Өлең, жыр, ақындар

Тарихшының микротарих жайында ой-толғауы

Тарих ғылымы құрлықтың 1/6 бөлігін алып жатқан қызыл империяның идеологиялық қыспағында болып келгені рас. Нәтижесінде 70 жыл ішінде халқымыздың санасы тазалауға ұшырап, тарихи бірегейлігіміздің жойылып кету қаупі туды. 1991 жылы алпауыт мемлекеттің жойылуы Отанымыз – Қазақстанның көптен күткен Тәуелсіздігін алуына жағдай жасады. Тек осы сәттен бастап Отанымыздың тарихына қатысты түрлі мәселелер қайта қаралып, ақ таңдақтары ашылды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде тарихымыз тың ақпараттармен толығып, шынайы тарихымыздың бейнесі қалыптасты. Осындай жетістіктер тарих ғылымының пәнаралық әдістерге жүгінуінің арқасында десек те болады. Осы орайда, микротарихтың маңызы өсе түседі.

Микротарих ғылымы Италияда өткен ғасырдың 70-жылдары қалыптаса бастады. Алғашқы өкілдері ретінде Джованни Леви және Карло Гинзбург сынды итальяндық тарихшыларды атауға болады. Микротарихтың ерекшелігі – оның түрлі ғылым салаларының әдістерін қолдануда. Сондай-ақ, тарихтың осы саласы жылдар мен фактілерді емес, бірінші кезекте адамның күнделікті жеке өмірін зерттейді. Осылайша, қарапайым және күнделікті заттар мен құбылыстардың (көлік, киім-кешек, махаббат және т.б.) маңызы өсе түседі.

Мәселен, қазіргі таңда микротарихи зерттеулердің арқасында Еуропаны дүр сілкіндірген Француз революциясының туындауының тұрмыстық себептері анықталса, Түркияның түрлі тәтті тағамдарының тарихын қарастыру арқылы бір тағамның өзі әр хронологиялық кезеңде өзгерістерге ұшырап, көптеген нұсқалары анықталды. Сондықтан микротарих ғылымы ұлтымыздың баяғы тұрмыс-тіршілігімен қатар өмірлік құндылықтарымен тікелей танысуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоғамымыздың алдында тұрған қиыншылықтарын шешуге және тарихи сананы қалыпқа келтіруге септігін тигізері сөзсіз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінде микротарих ғылымына ерекше назар аударуының арқасында, кәсіби мамандар дайындалуда. Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы т.ғ.к. Удербаева Сәуле Кәрібайқызының жетекшілігімен «Микротарих» пәнін игеру барысында дүние жүзіне есімдері белгілі ғалымдардың еңбегін оқып қана қоймай, заманауи микротарихи әдістерді қолдану арқылы Отанымыздың тарихына қатысты мәселелерін қарастырып, жаңа тұстан қарастыруға мүмкіндік алдық. Жеке өз басым Қазақстанның ХХ ғасырдың басындағы қазақ балаларының орыс мектептеріндегі күнделікті өмірін зерттеу арқылы оқушылардың сол кездегі бейнесімен таныстым.

Микротарих Отандық тарихымызға жаңа дем беріп, біздің назарымыздан тыс қалған тұстарды ашуға көмегін берері сөзсіз. Бұл өз кезегінде тарихи жалған ақпараттардан арылуға және ұлттық бірегейлігімізді сақтауға жағдай жасамақ.

т,ғ.к. Сәуле Удербаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Жәнібек Әкімбек, 1-курс магистранты («Тарих» мамандығы) 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз