Өлең, жыр, ақындар

Жас өлке гүлденіп жайнай бер

Қарт Оралдың күнгейінен шығыстағы сонау Құлынды даласына, Қызылжардың терістігіндегі қайың жалдарынан Қарағандының көмірлі өңірлеріне дейін жалпақ дүниені жайлап жатқан Тың өлкесі. Батысынан шығысына дейін 1300 шақырымға, солтүстіктен оңтүстігіне дейін 900 шақырымға созылған. Алты жүз шаршы мың километр ұлан-байтақ осынау жерді алып жатқан бұл өлкеге Франция, Бельгияның екеуін қатар сыйғызуға болар еді.

Қостанай мен Солтүстік Қазақстан, Целиноград пен Көкшетау және Павлодар сықылды аса ірі бес облысты біріктірген бұл ұлан-асыр кең даланың өз тарихы, өз шежіресі бар. Тобыл бойында Балғожа мен Ыбырайдың мекені жатыр. Даңқты ұстаз күллі қазақ жастарына «Кел, балалар оқылық» деп осы арадан тұңғыш ұран көтерген Ыбырайдың дарынды шәкірттері Спандияр Көбеев пен Нұржан Наушабаевтың, Өске ақынның жаз жайлау, қыс қыстаулары да алыс емес сол арадан. Асыл Майраның, ақын Майраның өз аруына үзілдіре ән шырқаған, құйқылжыта күй төккен Керекудің кербез көрікті даласы жатыр қарсы алдыңда. Одан ассаң аспандағы аққумен әнін қосқан, өз тұстарында теңдесі жоқ ұлы әнші композитор Біржан сал мен Ақан сері туған сұлу Көкше тұр. Баурайында сексен көл желсіз түндерде ақырын ғана шулай сыңсыған ну ормандар ертегінің кереметтеріндей, көзің тоймас көңіл құмары басылмас сандық тастармен бөленген тізбек-тізбек тау күмбездері, сол күмбездердің құдіретіндей бойын бұлтқа тіреп Оқжетпес керіледі. Бұл — біздің сүйікті заманымыздың жаршысы, аяулы азаматы, бұлбұл ақыны Сәкен жырлаған Көкшетау. Жаңа өмір үшін жанын қиған азаттықтың қызыл туын көтеріп, Аманкелді, Амантай, Әділбек сарбаздары дүбірлетіп өткен азамат соғысы күндерінің бай тарихы да осы дала. Көкшетау қаласының төбесінен қарап тұрған Бұқпа шыңында он жеті жасар Валериан Куйбышевтің большевиктік листовка тыққан қой тасы қасиетті мұрадай сақталып, айналасы болат шынжыр, шойын діңгекпен қоршалған.

Иә, бұл даланың тарихы бай, бірақ болашағы одан да ғажап. Тың өңірді игеру тың өмірге жол ашты. Майбалық пен Қорғалжын, Жосалы мен Қойбағар жерлеріне совхоздың алғашқы қадасы қағылып, айналада ақ шатырлар орнағаннан бері өткен алты-жеті жылдың ішінде, қаншама игілікті өзгерістер болды десеңізші. Осы ұлан-байтақ аймақта 17 миллион гектар жаңа жер игерілді, жүздеген ірі совхоздар құрылды. Астық тапсыру мөлшері сегіз есе өсті. Тың бороздасы тартылардан бұрынғы жеті жылдың ішінде мемлекетке небәрі төрт жүз миллион пұтқа жуық астық тапсырылса, соңғы жеті жылда кемінде үш миллиард пұттай астық қоймаға құйылды. Тың егіні толқындап теңіздей шалқыды. Алып теңізден сүзіп алынған асыл маржан — алтын дән эшелондар мен кемелерге тиеліп Отан қамбасына құйылды, байлық даңқымызды еселей арттырады. Қысқа мерзім ішінде мемлекетіміз өлкедегі совхоздардың астығын өткізу есебінің өзінен ғана миллиард сом таза табысқа ие болды. Ал ақ селеулі, май көде қария даланың қара құйқасы тіліндегі жаңа совхоздар салуға небәрі он алты миллиард сом ғана қаржы жұмсалған еді. Бұл тың өңірді түрлендіруге мемлекет тарапынан көрсетілген қисапсыз көмектің айғағы емес пе?

Қазақстанда жаңа жерлер игеру, бір кездегі Магнитогор алыбын, Түркстан — Сібір, Целиноград — Қарталы темір жолдарын салу, Беломор — Балтық, Еділ — Дон каналдарын салу сияқты, халықтар достығының аса зор салтанатына ұласты. Газды, люстралы, әсем пәтерлерін, астананың ғажайып қызықтары, үйреншікті жылы орындарын тастап, мидай далаға Москва жастары ағылды. Тал шыбықтай бұралған, қарақат көз украин қыздары, ұршықтай үйірілген молдаван жігіттері, қыран ұялаған Кавказ бен Қырым. Көк жайқын көне Балтықтың албырт ұландары — ұлан байтақ Отанымыздың небір асыл азаматтары партия шақыруымен, комсомол жолдамасымен тың өлкеде тұрақты мекен жайлады. Жаңа жерлер игеру жайдарман халқымыздың жақсы қасиеттерін, жүрегінің ең асыл, аяулы сезімдерін асқақ әншінің әуелей, әуендей түскен тәтті сазы мен тегеуірінді жырындай жайнама, жаңғырта, жігерлендіре, жетілдіре, желпіндіре түсті. Қазақстанның солтүстік бөлегі еліміздің аса ірі астық қоймасына айналғаны өзіне басқа. Ол ұрандас, бауырлас халықтардың ұлы, дарқан достығының гүл бақшасы болды. Есіл мен Тобыл, Обаған бойларын жаздың самалды кешінде аралап көріңізші. Пушкиннің «Татьяна хаты», Ұлы Кобзарьдың «О, Днепросы», Шығыс Гомері. Сүлейман Стальский мен жыр алыбы Жамбыл термелері, Исаның желдірмесі, Леся Украинка мен Мәриям Жагор қызының сазды жырлары, Бетховен мен Құрманғазының, Чайковский мен Жанақ, Әсеттердің әсерлі музыка әуендері туысшыл, бауырмал жүрегіңді тебіренте, тербете асқақтайды. Мәдениеттің салтанатты сарайлары қолдан еккен миуа бақ, саялы совхоз парктері ерлік еңбектің гимніне толы. Бұл дала асқан қайғы, аза тұтқан, талай қазақ сарнап еткен баяғы Тағылы мен Бұғылыға мүлде ұқсамайды. Тіпті бұдан алты-жеті жыл бұрын жер кепе, шым үйлері бар айналасы көң-қоқысқа толы ескі қазақ ауылдарының ізі де қалмапты. Ауылдар мен деревнялар оқтай түзу көшелерімен, сәнді, сәулетті үйлерімен, арқада сирек кездесетін жеміс ағаштарымен, гүл алаңдарымен, газон, скверлерімен, қайнаған өмір, дәулетті тұрмысымен көз тартады. Ауылымыз астанаға бергісіз.

