Өлең, жыр, ақындар

Кэса мен Морито

(новелла)

Түн. Морито қоршаудың сыртында ақ сәуле шашқан айға қарап, жерде жатқан жапырақтарды жаншып, ойға шомып тұр.

Оның өзімен-өзі сөйлесуі.

"Міне, ай да туды. Әншейінде оның тууын тағатым таусылып тосушы ем, ал бүгін жарықтан қорқып тұрысым мынау. Жаман ба, жақсы ма, әйтеуір, бір адамдай тірлік етіп келген мен, бір түнде бәрінен айырылып, ертеңнен бастап қанішер атанам деген ойдан-ақ жаным да, тәнім де қалтырайды. Қолымның, міне, мына қолдардың, қызыл қанмен былғанғаны қандай болмақ. Сонда өзімді-өзім қарғап, өзімнен-өзім жиренем ғой. Егер жек көретін адамымды өлтірсем, бұлай азаптанбас едім-ау. Сорлағанда, осы түнде жазығы да, жамандығы да жоқ жанды өлтіруге тиіспін.

Өзін көптен бері түстеп танитынмын. Есімінің Ватару Саэмондзе екенін енді ғана естісем де, оның ер адамға тән емес жұқалтаң, аппақ жүзін қашаннан білетінімді дөп басып айта алмаспын, тіпті көп болған сияқты. Оның Кэсаның күйеуі екенін естігенде қызғанғаным рас. Бірақ ол қызғаныштық жанымда еш із қалдырмай өтіп кеткені қашан. Тіпті Ватару махаббаттағы қарсыласым болса да, көңілімде оған деген өштік те, жек көрініш те жоқ. Қайта оны аяймын десем жөн болар. Кэсаны өзіне қарату үшін Коромогава өзенінің сағасында қаншалықты әуреге түскенін естігенде тіпті оған ішім жылып қалды. Қайтсем де Кэсаны жар етем деген мақсатпен өлең жазумен шұғылданғаны қандай. Осы бір қайсар самурай жазған махаббат өлеңдері қандай екен деген ой келгенде еріксіз жымиямын. Бірақ бұл келемеж күлкі емес. Қайта әйелге соншама ұнағысы келіп әлекке түскен адамға деген ыстық ықылас. Әлде оның дәл мен сүйетін әйелге ұнағысы келіп әуреленуі ме екен, ғашық көңіліме шуақ сепкен?

Алайда осылай айтатындай ретім бар ма, Кэсаны шынымен-ақ соншалықты сүйем бе? Менің Кэсаға деген махаббатым екі кезеңге бөлінеді: қазіргі кездегі және бұрынғысы. Кэса Ватарумен қосылмай тұрғанда-ақ мен оны сүйгенмін. Болмаса, сүйемін деп ойлағанмын. Бірақ қазір байыптап отырсам, ол кезде көңілімде көп түйткіл болған екен. Мен Кэсадан не тілеп едім? Онда әлі әйел құшып көрмеген кезім, сондықтан да тілегенім тек тән ләззаты еді. Менің Кэсаға деген махаббатым сол тілекті шынайы іңкәрлыққа ұқсатқан сезімталдық екенін айтсам, артық кеткенім емес. Оның бір дәлелі мынау: Кэсамен кездесуім тыйылған соң да үш жыл бойы оны есімнен шығара алмадым, егер оның тәнін көрсем дәл осылай есте ұстар ма едім? Қанша қолайсыз болса да мойындайын: дәл осылай есте ұстар едім деп айта алмаймын. Жалпы Кэсаны ойлағанда көңілімде ылғи тән ләззаты тұратын. Осындай сезімдермен азаптанып жүріп ақыры өзім соншама қорыққан әрі аңсаған қатынасқа қолың жетті. Ал сонда не болды? — деп сұраймын енді өзімнен-өзім. — Кэсаны сүйетінім рас па?

Бірақ бұл сұраққа жауап бермес бұрын, қанша қиын болса да, кейбір жайттарды ой елегінен өткізуім керек. Үш жыл бойы көріспеген Кэсаны кездейсоқ Ватанабэ көпірінің қасындағы ғибадатханада жолықтырып қалып, содан жарым жыл бойы соңынан қалмай оңаша кездесуге көндіруге тырысып бақтым. Ақыры, көндірдім. Жоқ, тек оңаша жолығуға көндіріп қана қойсам бір сәрі, бұрын түсімде ғана көріп қиялдап жүрген қызығыма жеттім, тәнін құшып рақаттандым. Бірақ бұлай етуіме бұрынғы тәнін көрмедім-ау деген өкініш қана себеп болған жоқ. Коромогава көшесіндегі үйде, қамыс бойра үстінде Кэсамен қатарласып отырғанда мен әлгі өкінішімнің әлсірегенін сезіндім. Бұрынғыдай емес, әйел дегеннің не екенін білген кезім, содан да болар баяғы алып-ұшу жоқ. Оның үстіне Кэса да осыдан үш жыл бұрынғы Кэса емес, көп өзгерген. Бет терісі көмескі тартып, көзінің астында көгілжім шеңберлер пайда болыпты. Жұп-жұмсақ томпиған беті босаңсып, үлбіреген бұғағы ғайып болыпты. Бүкіл бой-басында өзгермеген бір ғана нәрсе — көзі, сол баяғыдағыдай тайсалмай тік қарайтын қара көздері. Бұл өзгеріс менің құштар көңіліме ауыр соққы болды. Үш жыл бойы көруді аңсаған Кэсама жолыққанда айран-асыр болғаным сонша, еріксіз жүзімді бұрып әкеттім.

Онда бұным не? Бұрынғы құштарлықтың жоғын біле тұра одан бас тартпағаным қалай? Біріншіден, оны дегеніме көндірсем, өзіме бағындырсам деген бір тосын тілек бүкіл ой-санамды билеп алған-ды. Өйткені, алғаш кездескен күні Кэса менің қызғанышымды қоздыру үшін қасақана Ватаруды сүйемін, сүйіп тидім дегенді айтып еді. Ал мен оның сөзінің жалған екеніне еш күмән келтірмедім. "Бұл әйелді күйеуіне байлап-матап тұрған нәрсе — менменшілдік", — деп ойладым іштей. "Мүмкін, мен мүсіркемесін деп істеген амалы ма екен?" — деп және бір ойладым. Содан осы өтірікті әшкере етсем деген тілек бірден-бірге күшейе түсті. Алда-жалда менен: "Өтірік екенін қайдан білдің, осының өзімшілдіктен туған ой емес пе?" — деп сұраса кесіп жауап бере алмас едім. Дей тұрғанмен, оның сөзінің жалған екеніне күмәнім жоқ. Әлі күнге дейін солай ойлаймын.

Бірақ мені билеген тек оны өзіме бағындырсам деген тілек қана емес еді. Одан басқа... осыны айтқанда еріксіз жүзім қызарады. Одан басқа менде таза тәни тілек болды. Бұл бұрынғы Кэсаны бір құшсам деген арман-тілек емес-ті. Жоқ, бұл әйтеуір, әйел ғой, бір көргеннің артығы болмас деген арсыз тілек еді. Тіпті жезөкше әйелдің тәнін ақшаға сатып алған еркек те дәл мендей оңбаған емес еді сол сәтте. Қалай болғанда да, осындай түрлі тілектердің итермелеуімен мен Кэсамен төсекте жолықтым. Нақтырақ айтқанда, Кэсаны масқараға ұшыраттым. Енді әуел баста өзіме қойған сұраққа оралайын. Жоқ, Кэсаны сүйемін бе, сүймеймін бе деп қайта сұрап керегі жоқ. Сүймек түгілі, кейде оны көрместей боп жек көремін. Әсіресе болар іс болып, бет-аузын жас жуған Кэсаны күштеп құшақтап төсектен көтерген кезімде ол менен де гөрі ұятсызырақ сияқтанып көрінді. Ұйпа-тұйпа шашы, тершіген жүзі, оның тәні мен жанының сиықсыздығының айқын көрінісі тәрізденді. Егер оны бұрын сүйген болсам, бұл күн махаббатымның мәңгілікке жоғалған, келмеске кеткен күні еді. Ал егер бұрын оны сүймеген бол сам, сол күннен бастап кеудемде оған деген өшпенділік оянды. Енді міне... Енді сол өзім сүймейтін әйел үшін еш жазығы жоқ адамды өлтірмекпін.

Бұған ешкім кінәлі емес. Ол жайлы өз еркіммен, бірінші болып сөз бастадым. "Ватаруды өлтірейін бе?" — деп сыбырладым оның құлағына ерінімді тигізіп. Қазір ойлап отырсам, сол жолы есім кіресілі-шығасылы болған сияқты. Сөйтіп, мен сол сөзді айтып сыбырладым. "Сыбырламаймын" деп, тістеніп отырып сыбырладым. Неге соны айтуға құштар болғанымды қазір де білмеймін. Әйткенмен дұрыстап ойланып көрсем... Оны неғұрлым жек көріп, жиренген сайын, соғұрлым не сөзбен, не іспен қорласам, жер етсем деген құлшынысым артты. "Ватаруды өлтірейін бе?" деген сөздің осы мақсатыма соншама сай келгені, расында да, Кэса сүйемін-күйемін деп әлдеқандай еткен адамды өлтіру және бұл іске оның өзінің өтірік тәлімсіген әйелдің келісімін алудан асқан қорлау бар ма? Міне, сөйтіп мен, нақ бір сайтан түрткендей, еркімнен тыс кісі өлтіруге ұсыныс жасадым. Маған "Ватаруды өлтірейін бе?" дегізген тек әлгі айтқан себептер ғана емес тәрізді, бейне әлдебір көзге көрінбейтін күш (тәрізі, албастының өзі болар) ерік-санамды билеп, жаман жолға итермелегендей. Солай ма, солай емес пе, әйтеуір, мен әлгі сөзді айтып Кэсаның құлағына қоймай сыбырладым.

Содан біраз үндемей отырып-отырып Кэсаның кенет бетіме жалт қарап, келісемін дегені. Оның соншама жеңіл келісе салғаны емес, жалпы келіскені мені қайран қалдырды. Аңырып бетіне қарағанда көзінен өзім бұрын-соңды көрмеген тосын жарқыл байқадым. Сол сәтте: "Нағыз зинақор әйел ғой мынау!" деген ой келді басыма. Сол сол-ақ екен, қаншалықты қара ниет, сұмдық іске барғалы тұрғанымды анық сезініп жаным түршіккені. Оның әбден тозған, бұзық жүзіне қараудан бұрынғыдан бетер жиренгенім айтпасам да түсінікті болар. Маған салса сол жерде, сол мезетте-ақ уәдемнен бас тартар едім. Онымен қоймай, адалдықтан аттаған әйелді аяусыз жазалар едім. Сонда мүмкін, тіпті сол әйелді ұрыс жолдан тайдырған өзім болсам да, ар-ұят алдындағы азабым жеңілдер ме еді, қайтер еді. Бірақ мен енді өйте алмайтын бейшара күйде едім. Оның жүзі аяқ астынан адам айтқысыз өзгеріп, жанары өңменімнен өтіп тесе қарағанда еркімнен тыс Ватаруды өлтіруге уәде қылуға мәжбүр болдым, егер уәдемде тұрмасам Кэсаның кек алатынын сезініп, содан қорыққанымнан тіпті Ватаруды өлтіретін күнім мен сағатына шейін кесіп айттым. Тіпті күні бүгінге дейін сол қорқыныш, сол үрей кеудемнен кетер емес. Егер біреу-міреу мені қорқақ деп мазақ етсе, күлсе, еш қысылмаймын, күле берсін. Со жолы Кэсаны көрмеген адам ғана өйте алады. "Егер мен оны өлтірмесем, Кэса мені өлтіреді, мейлі, өз қолымен болмасын, әйтеуір, өлтірері хақ. Өзім өлгенше Ватарудың қанын мойныма жүктегенім жөн емес пе", — деп шештім мен Кэсаның жассыз жылаған жанарына қарап тұрып. Сөйтіп, мен ант еттім, сонда Кэсаның жанарын темен салып ақырын ғана күлгенін, бетінің ұшы шұқырайып, боп-боз жүзіне қан жүгіргенін көргенде қорқынышымның негізсіз еместігіне әбден көзім жетті.

"О, тәңірі! Енді сол қарғыс атқан антымды орындау үшін өзімнің абыройсыз, арсыз жаныма адам өлтіру күнәсін және жамамақпын. Шіркін, осы түн антымды бұза алсам ғой... Жоқ, енді өйтсем де жан дүниемді арашалап алып қала алмаймын. Біріншіден, ант берген адамым аман, көзі тірі. Оның кек қайтаруынан қорқатынымды әуел баста айттым. Қорқатыным қылаусыз шындық. Бірақ бұдан басқа да бір себеп бар. Ол не себеп? Жазықсыз жанды өлтіруге мен сияқты қорқақ немені итермелеген сол ұлы күш нендей күш? Білмеймін. Білмеймін, бірақ кейде... Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Мен ол әйелден жиренем. Қорқам. Жек көрем. Әйткенмен... сонда да... мүмкін... оны әлі де сүйетін сияқтымын...".

Біресе олай, біресе былай жүріп сенделген Морито өзімен-өзі сөйлескенін кілт тыйды. Ай сәулесі төңіректі аппақ нұрға бөлеп тамылжып тұр. Әлдебір жақтан ән естіледі.

О, адам жаны, жүрегі Тылсым жұмбақ түнегі. Жылт етіп жанған бір сәуле, Жанады да сөнеді, Жанады да сөнеді. Міне, осы бар көрері.

Түн. Кэса төсектен басын көтеріп, шам жарығынан жүзін бұрып, жеңін тістелеп ойға шомды.

Оның өзімен-өзі сөйлесуі.

"Келе ме? Әлде келмей ме? Келмеуі мүмкін емес. Алайда ай төбеден ауып барады, сырттан аяқ тықыры естілер емес, мүмкін, ол айнып қалған болар. Шынымен келмесе қайтем? Онда ертең жүзі күйген жүзіқара құсап жарық күнге қарай алмай жер болам ғой. Осыншама пасықтықты, жексұрындықты қалай көтермекпін? Онда менің аяқ асты боп жолда жатқан мүрдеден қандай айырмашылығым болмақ? Масқараға ұшырап қорланғаным аздай, түк көрмегендей, түк болмағандай мүләйімсіп, мылқау құсап мелшиіп, ешкімге ештеңе айта алмай іш құса күн кешуім керек. Егер дәл солай болса, онда өлгеннен кейін де көрген азабым мен мазағымды ұмыта алмаспын. Жоқ, жоқ, ол қайтсе де келеді. Қоштасқан сәттегі қарасы есімде, келетініне сенетінім де содан. Ол менен қорқады. Жек көреді, жиренеді, сөйтсе де қорқады. Расында да, егер мен өзіме ғана сенсем, оның келетініне кепілдік жасай алмас ем. Бірақ мен оған сенем, оның өзімшілдігіне сенем. Жоқ, мен өзімшілдіктен туған топас қорқақтыққа сенем. Келеді деп айтатыным содан. Ол сөзсіз бүкшиіп бұғып, жымып басып осында келеді.

Құдай-ау, өзіне-өзі сене алмайтын адамнан өткен сорлы бар ма? Осыдан үш жыл бұрын мен өзіме, көркіме сенуші едім. Үш жыл бұрын... жоқ, сол күнге дейін десем жөн болар. Сол күні, онымен туыс апайдың үйінде оңаша кездескен күні, оның жүзіне бір қарағаннан-ақ өзімнің сұрықсыздығымды сезіндім. Ол өтірік көлгірсіп, айналып-үйіріліп құшағына тартты. Бірақ өзінің сұрықсыз екенін сезінген әйел ондай жылымшы сөзге нанар ма? Мен тек іштей азаптандым. Қорықтым. Қайғырдым. Есіме бала кездегі бір оқиға түсті, күтуші әйелдің қолында отырып айдың тұтылғанынан қорқып, жаның түршігіп еді, ондағы күйім қазіргімнен көп ілгері екен. Бүкіл арман-үміт адыра қалды. Бұлыңғыр күні бойды билейтін бойкүйез мұң жанымды жайлады. Мұңнан мүжілген, сезім қашқан өлі тәнімді ақыры оның құшағына тастадым. Өзім сүймейтін, өзімді жек көретін, менен жиренетін, тәттіқұмар ебелекке тәнімді қидым. Мүмкін, сұрықсыздығымды сезінген сәттегі үмітсіздіктен, мұңнан өзімді қоярға жер таппай сөйткен болармын. Әйтеуір, мен өзімді де, өзгелерді де алдаусырату үшін оның кеудесіне басымды құштарлықпен, іңкәрлікпен басқан түр көрсеттім. Әлде мені де оның бойын билеген жексұрын құмарлық елітті ме екен? Осыны ойласам-ақ бетім күйеді. Ұят-ай. Ұят. Әсіресе оның құшағынан босанған сәтте өзімді-өзім қалай жек көрдім десейші.

Қаншама тістеніп бақсам да күйініш, қайғы жасы еркіме көнбей, көл боп ағып жүзімді жуды. Алайда бұл адалдықтан аттағаныма ұялған, өкінген өкініш жасы ғана емес. Бәрінен де жаныма батқаны — мені әзәзіл тілмен азғырып, дұрыс жолдан тайдырғанымен қоймай, қорлағаны, менен алапес иттен жиренгендей жиренгені. Сосын не істеп едім? Есімде еміс-еміс бірдеңелер қалыпты, бейне бәрі күні кеше емес, баяғыда болған сияқты. Еңіреп жылағаным есімде, сосын кенет оның мұртымен құлағымды жыбырлатып, ыстық демімен бетімді күйдіре: "Ватаруды өлтірейін бе?" дегені де жадымда. Әлгі сөздерді естіген сәтте әлденеге өлі кеудеме тіршілік оралғандай болып сезінгенім. Тіршілік? Егер айдың сәулесін жарық деп атауға болса, онда әлгі түсініксіз сезімді тіршіліктің тұтануы деуге келер. Бірақ бұл қандай тіршілік десеңізші, күн сәулесі қайда, ол қайда? Солай бола тұрса да, осы сұмдық сөздердің жанымды жай таптырғаны рас. Құдай-ау, шынымен-ақ мен, шынымен-ақ әйел бейбақ бөтен еркектің махаббатына масайрағаннан өз күйеуін өлтіруге бейіл болғаны ма?

Осы түнгі ай сәулесіндей мұңды тіршілік тынысының там-тұмдап бойымды жайлай бастағанын сезінгенде де жылауымды доғарған жоқ едім. Ал сосын ше? Сосын? Күйеуімді өлтіруге ант бергізгенім қашан, қалай болып еді? Оны ант-су ішуге мәжбүр еткен кезде барып алғаш рет күйеуімді есіме алдым. Жасырарым жоқ, күн ұзаққа алғаш рет есіме алғаным сол болды. Оған дейін ойлағаным өз масқарам, қам жегенім де өз абыройым еді. Иә, тек сонда ғана күйеуімді, момын күйеуімді есіме алдым, жоқ, оның өзін емес... Көз алдыма оның әлдене жайлы күлімсірей әңгімелеген кейпі келе қалды. Сол кейіпті еске алғасын-ақ ойға алған ниетіме ден қойдым. Мен өлімге бел байладым. Және осындай шешімді қабылдауға ерік-күшімнің жеткеніне қуандым. Сөйттім де жылағанымды қойып, басымды көтердім, сол мезет оның жүзіне көзім түсіп кетті де қуанышым су сепкендей басылды, өйткені өзімнің сұрықсыз екендігімді есіме алған едім. Санамда сол баяғы бала күнгі сурет, күтуші әйелдің алдында отырып көрген тұтылған айдың суреті жанданды. Бойымдағы болымсыз қуаныштың тасасына тығылған қара ниет ойлар қайтадан атой салып шыға келді. Егер күйеуімнің орнына өз басымды ажалға тіксем, оны сүйетінімді дәлелдегенім болмай ма? Жо, жоқ, мен өз күнәмді жеңілдету үшін ғана осы іске бармақпын, ал сүю дегенің жай ғана желеу. Өз бетіммен өле алмайтын болған соң сөйтпекпін. Жұрт алдында жақсы атану болу үшін осылай істемекпін. Бір бұл ғана болса түк емес қой. Менің ниетім одан да харамырақ. Одан да жексұрынырақ. Күйеуім үшін өзімді құрбан етемін деп өтірік көлгірсігенмен арғы ойым көңілдесімнен кек алу ғой, мені жек көргені үшін, бір сәттік нәпсі желігін басу мақсатымен мені ойыншық еткені үшін оны осылай жазаламақпын. Оның бетіне көзім түскенде ай сәулесі құсап санамды біртін-біртін сәулелендіріп келе жатқан жанданыстың жалп етіп өшкені, жүрегімнің мұңнан мұздап кеткені тегін емес-ті. Яки, мен күйеуім үшін өлмейді екем. Өзім үшін ғана өлмекпін. Жүрегімнің жараланғанына қайғырғаннан, тәнімнің тапталғанына күйінгеннен өлмекпін. Тек сол үшін ғана өлмекпін. Менің тіршілігімнің құны көк тиын. Өлімім де сондай абыройсыз болмақ. Қандай абыройсыз болса да ажал мені алса екен, тек соған жетсем екен. Жүрегімді жарып бара жатқан мұңды жасырып мен зорлана жымидым, сөйттім де оған әлгі бір антын тағы бір қайталаттым. Ол да ақымақ емес, егер берген антын бұзса менің тегін қоймасымды, бір бәлеге бастайтынымды біледі. Олай болса - ол келуге тиіс, ант беруін беріп, келмей қалуы мүмкін емес. Мынау немене, жел ме? Сонау бір күні басталған азабымның осы түнде аяқталатынын ойлағанда кәдімгідей-ақ сергіп, жеңілдеп қалам. Ертең бассыз мүрдеме күн суық сәулесін түсіреді. Оны көрген күйеуім... Жоқ, күйеуім жайлы ойламағаным жөн, оның мені сүйетіні күмәнсіз.

Бірақ оның сүйгенінен маған еш жеңілдік жоқ. Қашаннан бері бір ғана адамды сүйгенмін, әлі де сүйем. Енді міне, сол адам осы түн мені өлтіруге келмекші. Тәңірі, түнгі шамның көмескі жарығының өзі көзімді қарықтырып бара жатқанын қарашы. Ғашығының азаптауынан алжасуға айналған мен сорлының көзін қарықтырып барады".

Кэса шамды сөндірді. Артынша-ақ қараңғылықтан ысырма есіктің ақырын ғана сырғытылған дыбысы естілді. Саңылаудан айдың көмескі сәулесі түсті.

Аударған Б.Қожабекова


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз