, бір нанның талшығын тапқан соң, өзі жемей, аузына тістеп, қуанғаннан үйіне жүгіріп қайтып барады; қарлығаш балаларына ұя істеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де Құдай- тағала босқа жүруге жаратпаған, жұмыс жасауға әдеттенуге керек деді».
Екіншісі. Асыл шөп.
Зылиха мен Бәтима деген екі қыз бала төбесіне бір- бір жәшік жеміс көтеріп, қалаға келе жатыпты. Зылиха аһілеп- уһілеп, шаршадым деп, Бәтима күліп, әзілдесіп келе жатады. Сонда Зылиха айтты:
- Сен неге мәз болып қуанып келесің, төбендегі жәшіктің ауырлығы да менің басымдағыдан кем емес, өзің де менен күшті емессің?
- Мен жәшігімнің ішіне ауырды жеңілдететін бір шөп салдым, - деді Бәтима.
- Эй, ондай болса шөбіңнің атын айтшы, мен де ауырлықты жеңілдетейін, - деді Зылиха.
- Ол шөп сенің қолына түспей ме деп қорқамын, аты – Сабыр деген, - деді».
Ыбырай (Ибраһим) Алтынсаринның есімі, еңбектері қазақ тарихында мәңгі қалды. Ұлы Ұстаздың еңбектерінің жастарға өте білімді, ақылды, сапалы, өзіңдік мақсаты бар азамат болып қалыптасуына ықпалы зор. Біз ұсынған әңгімелері түсінуге жеңіл, көлемі кішкентай, тәрбилілік және еңбексүйгіштікке үйретудегі жақсы көмек құралы десек, артық болмас.
Ахметжанова Ажар. КазНУ им. аль-Фараби. Факультет истории, археологии и этнологии
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі