Корейская косметика премиум класса

Жастар тәрбиесінде діни сауаттылықтың маңызы


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
Философия және саясаттану факультетінің 3-курс студенті Еркінбай Тынышай Қуанышқызы
Аға оқытушы:Мұқан Нұрзат
Практика жетекшісі:Елнұр Әскенұлы

Бүгінде елімізде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындаушы саланың бірі рухани, құлықтық, патриоттық білім беру мен тәрбие болып саналады. Келешек ұрпақтың рухани тұрғыда және құлықтық даму проблемасы – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Осыған байланысты дінді гуманистік білім берудің ажырамас компоненті ретінде зерттеу маңызды. Дін бұл шеңберде адам өмірінің басқа да салаларымен өзара әрекетінің арқасында мәдениеттің құрамдас бөлігі санатында қарастырылады.
Ұлттың бүгіні мен келешегі  – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Ал, сол білімді жастарға беруге ең негізгі қызмет ететін тұлғалар – оқытушылар қауымы. Сондықтан да білім беруде жүргізіліп жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру – оқытушы қауымына ортақ іс. Жаңа заман оқытушыларға жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктейді. Оқытушы қауымына тың серпіліс, жаңа көзқарас әкелді.

Бүгінгі таңда жастардың көз алдында дін рухани-құлықтық идеаларды таратушы және мәдени дәстүрді сақтаушы ретінде жоғары дәрежеге ие болып отыр. Осыған орай білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар алдында қазақ қоғамы үшін дәстүрлі діндердің әлеуетін жастарды рухани-тәрбиелікке және отансүйгіштікке тәрбиелеу туралы мәселе тұр. Сондай-ақ, елімізде өзара түсіністік пен дінаралық татулықты сақтай отырып,  мемлекеттілікті нығайту үшін жас ұрпаққа дәстүрлі діндер, олардың рухани құндылықтары, еңбектері, дін ғұламалары жайлы білуі керек.

Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Сондықтан діни сауаттылықтың адам санасының оңды дамуындағы рөлі маңызды болмақ.

Ал қазіргі таңда дінге бет бұрған жастар арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында Ислам мемлекеттеріне барып, ілім ізденіп келушілердің саны көбейді. Сол жастарымыздың Исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне, құндылықтарына ешқандай да қарама-қайшылық туғызбайтын тәлім үйреніп келіп жатқандар бар. Десекте, діни сауаттығының таяздығынан жат елде алып жатқан ілімнің парқына бармай, қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығарып, кейбір мемлекеттердің идеологияларын алып, бүгінде ел арасына іріткі салып жүрген жастар да аз емес.

Мемлекеттің діни саясатының басты мақсаты – елімізде діни өмірдің жайлы дамуы мен қоғамдағы тұрақтылықты бекіту болып табылады. Соңғы кезде ғаламтор беттерінде діни сауаттылық жайлы көптеген тақырыптар қозғалуда. Өйткені мемлекетте сауатсыздықтың салдарынан діни ахуал күрделеніп, әлі күнге дейін нақты шешімін табалмай келеді. Бұл көрініс елдің елеулі азаматтарын алаңдатып, кейбір қалаларда діни сауаттылықты арттыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әйтседе, жастардың біршамасы мұндай ізгі амалдарға немқұрайлы қарап, өз беттерінше ғаламтор беттеріндегі белгісіз мәліметтердің ақ-қарасын ажыратпай, бойына сіңіріп, оны өз ортасына жая бастайды. Қазіргі теріс ағымдар үшін де өз мақсаттарын ұтымды пайдалануда ғаламтор өте тиімді болып отыр. 

Студенттер газет-журналдардан көрі, ғаламтор, әлеуметтік байланыстар, блогтарда белсенді қолданатынын ешқашан естен шығаруға болмайды. Сондықтан да, діни каналдарда, мұсылмандық туралы сайттарда талқыланып жатқан тақырыптар төңірегінде дәстүрлі емес және радикалды діндер белсенділерінің кейбір қисынға келмейтін сұрақтар бойынша мемлекет тарапынан орынды жауаптардың нұсқалары ұсынылса, онда біздің студент жастардың теріс пиғылдағы ағымдарға аңсары аумасы анық. Жастардың діни тәрбиедегі сауаттылығын арттырамыз десек, оларды ҚМДБ өкілдерінен құрылған үгіт-насихат топтарымен қоян-қолтық қызмет етуді қолға алу керек деп санаймыз. Діни мамандардың арасында Құранның сүрелерін жай ғана жаттап алып, оның мән-мағынасын, философиясын терең талдап, түсіндіруге келгенде өз деңгейінде бола бермейтіндігі де шындық. Сондықтан, еліміздің дінтанушылары, дәстүрлі көшбасшылары, сондай-ақ, діни мамандар тарапынан түсіндіру жұмысы әлі де жетілдіре түсуді талап етеді. 

Тағы бір мәселе – отбасы тәрбиесіне келіп тіреледі. Тәрбие – тал бесіктен басталатынын ескерсек, отбасы тәрбиесінде келешек ұрпақтың болашағы жатыр. Соңғы кезде жастар арасында жарасым таппай ажырасу, жанұя құндылығын сақтамау, түні бойы түнгі клубтарда қыдырыстау кәдуілгі әдетке айналып барады. Қазіргі кезде дәстүрлі емес және де радикалды діндер өкілдері ұйып отырған отбасының ыдырауына да көп әсер етуде. Қаншама отбасы шайқалып, оның мүшелері жан-жаққа, неше түрлі ағымдардың ізіне түсіп, бала – әкені, қыз – шешені тыңдаудан қалды. Осындай қиын тағдырдың тәлкегіне түскен жастарымызға ауадай қажет нәрсе – біреу-ақ. Ол – жастардың таңдау алдындағы шынайы ақпараттың қажеттігі. Мәселенің мәні осы деп түсінгеніміз абзал. Сапалы діни сарапшылардың қорытындылары – қаншама адасып жүрген жастарымызға көмегін тигізер еді. Жалпы, жастар арасындағы діни тәрбие, әсіресе қылықты қыз­дары­мыздың, көркем қыздарымыздың бойындағы қалыптасқан қасиетті мінез-құлық мәселесі жәй ғана айта салатын сөз емес. Оның астарында ұлт болып ұйысудың, елін сүйген, жерін сүйген патриотизмнің жатқанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан да, ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай, “Ел боламын десең – бесігіңді түзе” деген қағида әр қазақ отбасының өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Еліміздің тұрақты дамуында жастардың үлесі зор екенін ескерсек, сол жастарымыздың бойында патриотизмге, рухани келісімге, татулық пен бірлікке деген қасиеттері еліміздің кемел келешегіне қызмет етуден туындағанын қалар едік.

Қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты мәселесі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×