Адамдардың ой санасында да соны, тың құбылыстар пайда болды. «Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп», «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала», «Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық», «Жарлының жалғыз аты» деген сияқты кене мақал-мәтелдер, идиомалар тозығы жетіп ескірді, келмеске кетті. «Нан табуға жараса болды» дейтін жас жігіттеріміз техника тіліне судай болып, біреуі бірнеше мамандыққа үйренді. Адам «тамағы тоқ, көйлегі кек» болуын ғана ойламай, ғылым мен техниканың асқар биігін, мәдениет шынарын арман ететін болды. «Қой бағып қойыртпақ ішетін» қойшы заманы әлдеқашан ұмыт болып, орта, жоғары білімді маман, зерек алғыр жастар «Шопан ата» болуға құмартты. Ғылым докторлары мен кандидаттары, ірі орындардың басшы қызметкерлері, қалам қайраткерлері, тіпті генералдар мен полковниктерге дейін папахтары мен оқалы мундирлерін сандыққа салып, колхоздар мен совхоздарға, іске аттанды. Еркектер сауыншы болуға, трактор жүргізуге, қазақ қызы шошқа бағуға арланбайтын күн туды, тағылық пен жартылай тағылық жайлаған бірақ қазынасы мол, болашағы зор аймақ деп бір кезде Ленин айтқан Оралдың арғы беті, партия мен халықтың жанқиярлық еңбегі мен жасампаз творчестволық жігері арқасында осылай өзгерді, осылай құлпырды.

Адам құдіреті жомарт даланың бермесін алып, табиғатқа өктем қарайтын дәрежеге жетті. Ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан, тың далада жыл сайын мол өнім алынып келеді. Тың игеру жөніндегі ұсыныстар жасалған кезде, жоспар бойынша бұл жерлердің егінінің шығымдылығы әр гектардан 8 центнер мөлшерінде болатын. Тыңдағы мүмкіндіктер болжағанымыздан анағұрлым мол болып шықты. Солтүстік Қазақстан облысы былтыр әр гектардан орта есеппен 12 центнер енім алып, астық дайындау жоспарын бес миллион пұт артығымен орындады. Қостанайдағы ірі астық фабрикасы — Федоров совхозы 32 мың гектар егіннің әр гектарынан 14,5 центнер өнім алды және мемлекетке 2 миллион пұтқа жуық астық өткізді. Осы облыстың Сұлтан Баймағамбетов атындағы колхозында Күлешов жолдастың бригадасы 5 200 гектар егіннің әр гектарынан 16 центнерден өнім алды.

Тың өлкенің жетіжылдықта өз маяктары, ерлік еңбекте топты жарып суырылып шыққан майталмандары, жаңа табысқа жігерлендіріп, үлгі болар жарық жұлдыз, шам шырақтары бар. Олар: Тың өлкеде тұңғыш борозда тартқан атақты тракторшы, республиканың үкімет мүшесі Михаил Довжик, дала кемесінің алтын жұлдызды капитаны Аманкелді Исақов, мемлекетке 1 277 шошқаны салмағын 1 268 центнерге жеткізіп тапсырған Дәмелі Жақсылықова, Қараөткел малшысы Әбдіуәли Самайбаев, тағы басқалар.

Бұлар нағыз жаңа заманның жаңа адамдары, асқақ мақсат, биік мұратқа елі үшін құлаш ұрған ақын жанды адамдар екенін сыр тартқанда ұғасыз. Олардың өмірге деген өз өлшемдері, өзі топшылаған тың пікірлері, ұстамды ойлары бар.

Қараөткел, Қостанай, Атбасар, Торғай, Кереку, Көкшетау далаларында талай тамаша адамдарды: механизатор мен малшыны, жұмысшы мен колхозшыны кездестіруге болады. Тың даланың игерілуіне байланысты тың өнерлер өркен жайды. Онда жастар үшін механизаторлардың 500 мектебі ашылып, 80 мың адам оқып жатыр.

Ертең олардың көбі-ақ Жансұлтан, Аманкелді, Довжик сияқты өр таланты ерен жүйрік болмысына кім кепіл!

Тың өлке — достық өлкесі дедік. Оған тіпті «Москва», «Ленинград», «Киев», «Днепропетровск», «Минск» деген совхоз аттарын мысалға алсақ та жеткілікті. Ол совхоздардың дені — сол қалалардан келіп, қазақ даласына мәңгілік бауыр басқан отандас жас достарымыз. Олардың басым көпшілігі осында үй болып, өз алдына отау тігіп, түтін түтетіп, жар құшып, әке, ана болғандар. Әр совхоздың клубында жексенбі сайын шырқалған ән, құйқылжыған би алыстан естіледі. Гүл көмкеріп, қызылды-жасылды лента таққан сәнді машиналар жаңа поселка көшелерін асқақ, сұңқылдаған күлкімен жарып етіп, қарт жүрегін жасартып, жас көңілін жиын тойға жұлқа тартады. Бұл жас жұбайлардың қомсомолдың үйлену тойлары. Партия шақыруымен Тың өлкеге тағы да мыңдаған жастар келмек. Егер өткен жеті жылдың ішінде әр совхоздың құрылысына 13 миллион сом қаржы жұмсалса, енді таяудағы бес жылдың ішінде тағы да 35 миллион сом ақша жұмсалады. Бес миллион шаршы метрдей жаңа тұрғын үйлер, 140 мың оқушыға арнап ондаған мектептер, толып жатқан балалар бақтары, яслилер, моншалар, асханалар, наубайханалар салынады. Жаңадан, 3,7 миллион гектар тың жер игеріліп, 130 ірі астық совхозы құрылады. 1961 жыл ішінде Тың өлкеге 20 мың трактор, 18 мың комбайн, 15 мың жатқа, толып жатқан дән тазартқыш машина-саймандар беріледі. Тегеуірінді бұл күш ертең-ақ көктем егісінде Тың өлкесінің егіс даласын баурамақ. Нағыз қауырт қимыл, қарбалас науқан басталатын күндер еңбек шабуылының алғашқы кернейін тартпақ.

Көп ұзамай Арқаның жазық даласы ақ көрпесін түріп тастап, селеу шашын сілкеді де, таң біліне бозторғайдың шырылына ұласа, тракторлардың өктем гүрілі өлке бойын жаңғыртады. Сұлу Көкшенің, қазыналы Қостанайдың, кең жазира Кереку даласының қалың құйқасын соқа тілі аударып, тұқым себіледі. Қара жердің сауырын тесіп, адам ырысы дән жарады, көптеп көлеңдеп, ырғала теңселіп, шетсіз, шексіз толқындарын қуалай егін дариясы көкжиекпен шектеседі. Алтын күзде астық мұхиты темір, тас жолдардың бойымен мемлекет қоймаларына ағылады. Тың қуатының дариядай шалқитын кезі сол. Ал әзірше қар жамылған осынау дала, қар тоқтатып, көң төгіп, жол салып, құдық, қазып, машина-трактор, соқа-сайман жөндеп, дән тазалап жүрген мыңдаған адамдардың маңдай терімен бусанып, бәйгеге жаратқан сәйгүліктей «аттандаған» ұран күтіп тұр. Өндіріс командирлері жаңадан игерілетін жерлердің межесін планшеттегі карталарына түсіріп, тыңның тұнба байлығын неғұрлым ұқыпты пайдаланудың ауыспалы егіс жүйесіне негізделген диспозицияларын (жорық жобасын) белгілеп отыр.

Тың өлкесі — жалғыз Қазақстан емес, бүкіл Отанымыздың мақтанышы. Міне, сол өлкеде біз де тудық. Біз — Тың өлкесінің азаматымыз. Бұл сөзді біз аса бір ірі қуанышпен айтамыз, мұны айтқанда жүрегіміз жырға, кеудеміз күй сазына толғандай. Кім болсаң да өзің келіп қарашы. Тың өлкесінде не байлық, не керемет жоқ! Бидай байлығын — нан байлығын былай қойғанда, жер астының өзі алтын мен күміс, қорғасын мен мыс, болат пен көмірге толы емес пе! Міне, Тың өлкесі, біздің туған өлке осы.

Кел, достар, жерлестер, жазғы егісті ұқыпты еңбек, ұлы жігермен қарсы алайық!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз